ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Мейірхан Ақдәулет: АБАЙҒА ҚҰЛАҚ САЛСАҢЫЗ

Мейірхан Ақдәулет: АБАЙҒА ҚҰЛАҚ САЛСАҢЫЗ

Оқылған 871 рет

Қосылған күні: 16.08.2021

                                «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

                               Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,

                                  Жақсы менен жаманды айырмадың,

                                  Бірі — қан, бірі — май боп енді екі ұртың...»

Абай.

Ұлы Абай.

Қазақ ішінен бұл есімді білмейтін есті кісі түгілі, кещені табу да қиын. Қараңғы, надан халқынан бұрын оянып, ұлылыққа тән жалғыздық азабын шегіп, елінің қисығын түзеп, кемшінін толтырсам деген ниеті құмға құйған судай болған, ақыры «Сөзімді ұғар елім жоқ» деп, надандықтың «жартасынан» көңілі әбден қалып, «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым — тап шынын» деп, «Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой» деп таусылған дана Ақынның атын жаттап өскен кейінгі жас оның жүрегін не сыздатқанын біле бермейді. Оқымайды. Оқыса да ұға бермейді. Жасыратын несі бар, абайтанумен айналысып жүрген шағын орта мен санаулы ғана білікті кісілер болмаса, ұлт зиялыларының өздері де Абайдан аулақтап кетті. Сөйтіп, Абайдың аты жатталып, сөзі, өнегесі, ділі ұлт қажетіне жараудан, ұлт «бесігін түзеуден» шет қалып барады.

Абай мұрасымен аз да болса көзтаныс адам оның «ызалы жүрек, долы қолымен» жазылған мұраларының үлкен бір бөлігі — ұлт болмысына деген көзқарасы, соны күйініп, күрсініп, күңіреніп отырып айтуы екенін аңғарады. (Ұлы ақын мұрасының құрдымдай тереңдігі болмаса, көлемі аса көп те емес — қазіргі пысықай өлеңшінің үш жылда «шығарып алған» екі кітабындай ғана!).

Ұлт тағдыры таразы басында тұрған қазіргі алмағайып заманда елді ел қыламын дейтін азамат, ұлтты өркендетем дейтін өкімет мүшесі Абайға ден қойғаны дұрыс. Абайдың халыққа деген махаббаты Әлдекімдердікіндей «Әсіреқызыл жаттанды» емес. Сондықтан да ол әз тұсындағы қазақ халқы туралы ашына сөйлеп, мәмілеге келмес ащы ақиқатты ұлыға тән ділмен аяусыз айта білген. Айтып қана қоймаған, күйіне күрсінген... Абай мұрасына зер салсаң, қазақтың басты соры — «Жақсы мен жаманды айырмағандығы», «Бір ұрты — май, бір ұрты — қандығы...». Оның:

«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма...»

дегендегі «мыңы» — қараңғылықтан туатын қараулықтан, надандықтан, топастықтан, аңғалдықтан, жауын жаумай су болып отырған қазақ халқынан өзге ешкім де емес! Күннен-күнге күрделіленіп, тырнағын ішіне жасырған заманға қарап, көшін түзеуді білмеген қазақ қоғамы үшін қабырғасы қайысып, қан жылаған Абайды әз жұрты түсіне алмады. Қазір ше?

«Өзіңді риясыз түсінген кісі — теңің» депті ұлы неміс Гете. Абайға теңелу осалдың ісі емес те шығар, бірақ соны түсінуге тырысып отырсақ, кәне?

«Қазір, шүкір, жақсымыз» дейді зиялы замандас қазақтың бүгінгі болмысы жайлы сұрасаң. Рас шығар. Біраң, «ұлттық» мінездің оспадарсыз тұстарынан арылып болмағанымыз анық. Басымызға түскен тозақы тағдырдың қандай екенін енді ғана біле бастап, ұйқыдағы сана кірпігін енді ғана қимылдатып жатқан бүгінгі күні күллі бақытсыздығымыздың себебін бірыңғай өзгеден іздей бергенше, өзіміздің қисығымызды түзеуге тырысқан дұрыс. Әйтпесе, «біз — керемет халықпыз!» дегеніңді ісіңнен көрініп тұрмаған соң, ешкім тыңдамас, тыңдаса да күлер де қояр. Сөйтіп, онсыз да көш басында келе жатқан ештеңеміз жоқ, зымыран заман жүрісіне ілесе алмай «далада қалармыз». «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп кеткен ұлы Мұхтар өсиеті де осыны мегзесе керек.

