Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Жүректің басына төгілген қан)

 

1 ТАРА У

«ЖҮРЕКТІҢ БАСЫНА ТӨГІЛГЕН ҚАН»

1

«Абай жолындағы» көшпелілердің тіршілік коллизиясы Қодар-Қамқа қасіретінен басталады. Ол өзі өмірде шын болған күнәһарлардың қазасы ма? Жоқ, Мұхтардың қиялдан тудырған хикаясы ма?

Бұл көңіл көбесін сөгу үшін қолданылған кездейсоқ хикая емес. Мұқым эпопеядағы оқиғалардың бірде біреуі – қызықты қуып, қыздырмалата баяндау ниетімен тумаған. Қыр қазағының бүкіл стихиясын, философиясын, психологиясын тамырымен қоса қопарып, ірі-ірі қақтығыстарды салт-сана, дәстүр, этнографиялық көріністермен көрмеп отырып тұтас тұлға, Қаныш Сәтбаевтың теңеуімен айтқанда «қазақ халқының энңиклопедиясын» жасау мақсатын көздеген.

Қодар-Қамқа трагедиясындағы тіршілік коллизиясында – шындық шыңырауы жатыр.

Жас жүрегі саусағын жайып, аңсары ауған, сағынған даласының самалына төсін тосып, алып ұшып келген он үш жасар ұланның алдынан қазылған аран – Қодар құлаған құз. Әуелгі тәтті сағыныштың орнына «жүрегіне қан төгілді». Бұл шыңырау – Мұхтар ұстанған философиялық әлеуметтік, көркемдік тұтқа. «Көркем ситуациялар қозғалысқа түскенде жаңа көркем коллизияны тудырады. Сол жаңа коллизияға негізделген ситуациялар тосын көркемдік шешім жасатады» (51.1.335), – дейді В. Шкловский. Қодар-Қамқа оқиғасы сол көркем колли­зия. Жартасқа барып, күнде айғай салып, жаңғырықтан басқа түк естімей түңілген ұлы Абайдың көшпелі тіршіліктен алғаш рет сескенуі. Шошынуы. Сол шыңырауда жаны шырылдап жүріп өзі үшін шығар жолды іздеуі. Абай шыңыраудың түбіне құламайды. Ол бірінші романның соңында сол тіршілік коллизиясынан - шыңыраудан құтылып «қияға» қадам басады. Шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған».

Сол шыңға шығу үшін де өмір құзынан Қодардың құлауы қажет еді.

Шығарманың көркемдік стилін, интонациясын, жалпы парасат жолын, әлеуметтік, психологиялық желісін анықтайтын кілтипанның кілті бұл. Орыс мәдениетінің патриархы Дмитрий Лихачевтің: «Стиль дегеніміз (Бұл арада тілдік жүйені емес, биік көркемдік өрнек тұрғысынан қолданып отыр. – Т. Ж.) жалпылай алғанда дәуір сипатына – оған тән идеялар мен көріністерге тікелей байланысты, кейде сол идеяның өзіне де, әдебиетке де, одан тыс жайларға әсер етіп, өмірдің өзіне қарсы шығады» (47.96), – деп пайымдауының мәнісі сонда. Қодар-Қамқа трагедиясы арқылы көшпелі өмірді аңсап келген және соны өмір сүрудің ең сыйымды тәсілі ретінде сезінген, сенген ұланның бетін теріс қаратады. Енді ол сол қоғамның құбылысына қарсыласып, өмір сүреді. Құзға итерген өзге емес, әкесі. Шыңырау – зындан әке мен баланың арасында. Жай қайшылық емес – бітіспейтін қасарысу, қастандық емес – қатыгездікпен қарсыласу. Олар жақындаған сайын бір-бірін кері итереді, бір-бірін жоққа шығарады.

Бұл арада Мұхтар өмірлік шындықтан көрі дәуір шындығына жүгінген. Ол шындық - көркемдік идеяны да өзіне бағындырып, жазушыны дегеніне көндірген. Дм. Лихачев меңзеген «Өмірдің өзіне қарсы шығатын көркемдік стиль» осы.

Егер де дәуірлік қайыршылықты о баста коллизиялық түңілдіру дәрежесіне дейін асқындыра ширатпаса, онда бұл шығарма, қашан кейіпкердің көзқарасы қалыптасқанша тұрмыстық, тарихи-этнографиялық желіде дамыр еді. Сол мұратты саналы түрде ұстанғанын Мұхтар Әуезовтің өзі: «Бұл ретте менің Абайды оқудан қайтқан беттегі он үш жасар кезінен бастап алуымда үлкен себеп бар: оның дүние тануындағы, адамдық, ақындық қалыптасуындағы өзгерістерді көрсетпек едім. Үлкен жүректің өршіл таланттың тұлғасын суреттеп беру үшін бұл жай өте керек. Абай аулына келе жатқан бетте оның көзіне іліккеннін, бәрі: дала желі де, даланың жусан шөбі де, оның жұпар иісі де бала жанын өзгеше жылылыққа бөлеп, бұл даланы өзінше ұғынып, сүйіп келе жатады. Міне, жас баланың осындай кінәсіз, тек жақсылыққа ғана бейім адал да ашық жанын алғашқы көрген сұмдық көрінісі – Қодардың қолдан өлтірілуі қатты түршіктіреді. Оның жан дүниесіндегі бір-біріне қарама-қарсы екі сезім – жақсылық пен жауыздықтан туған сезімдер, туған даласына махаббат, сол туған далада болып жатқан сұм- дықтан жирену оны шытырманға салады. Осы сәт, менің ойымша, оның өміріндегі үлкен бет бұрыс болып та­былды. Ол бұрын Құнанбайды әке десе, енді сол әкенің қолындағы қанды көргенде не дерге білмей дағдарады» (3.12.112), – деп растайды.

Әлеуметтік қайшылықтың астары дәл табылып, дұрыс творчестволық арнаға түсуі – бүкіл эпопея тағдырын анықтап берді.

Абай ағысқа қарсы жүзді. Әлеуметтік желі тартылды. Ал көркемдік тұрғыдан алғанда бұл нанымды желеу ме? Жоқ. Таза таным тартысына құрылса, онда жалаң тарихи трактат дәрежесінде қалар еді. Көркем шығарма белгілі мөлшерде әрбір оқиға, қоғамдық құрылысқа деген көзқарастардың тоғысын білдіргенімен де, онда адамның жан дүниесін шарпитын, өзегін өртейтін өзгеше психологиялық қопарғыш керек. Міне, Қодар-Қамқа трагедиясы сол жарылғыш заттың да міндетін атқарды.

Ол қопарғыш дәрі – исламият еді. Заман ықпалы мен шығарманың, сол арқылы Абай мен өзінің де тағдырына аландаған Әуезов үшін бұдан артық «көркемдік шиеленісті» – санадағы қопарылысты ойлап табуы мүмкін емес еді. Әйтпесе, қайын ата мен келіннің арасындағы әмпейліктің өзі де дәстүрі, тілі, тіршілігі жат дүниедеп кез келген ұлт пен ұлыстың өкілін тітіркендіретін оқиға. Абайдың жүрегін шошындыру, оған дінді себепкер ету – жазушының – оқырманның әсершіл көңілін қанағаттандырудан туған көркемдік тәсіл. Сондықтан да, Мұхтар үшін қайын атасы мен келіні Қамқаның арасындағы суық жүрісті «шариғат жолымен жазаға тарту» – Ахмет Риза халпенің фатуасын ала отырып жүргізген Құнанбайдың Шыңғыс өңіріндегі ғазауаты, діни инквизициясы еді. Жеріне иелік ету мақсатымен екі мұңлықты дарға асады. Бұл – түрме тұрғызып, зындан салмаған қырдың еркін елі үшін жан түршігерлік қатыгездік. Шариғаттың сондай қатал үкімін көру – жаңа ғана медресені бітіріп келген Шәкірт үшін де сұмдық. Ислам – ол үшін ең касиетті ұғым-тын. Одан жиіркену – психологиялық түңілу. Бұдан артық кез келген қатарсис арқылы жас адамның санасын түршіктіру мүмкін емес. Исламға деген көзқарасын анықтау арқылы кейіпкердің жан дүниесіндегі қайшылық та ашылады.

