ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

"Абай әлемі - адастырмас шамшырақ"

Оқылған 761 рет

Қосылған күні: 29.04.2021

Хакім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында республика көлемінде атқарылған маңызды шаралардың бірі де бірегейі – гуманитарлық бағыттағы Абай мектептері желісінің ашылуы.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ана тілі мен төл әде­­биет­тің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан сіңіру қажет­тігін айта келіп: «Осыған орай Алматыдағы Абай атын­дағы мектеп-интер­наттың мүмкіндіктерін толық пайда­ланған жөн.

Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мек­теп­тің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына ай­нал­дыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек», – деп пікір білдірген еді. Осы тапсырмаға сәйкес рес­публиканың әр аймағында 3 мегаполис пен 11 облыста (Ақ­төбеде жаңа ғимарат салынуда) гуманитарлық бағыттағы Абай мектептері желілері ашылып, ол мектептердің ба­залық орталығы ретінде Абай атындағы РММИ жұмыс ат­қаруда. Абай мектептері желі­сін ашу туралы тапсырма беріл­ген сәттен ресурстық орта­лық ретінде Абай РММИ ұстаз­дары мен ЖОО ғалым-оқытушылары бірлесе отырып, Абай мектептері желісінің 5-11-сыныптарына арналған жаңартылған мазмұндағы тереңдетілген «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің бағдарламаларын және оқу жоспарын әзірлеп, 8 рет талқылаудан өтіп, өң­де­ліп, Білім және ғылым министр­лігі бекіткен болатын. Осы бағдарлама аясында білім алған Абай мектептерінің шә­кірт­тері ана тілінде шешен сөй­леп, ділмарлық қабілеттерін шыңдап, төл әдебиетіміздің қайнар бұлағынан терең сусындап, Абайдың тұлғалық болмысын кеңінен ашуға мүмкіндік алмақ. Бұл – ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге жасалған алғашқы қадам.

2020 жылдың 23 желтоқсан күні Абай мектептері желісіне арналған «Білім берудегі 4К моделі: теория мен әдіс­теме» тақырыбындағы республи­калық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, Абай мектептерінің алғашқы отырысы, алғашқы басқосуы болды. Конференцияның пленарлық отырысын ашып, құттықтау сөз сөйлеген БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ж.Карамбаев бұл тарихи күн екенін айта келіп, «Абай мектептерінің» миссия­сы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқитын, функционалды сауатты және ұлт­жанды жеке тұлғаны тәр­бие­леу», – екенін атап өтті. Пленарлық отырыста «Абай мектептерінің» логотипі, оқу жоспары, бір жылдық жұмыс жоспары, тереңдетілген бағдар­ламалар таныстырылды. Кон­ференция аясында «Абай мек­теп­терінің» ұстаздары үшін үш секция жұмыс жасады: 1) «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің оқы­тылуы; 2) Гуманитарлық пән­дердің оқытылуы және тәрбие жұмысы; 3) Бейіндік пәндердің оқытылуы. Бұл конференция республикадағы «Абай мектеп­терінің» арасында қызметтік әрі шығармашылық байланыс орнат­қан тарихи күн ретінде есте қалды.

Абай мектептері арасын­дағы байланыс әрі қарай да жалғасын тауып, «Абай мек­тептері желісінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерін оқыту ерекшеліктері» және «Абай мектептері желі­сінде бейіндік пәндердің оқы­тылуы» тақырыптарында 72 сағаттық онлайн курстар ұйым­дас­­тырылды. Курс барысында жо­ғары оқу орындарының тілші, әдебиеттанушы, абайтану­шы ғалымдары, сонымен қатар педагогикалық шеберлік орта­лығының әдіскер ұстаздары шақырылып, дәрістер оқыды. Абай РММИ ұстаздары шебер­лік сағаттарын көрсетіп, қаты­сушы ұстаздармен кері бай­ланысқа түсіп отырды. Тек үй­рету, көрсетумен шектелмей, екі­жақты байланысқа құрылған бұл курстар Абай мектептерінің мұғалімдері үшін шынайы тәжірибе алаңына айналды.

«Қазіргі жаһандану дәуі­рінде жаңа технологияның қар­қынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Ұлы Абай үнемі сынға алған ма­сылдық қоғамға ешқашан жақ­сылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек бі­лім­мен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Біз қазіргі за­манның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек», – деп Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев айтқандай, қазіргі таңда білім берушіге де, білім алушыға да қойылатын талап мүлде бөлек. Соның бірі – оқушылардың тілдік сауаттылығымен қатар, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Осы орайда, рес­публика ұстаздарының сұранысы бойынша, Абай мек­тептері желісінің және респуб­ликадағы қызығушылық танытқан өзге де білім орда­ларының ұстаздарына арнап «Оқушылардың оқу сауат­тылығын қалыптас­тыру­дың тиімді әдіс-тәсілдері» тақы­рыбында вебинар өткізілді. Біз­дің білім ордамыз – Абай атындағы республикалық ма­ман­дандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқы­татын орта мектеп-интер­наты мен Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті арасындағы бір­лескен меморандум негі­зінде аталған ЖОО-ның Фило­логия және көптілді білім бе­ру институтымен бірлесе веби­нар өткізілді. Ұлттық бірың­ғай тестілеуде негізгі пән ре­тін­де тапсырылатын оқу сауат­тылығын тиімді шешу және талдау бойынша ұс­таз­­дармен тәжірибе бөлісу мақса­тында Абай мектептері желісінің жылдық жоспарына сәйкес шеберлік сыныптары көрсетілді.

Алдағы уақытта да желілік «Абай мектептерінің» орталық базасы ретінде жұмыстар қар­қынды түрде жалғасын таба­ды. Биылғы оқу жылында Абай мектептері үшін жасалған жыл­дық жоспарға сәйкес, сәуір айын­да республика көлемінде ІІІ «Ділмар» шешендік сайысын, мамыр айында «Жаңар­тылған білім беру: жаңа көз­қарас, нақты қадамдар» тақы­ры­бында педагогикалық идеялар фестива­лін өткізу жоспарлануда.

Бізге қойылатын талап – ұлт­тық сипатымызды жоғалтпай, алға сенімді адымдар жасайтын буын тәрбиелеуге тамшыдай болсын үлес қосу. «Болашақ – жастардың қолында». Сапалы да саналы ұрпақ – еліміздің алға басудағы үміті, дүбірлі додада озып шығатын дүлдүлі.

 

Роза СЕКСЕНОВА,

Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат директоры міндетін атқарушы