Сұлтан Ыбырай: Отыз сегізінші қара сөздің мұраты

«Сахарада өмір кешіп жүрген қазақ балалары үш түрлі жолда болады. Біріншісі: жасынан бір ауыз ғылым оқымаған, әліпті таяқ деп білмейтін, айуан секілді ішіп-жеп, мал бағып, өсек аңдып, айтуға ауыз шошитын неше түрлі бұзық мінезділермен қараңғылықта күнін өткізіп барады. Екіншісі - бұрынғы аян молда, надан қожа-ишандардың жолымен кетіп, атсаң оқ, айтса сөз өтпейтін миларын шатастырған қияли болады. Бұл екі түрлі дертке мүптала-кіріптар болған туысқандарымыздың дауасына рахметі мол Алла өзі мейірбаншылық қылмаса, басқа тәуіптердің қолынан келмейтіндігі көңілінде ойы болған әркімге күн секілді әшкере болса керек. Үшіншісі - біздер... »

Сұлтанмахмұт. «Зарландым» 1913 жыл

«...Ыбырай марқұмлардың сөзі - бір құрылған тез. Әркім өзін-өзі сол тезге салса, түзелсе керек».

Мәшһүр Жүсіп, 1914 жыл

Сұлтанмахмұттың бір ғасыр бұрынғы зары. Абайдың қайтқанына - тоғыз жыл. Абай заманы, шынымен, тауқыметі көп, тағдыр-талайы қиын, қараңғы, шырғалаң заман еді. Қазір де басқа елден оза шауып алысқа ұзаған жоқпыз, жер мойыны қашыққа кете алған жоқпыз. Жағдай - ауыр, мәселе - күрделі. Сенім мен таным бір-бірінен алшақ, жер мен көктей, күн мен түндей, арасында шытырман жол, адасқақ ой көп. Қадап айтсақ, кешегі тақырып, жауыр болған әңгіме.

Жауап іздеп - көзі жоқ болса да бар қазақтан тірі - сол хакім Абайға жүгінеміз.

Абайдың жолы, ол тәрбилеген ұрпақ, қалыптастырған орта - қазақ қоғамындағы ерекше бір алабөтен институт. Басқасын айтпағанда, Шәкәрім мен Мұхтар - сол институттың түлегі. Алашорда үкіметін құрып, сол елдік жолында, азаттық жолында өлімге басын тіккен ұрпаққа Абайдың ықпалы зор болғанына күмән жоқ, дәлелі - Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын Петерборда шығаруға Әлихан Бөкейханның ат салысқаны және насихаттағаны айта кетер жайт, Әлиханның  Тұзқаладағы тұтқындалу хаттамасында оның дүние-мүлкінің ішінде Абайдың сол аталмыш жинағы көрсетілген. Тағы да бір дәлелін Ахмет Байтұрсынның «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласынан байқаймыз. Семейдің «Алашорданың» астанасы болуында да сол Абай атамыздың әсері болды десек артық айтқандығымыз емес.

Елге жаны ашып, берісі «қазаққа күзетші болу» мақсатында, әрісі «адамзаттың бәрін бауырым» деп сүю үшін, әуелі шынайы иман керек екен. Кәміл иманға жету жолын пендеге жеткізу - «38 қара сөз» - «Ғақлиат-тасдиқаттың» мұраты еді.

Хакім Абайдың  үш білім  бастауларының біреуі әрі бірегейі Құран мен хадистер және шығыс араб - парсы  мұсылман әдебиеттері екені белгілі.

«Ғақлиат-тасдиқат» о баста «Қара сөздерден» бөлек болған, ол тіпті кезінде Абай ауылында ұзатылған қыздардың дүние-мүлкіне қосылып беріліп те отырған. Қазіргі біз білетін «Қара сөздердің» рет сандары бастапқыда басқаша болғандығы, Кеңес үкіметі тұсында «Ғақлиат-тасдиқат» діни трактат болғандықтан цензурадан өткізу мақсатында «Қара сөздердің» құрамына енгізілгені белгілі.

Әңгіме «Ғақлиат-тасдиқат» жайында болғандықтан, Құран мен хадистерге сілтемелер жасап отырамыз. Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадисінде: «Менің ең жақсы ізбасарларым - менмен жүргендер, одан кейінгі ұрпақ (ат-таби'ун) және одан кейінгі ұрпақ (атба'у ат-таби'ин)» деген.