Мұндай сұмдық – мұсылман қауымының өмірінде сирек кездесетін құбылыс. Бірақ бар, бұрынғы қадым дүниеден қалған сарқынды. Осындай әлеуметтік және психологиялық жолының қосарлана келіп, жымдаса өрілгені сондай, Қодар мен Қамқаның арасындағы өсектің жалғандығына күмәнің қалмайды.

Ал шындығын да қалай еді?

Қодар мен Қамқаны қыстау үшін өлімге қиып, жазықсыз дарға асты ма Құнанбай? Ол өсекті қоздырған кім? Біз көркем шығармадағы образдар жүйесін талдап жатпаймыз. Тек дәйектеме болатын жайды салыстырумен тоқталамыз. Мақсатымыз сыни саралау емес, белгілі оқиғаны неге өзгертіп пайдаланды, жазылу барысында Мұхтар қандай күй кешті, нендей дерекке жүгінді, соны аңғарту.

Ежелден келе жатқан ел аузындағы әңгімені – «Абай жолы» бойынша Қодар мен Қамқа арасындағы өсекті Құнанбайдың бетіне салық қып басқан адам – Аякөздің аға сұлтаны, төре тұқымы Солтабай. Сол Аякөз маңындағы жиынға барып, игі жақсы алқа-қотан отырғанда Құнанбай төреден насыбай шақшасын ортаға тастауды сұрайды. Сонда қалайда Құнанбайды бір сүріндірудің қапысын таба алмай отырған Солтабай жұлып алғандай: «Мен насыбай шақшамды тастайын. Бірақ Шыңғыстың бөктеріндегі шашты шайтанынды сен де тыйсаңшы», – деп бетінен алыпты. Осыған намыстанған Құнанбай еліне қайтып келісімен Қодар-Қамқаны дарға астырады (1.18.69).

Шәкәрім ақынның «Қодардың өлімі» атты қысқа дастанында оқиғаның ұзын ырғасы романдағыдай, тек ішінара айырмашылықтар бар. Онда отқа май құйған адам Солтабай емес, оның ұлы – Барақ. Құндыздыда жиналған арғын-найманның жақсыларының көзінше Құнанбайды сөзден сүріндіреді.

Ол кезде орыс онша кіріскен жоқ,

Қазақтың еркі өзінің қолында боп.

Тамам жақсы жиылып Құндыздыда,

Арғын, Найман бас қосып жасапты топ.

 

Құнекең, Барақпенен жасы құрбы,

Қатты тату, қалжыңдап ойнап жүрді.

Насыбай атамын деп төре Барақ,

Шақшасын тықылдатып үстелге ұрды.

 

Мұнысын Құнекемнің көзі шалды:

«Ей, төре, неге атасың?» – деп-ақ салды, –

Әрі арам, әрі ысырап бір былғаныш,

Бұл құрғырда қалайша сертің қалды?!

 

Мінеки, сондағы айтқан Барақ сөзі,

Ойнайтын оңаша емес, көптің көзі:

«Мұны көрсең, қойдым, – деп отқа салды, –

Көрмейсің өз келінін алса да өзі».

 

Құнекең білмеуші еді Қодар жайын,

Ойланып, аң-таң қалды қылмай пайым.

Аулақта сұрап еді, Барақ айтты:

«Мұны қылған жат емес, өз Олжайың» (54.134).

Шәкәрім бұл дастанды 1926 жылы алпыс тоғыз жасында жазды. Қазақтың тарихын хатқа түсіріп, шежірені дүниеге келтірген әрі ғалым, әрі ақынды жаңылысты деу де әбестік. Барақтың Құнанбаймен ниеттес, дос көңілді болғаны да рас. Дастаннан он төрт жыл кейін жазылған романдағы «Солтабай айтыпты» деген сөздің «Солтабайдың Барағы» деген тіркестің жаңғырығынан шығуы да мүмкін. Оның үстіне, Мұхтар дастандағы оқиғаны өз ырқына иіп, өзгеше желімен баяндайды ғой. Поэзия тілін прозаға тән заңдылықтарға сүйене отырып, сабырлы қалыпқа түсіреді. Сондықтан бұл арадағы алшақтықты онша дабырайтпаса да болады. Тек Шәкәрімнің «Барақ пен Құнанбайдың жасы құрбы» деуі ғана күдік тудырады. Екі көкжалды 1845 жылы, осы оқиғаның ізі суымай тұрып қатар көрген Адольф Янушкевич: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен» (27.75), – деп жазады. Оны архив деректері де растайды. Бұған Қарағанда «жасы құрбы» деген сөз, «құрдас» дегенді білдірмейді. Шәкәрім бұл сөзді «сыйлас, қатарлас» деген мағынада қолданып отырса керек. Сөз мағынасы да уақыт өте өзгереді емес пе. Демек, екі шығармада да пәлендей айырма жоқ. Екеуі де бір шындықпен суарылған.

Содан кейін Қодардың қыстауын Құнанбайдың өзі иемденіп, оған үлкен әйелі Күңкенің ауылын қондырады. Құдайберді сол бөктерді қоныстанып, ата мекеніне айналдырған. Шәкәрім ақынның өсіп-өнген жері – сол Қодар қыстағы.

Мұның барлығы сыртқы жағдайлар. Бұл туралы Мұхтардың өзі де екі түрлі дүдәмәл пікір ұсынады. Бірі – өзі жинаған дерек те. Екіншісі - өмірлік шындықты саралай келіп жүгінген шындық. Романның жазылу тарихы және Абай өмірі қақындағы зерттеулерінде жазушы көркем шығармадағы оқиғаны: «Абай әкесі қолданған бұрынғы қара күш орнына зорлықтың ешбірін де қолданбайды. Жоғарыда әкесі тапқан мін көбінесе осы жағынан болу керек. Патшалық күшін Құнанбай көп қолданса да, сонымен қатар қыр жолымен, өз күшімен қол қимылын жұмсамауы да аса көп болған. Мысал үшін Қодарды өлтіруін еске алсақ болады», – деп нақты мәлімет ретінде алға тартады.

Бұл пікірге сенбеуге болмайды. Жазушы көркем дүние жөнінде емес, Абайдың ғұмыр-тірлігі туралы ғылыми зерттеуінде келтіріп отыр. Көңілінде әбден екшеліп, ақ-қарасы айырылған шындық. Қалайда шариғат жазасының жүзеге асқаны анық. Ал сонда Қодар мен Қамқаның жазықты, жазықсыз екендігіне көзі жетті ме? Дала төсіндегі сұмдық қатыгездікті Құнанбай жеке басы үшін жасады ма сонда? Бір Қарағанда солай да сияқты. Себебі, Мұхтар Әуезов бұл жағдайды:

«Құнанбай даланың сұм, қу әміршісі, сондықтан ол қойшы – қоландары арқылы Қодардың күнәсі жөнінде алдымен қанқу сөз таратыпты, содан соң оны асып өлтіріп, қанды қолының ізін жасыру үшін қырық рудың басшыларына қырық кесек лақтыртып, тағы бір айла жасапты. Сонда өз қолдарымен өзі Қодарға кесек атқан ру басылары оны Құнанбай өлтірді деген сөзге дәлел таппапты. Осы шындықты білдіргеннен кейін ғана мен бұл жайлаудағы Қодарға байланысты өткен оқиғаның шындығына жеттім. Бұл жазушыға өзгерген қалпында жететін көптеген аңыздың оның шығармасында өңделген қалпында жарық көретінінің бір айғағы еді» (4), – деп бұрынғыдан да нықтай, саралай сендірді.

Жазаға тартудың себепкері Құнанбай болғанын Шәкәрім де айтады. Қодар мен келінінің арасындағы көңілдестіктен бұрын хабарсыз жүрген ел ағасы Барақтың айтқан жорамалының шындығын тексереді.

