ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Жәбір сұлтаны)

Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Жәбір сұлтаны)

Оқылған 54041 рет

ЖӘБІР СҰЛТАНЫ

1

– Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің аяғымнан, жағамнан алып, менімен кім жауласты? Туыстарым жауласты! Менің бағымды, абыройымды кім күндеді! Туыстарым! Сырттан келіп жағаласпады. Іштен жау шығып жағаласты! Сырттан іш жауы жаман. Менін көргенімдей жағдайға ұшырасаң да, ақты жақта, жетім- жесірге, жылағанға болыс», – деп аманат жүктепті.

Құнанбай кесек мінезі мен қаттылығын әншейін ағайынға ғана емес, әке-шешесіне, жанашыр жақынға да бірдей көрсеткен (1.20.65).

Қаншама рет оқысаңыз, қайталап тағы да оқыңыз: қазақтын жүз жылдық тарихын қамтыған екі мың беттік ұлан-асыр көлемдегі шығарманың өн бойындағы оқиғалардың барлығынан да Шыңғыс тауының қойнауынан тұрақты қоныс таба алмай, не жат руды, не бір-бірін ығыстырып, етегінен түре қуып жүрген тобықты елін көресің. Сыймай жүр ме, сыйыспай жүр ме? Қайдам? Ендеше, кейде ІІІыңғысты жатсынып, Құнанбайдың өзі оған кірме адам сықылды қорғаншақтауы қалай, неге сынаша қадалып жүреді? Неге жанын сыртқа салып, артына қарайлайды. Бір аландаушылық бар. Тіпті, Абайдың өз тіршілігінде үш қоныс жаңартады. Ол қалай? Сонда, көшпелілер ұғымынын болмысы, қыста – қыстауы, күзде – күзеуі, жазда тұрақты – жайлауы жоқ деген сөз боп шыққаны ма?

Жоқ, бұл мүлде қате ұғым.

Соншама сапырылысқан тіршілік тартысының мәнін Мұхтардың мұңдасы, сырласы, қыр елінде туған перзент Всеволод Вячеславович Иванов мұны: «Халық сахараға сыймай, сынсып тұрды. Көшпенділерге мал өрісі жетпеді. Көптеген рулар, оның ішінде ең бірінші кезекте Абайдың әкесі Құнанбай басқарған ру жайылым үшін өзара қырқысңа түсті. Өзара жауласулар, рулық кектесулер, барымта-қарымталар іргесі мықты әрі бақытты тұрмыс кешуге мүмкіндік бермеді. Міне, бәрінен бұрын Абайдың әсершіл-жанашыр жүрегімен ең алғаш сезінгені осы. Кісі өлтіру, кедейлерді күшпен жәбірлеу – оның бүкіл балалық шағынан көріп-білгені сол ғана» (25) – деп түсіндіреді.

Бірақ бұл, Құнанбайды күйінді қылған жер ашуы – нағыз шындық емес, көркем шығарманың әсерінен туған ой шындығы ғана. Қазақ оқырманы емеуірінен-ақ түсініп, қағып ала қоятын елеусіз мегзеулер, тәржіме барысында әуелгі астарынан айырылып қалған. Тіршілік тәсілі, психологиясы басқа халық өкіліне үлкенді-кішілі ру аттары пәлендей мағынаға ие болмайды.

Ал, трайбализмнен арылмаған жұрт үшін мұның өмірлік мәні бар.

Жалпы көшпелі елдер, оның ішінде қазақ жұрты, құрлықтағы сайын кеңістіктің ішіне қусырылып алып, ұшарын жел, қонарын сай біліп, мал қайдан өріс іздесе, соның соңына еріп, тұрақты мекен таппай үнемі лағып жүргендіктен де, көшпенділер атанбаған. Шетсіз де шексіз көрінген сайын сахараның өзі кішкене-кішкене бөлшектерге бөлініп, белгілі бір рудың ата-қонысына айналған. Қыс – қыстау, жаз – жайлауы бар. Тек осы аралықта ғана түйе қомдалып, көші бой түзеген. Жер бөлісіне қарай олардың ара қашықтығы ғана әрқилы болған.

«Бұрын жер ала алмай жүрген әнет, бәкен, жуантаяқ, қарабатыр сияқты кедей руларды орналастыру үшін Құнанбай тобықтының басты адамдарын шақыртып алып кеңеседі. Құнанбай: «Жер – адамның жері емес, құдайдың жері. Алла оны бір кісі үшін жаратқан жоқ, барлық адам баласы үшін жаратты. Жанын қиып жауды белсене қуысқан сендер емес, осы нашар атаның балалары. Ел намысын қуған ерлер де солар», – дейді. Жуантаяқ руына сырттағы жайлаудан уақпен жапсарлас бауырға дейін қоныс бөліп береді. Оған жалғас бөкенші руына жер кеседі. «Әнет пен Қарабатыр менің іш көйлегім сияқты еді. Бұларға өз тиесімнен берейін, қыс-қыстауы, жазжайлауы менімен жалғас болсын», – деп Хан өзенінің, Бөкенші өзенінің бас тарауына орналастырады. Әрине, бұған аталы мықтылар разы болмайды, бірақ әділ Құнанбай оларға қарамайды.

– Егер біздің жолымыз болып, найман Құндызды бойын босатса, елдің сол жақ шетінен бастап алған жерге қарай ауысады. Бүгін жерді қимай отырғандар сол күнде және көнбей жүрмеңдер, соны ескертемін дегенде отырған көпшілік бұл ұсынысты мақұлдайды. Сөйтіп, Құнанбай найманнан Құндызды бойын даулайды.

Құндызды өзенінде Жетісу мен Қарқаралы оязының бас қосқан сиязы болады. Тобықтылар: Құндызды өзені ата-қонысымыз, ол Шыңғыстан аққан сегіз өзеннің бірі, – дейді. 

Құндызды өзенінде Жетісу оязы мен Қарқаралы оязының бас қосқан сиязы болады. Тобықты содан кейін барып найманнан: Құндызды өзені ата-қонысым, Шыңғыстан аққан сегіз өзеннің бірі, дейді. 

Екі ояз келісіп: «Өздерін би келесіне салып, қазақ жолымен бітісіңдер. Егер бітісе алмасаңдар, билігін біз айтамыз», – деп ерікті өздеріне береді. Билер келісе алмайды. Бірінің алғысы келеді, екіншісі жерден айырылғысы келмейді. Сонда Құнанбай тұрып: «Біз бұл керіспен дауды шеше алмайды екенбіз, кесімді өмірінде дауға түсіп, билік айтпаған адамға айтқызайық», – дейді. Осыған найман да, тобықты да тоқтасады. Найманнан Қисықты, тобықтыдан Доғалды шығарады. Екеуі де малды-момын адамдар екен.

Құнанбайдың сенімді атқосшысының бірі – керей жорға Жұмабай соны өте пысық, сөз тапқыш адам. Құнанбай ояздардың астарын дайындап, жұмыстарын орындап тұруға тағайындапты. Өзі жылпос жігіт ояздарға үйір болып алады. Қолдарына су құйып, орамалдарын дайындап, айтқандарын екі қылмай әбден жағып алады.

Құндызды өзенінің шыға берісіндегі қабақты ескі моланың орны бар. Ол моланың кімдікі екені белгісіз екен. Сол молаға күнде ертемен он шақты шал келіп, отырып-отырып, күн батарда қайтады. Мұны байқап жүрген ояздар: «Олар күнде анау жерге неге барады?» – деп сұрайды. Сонда Жұмабай: «Тақсырлар, олар тобықтының шалдары. Ерте кезде өлген ата-бабаларымыздың моласы жат елде қалса, бастарына келіп, дұға қылатын адам да болмайды ғой, – деп уайымдап, дұға оқып, қоштасып тұр», – дейді.

Қисық пен Доғал екеуі оңаша шығып, Құндыздының жағасына келеді. Әлден уақытта Доғал: «Ау, Қисық екеумізді билік айтуға зорлап шығарды. Құдайға да, адамға да ұятты болмайтындай қандай билік айтамыз. Сен не айтқың келіп отыр?» – дейді. Сонда Қисық: «Жоқ, ақсақал, билікті өзің айт», – дейді. Осы керіспен екеуі көп отырады. Әлден уақытта Доғал орнынан тұрып, құбылаға қарап, қолын жайып: «А, құдай! Адамдар да сенікі, жер де сенікі. Сенің жаратқан жеріңе кесіп-пішіп билік айту күнә, қателесіп айтсам өзің кеш!», – деп Қисыққа қарап, – біз несіне таласамыз. Құдайдың өзі билігін айтып қойған жоқ па? Өзеннің күншығыс жағы наймандікі, күнбатыс жағы тобықтыныкі болсын, – дейді. Сонда Қисық: «Өзін Доғал десе, Доғал екенсің ғой», – дегенде, Доғал: «Қисық десе, Қисық екенсің ғой! Құдайдың өзі бөлгеніне риза болмайтын», – дейді. Сөйтіп, бұлар да келice алмайды.

Наймандар: Құндызды, Шет бойын бұрыннан қоныстанып келеміз. Мұқым Шыңғысқа тоймай, Құндыздыға қол салдың ба? – дейді. Сонда Құнанбай: «Құндызды, Шет бойы Шыңғыстың сегіз өзенінің бірі. Мен найман жерін даулап отырғаным жоқ, атам жеті момынның қонған жерін қайтар деп отырмын. Біз алыстан көшіп келгенше Шыңғысты иемденіп алдың. Көптігіңді істеп, ерімді қазаға ұшыратып, малымды талауға салдың. Билер кесіміне де көнбей отырсың. Онда ояздарға салайық», – деп орнынан тұрып кетеді. Құнанбай ояздарға келіп, билердің қалай билік айтқанын, оған найман адамдарының көнбегендігін түсіндіреді.

Екі ояз тобықты мен найманның кісілерін шақыртып алады. Наймандар өз жері екендігіне нақты дәлел айта алмайды. Құнанбай Шыңғыстың ескі тарихынан бастап, алғаш Шыңғысты жеті момын руларының қыстап, жай- лағанын, одан қалмақ шабуылына ұшырап, көп жыл шетте жүргендерін, көп туыстары Орал жақта қалғаның, тобықтының Шыңғысқа келгенін, ІІІыңғысты қалмақтан босатуға тобықты батырларының қатысқанын, бұлар келгенше, Шыңғысқа найманның қоныстанып алғанын, екі ел арасында қанша жанжал соғыс болып, канша адам өлгенін, қанша ауыл шабылып, қанша мал талауға түскенін, найман зорлық қылып, бермей келгенін баяндайды.

Сонда Қарқаралы оязы тұрып: «Бұл жер ежелден тобықтының жері болғанына менің көзім әбден жетті. Біріншіден: Құнанбайдың дәлелі толық. Және бір үлкен дәлел: «Осы дау басталғалы тобықтының бірнеше қарт адамдары күнде ерте ата-бабаларының моласына барып дұға қылып жүрді. Олар жеріміз найманға кетсе, ата-бабаларымыздың молалары қалады-ау деп уайымдап, қайғырып келіп жүргенін біз күнде көрдік. Ал, найман сенің жерің болса, анау молалар ата-бабаларынның моласына, біреуін барып неге дұға оқымадыңдар? Сендер жақтан бір адамның барғанын көргеніміз жоқ. Сондықтан жер тобықтынікі екені анық. Бұрын айтылған билік дұрыс айтылған. Біздің айтарымыз: бөлік Құндызды өзенінің арнасы болсын. Құндызды мен Шет бойынан найман көшсін», – дейді. Сөйтіп, Тобықты қолы жетпей келген Құндызды бойын қайтарып алады.

Ел: «Құнанбай ел намысын қуды, жұрт арманын орындады», – деп алғысын жаудырады. Құнанбайды не деп жамандаса да, қандай адам жамандаса да, оған ары бар, бойында адамшылық қасиеті бар адамның нанбауы хақ.

Міне, дәл осы сәттегі осынау қайратты да, қатал жанның сондай бір нәзік сәулеге ілінген көңіл күйі мен жандүние ашуын Мұхтар қалт жібермей ұстап қалды да, «Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған» қаһарлы қалпында романға кіргізе қойды. Жағымсыз образдың жағымсыз кейпін ғана кескіндеп қойған жоқ, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетшінің «қарт жыртқышты дүр сілкінтіп оятқан», «көп жылдар ұйықтап қалған ашуын, зәрін» де сорғалата төкті. Және жеріне жеткізе, қапысыз 5-7 айтты. «Маған жабылмайтын жала бар ма? Партия қылатын кім – Құнанбай. Ауыл шабатын, барымта алатын кім – Құнанбай. Кім айдалсын – Құнанбай айдалсын. Кім абақтыға жабылсын – Құнанбай жабылсын. Құнанбайдың жақсылык ісі ұлыққа көрінбейді. Кім Құнанбайды жала жауып, жамандап көрсетсе, соның сөзі мақұл болады» (24.132). Бір оқиғадан кейін екінші оқиғаның салмағы мен жазасын ауырлатып, алғысынан гөрі қарғысын қоюлатып, шыңырауға батыра берді.

Кейбіреуі:» Мейірімсіз Құнанбай келіні мен Қодарды жазықсыз асып өлтірді», – дейді. Оны Құнанбай неге істеді, не жазығы үшін істеді, оны тексермейді. Ол жазаны істетіп отырған ел, халық. Қодар өлген баласының әйелін өзі алған, оны неше жыл білдірмей тұрған. Ақыры ол қылмысы айқындалған. Жоғары діни орындарға хабарлап, солардың үкімі бойынша өлтірілген. Туысы болса да заңға, адамшылыққа жатпайтын, айуандық істі істегені үшін «атқа тисе, алтынды еріңді жақ» дегендейін, арға жатпайтын істі қылған жақынын да аямаған. Қодарға өтірік жала жауып, оның малын алайын дейтін – Қодар бай емес, не өзіне қарсы тұрып жауласқан жау емес. Құр жала жауып өлтірді, – деген сөз Құнанбайды қайтсем жамандаймын дегеннің сөзі. Бұған есі бар адам нанбайды» (16).

Бұл оқиға мөлшермен 1835-1843 жылдардың аралығында, Абай тумай тұрған кезде өткен.

Иә, Қодар мен Қамқаны дарға астырған да – Құнанбай. Мұсақұл – Тоқпамбет соғысын ашып, лаң салған да – Құнанбай, қаралы көшті шапқан да – Құнанбай, немересінің тамағынан «салалы саусақтарымен сығымдай қылқындарған да» – Құнанбай, туған төліне, ұлына алақанын теріс жайып, қарғыс батасын берген де – Құнанбай, өзінің үш жасар мүбәрәк қызын құн орнына берген де – Құнанбай. Сонымен қатар, күллі қазақтың Мағрип пен Машрухта баспанасыз сандалып жүргеніне намыстанып, «пайғамбардың мекені «– Байтолланың жанына, Меккеге «Тақия» салдырған да – Құнанбай, Қарқаралыда «ығылым іздеген қыр баласы» көзін ашатын медресе-мектеп тұрғызған да – Құнанбай, «Еуропа ғылымына пейілі құлап, ұлдарын бірінен соң, бірін орыс оқуына» берген де – Құнанбай, «мәдени елдің етегіне жармаспасақ жабайылықтан айырылмаймыз» деген де – Құнанбай, Кенесары ханға қарсы шығып, Кенесарының батырын найзаламақ болған бауырын сабап, намаз оқып жатқан ханның ордасына шабуыл жасатпаған да – Құнанбай.

Бір әңгімесінде: «Мен арғын-найманды билеп, аға сұлтан болған дәуірімде - ызғарымнан қаймықпаған, ырқыма бағынбаған екі кісі болды», – деп өзі де біреуден сескенген екен. Ақыры - өзінің сәуегейлігі өзін тауып, өз сыны – өзіне мін боп жабысты.

Мұның барлығы тек көркем шығармадағы образ Құнанбай, ал тіршіліктегі Құнанбай мүлде оған кереғар, басқа еді деп, ақиқатты тағы да жоққа шығара алмаймыз. Мұхтардың қисынын тауып, қиюын келтіргені болмаса, қылаудай қиянаты жоқ. Аталған сұмдық жайлардың барлығын Құнанбай көзімен көріп, қолымен істеген. Мәселе – сол қиянаттың мотивінде, ілік-себебінде. Гали- лейдің отқа өртенуін инквизиция тұсындағылар бірден бір әділ жаза деп ұқты. Ол кездегі қоғамдық ойдың ең жоғары түсінігі соған ғана жетті. Құнанбай қызғыштай қорғаған көшпелі феодализмнің де заңы ортағасырлық инквизициядан кем соқпайтын. Оған дін араласты. Әрине, Қодар мен Қамқа – Галилей мен Жанна д Арк емес. Оның есесіне жер дауы, жесір дауы, құн төлеу, жеті атаның қанын араластырмау мәселелері – қыр елінің ар-намысын қозғайтын, мұның біреуіне дақ келсе, сүйекке таңба саналатын қарғыс пен қағидалар болатын. Елдің басын қосып,  жиып ұстап, сергек отыруға мүмкіндік беретін бірден-бір әкімшілік күш-қуат, билік саясаты еді.

Әрине, Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол – өз дәуірінің, феодалдық өз тобының бел баласы. Ісі мен мінезінде заманынын талай айқын таңбасы бар. Мысалы, Құнанбай да алым, түсім аз болмаған. Осының бір мысалына Сүйіндіктің бір сөзі куәлік етеді. Сүйіндік ауылы бір жылы жау түсіріп, сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық боп түскен екен. Сонда да Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сауғаға сол атты сұрата жібереді. Бірақ Бостан дегеннің ауылы Сүйіндіктің бір айғыр үйір қысырағын апарып сойып алған. Сүйіндік Құнанбайға шаққанда, ол Бостаннан бір айғыр алған екен, соның салдарынан Сүйіндіктің дауын аяқтатпай жүреді. Жаңағы қара атты енді Сүйіндік Құнанбайға бергелі жөнелтіп жатып:

Айыбында қара аттың басы жарық,

Өзім семіз болғанмен көңілім арық.

Бостанның қорасына қонар едім,

Құнанбай қор қылмаса айғыр алып, –

деп бір ауыз өлең айтқан.

Заманынан қалған бұндай сөздер анық, шындық, айғақ. Осымен қатар көпшілік есінде қалған аңызға қарағанда, бұрынғы уақыттармен салыстыруға Құнанбай тұсында «ұрыдан ылаушы, шабаршыдан ел тыныш болған» деседі. Жалпы өз бағытында жақсылықты ниет қылған анық игілікті істерін алсақ, Құнанбай жайында ол жөнінде де ел әңгімесі көпті айтады (1.20.65).

Жалпы қазақтың дәстүрінде аттың майын сұрау – параға жатпайды. М. Әуезов оны біле тұрса да, мына жайды Құнанбайға мін ретінде тағуға мәжбүр болған. Ол Мұхтардың емес, заманның сөзі. Әрине, Сүйіндік те Құнанбайдан бір есесін алғусыз қайырып қалған.

Мұхтар осы қиянатты-қиянатсыз қылықтарды қалай түсіндіреді, ал өмірдегі шындық қалай еді? Төрт құбыласы тең, «қарадан шыққан хан» атанған Құнанбайдың соншама күйінді болатындай несі кетті? Жалпы, осы мәселелердің ара жігін ажыратудың қажеттілігі бар ма еді?

Иә қажеттілігі бар.

Өзімізді де, өткенімізді де, ертеңімізді де танып-білуіміз үшін арысы – Абайды, берісі – Мұхтарды түсіну үшін керек. Сол Құнанбайдың өмірде кім болғанын ойға қонақтатып алмай содан таралатын тамырлардың нәр-сөлі бойға сіңбейді.

Бұл Мәселенің өзегін жарып, төркінін таратып, ойымызды сабақтамай тұрып, көкейді тескен басты сауалға байырқалай қарап, соған жауап іздейікші. Онсыз мұқым көшпелілер әлемін, олардың тұрмыс-тіршілігін, дүние-жалған, ата мекен туралы философиялық байламын, психологиялық нәркес сезімін, намысшылдықты қоздырған ашуын, күнделікті кектесуі мен келісуін, іштегі ызасын түсіну мүмкін емес. Ал, «Абай жолы» эпопеясы көшпенділердің ғұмырнамалық энциклопедиясы болғандықтан, ол сұрақтың басын ашып алмай, төрт томдық шығармадағы көшпенділердің ішкі қозғалысын, оның ішінде Құнанбайдың, мұқым тобықты руының не үшін күйінді күй кешіп, қаталдықты қару еткенін, үнемі жан жарасының ашылып, ашып жүретінін ұғыну қиын.

Ұғыну үшін ғана емес, жан ашуын шақыратын ең бір дертті түс ол.

Қазақ ұлтының көсемі, Абайдың қазасы туралы алғашқы азанаманы жазған Әлихан Бөкейханов Құнанбайдың ата-тегі туралы Ә. Бөкейханов: 1904 жылы 23 июньде Семей уезінің Шыңғыс болысында /Шыңғыстауда/ даланың сүйікті ақыны Абай Құнанбаев дүние салды. Негізгі хатқа түскен аты Ибрагим /Авраам/ болса да, қазақ даласы шешесінің /әжесінің. – Т.Ж./ еркелетіп қойған нәзік те үнді есімімен Абай деп атап кеткендіктен, біз де солай қолданамыз. Абай әке жағынан алғанда тобықтың туының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, тобықтының батыр биі ЬІрғызбай Торғай облысындағы ЬІрғыз өзенінің бойында XVII ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келген. Ат төбеліндей көсемнің бірі ретінде ол тобықты руын Түркістаннан аса құнарлы жайылымы мол Шығыс тауына көшіріп әкеледі. Абайдың атасы Өскенбай дала халқына әділ би ретінде танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны тек қана төре тұқымдарының сұлтандарына ғана лауазымды Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соңында Мекеге барып, одан қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Бұның өзі де Құнанбайдың беделін өсіре түсті деп баға береді (28).

Ел есінде көп сақталған және архив құжаттарында да көп айтылатын мәселелердің бір саласы жер туралы бо­лып келеді. Құнанбай аға сұлтан кезінде де, болыс кезінде де жерге байланысты өзіндік саясат ұстанған. Қарқаралы қазақтарын отырықшылыққа айналдырып, егіншілік кәсібіне үйрету үшін Қарағайлы деген жерді егіншілікке пайдалану туралы пікірін орыс әкімшілігіне ресми түрде жазған. Қарқаралы қаласын кеңейту, құрылыстар салу, тұрғын халықтың әлеуметтік мұқтаждары үшін сауда дүкендерін, мектеп-медреселер салуға қолайлы жерлер бөлу туралы мәселелер көтерген. Жерге орналастыру мәселелеріне келгенде ол өзін де ұмытпаған. Тобықтының өз ішіндегі руларды көшіріп-қондырып, қыс қыстау, жаз жайлауын өзінің қалауынша өзгерістерге ұшырата берген. Көршілес уақ-найман елдерінің шұрайлы жерлеріне көктемде ерте көшіп, қонып алу, күзде ерте көшіп жылқысына жерін жегізу, қыста жылқысын қорыққа салып қою сияқты өктемдіктер көрсеткен. Талай құнарлы жерлерді «сатып» та, тартып та ала берген. Құнанбайдың өмірі мен қызметіндегі ең қиын тартыстар мен дау-дамай, жауласушылықтар осы жерге байланысты көрініс береді.

Олардың 1831 жылдардан бастап-ақ, ел басқару ісіне араласып, Россия өкіметімен қарым-қатынаста болғандығын аңғартады.

1835 жылы архивте Матай елінің қолға түскен адамы Қожамберді:  «Өзімді Құнанбай ұстап алды, аяғыма кісен сап, етімді отқа күйдіріп жазалады», – дейді. Аягөз қаласының дәрігері көргенде оның денесінде отқа күйдірілген белгілер болғаны анықталған. Және Қуанышбай деген керегеге таңулы Құнанбай қолында бір ай жатады.

Құнанбай мен Абайға қатысты орасан зор архив деректерін тауып, тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірген Мұздыбай Бейсенбаевтың еңбегін ерекше атап өту парыз. Марқұмның көз қырына түскен құжаттар мен өзге де мұрағат көшірмелері қолымызда бола тұра (олармен үшінші бөлімде кеңінен танысасыздар), есімі ел есінде жүруі үшін сол кісінің пайымдауларын мақсатты түрде еркін пайдаланғанымызды ескерте кетеміз. Сондай-ақ Ә.Марғұлан, Ә.Жиреншин, С.Зиманов, Л.Әуезова, З.Ахметов, Ж.Қасымбаев, Б.Байғалиев, С.Байжанов, Б.Сапаралин бұл бағытта зерделі зерттеулер жүргізді. Сондықтан да көпке белгілі мағлұматтарды қысқа-қысқа дәйектермен қайырамыз.

М. Бейсенбаев: Құнанбайдың өзі: «Қан жамылып, қағанақ төсенген көп арғынның ортасынан шығып, қалың найманның ішіне кірдік, таяқ жедік. Ерімізді өлтіріп, Ертісімізді бұздырып, белімізді сындырған істер болды...» – деп айтқанындай, тобықты елі Шыңғыстан ойып жер алуы, қоныс тебуі оңайлыққа түспеген. Бұрыннан орнығып қалған елмен бірде жауласып, бірде дауласып, бірде береке-бірлікте болып, қилы-қилы оқиғаны бастан кешірген. Құнанбайдың алғаш ел ісіне араласқан кезіне қатысты 1835 жылғы архив деректері Семейден табылған еді. Оны бірінші рет ғылыми айналымға қосқан М. Әуезов. Өскенбай мен Құнанбайдың тірі кезінде жер-суынан айырылып, қысым көрген көршілес матай елінің адамдары Серікбай байдың ұйымдастыруымен Өскенбайдың ауылына қатарынан екі-үш рет барымта жасайды. Бірақ Құнанбай бастатқан топ жылқыны аман алып қалады. Осы барымтаның тұсында Өскенбайдың өз баласы Бостанбек пен ағасы Мыр- затайдың баласы Өзмұхамбет каза табады. Осы іс жөнінде старшина Құнанбай Омбыдағы әскери губернатордың мекемесіне арыз жазады. «Старшина» деп анықтап жазуына қарағанда орыс ұлықтары мен кеңселеріне Құнанбай бұдан бұрынырақ белгілі болғанға ұқсайды. Енді осы айтқандарымызды бекіту үшін архив деректерінен біраз мысалдар келтірейік.

1835 жылы тобықты елінің болысы сұлтан Бірәлі Тоқаұлы Абылайханов Батыс-Сібір генерал губернаторы, генерал-лейтенант Сулимеге жазған арызында: «Үлкен әкеміз Абылай ханның тұсынан бері біз тыныштықпен алаңсыз өмір сүріп келдік. Осы бейбіт тіршілігімізді одан әрі нығайта түсу үшін мен басқарып отырған тобықты елі Россияның қол астына қарады. Бұл арқылы біз ешкімге ешқандай зиян тигізгеміз жоқ. Ата-бабамыздан мұра болып қалған – Аршалы тау, Көкен, Тауөскен қорықтарынан «Кеңгірбай тас үйген» қорықтарына дейін ешқандай дау-дамайсыз көшіп-қонып жүретінбіз», – дей келіп, көршілес уақ елімен екі арадағы жер дауын заңмен шешіп беруді сұрайды. Осы арызды қуаттап және өздері де осы пікірде екендіктерін білдіріп, қол қойғандар: Өскенбай Ырғызбаев (мөрін басып, арабша қолын қойған), Құнанбай Өскенбаев, Жортар Ырғызбаев, Бөжей Ералин, Қаратай Сапақов, Тайлақбай Нұрбаев, Борсықбай Қарамұрзин (ҚР ОМА, 374 қор, 1- тізім, 5997 іс).