Біз қандай халықпыз? Жақсы мен жаманды айыра білдік пе? Қазіргі ұлтты болашаққа  аман апару үшін министрден қойшыға дейін осыған бас қатырғаны дұрыс. Уақыт күтпейді. Ертең кеш болады. Заманнан кешігу — бордай тозудан  өзге ештеме де емес!

Ұлт болмысы, ділі — жасампаздың кепілі. Заты — моралі, тәрбиесі, жақсы-жаманды айыру, санасы, білігі, қайрат-жігері жақсы халық қана болашақтан үміттене алады. Абай ашынғанда, осыны біліп ашынса керек. Жалғыз Абай емес, қазақтың талай жақсысы мен жайсаңына бармаған шайнатқан осы ащы мәселе. Бүгінде де солай!..

«Бүлініп жатқан ештеме жоқ қой!» дер ұйқылы-ояу сана иесі. Шүкір, жоқ сияқты. Бірақ, бүгінгі өзіміз ескермеген кесел — ертеңіміздің соры...

Осындай оймен біз жұрт атын ғана жаттап жүрген Абай дананың қара сөздерін — «Ғақлиясын» — оқырмандармен бірге оқып, зерделегенді жөн көріп отырмыз. Олардың ішінен күні бүгінгі қалпымызға қатысын ой елегінен өткізсек дейміз.

Абайдың қара сөздері туралы аз жазылған жоқ. Тек қана оны қалың жұртшылыққа жеткізу, түсіндіру, ұқтыру мәселесін қолға ала қоймаған секілдіміз. Мұның себебі, біріншіден, ғылыми еңбектер (монографиялар, зерттеулер, мақалалар) көпшілікке жете бермейді, екіншіден, сол еңбектердің едәуір бөлігінің деңгейі Абайға тамсанудан — «Солай депті, Ә!», «Неткен ұлы!» т.с.с. аса қоймайды. Мысал үшін 1977 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағының екінші томына жазылған алғысөзге тоқталып көрейік. «Задында, (?) Абай сол кездегі қазақ жағдайында мұндай күрделі жанрдың (прозаны айтып отыр — М.Ж.) туатын сағаты әлі соққан жоқ деп таныған тәрізді. Сондықтан да, кемеңгер ақын, көбінесе (?) «Өлең — сөздің патшасы» (поэзияға! — М.Ж.) молырақ көңіл біліп (?!) келген...

... Шын солай ма? Поэзия туралы (?!) «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп отырған (?) Абай бұл жерде қалайша (?) нысаналы бағытынан оп-оңай тая (?) қалды?..» дейді аталмыш кітаптағы мақала авторы, басылым редакциясын басқарған Қазақ ССР ҒА корреспондент мүшесі Ы.Дүйсенбаев. Осындай аңғал, қасаң, жалған «академизммен» Абайды «түсіндіру» (мектеп, институт оқулықтарында да негізінен осы деңгейде!) — ұлы тұлғалы халықтан қашықтату болмаса, жақындату емес. Осыны ойласаң, Абайды жөн-жосықсыз иеленген «түсіндірушілердің» абай болғанын тілейсің...

Біздің мақсат — «кандидаттық қорғау» емес, ұлы тұлға ұлағатына шамамыз келгенше шақыру ғана.

 

БІРІНШІ СӨЗ

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — әурешілікті  көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

Ел бағу! Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

Мал бағу! Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу! Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып, шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі — бір тез қартайтатұғын күйік.

Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық?

Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге  қосайын, қай харакетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімнің пайдасын тыныштықпен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

 

***

Абай «... бәрі қоршылық екенін білдік...» дейді. Сол кездегі «ел билеуден» туатын қазақ арасындағы ру-ру, жақ-жақ боп тартысуды мегзегені болар?.. Сол «тартыс» бүгінгі қазақ арасында жоқ па? Оны біз «Колбин келгеннен кейінгі пленумнан», сондағы басшылардың басын арашалап, бір-біріне күйе жағуынан аңғармадық па? Нәтижесінде кім ұтылып еді? Халық ұтылды. «Осындай әділет бола ма — әзге табылмағандай, Ақмоланың арғынын әкеп, горисполкомға төраға қойды!» дейді бізге «жергілікті» бір азамат (қызметі әжептәуір!) «арызын» айтып. Соған қарап, кейбір аудан, совхоз, қала... «билеп» отырғандардың «елді билеу» деген ұғымының халық жоғын жоқтау екенін есепке алмай, «қазақша күрестен» жеңіп шығуды, өз жағдайын түзеуді діттейтіні есіңе түседі. Ондайлар жоспар орындайды, халыңтың несібесінен жырып жоспардың «жыртығын» жабады. Онда да «мемлекет үшін» емес... өзі үшін, өз мейманасы тасу үшін. Мейлі ғой. Бірақ, соның өзі «қоршылық» емей, немене? Қазақ даласының экологиялық апат аймағына айналып, елдің тозып бітуі әлгідей «жұлыс-тартыстың» нәтижесі емей, немене? (Қазақтар тұратын 70 ауданның мешеулігінің себебі ше?) «Елге бағым жоқ» дейді Абай. Санасы төмен, түсінігі таяз, ақ-қараны айырмай, азға мәз боп далақтай беретін, құлдық психологиясының құрбаны, болашақ үшін бірігіп күресу орнына бір-бірімен күресіп, ақырында құрдымға бірге баратын қазақ берекесіздігінен түңілгені шығар?!