Еліне келе сала сұрастырды,

Әркім-ақ айтып берді анық сырды.

Олжайдың бас адамын жиып алып,

Осы Хан өзенінде кеңес құрды (54).

 

Романдағы Қодар-Қамқа оқиғасының өзі де осы Хан өзенінің бойындағы «кеңестен» басталады. Талқыдан соң ғана жаза қолдануға шешім қабылдайды. Өлімге бұйырмас бұрын Құнанбай сөз түйінін ұстайтын Қодардың ағайындарын жиып алып, келеге салған. Шәкәрімнің дастанында да, Мұхтардың романында да негізгі айып иесі – Сүйіндік. Демек, қос суреткер де бір- бірімен үндесіп жатыр. Қара сөзбен жырланған шығармада Қодардың «жүзқаралығын» тексеріп кайтқан адамдардың да аты аталады. Олар – Сүйіндіктің өзі оқиғаның анық-қаныған анықтауға жіберген Бектен көсе, Жексен жебір, бықсықты шығарған – жиені Жәмпейіс. Мұның барлығы өлеңге онша өрілмейді, бірақ прозада соншалықты қажетті міндеттерді атқарып тұр. Сонымен қатар Мұхтар – Қодарды ақтап алу үшін соларды ағайын арасындағы өсектің, арандатудың «күнәһары» етіп көрсетеді. Үкімді де соларға айтқызады.

Тастан тайып өлген жоқ, құздан құлап,

Оны өлтірген ағайын, қарындасы.

Ел бұзатын ерсі істі өршітпеске,

Дарға асып, таспен атқан өз ағасы (54), –

 

дейді Шәкәрім де өзінің жырында. Романда: «жалғыз-ақ Бөжей ғана Сүйіндік, Қаратаймен бірге үшеуден үшеу боп оқшау кетіп бара жатып, күрсініп: – Ер өлтіргенге құн сұраушы ең. Енді құн сұрамақ түгіл, кесек атып, өзің өлтіріп отырсың, не бетіңмен үн шығарасың?» – деп ішкі наразылығын білдіреді.

Ол – Қодар – барымташы ердің басы,

Жыртылмасын деп жүрген ел жағасы.

Ар сүймейтін бір істі қылғаннан соң,

Аямаған олжайдың кәрі-жасы.

Ойласаң, бұл істің көп мағынасы,

Не қылған ескі жақсы, соны ойлашы,

«Алтынды ер атқа тисе, отқа жақ» – деп,

Өз бауырын өлтірген ел данасы (54).

Дастанда Қодардың кінәсін мойнына таға баяндалады, бірақ қаталдықты да айыптайды. Мұхтардың баяндауында ол мүлдем пәк адам.

Қандай да бір жорамалды жорымайық, әйтеуір, Құнанбайдың Қамқа мен Қодарды дарға асқаны, шала-жансар денені құздан лақтыртқаны ақиқатқа саяды. Арғы аталары Көкенай батыр – Қалқаман мен Мамырды, Кеңгірбай – Еңлік пен Кебекті ел бірлігін сақтау үшін бірін садақ оғының ұшына ілді, екіншісін – ат құйрығына сүйретіп өлтірді. Алғашқы екі «жолсыз жаза» феодалдық көшпелі қоғамның үкімімен орындалса, үшінші оқиғаға исламның моральдық құқы араласты. Ел арасында Қалқаман-Мамырды, Еңлік-Кебекті жаны аши еске алса, керісінше Қодар-Қамқа трагедиясы тұсында Құнанбайдың әділетке сүйенген қаталдығына іш тартады. Соны ақтай сөйлейді.

Яғни, Құнанбайдың жазасының әділдігін мойындайды.

Тіпті, Қарашоқының бауырындағы қыстауды жын – шайтан иектеген, оның желке тұсындағы Саркөлде белгісіз мақұлық мекен етеді-міс, ал Қодар қыстауын мекендеген Құдайбердінің ұрпақтарының тағдыр тауқыметіне ұрынуы Құдайбердінің Әмірдің ерте өлуі, сол бөктерді мекендеген Шәкәрімнің де қилы-қилы зауалға ұшырауы тегін емес – деген сықылды алып-қашты аңыздар, діни сенімдер қылау береді.

Адырлы бұқпа төбелер, шытырман шатқалдар тау жотасындағы қамысты, құйы мол көлдер – бұл өңірдің табиғатына тосын көріністер болғандықтан да, жұртты сескендіре назар аудартуы – әр түрлі сенім-нанымдарға жетелеген. Тастан қашалған балбалдар, ішінде бедерлі таңбалар ойылған үңгірлер де ұшырасады.

Осының барлығы Конан Дойльдің шығармаларындағы Баскервиль батпағындағы құбыжық төбет туралы аңыз іспетті әлдебір жұмбақ күштің осы өңірде өмір сүретіндігіне жұртты оңай иландырған. Табиғаттың тылсым күштеріне шектен тыс таңданудың өзі танымды да тұмандатқан.

Қаншама құдіретті күшке ие болса да, Құнанбайдың қолынан келе бермейтін табиғат кұпиялары еді бұлар. Алайда сол Құнанбайға қызмет еткен салдардың бірі де осы. Шариғаттың шылбыры сол қауесеттердің әсерінен қара жылан сияқты жер бауырлай сүйретіліп шықты. Оған сендірудің де оңайға түскені сондықтан.

Табиғаттың тылсым күштеріне сену – адам психологиясына да ықпал жасап, үрей, наным тудыратыны ежел­ден елге етене құбылыс. Жапандағы жалғыз ағашқа ақтық байлау, бедеу әйелдердің Қоңыр Әулие іспетті үңгірлерге түнеуі, балбалдарды жастанып жатуы күнделікті үйреншікті әрекет. Жазда жамыраса жайлаған жұрт қыста бұл өңірге жеке-дара қыстап қалмаған. Неғұрлым Шыңғыстың бөктер желінің өтіне қарай қоныстануға тырысқан. Аң-кұстың мекеніне айналғандықтан да саятшылардың ғана сүйікті салбурынын өткізетін өңір есебінде аты шыққан. Сондай серуеннен қайтып келе жатқан Мұхтар жолай Шәкәрім ақынның ауылына соғып, әңгіме-дүкен құрған. Бұл – бір кездегі Қодар мен Қамқаның қыстағы еді. Ол туралы Мұхтардың өзі: «Менің материал жинаған кезімде кейбір білем деушілер Құнанбай Қодарды күнәсі үшін жазалады, – дегенді айтты. Бір жолы қысты күні мен Шыңғыс асып келе жатып, кездейсоқ Құнанбай ұрпақтарының ауылына келіп тоқтағаным бар. Бұл ауылда Абайдың өткенінен бірқатар деректерді анық білетін бір шал бар екен. Мен Қодар өлімі жайын содан сұрадым. Ол өзіме сұрақ қойып:

– Сен Қодардың қай жерде асылғанын білесің бе? – деді де, қыстау түбіндегі бір дөңді көрсетті.

Өлі Қодардың денесі осы дөң үстінен лақтырылған екен. Шындық осы арада басталды. Бұл жерде Құнанбайдың үлкен әйелі Күңкеден тараған немерелерінің ауылы отырғанды. Бұл жер бір кезде Қодарға, оның туған-туысқандарына қарайтын жер екен, бірақ оның руы өзі-өзін «қорлапты» да, жерді Құнанбай тартып апты» (4), – деп еске алады.

Екі шығарманың үндесіп жатуынын себебі де сондықтан. Кей тұстарда Қодардың сөзіне дейін бір-біріне ұқсап кетеді.