Ал уақ елінің өкілі Бопы Сардақов пен старшина Қонай Қарақатов өздерінің қарсы уәжінде: «Осыдан 40 жыл бұрын Семей қаласының қарсы бетіндегі шекара аймағына қарасты Аршалы қорығында туыстарымызбен көшіп қонып жүретін едік және қыстайтын жеріміз бар еді. Бұған ешкімнің де дауы жоқ болатын. Осыдан үш жыл бұрын тобықты елінің сұлтандары – Бірәлі Тоқов, Сартай Арықов, олардың қарамағындағы Доғал Мыраев, жүзбенбет руының биі – Шүрек Елгелдин, Құнанбай Өскенбаев, Байбол Құланбаев және сол ауылдың адамдары жайлаудан көшіп келе жатып біздің қыстауларымыздағы шабылған шөпті өртеп жіберген, отынымызды алып кеткен. Қыстауда қалдырған дүние-мүліктерімізді ұрлап маза бермейді. Үш жылда 600-ден астам малымызды ұрлап алды. Осының бәрін бізге қысым жа- сап, қыстауымыз бен жерімізді алу үшін, бізді бүтіндей кедейлендіріп, көзімізді құрту үшін жасап отыр», – делінген. Дауды шешу үшін екі жақтан да адамдар бөлінеді. Соның бірі – Құнанбай Өскенбаев. Бұл даулы іс 1835 жылы басталып, 1844 жылға дейін созылады.

Өзгенің жеріне көз тігіп қоймай, олардың жатқа кеткен есесін қайырып та береді. Мысалы Құнанбай 1841-42 жылдары және онан кейін де бірнеше рет Қоқаннан сауда жасай келіп Әлжан, Архат қойнауын меншіктеніп кеткен саудагерлерден алып, оны сыбан, тобықты, уақ еліне қайтарып беру туралы жер дауындағы табандылығы да назар аударарлық.

Ол осындай әділдігінің, белсенді қимылының тегеурінді жігерінің арқасында ел ішінде ғана емес, патша әкімшілігі алдында да зор беделге ие болған. Ол ел мұқтажын жоқтаушы ретінде қазақ елінің көкейіндегісін айтып, әкімшілік алдына талай-талай мәселелер қойған. Бұл оның мешіт құрылысын салу, мектеп ашу, елді отрықшылыққа айналдыру, денсаулық сақтау ісін жолға қою, жер дауы, жесір дауы, мал дауы, ұрлық пен барымта, жемқор би-болыстар мен төре тұқымдарының заңсыз әрекеттері турасында жазғандарынан анық көрінеді. Құнанбайдың қатысуымен жасалған тарихи актілер, мал-жан, шаңырақ есебі, Құнанбайдың ауыл старшинасы, болыс басқарушысы, аға сұлтан кездеріндегі мөрімен куәландырылып отырған.

Ол 1844 жылы 30 шілде күні кішік-тобықты болысының басқарушылығына сайланады. Билік жүргізген ел дауының, жер дауының, жесір дауының, кісі құны мен ұрлық-барымтаның қуушысы да, қамқоршысы да, оның түйінін шешетін әділ билік иесі де – Құнанбайдың өзі болғанына қайран қаласың (32).

1846 жылы әскери эксиедицияда бірге болған А.Янушкевич Құнанбайдың ел арасындағы беделі туралы: «Бұл жердің болысы, кішік-тобықтыныкінен мүлде бөлек. Анда біреу өтірік айтса, Құнанбай бірдеңе десе болды, қашан аузын жұма қояды. Біз тамақ ішкенде Құнанбайдан басқаның бәрі үйден шығып кетеді. Ал мұнда жас Шалғынбайдың ондай беделі жоқ. Керек пе, керек емес пе, ерінбегенің бәрі киіз үйге сыймай кетеді. Олардың арасында жалт-жұлт еткен тибет шапандарын кигендері де көп. Кішіктерге, әсіресе, Аякөздегілерге қарағанда, мұнда дәулеттілер көбірек болса керек. Мәмбетей мен кішік-тобықтылардың бір-біріне қырын қарайтындығы байқалады. Тіпті құран жолымен қонақ кәдесін көрсетуден де тартынды. Құнанбайға еріп келгендер от жағып, түнімен от басында қауқылдасып, әңгіме айтысып, аулада түнеп шығыпты. Оларға бір жапырақ қой етін де бермеген. Қасындағыларын тамақтандыру үшін Құнанбай қой сатып алыпты. Олар тамақ жеп жатқанда, жергілікті адамдар олардың етті қалай жейтіндерін көруге келіпті. «Бір жапырақ етті сендерден аяр ма екенбіз, аямас па екенбіз, бізге келіп, өз көздеріңмен көріндер», – деп Құнанбай жігіттері олардың әдепсіздіктерін беттеріне басып, боқтайды... Құнанбай сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсін. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап, қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабілеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады.

Құнанбай Балқаш жағалауының едәуір жерінде бол­тан. Оның айтуынша, қайсы бір жерлерде тура жиектің өзіне шейін баруға болады. Айналасы қалың қамыс екен. Ал жуандығы бақандай қамысты ол бұрын көрмеген екен. Жылдың суық кездерінде көл суын ауызға алуға болмайды. Суының дәмі ащыдан гөрі кермек келеді. Кешкісін Виктор екеуміз Ақбастаудын ең биік шыңына шықтық. Көз алдымызда ұшы-қиырсыз жазық көсіліп жатқан кең дала. Етекте қатарласа тізе бүгіп Аллаға жалбарынып, намаз оқып жатқан қазақтар көрінеді.

Құнанбай намазды өз адамдарынан оңаша оқиды, бір рет алға шығып, қолын аспанға жайын, ұзақ отырды. Ала шапандар, топырлаған жұрттың біркелкі қимылдары, оның үстіне қатты әсер етті» (27) , – деп жазады.

Архивте «Көпес Антиктьевтің кішік-тобықты болысының старшинасы Өскенбаевті жәбірлегені туралы» іс бар: Құнанбай Өскенбаев 1838 жылы Семейдің полиция басқармасына және Қарқаралы приказына арыз әкеледі. Семейдің 3-гильді көпесі Апсалям Антиктьев Құнанбай Семей қаласына келгенде үйіне қонаққа шақырып отырып, оны тілдейді және сабайды. Құнанбайдың арызы бойынша Семейдің қалалық ратушасы 1839 жылы 28 февраль күні істі қарап, өзінің шешімімен Құнанбайдың арызын қанағаттандырмайды. 1840 жылы 30 январьда Қарқаралы приказына Антиктьев арыз беріп, Құнанбаев мені босқа кінәлап әурелегені үшін жауапқа тартылып, түрме жазасына кесілсін деп талап қояды. Батыс Сібір бас басқармасының советі 22 октябрь 1848 жылы №146 қорытындысында: Антиктевтің Құнанбаевтан талап ары­зы заң жолымен қаралсын, Өскенбаевтың аға сұлтандық қызметке сайланып кетуіне байланысты Правитель­ствующий Сенаттың рұксатымен, Баянауыл приказының қарауына тапсырылсын деп шешеді. Баянауыл приказы 21 декабрь 1853 жылы шығарған қаулысында: «Антиктьевтің Ускенбаевтан талабы қанағаттандыруға жатпайды» деп үкім шығарады. Құнанбай бұл істен аман құтылып кетеді.

Құнанбайдың қасиеттерін, сіңірген еңбегін баяндайтын тағы бір қайнар көз – Петербург, Москва, Омбы, Қазақстан архивтері. 1842 жылы толтырылған анкетада: «Құнанбай Өскенбайұлы. Жасы 36-да. Өте ақылды, әділ, халық арасында аса сыйлы, үлкен сенімге ие. Орыс өкіметіне сенімділігі үшін және 1840 жылы Кенесары сұлтанның көтерілісін басу үшін аттанған жасақтың құрамында болғаны үшін Ерекше жасақталған Сібір корпусының командирі 1840 жылы 6 шілде күні оқалы шапан жапқаны көрсетілген.

Құнанбай мен Бөжей екеуі бірігіп, 1840 жылы шекара бастығы Михайл Васильевич Ладыженскийге: 1831 жылы Қарқаралы округінің құрамына кіріп, алым-салықты еркімен төлеп, Кенесарының көтерілісіне қарауындағы жұртын қатыстырмай ұстап отырғандығын баса айтып, осы еңбектерін ескеру туралы өтініш білдіреді. Өтінішке М.В.Ладыжинский бұрыштама қойып, нагарадаға ұсынады. Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Шыңғысов: «Құнанбай мен Бөжей Кенесары Қасымовтың бүлігі кезінде өздерінің барлық болыстарын Ресей үкіметіне берілгендігімен ұстап тұрады, өкіметке басқадай зиян, көмегі болған жоқ», – деп мінезедеме береді. Одан кейін Неговкий әскери хорунжий атағын беру туралы ұсыныс жасайды.

Олардың бұл өтініштерін растатып, тобықтының барлық беделді билері мен старшиналары Қарқаралы округінің приказына мынадай мазмұнда ұсыныс жолдайды:

Ресей тарапынан ешқандай қиындық көрсетпей-ақ сұлтан Бірәлі Тоқовтың би Құнанбай Өскенбаевтың және старшина Бөжей Ералиннің ықпалымен 1831 жылы тобықты болысы «Құран» ұстап ант беріп, 1824 жылдан Ресейдің қарамағына өткен Қарқаралы болыстарына қосылғаны округтік приказға белгілі. 1832 жылдан бастап-ақ өзгелермен бірдей барлық алым-салықты еш кедергісіз төлеп келеді. Сұлтан Тоқовтың би Өскенбаевтың және старшина Ералиннің құлшынысы мен адалдығының арқасында тиісті бес жылдық жеңілдікті де пайдаланған жоқ, қазірдің өзінде де Өскенбаев пен Ералин Ресей өкіметіне салмақ салмай-ақ, болыстығы барлық жағдайды өз заңымызға үйлестіріп, әділ шешіп отыр. 1938 жылы басталған бүлікшіл Кенесары Қасымовтың бұлғағына қазақ халқының барлық округі берген анттарын бұзып, қол жиып, көп адамды аласапыранға түсіріп, көтеріліске шықты. Сол кезде біз Аллаға деген мінәжатымыз бен Ресейге берген антымызды адал сақтап қалдық. Осы уақытқа дейін сол қалпымызды бұзбай, тыныштық сақтап Өскенбаев пен Ералиннің ақылы мен ықпалының арқасында олардың кеңесін тыңдап, жеңілдікті пайдаланбай, қиналсақ та тиісті алым-салықты тұрақты төлеп келеміз. Орта жүздегі Кенесарының аласапыраны тұсында бізді қиындықтан құтқарды. Олардың осындай елеулі еңбегі мәртебелі бастықтар тарпынан ескерусіз қалмас үішн біз бәріміз жиылып осы ұсынысты жазып отырмыз. Құнанбай Өскенбаев пен Бөжей Ералиннің еңбегін жоғары жаққа жеткізіп, оларға офицер шенін беру және қызмет жөнінен жоғарылату туралы ұсыныс жасап, жақсы мінездеме беруін өтінеміз.

Осы өтінішімізді растап аға сұлтан Шуақ Тоқов, би Сарышақ Еспаев, старшина Жантілек Шорақбаев, би Бабалы Айтуазов, би Бақыт Жаныкетов, старшина Бәзіл Бестанов, старшина Тоқсаба Шүрбаев, би Байтық Есен- гелдин, би Орыс Кенбаев, страшина Базар Орысов, би Елемес Сәндіков, би Күсімес Қарсақбаев, би Баймет Салқабаев, страшина Бөжей Ералин, би Сүйіндік Жангөбеков, старшина Тоқаш Байгөбеков, старшина Байлықбай Нұрбаев, би Тебей Жайдабеков, би Төребай Күшіков, старшина Байбол, Құсанбаев, старшина Жұсіп Қожамқұлов, би Егізбай Наурызбаев, би Байжан Тұржүнісов, би Байболат Топанов, старшина Құл Қопақбаев, старшина Байыс Итаяқов, би Тезекбай Ермақышев, би Жаныкент Таукин және би Жаңабай Есенаманов – мөріміз бен таңбамызды басамыз, – деген.

Бұдан байқалатыны Құнанбай мен Бөжей орыстың шен-шекпені мен атақ-дәрежесінен тәп-тәуір дәмеленген.

Кенесары көтерілісіне қатысы туралы М.Әуезов: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғаны. Старшина күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып, қоса қуысқан. Қуған қол Кенесарының көшіне жетіпті. Көшінің жанында Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде, Құнанбай «намаз уақытында шаппаймыз», – деп шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақтарды жиып алып, құр құдықтың маңында кеңесіп Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті. Кейін атыс болғанда жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарыны қолының бір батырын қуып, найзаламақшы болған, соны Құнанбай сабапты», – деп жазды.

Құнанбайдың бұл арызы ескерусіз қалған жоқ, 1846 жылы хорунжий атағын алды.

Құнанбай – оқуды зор бағалаған адам. Ол өзіне біткен баланың бәрін бірдей оқытумен қатар, еліне, қоғамына білім таратып ұстаздық ететін шет ел адамдарын қатты күткен. Бұның қолына кеп, қазақпен туысып, анық қазақ боп кеткен әлденеше ұлттың адамдары бар. Татардан шыққан Ғабитхан, Кішкене молда, Ысқақ тұқымы, Түркістаннан келген Бердіғожа, Кавказдан келген Ғабдолла (Қазақпай атанып кеткен) сияқты, қырғыздан келген Бәшібектей жандар бар. Осының бәрі болмаса да көпшілігі бала оқытып, ұстаздық құрып, тобықты ішіне оқу-білім таратқан жандар.

Бір жағынан, елге үлгі етіп, екіншіден, өз тәрбиелерін жетіктіру үшін, дәл өзінен туған бірнеше баласын шет қалаларға жіберіп оқытқан. Айғыздан туған Халиолла деген баласы Петербурда оқып, офицер шенін алып шығып, елге келгенде құрт аурудан өледі. Абайды Семей қаласының ең зор медресесінде оқытады. Қолындағы басқа бар баласы да оқымысты болған. Әрине, Құнанбай тұсында баласын орысша оқытқан, әсіресе офицерлік, төрелікке арнап оқытқан қазақ феодалдарының бәрі де текке құр білім үшін ғана оқытқан жоқ. Шен ал, ұлық бол, менің тұқымымның таптық саясаттық үстемдігін нық сақтайтын бол деп оқытқан. Құнанбайдың орысша оқытуында да осы сыр анық бар еді (1.20.66). «Қажы марқұм бұл елдің бек надан кезінде туып, шала хат танып қалса да, әкесі Өскенбай биге әр жақтан келген хаттарды оңашаға алып барып, бірін-біріне салыстырып өздігінен хат танып, түркі кітаптарын оқитұғын бо­лыпты. Және ноғай молдаларын сақтап, елсізге үй салғызып, қазақтың балаларын жиып алып, бұл жақтағы қазаққа оқу оқытып, хат танытқан сол қажы марқұм еді. Осы күнгі біздің күзеу қорамыз «Ескі там» деген сол мектептің орны еді. Қажы марқұмның алдына келген қазақ бұрын намаз оқымай жүрген болса да, намаз оқушы еді. Насыбай харам деп бір молда айтқан соң, насыбай атқандардың мұрнына тотяйын құям деп насыбайшыларды тиып еді. Бұрын зекет бермейтұғын қазаққа зекет бергізген сол кісі еді» (23).

Ең әуелі Тобықты еліне көп жылдар старшын болады. Әкесінің жолын қуып, Россияға бет бұрады. Ендігі жерде ел билеу, қызмет істеу, зор атаққа ие болу, биік мақсатқа жету тек патша чиновниктерінің қыбын табу арқылы ғана болатынын, ол үшін орысша оқу, хат тану – осының бәрінің қажеттігін өзге феодалдардай емес, алыстан болжап біледі» (1.20.67). Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп, оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдулжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет-Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медреселері болған. Оқушы Шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның көбін араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа Қарағанда: түркіше оқу жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болды. Оқытушының бар бейіл бергені дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша.

Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанда қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған.

Өзі оқымаса да балаларын оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенде, соңғы баласына сопы Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзіде тыңдай жүреді. Сол кезде «Абайдан Ысқақ артық болады», – дегендерге: «Не күтсеңдер де, осы жаман қарадан күтесіндер ғой», – дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен.

Әрхам: Өзінің алғашқы бәйбіше қатыны Күнкеден туған ұлының атын Құдайберді, Ұлжанның тұңғыш ұлының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды. Ибраһим Мұхаммет пайғамбардың ұлы атасы, өзі де пайғамбар атағын алған адам екен. Бұл атты баласына қоюы Құнанбайдың өз ортасынан ерекше дін жолына берілгендіктің белгісі сықылды. Құнанбай мұсылманша көп оқымаған адам. Абайдың әкесі Құнанбай бір анадан жалғыз болып қатыбас, қытымыр, суық пішінді, үй-ішіне жылы шырай бермейтін адам екен.

Адамға сыншыл Құнанбай балаларын да сынап, байқап жүріп, жас Абайдан зор үміт күтеді екен. Ауыл адамдары:

–     Мырза, балаларын ер жетіп қалыпты. Қайсысынан үміттісіз, – деп сұрағанда, Құнанбай:

–       Не күтсендер де, мына қарашұнақтан күтіндер, – депті деген аңыз бар.

Абайдың басы үлкен, құлағы кіші болғандықтан да, оны «қарашұнақ» деп атап кетіпті (1.20.72-73).

1845 жылы қаңтар айында Құнанбай Шекара басқармасына өз аулында училище ашу жөнінде өтініш жолдайды. Ол арызға аға сұлтан Құспек Таукин: «Кішік-тобықты болысының старшыны Құнанбай Өскенбаев 3 қаңтар күнгі баянхатында: өзі басқарып отырған қазақтардың қамы үшін училище ашып, азиялықтардың баласын орысша оқытқысы келетінін айтып, азиаттардың тілін білетін орыс мұғалімін жіберуді өтінеді», – деп қол қояды. Шекара басқармасы Өскенбаевтың бұл тілегін мақұлдағанымен, екі тілді бірдей білетін мұғалім табыла бермейтіндіктен, сол тобықты еліндегі тілмәшті қыз- меттен бос уақытында мұғалім ретінде пайдалануды ұсынады. Бірақ оған енбекақы төлей алмайтындығын айтып жауап қайтарады. Кейін Құнанбай «Ескі там» деген мектеп ашып, онда ескіше сауатты Ғабитхан  Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп, көп жыл ұстаған. Балалары Құдайберді, Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Халиолланың бәрі де алғашқы сауатын осы мектепте ашқан. Құнанбай балаларының білімін одан әрі жалғастыруға да ерекше ынтызар болды. Ибраһимді Семейдегі жаңа үлгідегі жадидтік бағыттағы Діни медресеге берді. Халиолланы 1859 жылы Омбы кадет корпусына оқуға жіберді. Ол мұны бітірген соң, Москвадағы әскери училищеге түсуіне қамқоршы болды.

Орталық мемлекеттік архивте «Қарқаралы селосындағы мешіт құрылысы жөніндегі іс» деп аталатын 32 беттік құжат сақталған. Осы буманы оқып танысқанымызда бұған дейін белгісіз болып келген бірталай жаңа деректердің ұшығы шығып, мешіттің салыну тарихы көз алдымыздан тізбектеліп өте бастады. Мешіт құрылысын алғаш қолға алар тұста жасалған акт деген құжатты оқиық:

«1847 жылы 22 сентябрь күні біздер, төменде қол қоюшылар мен мөр басушылар, таңбасын салушылар, мешіт құрылысын салу жөнінде 2 сентябрде приказға берілген тілегіміз бойынша Қарақаралы селосында мешіт салуға ерікті түрде қаражат жинап береміз. Жоғары басшылар алдында мешіт салу мәселесі толық шешілгенше иелік жасауды қазақтар атынан кеңесші Итхаринге және Сарғыз Доғаловқа тапсырамыз. Олар приказда хатталған есеп қатирасын алып, халықтан ерікті түрде түскен кіріс қаражатты жазып, оны қашан құрылыс жұмысына толық рұқсат берілгенге дейін өздерінде сақтауға міндетті және солардын қатаң жауапкершілігінде болады. Ақшаның жоғалып кетпеуіне, кітапшаға кірістің дұрыс жазылын отыруына, қандай да болмасын тәртіпсіздіктің болмауына осылар бақылау жасайды. Қашан жоғарғы ұлықтардың ұлықсаты болғанша, жауапкершілікті соларға жүктейміз. Сендіру үшін акт қағаз ұсынамыз. Болыс басқарушылары:

1.Жалықпас болысы – Сұлтан Жәңгір.

2. Қара-әйтімбет болысы – сұлтан Тәке Бөкеев.

3. Кішік-тобықты болысы – хорунжий Құнанбай Өскенбаев.

4. Мәмбетей-тобықты болысы – Шалғынбай Бірәлин.

  1. Төлеңгіт     болысы – Құдайменді Шатеміров.

6.  Нұрбике-шаншар болысы – Тәттімбет Қазанғапов.

7. Дадан-тобықты болысы – Сармантай Байұзақов.

8. Бөйбәрі болысы – Алдаберген Еділбаев.

9. Әлтеке-сарым болысы – Жанғұтты Ботантаев.

10. Керей болысы - Үйсінбай Жанұзақов.

11.Қояншы-тоғай болысы – Кайдар Қайткелов.

12.Қорсан-керей болысы – Есберген Садықов.

13.Қарауыл-қамбар болысы – Тілеген Нұржауов.

  1. Дүйсенбай-шекшек болысы – Ақберген Дәуменов.
  2. Тарақты болысы – Бақтыбай Дарабаев.

16.Көшім болысы – Бекайдар Орманов.

Осы актіні жасағанда аға сұлтан майор Құспек Таукин қатысты және мөрін басты».

Аға сұлтан Құсбек Тәукин 1847 жылғы қазан айының 23-де жолдаған хатында қозғалған мәселені одан әрі тереңдете, нақтыландыра түседі: «Приказдың төрт мүшесі және қазақтардың қатысымен мешіт құрлысына жаңадан салынған дүкендердің қарама-қарсы жағынан орын таңдап алдық. Шығыс жақта, далалық алаңқайдан 60 метрдей жерде. Осы жерді бекітіп беруді сұраймыз».

1848-жылғы 16-наурызда Шекара Басқармасының құрылыс бөліміне Қарқаралы дуанының кеңесшісі атынан төмендегідей мазмұнда хабарлама жолданады. Онда: «Осы округтің аға сұлтаны, майор Таукин мен кішік-тобықты болысының болыснайы, хорунжий Өскенбаев өздерінің 17 ақпанындағы хабарламасында Қарқаралы селосында мешіт салу жайындағы талабымызды Жоғарғы мәртебелі ұлықтар қолдап және құрылысты жүргізуге рұқсат беріп еді. Осы көктемнің басынан құрылысты бастамақ ниетіміз бар еді. Бірақ Қарқаралыда бұндай құрылысқа пайдалануға жарайтын бос, ерікті адамдар болмай отыр. Сол себептен Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын мешіт салу ісіне пайдалануға болмас па екен? Оларға тиесілі заңды еңбекақыларын төлер едік, немесе қандай да болмасын жағдайларын туғызар едік, – деген. Осы жөнінде айтылғандарды Сіздің мәртебеңізге хабарлап отырмын. Қарқаралы дуанының приказ кеңесшісі» (қол қойған), – деп жазылған.

Шәкерім: «Осы күнгі Қарқаралыдағы мешіт сол кісінің салғызып, құдайы қылған мешіті еді. Ондағы қазақтар ноғай молдаларымен талас шығарып, бұл қазақ мешіті, қазақтан молда имам қоямыз деп осы күнге наданырақ қазақ молда имам болып тұр деп естимін. Қазақ шын жігерлі болса, балаларын оқытып, жақсы ғалым қылып, сонан соң имам қойсашы. Ноғай молда Хасан марқұмның балалары бар. Қажы марқұм аға сұлтан помощник те болып еді, бірақ ондағы мақсат, жалғыз ғана дүние мақтаны үшін емес, қазаққа қадірлі болсам, не қорқытып, не сыйлатып шариғат жолына түсіремін деген ойы еді» (23).

Ахат: «Қазақ балаларының оқығанын арман етіп көксеген Құнанбай өзінің күзегінен ең алғаш там салдырып, сауын мал, азық жинап беріп, айналасындағы балаларын, өз балаларын оқытқан. Құнанбайдың алғаш қойған оқытушысы Байдалының Сарымолдасы деп аталып кеткен. Руы ноғай Мұхамед деген жоғарғы оқуы бар адам болған. Онан кейін Ғабитханды қойған. Жылына Ташкентке бір рет керуен жіберіп, өрік, мейіз, күріш және шығыс әдебиетшілерінің шығармаларын, түрік тіліндегі кітаптарды, «Мын бір түн сияқты арғы замандағы ертегілерді, қисса кітаптарды алдырып отыратын болған. Бұларға қоса ғибадат исламия, тәпсір, мұхтасар сияқты түрлі діни кітаптарды да алдыратын болған. Сөйтіп Сарымолда елге қосылмай, сол тамда балаларды оқытып жататын болған. Ол бала оқытқан күзектің орны бүгін бар. Ол қонысты «Ескі там» деп атайды (16).

1850 жылы ел арасында жоқшылық жайлап, қайыршы-аштар көбейіп кеткенде зекет-жәрдем жиғызған. 1851 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторына хат жазып, Қарағайлы деген жерге кедей-жатақтарды орналастырып, оларды егіншілік кәсіппен шұғылдандыру үшін рұқсат сұрап алған. 1860 жылдары әр болыстан бір ұл баладан жинап алып, шешек ауруына қарсы егу үйретуге жіберген. Бірақ Құнанбайдың қарсылас жаулары «Құнанбай балаларыңды орыстандырып жіберу үшін өзінің ойдан шығарып жүрген қастығы», – деп, елді үгіттеп, толық жүзеге асыруына бөгет те жасаған.

2

Ел билеп іс басқаруға келгенде, Құнанбай әкесінен өтімдірек болған. Мұның кісілікке толық ілінген кезінде Сібір даласы «1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав» бойынша өкірікке бөлініп, «өкіріктік приказ» билейтін болған. Өкіріктің бастығы аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі үкімет чиновнигі болады (елдің көбі мұны майыр дейді). Үшінші мүшесі кіші сұлтан болады. Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары Құнанбайдың аға сұлтан болуын, Бөкейханның нәсілі Құсбек, Жамантайдың партиясынан, патша саясатынан дегісі келмей, «Құнанбай басының қасиетінен» деп кеткен (1.20.71).

Зады аға сұлтандықты Құнанбай арғы уақыттарда ойласа керек. Ол төрелердің де төбе қуып, қадірін кетіре бастаған тұс. Тұтас елді билетпей, ел арасындағы ұсақ қиқалаққа салған патша өкіметінің саясаты – қалайда мемлекеттік тұтастық, хандық идеясын өшіру болатын. Оның үстіне Құнанбайдың мысы төрелерден биіктеп, еңсесі көтеріле бастаған шағымды шағы да келіп еді. Елге есесін жіберетін емес, елден есесін алатын кез де келген.

Ахат: «Қазақ орысқа әбден қарап, жаңа заң шығып, хандық қалып, оның орнына аға сұлтандар, старшындар сайланды. Құнанбай старшын, аға сұлтан болған адам. Қазақ Құнанбай қарадан шығып, хан, аға сұлтан болған деседі. Қарқаралыда орта жүз қазағы бас қосқан жиналысы болды. Осыған тобықты руынан сайланған биі Құнанбай барады. Хандық қалған соң, аға сұлтан сайлану керек. Орта жүздің аға сұлтаны кім болмақ? Міне, жиынның шешетін жұмысы осы. Орта жүздің айтулы билері осы топта бас қосып, кеңесіп аға сұлтан сайламақ. Ал бұрынғы хан тұқымдары төрелер аға сұлтандыққа таласып, енді аға сұлтан болмақ болады. Әкімдікке қырқысқан төре тұқымдары елден сайланып барған уәкілдерді екі бөліп алып, партия тартысына түседі. Әр рудан барған билер төре тұқымдарының әкімдікке таласып жүрген шонжарларының басын қосып, берекелесуін сұрайды. Жаңа заңның жобасы оқылып түсіндіріледі. Кімді сайлау қазақтың билерінің ықтиярына беріледі. Билер үйге лық толады. Төре тұқымдарының билері:

– Бұл сұлтандық хандық орны болғандықтан бұрыннан болып келген төре тұқымынан біреу сайлансын, – деген соң, Құнанбай көптен сөз айтуға рұқсат алады. Құнанбай:

–      Біз орыс патшасына қарадық. Бұрынғы хандық дәуірі қалды. Енді қазақтан аға сұлтан сайланатын болды. Ол қазақтың мұңын жоқтап, мұқтажын орындайтын адам болуы керек. Менше енді мынау төре тұқымы, хан тұқымы еді деп сайлай салудың керегі жоқ, халық қамын ойлайтын, адал адамды аға сұлтан сайлау керек, – дейді. Сонда төрені жақтаушылар, олардың шашбауын көтерушілер:

–       Хандық төре тұқымынан айырылып көрген жоқ. Аға сұлған да төреден сайланады. Оған таласудын не орны бар? Төре баласы ежелден елді билеп келді, әлі де билейді, – десті. Қазақ билерінің бәрі ел намысына, қазақ халқының намысына шаппай, төре тұқымдарына қайсаңдап жағынып отырғандарына ызғары қайнап отырған Құнанбай:

–     Төре тұқымынан хандықты таңба етіп басып, өмірлік еншілеріне берген кім? Халқымыз қазақ. Аға сұлтан қазақтан неге сайланбайды? Қазақтың елді бастайтын, халық қамын ойлайтын кісісі жоқ па? «Төреге ерген ерін арқалайды», – деген. Қазақ төрені бастық қоямын деп, талай ғасыр ерін арқалап келгені жетпеді ме? Қазақ баласы төреден не көрдіңдер. Балаларыңды оқытып, көздерінді ашты ма? Адалыңнан арамыңды айырып, әділ билік қылды ма? Берекеңді сұрап, біріктіріп, басыңды қосты ма? Басыңды біріктірмей біріңді-біріңе салып, араларына от жағып, берекеңді кетіріп, екі бөліп, партия араздық, күндестікті еткеннен басқа не істеді. Өз тізгініңді өз қолыңа алатын кезің келген жоқ па. Аға сұлтан сайлауды өз еркіне беріп отыр. Менің айтарым – намыс жігерің болса, аға сұлтанды қазақтан сайла, – дейді.

Төрені қолдаушы билер Құнанбайды ауызға қағып, төрені жақтай сөйлейді. Керейден барған Сарыбай би орнынан тұрып, Құнанбайға қарап:

–       Ей, бала, жап-жас басыңнан өзіңнен үлкендерге, төре тұқымдарына қалай қарсы келесің? Ежелден бастық болып келген тұқым әлі де бастайды, – дейді.

Сөйтіп, бұл жолы Құнанбай дауыстан жеңіліп, төреден аға сұлтан сайланады.

Тобықты мен керей жайлауы қатар. Құнанбай сайлаудан керей билерімен бірге қайтады. Ел жайлауы Шақпаққа жеткенде керей билері бөлініп елдеріне қайтады. Олар кезең асқанда Құнанбай жолдасы Мырзақанға биді ертіп кел дейді. Құнанбай оған дейін шылбырын шешіп, бұғалықты ыңғайлай береді. Сайлауда өзіне қарсы сөз айтқан би жанасып тақай бергенде, шылбырды мойнына тастап жіберіп, биді аттан жұлып алып, тақымға салып, сүйрей жөнеледі. Әудем жерге дейін сүйретіп барып, тастап кетеді. Құнанбай Мырзақанды шақырып алып:

–       Анау өлген жоқ, есі ауып қалған шығар, атына апарып мінгізіп жібер, – дейді. Мырзақан атын алып келсе, демін алып, есін жиып отыр екен, атына мінгізеді. Би атына мінген соң Мырзақанмен еріп, Құнанбайға келеді. Сонда Құнанбай:

–     Сіз маған түк қылған жоқсыз, бірақ қазақтық қаныңыз, намысыңыз жоқ екен. Қазақтың қамын ойламай, төреге жағындыңыз, мен сіздің соныңызға өкпеледім. Өз кегім емес, қазақ кегін алдым. Жау болсаңыз, жаулығыңызға, ел болсаңыз, елдігіңізге тұрамын, – дейді. Би:

–       Шын кешіп кет, мен жаңылдым, қателестім. Енді айтқан жеріңнен шығамын, өмірлік дос боламын, – дейді. Құнанбай: – Қазақ аруағы кешсе, мен кештім, – дейді. Сонымен, Сарыбай ауылы мен Құнанбай ауылының достығы бертінге дейін келді.

Осыдан бастап Құнанбайды жұрт тек өз елінің ғана емес, күллі қазақ халқының қамын ойлап, қазақ намысын жоқтайтын адамымыз деп ардақтайды. Кейбір адамгершілігі зор төре тұқымдары да Құнанбайдың даналығын, адалдығын мойындап, Құнанбайды жақтады. Ал мансапқор, әкімшілікке құмар төре тұқымдары Құнанбайды күндеп, оның көзін жоғалту жағын қарастырды. Онымен қабат Құнанбайды жақтаушыларды да бірге құртпақ болды. Жеңіп сайлағанған аға сұлтан мен билер Құнанбайды жақтаушылардың артына түсіп, Құнанбайдың өз елінен, өз қолтығынан жау іздеді» (16).

Құнанбайдың қазақ тіліне терең мағына берген сөздері кем. Оның өзі арнайы тақырыпты қажет етеді. Соның бірі күні бүгінге дейін саяси шешендіктен хабары бар түйсікті қазактың бәрі білетін «Мықты болсан, боп- саға шыда!» – деген сүре сөз. Өзге-өзге бопсаға келгенде Құнанбайдан асқан қаракөк тұқымы жоқ шығар, сірә. Оны «Жәбір сұлтаны» атандырғаны да сол қасиеті. Шыңғыс өңіріне алғаш аға сұлтан болған Бірәлі – қалыпты, қыртысы Құнанбайдан жұқа, көңі жұмсақ төре болған. Бірәлімен неғылайыны жарасқан. Ал одан кейін аға сұлтандықтан дәметкен және ол мақсатына кейінірек жеткен Шалғынбай төрені иығынан басып, не мысымен жасқап отырған. Тіпті ашық қарсы шығып, бопсаға түскен. Мына бір мәмбетейден шыққан Башпаймен байланыстырылып сөйленетін оқиға соның дәлелі. Башпай Таңбайұлы батыр, сүрей адам болса керек. Ол Құнанбайдікіне келсе, Құнекен оған:

–       Башпай, Төреңе (Шалғынбайды айтады. Шалғынбай мәмбетей ішінде болған) бір сәлем айтсам, жеткізе аласың ба? – дейді.

–     Е, жеткізбей ше!..

–       Онда төреңе айт! Сиырға артқан жүкше қиқандамай артын қысып, жайына жүрсін. Айғырмен ойнаған, ат сауырын алғызар!..

Осы сөзімді қылдай қиянатсыз төреңе жеткіз.

Башекең Шалғынбайдың ордасына келсе, төре оған көңіл аудара қоймапты. Бұған ашуы келген Башекең:

–       Уа, төре, Құнанбай мырза бір сәлем айтып еді, – дейді зілденіп.

Төре ажырая қарағанда Құнанбайдың сөзін аудармай жеткізіпті де, қайтып кетіпті. Төрелер Башпай кеткен соң, шамданысып, жасауыл жіберіп, Башпайдың «торы ала ат» дейтін жүйрік атын жылқыдан ұстатып алғызыпты. Артынан келсе, жауап та бермепті. Долданған Башпай Құнанбайға кеп:

–       Сенін сәлеміңді апарам деп, торы ала атты алғыздым. Атты қайырт! – дейді.

Құнанбай Башпайдың қасына арнайы кісі қосып беріп:

–       Башпайдың атын қайырсын! Мықты болса бопсаға шыдасын! Сәлемшіге өлім бар ма еді? – депті.

Шалғынбай Құнанбайдың кісісіне:

–       Атты Қарқаралыға почта айдаушы мініп кетіп еді. Келген соң қайырсын, – депті.

Башпай томырылып келе жатса, торы ала аты Мәмбетейдің бір шеткі ауылында тұр екен, шылбырын қиып жіберіп, ала жөнеліпті. Аналар қуып бергенде бұлар шаба жөнеліп, жеткізбей кетіпті. Осыдан Шалғынбай, Құспек- термен Құнанбай арасы көрнекке шығыпты. Төрелер де қарап жатпай, Бөжей, Байдалы, Байсалды өзіне тартып, Олжайды екіге бөліп, жікті қыздыра беріпті.

Құнанбайдың аға сұлтандыққа сайлануын сан-саққа жүгіртетін жорамалдар мен топшылаулар бар. Соның ішінде шындыққа барынша жақыны жазушы Қалмұқан Исабаевтың: Қазақстан ұлттық архивінің 374-қоры, 4387 номерлі папкасында сақтаулы деректе Құнекеңнің аға сұлтан болуына себепкер болған бір құжат «Майор Құсбек Таукиннің айыптары» деп аталады да, әрмен қарай оны тізе бастайды: «1. Болыс Бекайдар Құрманов бір отар қой жинап берген. 2. Генерал-майор Вишневскийге әр болыстан 300 рубльден жинап берген. 3. Байғанов деген қазақтың үй-мүлкі мен малын тартып алған. 4. Көпес Гласковты, Михайл Воронковты Тұрсын Шыңғысовпен бірігіп тонаған.

Аға сұлтанның заңсыз туған талабын болыстан Құнанбай ғана орындамаған».

Міне, барлық гәпті соңғы сөйлем айтып тұр. Бұдан түсінетініміз, сол кездегі Қарқаралы сыртқы округінің төре тұқымынан сайланған аға сұлтаны майор Құсбек Таукин Шекара қазақтары басқармасының бастығы. Ал ондағы (Таукиннің өзінің тікелей бастығы) генерал-майор Вишневскийге көлденен тартқан парасы екен. Округке қараған 18 болыс (бәрінің басында төрелер отырған) параға үлес қосқанда тек Кішік Тобықты болысы Құнанбай ғана «Мә, оған!» деп қолын шығарған көрінеді. Осының бәрін округтің Сухомлинов деген орыс қазиі 1849 жылдың 18 тамызында Батыс Сібір губер­наторы Горчаковқа рапортпен жеткізген екен. Содан кейінгі құжаттардан губернатордың Омбыда Вишневскийді Клейст деген полковникпен, Қарқаралыдағы Таукинді Құнанбаймен ауыстырғанын көреміз. Ал соңғысына аға сұлтандыққа жарғы бойынша сайлау көрсетілген жылдың 22 қазанында өтіп, заңдастырылыпты – деген пікірі (37).

Құнанбай аға сұлтандыққа сатылап келген. Оған дейін жетекші болыс, аға сұлтанның дін, оқу істері жөніндегі кеңесшісі, еларалық би іспетті коғамдық- кеңселік қызметтерді атқарған. Аға сұлтанмен қатар дәрежеде қол қоятындай кепілдік мөрі болған. Мұның барлығын мұрағат құжаттары растайды. Аға сұлтандыққа Кұсбек Таукин екеуі қатар түскен. Шарға салғанда Құсбек басым шығады. Сол кезде жаңағы арыз сайлау құжаттарымен қоса Омбыға жөнелтіледі. Ондағы қазақ ісін қарайтын Шекара басқармасындағылар Құнанбайды жақсы біледі. А. Янушкевичтің пікіріне сүйенсек, оның жеке қасиеттерін аға сұлтандардан жоғары қояды. Ендеше пара алғаны үшін айыпталып тұрған Құсбектің ысырылып қалып, Құнанбайдың бағы жануы занды.

Өзінің Алладан тілеген үшінші тілегіне – толық билікке Құнанбайдың қолы осылай қолы жетті. Иә, онда бақ та, байлық та бар еді. Енді соған билік қосылды.

Ә.Жиреншин: Өз атағын шығаруда бұл да алыстан көздеген тәсіл еді. Осыдан соң Құнанбай Қарқаралы дуанына (округіне) аға сұлтан – правитель болып сайланады. Бұл тартыста да ол бұрын сұлтандық қызметі үзілмей келе жатқан Құсбек, Жамантай сияқты ақсүйек Шыңғыс тұқымының төрелерін жеңіп, белден басып шығады. Бұл жолы да, осы төрелерді жеңуге зор себеп болған алыстан ойлаған есеп барды. Ол – сарсүйек құда болу, тамыр-таныстың жайларын пайдалану, әсіресе 48 болыс майқы-бошан арғынды бір шыбықпен айдаған Алшынбай дәумен құда болу, соның жәрдемімен сұлтандықты төре тұқымынан тартып алу болатын. Осылай болды да».

Өшпейтін жаулыққа ұласқан ағайын арасындағы қанды кекке от тұтатқан, Зередей ананы егіз қозыдай тел еміп өскен Құнанбай мен Бөжейді арандатқан – Майбасар. Сол күйінді оқиғаға белсене араласқан Жиреншенің немересі Әбіш Жиреншин мен Құнанбайдың шөбересі Әрхам Кәкітайұлының баяндауынша:

«Құнанбай бір шешеден жалғыз. Өскенбайдың төрт тоқалынан 9 ұл туады, олардың бәрі де ер жеткен соң, ел билеу ісіне таласады. Ел тізгінін бұрынырақ қолына алған Құнанбаймен өзара күндеседі. Өзгелерінен гөрі Майбасар ерекше жанығады. Көп керістің бастаушысына айналған Майбасар туралы алыпқашты сөз көп. Соның барлығын бір араға топтап қана береміз. Әрине, мұқату үшін емес, шындық үшін.

Б.Исабаев: Құнанбай бір мәжілісте әкесі Өскенбайға: «Сізден астым-ау» дегендей сөз айтқан екен. Би ол жерде жауап қайтармапты. Ертеңінде күн шыға бидің: «Шық, қу жалғыз далаға!» – деген қатқыл даусын естіпті. Шала киініп шыға келсе, би бір биеге жайдақ мініп келіп тұр екен. Сәлем береді. Сәлемін алады да:

– Әй, жалғыз, сен жалғыз болмасын деп итке де, құсқа да аяғымды салып едім. Мен неше ауылмын? – деп жүріп кетіпті.

Қатты ұялыпты. Балалары ер жетсе де, үйлендірмей жүреді екен. Дереу аз күннің ішінде Тәңірберді, Ыбырай, Ысқақ үшеуінің де отауын түсіріпті.

Осы орайда назар аударатын жай: жұрт Өскенбайдың үш тоқалын біледі де, Майбасардың анасының есімін тіпті айтпайды. Ал арғыдан ел арасында Майбасарды құл деп атау сіңісті боп кеткен. Ниязбек Алдажарұлы өзінің естелігінде: «Құнекең Қарқаралы округіне аға сұлтан боп болыстың орнына кісі сайлау үшін Балпанда жиын өткізіп жатады. Жиынға Кеңгірбай бидің немересі Қалыбайұлы Тайшеке кешігіп келеді. Қалыбайды әулие, көріпкел деп атасқан. Құнекен Тайшекені қатты сыйлап, «Тайым!» дейді екен. Тайшеке:

–    Уа, бұл не жиын? – дейді.

Құнекең жиын өту себебін түсіндіреді. Және Тайшеке:

–      Уа, кімді сайламақсындар? – деп қадалады. Біреу тұрып:

–    Майекеңді сайладық – депті.

–    Майекең дегендерің кім?

–     Майекеңді танымайсыз ба? Мына отырған Майбасар мырза емес пе? – депті. Сонда Тайшеке:

–     Күңнен туған Майбасар құлды Майеке, – деп атаған сендерді мен ендеше: «қа...еке» деп атадым. Қайран ел, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенің бе? – деп астындағы торы байталын борбайлап, жылай жөнелген екен, – дейді.

Біз осы арада бір түйін түйгіміз келеді. Майбасар – Өскенекеңнің бел баласы. Бірақ мені аруақ та, Майекеңнің ұрпақтары да кешірсін! Шешесі есікте жүрген күң бе, білмеймін, әйтеуір төркін жұрты нашар әйелден туған. Әйтпесе, өзге үш тоқал балаларын құл атамай, тек Майекенді құл атай беретіні несі?! Бізге Өскенбайдың өзге тоқалдарынан туған ұрпақтарынан Майбасардың ұрпақтары ертеде де, бүгін де осал болмағанын айту шарт. Майбасардан туған бір Мұхамеджанның өзі неге тұрады?

«Осы бір рулық шиеленіс үстінде: елді біржола ығыстырып аламын, беттеттірмеймін, – деген оймен Құнанбай көп қол жиып, Бөжейдің ауылына келіп, Тоқпамбет деген жерде оған дүре соғады, байлап әкетеді. Арашаға түскен ағайыны көтібақ Пұшарбай деген ру басын да қоса дүрелейді. Осындай содыр қылығы елге қатты батып, көтібақтың ЬІрғызбайдан бөлінуіне себеп болады. Осындай дау-жанжалдың тұтануына себепкер Майбасарды не орнынан алып, немесе қой деп тойтарыс етпейді. Бұдан соңғы айқас Мұсақұл деген жерде болып, атысып-шабысумен тарқайды» (11.53).

Ахат: «Ал Құнанбай өз тұсындағы адамдармен мысалы: тобықты да Бөжей, Байсал, Қаратай сияқты тұрғыластарымен басқа елдін найман Барақтан басқа, Арғын Алшынбай, Тезек, Құсбек сияқты төре тұқым- дарымен салыстырсақ, олардан көш ілгері, парасатты адам екенін байқайсын. Құнанбайды не деп жамандасын, қандай адам жамандасын, оған ары бар, бойында адамшылык қасиеті бар адамның, келешек адамдардың нанбауы хақ. Елі, халқы сүйген адамын қалай жамандаса да, бар пәлені жапса да, оны халық тарих алаламайтындарына кәміл сенемін», – дейді.

М. Бейсенбаев: Ел есінде көп сақталған және архив құжаттарында да көп айтылатын мәселелердің бір саласы жер туралы болып келеді. Құнанбай аға сұлтан кезінде де, болыс кезінде де жерге байланысты өзіндік саясат ұстанған. Карқаралы қазақтарын отырықшылыққа айналдырып, егіншілік кәсібіне үйрету үшін Қарағайлы деген жерді егіншілікке пайдалану туралы пікірін орыс әкімшілігіне ресми түрде жазған. Қарқаралы қаласын кеңейту, құрылыстар салу, тұрғын халықтың әлеуметтік мұқтаждары үшін сауда дүкендерін, мектеп-медреселер салуға қолайлы жерлер болу туралы мәселелер көтерген. Жерге орналастыру мәселелеріне келгенде ол өзін де ұмытпаған. Тобықтының өз ішіндегі руларды көшіріп-қондырып, қыс қыстау, жаз жайлауын өзінің қалауынша өзгерістерге ұшырата берген. Көршілес уақ-найман елдерінің шұрайлы жерлеріне көктемде ерте көшіп, қонып алу, күзде ерте көшіп жылқысына жерін жегізу, қыста жылқысын қорыққа салып қою сияқты өктемдіктер көрсеткен. Талай құнарлы жерлерді «сатып» та, тартып та ала берген. Құнанбайдың өмірі мен қызметіндегі ең қиын тартыстар мен дау-дамай, жауласушылықтар осы жерге байланысты көрініс береді.

Міне, осыдан барып тобықты іші жікке бөлініп, наразы жақ талай рет шағым арыздар жазып Құнанбайды ел басқару ісінен шеттетуді талап еткен. Оларға қарсы бұл да аянып қалмай талайларына тізесін батырған. Өзі де жазаға ұшырып, біраз уақытқа қамауға алынған. Москваның архивінде: «Өскенбаев Құнанбай заңсыздық әрекет жасағаны және Ералиннің 250 жылқысын тартып алғаны үшін қазір тергеу астында. Бұл іс әлі шешілген жоқ», – деген деректер бар (1849 жыл). Бұл іс тіпті оның кішік-тобықты елінде болыстық қызметте жүрген кезінде-ақ басталса керек. Жиырма жылдан астамға – 1869 жылға дейін созылған істі тексеруге Семей, Омбы, С-Петербург заң әкімдерінің араласпай қалғаны шамалы. Семей әскери губернаторының 1861 жылдың 30 мартындағы №843 қатынасында былай жазылыпты: «Тергеу ісі 1860 жылы 9 шілде де тексеруге жіберілсе де, қазіргі күнге дейін аяқталған жоқ, өйткені қылмысты тұтқындардың ісі өте көбейіп кетті...», – дейді. Әрине, мұндағы бүгежекке Құнанбайдың Аякөз оқиғасындағы септестігі жатыр. Ол жоғары жаққа мәлім болмағанымен де ерекше тапсырма жөніндегі ояз көмекшісінің еңбегін жергілікті шенеуніктер жақсы біледі.

«Құнанбайдың қылмысты ісінде» үлкен орын алған жер дауының бірі Божеймен арада. Құнанбай – Божей арасы 1846 жылға дейін жақсы болған. Құнанбай оған үнемі қамқорлық жасап, өзімен тең ұстаған. Шешуі Қиын дауларға да Божейді араластырып, сенім көрсеткен. Старшина сайлаттырып, өкіметтен мақтау қағаздар да алып берген. Солай бола тұрса да, кейіннен аралары ашылып, жауласшылыққа дейін барады. 1846 жылы Бөжей Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құсбек Таукинге:

«Құнанбай менің «Тоқпанбет» деген жерімді қыстауыммен қоса тартып алды, соны алып беріңіз» деп арыз жазады. Құсбек Құнанбайға бұл жерді қайтып беруді тапсырады (Омбы архиві, ф-3, іс-3650, 113 - 113-беттер). Бірақ Құнанбай жерді кайтарудың орнына, керісінше, Бөжей ауылына жарақтанып келіп, страшина Жүсіп Қотанбұлақовты, Балағазы Қауменовты соққыға жығады. Балағазы өз ауылына алып кетіп, төрт-бес күн қамап қояды. Бөжейді жақтаушы Байсал және басқалары жанжал үстінде Құнанбайды өлтіріп жібермек болғандығы істің 44-ші бетінде айтылады. Бұл әрекет сәтсіз аяқталған соң, оны ақылмен, бейбіт жолмен иліктіру үшін Бөжейдің әкесі Ералы Кеңгірбаев бастатқан бір топ адам Құнанбайға алты тоғыз сыйлық алып барады. Оның бір тоғызы күтуші құл бастатқан тоғыз, енді бірі қытай күмісінен құйылған жамбы бастатқан тоғыз. Ералы осы жолмен жерімді қайтарып аламын, болыс екіге бөлінсе, балам Бөжейді болыс сайлатамын деп ойлаған еді. Бірақ олай болмайды. Құнанбай мен інісі Майбасар сыйлықтан бас тартады. Сөйтіп шиеленіс ұлғая береді. «Шақыртқанда келмедің» деген сылтаумен Құнанбай Бөжейге дүре соққызады. Малын барымталайды. Ақыры іс насырға шауып, ұлықтардың құлағына жетуге айналғандықтан, ара ағайын ретінде Аякөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтабаев араласады. Осыдан кейін Құнанбай Божеймен татуласу үшін Айғыз деген әйелінен туған сәби жастағы қызын Бөжейдің бауырына салады. Оған қоса үш жақсы ат, бірнеше тон мата, үш қойтұяқ жамбы, бір күң берді. Ел көзіне осылайша татуласқанымен, көп ұзамай жауласушылық қайта басталды. Құнанбайдың Айғыз деген әйелінен Халиолла, Смағұл, Кәмшат туған. Бөжеймен татуласуға берілетін қыз – осы Кәмшат. Кейіннен Бөжейге берген қыз бала да, күң де өліп қалады (32).

1846-50 жылдардың арасында Бөжей жағының арызы бойынша бірнеше рет тергеу жүреді. Николай Куртуков, Краузе, Ивашкеевич сияқты шенеуніктер тексеріп, ақыры Құнанбай үстінен сол кездегі істер заңының 156-шы бабы бойынша қылмысты іс қозғалады. Ашынған елдің жері кеңиді, бірақ енді көшпелі жұрттың заманалар бойы жанын сырқыратып, берекесін қашырған екінші дерт – ру мен ру арасындағы бақталастық басталады. Ендігі атыс-шабыс – тобықтының өз арасында өтті.

Омбыдағы архивтік деректерді алғаш ғылыми айналымға түсірген Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова өмірлік деректер мен архив кұжаттарын М.Әуезовтің қойын дәптеріндегі жазбалармен салыстыра отырып, мынадай түйін түйеді: Абай ауылында жүріп М. Әуезовтің өзі жазып алған деректердің ішінде Құнанбай мен Майбасардың өзара қарым-қатынастары туралы біріне-бірі қайшы келетін екі дерек болғаны мәлім. Бұл жазбаның бірі бойынша ағайынды екеуінің арасында өзара келісім болмайды. «Менің естуімше, Майбасар мен Қажы (Құнанбай. - Л.Ә.) арасы жақсы болмай жүрді. Бөжей Майбасарды өз адамым деп болыс сайлатады. Қажы сайлап барып, өз бауырына қайта тартып алады». Ал, Әрхам ЬІсқаковтың деректеріне Қарағанда, Құнанбай мен Майбасар өзара тату-тәтті болады. «Қажы: мен аға сұлтан болғанда сен (Майбасар) болыстықты алып қал деді. Саған берем, бірақ басқаға бермейсің», – депті-мыс. Соңғы жазба Омбы облыстық архивінде сақталған архивтік документтермен – Құнанбай Өскенбаевтің ісімен толық расталады. Старшина Жамантаев: «Бұл сайлауда Майбасардың сайлауына көптеген адамдар оның өзі сияқты келісім білдіре қоймаған, алайда оның ағасы Құнанбай Өскенбаев ертеңгі күні өш алады деген қаһарынан қорқып, Майбасар туралы үкімге өздерінің бармағын басып, келісе салды» деп көрсетеді.

Аға сұлтанның шексіз мол өкімет билігін қалай болса, солай пайдалана отырып, Құнанбай талай рет неше түрлі жалған документтер жасап, өтірік шағымдар жасайды, тіпті өзіне қажетті документтерге старшиналардың мөрін оларсыз-ақ өз бетімен еркін басып ала беретін. Сайлауға қатыспаған кейбір старшиналардың айтқандарына қарағанда, олар Майбасардың болыс болып сайлануына Құнанбайдың зорлық-зомбылығынан кейін бармағын басып, өз келісімдерін берген. Ол ауыл старшиналарының мөрін сақтап беруді сылтау етіп, жиі-жиі жинап алып отырған, ал іс жүзіне келгенде, ол мөрді өзінің жасырын мақсаттары үшін пайдаланған.

Старшиналар Құнанбайдың қаһарына ілініп, қудалауына түсуден қатты қорқатыны да сондықтан еді. Осы келтірілген тарихи деректен Құнанбай өзінің саяси дұшпандарымен қалай аяусыз алысқан деген сұраққа толық жауап табуға болады. Мысалы, Қашқынбай Боранбаев деген биге Құнанбай өзі жасаған заңсыз қылығын айтып, жоғарыға шағым жасауға батылы барғаны үшін тал шыбықпен аяусыз дүре соққызды. Құнанбай старшиналар Кенжеғалы мен Жүсіптің шөбі шүйгін қысқы жайылымдарын қасақана малына таптатқан. Шыңқожа Нұрғалинге, Қуаныш Өтемісовке сирағыңды сындырып, қоранды қиратамын, қыстауыңды аламын деген. Эпопея мен шынайы тарихи документтерден көрінетініндей, Құнанбай өзінің зорлық-зомбылық қаһарын үдете жүзеге асырып отырған. Өз дұшпандарынан кек алу үшін жер жағынан қатты қысымға ұшыратқан, олардың шабын- дықтарын таптап кетіп отырған, тіпті олардың жерін өз жақтастарына тартып әперуге дейін барған.