Атап айтатын жайт - Абайдың бұл еңбегінің Имам Ағзам атанған Нұғман ибн Сәбит Әбу Ханифаның (699-767 жж.; хиджра бойынша 80-150 жж.) «Әл Фикһ әл Акбар» еңбегімен ұштасып, сабақтасып жатуы. Әбу Ханифа Куфада туып, сонда діни озық білім алған. Әбу Ханифаны біреулер ат-таби'унға, ал кейбіреулер атба'у ат-таби'инға жатқызады.

Тағы бір қызық жайт - атақты хадистер жинақтаушы имам Бұхаридің әкесі Исмаил  Абдулла б. Мубарак және Хаммад б. Зайдтардан білім алған, ал олар Әбу Ханифадан сауат ашқан. Имам Бұхари ұстаз санаған қырық шейх -  Әбу Ханифаның шәкірттері.

Осы «Қара сөздегі» есімі келтірілген адамдар жайында кішкене түсінік: «Ғашаран мүбашәрәдан қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф уа Сағид бин Әбудқас үлкен байлар еді».

Әл ашаратул мубаширин - Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, көзі тірі кезінде он адамға өлген соң жұмаққа баратындығына кепілдік берілгендігін білдіреді. Абай атап өткен адамдар: Қазірет Осман халиф, Абдурахман бин Ауф және Сад ибн Аби Уаққас.

Жалпы, ойлы адамзаттың, оның ішінде мұсылман баласының өзіне қоятын сауалы: мен қайдан келдім, кіммін, қайда барамын. Бұл сұрақтардың жауабын Құдайдан тыс іздегеннің - бәрі болмаса да - көпшілігі  есінен адасқаны мәлім (мысалы, Ницше).

Тағы бір, саналы адам пайда болғалы бергі сұрақ - материалдық әлем жаралған ба, әлде өз бетімен о бастан бар ма еді. Уақыт пен кеңістік деген түсініктер және олардың өлшемі - ақыл иесі адамның өзіне қатысты түсінік, уақыттың өлшем бірліктері аспан денелерімен тікелей, тығыз байланысты. Ол Күн жүйесіне таңулы, күнтізбелер Күннің не Айдың қозғалысына негізделген. Қазіргі ғылым ғаламның 13,7 млрд жыл бұрын бір нүктенің алапат жарылысынан жаралғандығын дәлелдеп отыр. Бұл жарылыстан бұрынғы уақыт пен кеңістіктің адам үшін өлшемі  де, мағынасы да жоқ, өйткені адамға түсінікті көрінер, сезілер физикалық әлем жоқ.

Жалпылап алғанда, діни танымдағы қалыптасқан методология:  Құдай - Себеп - Ғалам. Ғаламның жаралуына Құдай себепші. Жаратушы әрқашанда болған және Ол - ғаламды Жаратушы.

Абай осы «Қара сөзінде» Жаратушыны азали һам әбади деп келтіреді, кітаптарда басылғандай әдаби емес. (кітаптардан көшірілгенде жіберілген қате деп ойлаймыз, азали - ежелгі, әбади - шексіздік. Осы арада Абай тілінің сөздігін қайта қарап шығу керек екенін айтуға мәжбүрміз, мысалы, «Жиырма бесінші сөздегі» «дар ул хараб» - деген ұғымның негізгі мағынасы айтылып жүргендей «соғыс», «қауіпті» емес - «дінсіз, кәпір билеген жер» деген мағынада, «дар ул ислам» деген қарсы мағыналы сөз бар. Абай қазақтың бодан, отардағы ел екенін айтқысы келгенін байқаймыз). Бұл қос термин діни философиялық әдебиетте кездеседі, мысалы - Әбу Ханифаның Әл Фикх әл Акбар кітабында, түсінігі: бізге дейін болған, бізден де кейін болады, математикалық терминмен айтсақ, теріс шексіздіктен нөлге дейін және нөлден оң шексіздікке дейін. Нөлде - біз тұрмыз.

Адам кім деген сауал адамның жаны жайында сұрақ туғызады, оған келесі аяттар жауап береді:

«(Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,) олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: Ол Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді де» (17:85)

«Сондай-ақ, менің ішімдегіні Сен білесің, мен Сенікін білмеймін. Сен шынайы түрде көместерді Толық Білушісің» дейді.» (5:116)

Бұдан адамзаттың өзінің жаны туралы білімінің неге аз екендігінің себебін түсінуге болады. Яғни, адамның ақылына өзінің жанын тану оңай емес. Оның себебі, егер адамға өз рухын тануға оңай  мүмкіндік берілсе, адам өзінің кім екенін анық біліп «мен мен менікін айырып», рухтың мәңгілігін түсініп, адамда таңдау қалмас еді. Адамның ұдайы тезде, сынақта болуының себебі осы деп шамалаймыз.

Ал өзін танымаған басқаны тани ала ма?  Әрине, жоқ, ал өзін таныған, не танығысы келген адам  өзін Жаратушы - Алланы іздейді, Абай айтқанда  «Түп иесін көксемей бола ма екен?».

Жаратушының жаратылыспен қарым-қатынасы Құранда постулат деңгейіне шыққан концепция. Алла абсолютті трансцендентті - «Оған ұқсайтын ештеңе жоқ», «Көздер Оған жете алмайды» (6:103),  сонымен қатар Құран аяттарында Алланың әлемге деген имманенттігі келтірілген. «Ол адамға күре тамырынан да жақын» және "Үш кісі сыбырласса, сөз жоқ, төртіншісі, әлбетте, бестің алтыншысы - Алла. Тағы бұлардан аз, я көп тіпті қайда болса да, әрине, Ол олармен бірге болады". (58:7)

Алланың трансценденттілігі мен имманенттілгінің қатар келуін қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейік:

«Сол уақытта Раббың періштелерге: "Мен балшықтан бір адам жаратамын" деген» (38:71)

«Қашан оны жасап, оған Рухымнан үрлеген сәтте, оған сәждеге жығылыңдар" (делінді.)» (38:72)

Адамның жаны мен тәні, Абайша айтқанда, «мен» мен «менікі» және олардың ара-қатынасы жөнінде: тән жанға физикалық әлемдегі құрал болып қызмет етеді, яғни «сынақ костюмі». Жанның тәннен тыс бола алатындығы мына аяттан белгілі: «Өлер уақытта жанды Алла алады. Сондай-ақ, өлмегендердің жанын ұйқыда алады. (Сезім қабілеттері тоқтайды.) Сосын өлуіне үкім берілгендердікін тоқтатады да басқалардыкін белгілі бір мерзімге дейін жібереді. Сөз жоқ, мұнда түсінетін елге ғибраттар бар». (39:42)

Тірі адамның денесінде жанының бар екендігіне күмәніңіз жоқ, бірақ ол жан қайда тұр деп, дөп басып айта алмайсыз.

Сол сияқты Алла да, сіз тап басып айта алмағаныңызбен, Ол ғаламның бар жерінде және ғаламнан тыс кез келген нүктеде бар. Ал ғалам - физикалық әлемдегі бізге Оның ұлылығын дәлелдейтін құрал, Абайша айтқанда, «көлеңкесі» ғана.

«Инна Аллаһа уаси'yн 'алимун». 2:115

Түсінігі «Шынымен Алла бар жерде бар бәрін толық білуші».

Бұл аяттағы «уаси'- عساو» сөзі «бар жерде бар», «вездесущий» деген мағына білдіреді.

Бұл мәселеге Абай тереңірек барғанын мына төмендегі шығармаларынан көреміз.

«Отыз сегізінші қара сөзінде» Абай «Ғалам Алла тағаланың ішінде», - дей отырып, өзінің бір шумағында былай дейді:

«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»

Лә мәкән, яғни Алла адамды жаратып мекен бергенімен Өзі мекенсіз екенін айтып отыр.

Алланың адамға транценденттілігі мен имманенттілігінің қатар болу мәселесін Мутакаллимдер (мутазилиттер) Алланың Құрандағы сипаттары арқылы шешті. Дәстүрді Ашариттер жалғастырды. Ашариттердің айтуында "сипаттар -  Алла емес және Одан тыс та емес".

Осы жерде «38- шi қара сөзді» қарастырғанда, Абайдың төмендегі өлеңінен айналып кете алмаймыз. Олар бір уақытта және бір тақырыпта жазылған.

Ақылға сыймас ол Алла,

Тағрипқа тілім қысқа, аһ!

Барлығына шүбәсіз,

Неге мәужүт ол куә.

 

Ақыл мен хауас барлығын

Білмейдүр жүрек, сезеді-дүр,

Мұтәкәллимин мантикин

Бекер босқа езеді-дүр.

Осындағы мұтакәллимин мен мантикиндер кімдер және олар нені «езеді» деген сұраққа жауап беріп көрейік. VII ғасырда арабтар Иракты, Сирияны және Мысырды жаулап алғанда, ол жерлердегі түрлі ғылыми орталықтарда грек ғылымы мен философиясы оқытылатын, зерттелетін және дәріптелетін. Алғашында астрономия мен медицина ғылымдары ғана мұсылмандарды қызықтырғанымен, кейіннен философия да мұсылман ойшылдары назарына түсіп, қажетті ілімге айналды. Философиялық трактаттар арабшаға VIII ғасырда бірді-екілі тәржімаланып, IX-ғасырда көптеп аударыла бастады. Бұл өз кезегінде IX-ғасырдың ортасында «эллинденген» дінтанушылардың - мутазилиттердің шығуына себеп болды. Мутазилизм - ақыл-ойға шектен тыс сүйеніп, оны жан-жақты қол­данған ілім. Сондықтан да, фи­ло­софия, логика (мантық) қағидаларына қайшы аят пен хадистерге басқа мағына беріп, мәнін астарлайтын. Олардың әдіс-амалдары алдында - алдымен ақыл жүреді. Адамзаттың бар бейнеті, бар пролемасы - адам өзін Құдайдан ақылдымын деп есептеуінен туындайды. «Езген» жерлері осында. Бұл ілімнің жалпылама аты - Ильм әл Кәлам, Кәлам ілімі. Мутазилизммен Ашаризм - екі үлкен мектебі.

Атап өтетін жайт - имам Әл Ғазали мутазилиттік бағытты - кәламды спекулятивтік дін ілімі деп таныған. Бұл жерде имам Әл Ғазали мен Абай көзқарастарының ұштасып жатқандығын аңғаруға болады.

Кәлам ілімінің екі бағыты бар: Жәлил әл Кәлам және Дакик әл Кәлам.

Жәлил әл Кәлам - Жаратушының сипаттары, өлгеннен соң тірілу сияқты т.б. мәселелерді көтереді.

Дакик әл Кәлам - Натуралдық философияның мәселелерін пысықтайды: жаратылыс немесе әлемнің мәңгілігі, кеңістік, уақыт, қозғалыс, материя жайын қозғайды.

Сунниттік дәстүрлі дін мутазилиттерді «еретик» деп танып, олардың орнын ашариттер басты, олар мутазилиттердің дәлелдеу методологиясын сунниттік діни доктринаны негіздеуге, қорғауға қолданды. Аш­а­риттер мутазилиттерге қар­сы күресу үшін Құран мен ха­дистерге қосымша етіп фи­ло­софия мен логика тәсілін ке­ңінен пайдаланғаны рас.

Жалпы алғанда, осы «Қара сөзде» айтылатын Алланың сипаттары сол Алланың көркем 99 атынан бастау алады. Және Алланың 99 көркем аты синонимизмнен ада деп қабылданған, яғни бірін-бірі қайталамайды.

«38- қара сөзде» келтірілген, сегіз субутия сипат орта ғасырлардан жоғарыда айтылған мутакаллимдер мен ашариттерден бері өзгермей келген. Ашариттерде - жеті, Матуридтерде - сегіз. Ашариттер «Тәкин» мен «Құдіретті» біріктірген. Субутия деген сөздің  мағынасы «тұрақты, бекітілген», қазақ тіліндегі «сәбит», «сабыт» деген сөздердің түбірі. Тағы бір атауы «Сифати камалиа» - «мінсіз», «кемел» деген мағынада. Алла - мінсіз. Мінсіздің сипаты да мінсіз болмақ.

Бұл арада неге жеті немесе сегіз сипат деген сұрақ туады. Бұған Әл Ғазали өзінің «Алланың 99 көркем аты» деген кітабында жеті сипатты айта келіп, тек осы сипаттар  ғана Алланың Тәңірлігін анықтайды деген. Жетеу болғаны - «Алла өзі Бір болғандықтан тақ нәрсені жақсы көреді», - дейді Әл Ғазали.

«Біз Алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те - ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те Алла тағалаға лайықты келмейді.» Бұл ойды да Әбу Ханифаның жоғарыда келтірілген еңбегінен көре аламыз.

Абайдың Алланы танудағы осы «Қара сөздегі» тұжырымы:

«Мүсілім болу үшін зәредей ғана өлшеулі пенденің сипаттарын Ұлы Алланың өлшеуге симайтын Ұлы сипатына ерту, онысы Алланың ол сипаттарын білген адам сондай сипаттардың зәредей бөлігін өз бойынан тапса иманы кәміл болады».

Бұл жерде оқырманды дүдамал қылатын неге Аллаға ұқсау керек деген сұрақ туады. Өйткені Құранда айтылғандай "Оған ұқсайтын ештеңе жоқ", «Көздер Оған жете алмайды».

Абай: «Аллаға ұқсай аламын ба деп, надандықпен жиіркенбе, ұқсамақ - дәл бірдейлік дағуасымен емес, соның соңында болмақ», - дейді.

Әрине, бұл жерде адамзатқа ұстаз ретінде Жаратушы пайғамбарлар жіберіп отырғанын еске ала отырып айтамыз.