Енді Қодар мен Қамқа трагедиясының шындығына ешқандай күмән қалмайды. Мұхтар барлығында өз орнына қойып беріп отыр. Үзіндіге көз қырымен желдірте шолып өткенде алдыңғы пікірлерден ешқандайда алшақтық таппайсың, дәлірек атсақ, аңғармайсың. Бірақ үңіле қарап, астарын аударсақ – талай шындықтың бетін ашасың. Ойын емеуірінмен жеткізген. Себебі, бұл мақала жазылған тұста жазушы әділетсіз пікір тудырушылардың орынсыз кінә тағушылардың зардабынан құтыла қойған жоқ еді. Әр түрлі күдіктер көкірегін әлі де кеміріп жеп жүрген. Екіншіден: Шәкәрімнің атын аузына ала алмайтын. Тіпті, әңгімелеп отырған адамның өзі Шәкәрім ғой. Өйткені Абай өлендерін тұтастай жинатырған кезінде сан рет сұхбаттасқан. Саятқа шыққанда Шәкәрімнің ауылына аң қаға жүріп қонаға келетін болған. Назар салыңызшы: «бір жолы қысты күні мен Шыңғыс асып келе жатып кездейсоқ Құнанбай ұрпақтарының ауылына келіп тоқтағаным бар», – дейді. Ол ауылдың иесі кім? Шәкәрім болатын. Одан әрі: «Бұл ауылда Абайдың өткенінен бірқатар деректерді анық білетін бір шал бар екен. Мен Қодар өлімі жайын сұрадым» (4), – депті. Құдайбердінің артында қалған тұяғы – Шәкәрім сол қыстақты мекендейді. Дәл сол арада Абай өмірін одан артық білетін кім болуы мүмкін? Ешкім де. Және Шәкәрім тұрғанда өзгеден жөн сұрай ма. Қодарды лақтырған жартасты да көрсетеді. Іле: «бұл жерде Құнанбайдың үлкен әйелі Күңкеден тараған немерелерінің ауылы отырғанды»(4), – деп тағы да растайды. Демек, Қодар-Қамқа қасіретін Мұхтарға егжей-тегжейлі айтып беріп, оқиғаның болған жерін кезіктірген адам – Шәкәрім ақын. Жын-шайтан жайлаған жерді мекен етуден Қодардың туысқандары қашып кеткен соң, қоныс Құнанбайдың ұлы Құдайбердінің қолына көшкен.

Шәкәрімнің атын бүркемелеп мегзеуден басқа ол кезде Мұхтардың өзге амалы да жоқ еді.

Ұзақ жылдар бойы талқыдан талқыға түсіп, таразыға жиі тартылған және әр жолы қайдағы бір «феодализмді әсірелеуге тырысқан әрекетті» айып ретінде тағуға тырысқан қаскүнемідер мен пысықтардың тұсында образ бен прототиптің арасындағы авторлық пайымдауды жария ету – Мұхтардың жеке басына қауіп төндіріп, жала жабуға итермелейтін. Сондықтан да жиырма жылға созылған творчестволық процесс тұсында ішкі сырын сыртқа шығармай, ойында ұстады. Қодар-Қамқа оқиғасының да шиін шығармады. Бұл қатыгез де қатал жазаның шын мәнісі қақындағы алғашқы пікірді, сол өңірдегі бұрын-соңғы ел әңгімесін жетік білетін ғалым Мұратбек Бөжеев айтты. Ол «Мұхтар Әуезов» атты библиографиялық көрсеткішіндегі түсініктемесінде:

«Ел арасына жайылған әңгіме бойынша Қодар жұрт алдында айыпты, ол келініне қиянат еткен, шариғат жолынан шыққан ұятты адам. Оның мойнында кешілмейтін күнә бар. Сондықтан Қодар өлімге бұйырылды. Кұдайберді ұлы Шәкәрім жазған шығармада да Қодар ақ емес. Ал Мұхтар шығармасындағы Қодар – Құнанбайды арам ойынан туған қатал әмірдің құрбаны, жазықсыз жан. Бұған қарағанда, Мұхтар ел ішінен жинаған әңгімелердің бәрін сол күйінде пайдалана бермеген. Олардан кейін жұрт айтуынша баяндаса, кейін өзгерткен» (53), – деп жазды.

Бұл пікірді жоққа шығарудың ешқандайда себебі жоқ. Ал болған жайды Мұхтар шынында да білген бе? Білген. Ендеше неге өзгерткен? Мұның өзі онсыз да әділетті қаталдығымен аты шыққан Құнанбайға әділетсіздік, сүйікті кейіпкері Абайдың әкесіне жасалған жөнсіздік емес пе бұл. Басқаша көрсетудің жолы жоқ па еді?

Бар еді.

Ол – шындықты сол күйінде баяндап беру болатын. Алғашқы тараулар жарияланғанда шығармадағы Бөжей, Байсал, Қаратай, Құнанбай, Алшынбай, Жиренше тұқымдары өре түрегеліп, Мұхтардың онсызда шиеленіскен жағдайын ширықтырып жіберді. Талай мекеменің табалдырығын тоздырып, өтірік-өсекке, арыздарға түсініктеме берумен сарсаңға түсті. Сонда да әуелгі ниетінен қайтпады. Тек, 1959 жылы, өлеріне екі-ақ жыл қалғанда, «Абай» эпопеясының тағдыры бүтіндей шешіліп біткен кезде «Вопросы литературы» журналы арқылы бар сырын ашты. Мұхтар Қодар-Қамқа оқиғасы туралы. ілгерінді-кейінді айтылмаған тосын тұжырым ұсынды. Ол:

«Романмен жұмыс істеу барысындағы кезеңдерге ойша оралатын болсам, мен ең алдымен Қодардың дарға асылатын көрінісін көз алдыма елестетемін – ол, менің ойымша, кітаптағы негізгі тартыстың көңіл-күйін анықтайтын кілті ретінде қызмет етуі тиіс болатын. Әуелгіде мен бұл көріністі кеңінен тараған, әсіресе, Құнанбайдың ауылы мен туысқандарының арасында айтылатын нұсқасы бойынша баяндауды мақсұт тұттым, онда Қодар әділ жазаға тартылған. Бірақ та тарихи материалды сыни тұрғыдан тереңдеп зерттей келе, мен оқиғаның нақты шындығына көзім жетті: Қодармен, оның туыстарына қарасты жерді өзі алу үшін істеген кәнігі айла-шарғысы еді. Бұл дерек маған Құнанбайдың бет-бейнесі арқылы көптеген жаңа тұжырымдарды пайымдатып, дарға асу кезіндегі көріністің бұрынғыдан да терең психологиялық жағынан шиеленіскен, батыл суреттеуіме жол ашты» (3.12.113), – деп, өзінің шындықтан көрі көркемдік – әлеуметтік себепке жүгінгенін мойындайды.

Шындығында да, Қодар-Қамқа трагедиясынсыз сан әуенді полифониялық эпопеяның сазы бәсең тартып, кейіпкерлердің ара жігін ашу үшін Мұсақұл соғысы жеткіліксіздік жасар еді. Тоқпамбет тартысы сыртқы қимыл, ол барымташыл көшпелі қауым үшін таңсық төбелес емес. Сондықтанда жаныңды түршіктіріп, жағаңды ұстайтындай тосын психологиялық тебіреніс желісі қажеттін. Ол желі – Қодар-Қамқа оқиғасы еді. Бұл – бүкіл романның құлақ күйі-тін. Осынау жоқтау мен қарғысқа толы үн кейіпкерді де, жазушыны да адастырмайтын. Әрине Құнанбайға обал. Бірақ оның өмір бойғы қимыл-харакетінің тұжырымы осы еді. Бұл бір жағынан, феодалдық дәуірдің де үкімі. Екінші жағынан көшпелілер әлемінің қатал күштің алдындағы шарасыздығын, оған төнген қауып-қатердің әлдебір үмітсіз елесін емексітеді.

Енді бір оқиға туралы жазылған екі шығарманы салыстыра отырып, ақиқатты анықтап көрейікші.

