ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

ҰЛТ ДАНАСЫН ҰЛЫҚТАУ

Оқылған 1021 рет

Қосылған күні: 23.12.2020

Жер жүзіндегі әр ұлттың, әр мемлекеттің өздері үшін теңдесі жоқ межелі де мерейлі белестері бар. Келесі жылы қазақ елінің ұзақ уақыт бойы аңсаған тәуелсіздігін алып, дамудың жаңа даңғылына түскеніне 30 жыл толады. Осы айтулы кезеңнің не бойында халқымыздың тарихында қадау-қадау із қалдырған торқалы тұстар, салтанатты сәттер болды. Соның ішінде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығы» – Абай Құнанбайұлын ұлықтауға әр кез аса үлкен мән-мағына жүктеліп келгені белгілі. Егемендігіміздің ширек ғасырдан астам мерзімі ішінде ХІХ ғасырда к рсеткен негесі ХХІ ғасырдың өркениетіне шашауы шықпастан кіріккен ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абайдың мұрасы руханиятымызға қапысыз қызмет етті. Халық пен билік мүддесі ұштасып, Ұлы дала данышпанының 150 жылдығы тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қаржылық және тағы басқа қыруар қиыншылықтарға қарамастан, ал 175 жылдығы кемелденген елдік бірлігіміз бен берекеміздің аясында, күллі әлемді жайлаған пандемияның кедергісіне дес берместен, республикалық және халықаралық деңгейде абыроймен аталып өтті.

Даңғазалық пен дарақылық, ысы­рап­шылдық пен ынсапсыздық – ұлт хакімінің дүниетанымына мүлде сыйым­сыз құбылыстар болғандықтан, Абай­ға науқаншылдықтан аулақ, мақ­тан­шыл­дықтан ада құрмет көрсету жарасымды екенін әр саналы азамат терең түйсінгені анық. Ол – ол ма, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін», деп биік парасат-пайымға негізделген іргелі концепциясын ұсынды.

Расында да, Абай соңына ұрпақтан-ұрпаққа, заманнан-заманға ұласып, өз халқымен мәңгі бірге жасайтын салиқалы сөзін аманаттап кетті. Оның ешқашан ескірмейтін, мәйегін жоғалтпайтын, ішіне бүккен қатпар-қабаты әр дәуірдің контексінде жаңа қырынан ашылып отыратын классикалық ой қазынасы – қо­ғамның өрісі мен өресінің, бітімі мен бол­мысының дәл индикаторы іспет­ті. Тұңғиық зердесі, ұшқыр қиялы, нәзік түйсігі күні бұрын болжап берген үде­ріс­тер аясында біз ақынның өсиетіне мұқият зер салып, өшпес қағидаттарын жүзеге асыра алдық па? Елдігіміздің еңселі, бағ­дарымыздың баянды болуы жолында ол талап еткен тиянақты өлшемдерді ұмыт қалдырып жүрген жоқпыз ба? Ол айтқан «жүрек айнасына» үңіліп, ұлт­тық жаратылысымызды тереңірек танып-түстеуге, «жақсы менен жаманды айы­руға» ұмтылысымыз қаншалықты дәре­жеде? Абайды еске алған сайын, көп­ші­лік­тің көкейін осы сияқты сансыз сауал ма­за­лайтыны сөзсіз.

Мұның барлығын мемлекеттік тұр­ғы­дан жан-жақты сарапқа салған Қа­зақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі зама­нымыз үшін кө­кейкестілігі, ақын шығармаларынан хал­қы­мыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді», деп қоғамдық сананы қайта түлетудің өзектілігіне айрықша назар аударады және осы ретте Абай мұрасын ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру барысында ұтымды пайдалану қажеттігіне ден қояды. Ол кейінірек жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты екінші мақаласында да әлгі ойларын әрі қарай нақтылап, «қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды» екендігін атап көрсетеді.

Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасыр­да­ғы Қазақстан» атты мақаласының «Ұлт­тық болмыстың үлгісі», «Мем­лекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры» деп аталатын тарауларында баяндалатын жайттар Абайдың қағидаттарымен байланыста қарастырылып, бүгінгі «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуына апаратын қадам ретінде сараланады.

Мемлекет басшысы пайымдағандай, билікке құрмет, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, популизмге ұрынбау, сындарлы диалог – мемлекет іргетасының, ұлт ынты­мағының мызғымас атрибуттары. Осы ретте ол өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын Абай­дың әділетті қоғам құру идеясын дамыту мақсатында ұсынғандығын алға тартып, мұны жүзеге асырудың бірден-бір шарты билік пен қоғам өкілдерінің түйткілді мәселелерді шешу кезінде ортақ мәмілеге келуі деп біледі. Жаңадан құ­рыл­ған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сон­дай келелі пікір алмасу алаңына айна­лып, оның отырыстары тікелей Прези­дент­тің өзінің қатысуымен өтуі оң дәстүр болып қалыптасты.