Бір қарағанда «Бог создал человека по своему образу и подобию» деген христиандық түсініктен алыс кетпеген сияқты болып көрінуі мүмкін.

Әл Ғазали объектілерді жансыз, жандыға бөледі де, жандылардың өзін үш топқа бөледі. Періштелер тобы, адамдар тобы және жануарлар тобы. Бұлардың ішінде періштелер физикалық денесіз, оларда алыс - жақын деген түсінік жоқ, жанды жаратылыстың ішіндегі ең жоғарғы деңгейдегі топ. Ал денесі бардың нәпсісі бар. Адамда жануар мен періштенің табиғаты бар.  Адамның өмірінің басында, бала кезінде жануарлық табиғаты басым келеді. Айналасын сезім мүшелері арқылы таниды. Біртіндеп ақыл нұры пайда болады, бұл объектілерді алыс - жақындығына байланыссыз, тәуелсіз, дербес тануға әкеледі. Адамдағы періштелік сипат ұлғайған сайын онда жануарлық табиғат ортая түседі. Ал періштелер - Аллаға жақын екені хақ.

«Осы сипаттарға еліктеп осы қасиеттермен өзіңді безендір, сонда адам «жоғарылайды», Аллаға жақындайды, періштеге дос болады», - дейді имам Әл Ғазали.

Алланың сипаттарын айтқанда, Алла Сүбһан Тағаланың мына сөзідерін ескере отырамыз:

«Қастерлі Раббың олардың сипаттағандарынан пәк.» (180) Саффат сүресі.

«Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе?»  (16:17).

«Ол - қалағанын бұлжытпай істеуші» (85:16).

Төменде Алланың  сипаттары мен адам бойындағы «зәредей» өлшеулі сипаттардың салыстырмасы берілген.

Хаят - Өмір.

Алла.

«Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән»  (2:255)

«Ол тірі Алладан басқа ешбір тәңір жоқ». (40:65)

Аллаға міндетті түрде өмір тән. Әлемнің болуы - бізге осы әлемді жасаған Тірі Жаратушының бар екендігінің дәлелі.
Өлім Аллаға тән емес, өйткені өлімді Өзі жаратқан. «Сондай еш өлмейтін тірі Аллаға тәуекел ет» (25:58).

Пенде.

Жаралған. Туылған, өледі. Жаны бар, денесі бар. Әр нәрсеге мұқтаж, әлсіз. Тек қана Жер бетінде белгілі бір физикалық, химиялық және климаттық жағдайда ғана өмір сүре алады..

Ғылым.

Алла.

«Ол - әр нәрсені толық білуші». (6:101).

«Көместің кілттері Оның жанында. Оны Ол - Өзі ғана біледі. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Алла оны біледі. Және жердің қараңғылықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық Кітапта бар». (6:59)

Оның білімі - мәңгілік, бас-аяғы жоқ. Ол бәрін біледі: не болды, қазір қалай және не болады, не болмайды. Алла Өз жайында, Өз сипаттарын біледі және не жарататынын  біледі. Ол өзінің жаратқандары жайында бәрін біледі. Біздің ойымыз бен ниеттерімізді жақсы біледі. Оның білімі өзгермейді, азаймайды және жаңармайды. «Ол біздің істерімізді бізді жаратпай тұрып білген» (Бухари). Илми Ғаиб - бар ғайыпты білу - Алланың сипаты.

Пенде.

Алла (Т.) сендерді аналарыңның құрсағынан еш нәрсе білмейтін күйде шығарды да, сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. (16:78)  Ғылымы шектулі, азайып - көбейеді. Басы мен аяғы бар. Бәрін біле алмайды. Алдында болатынды біле алмайды. Алланың шексіз білімін толық тани алмайды. Көместі, көрінбегенді тауып, игеріп тануы қиын. Ғылымды үйренуге уақыт, қаражат, орта керек.

Құдірет.

Алла.

«Ол сендерге үстеріңнен немесе аяқтарыңның астынан азап жіберуге, не сендерді топтар түрінде ұрыстырып біріңе-біріңнің кесірін таттыруға күші жетеді» де. (6:65)

«Олар, шынында, көктер мен жерді жаратқан Алланың; өздері сияқтыларды да жаратуға күші жететіндігін көрмей ме?» (17:99)
«Сондай бүкіл әкімшілік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол - әр нәрсеге күші толық жетуші» (67:1).
Алла - Құдіретті және Құдіретімен жаратады, ештеңе Оған бөгет бола алмайды, ешкімнің көмегінің керегі жоқ. Алланың Құдіретіне кемшілік, әлсіздік тән емес. Ол не қаласа соны жарата алады.

Алла - барлық нәрседен Құдіретті.