Қодар-Қамқа үкімі романда Сүйіндік, Қаратай, Сүгір, Жексен, Байсал тәрізді ру басыларының пәтуасымен орындалады. Көрген-білген адамдардың дерегіне сүйеніп қағазға түскен деректерде Құнанбай Солтабайдың не Барақ төренің сөзінен соң Сүйіндік, Сүгір, Жексендерге «шашты шайтанды» жазаға тартуға бұйырады. Олар көнбей, бір жыл ел арасы суиды. Келер жазда Қарашоқының түбіне Қодар-Қамқаны байлатып әкеп, ру басыларына: «Егерде осы жолы келмесе, онда мына бетпақтардың денесіне лақтыратын қырық рудың кесегі шариғатты бұзған сендерге де тиеді», – деп сәлем айттырып, зорлықпен алдырады. Қодардын қыстауы – Қарашоқының ет бауыры Бөкенші асуының алқымындағы шеткі мекен. «Шымылдық шаттың» бүйіріндегі Қарашоқы мен Қаражартастың арасы, қозы көш жер ғана.

Сонда Қодар кім?

Дастанда да, қарасөз нұсқасында да Қодардың тегі жөнінде пәлендей айырма аз. Мұхтар – борсақ руынан шықты деп түп тамырын анықтап таратса, Шәкәрім:

Арғы атамыз Олжайдан үш ұл болар,

Айдос, Қайдос, Жігітек – міне, осылар.

Қайдостың бір баласы Борсақ деген,

Соның бір тұқымы еді батыр Қодар (54.133), –

деп арыдан тартады да, Қодардың Құнанбаймен жеті атадан тоғысатынын да меңзейді. Сондай-ақ:

Қайдос, сірә, көп тұрмай, жасында өткен,

Үлкен ұлы Бөкенші ерте ержеткен.

Сондықтан Қайдос аты аталмайды,

Ол тапты Бөкенші деп атап кеткен (54.134), –

деп қалыптасқан этникалық атаудың мәнін ашады.

Оның астарында Қодардың ағайыны ретінде бөкенші Сүйіндіктің үкім айтуының себебі жатыр. Жыр үлгісіне жүгінсек, Қодар соншама еңсесі түскен, ез адам емес. Батыр. Барымташы. Оған тура келуге әркімнің де батылы бармайды.

Ол – Қодар, барымташы ердің басы,

Жыртылмасын деп жүрген ел жағасы (54.133).

 

Мұны Мұхтар да жоққа шығармайды: «Қодар батыр денелі, алпысққа жаңа кірген, бурыл қарт еді. Жалғыздық пен осы қаралылық иықтан баспаса, өмірдің мұны мойытар өзге күші жоқтай. Ол жасында найзагер батыр болған. Осы жасына шейін өз қасиетін жоятын жаман аттан аулақ.

Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,

Қаза жетіп өліпті сол бір жылы (54.133).

Бұл да рас. Қодардың: «соңғы алты ай ішінде, барлық жалын атқан қайғысы - жалғыз баласы Құтжан жайы. Ендігі үміт не? Құлазыған қу өмірде тірек не?» (1.3.36).

Міне, осы арадан бастап телқабыс көмкеріліп келген қос туындының ағыс сарыны қақ жарылады. Түбінде тоғысатын нысана біреу. Бірақ қатарлас екі аңғармен жарыса дамиды, Мұхтардың шығармасында Қодар: «құлазыған қу өмірден тірек таппайды». «Таппасын білген соң, соңғы кезде оны ойламайтын да. Жалғыз жан күйері – мынау қайғыдан сөніп бара жатқан, санадан солған бишара келін. Оның алды немене? Не болады? Бұны шешуге тоналып қалған көңілі баспайды. Батылы бармайды. Бөтен боп кете ме деп ойлай бастаса, Құтжаны бір өлген емес, екі өлгендей көрінеді».

Мұхтар: «бір тоға, кесек мінезі бойынша осы көңілін өле-өлгенше сақтаумен, көрге бірге жетемін деп сенетін» Қодардың келіні туралы ішкі ойын әлдебір емексітумен өмірлік шындыққа жақындатып әкеледі де, кілт шұғыл бұрылыс жасайды. «Тым құрмаса баласының жыл уақытын күтуді» уәж етіп: «екі жарты бір бүтін болайық. Кімге сенеміз? Иық сүйесіп күн көрейік», – деп жанына шақырған Жәмпейіс жиені арқылы суық сыбыс тарап кетеді. Бертен көсенің күдікті сөзіне: «Уа, кет, жоғал! Құдайдың кәрін көріп болған Қодар Құнанбайдың кәрінен қорқар деп пе ең. Жоғал әрмен!» – деп шошына қаһар танытады. Яғни, Мұхтар осы арқылы Қодарды ақ жолға салып, арын арашалап алады. Ол – жазықсыз жан. Шәкәрім нұсқасында:

Жесір қалған келінін Қодар алып,

Қылмайтын істі қылған құдай құлы ( 54.133), –

деп бірден мәселенің басын ашып алып, қарабайыр шындықты ешқандай әсірелеусіз, жаланаш қалпында көрсетеді. Қыр елінде «ел естіп, көз көрмеген» бұл сұмдықтың себебін:

Жасырмай айта берсем, сөздің шыны,

Құдайға ерегесіп қылдым мұны.

«Баламды алсаң – мен алдым келінімді,

Қане, ата ғой деп қылдым, дейді осыны ( 54.133), –

деп, дүниеге кектенген жанның жан ашуынан іздейді.

Дәл осындай сөз романда да бар. Бектен көсе істің анық-қанығына жете алмаған соң: «Қодар: Құдай да, Құнанбай да керек емес. Не қылсам, еркім, менде не ақыларың бар?» – деп қуып шықты. «Құдай маған қылса, мен құдайға қылдым – дегені дәл сол бәлінің өзі болды!» – деп ентелетіп, төндіріп келген-ді. Құнанбай жағынан ықтап қайтқан Сүйіндік көзі жетпесе де, байлау етті.Сонымен ақыры Қодар күйі кеп бұған соқты», – деп суреттейді. Өсектің, жаланын құрбаны боп шығады Қодар. Жел сөздің өзекті шалған өртін:

Осы сөз жайылыпты елге тарап,

Кемітіп, мін қыларлық іске қарап.

Тобықтыны билейтін Құнекеңнің,

Бетіне басты осыны төре Барақ ( 54.134), –

деп Шәкәрім де мақұлдайды.

Оқиғаның аңғары біреу, одан шығатын ой түйіні екеу. Бірі – ақтайды, екіншісі – қаралайды. Мұхтар – Қодарды қолдайды, Шәкәрім:

Әділ деп ел мақтаған Құнанбайды,

Көзінше жан әдепсіз іс қылмайды.

Ұрлық, зорлық, залымдық – бәрін тиып,

Арам деп атқызбайды насыбайды ( 54. 134) –

деп Құнанбайдың жағына шығады.

Шәкәрім үшін өз келініне қол салған Қодардың қылығы - жазаға лайық. Ол мұны аңғал, аусар мінезді батырдың ашу-ызасынан, оқыс қимылынан көреді. Күнәһарлығына Қодар қымсынбайды, тіпті ерлік сияқты, қияңқылық сияқты көреді. Оны жақтаушы жастар да шығады. Сол сұмдық оқиғаның ұрпаққа тигізер теріс ықпалынан шошынып, қатал үкімге жүгінеді. Ол үкімнен сескенген Қодар жоқ, қайратына сеніп еркін жүреді. Келінін иен жерге алып қашып кетеді. Билер оның қол қимылынан сескеніп, алдап торға түсіріп, әуелі қарусыздандырып барып, байлап-матау керектігін ескертеді.

Жөн көріп осы сөзге бәрі ұнасты,

Сенімге білдірмеске баталасты.

Қодарды алдап ұстап әкелуге,

Жұмсады олжайдағы құрбыласты.

Ол жүрген өз келінін алып қашып,

Жастар барып қосылды арласып,

«Молдадан бәтуә сұрап ел жіберді» –

Дегенге нанды Қодар қара басып ( 54. 135).

