ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Абайдың қарасөздері – тәрбиенің қайнар көзі

Абайдың қарасөздері – тәрбиенің қайнар көзі

Оқылған 631 рет

Қосылған күні: 29.04.2021

Абай әйгілі қарасөздерінде шығарманың ажарына назар ауда­рып қана қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Хакімнің гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойы дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас қазақ халқының фило­софия­лық тұжырымдамасын құрайды.

Абайдың қарасөздерін сын­шыл­дық, ойшылдық, көбіне адамгер­шілік мәселесіне арнал­ған өсиет деуге болады. Бәрінің жалпы түйіні – адам болу.

«Бұл жасқа келгенше жақ­сы өткіз­дік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірта­лай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыс­тық, айтыстық, тартыстық – әуреші­лікті көре-көре келдік. Енді жер ор­тасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміз­дің баянсызын, бай­лаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын», деп бастайды Бірінші қарасөзін. Одан кейін ақыры адамзат баласына керекті өмірлік азығын, адаспас бағдаршамын хатқа түсі­ріп, жазуды бастап кеткенін аңғарамыз. Оныншы қарасөзін­де: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» деуі тегіннен-тегін емес. Шын мәнінде, дүниеге ұрпақ әкелу бар да, балаға жақсы тәлім-тәрбие беру бар. Абай айтқан «толық адам» етіп қалыптастыру – үлкен жауап­кершілік. Бүгінгі таңда бала тәрбиесімен тікелей айналысатын педагогтерді алаңдатып отырған да осы мәселе.

Әлемге әйгілі педагог-ғалым­дар­дың қаншама еңбегін ақтарып қарап, тәжірибеде қолдансақ та, ақы­рын­да ұл­тымыздың кемең­гері, даныш­пан Абайдың қарасөз­деріне келіп тоқтаймыз. Өйткені бүкіл адамзаттың болмысы, дү­ние­ге адам болып келіп, адам болып өтуі, тірліктегі жаман-жақ­сы харекеттері, соқтықпалы-соқ­­пақсыз өмірден адаспай, адам қал­пында өтуі бастан-аяқ ақын­ның қырық бес қара­сөзінде ай­тыл­ған.

Ақын екінші қарасөзінде қазақ­тың кәсіппен шұғылдануы жөнінде айтады. Ноғай, татар, өзбек, орыс халық­тарының ең­бекқорлығын айта келіп, олар­­дың сыртынан күлмей, керек дү­ниені үйреніп, адал жолмен мал табуды сөз етеді. Ақынның осы айт­қанының бәрі біз өмір сүріп жатқан дәуірде іске асуда. Білімді жас­тар ғылыммен, бизнес­пен, мал және егін шаруашылығымен айна­лысып, өнертапқыш ретінде та­ны­лып жатқаны – осыған дәлел.

Төртінші қарасөзінде «бір Аллаға сиынып, қайраттанып еңбек қыл, жақсымен жанаса жүр, үлгілі іс жаса» деп насихат айтады.

Бесінші қарасөзінде қазақ­тың орын­­сыз қолданған мақал-мәтел­дерін сынап, не нәрсеге де сын көзбен, сыни оймен қа­рап, ішінен керегін алған жөн еке­нін ескертеді. Сонымен қатар мал табу­дың оңай жолы опа бермей­тінін айта келіп, мал үшін өмір сүре­тіндерді мінеп-сынайды.

Он үшінші қарасөзінде иманы берік болу парыз дейді. Жастарды имандылыққа шақырады. Бүгінгі күнде Алланың бар, бір екенін мойындап, жүрегіне иман гүлін егіп, ислам дінінің ізгілігін ұғын­ған жастар көп болуы – ақын арма­ны­ның іске асқан көрінісі.

Он бесінші қарасөзінде есті мен есер адамның айырмашы­лығын сөз етеді. Құмарлықтан бойын аулақ ұстаған жөн екенін ай­тады. «Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, біртүрлі мас­тық пайда болады екен. Әрбір мас­тық бойдан ағатты көп шыға­рып, ақылдың көзін байлап, тө­ңі­ректегі қараушылардың кө­зін байлап, төңіректегі қарау­шылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сына­татұғын нәрсе екен. Сол уақыт­та есті кісілер үлкен есі шық­пай, ақылды қолдан жібер­мей, бо­йын сынатпай жүріп із­денеді екен», деп жазады. Кей жастардың құмар ойындарға әуес­тігі, ағзаны улайтын зиян нәр­селерге құмарлығы – адам өмі­рін қиындататын, азғындауға әке­летін дүние. Абайдың осы мә­селелерді өзі өмір сүрген дәуір­де айтып кеткені даналық емей немене?!

Он сегізінші қарасөзінде адам баласы адам баласынан тү­бінде ақыл, білім, мінез, ар деген асыл қасиеттерімен озаты­нын айтты. XXI ғасыр – білім-ғы­лым ғасыры. Ақынның айтқаны дөп келіп отыр.

Он тоғызыншы қарасөзінде адам ата-анадан есті болып тумайтынын, естілердің айтқанын ескеріп жүрген­де ғана есті болатынын айтады. Сондық­тан көр­ген-білгенін ескеріп, ой елегіне са­лып, ақырын жүріп, анық басу керек­тігін ескертеді.

Отыз тоғызыншы қарасөзінде ел бірлігі, елдің ынтымағы сөз болады.

Қырық екінші сөзінде қазақ­тың жұмыссыздығы, әлеу­мет­­тік жағдайы сөз болады. Жа­тып­ішер жалқаулықтың кеселі жұмыс­сыздыққа әкеліп тірейді. Қазір де бұл – өте өзекті мәселе. Еліміз­де жұмыс­сыздық көп, соның салдарынан ажырасу көбейіп, пси­хологиялық күйзеліске түсу бе­лең алып отыр.

Қырық төртінші қарасөзінде талап­сыздық жайы айтылады. Ең жаман нәрсе – талапсыздық. Ақын осы мәсе­лені: «Талап, ең­бек, терең ой, қанағат, рақым ой­лап қой», деген өлеңі жолдарымен де астастырып береді.

Абайдың қарасөздерінің ұр­пақ тәр­биесінде алар орны ерекше. Бастан өт­кер­ген, өмірден көр­ген-түйгенін хат­қа түсірген дана Абайдың қарасөз­дері адам баласының дұрыс өмір сүру­­дегі бағ­дар­шамы десек, артық айт­қандық емес.

 

Айгүл АСҚАРБАЕВА,

№86 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары