ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

ДАНАНЫ ДӘРІПТЕГЕН ДӘРІС

Оқылған 601 рет

Қосылған күні: 18.08.2021

 

10 тамызда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай Құнанбаевтың туған күніне орай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты онлайн-концерт ұйымдастырылып, оның аясында «Абай мерейтойы» кітабының тұсауы кесілді.

Шара форматы – дәріс-концерт. Мақсаты – алыс-жақын шетелдегі қандастарымызға Абай мұратының тәуелсіздікпен байланысты екенін байыптату.

Іс-шараға «Абай мерейтойы» кітабының авторы, тарих ғылымдарының докторы, академик, Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы Ерлан Сыдықов, «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Қанапияұлы, профессорлар Шәкір Ибраев пен Серік Негимов, Германиядағы Deutsch-Kasachische Gesellschaft Германия-Қазақстан қоғамының жетекшісі Галина Нұртазина, Иран, Түркия, Ресей және Моңғолиядағы қазақ қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, сондай-ақ өзге де отандық өнер қайраткерлері қатысты.

−Абай бізге қажет екенін соңғы кездерде сезіне бас­та­дық. Тек қазақ қоғамы емес, бүкіл дүние сезіне бас­­тады. Өйткені әлемдегі қым-қиғаш саясат, қоғамдық үр­дістер, негізгі құндылықтарға нұқсан келтіріп, көп жағдайдағы прогрестің өзі кері әсер етіп, ұрпақ тәр­бие­леу­де кемшіліктер көбейіп кетті. Осы тұрғыда бәріміз өз Абайымызды іздей бастадық, – деді академик Ерлан Сыдықов.

Сондай-ақ Абай жылында 200-ге жуық іс-шара өткенін, оның негізінде ЕҰУ-дың мұрындық болуымен өткендігін, соның бірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ЕҰУ-да құрылған «Абай академиясы» екендігін баса айтты.

– Абай жылында жиырмадан астам зерттеу кітап шығарылды, «Абай академиясының» берері көп әлі, осымен тоқтап қалмайды. Абайдың тойы бір күнде, бір жылда бітіп қалатын той емес, бізге сабақ болуы тиіс, – деді Ерлан Бәтташұлы.

Келесі кезекте сөз алған «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Қанапияұлы Абайдың әлемдік дең­гей­де­гі тұлға екеніне тоқтала келіп, осындай шаралар қазақ тілін, мәдениетімізді дамытуға сүбелі үлес қосатынын жеткізді.

– Былтыр Абай жылы мемлекеттік деңгейде өте ауқым­ды аталып өтті. «Отандастар» қоры да өз тарапынан атсалысып, онлайн-концерттер, конференциялар мен шы­ғармашылық сайыстар ұйымдастырды. Шетелдегі қандастарымыз да  қызығушылықпен қатысып, алғыстарын әлі күнге дейін білдіріп жатыр, – деді Мағауия Қанапияұлы.

Айта кеткен жөн, кітапқа ABAI TV телеарнасының ашылуы, ғылыми конференциялар мен симпозиумдар, мерейтойлық монеталар мен маркалар, шетелдердегі Абай ескерткіштері, саябақтар, көшелер мен мәдени-ақпараттық орталықтарының ашылуы сынды мерейтой жылында атқарылған маңызды оқиғалар енген. Ақынның жапон, корей, түрік, ағылшын, қырғыз, португал, араб, итальян, қытай және әлемнің басқа да көптеген тілдеріндегі аударылған шығармалары мен материалдар бөлек жарияланбақ.

Сондай-ақ кітап-альбомнан Абай шығармалары мен абайтану бойынша еңбектері бар барлық басылымдардың библиографиялық көрсеткішін табуға болады.

Ұлы ақынның туған күніне арналған шараны ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы қорытындылады.

 

«Егемен-ақпарат»