Егерде аңғал батырды айламен амалдап, торға түсірмесе, кісіге алдырмайды. Ал романда Қодар білегінен күші тайған қауқарсыз шал. Қам көңіл күй кешіп, Қамқа екеуі қабір басында мінәжат қып отырғанда Құнанбайдың «бас ал десе – шаш алатын» шабарманы Қамысбай (өмірдегі өз аты – Қашқынбай) шауып, тарпа бас салып, екеуін де атқа өңгеріп алады. Әрине, қарсы шығады: «Бірақ сүйткенше болмай, қалған төртеуі жабыса кетіп, шылбырмен қолын сыртына қайырып, байлап алады». Мұның барлығы романның идеялық нысанасына қызмет етіп тұр. Кейіпкердің характерін ашып, Қодарды қатыгез күштің құрсауына амалсыз шегенделіп, жапа шеккен адам есебінде көрсетеді. Құнанбайдың қаһарлы ызғарын да, аямасқа бекінгенін де танытады. Көркемдік шындық – өзін-өзі ақтайды.

Алайда, өмірдегі Қодардың нақты мінез-құлқын білу үшін Шәкәрімнің дастанындағы желіні жоққа шығаруға болмайды. Онда Қодар – кесек қимылдың адамы. Билер келесіне алып келуге жұмсалған кісі де осал емес, иненің көзінен өтетін айлакер жорға Жұмабай. Қанын ішіне тартқан Қодардың көңілін сол ғана майда тілімен жібітеді. Тіпті, әбден сендіру үшін «сүйіншіге» қанжарын қалап қарусыздандырады. Көрген бетте әбден иіні қанған майда сөзді былпылдата жөнеледі.

Семейге кеткеніне бес күн болды, –

«Деді олар, – келетұғын мезгіл толды».

Соны айтып алдандырып отырғанда,

Асығып, ат терлетіп біреу келді.

Қараса, керей Жорға Жұмабай ол,

Күнекеңнің атшысы айласы мол.

«Бес-ақ күнде әкелдім бәтуә» – дейді, –

Сүйіншімді аламын – жұмысым сол.

Мен барған соң молдалар көп кеңесті,

Аяғында мәнісін әбден шешті.

Құрым іліп, би үйін жеті айналса,

Оған неке қиюға мүмкін десті.

Бізге қисық болса да істің басы,

Дұрыс көрді Семейдің ғұламасы.

Бетімізге енді ешкім баспайды деп,

Қуанып жүр Олжайдың кәрі-жасы.

Тез әкел деп қуанды Құнанбай да,

Деп отыр – шарағатшыл барақ кайда...

Үйретінді сөз айтып тамылжытты,

Айлакестің керегі осындайда.

Өтірік шарағатты айтты жайлап,

 

Қуанып Қодар ер де оттай жайнап:

«Сүйіншім» – деп қанжарын алдап алып,

Келген сон Қодекенді алды байлап ( 54.135).

Иә, сақараның Понти Пилаты – Жорға Жұмабайдың айласында ешқандай мәтқапылық кетпеген. Жылы сөзбен алақанына салып, шайқап отырып, қорғасындай ерітіп, қалпына құйып, қатыра қойған «батыр – аңғал, айла- амал» – деген сол. Ол үшін Жорға Жұмабайды жазғыра да алмайсың. Тек қолындағы кеседегі суды төкпейтін жорғалығына таң қаласың.

Ол да – өнер.

Романда оның орнын ожар Қамысбай алмастырған. Бірі – айласына, бірі – күшіне сенген антиподтар олар. Қамысбайдың қолшоқпарлық қатыгездігін ашу үшін Мұхтар оған аса ауыр міндет артады. Қодар мен Қамқаны атанның өркешіне дарға асатын да, құз жартастан лақтыратын да Қамысбай. Шындығында, өзге үкімге көнбей, елден оңаша алып кетіп, атанның өркешіне асқан «Борсақтың басты адамы Батыр Қиял». Ол – Қодардың қылығына әбден ашынып, «сүйегіне таңба түскеніне» намыстанған өз ағайыны.

 Анау жартасқа апарды елден таса,

 Терен құз – Хан өзенге қойған аша.

 Қатын сонда Қиялға жалыныпты,

 «Қодарды бір сүйгіз, – деп, – тым болмаса».

Ауызға сөйлеме деп қойып қалды,

Екеуінің мойнына арқан салды.

Арысқа артып атанды тұрғызғанда,

Жиырылып, бір созылып көп қиналды.

Жаны ашып кім қылады бұған жәрдем,

 

Қиналғаны ұнайды одан да әрмен.

Қу ағаштай сіресіп қалған кезде,

Өлді ғой деп босатып алды әрмен.

Қатын өлді, ол бір қу сүйекке есеп,

Байқаса, ышқынады Қодарға кеп.

Бір-екі жас құрбысы жүгіріпті,

Бір кісіге екі өлім болмайды деп ( 54.136).

Бұл арада екі шығарманың өзегінде еш өзгешелік жоқ. Тек кісі аттары ауыстырылған. Негізгі кінә – Құнанбайға тағылғандықтан да, өлер алдында өзінің бұрынғы қайын атасы, қазіргі ашынасы «Қодардың бетінен бір сүйгіз» – деген әйелдің сөзі романда ұшыраспауы заңды да. Қамқаны да кінәсіз келіншек ретінде баяндайды Мұхтар. Тек дастан да «күнәһар келіннің» аты, төркіні айтылмаған. Сондай-ақ тірі қалған Қодарға жаны аши қараған Байсал, Қаратай, Бөжейлердің тітіркене шошынуы, аяушылық білдіруі Шәкәрім нұсқасында жоқ. Романда, Қодар дардан босатқанда жиырылып-созылып ұзақ жатады, есін білмейді. Бұл оқырманның оған аяушылық сезімін ояту үшін келтірілген көрініс. Негізінде Қодардың жаны сірі, өзі тірі, жанталаса жалбарына қауымға тіл қатқан. Кешу сұраған.

Қодардың есі кірді көзі жайнап,

Жалынды тұрған көпке ағатайлап,

Алып шығып жартастан домалатты,

Қол-аяғын артына мықтап байлап ( 54.137).

Бір басқа екі өлім, екі жаза жоқ. Құздан кұлатты. Ең соңында таспен атты. «Абай жолы» бойынша бұл үш үкімнің иесі де – Құнанбай. Шәкәрімнің дерегіне сүйенсек, дарға асқан Қодардың ең жақын туысы – Қиял батыр, құздан құлаттырған бөкеншінің бозбаласы – Тайлақбай. Шала-жансар денеге тас лақтыртқан – Құнанбай. Бірақ шариғаттың жолы бойынша кесілген алғашқы жаза ең соңынан орындалды. Ол – ислам қағидасының шартын сақтаудан туған шартты рәсім.

Жаза мұнымен бітпейді. Мұсылман дінінің уағызы бойынша күнәһар адамның өлі денесін жер-ана кабылдамайды. Оны жерлеудің өзі – күпірлік. Тек өртеп жіберу керек. Қодар мен Қамқаның сүйегі де сол ғұрыптың кебін құшты.

Барып ойға түскен соң таспен атты,

Көпке шейін тыпырлап тулап жатты.

Әбден өліп болған соң отын әкеп,

Екеуінің сүйегін отқа жақты ( 54.137).

Дастанның соңғы екі жолы романда мүлдем жоқ. Заты, онсыз да ауыр оқиғаны қазымырлана қазбалауды Мұхтар жарамсыз деп тапқан сияқты. Әйтпесе, Қодар-Қамқа арасындағы шындықтың бүге-шігесіне дейін білген. Шәкәрімнен оқиғаның мән-жайын анықтап алғанын өзі де мойындайды. Екіншіден, 1926 жылы дүниеге келген дастанның мазмұны да таныс, қолжаз- басының көшірмесі де Мұхтардың қолында сақталған ақиқат. Сондықтан да «Абай жолындағы» Қодар-Қамқа хикаясын көркемдік шындық ретінде қабылдаған лазым. Тіпті алғашқы кезде Шәкәрімнің дәл осы сахараның моральдық кодексі тұрғысынан жазған нұсқасын нысанаға алып, сол ізбен баяндауға да ниеті ауған ғой.