Ақын «...ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беруден» бас тартып отырса, ол да еңбек етпей, өз қорасын тазалау үшін өз әйелінен ақы сұрап, семьясына міндетсінетін, барды көре алмай, жау санап, өз басының қорлығын өзгеден көріп, сұрағанын алмаса, туған бауырын да адамның азғыны санайтын қазағы «мінезді» айтпады ма екен?..

«Ғылым бағу?...» дейтіні түсінікті. Ол заманда өзімен терезесі тең кісі таппаған соң, қазіргі білім алу, ғылым қуу мүмкіндіктері  болмаған соң, осылай десе керек. Мұның да ой салар тұсы бар. Қазіргі қазақ жасы «ғылым бағуды» — өткелектерден жүгіріп жүріп өтіп (ғылыми  жетекшіге «жағу», «бедел салып» қорғау, т.т.) атақ алу, «жағдайды түзеу» деп ойлауға бейім. Ішінара болмаса, өзі ұстанған ғылым саласын өмірлік ісіне айналдыруға қазақы қырсыздық та кеселін тигізеді. Әрине, біздікі сықылды «арпалыспаған, айдалада қалатын» қоғамда оларды ғылым қызықтырғанмен, тұрмыс қысады. «Замана оны илемек» деп Абай айтпақшы, жас қазақ ғалымдарының заманы илеген соң, шынайы ғылымға дана боп туса да, түбегейлі берілуі, берілгенімен «ғылыми ерлік» жасауы қиын. Мысал: ракпен күресудің ғажайып жолын ашуға біртабан жақын тұрған Ғабит Үмбеталиевтің ғылыммен түбегейлі айналысуы үшін «жағдай жоқ» («Арай» бұл мәселені бірнеше рет көтерді, аз-мұз нәтиже де бар). Әрине, Абай мұңы бұдан бөлек. Қазіргі «ғылым бағу» ше? Қайсарлық, байыптылық, ғылымды атақ, бақ үшін емес, әмірлік ісім деп қарау жетіссе... Қоғамның ауылдан келген қазақ жасына деген қамқорлығы күшейсе... қазақта «ғылым бағатын» жас жетіп-артылар еді...

Абай... «бала бағудан» бас тартады! Оның себебі түсінікті: «... не болсын деп бағам, қай елге... қай харекетке қосайын?» десе, мал соңынан өзге тірлігі жоқ сол кезгі қазақ халқының тұрмысын айтқаны.

 

***

Қазір ше? Бала «бағуға» — дұрыс білім,  тәрбие, өнеге беруге, ізгі жолға салуға барлық мүмкіндік бар кезде қазақтың көпшілігінде «бала бағуға» деген ынта жоқ. Баласының не ішіп, не киіп жүргеніне, қай класта, қалай оқып жатқанына мүлде мән бермейтін қазақ — екінің бірі. «Көп болса, қой бағар, шопыр болар, тірәктір айдар» деп, баланың білімсіз, біліксіз болуына «көмектесіп» отыратын біздің ауыл қазағы бала тәрбиесіне, денсаулығына мән бере бермейді. «Әкесі қарамаған, шешесі жаламаған» бала да өлместің күнін көрер, тіпті, озат шопан, тракторшы болар... бірақ, оның сана деңгейі қандай болмақ? Соны ұқсақшы...

Сөз соңында Абай «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе...» дейді. Бізге жетпей жүргені — осы. Қазақта қанша дана, көреген, өнегелі адам өтті. Соның бірін жастар бойына сіңірдік пе? Бір ғана Абай мұрасы бір елді түзуге жарайды, соның өзі халық діліне сіңбей отыр...

