ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Мақсат ӘЛІПХАН: «АДАМДЫ СҮЙ, АЛЛАНЫҢ ХИКМЕТІН СЕЗ»

Мақсат ӘЛІПХАН: «АДАМДЫ СҮЙ, АЛЛАНЫҢ ХИКМЕТІН СЕЗ»

Оқылған 551 рет

Қосылған күні: 12.11.2020

үптеп келгенде, адам болмысы мен оның өмірі екі нәрсемен байланысты болып келеді. Мұның бірі – адам өзі қызы­ғып, ұмтылып, өмірінде пайдаланып тұ­ты­на­тын түрлі игіліктерінің жайы болса, екіншісі – сол адам тұтынатын сан түрлі игі­лік­тердің асылы мен жасығын ажырата біліп, олардың ішінен артығы мен асылын, қасиеттісі мен мәндісін тануға жеткізетін ақыл-ой ақиқаты.

Әдетте адамзат баласы көбіне кездейсоқ қызықтар мен қуаныш, рахат, түрлі игіліктердің соңында болып адасумен жүреді. Адам қызығып, соңына түсіп ұмтылатын мұндай игіліктердің біразын Абай өлең, қарасөздерінің әр-әр тұсында орайымен ауызға алып отырады: «Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек; жұртқа жақпақ; ішсем, жесем, ұйықтасам, білсем, көрсем, үйренсем; тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да; ішпек, же­мек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құш­пақ, сүймек, мал жимақ, мансап ізде­мек, айлалы болмақ, алданбастық». Ай­налып келгенде бұлардың бәрін де адам баласы тәні мен жанынан бастау алатын екі түрлі құмары арқылы табады. Абай адам баласы ұмтылып жүріп табатын сан түрлі көп игіліктің ішіндегі ең артығы мен асылын түптеп келгенде екі-ақ нәрсе деп біледі:

...Адамды сүй, Алланың хикметін сез, 

Не қызық бар өмірде одан басқа.

Ақын айтқан «адамды сүй» дегеннен – жүректен бастау алатын ізгі қасиеттерді, ал «Алланың хикметін сез» деуінен – ақылмен қа­лыптасатын даналықты ұғамыз. Бұл екі топ­тағы адамгершілік қасиеттерін Арис­то­тель мен әл-Фараби ойшылдық, ин­тел­лектуалдық және адамгершілік, эти­ка­­лық қайырымдылықтар деп атаған. Бұл екеуінің жиынтығынан кісілік қалып пен адамгершілік болмыс, адамшылық қасиет қалыптасады. Мұны бұрын-соңғы ойшылдардың бәрі де бірауыздан мойындай тұжырымдап, әбден түйіндеп кеткен. Абай да осы төркінді, тамырлы таныммен, асыл да абсолютті ақиқатпен ортақтасып, өз тарапынан төл танымы – жәуанмәртлік ілімін қалыптастырған. Және Абай адамның өзіне тән хас қасиеті – адамгершілігін Алланың сипаттарынан туындатып барып танытқан. Адамзат даналары, әсіресе діни ойшылдар Алланы – ұқсасы, ортағы, серігі жоқ айрықша бірегей болмыс санаған. Абай да осы ата­лы ақиқат жолымен адамның асыл болмысын Алламен байланыстырған. Ақын ойының ақиқаттығы әл-Фараби тұжырымдаған оймен расталып негізделеді. Адам – Аристотель, әл-Фарабилер айтатын ақиқат бойынша, Ай астындағы материалдық, заттық әлемде өмір сүретін қоспасы ең көп жаратылыс, сөйте тұра жетілу мүмкіндігі де мол болмыс. Себебі адам – Ай астындағы әлемде қоректеніп, өсіп, қозғалып, көбейетін тіршілік иелері ішіндегі, Абайша айтқанда, өзгеше «ірі жаратылған» жанның иесі. Өсімдіктер мен жан-жануар, жәндіктердің жанындағы қабілет, күш-қуаттар адамдікіне қарағанда кемдеу, тым төмен. Өсімдік жанында қоректену, өсу, көбею қабілеттері болса, жануар жаны бұларға қоса бес сезім мүшесімен түйсінуі және әрлі-берлі қозғалу қуаты арқылы өсімдік жанынан «ірілеу», биіктеу болады. Ал адам жаны өзіне дейінгі өсімдік пен жануар жанындағы қабілет, күштердің үстіне ойлай алатын қуаты қосылып, олардан жоғары тұрады. Өз жанындағы дәл осы ойлау қуаты арқылы адам баласы – Ай астындағы әлемдегі ең жетілген жаратылыс саналады. Және адамға қатысты жетілу әрекеті өсімдіктер мен жан­уарлар секілді тек тән жағынан өсіп, өзгер­уімен, ұлғаюымен ғана шектелмейді. Адамда өзіне дейінгі төмен жаратылыстарда жоқ, оларда мүлдем болмайтын рухани жетілу мен кемелдену әрекеті бар. Адамды болмысы бөлек Алламен байланыстыратын да – оның осы жетілу, кемелдену әрекеті. Адам баласы дәл осы әрекеті арқылы өзінің төл болмысына жетеді және оны өмірінше сақтай алады. Әйтпесе адамның айуаннан айырмасы болмас еді:

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

...Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса.