Сол ойын жүзеге асыра қалған күнде, Құнанбай об­разы қандай қалыпта құйылатын еді, ол жағы бимәлім. Жас Абайдың жүрегін бұдан асқан қандай қатыгездікпен түршіктірер еді? Ол да болжаса ой жетпейтін, елес боп көз алдында көлбен қақпайтын тылсым құбылыс.

Тек ұлылардың түйсігіне тән, солар шешетін жұмбақ.

Тым құрмаса өлі денесі жер қойнына көмілмеген, желмен қоса сүйегі күл боп ұшып кеткен Қодар мен Қамқа бейбақтың арасындағы қарым-қатынас, міне, осындай күйініш пен ұятты қатар арқалаған өмірлік шындыққа негізделген. Акиқаттың адал жолынан айнымаған Шәкәрім ақын өзінің атасы Құнанбайдың қатыгездігін жасырмайды. Алайда, ол туралы шумақтарды әдейі үзіп тастадық. Себебі: Құнанбай қақында сөз қозғайтын арнайы тарауда толығынан талданады. Бұл арада, біз екі шығарманы салыстыра отырып, тек Қодардың жеке басына қатысты жайдың анық-қанығына жетуді ғана ниет еттік.

Ал сол көркемдік шындық қалай қабылданды?

Араға жылдар салып, ақыл суытып қарағанда Қодар-Қамқа оқиғасы эпопеяның ең жанды, сәнді тұсы ретінде бағаланды. Алайда Мұхтардың бұл көркемдік шешімі дау да туғызды. Күдік те келтірді. Тіпті бұл ұлттық на- мыстың қорлануы деп те теріс түсіндірушілер табылды. Татымсыз тегеуіріннің қаттылығы сондай қиянпұрыс қыңыр қылықтардан «Абай» романын қызғыштай қорыған Ғабит Мүсірепов те соған бой алдырып қойды, Бұл шығарманың үлкен болашағына сенген Ғабит көреген:

«Романның басты міні, үлкен кемшілігі деп мен мыналарды айтқым келеді: Ел бойынан әлі де? көп тағылық барын сипаттайтын біраз нәрселер бар. Олар Қодар мен Қамқаның түйеге асып өлтірілуі: оларды таспен ұрып, тағы жандардай жаныштаулар. Және елдің ендігі сапы деп саналатын екі жас жігіттің келіншектерін айырбастаулары.

Елдігі белгілі бір жоғарғы сатыда тұрған халықтың барлық бас көтергені, өз дәуірінің ақыл-ойы, саналысы саналған адамдардың күнәсіздігін біле тұра, бір момын жан Қодар мен күнәсіз Қамқаны сонша өрескел түрде езгілеп өлтірулері, жалғыз Құнанбай тобына емес, ел атына да үлкен мін келтіреді. Оның үстіне әлсіз рулардың жерін тартып алу үшін Қодар өлімінің Құнанбай үшін керегі жоқ. Сол оқиғадан кейін, Бөкенші, Борсақ, Жігітектің жайлау мен қыстауларын тартып алғанда Құнанбай көзі тірі екен деп ешкімнен именген жоқ қой! Құнанбайдың именгені сол Қодар болып па?

Құнанбайдай әкім шыққан, Абайдай ақын шығарғалы келе жатқан елге, ой-санасы, ішкі сезімдері жоғары бір сатыда тұрған елге тап осы қылықтар лайық емес. Мұндай қанды оқиғалар болмапты, болуға мүмкін емес демеймін. Елдің әдеті емес деймін. Осы бір тым өрескел қылықтар елдің қасиетін басқа жағынан қанша көтере көрсетіп келсең, соның барлығын бір-ақ шайып жібереді деймін. Әсіресе, басқа тілге аударылғанда: «Е, еліңнің шын мінезі осында ғой!» – дегізе алады. Бұлар сияқты сыртқы әсер емес, ішкі терең сырларға құрылған романға, мұндай ұр да жық оқиғалар керек емес сияқты» (21.5), – деп өз ойын сабақтайды.

Кімдікі дұрыс?

Әрине Әуезовтің байламы салмақты да сенімді. Сондықтан да өзгеріссіз қалды. Ал әйелдерің жұрт көзінше айырбастайтын екі жігіттің аусарсоқ әрекеті кейінгі басылымдарда қысқартылды. Бұл арада Ғабит пікірімен келіс- пеуге еш себеп те, салдар да жоқ-тын. Тұрмыстық-этнографиялық ұсақ жамау ғана. Оны Мұхтар да мойындады.

Ал үшінші күдік ше? Яғни «Қамқа мен Қодардың түйеге асып өлтірілуі, оларды таспен ұрып, тағы жандардай жаныштаулары» көшпелі өмірдің шындығына жанаса ма? Осыншама қаталдық феодалдық қоғамда мүмкін бе? Қанша айтқанмен, ол тұста адам санасына мейірім-қайырымның толық орныққан кезі емес пе? Мұхтар мұны тек көшпелілер тұрмысындағы экзотика үшін қолданған жоқ па? Ғабит Мүсірепов мегзеуінің астарын да, Мұхтардың оған мойынсынбауын да түсінуге болатын. Екеуінің пікірінің де нәзік те әлсіз жері бар еді.

Соны сезіне тұрып Мұхтар неге осыншама қатыгез көріністен бас тартпады. Түйенің өркешін дар ағашының орнына пайдалану сахара тіршілігіндегі үйреншікті өлім тәсілі емес. Бірақ кездесіп отырған. Шариғат бойынша күнәға батқан әйел «талақ» тасталады. Құранның 58 сүресінің 2-5, 228-230 аятында еркек пен әйел некесінің бұзылу шарттары көрсетілген. Бірақ онда қайын ата мен келіні арасындағы «суық жүріске» жаза айтылмаған. Бұл – тек қазақ арасындағы көшпелілердің жазылмаған моральдың кодексінің үкімі болса керек. Талақтың ең жеңіл түрі – күнәһар әйел таспен ұрып өлтіріледі. Романдағы лақтырылған тастар сол шариғат жолымен істелген.

Ал түйеге асып өлтіру ше?

Игіліктің, мейірім-қайырымның бар иірімін білген көшпелі қауым қатыгездіктің де ең сорақы жолын тауыпты. Ондай зұлым тәсілдің болғанын ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жазықсыз тамған қан» атты 1915 жылғы жол жазбасында суреттейді. Қытаймен шекарадағы тарбағатай төсіндегі Мәметек еліндегі Ешке руының Мәми деген қызына ғашық болған Құрбан атты жігіт қызды алып қашады. Аталас екен. Соған Тана би теріс батасын беріп, екеуін де ұстап әкеледі. Одан кейінгі оқиға мынадай:

«Тананың хан болып тұрған заманы. Ешкені қалай тентіретем десе де, қолынан келеді. Тананың сырт ызғарының өзінен қорқып, туысқандары Қалбаның арғы бетіндегі Матай ішіне қуып барып, қыз бен Құрбанды байлап алып келді. Қалба осы арадан 150 шақырым. Елдің қыз алыспайтын рәсімін бұзғанға һәм Ешке бола тұрып, Атантайдың қызына қол созғанға Тана бидің сүйегі қорланып, Құрбанды өлтіртпей, ашуы тарқайтын болмады. «Мен өз тұсымда осындай қорлыққа шыдамаймын. Құрбанды да, Мәниді де өлтіріп, Мәни үшін Ешкеден құн, айып алмай бітпеймін», – деп жатып алды. Қыз бен жігіт кісенде бір ай жатты. Жұрт жиылыс жасап: – «Мұны қайтушы едің?» – дегенде, Тана би:

–       Маған салсаң, екеуін өлтірем. Болмаса, менің заманымда мұндай болды дегенше мені өлтіріңдер! – депті.

Құрбанның ағайындары жұрттың өлтіреріне көзі жетіп, тентегімізді өзіміз өлтірдік дейік, оның қызы үшін айып тартпайық деп, Құрбанды түйеге асқалы байлап, көзін тартып, алып келді. Кешегі өзекті ши бастау дейді: соның ат шапқанда өзіміз отырған қырына жұрт жиылды. Мен сонда он алтыдағы кезім бе екен, әкемнің қасында жүрмін. Бір жағына тас теңдеп түйеге асқалы жатқанда Құрбан қолы байлаулы, көзі тартулы, кісенмен өзектегі біздің жұртқа таман қашып:

–       Жұртым-ау! Қаныма ортақ болмасаңдаршы! Мені, тым болмаса өлтірем деген елдің қолына берсеңдерші! Енді Мәниді өлтіре көрмеңдер, – деп, зар иледі.

Сонда ағайындары болмай, сүйрелеп әкеп, түйеге аса бастады. Мұны көріп өз әкем Кенже мырза Тана бидің қасына шауып барып:

–       Асылғанды кесетін, түйілгенді шешетін! Бұрын мұндайда ханнан қалған үлгі, қарадан қалған жол бар ма? – деп еді.

Тана би үндемеді.

Сонда Тананың қасында мына дортуыл елінің ханы Әлібек дейтін кісі де бар, о да үндемеді. Екеуі бірден үндемеген соң әкем:

–       Кесірі өздеріңе болсын! Жүр, балам, былай жүрейік, – деп, мені тізгінімнен ұстап, топтан шығарып, ауылға қарай жүрдік.

Қалай ауылға біз де жүрдік Құрбанды асып, түйені желдіртіп жіберді. Түйенің басын жетектеген өзін күндеп жүретін ағайындары – Ережеп, айдаған Олжеке деген кісі. Осы күні екеуінің де тұқымы оңбай кетті» (85. 2. 208-209).

Қатыгез жазаны Сұлтанмахмұтқа әңгімелеп берген Құрбан қажының мәліметі бойынша бұл оқиға XIX ғасырдың ортасында өтеді. Ал ақынның қолжазбасымен Мұхтар жақсы таныс. 1917-1919 жылдары Семейде бір пәтерде тұрған. Жас Мұхтарға қалам жолын нұсқаған ұстазы. Ауызекі әңгіме арқылы да мағлұмат алып, осы жаза қақында ұзақ-сонар пікір жарыстыруы да ғажап емес. Сұлтанмахмұттың біраз жазбалары Мұхтардың қолында сақталып, кейін із-түссіз жоғалып кеткен. Қалайда, «Жазықсыз тамған қанмен» Қодар-Қамқаның арасында іліктестік бар. Мүмкін, Сұлтанмахмұттан жас кезінде естіген осынау қасіретті хикая Мұхтардың жүрегін егілтіп, тура Абай сияқты өмірдің қаталдығынан түршіге түңілген күйді өз басынан кешірген де шығар. Мұндай салыстырмалы желілерді жазушы шығармаларынан жиі кездестіреміз. Оған дәл осы дерекке тағы да бір деректі қосақтап, дәлелдеп жатудын қажеті шамалы.

Анығы сол – түйенің өркешіне дарға асылған сорлылар жалғыз Қодар мен Қамқа емес, Ережеп пен Мәми сұлу да бар екен. Демек, даланың шалғай төсіндегі екі жазаның бірдей болуына қарағанда, ежелден салынған ізі бар «ата дәстүрінің» бірі сияқты.Тек, Ережеп-Мәни қыз үкімі қағазға бұрын түскенімен, Қодар-Қамқа оқиғасынан шамамен 10-15 жыл кейін орындалған. Себебі: Ережеп-Мәни қызды Тана бидің тұсында алып қашқан. Ал Тана би Құнанбайдан кіші. Оның билігі XIX ғасырдың орта тұсынан былай екпіндейді. Ал Құнанбай 1852-1853 жылдан кейін ел басқаруға араласпай, шариғат жолына құлдық етуге көшеді. Құнанбай 1850-1851 жылдардың арасында аға сұлтандық құрады. Мұсақұл, Тоқпанбет соғысы 1846-1849 жылдардың арасында өтеді. Сол жылдан бастан 1864 жылға дейінгі Құнанбайдың әр қадамы Омбыдағы, Семейдегі тергеушілердің қатаң бақылауына ілінген. Ол деректерде Қодар-Қамқа есімі кездеспейді. Құнанбай Бөжейдің ата мекені, атасы Кеңгірбайдың күмбезі орнатылған Тоқпанбет пен Жидебайды Ералының тірі кезінде 1844-1846 жылы тартып алады. Бұл мезетте Борсақ руы Шыңғыстың алқымында отырған. Қодар оқиғасы Солтабайдың аға сұлтан болған тұсында өткен. 1846 жылдары оның ұлы Барақ Солтабайұлы билік құрған. Демек, Құнанбайдың Қодарды шариғат жазасына тартуы 1840-1844, одан да дәлірек топшыласақ, 1842-1845 жылдардың тұсында болған. Оған қосымша бір дәлел: Мұсақұл – Тоқпанбет соғысы кезінде Күңке бәйбішенің ауылы Құнанбайдың өзге ауылынан бөлек, Борсақ арасына жақын қоныстан-ған. Архивтегі деректерде де Құдайберді Бөжей, Сүйіндік қыстауымен аралас, жақын отырғаны айтылады (60).

Қодар мен Қамқа дарға асылғанда Абай әлі туған жоқ, не бір-екі жаста.

Бұл сұмдықтың нақты қай жылы болғанын тап басып анықтамағанымен де, Абайдың ес білер – білмес шағында жүзеге асырылғанын Мұхтар көңіл мөлшерімен топшылаған. Жазушының жазба дерегін жинаған дәптеріндегі Әрхам Ысқақұлы мен Сыдық Махмұдұлының берген мәліметтеріне сүйене отырып: «Құнанбай Қодарды өлтіреді. Абай онда бар болуы керек» (67), – деп ескертпе жасайды. Демек, оқиғаны Абайдың көрмегенін біле тұра, оны көркем шығарма арқылы тірілтеді. Мұндай әдеби тәсілдің тәмсілін:

«Кездейсоқ ұқсастықтардың болуы мүмкін емес. Ұқсастықтар мен ұқсатуларды сюжеттік құрылымның ерекше заңдылықтарының өмір сүретіндігімен ғана түсіндіруге болады» (46. 29), – деп тұжырымдайды Виктор Шкловский.

Көркем творчествоның сол ерекше заңдылықтары жазушының қиялы арқылы қиыстырылған. Бірақ өмірде бір-бірінен алшақ уақыттарда өткен оқиғалардың басын қосып, тұтастыра суреттеудің қажеттіліктен туғандығын ақтап алады.

«Өнер заңына сүйенген шынайы суреткер ғана көркем шындыққа ұмтылады: ал ондай заңдылықтардың барлығы ойына да кіріп шықпайтын, соқыр түйсіктің жетегіне ғана ергендер қарабайырлыққа ұрынады; алғашқы заңды ұстанған адам – өнерді шыңға шығарады, ал екіншісі – өнерді құрдымға батырады» (86.10.41).

Гете дегдардың пайғамбарлығына илансақ, онда бұл арада, Қодар-Қамқа трагедиясы тұсында Мұхтар Әуезов көшпелілерді де, кейін сол марқасқаның өзімен ой жарыстыратын жас қыршын Абайды да, өнерді де, сол арқылы өзін де асқақтатып тұр.

Қатыгездік пен қасіреттің қаралы жыры осымен бітті ме?

Егерде әр адамның өмірін оның өлімімен шектесек, онда Қодар-Қамқа трагедиясының шымылдығы жабылды деп есептеңіз. Ал, рух, рухани өмір, мәңгілік үзілмейтін үміт дүниесі тұрғысынан қараса ше?

Жоқ, онда үзілмейді. Қодар өлгенмен Дәрмен тіріледі.

Енді сол Дәрменнің өзі кім?