М. Әуезовтің қойын дәптеріндегі Тұмабай Наданбаевтан өзі жазып алған сөз: «... Соғыс аттарын қоя беріп, жігітек қаперсіз жатыр екен: әуелі аттарын қуып алады. Тұрсынбай, Балағаз жаяу, балта ұстасып жүгіріседі. Бұл оқиға Бөжей қыстауының үстінде болады, Тоқпамбет жанында, қорада тығылғанның бәрін сабайды. Бөжей артынан шығады, оны сабай бастайды. Еті аппақ екен. «Ұрма!» – деп Пұшарбай үстіне жатады. Қажы: «Өзің ұр», – дейді. Сонда Көтібақ Байсал: «Боқты ұрарсың!» – дейді. Ұрып жібереді. Сонда Көтібақ, жігітек боп қосылып кетеді. Торғайдан Құлыншақ – бес батырдың әкесі бірге кетеді. Бес қасқа (бес батыр) Тұрсынбай, Садырбай, Мұңсызбай, Наданбай, Манас. «Бөжейді байлап алам деп келгенде Әлжан оқтанып атпақ болады. Божей атқызбайды. Артынан қажы Бөжейді ұстап әкеле жатқанда: «Мен сені оқтан аяп ем, сен отқа салдың ба?» – дейді.

Біздің ауыл қажыға қиғаш жүрді. Кенжеғұл – бес қасқырдың бірі, соның Бөрте ат деген аты болады. Соны Құдайберді сұрайды, бермейді. Атшабарды жібереді. Майбасар сонда он кісі боп Манасты сабалап айдап шығады. Сөйтеді де көшеді. Қарауылдан өткізіп алып, жігітек, көтібақ тосып тұрады. Артынан қайта көшіріп алам деп Майбасар, Құдайберді көшке барады. Болыс, тілмаш боп барады. Құлыншақ ауру екен. Көтібақ боп жігітек ақылдасып, дайын бол деп, не де болса, бір қылайық деді. Қонақ қып отырады. Пұшарбай кеп: «Үйде кім бар? – дегенде Майбасар: «Мен бар!» – дейді. Сонда сабайды. Құдайберді Құлыншақтың қойнына кіріп кетеді. Талқан қып сабап тастайды. Архив деректерінде Құлыншақтың үйінде Майбасардың ұрып-соғылғанын: «Қырық шамалы адам бұлардың ауылына сау ете түседі. Көпшілігі асып-сасып бұлар отырған үйге ызалана лап береді. Оны, Майбасар Өскенбаевты және ақсақал Өсеровты аяусыз ұрып-соға бастайды, қамшымен дүрелейді. Оның, Өскенбаевтың қасында болған қырғыздар Бәйке Мырзатаев, Құдайберді Құнанбаев, Қаражан Боранқұлов оған жақтаспақ ниетімен араша түсіп, өтініп еді, тап сол үшін олардың өздерін де аямай, қатты ұрып-соғып тастайды. Қажы қол жиды. Жігітек Мұсақұлға, Қажы Жидебайға жинайды. Қалың төбелес. Аттың құйрығын сүзіп ап, үш күн төбелеседі. Байдалы соғыста Құнанбайға қарсы кісіні ақырып айдап сап тұрады. Сонда бұлардан көп кісі түсе берген соң, Ақадырдан түйе құлата қуады. Қажыны қоңыр адам екен деп қап, кісісін тоқтатады. Қажының айдалуы осы соғыстың артынан, көп кісі жаралы болғандықтан, ауыл шабысқандықтан туады» (38).

Құнанбай «байқаусызда» Бөжейдің қаралы көшіне шабуыл жасайды. Бұл құлақ естіп, көз көрмеген жағдай екі жақты Мұсақұл жазығында болатын ұрысқа жедел күш жинауға мәжбүр етеді. «Құнанбай жақын маңдағы рулардан басқа Қыдыр мен Шұнай, Доғалаң сияқты тауларды мекен еткен тоғалақ, әнет, бөкенді де шақыртып, қос-қос атпен шапқыншылар ұшыртқан. Байдалы мен Байсал: «Аға сұлтан – правитель Құнанбай – ел бүлдірді, қаралы көшті шапты, тобықтыны қалың соғыс қырғынға салып отыр», – деп арыз жазды.

Осы шым-шытырық және қайта-қайта еселеніп баяндалатын Құнанбай мен Бөжей тартысына М.Әуезовтің: «Аға сұлтан Құнанбай, әрі сырт елдерге атақты, әрі үкіметке салмақты болып ап жігітекті де, басқаларды да бойымен басып жыға берген. Сонымен алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай жігітектің он жеті адамын Сібір айдатады. Ол кез патшалық ұлығына қазақ сахарасының жаңа-жаңа бой ұсынып келе жатқан кезі болады. Сотталу, абақтыға жабылу, айдалу дегендер ел көрмеген үлкен сұмдық саналатын.

Құдая, елді сақта сотталанған,

Теңселіп екі қолын бос салғаннан, –

дейтін кез...

Құнанбайдың бұл айдатуы өз әмірін зорлықпен танытпақ болған қаталдығынан еді. Ол сол кезде тобықты ішігіде талай руды жерінен көшіріп, өз руына, немесе өзіне жақын, серік руларға шұрайлы жер әперіп жүрген. Бөкенші, борсақты жеріне көшіру, жуантаяқты, Қарабатырды көшіріп жерін алу, көкшені көшірмек болу, бәрі де сол үлкен араздығы да осы жөнінен туып, кейін ұлғайған өштікке айналған. Сонымен барып елді қарсыластырмай, қорқып, жасытып жіберем деп жер аударған соң кейінгі көп заманға, көп буынға шейін ұмытпастық кек, жаулық қалады. Кейін өсіп, іске араласатын жас Абайдың алдында әкесі тастап кеткен осындай зор пәле қайшылық, зорлық тұрғанды. Абайдың одан жиреніп, қарсы боп өспесіне шара жоқ еді.

Бір Құнанбай емес, осы кезде ел ішінде жауласқан күшті жуанның бәрі де бір-бірін ұлық арқылы жер аударып, жазалатып жүреді. Құнанбайдың өзін де жігітектер бір шақта жеңермен боп меңдетіп барып, қуғын қағазды молайтып Омбы қаласына шейін тергеуге апартып, әреңге қалған. Ел ішінен кісі сотталудың алды бір қақтығыс емес, талай пәле боп келеді. Оның алды ба- рымта, төбелес, шабуыл және толып жатқан сияз, тартыс-жұлыс болады. Құнанбай тұсында тобықты ішінде бұнымен тең түсетін бастас адамдар: Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсін сияқты кісілер болған. Бұның көбімен Құнанбай бірде дос, бірде араз боп өтеді. Қатты жауласқан кісілері де осы топтың ішінде», – деген (1.20.71) пікірі толық та толымды баға болып табылады.

Өздерінен екі мың жыл бұрын арғы аталары скиф патшасы Атейдің Ескендір Зұлқарнайынның әкесі Фи­липке қарсы қолданған, соғыс тәсілін қолданған Құнанбай Батыс-Сібір генерал-губернаторының пәрменімен күзетке алынып, Омбыға айдалады. Онда жеті айдай мырзақамақта жатады. Тергеу ісі «Айтқанына қайтпайтын көк ауру» атты тарауда дербес және жан-жақты талданатын болғандықтан да бұл арада оған тоқталмаймыз.

Оның аға сұлтан кезінде шындығында да «жәбір сұлтаны» болғандығын дәлелдейтін мұрағат деректерінен қысқаша мағлұмат бере кетеміз.

Қуаныш Өтемісов: Құнанбай мені 1850 жылы сентябрь айында аулына шақыртып алып, екі жылқы ұрлапсың деп қамшымен сабады, темір кісен салып, 5 күн қамады, алтыншы күні босатты.

Айқынбай Әбеков: «Өскенбайдың моласының жанында атам Сеңгірбайдың бейіті басында құран оқып отыр едім, мені ұстап алып, шешіндіріп сабады».

Қашқынбай Боранбаевқа санап отырып, отыз шыбық дүре соққызған.

1844-45 жылдары Балағазы Қауменовты ұстап алып, аяусыз жазалап, басын жарған, аулына әкеп тұтқындап, 4-5 күн қамаған.

1851-52 жылдары, яғни Құнанбайдың аға сұлтан болып тұрған кезіндегі Добчинскийдің баянхатында: күшік-тобықты болысында кісі өлімі жөнінде тағы бір іс тергеу үстінде тұр. Ол – 1851 жылы күз айында өлтірілген күшік-тобықты қазағы Көмекбай Тоқсанбаевтың өлімі. Бұл іс әлі біткен жоқ. Оның тергеуін заседатель Логунов жүргізген. Менің естіп білуімше, Өскенбаев бұл істі ерекше қадағалады. Бұл өлімді өзіне қарсы жақтың партиясына таңғысы келді. Бірақ тергеу қорытындысында оларды кіналауға заңды дәлелдер болмағандықтан, Логу­нов бұл қылмысты аталған партияның мойнына апара алмады. Сол үшін Құнанбай Логуновқа ерекше наразылық білдірді. Мен, болған оқиғалар туралы күшік-тобықты болысымен көші-қоны жақын көршілес елдің абыройлы, сенімді кісілерімен жеке жасырын түрде жеке-жеке сөйлесіп көрдім. Бірақ маңдытып ештене айта да алмады. Құнанбайды жақтаушы қазақтар шекара басқармасының асессоры Сухомлиновке бірнеше кісі өлімі жайында айтып, оны өздерінің қарсылас жауы Бөжей мен Қаратайды жақтаушылардың мойнына апарғысы келді. Бірақ олар дәлелді фактілермен мойнына қоя алмады және олар Бөжей мен Қаратай жағына шығып кетті. Солармен бірге әрекет жасауда.

Бұл кісі өлімдерінің жасырын сыры тек жалғыз Өскенбаевқа ғана аян. Тергеу ісі жүріп жатқанда Өскенбаев дәлелдемелерін айтуы да мүмкін, бірақ мен сізді сендіремін, ол дәлелдеуге ынтықпайды. Заң да олардың заңнан хабарсыздығын ескеріп, кешірім жасайтынын біледі. Сол себепті Құнанбай өзінің ақылын, қулығын пайдалана отырып, айтылған қылмыстардың тергеуі жүріп жатқанда – оны дәлелдеуді өз міндетіне алмай-ақ, басқаларға жүктеп соларды куәға тартады да қояды. Құнанбай үшін өзінің жек көретін адамдарының ар-ожданын қаралап, үстерінен қылмысты іс қозғатып қойса болды. Сонда келешекте болыс екіге бөлінсе, сайлау жүрсе, олар сайланбай, мойындарына қылмысы бар, тергеудегі адам болып көрінеді. Халықтың пікіріне сүйеніп жазған бұл хабарламамды шындыққа жақын пікір деп есептеңіз, – деп мәлімдеген.

Жиырма жылдан астамға – 1869 жылға дейін созылған істі тексеруге Семейдің, Омбының, С-Петербургтің заң орындары дерліктей араласқан. Семей әскери губернаторының 1861 жылдың 30 мартындағы №843 қатынасында: «Тергеу ісі 1860 жылы 9 шілде де тексеруге жіберілсе де, қазіргі күнге дейін аяқталған жоқ, өйткені қылмысты тұтқындардың ісі өте көбейіп кетті...», – дейді (32).

Әрине мұндағы бүгежекке Құнанбайдың Аяқкөз оқиғасындағы септестігі жатыр. Ол жоғары жаққа мәлім болмағанымен де ерекше тапсырма жөніндегі ояз көмекшісінің еңбегін жергілікті шенеуніктер жақсы біледі.

1852 жылы 31 қазанда орнына басқа адамның сайлануына байланысты аға сұлтандық қызметтен босатылған. Сайлау және сайлану, билік айту құқы шектелген.

3

 

Сондай қарбаласта Өскенбай би де о дүниеге озды. Озғанда да өз баласының жалы құдірейіп, «қай мінезі басты қасиеті болса, сол мінезінің» қызық-шыжығын татып жүргенде озды.

Өскенбай өлгенде Сабырбай ақын Құнанбайға келіп:

Ажалсызға себеп көп,

Қазаның табылмайды дәрісі.

Дару қонбай кетті емес пе,

Алты Алаштың арысы.

Қанша құйсаң толмайды,

Қара жердің талысы.

Төрт шадияр ол да өткен,

Пайғамбардың бәрісі.

Ұзақ өмір қол жетпес,

Көк тіреген ол бір шың.

Шернектегі жазу сол,

Тумақ бар да, өлмек шын.

Өлген соң өлік мойымас,

Тіріге өлім үлкен сын.

Өте алмаса сол сыннан,

Ер жігітке болар мін.

Аққандай болып отыр дәнін селге,

Толғандай екі көзің қанды шелге.

Айдының, асқар тауың қопарылып,

Қорғаның қанбақтай боп ұшты желге.

Айырылған арысынан бір сіз емес,

Өсекең керек еді дүйім елге.

Біртіндеп айдаһарша жұта берер,

Берген соң тәңірім ерік қара жерге

Өкініп, өнбес іске сағым қуып,

Келместі іздеу жөн бе сіздей ерге.

Мықты бол, болмас іске болаттан да,

Кез болған өлім ғой бұл келсең-келге, –

деп көңіл айтқан екен.

Сол тұстағы қазақтың дәстүрі бойынша: «Қажы марқұм әкесі Өскенбай би өткенде осы күнгі қамбарлар отырған Көкшетауда қазақ ғұрпыменен құдайы ас бергенде үш жүздің қазағын түгел шақырып еді, Ташкент, Бухара төңірегіндегі ұлы жүз қазақтары да қажыға сый деп жетімдер, яғни құл алып келіп берген, – деп жазады Шәкерім қажы.

Өскенбайдың асына Ә. Жиреншин: «Құнанбай әкесіне берген асты Шыңғыс тауында емес, жер ортасы Қарқаралыға таяу бір кең алқап, жазық жерде өткізеді. Бұл асқа үш жүздің де байбағландарын шақырады. Бұл ас бұрынғы соңғы астардың ең ірісі, керей Сағынайдың асынан да зор болады.

Асына Өскенбайдың ел жиналды,

Бас қосып үш жүз бірдей мұнарланды.

Бойында Қарқаралы, Қу, Ереймен,

Мың сан қол бұлтша шөгіп жатып алды.

Қайнаған қыбыр, қыбыр кұрттай болып,

Сарыарқа мал мен басқа кетті толып.

Теңіздей жер қайысқан келген жанға,

Тұмандай шаң тозаңы көкті шолып.

(Ілияс Жансугіров)

Сан мыңдаған адам жиып ас беру бір адамның қолынан келмейді. Мыңдаған мал союға, тоғыз-тоғыздан бәйгелер тігіп, осының барша шығынын өтеуге, әрине, Құнанбайдың жеке мүлкі жетпес еді, оны ол қара- уындағы елден үй басы бір жағы «сауын» айтып, бір жағы айдындандырып жинаған тәрізді. Үш жүздің басын қосып ас беріпті деген дақпырттың, лақаптың өзі-ақ қалың ел ортасына бір керемет сияқты болып көрінеді», – деп баға берді.

Әрине заман қыспағының ырқы болмаса, Жиреншенің ұрпағы бұдан көрі басқа лепте жазар еді. Әйтпесе астың өту рәсімінің өзі көптің көмегіне есептелген.

Әрхам: Жасынан өз қатарынан озуға, ел аузында даңқы, атағы қаларлық іс етуге құмар Құнанбай әкесіне көп ел, зор жиын жиып ас беруге талаптанады. Қасына он шақты ел адамын ертіп сапар шегіп, тобықтымен көршілес бошан руының атақты биі Қазыбектің шөбересі Алшынбайға, Әйбике, Нұрбике, қарашор руларының басшыларына жолаушылап барып қонақтайды. Оларға көршілес бес мейрам, жеті момын атанатын қалың арғынның адамдарына жолығады. Келген жұмысын сұрағанда: Өскенбай менің әкем болса, сіздердің ағаларыңыз еді. Әкеме ас берейін. Сіздер көмектесініздер,  үш жүздегі қазақ баласын асқа түгел шақырсам деп едім. Шығын жабдығы менен, қонақ күтіп, жиын тарату- сіздерден болса-дейді. Көрген арғынның басшы адамдары Құнанбайдың талабын құптасады. Ac беретін үйдің тігілетін жерін, астың мезгілін байласып тарқасады.

Жоғарыдай тобықтының өз ішінде өтіп жатқан ырғасуларға байланысты әкесінің асын сырт жұртта беруі заңды. Мұндайда ең қолайлы ағайын – нағашы мен қайын жұрт. Құнанбай соңғысын таңдаған. Оның өзінде де кірбіңсіз өтпеген. Бұл жөнінде Б.Сапаралин: «Семей облысы Абыралы ауданының тұрғыны С.Тәбәріковтың айтып-жеткізуіне сүйенсек, Құнанбай мырза әкесі Өскенбайға ас беретін жерді іргелес ел – қамбардың Көкшетауын жайдан-жай таңдап алмаған. Ac өткізілерден біршама уақыт бұрын аға сұлтан Құнанбай қамбар еліне әдейілеп бұйымтайымен бара жатқанда, қарсы алдынан Алшынбай би, Тілеген би, Жапалақ батыр бастаған топ күтіп алуға шығыпты. Кездескен сәттегі есен-саулық барысында қабағы түксиіңкі, оқшаулау тұрған Жапалақ батырды жібітпек оймен Құнанбай мырза оған арнайы сәлем бере бұрылып:

– Е, Жапеке, ағаңның асы қабыл болсын! – депті.

Осы бір ауыз сөзбен ой-мақсатын жеткізіп, әрі көңілдегі бар түйткілді сейілтпек болған Құнанбай мырза есебінен жаңылмапты. Түсі суық Жапекең аталы сөзге дереу тоқталып, райынан қайтып, жөнге көшеді. Және өзіне үлес арта сөйлеген аға сұлтан сөзі қатты әсер еткен бе, асқа 30 жылқыны кешеуілдетпей айдатып жіберіпті», – деп жазады..

Аста әр түрлі қызықтар кезіге береді. Сондай ырғыз-байлық мінезді Ырғызбайдың кенжесі көрсетіпті. Ac үстінде ата баласы екендігін пайдаланып, әр нәрсеге кірісіп, Құнекеңе бөгет бола беріпті. Өзі дәулетмас, аңқау адам екен. Құнекен Мырзатайұлы Бәйкені шақырып ап: «Мына әкеңді алдандырып, ас үйлерінен әкетудің әдісін тап!» – деп тапсырыпты. Бәйке әнші, күйші адам екен. Жөкеңді (ол кісіні еркелетіп солай атаған): «Біз Ырғызбайдың салы боп, өнер көрсетуіміз керек», – деп аяғына жібектен шұлғау орап, оның шетін етіктің балағынан сүйрете тастап, «түйеші салдар» тобын құрып, ас үйлерінен аулақ әкеткен екен, – дейді. Мұны Бәйкенің Жөнекей деген әйелінен туған Досмағамбет баласы Сирақбай ақсақал Кәнібайұлы Исабайдың баласы Бекенге айтып беріпті.

Астағы көнеден келе жатқан тосын көрініс туралы Әлкей Марғұлан: «Өскенбай – XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың 30-жылдарына дейін жасаған Абай мен Халиолланың» кемеңгер бабасы. Ac беруші – Құнанбай мен қаракесек елі. Өскенбайдың асында барлық тобықты елі бүгесінен отырып, боздап жылай берген. Сонда асқа келген Бәйжігіт Танабай деген кісі Жанаққа «Мыналардың көңілін басу бір ғана сенің құдіретіңнен келеді» депті. Жанақ қобызын алып, сарнатып күй тартады. Қобызға қосқан сөзін Құнанбайға арнайды:

– Ей, Құнанбай, Құнанбай,

Қазақта сенен де артық

Ұл туар ма мынандай?

Ac бердін әкеңе,

Үш жүздің қосып баласын,

Биледің ғой Орта жүздің

Төресі мен қарасын,

Құнанбайдай ұл туып,

Әкеме мен де ас берсем,

Тобықтының баласы-ау!

Жылай да беріп қайтесің?

Топырағы торқа бола берсін де.

(айтушы Тұрағұл)

Қобыздың ғасырлар бойы адам рухын көтеретін музыкалық құдіретін Жанақ бұл аста керемет әдемі көрсеткен.

Өскенбайдың асында халыққа көрсетілген бір тансық нәрсе – ғұн дәуірінде ойнайтын «тайлақ тарту» сахнасы. Ескі дәуірден салт бойынша үстіне көркем кілем – асмалдық жапқан екі өркешті баладай әдемі қоныр інгенді топ ортасына әкеліп, кермеге байлап қояды. Дәстүр бойынша оны құлпыра шыққан жас келіншек не қыз жалаңаш шығып, тісімен байлауды шешіп, інгенді жұрт алдында ойнатып шығады. Ереже бойынша тайлақ інген сол жалаңаш шыққан әйелге тартылады...

Бір ғажабы бұл «тайлақ тарту» ойыны «Манас» жырында да айтылады. Ұлыстың ұлы тойында, інгенді тісімен шешіп алуға сұлу әйел шықпай, кемпірлеу әйел шығады. Оған ойынды қызықтап отырған Манас қатты наразы болады», – деп ( 42) өзіне тән мәнермен сүйсіне жазады.

Аластың жай-күйін қара тілдің шешені, қара сөздің мірі, сұңғыла Бекен абыз Өскембай бидің асына қатысқан Өтепберген молланың әңгімесін естіген Мұхтардың жігіт шағындағы досы Орынбайұлы Тілекенің айтуынша (демек үшінші құлақ) былай әңгімелейді:

–   Сол кезде тобықты да қара танитын санама ғана кісі едік. Құнекең арабша жақсы айыратын. Бидің асы Қамбардың Көкшетауында, Көкжайдақ дейтін жерде берілді ғой. Өсекеңнің жаназасын ортамыздан үздік шыққан Көкше Төлетай деген жас жігіт шығырған-тын. Мырза жаназаға жиылған молдаларды тыңдап кеп:

–  Көкшенің қара құнаны бәйгеден келіп тұр екен. Би жаназасын сол жігіт шығарсын, – дегенді сонда айтқан болатын.

     –Төлетай кейін де Меккеге барып, қажы атанды. Бірақ дүниеден ерте өтті. Аста мырза Төлетай екеумізді кереші ғып белгілеп, қасымызға 4-5-тен жігіт бөліп қойды. Жылмиған жорға мінгізді. Қоншымызды ақ қағазға толтырды. Біз асқа келушілердің алдынан шығып, әр топтың, қай жүз, қай рудан, бастаушы кім, қанша кісі екенін жазып, шабар жігітімізден Мырзаның тура өзіне жіберіп отырдық. Құнекең соған қарап, келушілерге үй бөліп отырды. Ac күндері былайша бөлінеді: Бірінші күн – жерошақ қазар күн. Бұл ас күні малы сойылып, ет пісіріледі. Екінші күні қонақ күтер күн. Үшінші күні – ас тарқар күн. Келуші нөпір астың бірінші күнінен қабылдана береді. Астың екінші күні қонақтар тек қана күтім көру керек. Біреуге біреудің сәлемдесер, жүз көрісер күні де осы. Бәйгеге қосылатын аттар, әр саланың сайып қыран өнерпаздары да осы күні мағлұмданады. Үшінші күні астың негізгі бәсекесі өтеді. Осы күні ат шабады, балуан күреседі, қыз қуу, жамбы ату, теңге ату, күнан бәәйге, жаяу жарыс, түйе жарыс, аударыс сияқты ойынның бәрі өтіп болады.

Бұдан кейінгіде ас иесінің жұмысы жоқ. Бәйге үлестірілген соң, жұрт тарауға тиіс. Қара жығу, тұл атты сою, сеп бұзу, соңғы жоқтау жыры секілділер жақын-жуық, ет жақын, туыстардың ісі.

Жұрт бірінші күнгі сәскеден бастап-ақ төрт тараптан бірдей құйыла бастады. Мырза да исі қазақ ұлтын жинар жерді тапқан-ақ! Шалғыны белден келетін мидай жазық. Не айтары бар: Көкжайдақ десе - Көкжайдақ, сулы да, нулы өлке! Ac үйлері шоқ-шоқ ақ қайың мен көк бұйра тал-терек қоршаған алаңқайларға алқақотан боп тігіліп, өлке көркіне көрік қосты. Мырза және мырза маңындағы топ үйлері көтеріңкі жерге тігіліпті. Оларға бүкіл ас аймағы алақанға салғандай көрінбек. Амал канша, Төлетай екеуімізге оның бәрін қызықтауға мұрша қайда?

Қаптаған салт аттылар тасқынының бір шоғырынан кейін екінші шоғырына жетіп, жөнін қағазға түсіріп мырзаға тізгін ұшынан жөнелтеміз. Түс қия қалжырай бастадым. Сөйтсем, мырза оны ескерген екен. Қайта оралған шабдардың бірі торсық толы қымыз, т.б. дәм жеткізді. Сусынды жайланып ішуге мұрша болмады, ат үстінде сусындап, ісімізді атқара бердік.

Бір ғажабы, біраздан соң келушілерде бір тәртіп, реттілік барын байқадым. Ас ауылы көрінген шамаға жеткен соң ғана жіті жүре бастайды. Онда да сол бетінде cay ете түспей, қарсы алушы керешінің екінші кезегін тоспалап, алдынан шығушыға еріп, өздеріне арналған үйге беттейді. Мұнда да үй бас сайын ат ұстар, үйге бастар жігіттер тобы дайын ғой. Осы аласапыран шапқын шілде айының сәскесінен інір қараңғысына шейін созылды.

Ымырт түсе бергенде маған тиесілі жақ күннің батысынан сыбызғы үні естілді. Ырғағы сазды, қоңыр, «мен келемін» дегендей. Тобыммен салдыртып және жөнелдім. Бұл баршамыздың қалжыраған кезіміз. Әлі – келеміз, кісі қарасы көрінбейді. Сыбызғы үні не үзілмейді, не жеткізбейді, «мен келемін», «мен келемін» деп созылтады келіп. Қойшы, тоқты еті пісер уақыт жосылтқанда ұшырастық-ау жолаушыларға. Сам жарығы астынан он шақты кісінің қарасы байқалады. Алдарында тау шұбар атты бір дәу келеді, соңында бір-бір жетегі бар бес адам. Жөнін сұраймыз ғой баяғы.

–      Шұбыртпалы жұртымыз, ныспым – Ағыбай, – деді дәу.

Шабар жігіттің бірі ұшыртып ауылға тартты. Енді келетін кісінің орайы шамалы. Солармен ілесіп біз де келдік ауылға. Ат та барлықты, өзімізде де жай шамалы. Әй, сол күні астымнан онға тарта жорға ат ауыстырдым-ау деймін.

Дәуге бес қанат үй бөлген екен. Бәріміз аттан қатарлас түстік. Мырзаға келіп, сыбызғы үнінің соншалықты қашықтан естілгенін, келушінің аты да, өзі де өзіміз көрген пендеден бөлек екенін айтып жатырмыз.

–       Аруақты ер еді Ағыбай. Жылқыдан бір ақ байталды әкеп жыға қойындар, – деді Мырза.

Бүкіл ас ауылы ай астында маңып қалған. Мың сан кісі шағиға оранып, шағи үстінде жүрген соң, аяқ дыбыры, ат дүбірі мен дүрсілі дегендер естілмейді екен. Шағи дегенім судыраған көк бояқ шалғыны ғой Арқаның. Содан түн ортасы болмай-ақ сусындары қанған болу керек, әр үйден үнпаз әнші бектер ән қалықтата бастады. Сол кезде Мырза:

–                        Батыр, сусындаған болар. Өзім барып сәлемдесейін. Ең шағын қонақ солар ғой, біразың менімен жүріңдер, – деп Ағыбай отырған үйге бастады. Мен де ердім.

Мырзаға Ағыбай түрегеп амандасты. Екеуі төс түйістірді. Ағыбай:

–     Ағамыздың орны жаннат болсын, артын күткеннің бақыты өссін! – деп көңіл айтты. Құнекең ырзалығын білдірді. Ықыласты әңгіме өрбіді. Бір кезекте Мырза:

–       Батыр, мына балалар сіздің сыбызғының үні бір көш жерден естіледі, ұзақ шабуылдап әрең жеттік, сонша жерге де сыбызғы үнін жеткізетін кісі болады екен-ау деп отыр, – деді.

Ағыбай уық қарындағы сыбызғысын алғызып, шалқасынан жата қап тартқанда, мұрнынан шыққан демі түңілікті дауылдан кем желпілдеткен жоқ, ұйқы-тұйқы етті. Ал денесінің зорлығын неге теңейін: отырғанда керегеден басы асып тұрады. Түсі ойдым-ойдым қара шұбар, құлақ қалқанының үлкендігі тап бір қарыс бар.

Көп созбай, ас ойыны, бәсеке, бәйге жайын айтайын. Бәйгі аттар екінші күннің кешінде айдалып кеткен, ұзын саны 500 шамасы болса керек.

Үшінші ас тарқар күн – жұрт тамақтанып, сусындап болған соң, ас қызығы басталды. Алдымен теңге алу, қыз қуу, жамбы ату, жаяу бәйгі, құнан бәйгі, түйе жарыс өтіп келіп, өзіміз көрмеген екі ойын түрі басталды. Бірі – ұйыған қатық толы тайқазанға алтын теңге тасталып, тістеп алып шығу бәсекесі. Ешкім теңгені тістеп алып шыға алмады. Адамның кесер басы, бет-жүзі айран-айран болып шыққанда күлкілі болады екен.

Одан соң: масаты кілем жапқан қайымалы інгенді ортаға әкеп шөгеріп, бұйдасын қазыққа байлады. Жаршы:

–       Ұрғашы жыныстыдан біреуі тыр жалаңаш шығып, бұйданы тісімен шешсе, түйе мен кілем соныкі, – деп хабарлады. Алғашында ешкім шыға қоймады.

Көптен соң жиыннан бір әйелдің шешініп жатқаны байқалды. Сары кідір тартып қалған қатын, бүркеніш жамылып, түйе қасына кеп.

Ерлер, ерлер,

Ерлер туған жерлер.

Қараймын десең де өздерің біл,

Қарамаймын десең де, өздерің біл.

Арыстың бұл асында

Бұл бәйгені алмақ дүр,-

деп бүркенішті сыпырғанда, Құнекең әйелге шапан жапқызып жіберді.

Бұйданы шешкізген жоқ. Кілем жабылған інген үстіне қосып, «шешіндірген айыбымыз» деп шапан берілді әйелге.

Күн бесінге айналғанда ортаға балуандар шықты. Мың сан адам гуілінен құлақ тұнды. Ортаға бір дәу шықты. Өзгелер оған қарағанда құлжаның қозықасындай ғана. Жаршы ас халқын үш айналып шыққанда әлгінің қар- сысына ешкім шықпады. Бұл кім дескенімізде: «Дадан тобықты», «Көтен балуан», «Палуан көтен», – десті.

Бесін ауғанда ат көрінді. Өзге аттан екеу қара үзіп келеді. Бірінші ат пен екінші аттың арасы екі желі арқан бойы екен. Екеуі де бір түсте екен, құла торы көрінді. Өзге аттар да қарақшыдан өтіп жатты.

Әлгі әйелден басқаға бәйге тимеген. Байқасақ Құнекен «шаршадым» деп тынымдауға кетіпті. Ат келуіне орай бірқауым уақыт озды. Енді құжынаған ас халқы бәйге үлесін күтті. Менің есімде қалғаны алтын табақ ату жүлдесі кіші жүз жігітінікі, бас балуан бәйгесі жықпай алған Дадан балуандікі болды, енді ат бәйгесіне келгенде күмән туды. Құнекең: «Бірінші келген ат Алшекеңнің құла торы аты, түйе бастаған тоғыз бидікі», – депті. Аттың бас бәйгесін Алшынбай алды. Бұған біздің Тобықтылар қатты наразы болды. Өте-мөте дүрлігіскен Мәмбетей айналасы еді. Алғаш ат келгенде-ақ бар тобықты бірінші келген ат Мотыш Қосжетердің құла аты деп ұран шақырысқан-тын. Енді кеп Құнекең жатқан үйінен жаңағыдай парман жіберген. Осы арада Мырзаның басқарған серіктері бас алқаға түсті. Айрықша жұлқынған Мотыш жігіті Қарақанға Доғал би:

–     Тоқта, шырағым, Құнанжанның бір білгені бар шығар, – дегенде Көкше Қаратай шешен:

–      Арысымызға күнде ас бере бермеспіз. Абырой тауып тұрып, тарыдай шашыламыз демесек, тоқтайық. Аз ашуды әспеттеп, аруақты арзандатпайық! Ас та, аруақ та, абырой да өзіңдікі, Қарақан мырза, – деді.

Бұдан өңге қынқ еткен дыбыс, шын еткен үн шыққан жоқ. Енді ел ағалары Мырзаға риза-қош айтысамыз деп Құнекең жатқан үйге келді. Қарасы да мол еді. Мырза көп күттіріп барып шықты үйден. Маңына біз жуи аламыз ба? Сөз сарыны ас берекесіне деген разылық сияқты. Құнекең шешілмепті. Жауабы қысқа бопты. Естуімізше Қаратайға: – Қуанышта шашылмақ жөн емес, – депті деді.

Біздің «қонақ тарайдымыз» жай сөз екен, тек сейілген екен қонақтар. Бұл күні де жүз үй толы қонақ күттік. Өткен күндерден жеңіл әрине.

Бұлар аса алыстын адамдары – өзбек, қарақалпақ, қырғыз, ұйғыр жұртындағы қазақ ағайындары десті. Кейін асқа деп төрт аяқты мал түгіл құл мен күн де әкелген екен. Мысалы, өздерін көрген Ғабитхан молла бар ма, асқа керей Шүршіт байдың тартқан жігіті ол.

Ертеңінде ас қонағын таратып, Қаракесек, Қамбар боп өзіміз қалдық. Құнекең ризашылық білдіріп, бас-басымызға сый үлестірді. Қажының мырзалығында өлшеу жоқ қой. Ойлағанымыздан асырып таратты үлесті. Бес жүз үй толған қонақты ет пен қымызға апталап мелдек-теткеннен кейін артылып қалған мал-мүлікті сұрамаңыз. Ac беруші кедейленбек түгіл байып қайтады екен астан. Бағана бір Ағыбайдың өзі бес құр ат әкеліп, ағамыздың азасына деп байлады дегем. Құда-жекжат, дос-жаран дегендеріңіз «аза» деп табынымен әкеледі екен малды. Жинақтап айтқанда, ас шығынына деп айдап барған малдың үстіне мал қосып қайтатын болдық.

Аяғын шала қалдырмай және бірер сөз қосайын. Осы үлес үстінде қолайсыз бір-екі мәнағам шықты. Бірі – Майбасарға; екіншісі – ат бәйгесіне байланысты болды. Май­басар Бөжейдің наймандағы нағашысының бір айғыр үйір жылқысын ұрлатып алғызып, асқа сойғызып жіберіпті. Бөжікен біліп, малын қайтар десе, Майбасар шала тыңдайды.

Осыдан реніш туады.

Мәмбетей жағы асты аруақ шақырып келген атымыздың бағын байлады деп өрекпи берді. Ақыры елден бұрын асқа тіккен үйін жығып, кетерде Қарақан дейтін жігіті Құнекең жатқан үйдің маңдайшасын ұрып тұрып:

–       Құнанбай, сен құла аттың бағын қайырсаң, сенің бағыңды құдай қайырсын! – деді. Құнекең айлын да жиған жоқ.

Майбасар мен Бөжей арасындағы ұғыспаушылықты естігенде Мырза қатты кейіді. Сонда Қаракесек Балта ақынның Мырзаға айтқан тоқтау сөзі елге кең тарады. Ақын Мырзаға:

Үш жүзді жиып ас бердің,

Келістіріп сәйкесін,

Арғынды тегіс биледің,

Алшысы мен тәйкесін.

Келсең кел де кез болды,

Кейи де берігі қайтесің, –

деп тоқтау айтыпты.

Құнанбай бедел жиып, мысын асыру психолоиясын да жақсы меңгерген. Өскенбайдың асы тұсындағы төмендеп мінезінен ол анық байқалады. Жоғарыда асты қорытындылауға кешігіп шыққандағы себебін былай түсіндіріпті:

– Уа, халайық, үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары! Мен әкеме ас бергенде оның шарапаты әкеме тие ме, тимей ме, оны бір алла біледі. Мен сендерді осында жинағанда үш жүздің басын қосып, бірін-бірі білсін, көрсін, таныссын деп шақырдым. Бітпей жүрген дауы, қайтарылмай жүрген кегі болса кездесіп, жүз көрісіп келіссін, бітіссін дедім. Іштерің де көсем де бар, шешен де бар. Солардың ұлағатты сөздерін естіп, сабағат алсын, тіршіліктегі жасап жүрген қарекет-кәсіптерін білсін, бірінен-бірі үйреніп, қажет болса мұқтаждасып, сауда-саттық орнатып, қарым-қатынас жасасын дедім. Қазақ бауырмал халық. Бірақ барға қанағаттанбай, жоққа берекелеспей, сынықтан сылтау іздеп – дау көбейтіп, жақыннан жаулық іздеп жікке бөлініп, өз берекемізді өзіміз алып жүр емеспіз бе. «Балық басынан бұзылады» дейді. Ел ішіндегі ағайын араздық, тасадан тас ату, мүйіздеп жарға итеру, жығылмаса

аяқтан шалу қарапайым халықтан емес, бақталастық билік пен мансапқа қызығатын атқамінер ел мықтыларынан шығып жүр емес пе. Мен сендерді біраз бөгегенім құнанбайлығым ұстағандықтан емес, мен отырсам, әңгіме берілген астың төңірегінде қалып қояр, өздерімен-өздері болып келелі кеңес құрсын, ақылды сөз, әділ төрелік, тындырымды болжам айтып, ел жақсылары бір тоқтамға келсін дедім, – дейді. Жиылған жұрт Құнекеңнің сөзін қабыл алып, асығыстық жасап, қызбалыққа салынғандары өз қателігін түсініп, Құнекеңнің ақыл-парасаты мен асқан болжампаздығына тәнті болып тарқаған екен.

Түйіліп барып ашылып кеткен бұлт сияқты жұртты сескендіріп барып, жүзін жылытып, ақылымен сес көрсеткен. Әрине, мұндай мінез көрсету үшін де ірілік қажет еді. Сол қасиетті Құнанбай астың соңында көрсетіп қалған.

Әрхам: Жобалай керейдің байы Шүршіт дейтін кісі Құнанбаймен қадірлес адам екен. Асқа он семіз жылқы әкеліпті. Соның біреуіне жастау жігітін мінгізіп келіпті. Құнанбайға сәлемдесіп, амандасып, әкесінің асына қайырлы болсын айтып: Жәрменкеге сатуға мал айдатып жіберген адамдарыма осы ноғай жігіті жолығып: «Мен әскер қызметінен қашып жүрген адам едім, Сіздерге арыз-мұң шағуға келдім. Маған мұсылмандық жолымен жәрдем етулеріңізді сұраймын», – дейді. Олардың жандары ашып қастарына ертіп маған әкеп тапсырды. Қыстай өзімнің және көршілерімнің балаларын тілі жаттыға берсін деп оқыттырып шықтым. Байқауымша мінезі, адамшылығы жақсы көрінеді. Былтыр сіз бір жақсы молдаға зәру болып жүрмін деп едіңіз. Біздің керей қысы-жазы көшетін, оқудың, діннің қадірін білмейтін ел ғой. Сондықтан сізге алып келіп едім. Егер керек десеңіз, алып қалыңыз, – дейді. Қажы: – Жарамды молла қатты қажет еді, – деп, – Ғабитқан деген татар молласын өз қарауына алады.

Құнанбайдың – Құнанбайлығын танытып, оның ұлық алдындағы беделін өсіргенімен де кейінгі ұрпақтың алдында еңсесін тұқырта беретін, Құнанбайдың өте күрделі тұлға екендігін дәлелдейтін жан түршіктіретін бір қанды оқиға бар. Әрине ұрлық үшін жазалау керек. Бірақ та есесі кеткен елдің кегін де қайырғандай болған, мәрттікке саналғандай тосын да күрмеулі істің баяны мынадай.

Ә.Жиреншин: «Құнанбай аға сұлтандықтан түсіп, жеті ай Омбыда мырзақамақта жатады. Ұлықтарға пара беріп, үстінен түскен арыздарды жойып, босанып елге келеді. Үздіксіз жөнелтілген шағымдар босқа аяқсыз қалады. Алайда үш жыл қоғамдық іске қатысу құқығынан айырылады. Сондай құқықсыз күй кешіп жүргенде аяқ астынан тағы да бір істің сәті түсе қалады. Ол кезде Семей мен Алматы қаласының аралығына почта қатынасы орнап, сауда-саттық керуені үздіксіз жүріп жатады. Тобықтының бір топ барымташылары Арқат жолындағы Алшын бекетінде қазынаның қаражатын әкеле жатқан патша үкіметінің хорунжийін өлтіріп, ақшасын тонап, зат-нәрселерін талап, қашып кетеді. Семейдің губернаторы болыс, старшиндерді жинап, хорунжийді кім өлтіргенін айтыңдар, – деп қатты қыспаққа алады. Екі жақтан бірдей сескенген би-болыстар ештене айтпайды. Өйткені почтаны тонаушылар Қытай мен мұғылға қарасты Алтай мен Барлық жеріне шығып кетеді, арты Тарбағатайды мекендеген бай жігіт еліне сіңеді. Осыны анық білетін Құнанбай астыртын ұлыққа барып: «Тақсыр, мен кісі өлтіргендердің қайда тығылғанын білемін. Егер кешірім етіп, баяғы дәрежемді берсеңіздер жөнін айтамын дейді. Генерал-губернатормен құпия уағдаласып, қашқындардың аты-жөнін айтын береді. Және мұны білдіріп, мұны істетіп отырғандар ақ патшаға дұшпан адамдар, – деп бұрын өзіне қарсы қағаздасып жүрген адамдарды қасақана ұстап шағыстырады. Сөйтіп, Қаратай, Түсіп, Байсал, Пұшарбай, Асаубай, Тойғұлы сияқты ру басыларын бір түнде ұстатып, Аякөз дуанының орталығы Сергиопольдағы түрмеге жаптырады. Аға сұлтандықтың орнына ояздың көмекшісі деген шенді қызмет пен хорунжий атағын сақтап қалады. Әр болыстан әлеуетті жорық пен жолдың жөнін білетін адам мен жүрісті ат жинатып, жасақ құрайды. Сөйтіп Аякөзден Барақ төрені қасына қосып Қытайдағы он екі абақ керейді билеген Шотан мен Бопанай төрелерге барады. Солардың көмегімен ол жақтағы қашқындарды түгелдей ұстап, Аягөзге айдаттырып әкеледі. Тонаушыларды «Қарала ағашқа» (дарға) таңғызып қойып аттырады. Осы оқиғадан соң, Құнанбай патша үкіметіне қайтадан сенімді адамның бірі болады. Омбыға айдалар алдында: «Артымнан қағаз жібере ме?» – деп күдіктеніп, жігітектермен уақытша бітімдесіп, қыстауларын қайырып, бір қызын Божейге бала ғып берген болатын. Енді қайтадан бұрынғы қалпына келген соң, берген серт пен айтқан уәденің бәрін сырып тастап, жігітектің 15 қыстауын қайта тартып алады. Оларға болысқан Торғай Құлыншақтың балаларын торғайдай тоздырып жібереді. Наданбай мен Сыбанбайды итжеккенге айдатып, Садырбайды Қарқаралының түрмесіне жапқызады. Қалған қатын-балалар мен келін-кепшіктерді ендігәрі бірігіп бас көтере алмайтындай етіп бөліп-бөліп жіберіп, әр ауылға кірме етеді. Сөйтіп, жігітек руы елу жылға дейін қызыл өкпе күй кешкен. Өз жерінде жүріп сіңбе, өз елінде жүріп – жат, кірме, өз үйінде тұрып – өгей атанды.

Міне, сондай түйткілдерге байланысты басты-басты орыс әкімдері Құнанбайға іш тартып, қылмысты істің аяқсыз қалуына мүдделі болған сияқты. Губернатордың кеңсесінде қазақтар жөніндегі кеңесші қызметін атқарып жүрген Шыңғыс Уәлиханов та жақсы біліп отырды. Біліп қана қоймай Құнанбайды түрмеден кепілдікке шығаруға, ісін қайта тергеуге қайтаруға көмектеседі.

Аякөздегі оқиғаның жаңғырығы шет жайласа да жадын жоғалтпаған абақ керейлердін есінде сақталып қалыпты. Әрине, мұндағы оқиғаның ауаны басқа. Зады ел көсемі Құнанбайды жамандыққа қимаған сияқты және өздерінің де еңсесін биік ұстап, намысын таза сақтап қалу ыңғайы да байқалады. Бұл ауызекі әңгіменің барлығына ортақ заңдылық.

А.Татанайұлы: Күн сайын қысымға алып келе жатқан патша әкімшілігімен қарсыласып, өштесіп жүрген қазақ жігіттері ақсақ Қиян мен Табылды дейтіндер «ақ оязды» (лақап аты) өлтіреді. Семей губернаторы олардың ізіне қанша түссе де, ұстай алмайды. Өктем күшке әлі келмеген ақсақ Қиян мен Табылды Өр Алтайдағы (қытай жақтағы) керей ішіне келіп паналайды. Із-түссіз жоғалып кеткен ақсақ Қиян мен Табылдының қысастығы губернаторды қатты ашуландырады. Оқиғаның бір ұшы Құнанбай мен Барақ төреде деп есептейді. Олардың Өр Алтайға өткенін білген соң, Барақ төре арқылы ажы гүңге (мәнсап аты) хат жаздырып, екеуін ұстап беруді талап етіп, Құнанбайды абақ еліне аттандырады. Барақ төрені қолда ұстап тұрады.

Құнанбай керей еліне аға сұлтандық салауатымен келеді. «Аға сұлтан Құнанбай Абақ еліне аттанды, Керей елі үстінде сияз ашады» деген хабарды естіп, дау-шары бар арғын, найман, керей, уақ және іргелес мұңғұл тайпалары шешендерін сайлайды. Ажы төре, Шәу жырау, Шегетай батыр, Көкен би, Жетібай би, Тілеулі қатарлылар керей елінің еті тірі азаматтарын жияды. Көгедайдың бастауымен Өр Алтайды мекендеген керейдің байлығы мен атын Құнанбайдың көңіл айнасынан шыққан сәуле арқылы бүкіл орта жүзге, тіпті анау батыста шалғай жатқан кіші жүз баласына да жеткізуді ойлайды. Қазақ билері бас қосқандағы байырғы салт бойынша біріне-бірі сөз тастап керейдің шешен қариясы Шәу:

–     Ал, аға баласы, сөз бастаңыз, – дейді.

Сонда Құнанбай құрмет етіп:

–       Ауыл иесі – керей баласы, сіздер бастаңыздар, – дейді. Төменде Тайжақы киіп, кемер белбеу буынып, сапы асынған өткір көзді, ақсұр жігіт:

–       Біз қалай бастаймыз?! Бұзылған ордамыз тігілмей келе жатқан елміз. Келген жеріміз – Алтай-Сауыр. Бейіт – белгісі, бесік – үлгісі жоқ. Алса – бітім, берсе – бітімді білетін мұңғұл ортасында отырмыз. Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаған ханы бар, заңы бар аға баласының өзі бастайды да! – дейді.

Сонда Құнанбай жас жігітке қарап:

–       Болар, болар! Өзі де болғалы тұр екен. Көмейінің сусылдап тұрған сұр жыланы бар жігіт көрінесің. Жиын өзі де басталды емес пе? – дейді.

Бұл жігіт керейдің әйгілі шешені, айтулы күйші Бейсенбі екен. Басталған жиын қазақ рулары мен мұңғұл тайпаларының арасындағы бітпей келе жатқан дау-шарларға бітім жасайды. Құнанбай іздеп келген ақсақ Қиян мен Табылдыны керей баласы ұстап бермей: «Ақсақ Қиян мен Табылдының келгені рас, Бірақ келген соң бір жыл тұрып өлген», – деп қолхат жазып береді. Құнанбай:

–       Сөздеріңізге сенейін. Бірақ сол өлген Қиян қайта тірілмесін. Тірілсе де, орысқа көрінбесін, – дейді.

Құнанбайдың бұл сөзі: «Берген қолхаттарын, өтірікке шықпасын», – деп буындасқаны еді. Құнанбайдың осы базынасын естіген ақсақ Қиян мен Табылды қайтып Семей өңірінде бой көрсетпейді.

Құнанбай осы сапардан:

–      Қытайға қараған абақ керей баласы он бес мың түтіннен асыпты. Дәулеті шалқып, елі өсіпті, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған екен. Түбі біздің қазақтың бір тиянағы солар болар, – деп айтыпты.

Соңғы сөзі расқа айналды.

4

8-7

Міне, Құнанбайдың тарих сахнасына шығып, «қазақтың Иван Грозныйы» атанған тұсы да осы кез. Ол – 1804 жылы туып, 1886 жылы қайтыс болды. Сол аралықтағы сексен жылдың ішінде Шыңғыс тауының қос бөктерінде «Құнанбайдың жүрегінен өтпеген тіршіліктің жаңғырығы» кем де кем. Тіпті жоқ. Жұдырығын түйсе – уысындағыны ұсататын Құнанбайдың «жалғыз көзінен шашау қалған ештеңе де» болмаған. Себебі оның қолында: заңдастырылған билік, ата-бабасы қанын да, терін де төгіп алған жер, соны пайдалана білетін күшпен ақыл-айла бар еді.

Абайға да сол тізгінді ұстатқысы келді. Ол туралы деректі марқұм Бейсенбай Байғалиев: Бұрынғы аға сұлтан Құнанбай 1865-1866 жылдары да биліктен қол үзбей, күшік тобықты болысының штат бойынша сайланған билерінің бірі болып қызмет атқарғандығын айғақтайтын архивтік құжат «Жалпы далалық дәстүрлі заң жобасын жасау жөнінде Семей облыстық басқармасымен арадағы жазбалар» деген іске тіркелген. Бұл документ – Құнанбайдың би ретінде билер сайлауына қатысып, сайлаудың соңына дейін бола алмайтындығын сайлауды басқарушыға білдіріп жазған «уәкіл хаты». Араб әрпімен жазылған хатта былай делінген: «1866 жылы 15 июньде үшбу уәкіл хатты беремін мен күшік тобықты елінің биі – Сұлтанай Тоқаш оғлына, неким сол себеплі бергенде закон қарайтын күн би сайлауға бек қажетті жұмысым болып қарай алмағаным үшін, би сайларда шар салар үшін. Кімге салса разы болмақтығым үшін мен хорунжы Құнанбай Өскенбай мархұм оғлы мөрім бастым», – деп келтіреді өзінің «Абай­дың өмірбаяны архив деректерінде» (43) атты зерттеуінде.

Байқап қарасақ, бұл архивтік документтің жоғарыда сөз болған Абайдың болыстың сайлауды белгіленген мерзімде өткізе алмай, қылмысты істі тіркейтін дәптерге жазылып қалған жағдайымен іштей байланысы бар. Өйткені Абайдың болыстық сайлауды мерзімінде өткізе алмауы мен әкесі Құнанбайдың сайлаудың соңын күтпей кетуі бір мезетте болып отыр. Біздің пайымдауымызша, Құдайбердінің қайтыс болуына байланысты туындап, өлген адамның артын күту, дәстүрлі қырқын, жылын өткізу сияқты жұмыстарға орайлас болса керек.

Қаратай Сапақов, Кенжеалы Әйтиевтар бастаған топ кек қуысуын тоқтатпайды. Бөжейдің балалары – Жабай мен Нұрмолла 1866 жылы губернатор Колпаковскийге: «Әкеміз Бөжей 1853 жылы қайтыс болды. Одан бізге мұра боп қалған Тоқпанбет, Қарашоқы, Өртеңшоқы деген жерлерде қыстауымыз бар еді. Соны Көркембай Байдалин, Қашқынбай Буранайманов 1859 жылы бізден тартып алып, Текебай руындағы Дүйсен Тышқанбаевқа берді. Тышқанбаев Құнанбай Өскенбаевқа беріп отыр. 1866 жылы Сергиополь дуанына берген арызымыздан хабар жоқ, – деп арыз жазған. Генерал-майор Колпаковский 1866 жылы 14 октябрьде: Құнанбайдың алғаны рас болса, тексеріп, жер мен қыстауды иесі Бөжеевтерге қайтарып беріндер, – деп бұйрық береді. Сөйтіп, Тоқпанбет қорығы 1846 жылдан 1866 жылға дейін 20 жыл бойы дауда жүрген. Тек 1866 жылы кішік-тобықты болысы Құдайберді (Құнанбайдың баласы) өліп, оның орнына 20-21 жасқа жаңа келген Ибрагим Құнанбаев болыстыққа сайланғаннан кейін ғана Бөжей балаларының есеге қолы жеткен сияқты.

Енді біз зерттеуімізде тікелей дәйектелетін Құнанбайдың отбасына қатысты деректерді М.Бейсенбаевтің мақаласының негізінде баяндаймыз: ол ұзақ өмірінде бес әйелге үйленген. Бәйбішесі - Әйбөбек (Күңке деп атап кеткен), екінші әйелі – Ұлжан – шаншардың қызы, үшіншісі – Айқыз, төртіншісі – Нұрғаным, бесіншісі – Әйбәт. Құнанбайдың бәйбішесі – Күңке архивте Әйбөбек деп жазылған. Найман еліндегі Ағанас батырдың қызы. Күңкенің жасы Құнанбайдан үлкен. Айқыз өте өңді әйел екен. Ауыл балалары бертінде «Әппақ апа» деп ат қойыпты. Айқыздын әкесі – Бекен, жуантаяқ – қарабатыр руынан. Төртінші әйелі – Нұрғаным, Мұхтар Әуезовтің атасы Бердіқожаның қызы. Бердіқожаның - Үсен, Бурахан, Әуезхан, Самархан деген ұлдары және Нұрғаным деген қызы болған. Бұлар алғашында Архат тауының Қарағайлыбет, Қайың деген жерлерін қоныстайды. Кейін Құнанбай Шыңғыс бауырындағы Қызылшоқы деген жерден Бердіқожаға қыстау береді. Құнанбайдың Нұрғанымға үйленген кезін анықтай түсу үшін деректер жи- науға, зерттеуге тура келеді. Москваның әскери-тарихи архивінен табылған Құнанбайдың бас жұмысында (формулярында) оның әйелдері ретінде Күңке, Ұлжан, Айқыз үшеуі аталыпты. Бұл – 1852 жылы толтырылған қағаз. Мұнда Нұрғаным аталмайды. Абай музейі қорындағы ақынның туыс-жарандарының естеліктерінде Абайдың бірінші баласы Ақылбайды Нұрғаным өзінің бауырына салып, өз баласы етіп тәрбиеледі деген дерек бар. Ақылбай 1861 жылы туған бала. Соған қарағанда Нұрғаным Құнанбай ауылына 1861 жылдан бұрынырақ келгені байқалады. Өйткені бұған дейін Құнанбайдан бір қыз, бір ұл көрген екен, екеуі де жастай шетінепті. 1865 жылы 8 ноябрьде Құнанбай Омбыда Кадет корпусында оқып жүріп, ұлы Халиолла Өскенбаевқа өз қолымен хат жазып елдің, үй-ішінің амандығын айтқан кезде Нұрғанымның аты аталады. Басқа деректер естелік түрінде ғана сақталған. Ал Құнанбайдың Әйбәт есімді бесінші әйелі болған дегенді Шәкәрім Құдайбердиев жазбаларынан кездестіреміз. Оны қажы Меккеге барған жолында әкелген деседі. Құнанбай әйелдерінің әр қайсысының өз алдына ауылы мал-мүлкі қыс-қыстау, жаз жайлау мекендері, көптеген малшы-жалшы қызметшілері болған. 1861 жылғы жан есебін алған архив құжаттарында Құнанбайдың өзіне қарасты шаңырақ саны - алты, ер адам саны - 11, әйел саны 12 деп көрсетілген. Сонымен бірге басқа да туыстарының осындай есебі бар (32).