Пенде

Күші шектеулі, өлшеулі. Әлсіз.  Кедергілері көп. Кемшілігі көп. Техника мен ғылымның көмегімен белгілі бір дәрежеге көтеріле алады. Бұл жердегі негізгі түсінік - адамның физиологиялық әлсіздігі, қажеттілік, біздің әлсіздігімізде ерекше мән-мағына бар. Алла бізді кемшіліксіз жарата алар еді, бірақ кемшіліктер белгілі бір мақсаттармен берілген. Кәрілік, адам ағзасындағы кәріліктен болатын өзгерістер де - Алланың ісі,  адамға ой салатын іс, бұл дүниенің уақытшалығын, оның жылдам өтетіндігін, адамның бұл кәмелетсіз дүниеге тым байланбауын, бірақ басқа мәңгілік өмірдің мүлтіксіз келетіндігін есте сақтау. Құранда былай делінеді:

«Дүние тіршілігі еш нәрсе емес. Ойын-сауық қана. Әрине, ақырет жұрты тақуалар үшін жақсы. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» (6:32)

Басар - Көру.

Алла.

«Күдіксіз Алла, әр нәрсені естиді, көреді».  (22:61)

Егер Аллада  мұндай сипат болмаса, ол естімейтін, көрмейтін еді, бұлар - кемшіліктер.  Алла кемшіліктен ада. Алланың көруі Оның жаратқандарының көруінен басқа. Басқа сипаттары да жаралғандарының сипатына ұқсамайды.

Пенде.

Алла (Т.) сендерді аналарыңның құрсағынан еш нәрсе білмейтін күйде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. (16:78)  Көзінде пердесі бар, шектеулі, бәрін көріп біле алмайды. Қараңғымен алысты, макро және микро әлемдерді көрмейді. Параллель әлемдегі жындарды, періштелерді, инфрақызыл, ультракүлгін сәулелерді көре алмайды. Техника мен ғылымның сүйеуімен, көмегімен белгілі бір дәрежеге көтеріле алады.

Самиғ - Есту.

Алла.

«Күдіксіз Алла, әр нәрсені естиді, көреді».  (22:61) «Күдіксіз Алла әр нәрсені естуші, білуші». (2:181)

«Алла әр нәрсені естіп, білуші». (3:121)

«Күдіксіз Алла (Т.) толық естуші, тым қырағы». (40:20)

Пенде.

Алла (Т.) сендеді аналарыңның құрсағынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. (16:78)  Құлағында пердесі бар. Естуі шектеулі, бәрін естіп біле алмайды. Ауасыз жерде естімейді. Параллель әлемдегі жындарды, инфрақызыл ультракүлгін дыбыстарды естімейді. Техника мен ғылымның сүйеуімен, көмегімен белгілі бір дәрежеге естуді арттыра алады.

Ирада - Қалау- Жігер.

Алла.

«Ол - қалағанын бұлжытпай істеуші». (85:16)

«Шын мәнінде, Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы - оған "бол" деу. Сонда ол бола қалады» (36:82)

«Бірақ Алла қалағанын істейді.» (2:253)

Пенде.
Шектеулі, бар қалағанын істей алмайды, істесе де өлшеулі, ғылымына, күшіне байланысты, белгілі бір жағдайларда ғана. Істерінде қалау мен таңдау болу үшін Алла адамға ақыл мен қалау берді, бірақ адамның қалауы мен таңдауы Алланың ырқында. Алла адамды күшке салмайды, күшке салса, адам жауапкершіліктен құтылар еді. Бұл - күшке салу мен шексіз еркіндіктен жырақ әділетті жол.

«Кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына». (2:286).

Кәлам - Сөз, Тіл.

Алла.

Алланың сөзі адамдыкіне ұқсамайды. Алланың қарпі жоқ, дыбысы жоқ, дауысы жоқ, тілі жоқ. Жаратылғанның сөзіне ұқсамайды. Басы жоқ, аяғы жоқ, өзгермейді.

«Және Алла (Т.) Мұсаға (Ғ.С.) (тікелей) сөйлескен». (4:164)

«Мұса (Ғ.С.) белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде, (Мұса Ғ.С.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді». (7:143) Алла Мұсаның (Ғ.С.)  құлағындағы пердесін уақытша ашқан, естуіне мүмкіндік жасаған.

Пенде.

Дыбыспен, әріппен, сөз арқылы, өзгермелі, басы бар аяғы бар, тіл мүшесі арқылы және белгілі бір ұлттың тілі арқылы. Ұмытылады, жоғалады.

Тәкин - Жасау, Бар қылу.

Алла.