Қазір сөз тыңдайтын да, тыңдататын да адам азайды. Қазақ мектебінің кәсіптік деңгейі де әзірше төменірек тұр. Қарапайым оқырманды айтпағанда, «зиялысымақтар» қатарын көбейтіп жүргендердің көпшілігі кісілік, білік үшін керекті әдебиетті де оқымайды. «Күн көруіне қатысты» нәрселермен ғана шектеледі. Адамдың, сол арқылы ұлттық болмысты түзеу үшін қажетті қазына бізде баршылық. Соны игерсек: адам өмірі, азамат болмысы, «нан тауып жеумен» шектелмесін ұқсақ, игі еді...

 

***

Бір қызығы, «Абай, Абай!..» деп ауызша мақтан тұтудан әрі аса алмайтын біз, қазақтар, соның өсиет-өнегесін ұстана біліп жүрміз бе? Жоқ ұстанбайтын сияқтымыз. «Қара сөзді» түсініп оқып, салмағын ұққан қазақ басына жастанып жатса да болғандай. Себебі, ұлт болашағы, халық бақыты дегеніңіз — ұлттың әрбір өкілінің санасы мен парасатына қатысты, содан өрбитін нәрсе екені рас болса, дәл бүгінгідей науқаншыл айғаймен, «ал, қазақ болайық!» дегеннен түзеліп сала бермейді. Абайдың «Екінші сөзін» оқып отырып, әрі таңданып, әрі өкінесің. Таңданатының — ұлы адамның халық үшін шынымен қабырғасы қайысып, қайғыға батқан тұлғаның сол заманда-ақ қазақты ел қатарына іліктірсем деген ниеті мен сөзінің бейжай қалдыра алмайтын уыты, дәлдігі. Өкінетінің... — Абай айтып отырған ұлттық мінез — болмысымыздың бір ғасырдан соң да, бұзылыңқырамаса, түзелмегендігі. Абайды тыңдалық:

 

ЕКІНШІ СӨЗ

Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе күлуші еді: «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе, демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңізші, түкке ыңғайы келмейтұғын солдат ноғай, қашқын ноғай, «башалшік» ноғай деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» — деп.

Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.

Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасы қазақ», — деп үйінен қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі қадарлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?

 

***

Абай айтып отырған осы қазақы мінез-болмыс туралы ойлансақ кәне?..

Қазақта «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген ежелден келе жатқан сөз бар. Сірә, ислам діні Далаға тарай бастағанда айтылса керек. Абай сөзінің мәнісі осыған саяды. Өкініштісі сол, біздің көпшілігіміздің басымызда осы кемшілік әлі бар. Мысал үшін ғана айтсақ, қазіргі қазақтар (сіз бен біз) ана тіліміздің, дініміз бен діліміздің теперіш көріп, тепкіге түскеннен айтып келеміз де, турасын айту керек, барлығы «осылардың кесірі» деп орысқа, Орыс империясына жабамыз. Жөн-ақ шығар, бірақ сол сордың басымызға орнауының жартылай  себепкері өзіміз емес пе едік?.. Оның үстіне, өзбектің саудасын, орыстың неге болса да икемділігі мен әділдігін, т.б. қасиеттерін бағалап, үйрену орнына, «ә-әй соларды қойшы!» дейтініміз әлі күнге қалған жоқ. Қазір көрінген қазақты алсаңыз, өзінен жөні түзу кісі жоқ сияқты, өз шотына соқпағанды қаралап, құнын соқыр тиынға теңеп отырады...

Жағдай Абай дәуіріндегіден қиындамаса, оңалмаған сияқты. Өзге ұлт түгілі, өз арамыздан ат мойны озған кісіні (жұмыста болсын, тұрмыста болсын) ағаш атқа мінгізуге даяр тұрамыз. Кеудеміз аяққаптай болып, өзге халыңтікінің бәрі оғаш, өзіміздің шашымыздан көп мініміздің өзін де сүйкімді көріп әлі жүрміз. Осыны мойындасақ, өз кеселімізді өзіміз емдесек — ел болуға бет бұрар едік. Қазіргі ақылды, ұстамды, іскер адамдардың, ұлттардың ғана тасы өрге домалайтын заманда да біз орыстың «құлы, күңі қадарлы да жоқпыз» десек, ешкім көңіліне алмас. Өзіне, ұлтына жаны ашыған адам әуелі ащы ақиқатты мойындап, содан қорытынды шығаруы керек. Әйтпесе, біздің «қызылқырт» сөзімізден, жалаң айғай — байбаламымыздан ештеме де шықпайды.

— Сіз де Абайды тыңдаңыз, ағайын!

 

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, (М.Жанысұлы)  

«Арай» журналы, 1991 жыл.