Бұл жайдың анық-қанығы Құнанбайдың өз тұқымы, ұзақ жылдар бойы Абай мұражайының меңгерушісі бол­тан Ниязбек Алдажаров ақсақалдың бізге аманаттап беріп кеткен қатирасында былай баяндалады: Біз Айбөбек – Әйбәтқа қатысты оқиғаны сол кісінің жазбасы арқылы жариялауды жөн көрдік. Н. Алдажаров:

«Ағамыз Шәкерім Құдайбердіұлы: «Жер айналмай тұрмайды дүние жай, Келер, кетер адамзат із қалдырмай», – дейді. Олай болса Құнанбайдан тараған еркек, әйелдер жақсы, жаман болсын, әйтеуір, Абайдың арқасында қағаз бетіне түсіп, ел аузына ілікті. Осылардың ішінде болған-болмағаны беймәлім бір анамыз елеусіз қалып бара жатқан соң, еріксіз сыр ашуға мәжбүр болдым. Құнанбай атамның басына ауыр күндер туғанда тамағын істеп, кірін жуып, ыстық құшағымен көкірегін жылытқан адамды ұмыту – дұрыс емес. Жоқтаусыз қалған анамызды ойлап, осы естелікті заманы өтсе де жаздым. Ерте де Құнанбай Омбыға айдалады. Жалғыз Құнанбай емес, әр елдің Құнанбай сияқтылары Омбыдағы заң орнына жауапқа тартылып, аптасына бір рет көрініп тұруға міндетті боп, кепілдікте жүрсе керек. Бұлардың әрқайсысы әр жерде қонақтап күйістері кетеді. Жайлары болмаған соң, бастарын қосып, ақылдаса келіп: ауласы кең, өзі үлкен жеке үйді жалға алып, барлығы бір арада тұрмақ болады. Үйге иелік етуі үшін олардың біреуінің әйел алуына тура келеді. Жиналғандар ары айтып, бері айтып, Құнанбайды көндіреді. Сөйтіп бәрі бірігіп, қазан-ошағынан түтін шығып, кірлері жуылып болған соң, елді аңсауды жеңілдетіп, өздерінше өмір өткізіп жатады. Бәрі де әлді адамдар, қаражаттары жеткілікті, қастарында жандайшаптары бар, әңгімеден басқа ермектері болмайды.

Өстіп жүргендерінде күз келіп, қылмысты істер қысқартылып, елге қайтатын күн туады. Қайтарында Құнекең әрі-бері ойланып, қысылтаяң кезде жолдас болған Әйбәтті оңаша жеке үйге орналастырады. Құнанбайға амандасуға келіп-кетіп жатқан жұртқа Әйбәтті көрсетпесе керек. Біраз уақыт өткенде Әйбәт кенеттен қайтыс бо­лып, елге дабырасыз жерленеді. «Ел құлағы елу» – дегендей, ағайын арасында мынадай қауесет тарайды: «Құнанбайдың ықыласы өңді, өзі жас әрі басына күн туғанда бауырын жылытқан мына тоқалға ауып кетеді», – деп өзге әйелдері қызғаныш қылып, сөз қосып, оған у беріп өлтіреді», – деседі. Бірақ бұл әңгіме құпия күйінде қалады. Ондай өсекке Құнанбай жол бермеген. Әйбәтті жоқтап, құнын даулап жатқан ешкім жоқ. Әйбәттің өмірі көрген түстей сағым болып осылай аяқталған.

Қазақта мынадай мәтел бар: «Күндестің күлі күндес» деген. Зар заман жазықсыз бейбақ Әйбәтті күндестердің құрбаны етті. Бұл «сыбыс» уақиғаны мен бала кезімде Шәкәрімнің әңгімесінен естігем. Уақыт озды. Құнанбай- дың төрт әйелі де о дүниелік боп кетті. Барлығының аттары тасқа басылып қалды. Ал Әйбәттің оқиғасы ұмытылды. «Ғасырдан астам уақыт өткенде адамның артында із қалмайды», – деген қағида ойыма түсіп: ізсіз күйінде өмірден өткен Әйбәт ананы еске алып, осы естелікті жазуды жөн көрдім. Құнанбай атам туралы тарихтың бұл да бір болымсыз ұшқыны. Айтпасаң, жазбасаң кейінгі ұрпақтар қайдан біледі» (30.3.1.т. және 44 ч).

Қазақтың қаратақыс қисынына салатын болсақ: Әділдіктің өзін кесек мінезді қаталдығымен жүргізген Құнанбай Әйбәттің тосын қазасынан кейін оның өзі айтқан «ерегеспе көк ауруы» ұстап, жазықтыларды жазасыз жібермеу үшін де Нұрғанымды тоқалдыққа алған. Нұрғанымды емін-еркін ұстауында да сондай бір «неғылайындық» бар, – деп те жорамалдауға болады. Нұрғанымнан туған ұл қазан жағалап жүргенде қайнап тұрған құртқа түсіп кетіп өлген, – деген сөзді Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызы бізге құпия түрде емеуірінмен айтып беріп еді (35). Күнәсіз сәбидің өліміне қандай күдік-күмән жүруі мүмкін. Еріксіз Әйбәттің тағдыры сумаң ете қалады. Нұрғанымның еркіндігі де сондай бір «қылғаныңа – қылдымның» қысастығы болып жүрмесін.

–       Мұқаң қойын кітапшасына Байсалдың: «Базаралының бағын ойнас пен ұрлық қайырды», – деген сөзін жазып қалдырған екен. Нұрғанымның: – Үйіне кіргеніме екі жыл толғанда, мырза алысқа бір үлкен асқа кетті. Келген соң өзіне-өзі кейіп отырды. «Осы қаттылығым-ай! Ac аяқталарда жігіт сыны боп, бір сырлы, сегіз қырлы» жігіттің сырттаны жүлдесін кіші жүздің бір жігіті алды. Тәйірі, Қауменнің Базаралысының қолына су құюға жарамайтын жігіт. Бекер айдаттым!» – деп өкінді. Мен мырза мойындаған Базаралы қандай жігіт екен! – деп сырттай құмартып ем. Көргенде өзімді-өзім ұстай алмадым! – деген сөзі бар, – дейді Б.Исабаев.

Құнанбай – Нұрғаным – Базаралы арасындағы әңгіме қайтарымсыз бітпеген. Кектің қайырымын ұмытпаған. Үнемі есінде ұстап, қыбын тауып қапысын қайтарған. Оған мына оқиға айғақ.

Ж.Құлбаев: Тобықтының Мәмбетей руында Төлебай, Ибақ, Қайранбай дейтін білікті кісілер болған. Төлебай Құнанбайдан 3-4 жасқа үлкен. Ибақ - Еркежанның әкесі, Қайранбай - Ибақтың інісі, Абаймен құрдас. Оқиға күздің боқырау мезетінде болған екен. Құнекең сәлемші жіберіп, Төлебай, Ибақ, Қайранбайды шақыртыпты.

–  Аякөзден 11 қарулы солдат алғыздым. Жігітектің азаматтарын аңдатамын. Құдаларым біраз кісімен келсін, –  депті.

Мәмбетейлер жиырма кісі боп барыпты. Солдаттар жігітектің ауылын қамап, 17 азаматын тұтқындапты. Таң қараңғысында барып алған екен. Екі тұқыннан бір түйеге мінгестіріп, Базаралыны ғана жеке түйеге мінгізіп айдап жүріпті. Тұрлы деген жігітектің мойнына жіп таққызып, бір солдат жіпті жетектеп, бір солдат артынан найзасын тіреп жаяу айдап жүріпті. Күн ысып кетіпті. Алда Құнанбай жалғыз кетіп бара жатады. Артта Мәмбетей кісілері, ортада айдалған жігітек жігіттері. Өң бойынан тер құйылып, дінкесі құрып келе жатқан Тұрлы Төлебайдың тобы қасынан өте бергенде:

–       Әй, Төлебай, Ибақ! Құдайдан қорық – Құнанбайдан қорық. Ақ қой сойып, ақ бата тілескен, құдай дескен құда емес пе ек?! – деп тұра қапты.

Төлебай мен Ибақ Тұрлыға құда екен. Төлебай сөзден ұялып, казак-орыстың бастығына кеп:

–       Мына Тұрлыны атқа мінгізуге болмас па? – десе ол мұны Құнанбайға барып хабарлапты. Құнанбай атын көлденендетіп арттағыларды тосып тұрыпты. Бетінің түгі бозғылданып, тік тұрып кеткен екен дейді.Төлебайға:

–       Мәмбетей балалары, осы екі көттіліктеріңді бір қоймадыңдар-ау! – деп ажырая қарапты.

Төлебай ештеңе дей алмай, тығылып қалса керек. Сонда Қайрамбай саңқ етіп:

–       Ей, Төлебай, Ибақ! Біз Құнанбайға келгенде осыны естиміз деп келіп пе едік! Өз қорлықтан - жат қорлық! Тарт! – деп тұра жөнелгенде Төлебай мен Ибақ бірге кетіпті. Мәмбетей тобы үн шығармастан 5-6 шақырымға алыстағанда арттарынан шан шығыпты. Таяғанда Абайды таныпты. Абай бұларға тоқтамастан өте шығып барып аттан түсіп, тосып тұрыпты. Мәмбетейлер жеткен соң, Абай тымағын алып, қолына ұстап тұрып Төлебайға:

–       Әке, бұл не қылғаныңызз, ақ жаулықтыша қашып. Не бізге кінә қойып, не мойныңызға кінә алып кетіңіз, – деп ауылына қайтып баруын сұрапты. Ибақ құдасы Құнанбаймен кетісуді ұнатпай:

–       Төке, Абайжандікі жөн ғой. Өскенекеңнің ауылындағы үлкен шаңыраққа қайта түсейік! – депті. Абай құрдасы Қайранбайға салмақ салып, райынан қайтарғандай болыпты. Зере әже отырған үйге түсіпті. Абай бір құлынды сойғызып, мәмбетейлердің күтімін өзі басқарыпты. Құнанбай бұлардың үстіне келмепті. Таңертең Құнанбай мәмбетей адамдарын өзі отырған үйге шақыртыпты. Жұрт жайғасқан соң:

–        Төке, қартайғандығым ба, ашу үстінде аузымнан бір оғат сөз шығып кетті-ау! Жасыңыз үлкен еді. Кешірім етіңіз! Айыбыма белдеуге ат байлатып қойдым, мынау үстіңізге жапқаным! – деп, иығына жамылып отырған орман ішікті Төлебайдың иығына жауыпты.

–       Жә, өзге жігітекті көлікке мінгізіп, Тұрлыны жаяу айдатуымның мәнісі бар еді. Ағайындармен араздық басталған соң, көрнеу де, көмескі де малымды ұрлады. Білсем де – білмеген, көрсем де – көрмеген боп, әйтеуір шығынға шыққан мал ғой деп жүріп жаттым. Өзге-өзгесін қайтейін, егіздің сыңары Құсқарала деген атым бар еді. Жылқының суреті болатын. Соны осы Тұрлы ұрлап сойып алды. Жігітек ішінен күмән ұстатып, үлкен жиында би алдына салғанымда: оны жігіттер өлтіреміз – деп қорқытып, күмәнім тайқып кетті. Сонда осы Тұрлы жұрт көзінше:

– Ей, Құнанбай, енді менен көзіңнің құнын сұра! – деп айқай салды. Осы сөз ішіме шемен боп қатып еді, – дейді.

Осыдан соң екі жақтың да кірбіңі тарқап, Мәмбетейлер ырзалықпен аттаныпты. Тек артқыға сөзі мен зілі қалып, жігітек пен ырғызбайдың арасына сына түсіпті-міс делінеді. Ендеше Базаралы екі рет итжеккенге неге айдалды. Біріншісі – Құнанбайдың, екіншісі – Абайдың сүргіні болатын. Ол кек жетпіс жылға созылып барып үзілді. Өзі үзілген жоқ, кеңес өкіметінің кездігі қиды.

Айтқаны атқан оқтай тиетін және жай атылып қоймай омақастыратын Құнанбайдың сөзден ұтылып, беті қайтқан тұстары да болған. Әрине, оны қыжырсыз қабылдамағаны түсінікті. Оған мына қақтығыстағы қыжыл анық дәлел.

Ы.Матаев: Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Құнанбай дала генерал-губернаторының әмірімен бір қылмысты істі қарау үшін Тана бидің еліне барыпты. Тана әрі ақылды, әрі әділ би екен. Бірақ Құнанбайдай табанда сөз табатын шешендігі аз болғандықтан, тілге орамды, ақ алмас «Шешен Қара» деген кедей адамды қасына ертіп алыпты.

Тана би аға сұлтанның алдынан шығыпты. Құнанбайдың үстінде патшалық өкіметтен алған жағасы қара пүліш, ақ жібек, оқалы шапаны болыпты. Тана жаяуламай Құнанбайға ат үстінде сәлем беріп, қолын алмақ болса, аты үркіп, қанша тебінсе де, жақындамай қойыпты. Сонда ішінен Тана бидің жаяу келіп сәлем бермегенін жақтырмаған Құнанбай:

–   Ат болса да, адамның білмегенін біліп, ағасынан ұялып тұр-ау! – депті.

Тананың үндей алмай қалғанын сездірмей шешен Қара іліп әкетіп:

–       Құнеке! Хайуан ұятты қайдан білсін, ақ патшаның ала шапанынан үркіп тұр да! – депті. Құнанбай жауап қайырмай шешен Қараға зілді көз тастапты да қойыпты. Ауылға қарай келе жатқанда әртүрлі әңгіме сөз болады. Сөз арасында аға сұлтан Тана биге сұрақ қойып:

–       Елінде неше би бар? – депті.

–   Төртеу.

–       Е, бұларың жақсы ырым екен. Құдайдың сүйген пайғамбары төртеу, сүйген періштесі де төртеу. Құдай атынан келген кітап төртеу... – деп, діндар Құнанбай сол пайғамбарлар мен періштелердің, төрт кітап аттарын атап, «төрт» деген қасиетті сан деп, тақуалап кетсе керек. Сонда шешен Қара бұған орай былай депті:

–       Пендені аздыратынның аты да төртеу: дию, ібіліс, албасты, шайтан. Құнеке, әңгіме олардың санында болып тұрған жоқ, патша ағзамның заңында болып тұр ғой, – депті.

Аға сұлтан шешен Қараға тағы да зілмен жақтырмай қарапты. Арнайы тігілген ақ үйге түсіп, төрге барып отырып, әбден жайғасқан соң, Құнанбай Тана биге бұрылып:

–       Биім-ау, мынау қасыңнан қалмайтын ойы улы, тілі шаян қара бүйің кім? Көлеңкең бе, берекең бе? – деп сұрапты.

–      Бұл өзі үйде болсам, шаруаға берік құлым, түзге шықсам, жанға серік ұлым! – депті Тана би. Құнанбай сол арада зілденіп:

–     Қу тілмен қулан қуырдақ жемес, құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас! – депті. Сонда, қолма-қол шешен Қара:

–       Құм жиылып тас болады, кіріктірер ылай болса, құл жиылып бас болады, біріктірер құдай болса! – депті.

–     Әрине, бұл ырғасуда Құнанбайдың мысы пәс тартқан. Баяғы жігер мен алғыр мінез шау тартқан кез. Сөздің құнын түсіретін Құнанбай емес. Ішінен тынған.

Өзгені сесімен басқан Құнанбайды сескендіргенде және тосын кешіріміне ие болған өжет мінезді жандар да болыпты. Оған Абайдың ерегіскен адамы, бітім-болмысымен ұрлықты кәсіп қылған Есентайдың мына әңгімесі дәлел:

–       Ұрлыққа араласып жүрген шағымда Күнекеңнің нағашы жұрты бақы Матайдан шоғыр жылқы алдым. Айғақ, куә табуы, тым ойластырылған, сәті табылған ісіміз еді. Бірақ Құнекеңнен тобықты елінің ісін жасыруы өте қиын еді. Жарықтық өзі қатысқандай, не көріп отырғандай етіп ой-болжаммен-ақ ашатын қоймаңды. Мал иелерін ертіп, үлкен Шұнайдағы үйге келді. Әкем Құнекеңнен едәуір үлкен еді. Содан аз жыл бұрын дүниеден өткен-ді. Шиырға салып едім, мырза бұлтартар болмады. Бір әредігін тауып, аттанып кеттім де, үйге жоламай қойдым. Ойым: «Бәрібір, Құнанбай құтқармайды. Жығылсам да, жығылысымды жеңіске пара-пар етейін деп, бір тоқтамға кеп, Мырзаның қайтысын тостым. Мырзаны әкемнің інісі Сеңгір аға аттандырып салды. Құнекеңдер қайтып келе жатыр. Алдарында мырзаның өзі. Келте сайдан өте бергенде 7-8 кісі атты қойып кеп жібердік. Астымда боз атым бар, алда өзіммін. Үңіле шауып, найзамен түйреп тастардай боп, Құнекеңе шүйіліп, кеп қалдым. Құнекең: – Тәйт тентек! – деп қолын серпіп қалды. Сасып қалғаны көрініп тұр. Атымды шапшыта кеп: – Мырза, бетіңіз қайтпасын! Малды алмасам да, артығымен қайтарайын, батаңызды беріңіз! – деп қолымды жайып тұра қалдым. Құнекең: – «Ерден иман құтылмайды» деп еді. Сенің де бетің қайтпасын! Алысқанынды алда соқ! – деп бата қайырды да: – Мына кісілердің шаруасын өзің бітір, – деп жүріп кетті. Бұдан соң мен де жан қала ма, өзіме-өзім айып-қиыбымды молынан кесіп, матайлардың жылқысының көзі барының – көзін, көзі жоғына екі бестіден мал қайырдым. Артынан Құнекен бұныма өте ырза болыпты деп естідім. Мен осылайша, дуалы ауыз, қасиетті Құнекеңнен бата алғанмын және «алысқанынды алда соқ» деп алғанмын.

Ыбырай (Абай) менімен босқа алысады. Ыбырай әкесі болғанымен, Құнекеңнен мендей бата алған жоқ!» – деп көтеріле сөйлеген екен.

Софлық ойлау жүйесі мен бейнелі тұспалдар қазақтың дін туралы пәлсафасында кеңінен колданылады. Діндар, софы Құнанбаймен шариғат туралы тең дәрежеде сөйлесе алатын замандастарының бірі жөнінде? Егізбаев былай баяндайды: Шәкі би өз заманында наймандағы әйгілі тұлғалардың бірі болған. Ол кісі Құнанбайды үнемі «Құнанжан» деп атапты. Құнекең болса ол кісі туралы «Найманның Шәкісі» деп, ал кезіккенде атын атамай, тек би деп қана айтады екен. Шәкі би «Құнанбай арғының алтын басы ғой» деп отырады екен. Бірде Шәкі би Құнанбай ауылына соңғы рет келген жолы дәл аттанарда Құнанбай Шәкіге қарап: «Би, сіздің дүниеден өткеніңізді қалай білем?» – депті.

Өйткені келген күннің ертеңінде оңаша әңгімелесіп отырып би: «Құнанжан, менің осы ақырғы келуім шығар, маған да уақыт таяу сияқты», – деп сездірсе керек. Шәкі би Құнекеңнің жаңағы сауалына: «Ерте дәретке тұрғаныңда төбеңнен үш аққу ұшып өтеді, содан білесің», – депті. Содан бірнеше ай өткенде, айтқанындай бір күні ерте дәретке шыққан Құнекеңнің төбесінен үш аққу ұшып өтеді. Ол кісі мұны көре сап: «Найманның Шәкісі дүниеден өткен екен ғой» – деп ауыр мұңға батып отыра кетеді.

Сол күні біліп келуге қос атпен кісі аттандырады. Бірнеше күннен соң қайтып келген ол, Шәкі бидің сол аққулар ұшқан күні қайтыс болғанын айтып келеді.

Шәкі бидің ақыл-парасаттылығының, жұрт таныған көріпкел-әулиелігінің үстіне, дінге беріктігін де Құнанбай ерекше бағаласа керек. Өйткені ол кісі өзі де дінге берік болған ғой. Екеуі бас қосқанда дінге байланысты көп сұхбаттасады екен. Хат танымаса да, аса зерделі Шәкі «Мұхтасарды» жатқа біліпті. Бір келген де Шәкі да Құнанбай да «Мұхтасарды» бір молдаға оқытып тыңдап отырады. Бір кезде Шәкі: «Құнанжан, мына жерде бір беті жоқ қой», – дейді. Сол күні қос атпен кітапты Семейдегі қазіретке жіберсе, бір бетіннің жоғы рас болып шығыпты. Тағы бір рет күзді күні ел қораға қонғанда келіпті. Қораға шөп түспеген екен. Кешке би атшысына қарап: «Аттарды ауыл маңына тұсап жібере сал», – десе керек.

Сол кезде Құнекең:

–       Би, ауыл маңы тақыр, ештеме тауып жей алмайды ғой, таң атқан соң ұзатыңқырап жайып келмесе, – деген екен. Сонда:

–       Құнанжан, жер – анасы, мал – баласы емес пе, баласы еміренсе, иімейтін ана болушы ма еді. Бірдеңе тауып жер, – депті Шәкі би. Құнанбай кейін ұзақ сапар шегіп, Шәкі биге көңіл айтуға келіпті. Басына зиярат етуге барған екен. Зиратты көрген Құнекең:

–     Тым шағын ғой, неге бидің атына лайық күмбез жасалмаған? – деп сұрапты. Сол кезде бидің туыстарының біреуі:

–       Би өзі өтерінде зиратым шөккен түйеден биік болмасын деп өсиет айтты. Осы даланың ортасына жеке қойыңдар деп, орнын да өзі айтып берді. Келешекте қасыма бір ғана бала жатуы тиіс дегенді де айтты, – депті. (Айтқанындай, қазір қасында 1930 жылдары босқандардікі болуы керек, бір жас баланың қабірі бар).

Сол жерде ойланып үнсіз қалған Құнекең тебірене сөйлеп:

–        Найманның Шәкісі атанып, данасы да, әулиесі де болған есіл сабаз, бір кезде әңгіме арасында өліге күмбездеп үлкен зират тұрғызу – тек тірінің мақтаны үшін ғана дегеніңіз есіме енді түсіп тұр. Адамның ең жаман қасиетінің бірі – мақтаншақтық. Сіз о дүниеге аттанып бара жатып та тірлігіңіздегі қасиетті салтыңызды артыңызға жалғастырып кетіпсіз. Айтқан өсиетіңіз бойынша салынғанмына зиратыныз ұрпағынызға қарапайымдылық пен қасиетті өнеге, әрі жексұрын мақтанның да жолын кесіп тұр, – деген екен (76).

Құнанбай ерлік пен батырлықты ғана емес, қара күш пен батылдықты да бағалай білген. Мына сөзді Оспанның өзі Кәкітайға:

–       Жасым 14-тен 15-ке қараған кезім. Арқалықтағы ноғай ауылдарынан шыққамыз. Тәтем пәуескеде, қасында апам бар, алдымда озық бара жатты. Жазға салымғы кез. Бөкенші өзені жайылып, ағып жатқан. Өзеннің ортасына барғанда пәуеске батып, қос жирен ат шығара алмай, арындады. Атшыға: аттарды доғар да, жағаға алып шық , – дедім. Пәуеске доңғалағы сазға күпшегінен кірген екен. Киімді тастап жалаң аяқтандым да, пәуескенің артқы білігінен ұстап, ырғап-ырғап көтеріп ап былай қоя салдым. Сонан соң, дүптегі ат орнына жегіліп, пәуескені жағаға шығардым. Атшы атын жегіп жатты. Киімімді киініп, біраз алқынымды басқан соң, атыма мініп, пәуескені жанап өте бергенімде тәтем шақырды. Қатарласқанымда тәтем: – Әй, тентек, күшінді әркімге көрсете берме! – деп айтып беріпті (26).

Оспанның күшін Құнекеңнің өзінің көргені туралы және бір нұсқа сөйленеді. Онда Құнекең пәуескесі қиялап бара жатқанда, пәуескенің дөңгелегі білігінен шығып кетіпті. Оспан аттан қарғып түсіп, дөңгелегі салынғанша пәуескені көтеріп тұрыпты. Екі нұсқа да Оспанның жойқын күш иесі екенін дәлелдейді. .

1867 жылы Мәскеу университеті жанында жаратылыстану, антропология және этнография қоғамының үлкен көрмесі ұйымдастырылады. Қарқаралы дуанынан В.Ф. Миллер сыпаттап жазғанына сүйенсек, көрме қойылымдары қатарында Құнанбай мырзаның сыртқы киімдері, белбеуі, ақ минераль бояу сіңіріліп, нәзік жіптен тігілген тобықты үлгісіндегі бас киімі де болған көрінеді. Демек, белбеу деп отырғаны казірде Петербург музейінде сақтаулы Құнанбай кісесі болса, фотосурет 1865 жылдарда түсірілген еді деуге толық қисын бар (33). Әлкей Марғұлан жариялаған Құнанбай мен Нұрғанымның суретіне күдіктене қарап, киімі тым жұпыны екен дейді. Қарапайымдылық – мұсылмандықтың басты белгісі. Екіншіден, беліндегі күміс кісесінің құнының өзі бесті аттың құнынан артық. Ал ұсынылып жүрген суреттің кімнің бейнесі екендігі туралы архивтанушы маман, Шәкерімнің де жаңа суретін тапқан Марат Әбдешев дәлелді түрде анықтап берді.

Құнанбайдың Омбыдағы кадет корпусында оқитын ұлы Халиоллаға Ғабитқанға ауызша айтып жаздырған хатын Әлкей Марғұлан тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірді. Сол кездегі Құнанбай әулетінің өмір-тіршілігі тура­лы мағлұмат беретіндіктен де мәтінді ұсынып отырмыз.

Ғизатлу уа хурматлу олғушы баламыз Халиуллаға дұғай сәлемлер ерсал ойладым.

Уа канпа шешелеріңізден уа һам аға-інілеріңізден һамқаюларынан дұғай сәлемлер қыламыз. Уа бағда һәр қоюларымыз хайыр патихаларыңызда сөзіміз бү дүр: Өзіміз сахт – сәламат болсам худай бұйырса барамын деген уағдам бар. Ләкін елде ауру-сырқау көп. Бекен науқас. Оспан һам науқас, Нұрғаным һам науқас. Бекен бірлән Оспан жаңа-жағңа тәуір болып келе жатыр, оңалып. Алла-тағала қайырлы қылсын. Иана өзіңді сұрап йаздұқ, сол жазудан хабардар болыңыз, мәнсі қалай болғанын. Ол сұрап йолзған йарарму – йарамасму. Әрар йарамаса, қалай сұрап йазтұрғанын өзің хатқа йазып беріңіз. Бұл сұрап йазған хат Кадатскі корпустан. Бұл сұрауымыз лайық ма? Сол сұрауны өзің білұр деп ойладық інші алла. Ғайыр не йазайық, хақтағала һар қаюларымызға тауфық, хидаят берұп, аброй шарифларымызні берсұн, уа хам ақыр дәмде хусін хатіма берсін.