«Сондай-ақ, әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі». (25:2)

Ұлы Алла өзінің қалағанын істейді. Егер бұл сипат болмаса - бұл әлем болмас еді. Әлемді Алла қалауымен жасады.   
Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,  хадисінде,  Абу Даудтен, айтылған: «Алла не қаласа болады, қаламаса болмайды». «Сондай бүкіл әкімшілік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық Жетуші». (67:1).
Алла - Жаратушы, Оған ештеңе бөгет бола алмайды, ешкімнің көмегінің керегі жоқ. Алланың құдіретіне кемшілік, әлсіздік тән емес. Ол не қаласа соны жарата алады.

Жоқтан бар жасау адам ұғым-түсінігіне ауырлау болғанымен, бүгінгі күнде оны ғылым дәлелдеген. Эйнштейннің атақты да қарапайым формуласы: E=mc2.

Формуладан шығатын түсінік көзге көрінбейтін қуат (энергия) пен  массаның (материяның) жарық жылдамдығына таяғанда бір біріне ауыса алатындығы.  Мысалы, уранның атомы сәуле шығарып, оның атомы жеңілдеп басқа элементке - қорғасынға айналады. Шығарған сәуле - қуат. 1 грамм массада 2 500 000 литр бензин жанғандағы қуат бар.

Пенде.

Тек Алланың жаратқанынан жаратылысын түрлендіре  алады, оның өзі технологияны қай деңгейде меңгергенге байланысты, пенденің жасағандарында кәмелет жоқ. 

Құранда жазулы тұрған постулатты тағрифтауға Абайды не мәжбүрледі?  Абайға мұның бәрі онсыз да түсінікті еді.  Жай интерпретациялау болса ол тәфсир - эгзегезис болар еді. Алланың сипаты пендеге бірден алғанда абстракциялы, өйткені «Оған ұқсайтын ештеңе жоқ», «Көздер Оған жете алмайды» сондықтан жаратылғанның (адамның) сипатымен шатастырып алуы мүмкін. (Айырмашылығын жоғарыдан қараңыз). Түсінуге, игеруге жеңіл үш сипатқа әкелді: Ғылым, Рахым, Ғадалат. Жауәнмәрттіктің - жомарттықтың, мәрттіктің - рыцарлықтың қайдан шығуын аналогиямен көрсетті.

Аталған Сипаттардың өздерінің қасиеттері бар: олардың дәрежелері тең, яғни Абайша «бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші болуға жарамайды», бірақ кейбіреулері  бір-біріне шарх болуы мүмкін. Бір сипат басқа сипаттан бөлек кете амайды, не бірнеше сипат басқа сипаттардан бөлініп кете алмайды. Сипаттар жеке өз бетімен болса, Құдайдың бірлігіне қайшы болады. Бұл жерде Абай сипатқа қасиет беріп, оларды толықтырады.

Алланың мінсіз сипаттарының аналогиясын жасай отырып, адамнан өлшеулі және мінді сипаттар шығарады,  содан кейін, керісінше, Адамнан Аллаға аналогия жасайды: «Адамда: Ақыл - хүкімші, қайрат - қуат - қызметші.» Соған қарап ғылым мен құдіретті біріктіріп ғылымды құдірет етеді.

Ғылым, Рахым, Ғадалат, бұл негізгі үш сипатты игерсең - кәміл мұсылмансың. Бұл жерде Абай -   дін тану ілімін дамытушы.

Ақыл заузатыңнан болғанда, қалған екеуі - адамдығың мен ғылым іздеу - өскен ортаңнан, өсе келе - өзіңнен. Одан кейін Алланы шынайы тануға ұмтылып кәмелетке жету - кәміл мұсылман болу мүмкіндігі бар.

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан қашпақ керек: Əуелі - надандық, екінші - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің», - дейді Абай және, бір қызығы, осы үш нәрсенің емі де Ғылым, Рахым, Ғадалаттан табылады.

Кәміл мұсылман - шынайы Аллаға құлшылық етуші. «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым». Құран сүресі "Аз-зарият", 56 аят

Құран сөзі - нық, бұлтарыссыз, Абай сөзі де - солай. Құран, негізінен, қоғамның қалай болуы емес, жеке адамның қара басының қалай болуы керектігін айтып отырады. Абай да жеке тұлғаның мінін көп айтады. Жеке адамның міні азайса - қоғам гүлдейді. Бүгінгі қазақ қоғамына осы Абай айтқан «занимайся прямотой» жетпей тұр.