Абайды өз заманындағы «іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы» дей отырып, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы бүгінгі дамудың шешуші фактор­лары қатарында аталатын бәсекеге қа­бі­лет­тілік, әлеуметтік жауапкершілік, ма­сыл­дықпен күрес, кәсіби адалдық тө­ңі­регіндегі толғақты ойларын көпшілік тал­қы­сына салды және шикізатқа тәуел­ді­лік шырмауынан арылып, орта және шағын биз­несті ілгерілетуді негізгі басым­дық­тар­дың бірі ретінде белгілеп берді.

Озық жұрттармен терезесі тең болып, иық теңестіру үшін қоғамымыздың әр мүшесі өзін өзі жетілдіргені, Абай айтқан кемелдікке ұмтылғаны абзал. Қазақстан Президентінің бұл бағыттағы темір­қазық идеясы – интеллектуалдық ұлт қалыптастыру. Ал оған қарай ілгері­леу­дің басты талаптары: білім мен ғылым; тіл үйрену; сананың ашықтығы; түрлі өнерді игеру; ұлтжанды азамат болып тәрбие­лену. Керісінше, тойқұмарлықтан тартыну, жалқаулыққа бой алдырмау, сөзуарлыққа салынбау. Мұны ұлы ақын тарқатып түсіндірген «бес асыл» мен «бес дұшпан» тайталасының қазіргі қоғамдық реалияларға сәйкес трансформацияланған көріністері туралы өскелең ұрпаққа ба­ғыш­­талған парасатты байлам деп қабыл­даймыз.

Жыл бойына Абайдың даңқы мен дәрпін одан әрі шарықтатып қана қоймай, оны Қазақстанның әр азаматының күн­де­лікті сұхбаттасына, тұрақты ақыл­­шы­сына, рухани демеушісіне айнал­ды­­ратын шешімдер қабылданып, соған сәйкес жүйелі шаралар жүзеге асырылды. Мерекелік күнтізбеміздегі үлкен жаңалық – енді әр жыл сайын тамыл­жы­ған тамыздың 10-ында Абай күнін атап өтіп, рухына тағзым жасайтын боламыз.

Әдебиет және өнер саласындағы үздік шы­ғармаларға берілетін мемлекеттік сый­­лық Абайдың атын иемденді. Жа­ңа­­дан­ ашыл­ған «Абай» телеарнасы көзі­қа­рақ­ты көрерменді халқымыздың бай руханиятымен сусындататын ілкім­ді ақпарат құралына айналды. Арғы бастауын Мұхтар Әуезов пен Жүсіп­бек Аймауытов дәстүрінен алатын рес­публикалық «Абай» журналына қол­дау көрсету жөнінде тапсырма бе­рілді. Жоғары оқу орындарының білім бағ­дар­ла­малары «Абайтану» кур­сы­мен байытылды. Ол болашақ гума­ни­тарлардың ғана емес, техника мен жараты­лыстану саласын таңдаған студент жастардың да көзқарасын кеңейтетін пән болса игі деп ойлаймыз.

Біздің оқу ордамызда, яғни Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық униве­р­ситетінде құрылған Абай академия­сы іске кірісіп, биылдың өзінде ақынның шығармашылық мұрасына байланыс­ты жоспарлы жұмыстарды атқарып үлгерді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта бұл ғылыми-зерттеу институтының тө­ңі­­регіне топтасқан білікті мамандар Абай­дың «толық адам» концепция­сын қайта зерделеуді қолға алатын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бұл тұжырымдама «шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы инс­титуттарының негізгі тұғырына ай­нал­уы керек». Сондай-ақ елордада тұ­рақты өткізіліп келе жатқан әлем дінде­­рінің басын қосатын жиындардың мақ­са­ты Абай дүниетанымымен ұштасып жат­қан­дықтан, оның «кәміл мұсылман» қағи­дасын жан-жақты байыптаудың да зәру­лігі көрінеді.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ең алдымен, 2019 жылдың 26 сәуірі күні қа­зақтың бас ақынының туған топы­ра­ғы­на жұмыс сапарымен барып, Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізгені мәлім. Сондағы сөйлеген сөзінде ол Абайдың әкесі – Құнанбай туралы қоғамдық санада кеңестік кезеңнің сарқыншағы секілді орнығып қалған идеологиялық стереотипті бұзып, оны қазақ тарихында өз орны бар тұлға ретінде әділ бағалаудың уақыты жеткенін айтты. Сөйтіп халықтың көңіл түкпірінде жүрген тілегі қабыл болып, Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылды және Құнанбай музейі ашылды.

