ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ: АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ: АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Оқылған 381 рет

Қосылған күні: 10.06.2021

Бір сенімі бар еді маған да елдің,

«Ұлғайды арман»,
Мен-дағы алаң болдым.
Ымыртта ымырт құсап қоңырайып,
Өзімді іздеп шығып ем – саған келдім.

Кетті дейді жыр оңбай… құрсын бәрі,
Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып…
Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,
түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?

Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып:
Жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып.
Басқа барар жерім жоқ, саған келем
Қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.

Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,
бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:
туатұғын сықылды бүгін-ертең
мраморға жазылар бір өлеңім.

Қажып келдім, қасыңа қалғиыншы,
Не қарғыс, не бата айтшы… ал құйылшы.
Сен маған туған жерім сияқтысың,
Аңсағанда келетін шалдың исін…