Дәлелді бір хадистің баяндауынша, адамдардың сенімі мен танымы тығырыққа тіреліп, ғылымнан ажырап, жалаң діни догмаға тіреліп, секталарға бөлініп, жамағаттың арасына жік түскен шақта, ислам күнтізбесі бойынша әрбір жүз жылдың соңында Жаратушы өзінің жамағатына жөн сілтеуші - мүджәдид - дін жаңғыртушысын жіберіп отырады. Жаңғыртушы деп танылудың бір сипаты, жаңғыртушының  көзі тірісінде ислам жыл санауы бойынша жүз жыл аяқталу керек.  Жаңғыртушы деген жаңалық енгізуші деген сөз емес.

Надандық пен бодандықтың бұғауынан ес жидырмаған халыққа Абай - Құдайдың жіберген сыйы еді. 1884 жыл, ислам жыл санауы бойынша, 1300 жыл, яғни тағы бір жүз жылдық бітті, Абай қырыққа толып «қартайып, қайғы ойлаған» кезге дәл келіп тұруы кездейсоқ емес сияқты. Мәшһүр Жүсіп Абай туралы «бұл - біздің соңғы пайғамбарымыз» («Абай», Энциклопедия, «Атамұра» баспасы, 1995, 403-404 беттер) дегенде ол соңғы пайғамбардың Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, екенін білмегендіктен емес, Абайдың дәрежесінің қаншалықты жоғары екендігін айтқысы келсе керек. Әрине, дұрысын Алла ғана біледі.

Имам Әл Ғазали - мұсылман интеллектуалы деп батыс мойындаған, «Худжат ул ислам», яғни исламның дәлелі, құжаты атанған, исламның бесінші ғасырының жаңғыртушысы деп танылған. «Егер Мұхаммедтен кейін, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, пайғамбар келуі керек болса ол сөзсіз - Әл Ғазали болар еді» деген де сөз бар. Абай - Имам Әл Ғазалимен биіктігі деңгейлес, ойлары сарындас тұрған интеллектуал. «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді», - деп Абай өзі жайында айтқан сияқты.

Әрбір қазаққа Абай болу парыз емес, бірақ Абай сусындаған рухани бастаулар қазақтың ел болып қалыптасуы үшін негізгі алғышарт, оны Абай «Жиырма бесінші сөзінде» өсиет қылған. Бірінші - ұлттық бастау, мәдениеті, өнері, тарихы, Абайша айтқанда - «түркітанырлық», екінші - ислам, үшінші - батыстың ғылымы мен технологиясы. Бұл исламдағы дін мен ғылым егіз деген сөзбен және Құрандағы Алланың «...Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық», - (49:13) деген аятын қуаттайды. «Біз Жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарап танимыз» - «Қырық бесінші сөздегі» бұл сөйлем дүние ғылымынсыз Алланы дұрыс тану мүмкін еместігін көрсетеді. «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», -  «Оныншы сөз». Бұл жолды іс жүзінде жүзеге асырып жатқан басқа елдер бар, мысалы, малайзиялықтар мен түріктер. Биылғы жылы халықаралық зерттеуші ұйымScience-Metrix Иран мен Түркия - ғылыми басылымдарының өсу қарқыны бойынша - дүние жүзіндегі алғашқы орындарға шыққанын мәлімдеді. Өте қуанышты жаңалық.

Бір қызығы, кез келген мемлекет немесе адам осы сөзде Абай келтірген үш сипат әділет, ғылым, мейірімді басшылыққа алса, орасан табыстарға жетеді, әрбір адам құқығы сақталған, ғылымы мен технологиясы дамыған, жоқ-жітігін елеген, ауру-сырқатын ескерген, мүгедек-ғаріпін мүсіркеген елде тұрғысы келеді.

Бұл үшеуі - Жеке тұлғаның ғана ұстанымы емес,  жалпы Ұлттық идея негізі, мемлекетімізді ұшпаққа шығаратын, мұратқа жеткізетін қағида.

Сұлтан Ыбырай,

Ақпараттық технология маманы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құран түсініктері  Халифа Алтайдан алынды.

2. The influence of islam on medieval Europe, W. Montgomery Watt, Edinburgh. 1972

3. Time in Islamic Kalam,  M.B. Altaie, Oxford. 2005

4. Каирдегі Бейбарыс медресесінің тараздық ұстазы. Ә. Дербісәлі

5. Проблема возникновения мира в произведениях А.Курсави и Ш.Марджани. А. Юзеев, Қазан. 1997

6. 38 -қара сөз, Абай, екі томдық, Жазушы. 1995

7. Al Fiqh Al Akbar, Abu Hanifah

99 прекрасных имен Аллаха, Аль Газали, Москва - С-П, «Диля» 2009