Ұшбу хат йазұлды бек асығыс болұп, соның үшін Бекеңнің мөрі басұлды, өзімнің бұйрығым үшін. 1858 ж. Хұдайберді мөрдің ойылған жылы Йазұлды 1865 йылда ноябрьның 8 күнінде. Құнанбай.

Сөздерге түсінік:

олушы – болушы, ерсал ойладым – жолдадым, уа бағда – одан кейін, хайыр патиха – жақсы тілек, сахт – сала­мат – сау-сәлемет, ләкін – алайда, Бекен – Құдайберді, Құнанбайдың үлкен ұлы. Оспан Құнанбайдың баласы, Нұрғаным – Құнанбайдың әйелі, демек – хаттың нәтижесі не болғанын біліңіз, інші алла – құдай қаласа, хақ тағала – ұлы әділетші, Хидаят басшылық, абырой шариф – абырой – атақ, ахыр дәмде – соңғы дәм жоғаларда, хусын хатыма – дүниеден жақсы атпен өту, олар – болған.

Бұл түсініктерді жазып, хатқа түсірген табанды зерттеуші – Қайым Мұқаметханов.

Халиолла Өскенбаев Омбының кадет корпусында 1859-1867 жылдар арасында оқыған. 1867 жылы Москвадағы III Александр атындағы училищеге түсіп, оны 1868 жылы жазда бітірген. Сібірдегі қазақ әскери бөліміне қайта оралған Халиолланың ауру екенін естіген Құнанбай елден Мырзахан мен Түсіпке қосып тағы үш кісі жібереді. Олар Халиолланың нашар ауру екенін айтып, әкесіне жазып берген хатын әкеп тапсырады. Халиолла 1870 жылғы 2 июль күні қайтыс болған. 1870 жылғы 25 июльдегі №27 бұйрық бойынша әскери тізімнен шығарылған. Халиолланың қайтыс болған хабарын да алады. Құнанбай кісі жіберіп, сүйекті алғызып, Ақшоқы мекеніне қояды, бейіт соғады.

Халиолла Семейдегі Тінібайдың қызы Айғанымға ғашық болып, алып қашады. Жол ортада қолға түсіп, іс сот арқылы шешіледі. Айғаным құсадан өледі. Тінібайдың тоқалы – Мәкіш Құнанбайдың қарындасы. Екеуінің қосылуына Тінібай да, Құнанбай да қарсы болған. Абай да қостамаған. Халиолла сол бетімен ауылына соқпай Омбыға кетіп, үй-ішімен байланысын үзген. М. Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясы мен «Абай жолына» да желі боп тартылған бұл оқиғаның жай-жапсары алдағы тарауларда тәптіштеле талданатындықтан да оған тоқталып жатпаймыз. Халиолланың сүйегін Омбыдан әкелгенде Құнанбай жоқтауын Сары апаңа айтқызыпты.

Н. Алдажаров: Сары апаң – тобықты ішінде руы тоғалақ Тайсоймас деген кісінің қызы. Сары апаңды уақ елі ішінде момын шаруашылығы нашар адамға атастырыпты. Сол атастырған жеріне ұзатылып барып, күйеуімен екі жыл тұрыпты. Екі жылдан кейін бір тоқтысын сойып, ауылдың ақсақалдарын шақырыпты. Қайын аталары тамақтарын ішіп болған сон: «Қарағым, не тілейсің», – дегенде: – Мен аруақты сыйлап келдім. Екі жыл тұрдым, енді басыма рұқсат берсеңіздер екен. Төркініме барып, мал жиып алып, мына күйеуіме қалың төлеп, әйел алып беріп, содан соң кетем, – депті.

Сонда ақсақалдар әрі ойлап, бері ойлап, ақырында рұқсат беріпті. Сары апаң айтқанын орындап, күйеуіне әйел алып беріп төркініне келіпті. Осыдан кейін Сары апаң күйеуге шықпапты. Ел арасында суырып салма, тапқыр, айтқыш болып, құрметке бөленген адам. «Абай» романындағы Сары апаң осы. Бөжей өлгенде Құнанбайды жаназасына шақырмапты. Ел жайлауға қонғанда Құнанбай Сары апаңды ертіп, Бөжейге бата жасап барғанда, Бөжейдін қыздары былай деп дауыс айтыпты:

Арғы атасы Ырғызбай,

Айыпқа берді бір қызды-ай,

                          Жүйріктігі құландай,

                          Шұбарлығы жыландай, –

дегенде Сары апаң жүгіне салып:

Мына да қарлар не дейді,

Жақсыдан жаман көбейді.

                                            Асыл туған ұрпағым,

Ұрлап та көмді Бөжейді, –

депті.

Құнанбай үйге келген соң: Құрметтесеңдер, Сары апаңды құрметтеңдер десе керек.

Жігітектің ішінде Қожікен деген көксау шал дөңнің басында отырып өліпті. Сол кезде осы Жігітектің ішіндегі Түлкібайлар: Қожікенді жерге таласып жүрген тоғалақтар ұрып өлтірді, – деп қыздары дауыс айтыпты. Сары апаң:

Бөжікен деген көксауың,

Кісіден өлгенге ұқсауын.

                                             Апиын беріп өлтіріп,

 Екі де қардың қақсауын, –

депті.

Бөкен ішіндегі ноғай Ыскақ бай Сара апаңа: мен туралы айтыңызшы дегенде Сары апаң:

     Қазаннан келген пұшығым,

    Қаңғырып келген күшігім.

 Қаңғырғаның құт болып,

Түлкіден болды ішігің, –

депті. Сонда Ысқақ:

– Апатай, ар жағын айтпай-ақ қой, – деп, иығына түлкі ішік жауыпты.

Талантты тұқымның өжеттігі мен тәуекелі тастан шыққан бұлақтай тегеурін бермейтін сияқты. Өмір сүруі мен өлімі де, қақтығысы мен соқтығысы да тосын, оның да жоқтауын сол Сары апаң айтқан Құнанбайдың немересінің бірі – Әмір. Құнанбайдың қаталдығы мен қатыгездігіне дәлел ретінде суреттеліп, Үмітей қызға ғашықтығы мен атасының ұстанған сеніміне иланбағаны үшін Құнанбай тамағынан қылқындырып, теріс бата беретін сал-сері. Ахат Шәкерімұлы Құдайбердиев бұл оқиғаның өмірде қалай өрістегені хақында қызықты бір дерек айтты. Шәкерім мен Әмір бір әке, бір шешеден туған. Екеуі де Құдайбердінің баласы. Әмірдің жеке өмірі туралы шындықты тігісін жатқыза былай деп баяндап беріп еді:

– Әмірдің өмірі лап етіп жанып, шоғының қызуы тез күйдіріп, тез өшетін сексеуіл сияқты. Лаулады да өшті. Ғұмыры аз болды. Абай «өзі де өртеніп тұратын», – деп есіне алады екен. Эпопеяда осы жайды: «...Абайдың ең бір қадірлес ағасы Құдайберді жастай өлгенде, содан жетім қалған бес баланың ортаншысы Әмір болатын. Құдайберді өлерде Абай оған: «Балаларды әке орнына бағу – қарызымыз болар», – деп, «жетімдік көрсетпеймін» деп ант еткендей болатын. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін. Ал Әмір болса, сол балалардың ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді. Ерке, серілігі де бар. Өзінде шалқып, серпіп шығарлықтай бір шығымы бар, дәмелі жас. Аса тілеулес ағасы Абай оның алдынан шықпайды және ешкімге бетін де қақтырмайды», – деп байыпты баяндаған. Біржанның үлгісін көріп, әншілік тәрбиесін алған.

Әмір де салдық құрып, қызыл-жасыл киінген, домбыраларына үкі таққан, астындағы аттарының жал-құйрығына шүберек байлап, өнерді өмірлік мақсат еткен. Шыңғыс өңірінің 30-40 жастарын біріктіріп, қатар түзеп, сән-сауық құрып жүреді екен. Біздің ауылдағы жақын бір ағайынның қызына ғашық болыпты. Бұл екеуі де қажы атанған Күнекеннің жүрегіне тікендей қадалады. Қодар-Қамқа оқиғасын есіне салып, өз тентегіңді қайтесің деген ишара білдіріп, емеурін танытқандар да шығады. Бір жолы барлық салдарының басын қосып, өзара дайындық жасап, қызылды-жасылды киініп, енді жаңа сапарға аттанғалы жатқанда Құнанбай Май апамды (сол кездегі Құнанбай әулеті Нұрғанымды осылай атаған. – Т.Ж.) Әмірге жіберіп, өзіне шақыртыпты. Майбасардың ұлы, әнші, скрипкашы Мұхамеджан екеуі Құнанбайға сәлем бере келіпті.

Олар табалдырықтан аттар-аттамастан қаһарын төгіп:

–                        Сендер не істеп жүрсіңдер? Неге елді аздырып, жұртты тоздырасыңдар? Тоқтатыңдар! – депті.

Олардың салдық өнерін естісе де, Құнанбай атамыз әлі көрмеген екен. Соны пайдаланып өжет те өткір Әмір сөзін іліп әкетіпті:

–     Жала ғой, әке. Оны қайдан білесіз?

–     Білем, бәрі де мағлұм маған.

–       Көзбен көрмесеңіз, өтірік болғаны. Ай астында қылаң мінген жігітті қайдан білесің. Баран мініп, қай жаққа барып едіңіз, – дегенде, шыдай алмай ашуланады да атшысын шақыртады.

–       Тәйт, бетбақ! Әй, Мырзақан! Екі-үш кісі шақырып кел де, байла мына екеуін. Қане, кім қолымды қағар екен! Бол, шақыр кісілерді!...

–       Шақыртып әуре болмаңыз. Сіз айттыңыз, біз көндік. Қарсылық көрсетпейміз. Мырзақан байласа да жетеді ғой, – дейді Әмір екіленіп.

–     Байла! Арбаның артына арқан салып тартыңдар!

Қажының үкімі орындалады. Әмір мен Мұхамеджанның қос қолын артына қайырып байлап, кеуделерінен орап алып, терезеден арқанды сыртқа шығарып, пәуескеге іледі де, кеудесі қысылып, еттері көгеріп, талаурап кетеді. Сонда Нұрғаным орнынан ұшып тұрып Құнанбайдан сауға сұрап:

–       Жеті жаста қалған жетімің емес пе, кешсеңші. Аяушылық жасасаңшы, – деп ұмтылғанда оны:

–     Кет! – деп кеудесінен итеріп жіберді.

Арбаның шен теміріне байланған арқанға тартылған Әмір мен Мұхамеджан сол күйі біраз тұрады. Құнанбай намаз оқуға кіріскенде Мырзақан арқанды босатады. Тыныс алған Әмір ашынып:

–     Әй, Мұхамеджан, өнерің өткір де, өзің жасықсың. Еңсенді түсірме. Көтер басыңды! Мен бір ән бастаймын. Сен қосыл. Осы шал қайтер екен, көрейік. Өзі намаз оқып отыр. Соны бұзайық. Әйтеуір дінсіз дейді. Ал кеттік, – дейді де өзінің «Сыпыра бойдақ» деген әнін сызылтып шырқай жөнеледі. Оған қоңыр дауысты Мұхамеджан да ілеседі. Ол әннің сөзі былай:

Салғаным салқара атқа өмілдірік,

Өртеңнен жылқы айдадым төгілдіріп.

Болғанда жаңа таныс қарағым-ай,

Кеттің-ау қабырғамды сөгілдіріп.

Сыпыра бойдақ, сылқылдақ.

Буыны жоқ, былқылдақ.

Керім жеңгей, кербез қыз,

Өлтіреді қутыңдап.

Қаршығам қазға салсам қаз іледі,

Жиылып қыз, бозбала бір жүреді.

Құдай-ау, жас күнімде өлім берме,

Көл шайқап, жем жейтұғын мезгіл еді.

Оймақ ауыз, күлім көз,

Қай уақытта болар кез.

Ойнап-күліп қалайын,

Жастық дәурен өтер тез.

Шариғат үрдісі бойынша намаз оқығанда ешкім бөгет жасамау керек және аландамау қажет. Қажы мынаған не істерін білмей сасқалақтап, бар болғаны басын сәл оңға бұрып, намазын үзіп:

–       Әй, Мырзақан, мына бәтшағар кәпірлерді босат. Діннен безгенге дауа жоқ, – депті де аятын жалғастыра беріпті»(35).

Осы әңгімедегі Ахат Құдайбердиевтің «біздің ауылдағы жақын бір ағайынның қызы» деп отырғаны Ысқақтың қызы Үмітей. Бейбіт Сапаралин бұл оқиғаны жоққа шығарып, Құнанбай мен Әмір арасындағы теріс батаның шариғатқа қиыстығын айтады. Ал бізге бұл екі есімді атаған Ахат марқұмның өзі еді. Немере туыстың бір-біріне үйленуін арабтар жатырқамаса да, Құнанбай үшін бұл күйінді іс болатын. Абай да Әмірге «ақ батасын» бермеген. Үмітей мен Әмірдің тағдыры, Құнанбайдың теріс бата беруінің себептері «Жазасы – шариғат жолы» атты бөлімде толық қамтылатындықтан да қысқаша мағлұматпен шектелеміз.

Құнанбай – айтпайды, айтса – айтқаны қағыс кетпейді. Теріс батасын берген немересі Әмір көп ұзамай қыршынынан қиылыпты. Сол үшін Әмірдің анасы Ботантай: «Қайындарым менің қатты айтқан сөздерімді көтерді, қарсы келмеді, сыйлады. Менің тілім олар түгіл Тәтеме де тиді. Тәтем қартайғанда қарғап, баламды өлтірді!» – деп Құнанбайдың әруағынан кешірім сұрап отырады екен. Құнанбайдың көз қиығы қадалған жанның бірі Абайдың досы Ербол екен. Шежіреші шешен Бекен Исабаевтың мына әңгімесі соған куә:

– 1884 жылғы болыс сайлауында Ербол қарсы жаққа шығып кетіп, Күнту болыстыққа сайланады. Қырдағы халқына да, қаладағы ұлығына да дегені болып келген Абайдың екпіні алғаш рет басылады. Тіпті жұрт аузында: «Құнанбайдың тұқымы кісі бар екенін – Күнту болыс болған соң, құдай бар екенін – Оспан өлген соң білді», – деген сөз қалған. Тағдырда да әділдік болса керек. Қулығын бәйгеден келтірген соң Ерболдың ғұмыры 2-3 айға жетпеген, ол шұғылынан дүние салған. Сол жылдың тамыз айының соңғы ыстық күндерінің бірінде Семей қаласынан қайтып бара жатып, 41 мүшелінде, Күшікбай бұлағының қала жағындағы «Қызыл-қызыл» деп аталатын төбенің тұсында ат үстінде жан тапсырған: Құнекең әулие ғой: «Ыбырайдың басын Ербол алады, Ерболдың басын Ыбырай алады», – деп еді. Сол сөзі келмеді ме? Оспан жиын топтың алдында: «Әй, Ербол, екеуміздің біреуіміз-ақ жер басып тірі жүреміз», – демеп пе еді. Оспан Ерболдың үзеңгісіне у жақтырды. Оны Абайсыз істей алмайды Оспан. Бұл Абай ісі деген өсек тарайды.

Абай Ерболдың жаназасында болып, бір кездегі досын мәңгілік қонысына аттандырып салған.

Осы у беру немесе үзеңгіге у жағу төрелердің айналасында жиі ұшырасатын оқиға болғанымен де, Құнанбайдың әулетіне де бейтаныс жағдай емес сияқты. Әйбәттың, Ерболдың, Бәзілдің және кейінгі ұрпақтарының тағдырына ілескен шын-өтірігі аралас дүдәмал қауесеттер сондай ойға жетелейді.

Қаталдық айлакерлік, зорлықшыл өктемдік Құнанбайдың бойына туа біткен қасиет емес. Сақара өміріндегі бұрын-соңды өткен қатыгез бектерге айтылатын «анасының қағанағынан қан уыстап туды» деген теңеу оған айтылмаған. Ол өзінің ұзақ ғұмырында пенде атаулыға тән барлық күйініш-сүйінішті, қызық-думанды, қайғырып-қамығуды, шамырқанып-шамдануды, барымта мен қарымтаны да басынан кешірген. Өзгеден қорлық та көрген, өзі де реті келгенде тізесін нығарлай батырып отырған. Қара сөзбен қара суды теріс ағызған, бірақ тосылып қалған тұсы да ұшырасады. Көшпелі қоғамның әдет-ғұрпын қатты ұстанғанымен, Ресей заңына да иек сүйеген. Бұл екеуін қатар тұтынуы оның исламға мойынсуына бөгет жасамаған. Балаларын шығыс біліміне қанықтырып барып, Еуропа ғылымына сусындатқан. Діні қатты, сөзі зілді, алдын орағанды шайнап тастайтын долы, сонымен қатар кісі көңілін қалдырмайтын жұмсақтығы да бар. Төремен де, губернатормен де тең сөйлесетін тәкаппар, кісілігін де сақтай біледі. Өз руы үшін жан алып, жан береді. Исі қазақтың қосы тігілсе, сол тұстан табылады. Жомарт та, бауырындағысын байқап шашады, шеңгелдеп жинайды. Ағайынның азғанын қаламайды. Шамына тигенін шақпақтай шағады. Өзіне де тартады, өзекке де тебеді. Елдің ертеңін ойлайды, сол болашақта көненің қоңырау күмбірлеп тұрса дейді. Еркіне салса – исі қазақты билегісі бар, болмаса – қолдағы билікті қанағат тұтады. Тәркі дүние де оның танымына жат емес.

Фәни мен бақи дүниенің арасындағы қайратты да қажырлы, батыл да алғыр, қатал да әділетті, қатыгез де мейірімді, шешен де тұйық, ашық та құпия өміріне философиялық астарлы мән беріп, жалған дүниені Алланың бес парызын түгел өтеп барып аяқтағысы келген Құнанбайдың аңсары қажылыққа ауады. Бұл сапар оның бүкіл ғұмырының заңды қорытындысы еді. Ділмәрсіп, қасиетті сапардың қадірін кетірмес үшін үрім-бұтақтарының естеліктері мен нақты деректерді назарға ұсынумен шектелеміз.

Әрхам Кәкітайұлы: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. Енді ол кісі 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып, «Қағбатолла, кұдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім», – деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап беріседі. Құнанбай қасына өзінің асырап алған іні есебінде ұстаған адамы Ызғұттыны ертіп, жолдан руы қаракесектің байбөрісі, бұдан бұрын Меккеге бірнеше рет барып қайтқан Өндірбай қалпеге барып, сол кісіні басшылыққа алып кетеді».

Тақияны салдырғанын мойындататын нақты дерек – 1883 жылы Қазан қаласында шыққан «Маңызды мәселелер кітабы». Онда: «Бадауи ғарибның түйесі бирлән он екі күнде Байтоллаға бардық. Құрбан айының басында Меккеде қазақ Тәбиесіне түстік. Кіші жүз салдырған. Қанатбай деген қазақ тұрады екен. Құнанбай қажының да Тәкиесі бар екен», – деп жазылыпты.

Араға отыз жыл салып барып Тәкияны көрген Шәкәрім қажы: «1874 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетұғын Мекеде бір тәкиә, яғни үй сатып алып, құдайы қылып еді. Осы күнде кіші тәкия деп атайды. Кіші жүзден бір Сұлтан деген бек ғалым жігіт ие болып тұр. Басында қажы марқұмның қойған күтушісі Қанатбай сопы еді. Ол кісі өлген соң кемпір қатыны бір жиен қызын асырап тұрған кезде осы Сұлтан кез болып, кемпір соған жиен қызын беріп, тәкияге Сұлтанды ие қылыпты. Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім. Менен бұрын қажылар кіріп қалған екен. Оларды ренжітпей, пәтер алып түстім. Бірақ Сұлтан айтты: Бұл тәкия осы күнде кіші жүз Досжан қажының атына жазулы екен, не себеп екенін білмедім деді. Соны 31 жыл бұрын ескі дәптерден қаратып білмекші болып, дәлелге барып, ертен шарифке барғалы тұрғанымда алланың тағдыры, қатты науқастандым, жазылар-жазылмастан кіші дәлеліміз Ибраһим Малуани деген қапыла жүріп барады деп түнде хабар қылып жүріп кеттім. Қажы марқұм тәкияны: мен бастап алсам да, кіші жүз қажылары көп ақша берді деп еді, сол себептен бе, яки құдайы қылған Досжан қажы атына қалдырған ба, біле алмадым. Қажы марқұмнан кейін біздің таптан қажының туысқаны Жақып баласы Ақберді марқұм барып Меккеде өтіп еді, сол жолы құдай тағала нәсіп қылып, қабырына зиарат қылдым. Марқұм қажының дін туралы қылған істерін түгел айтып, бұл кітапшаға сыйғыза алмаспын, қазақ ішінде атын үш жүздің қазағы түгел білетұғын орны бар еді, бірақ бұл күнде ертегі сөз сықылданып ұмытылған шығар», – деп жазды (23).

Осы айтылған деректі Ахат Шәкерімұлы кеңейте былай баяндайды: «1874 жылы Құнанбай 70 жасында Меккеге бармақ болады. Елін жиып алып, батасын алады. Халық Құнанбайдың оң сапарын тілеп, аман келуін сұрасады. Құнанбайдың қасына өзінің асырап алған баласы – Ызғұттыны ертпек болады. Ешбір адам Ызғұттыны асыранды демейді. Құнанбайдың Меккеге жүретінін естіген соң, Шәкәрімнің шешесі Төлебике өзінің күндесі Ботантайды, балаларын жиып алып ақылдасып, қалаға мал саттырып, Құнанбайдың жол қаражатына деп ақша апарып береді. Құнанбайды келін-балалары «Тәте» дейді. Құнанбай Меккеге жүрерде екі келіні балаларын ертіп, батасын алып қаламыз деп Құнанбайдікіне келеді. Сонда Құнанбай:

– Қарағым келіндерім, мен сендерге үлкен борыштымын. Сендер бірің 34 жаста, бірін 29 жаста Құдайбердіден жесір қалдыңдар. Одан қалған баланы ер-жеткізіп, тәрбиелеп, өсірдіңдер. Балаға деген аналық мейірімдеріңді басқа ешбір өмірге айырбастамай, тек мына немерелерімді адам етіп шығаруға жұмсадыңдар. Міне, сол еңбектерін бүгін өтеліп, ешкімге көзтүрткі болмай ержетті. Екеуіңнің осы қарыздарың менін мойнымда, екеуің не қаласаңдар да берем деп еткен уағдам бар еді. Және мынау отырған балаларым мен немерелеріме өлгенше сендерді сыйлап өтіңдер деп көзбе-көз тапсырмақ едім. Құдайберді менің төл басым еді. Ол бір анадан жалғыз болып, жастай қайтыс болып, артына жас балаларын қалдырып кетіп еді. Сол ақ үрпек балапандарын аялап өсірген сендер. Құдайберді өлгенде, балалары жетімдік көрмей, ержетер ме деп арман еткен едім. Сол арманым орындалды, оған құдайдан соң, екі келінім, сендер себеп болдыңдар. Құдайбердінің балалары қағу-тарту көріп жүрсе, маған арылмас қайғы болар еді. Сондықтан екеуіңнің менде қарыздарың бар деуім сол деп келіндері мен немерелеріне батасын береді.

Меккеге барған соң, ондағы жалпы жағдаймен танысады. Онда нашар, кедей адамдар келсе түсетін, тегін жататын орынның жоқтығын байқайды. Осы оймен Меккеге барған қазақ байларының басын қосып:

–       Біз осында құдай жолы деп келдік, бәрімізде нашар емеспіз, жететін қаражатымыз бар. Ал осында қаражаты жоқ, кемтар келсе, қайда жатпақ? Пұл төлеп жатуға шамасы келмесе, не істемек? Сондықтан біз ортамыздан ақша жинап, бір жатақхана салдырып, кұдайы қылсақ, оған нашар-кемтарлар жатса, үлкен сауап болмай ма? Және кұр қажы болып қайтқанға мәз болмай, халыққа, оның ішінде нашарларға жәрдемі тиетін іс істеп қайтқанымыз жөн емес пе? Бізді көріп тағы игілікті іс істеп, бірте-бірте үлкен сауап істер істеліп жатпай ма? – дейді.

Осыны айтқан соң, қазақ қажылары орталарынан ақша жинап, бұл істі басқарып, орындауды Құнанбайға тапсырады. Құнанбай ағаштан астылы-үстілі үлкен жатақхана салдырып, құдайы қылып, оған Қанатбай деген адамды күзетші, басқарушы етіп тағайындап қайтады. Әрі өжет, әрі қайратты жас Ызғұтты қайраты қайтып қалған Құнанбайға жол ауырлығын көрсетпей, елге алып келеді.

Құнанбайдың алдындағы қияметтік парызын өтеген Ызғұттының тағдыры да ерекше. Ол туралы Н. Алдажаров марқұм қатирасына мынадай естелік жазып кетіпті:

–       Құнанбайдың Зереден туған әпкесі Тайбаланы Зере өзінің бауырына атастырса керек. Зеренің төркіні найман ішіндегі Тоқабай. Тайбала ұзатылмай тұрғанда Өскенбай қайтыс болады. Құнанбай Тайбаланы атастырған жеріне бергісі келмейді. Оны сезген Зере қызымен ақылдасып, төркініне хат жаздырады. «Тайбала әр аттың басына киілетін ноқта емес, өздерің келіп алып кетіндер», – дейді. Осы хатты алған Зеренің төркіні Тайбаланы алып кетуге келгенде Құнанбай ауылда жоқ екен. Кешке жақын Құнанбай ауылға келсе, бөтен қонақтар барын біледі. Шешесінен: бұлар кімдер, – деп сұраса шешесі: Тайбаланы алып кетуге келген қайындары депті. Сонда Құнанбай шешесіне: қызыңды өзіңіз ұзата беріңіз – деп кетіп қалыпты.

Ертеңіне шешесі үш қанат отауын арттырып, қызын ұзатып жіберіпті. Осыдан кейін Тайбалаға ат ізін салмапты. Тайбала өзінің ақыл-парасатымен әрі нағашысы, әрі қайын жұртын билеп-төстеп кетіпті. Өз еркімен күйеуіне тоқал алып береді. Сол өзінің күндесі үш ұл табады. Оны Тайбала бауырына салады. Өзі бала көтермепті.

Торғайдың Құлыншағының шетінен батыр «бесқасқа» атанған бесеудің бірі Манас сыбан жаққа барады. Онда Ырғызбайдың бір қызы бар екен. Ол туысы Манасқа: «Таяу жерде Тайбала апан болып-толып жүр, сонда бар», – депті. Сонымен Манас Тайбаланы іздеп барса: Бауырым іздеп келді деп жеке үй тіктіріп, қыз-келіншектерді жиып, ойын-сауық құрғызып, Манасты бір жұма күтеді. Бір күні Манас қайтуға рұқсат сұрайды. Сонда Тайбала:

–       Құнанбай Тайапана сәлем айтты: малдың керегі жоқ. Жақсы болса – ұл болар, жаман болса – құл болар. Бір баласын берсін, – деп сәлем айтты дегейсің, – дейді.

Ертеңінде ауыл ақсақалдары жиылып: Қарағым құда, қайтам десең, рұқсат. Қалаған бұйымтайыңды айт, құдайға шүкір бәрі де бар депті. Сонда Манас түнде Тайбала апасының үйреткен сөзін айтады. Ақсақалдар өзара ақылдасып жауабын ертең айтамыз деп тарасыпты. Баланы бермесе Тайбаланың көңіліне келеді, берейін десе баланы қимайды. Ақыры ақылдасып, ойласып, 8 жасар ортаншы баласын беруге ұйғарады. Түнде ұйықтап жатқан Манасты оятып: Баланы бермек болды. Мен азыққа бір бағланның етін асып қойдым. Сусынға құрт ездіріп, торсыққа құйдым. Бауырсақ пісіріп жатырмын. Қасыңа екі жігіт қосып берем. Ел шетіне дейін шығарып салады. Өзің қайт деген жерден қайтады. Жолай ешкімге соқпай түнде Құнанбайға апарып бересің, – дейді.

Тайбала өзі айтқанындай Манасты қош айтып шығарып салады. Манас ел шетіне келген соң екі жолдасын қайтарып, түнде Құнанбайды оятып, бастан-аяқ болған уақиғаны айтады.

–       Ендеше бұл уақиғаны ауызыңнан шығарушы болма. Егер басқа біреуге ауызыңнан шығарсаң, менен жақсылық күтпе, – деп Манасқа ескертеді.

Бала мініп келген ат-тұрманды Манастың өзіне беріп, баланы жетектеп үйге алып келіп бұрынғы атын өзгертіп Ызғұтты атаған. Осы Ызғұтты ер жетіп пысық жігіт болады. Бала-шағалы, дәулетті болған. Қонысы қысы-жазы Құнанбай балаларымен қатарлас, жұбы жазылмаған. Ызғұтты Құнанбай қажыға барғанда өзіне күтуші ретінде Меккеге ертіп барып, қажы атағын алған. Осы Ызғұттыны ел «кіші қажы» атады. Ызғұтты Құнанбайдың бейітіне жерленген. Үлкен баласы Молдахметтің зираты осы күні Жидебайдан 3 шақырым жерде әлі тұр.

Ызғұттының Қажығайдар деген кіші баласы пысық болды. Әзімбайдың Зұлғарыш деген баласының қарала аты жоғалады. Осы атты Зұлғарыш іштей араз Қажығайдардан көреді. Екеуі жанжалдасып ұрсысады. Сонда Зұлғарыш Қажығайдарды «кірме құл» деп тілейді. Осыны кек тұтқан Қажығайдар бастаған Ызғұтты балалары 1928 жылы сыртқа шықпай, Құнанбай балаларынан бөлініп қалады. Ел жайлауға шыққанда бір күнде түгелдей көшіп осы күнгі Ақсуат ауданындағы туыстарына барады. Жайлаудағы елге осы хабар естілгенде мұндағы Ырғызбайлар улап-шулап, Зұлғарышты қарғап-сілеп қала берген. Ызғұттының ұрпағы баршылық. 1983 жылы Көбей деген немересі Жидебайда мен тұрғанда әдейі іздеп келіп кетті (30).

Осы сапардағы екінші бір тұлға туралы Б.Сапаралин: Құнанбай мырзаның Қағбатоллаға барған сауап сапары туралы дәлел келтіретін тағы бір дерек – 1900 жылы Қазан баспасынан жарық көрген «Қисса Өндірбай қалпе» деп аталатын кітап (бастырушы семейлік Әбдірахман Жүсіпұлы). Қиссада сүйегі қаракесек Өндірбай қалпенің Мек­кеге үш рет барғаны жырланады. Өндірбай қалпе Меккеге Құнанбай мырзамен бірге жүрген. Құнанбай кажы Өндірбай қалпеге пейілі түсіп, кенже ұлы Оспанға (1851-1891) қызы Зейнепті айттырып әпереді. Құнанбай мырзаның қажылық сапарына қатысты өлең жолдары мынадай:

Енді екінші сөйлейін сапарынан,

Білгенімше таратар, келді кезім.

Тобықтыда Құнанбай жүрмек болды,

Көруге бек ынтызар Мекке жүзін.

Қазақта кім бар еді Құнанбайдай,

Жаратқан абзал қылып патша құдай.

Мойыныма парыз қалар деп ойлады,

Меккені өліп кетсем тәуап қылмай.

Қажы Өндірбай қалпе Меккеге үшінші рет барғанында оба ауруына шалдығып, дүние салады, – деп жазды (38).

Исі қазаққа аңызға айналған сапар туралы бертінге дейін әр түрлі өтірік-шыны аралас сөздер тарайды. Солардың кейбірі мұрағаттың тартпасына түсіп, дәлел орнына жүргендері де бар. Мысалы, аса ықтиятты зерттеуші М.Бейсенбаев: 1970 жылы 102 жастағы Көріпбайдың Жақыпбек деген ақсақалмен әңгімелескенімізде ол кісі былай деген еді: «Құнанбайдың Меккеге барғанына биыл (1970 жылы) 95 жыл болды. Ескі жыл есебімен тышқан жылы барған екен. Құнанбай жанына Жамал деген Қызылжардың ақшалы әйелін алып кетті. Ол әйелдің күйеуі Қызылжардан келе жатып өлген. Осы әйел де Меккеде қайтыс болып, оның қаражатымен Құнанбай Тәкиесі салынған. Меккеге барғандар қонақ үй етіп жатады деп келді бір жылдан соң барған Шал қажы», – деген (Абай музейі. КППМ – 989) деректі дәлел ретінде келтіреді (32).

Біздің пайымдауымызша бұл – қиссадағы көркем қиялды шындыққа балаған балаң ойдың бопсасы. Бейсембай ақынның «Түсіпхан» дастанының оқиғасын ақиқат ретінде танып, аңыздан ақиқат жасау – Құнанбайдың өзіне қиянат. Бұл әфсананың шындығы мынадай.

Ұлы Абайдың қалыптастырып кеткен бір үлгісі – дала ғұламасы парасат нұрын өз санасына сіңіріп қана қоймай, бар талантты жастарды қасына жинап, қыс бойы оларға арғы-бергі дүние мен қазақ тарихынан өзінің біліп-түйгенін айтып беріп, «қара сөзден өлеңді оңай көретін» қазақ зейініне арнап, сол оқиғаларды дастанға айналдыруды Шәкірттеріне тапсырып отырыпты. Бір тақырыпты екі-үш адамға ұсынып, қай ұнағанын жұрт назарына салуға рұқсат еткен. Өнер, ой бәсекесіне ерік берген. Ақылбайға – Кавказдағы шағын халықтың өмірі жөнінде «Дағыстан», Африкадағы тайпалар тірлігінен «Зұлыс», Шәміл көтерілісі хақында «Шәміл»; Мағауияға - Ніл дариясындағы құлдардың рухани күресін бейнелейтін «Медғат - Қасым», Көкбайға - қазақ тарихын қамтитын «Сабалақ», Шәкерімге – елдің ескі тұрмысынан «Қалқа- ман – Мамыр», «Жолсыз жаза» дастандарын жаздырды. «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы» негізінде «Жеті үй» хикаясын елге тараттырады. Жеті бөлмеде жеті жігіт, жеті қыз отырады. Әр жігіт әр қызға жеті-жетіден қызықты әңгіме айтады. Сонда 343 хикая! Боккачоның «Декамеронымен» қарайлас! Әттең, ол қолжазба сақталмаған. Жұқанасы ғана Қарауылдың ертегішісі Жұмакүлбайдың есінде қалған. Ол да қағазға түспей кетті. Тағы бір рисал: Абайдың ауылында аяқ-қолы быртық мүсәпір Түсіпхан атты Қарқаралы жақтан келген мүгедек адам болыпты. Абайға нағашы болып келеді. Кешке қарай төбе басына бір топ шәкірттерімен шығып, айналаны шолып тұрғанда, өздеріне қарай домалаңдай басып келе жатқан Түсіпханды көзі шалады да: «Шіркін-ай, мына Түсіпхан да өмір сүрдім дейді-ау. Қатын-бала, артында қалар қайратты әрекеті, ұшқыр сөзі жоқ. Ақындықтарыңа, адамгершіліктеріңе сын болсын. Осы Түсіпханды мәңгілік есте сақтап, ұмыттырмайтын естелік қалдырыңдаршы», – депті Абай. Мағауия мен Көкбайдың өлеңі ұстазға ұнамайды. М.Әуезов Абайдың ақын Шәкірттерінің бірі ретінде барлық зерттеулерінде баса көрсететін, тобықтының арасындағы аз ағайын торғайдың ішіндегі Бейсенбай ақын қазіргі жұртқа мәлім, «жүрегінді жылататын» «Түсіпхан» қиссасын шығарады. Сол нұсқаны ұлы ақын мақұлдап: «Бейшараның аты енді өшпейді. Өзі көрмеген қызықты, жар ләззатын кіргізіп жан азабын, арманда кеткен ғұмырын әсерлі жырлапсың», – деп қош көріпті.

«Түсіпхан» дастаны Абай ауылында кеңінен тараған, Шәкерім биік көркемдік дәрежеге көтерген софылық поэзияның үлгісінде жазылған. Дастанда Түсіпхан он төрт жерге ләкпе салдырған, төрт әйелі бар, қазынасына есеп жетпейтін атақты мырза, көпес. Өзі келбетті, төрт мүшесі түгел, көрген кісі сүйсінерліктей адам. Ал өмірдегі Түсіпхан мүлдем басқа. Аяқ-қолы мыртық, аяқтары теріс біткен, жарлы, әр ауылды аралап күнелтіп өмір өткізген, тұрақты мекені болмаған. Оның осындай өмірлік өксіктерін Бейсенбай ақын софылық дәстүрмен астарлап жеткізген. Дастандағы қанша көпес болса да: «топыраққа өкшемнің ізі түзу түспеді», – дегенде аяғының теріс біткенін», жамал сұлуға үйлендім бейнесі ғайып» дегенде – дидары ғайыпсұлуға (арабша – жамал) қолы жетпегенін, өлгеннен кейін естіртуге туыс таппауы, Түсіпханның елі мен жерін Құнанбай мен Абайдың қатар іздеуі – Түсіпханның тұрақты елінің жоқтығын мегзейді.

Кезінде халық арасына кең тараған бұл дастан XX ғасырдың басында «Түсіпхан» деген атпен жеке кітап болып басылып шыққан. Кітаптың басылымы сақталмаған. Байғали Бейсенбаевтың халық аузынан, Тұрсын Жұртбай мен Думан Рамазанның Күмісбек Әбілақашұлынан, Иманғазы Нұрахметұлының Бекей Ғабдолұлы деген молладан алпысыншы-жетпісінші жылдары жазып алған қолжазба нұсқалары сақталған. Ескерте кететін бір жағдай: «Түсіпхан» қиссасы туралы әр түрлі пікір білдіріп, дастанды Абай мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазған екен-мыс, Жамал сұлу Құнанбаймен бірге шынында да Меккеге барған екен-мыс, Түсіпхан Абайдың жан досы болыпты-мыс деген жаңсақ ойлар айтылып жүр. Ғылыми талдау мен зерттеу арқылы жоғарыдағы пікірлерді дәлелдеу бұл жинақтың мақсатына кірмегендіктен де қате пікірлерге тоқталмадық.

Бұл оқиғаны Мұхтар Әуезов білгендіктен де: қазірде Құнанбай жайынан айтылатын тағы бір сөз: бұл кісі баласы Абай елді меңгеріп алған кезде, кәрілік жетіп, ел сөзінен шыққан. Сонымен, 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген сон, 8-9 жыл өмірін ылғи дін жолындағы құлшылықпен өткізген. Бұл жылдардағы өмірі өзінің жаратылысында бойына біткен қаттылық, беріктігінің белгісімен ерекше күйде өткен. Меккеден келген соң, «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде, шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылуда болған.

Бұл мінезі туралы сырт ел «тіл байланды» деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөздер бекер, – дейді.

Дүние ісінен бет бұруға ұмтылғаны шындық. М.Әуезовтің қатирасында Құнанбайдың Меккеде қалып қою ниеті болғанын, тек орыс-түрік соғысы басталып кеткеннен кейін кешіккені үшін Ресей консулы айып-пұл салып, ырықсыз қайтарған деген жазу бар. Әке мен бала арасындағы суысуды, яғни Құнанбай мен Абай арасындағы қатқыл сөздердің тамырын олардың өмірге деген көзқарастарының қайшылығынан іздеу ең сенімді себеп сияқты көрінеді. Әрине оның да жаны бар. Бірақ мұны бітіспейтін егерлік деуге келмейді. Түпкі түйткілді Құнанбайдың емес, «өрге шауып, төске өрлеген» Абайдың да іс-әрекетінен іздеген дұрыс. «Әкеден бала ойы өзге» болған күннің өзінде де үнемі соңғысының дегені деген емес сияқты. Сондай бір әкелік айбатты Құнанбай қажыдан қайтып келген соң, Абайдың мына мінездері үшін көрсетсе керек. Біріншіден: Абай әкесі жоқта Әйгерімге ырықсыздықпен үйленген. Ол туралы әңгіме өз алдына бір сала. Екіншіден:

1876 жылы 6 желтоқсанда орыс-түрік соғысы басталғанда қыр елінің Абай бастатқан бір топ адамдары мына мағынада хат жазады /хаттың тексі орысша және араб әрпімен қазақ тілінде жазылған/: «Христиан дініндегілерге түріктер салған қантөгіс соғыс туралы хабар біздің алыста жатқан Арқаға да келіп жетті. Біз үшін жаудың әділетсіздігі аян. Түріктер бізбен бір діндегі адамдар. Біз олардың кінасын көріп отырмыз. Олар бізді қорғап отырған христиан дініндегілерге қысым жасауда. Мұсылман діні басқа діндегілерді қысымға алуды талап етпейді және мақұлдамайды. Олар мұсылманшылық парызын ұмытып, тонаумен, қысым жасаумен, қантөгіспен шұғылданып отыр. Жау түріктер жеңілетіні бізге жарық күндей аян. Азаматтарымыз бен сәйгүлік жылқыларымызды әскерге қосамыз. Соңғы тұяғымыз қалғанша көмек беріп, адалдығымызды көрсетеміз. Сөйтіп бізге тыныштық, тәртіп, заң орнаса, алғыс айтамыз» /ЛМА, КП - 1988/.

Хаттың соңында Абай өзі бас болып, інісі Ысқақ, құдасы Мүсірәлі Алыбаев, уақ елінің бірнеше болыстары қол қойып, орыс әскеріне көмектескен. Меккеден жаңа келген Құнанбай баласының бұл қадамын қолдамағаны анық. Екі арадағы түсініспеушіліктің басы да осыдан туындаса керек. Өйткені мұсылман дүниесін өз көзімен көрген, түркі елінің мақсат-мүддесіне қанық Құнанбай үшін оған қарсы қаракет жасау – қиянат.

М.Әуезов: Құнанбай мінезінің бірбеткей, берік, ұстамдылығын оның өмірінің соңғы жылдары әсіресе айқын көрсетеді. Ұзақ өмірінде талай алыс-жұлысты басынан атқарып кеп, ақыры Мекеге барып қайтады да, өз-өзіне серт беріп «дүние сөзіне енді араласпаймын» деп шымылдық түсіріп, елден аулақ отырып алады. Сол күйде дау-шарға шынымен бір де бір араласпай, жеті жыл анық тыйылып отырып барып қайтыс болады. Заманында хатқа жазып қалдырған адамдар болмағандықтан Құнанбайдың көп тапқыр сөз, терең ойлары сақталып қалмаған. Бірақ анық Құнанбайдың өзі айтты деген сөздер сонда да жоқ емес. «Арымнан – жаным садаға, жанымнан – малым садаға», «Жарлы кісі жамалар, жамалар да қуанар», «Адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады», «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі: құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын» – деген сияқты сөздері Құнанбайдың өз ортасына үлгі айтам деген адам екенін танытады».

Құнанбай 1886 жылы тамыз, екінші естелікте мизам айында 82 жасында қайтыс болған. Шәкерімнің жазбасында: «Қажы марқұм 1885 жылы август айында 81 жасында – тауық жылы өтті», – делінген. Біздің пайымдауымызша мұндағы парық қолжазбаны оқыған адамның араб санын дұрыс айыра алмағандығында не баспаның қатесі деп қарау керек.

Ай аттары мен күнтізбелік өзгерістерді ескерсек, бұл екі дерек бір-бірін жоққа шығармайды. Бұл – Абайдың үстінен көптеген арыз түсіп, мырзақамақта жүрген кезі болатын. Ел ішінен тыныштық кеткен тұста әкелеріне ас бермегенің қалың қауым мін санаған. Ол туралы Кеншімбай ақынның:

Сәлем де Ыбырайға, бөлем еді,

Ac беріп Құнекемді елемеді!

Жер ошағын тастады-ау қоңырсытпай,

Екі күн ел күткеннен өлер ме еді?! –

деген (23) өлеңі де бар.

Абайдың сол жылы шыққан өлеңіне емеуірін жасай отырып Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Дала уәлаятының» 1889 жылғы I желтоқсандағы 48-санында: «Ғазитләрнің ішінде бір тақпақ өлең Құнанбай баласынікі деген халыққа жайылды. Ол өлеңнің байлығы жақсы білініп тұр, бірақ халыққа пайдалы іске жаһат қылғаны білінбейді. ... Біз Ыбырай мырзаның өнерін Құнанбайдан артық деп естіген едік. Артында байлығы һәм келісті болып өлеңге қосылып тұрған соң, өлеңіне өнерін муафиқ қылып сөйлесе керек қой деп айтып жатырмын.

Осы күнде Құнанбайдың дүниеде бар-жоғын біле алмай тұрмыз. Құнанбай дүниеде бар шығар деуге тірі кісінің тіршілігі болады – ол жоқ, өлі кісінің өлгенінің белгісі болады – ол жоқ», – деген уәж білдірді.

Жылын Семей қаласында беріп, 40 молдаға қатым түсіртіпті-міс деген сөз бар. Құнанбай өзінің қыстауы Кіші Ақшоқыда жерленді. Ол зират та талай талқыдан өтті. Ол туралы Бекен Исабаев өзінің «Ұлылар мекені» атты кітабында былай деп жазды:

– Кіші Ақшоқының іргесіндегі төбешіктердің жазанында Құнанбай қажының кең ауқымды алып тұрған тас бейіті тұр. Бейітте бірөңкей қажының өз ұрпақтары жерленген. Сырт кісіден Тілепберді Майшоқыұлы мен Ізғұтты (Шибай) жерленген. Зираттың іргесінде біз көрген 40-жылдарда үш тас сандықша (ат бесік) бар еді. Ахат Құдайбердіұлы: «1885 жылы Омбыда Халиолла өліп, қажы сүйегін алғызып, Ақшоқыға жерлеткен» дейді. Ал, Архам Ысқақов: «Халиолланың сүйегі Шыңғыста. Айғыз қыстауы – Сарықатында жерленген», – дейді. Біз бұл жөнде Ахат Құдайберді ұлының емес, Архам Ысқақұлының дерегін мақұлдаймыз, Құнекең 1886 жылы мизам айында өліп, зират иесі есебінде зираттың сол жақ іргесіне қойылған. Ал Халиолланың сүйегін Омбыдан алғызып тұрып, сүйікті ұлына Қажы зират тұрғызбай қоймайды. Ертеден бар үш сандықшаның біріне Халиолланың жерленетін жөні жоқ. Ақшоқы атырабының жайына Ахаттан гөрі Архам әбден жетік кісі. Әрхамның әкесі Кәкітай түгілі Ысқақтың қонысы – (1860 жылдан бері) осы Ақшоқы. Әрхам өзі Үлкен Ақшоқыда 1883 жылы туып, 1925 жылға дейін осында тұрған. Ал Ахат болса, Шыңғыста туып, ержете келе оқуда болды. Одан кейін қуғындалумен жүрді. Біз Халиолла Шыңғыста, анасы Айқыздың қыстауы Сарықатында жерленген дейміз.

Құнекеңнің зиратының ұзыны – 13,5 метр, ені – 10 метр. Шикі кірпіштен қаланған. 1977 жылы тастан қайта тұрғызылған, ұзыны мен енінің бұрынғы қалпы сақталған. Зираттың тау жақтағы бөлігі – Кәкітайдың бейіті, Құнекеңнің зиратына жалғас тұрғызылған. Оның ұзындығы – 17 метр. Екі зираттың ені бірдей 10 метрден. Сырт қарағанда тұтас бір-ақ зират боп көрінеді.

Зираттың екі бөлігіне де мәйіттер төрт қатар боп жерленген. Құнанбай зиратының төргі қатарына (кейбірі жер боп кеткен, жігі білінбейді) 6-7; одан төменгі екінші қатарында 8-9; үшінші қатарында да сол шамада; төртіншісінде – 11, барлығы отыздан астам қабір бар сияқты. Ал Кәкітай жақ бөлегіндегі қабірдің жалпы саны 50-ге тарта. Құнекең зиратының төргі қатарынын сол жақ іргесіне жерленіпті...

Біздің қолымызда Ысқақ шөбересі Әрхамқызы Марияның (жалған аты Мінәш) қойын кітапшасы бар. Мінәш 1943 жылы тамыз айының 6-жұлдызында әкесі Әрхаммен бірге келіп, зираттағы ата-баба, туыстарының орнын белгілеп, жазып алған көрінеді. Жазуы да сол уақытына сай қара қарындашпен түсірілген. Кітапшада Құнекеңнің сол жағында баласы – Ысқақ, одан соң – Тәңірберді, қажының аяқ жағында (екінші қатарда бірінші) – Әбдірахман, одан соң Ысқақтың аяқ жағында Мағауия қабірленді, – деп тұр.

Ескерту: Біздің анықтауымызша, бұл зиратта марқұмдарды жерлеудің, өзіне тән бір тәртібі байқалады. Төргі қатарда – ата балалары. Екінші қатарда – немерелер, үшінші қатарда – келіндер, төртінші қатарда – ағайындар.

1-қатарда

Құнанбай Өскенбайұлы – 1804-1886 ж.ж.

Ысқақ Құнанбайұлы – 11 мамыр 1847-1902 ж.ж.

Тәңірберді Құнанбайұлы – 21 көкек 1834-1906 ж.ж.

Жақып Өскенбайұлы – 1814-1906 ж.ж.

Солтанбек Өскенбайұлы – 1837-1907 ж.ж.

Ызғұтты Шибайұлы – 1830-1908 ж.ж.

Смағұл Құнанбайұлы –1 маусым 1852-1932 ж.ж.

2-    қатарда

Әбдірахман Ибрагимұлы Өскенбаев – 1868-1895 ж.ж.

Мағауия Ибрагимұлы – 1870-1904 ж.ж.

Тілепберді Майшоқыұлы – 1828-1909 ж.ж.

Құтайба Мағауияұлы

Ысқақ Ырсайұлы – 1860-1930 ж.ж.

3-    қатарда

Мағрипа Сүлейменқызы – 1873-1896 ж.ж.

Мөржан Қамбарқызы – 1881-1904 ж.ж.

Мәніке Шүрекбайқызы – 1846-1909 ж.ж.

Нұрғаным Бердіханқызы – 1843-1908 ж.ж.

4-    қатарда

Мұндағы жерленген марқұмдардың көбінен хабарсызбыз. Зираттың Кәкітай жақ бөлігінде:

Кәкітай (Әбдікәрім) Ысқақұлы – 1870-1915 ж.ж.

Әуезхан Бердіханұлы – 1830-1918 ж.ж.

(Кәкітаймен арасында бізге белгісіз бір адам жерленген).

Пайғамбар Хадисінде: жұртқа берген білім қуған перзенті, мұраға қалған құраны, салдырған қонақ үйі, қазған кұдығы, тірі кезде берген садақасы, – марқұмның атына тиесілі делінген.

Осы жер – Құнанбай мырзаның мұсылмандық парызы пайғамбар хадисіндегі шарттарға толық сай келеді. «Ескі тамдағы» мектеп, Қарқаралыдағы мешіт, Мекедеп «тақия», перзенті Абай – соның куәсі.

Бақилық қонысыңызда Алла дәргейінде бола берініз,

Жарықтық!

Біз де осы фатиқаға қосыламыз.

 

5

Қысқа қайырғанның өзінде, осыншама қайшылықты, тартысты, жаугершілік пен шабындыны басынан кешкен тобықты жұртының Шыңғыс тауы үшін күйінді болған жарты ғасырлық жанталасы осындай. Мұхтардың романында бұл айтылған жайлар әрбір бетте кездеседі. Кейде автордың баяндауынан, кейде кейіпкер аузынан айтылады. Ру тартысындағы кіжінулерді қоздыратын қыжыл да, зар қақсаттырған запырын да сол – жер, атамекен үшін, өмір үшін күрес. Алмағайып осындай заманда елдің басын біріктіріп, жиып, сергек ұстау үшін де қаталдықтың өзін ақтаған тұстары болды. Романдағы «Кеңгірбайдың жолсыз жазасы», «ырғызбайшылық» де­ген емеуіріндердің астары, матай мен тобықты арасындағы шиеленістің түйткілі жоғарыдай. Қабанбай батыр 1775-1780 жылдардың мөлшерінде Әтеке жырықты талқандаған соң, Жоңғар Алатауынан Матай батырға жер бөліп береді. Олар көшкен соң – Орда, Ақшоқы, Қарауыл, Маян жазығы тобықты руының еншісіне көшеді.

Міне, осыншама кереғар қасиеттерді бойына сіңірген, қайшылығы мол «мемлекеттік адам» Құнанбайдың романда тек көлеңке жағы қамтылып, күнгей бетінің жылуы қалыс қалған. Кейде сол дәуірдің ғадеті бойынша шындыққа сыйымды, тіпті солай істеуге тиісті шешім - әрекетінің астары аударылып, теріс көмкерілген, яғни Мұхтар тарихи шындықты белінен басып, өз ілхамына қарай иген, кей тұстары иіп қана қоймай, морт сындырған.

Бұл сонда нақты өмірде болған, белгілі бір қоғамнын мүддесін қорғап, саналы түрде қилы-қилы қимыл-харекет қылып, билік айтқан тарихи тұлғаға жасалған қиянат емес пе?

Егер де көркем дүниені қарабайыр шындықты қарапайым жүйеге түсіріп, сатылап суреттеп беру деп түсінсек, онда әрине қиянат. Ал «Абай жолы» эпопеясы Мұхтар іспетті ұлы суреткердің бүкіл көшпелілер әлемі туралы түйген ойын, жан азабын, рухани күшін, тіршілік ғұрпын толғай түйіндеген дербес, көркем ойынын қоры десек ше?

Онда – жазушы айыпқа тартылмайды.

Құнанбай Мұхтар үшін, тек образ ғана. Ол – Абай­дың даналығын, қапа көңілін, «етекбасты өмірін» ашу үшін ғана керек, демек, әкесі баласының мүддесі үшін күйінді боп тұр. Сол үшін де, бойындағы бар жылуын, мейірім-қайырымын, жақсылық шуағын Абайға емізіп, өзі қынабынан суырған қара қылыштай сұсты сұрқымен қалған. Оның үстіне, романда Құнанбайға қатысты баяндалған мінездемелер мен оқиғалардың бірде біреуі ойдан шығарылмаған. Бәрі де шын. Тек, автордың емеуіріні басқа.

Ондай емеуірін-мегзеуді қалай астарлаймын десе де Мұхтардың құқы бар-тын. Себебі, жазушы көркем шындықтың еркіне бағынады. Сол үшін қандай да болсын тәуекелге бекінеді.

Екіншіден, өзге емес, дәл Мұхтар өмір сүріп, қолына қалам алған жылдары, тарихи деректің дәнін тәрік етсе де, бірен-саранын сол қалпында алып, Құнанбайдың өзін-өзі ақтауына мүмкіндік қалдыруына болар ма еді. Қайдам. Қыр қазағының бойындағы бар қатыгездікті, кертартпа мінезді Құнанбайдың қара басына үйіп төккеннің өзінде: «автор патриархальды-феодалдық қоғамды келер ұрпаққа өмір сүрудін үздік үлгісі есебінде ұсынады. Феодалдық-патриархальдың ескілікті М.Әуезов екінші кітабында да сүйсіне үлгі қылады» (40), – деп Мұхтардың көзін шұқыған «сыншы» қауым, Құнанбайдан сәл ғана жақсылық сәулесін аңғарса, қандай үкім шығарарын болжау да қиын. Сондықтан бұрын да, кейін де Мұхтарды кінәлай ренжіген өкпелер орынсыз, ол айыпқа саналмайды. Ал Құнанбайға қатысты өмірлік дерек пен образдың аражігін ажыратып, ақ-қарасын айыру – әдебиет зерттеушілерінің, яғни біздің міндетіміз.

Енді, соған көшейік.

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.