ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

«АБАЙ» ТУЫНДЫСЫНДА – АЗАТТЫҚ РУХЫ

Оқылған 861 рет

Қосылған күні: 23.12.2020

АБАЙ – адамзат ақыл-ойының асқар шыңы, қазақ рухының темірқазығы. Оны қанша құрметтесек те – аз. Биылғы 175 жылдық мерейтойында кітаптары қайта басылып, әлемнің көптеген тіліне аударылды. Түрлі драмалық шығармалар жазылды. Айрықша айта кетерлігі – біз оны түсіне бастадық. Босқа мақтаудың пайдасыздығын ұқтық. Осы игі істердің сүбелісі «QAZAQSTAN» ұлттық арнасы түсіріп, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жұрт назарына ұсынған – «АБАЙ» телехикаясы. Түгел жұрт көк жәшікке телмірген тұста қолға алынған ғажап дүние болды – бұл…

Шындығында карантин шараларына қарамай телехикаяны өз деңгейінде түсіріп шыққан ұлттық арна ұжымына дән риза болдық. Телетуындының бір ерекшелігі Абайдың ел ағасы болған тұсынан басталса да, әр кезеңінде бозбала шағына, жігіттік кезіне, орта жасқа келген уақытына шегініс жасап отырады. Фильмдегі костюмдердің ұлттық бояуы қанық, тартымды түсірілген. Диалогтары да көңілге қонымды, Абайдың бейнесін барынша ашуға тырысқан.

6 бөлімді телехикая Ұлттық арна мен «Абай» арнасынан 16-17 желтоқсан күндері кешкі 20:00-де көрсетілді. Телехикаяның оқиға желісі Абай өмір сүрген дәуірді бейнелейді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романэпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, ақын өмір кешкен кезеңдегі қоғамдық тартыс, Абайдың адами болмыс-бітімі, кемеліне келген шақтағы саяси мәселелерге араласып, ұлтын береке-бірлікке шақырған тұстары түгелдей көрініс табады. Сериалдың сценариі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының көркемдік кеңесі мен зиялы қауымның сүзгісінен өткен. Бұл жауапты туындының кеңесшілері – абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет және жазушы-драматург Дулат Исабеков болса, Бас редакторы белгілі қаламгер – Қайнар Олжай.

Стильдік, композициялық жағынан Абайдың мінезін ашуға күш салғанын байқадық. Абайды қарапайым пенде ретінде таныта отырып, жұрттың жүрегіне жақындата түскен. Фильмде басқа да кейіпкерлердің бейнесі толық ашылған.

Қара қылды қақ жарған Құнанбай бейнесі де сәтті шыққан. Меккеге кететін тұсы, Қодарды жазаға тартар жері толық қамтылыпты. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас та өте тартымды. Абайдың бауырларына жанашырлығы, анасы мен әжесіне деген құрметі, адами келбеті сәтті суреттелген.

«Елім!» деп еңіреп өткен хакімнің өмірі мен шығармашылық жолы экранға жаңа нұсқада көшті. Сапасы да жоғары деңгейде дер едік. Кітап оқымайтын заманда, көрермендердің «фильмді көріп, кітап оқып отырғандай болдық. Шет тілдерге де аудару керек, көрсін» деген пікірлерін оқып, риза болдық. Елдің талғамы өсіп, жетіліп келеді. Бұл да өз кезегінде көркем дүние тудыратын таланттарға шабыт берері сөзсіз.

Еліміздің түкпір-түкпірінен тартылған актерлер құрамы да сәтті таңдалған. 6 бөлімнен тұратын сериалда ақын өмірінің үш кезеңін көреміз. Абайдың кемеліне келген шағын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, жас Абай бейнесін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, бозбала шағын актер Әли Тұрсынхан сомдады. Құнанбай рөліне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай, Абайдың анасы Ұлжан рөлін сомдауға белгілі актриса Гүлшат Тұтова, әжесі Зеренің рөліне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машурова таңдалған.

Бұл – ұлы ақын туралы жарық көріп отырған алғашқы телехикая екенін айта кеткен жөн. Түсірілім жұмыстары екі айға жуық уақыт Алматы облысында өтіпті. Режиссері – Мұрат Бидосов. Сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы.

Ғаламтордағы пікірдің басым бөлігі Болат Әбділмановтың табиғи талант екенін алға тартады. Шындығында осы телехикаяның тартымды, әсерлі шығуынан Болат ағамыздың көп еңбектенгенін көруге болады. Киім киісі, жүріс-тұрысы, мұңаюы, өлең оқуы, тіпті, орыс шенділерімен тең дәрежеде орысша сөйлесуі – Абай бейнесін салмақты етіп тұр. Өйткені, әлемге Абайдай ғұлама, кемеңгер тұлғаның көзімен қарап, бір сәт ойшылдың өмірін сүру – қиынның қиыны. Ресейдің халық әртісі Сергей Безруков бір сұхбатында Есениннің рөлін ойнаған соң, біразға дейін сол образдан шыға алмай жүргенін айтады.

«АБАЙ» телехикаясының мақсаты да сол, рухани әсер қалдыру, оның шығармалары арқылы не айтқысы келгенін ұқтыру. Ақынның жанын жеген қалың қайғысына бір сәт болса да бойлату. Ал, бұған дейін Кеңестік дәуірде түсірілген «Абай әндері» туындысы мен ақынның 150 жылдығында жұрт назарына ұсынылған «Абай» фильмі көрерменнің есінде болар?! Екеуі де өз заманының талабына жауап беріп тұр. «Абай әндері» фильмі отаршылдық тақырыбын, ақын қасіретін айналып өтсе, «Абай» туындысы Тәуелсіздіктің тұғырына қонған тұста түсіріліп, асығыстық салдарынан көп дүние қамтылмай қалған. Ал, бұл «АБАЙ» телехикаясы сол кемшіліктердің орнын толтырып, дәуір талабын дөп басып тұр. Уақыт өткен сайын, талғам да өзгереді, ал хакім өлеңдерінің жаңа қырлары ашыла бермек. Бұл телехикаядағы кейбір кемшіліктер болшақта түсірілетін фильмдерде замана сұранысына сай түрленері хақ.

Туынды Тәуелсіздік күні экранға шығуы да жай емес. Фильмнің соңында жалған өмірден құса болған ақынның көзіне көк теңізде толқын жетелеп бара жатқан ақ желкенді кеме елестейді. Ол Абайдың өмір бойы елі-халқы үшін аңсап өткен азаттық рухы, ой еркіндігі, ел егемендігі еді…

Жәлел ШАЛҚАР.