Ал ел руханиятында атқарған зор маңызы үшін «тарихи орталық» деп бел­гіленген Семей қаласында 2020 жыл­дың 15 қазаны күні Мемлекет басшы­сының қатысуымен «Ұлы ақын Абай – ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Бұл өнер туындысы текті әулеттен шыққан Абайдың өзін ғана емес, оның талантты перзенттері Ақылбай мен Тұрағұлды әкесімен рухани бірлікте бейнелеу арқылы ұрпақтар сабақтастығын әйгілейді.

Ғұламаның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта жөндеу жұмыстары жүргі­зі­ліп, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйі, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі заманауи талаптарға сай түбегейлі жаңғыртылды. Қарауылда Абай саябағы салынды. Семейде «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.

Өркениетті елдерде ұлы ақындарын дүниеге әкелген, сондай-ақ олардың шығармашылығына қанат бітірген қоныстарды қастерлеудің үлгілері бар. Басқаларды айтпағанда, Абайға қатысты дереу еске түсетін – немістер Гете (Майндағы Франкфурт пен Веймар), Шиллер (Марбах пен Веймар), ағылшын Байрон (Ньюстед аббаттығы), поляк Мицкевич (Заосье усадьбасы), орыстар Пушкин (Михайловское усадьбасы), Лермонтов (Тархан усадьбасы), Бунин (Озерки усадьбасы), Крылов (Санкт-Петербург пен Приютино усадьбасы) мұралары сөз етілгенде, әр ұлттың әлем әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан зор тұлғаларын дәріптеу салты өзара үйлес екенін көреміз. Жидебайда жазған сөзі жер-жаһанның әр түкпіріне жете бастаған Абайға мемлекет тарапынан жасалып жатқан құрмет те «қалың елі – қазағын» тағы бір серпілтті.

Қазақстанның саяси және эконо­ми­калық табыстары жайынан әлем жұрт­шы­лығы жақсы хабардар бол­ға­ны­мен, халқымыздың кең шал­қар рухани қазы­на­сымен, мәдени құндылықтарымен жеткілікті дәрежеде таныс деп айта қою қиын. Сондықтан дипломатия сала­сын­да­ғы тәжірибесі мол, әлемдік тенденцияларды айна-қатесіз аңғаратын Қ.Тоқаевтың жалпыадамзаттық дең­гей­­ден табылатын Абайды «Жаңа Қазақ­стан­ның бренді» деп таныстыруды ұсына отырып: «Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», деген сөздері қоғамымыз қол созған мұраттармен және бүгінгі дәуірдің талабымен тығыз үндесіп тұрғаны ай­қын. Осыған орай Қазақстанның шет мем­лекеттердегі елшіліктері жанынан «Абай» ақпараттық-мәдени орталықтары ашылып, ақын шығармашылығын ұлттық құндылықтарымызбен са­бақ­тас­тыра отырып насихаттау жұмы­сы­на кірісті. Еліміз жүзеге асырған бірегей ха­лықаралық жоба негізінде Абай шы­ғармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, италиян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Сөйтіп адамзаттың бәрін «бауырым» деп сүюге үндеген ақынның көркемдік әлемі, ой кеніші, рухани тәлімі жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени ошақтарының табалдырығынан аттап, төріне озды.

Қазақтың бүлдіршін қызы Ләйлімнің Абай өлеңінен үзінді оқып, эстафета кезегі жолданған Қазақстан Президенті тарапынан қолдау табуымен басталған челлендж жалпы бұқаралық сипатқа ие болып, ақырында күллі дүниені шарлап кетті. Виртуалды кеңістіктің шексіз көкжиегін шабытымен көмкерген ақын шығармаларын оқу арқылы әртүрлі елдердің танымал саясаткерлері, атақты музыканттары, әйгілі қаламгерлері, ірі бизнесмендері, сондай-ақ әдебиетсүйер қауымы – бәрі-бәрі өзара тебірене үн қатысып, қазақтың біртума данышпанына және оның халқына құрметін білдірді.

Қорыта айтқанда, мерейтой аясында елішілік және халықаралық ауқымда іске асқан шаралар ұлы Абай мұрасының, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айт­қан­дай, «ойы озық, санасы сергек «то­лық адамның» толыққанды қоғамын» құ­ру жолында мәңгі рухани азық бола бе­ре­ті­ні­не көзімізді кәміл жеткізді.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА академигі