Ақынның бұл өлеңін жаратылыс пен шын­дыққа тікелей еліктеуден туатын ғылым туындысы емес, «еліктеуге еліктеу» арқы­лы пайда болатын өнер туындысы деп қана қабылдау обал. Себебі хакім Абайдың бұл екі шумағында дәлдік пен ақиқатқа негіз­делген ғаламат ғылыми таным бар. Әдетте өнер туындысы мұндай ғылыми та­ным жасауды мақсат етпейді. Ал Абай болса – аса ойшыл ақын, ол – түпкі, іргелі ақи­қат­тарды өлеңмен жеткізуші хакім ақын. Ақын жазғандай, адам – ақыл-ой, санасы мен ойлаушы жаны арқылы танып біле алатын қабілетімен ғана биік әрі асыл жаратылыс. Тәнге қатысы шамалы ғана, жанама түр­де ғана көрінетін жан құмары тек адамда ғана бар. Адамнан өзге жаны бар тір­ші­лік иелерінде «ішсем, жесем, ұйық­та­сам» деген қоректену мен тынығуды ғана тілей­тін бір ғана тән құмары бар. Тек адам ғана тән құмарының үстіне жан құмарының да иесі, яғни қоспа жаратылыс. Абай мұны былайша танытқан: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тән­нің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік... Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».

Осы соңғы жан құмарымен ғана адам айуаннан ажырап, алыстап, олардан биік, жоғары тұрады. Бұлай болмағанда адам баласы «ақылына сәуле қонбай, хайуанша жүріп күнелткен» күй кешеді. Ақын жазғандай, адамда бар жан мен тән малда да бар, тіпті өсімдікте де бар. Адамды айуаннан бөлектеп биік ететін – «жүректегі қайраты», яғни ынта, ықыласымен білмекке құмар болған жан қуаттары арқылы танып білу, ойлау мен ар, ұят, әділет, рақым, сүю сезімдері. Абайдың «ақыл, сезім болмаса» дегені осындай адамшылық, адамгершілік қа­сиеттерді танытады. Жан-жануар атау­лы­ның жаратылысына сырттан енетін нәрселер тек тән құмарымен ғана келсе, адам­ның асыл болмысы тәнінің тілегімен қоса Абай айтатын білім, ғылым, өнер се­кіл­ді «жан тамағын» да қажет етіп тұ­ра­ды. Адамды осы жан құмары мен қажет­тілігі ғана болмысы мен мәніне, қасие­тіне жа­қын­дата береді. Сөйтіп Абай адам жара­ты­лы­сының екі жақты қоспа болмысын білген әрі өз туындылары арқылы бекіте түскен және ойшыл хакімдерше адам жайын жан-жақты терең танытумен өткен. Жан-жануар тек тәнінің ғана қамымен тіршілік етсе, адам айуанда да бар тәнін, денесін көмекші, қызметші етіп жанының да жетілуін ойлап, сол жолда кемелдене береді, яғни жан құ­ма­рымен «көріп, біліп, үйреніп» білім-ғы­лым табады, ақылын арттырады, қайы­рым­дылық қасиеттерін көбейтеді. Адам баласы – Ай астындағы жанды материя, тән иелері жануарлар мен Алла арасындағы артықша, айрықша болмыс. Адамның өзіне ғана тән төл болмысы – материя, зат, дене мен ойлаушы жан, ақылдан тұратын екі жақты қоспа жаратылысы. Жаратылыс пен Бар­лық­та адамнан өзге мұндай қоспа болмыс жоқ. Ай астын­да­ғы әлемде жанмен бірге ақыл-ой, санасы да бар екі жақты қоспа жаратылыс – адамнан өзге жансыз ма­терия, заттар, денелер мен жанды тән ие­лері де бар, бірақ бұларда төркіні Жара­ту­шымен байланыстыратын рух, яғни ақыл-ой мен ойлаушы жан жоқ. Олар тек материя ғана, әрі кеткенде қо­рек­те­нетін, қорғанатын, қозғалатын тән мен дене­нің ие­ле­рі. Өсімдіктер мен жануар­лар­дағы жан тек материя мен тәннің ғана тіршілігіне жәрдем жасауымен ерекше­ле­неді. Бұлардағы басты мақсат, негізгі нәрсе – тек қана тән қамымен тір­шілік ету. Адамның айуан секілді ет пен сүйектен жаралған тәни жаратылыс екені талас тудырмайды. Және бұл жаратылыс тек тәнімен ғана адам болмайды. Ол – төркіні Жаратушы Алладан бастау алатын ақыл-ойы, санасы мен тегі, төркіні топырақ саналатын тәні екеуі біріккенде ғана өзіндік адам атты болмысқа айналады. Байқасақ, адам – материалдық, заттық, тәни дүние мен рухи болмыс Алла арасындағы өзгеше жаратылыс. Яғни адам – екі жақты қоспа болмыс. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғын­да­рының көзқарастары туралы» трактатында «...әлгі басқа болмыс екі нәр­седен құ­рал­мақ» дегені осы қоспа адам жа­ра­тылысын меңзеп тұрғандай. Алладан өзге барша жаратылыстарды «Одан (Бірінші Тұлғадан, Алладан) өзгеше ететін нәрсе оның (өзге жаратылыстардың) өз болмысы болар еді». Демек жаны жоқ материалдық денелер мен жаны бар тән иелерінің (өсім­дік­тер мен жануарлар) «өз болмыстары» – материядан тұратындығы және бұлардың бар болмысы – осы материясы мен тәні ғана, яғни бұлар – біржақты материалдық жа­ратылыстар. Ал адамның болмысы бө­лек­теу әрі биіктеу, себебі адамда төркін-тегі Алладан бастау алатын рухани болмыс бар. Міне, осы рухани болмысымыз біз­дер­ді Алламен байланыстыратын көпір іспетті. Осы орайда әл-Фара­би былай деп жазады: «Сонда әлгі бас­қа болмыс екі нәрседен құралмақ: бұлар­дың бірі – оның өзіне ғана тән, ал екін­шісі – Бірінші Тұлға екеуінің ор­тақ нәрсесі». Ғұлама ойшыл жасаған бұл тұ­жырым мен түйіннің мән, маңызы айрық­ша зор. Бұдан шығатын ақиқат – Алла мен адам болмысында екеуіне ортақ болатын нәрсе бар, ол – рух, ақыл мен ойлаушы жан. Бұрын-соңғы ойшыл даналардың адам­да­ғы асыл болмысты рух, ақыл-ой, қайы­рым­дылықпен байланыстыруы тегін емес. Ал рух, ақыл-ой, қайырымдылықтың бас­та­уы мен төркіні – Жаратушы Алла. Қара­па­йым халық ұғы­мын­дағы Алла, Құдайдың – Жаратушы, Жарыл­қаушы атануында ғажап сыр бар. Алла – ғалам мен адамнан тұратын Бар­лық­тың Иесі, Барлықтағы бар нәрсенің бәрін де жаратушы – бір Алла. Ал жарату – игілікті, ізгілікті іс, жақсылық пен қайы­рым­дылық. Керісінше бұзу мен бүлдіру, қирату – қиянат, жамандық. Ал Аллаға қатысты айтылатын жарыл­қау­шы­лық – Оның жоқтан бар етіп жарат­қан­да­ры­ның қамын тағы да жасай түскен қайы­рым­дылық пен ізгілік. Адам да Аллада бар осын­дай игілікті, із­гі­лік­ті істерді хал-қаде­рін­ше жасай алуымен қадірлі, қасиетті, абыройлы, адам­гер­ші­лікті болмақ. Адамды артық, асыл, биік ететін адамгершіліктің Алладан бастау алатын осындай төркін-тегі бар. Абай да әл-Фараби негіздеп түйін­де­ген іргелі де абсолютті ақиқатты өзінің отыз сегізінші қарасөзінің басты өзегі етіп алған. Яғни бұл қарасөзінде Абай Алладан бастау алатын адамгершілік пен жәуанмәртлікті ақиқат төркінінен тартып танытқан: «Енді біздің бастағы тағриф (тану) бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадаләтті құ­діретті еді. Сен де бұл ғылым, рақым, ға­да­ләт үш сипатбірлән сипат­танбақ: ижти­һа­дің (талап) шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың (адамгершілік) бар болады. Белгілі жәуан­мәртлік үш хаслат (сипат) бірлән болар деген сиддық (шын­дық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық) – бұл үшіндән сиддық ғадаләт болар. Кәрәм ша­фа­ғат болар, ғақыл мағлұм дүр, ғылым­ның бір аты екендігі, бұлар әр адамның бойында Алла табарақа уатағала тәхмин (шамамен) бар қылып жаратқан». Абайдың «...бар қылып жаратқан» дегенінен әл-Фараби жазған «Бірінші Тұлға екеуінің ортақ нәрсесі» деген өзекті ойды ұғамыз. Алла мен адам болмыстарындағы ортақ нәр­сенің барын Абай отыз сегізінші қара­сө­зінің әр-әр тұсында бекітіп айта түседі: «Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надан­дық­бірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыбірлән емес, соның соңында болмақ. Аның үшін Алла тағаланың сипаттары: Хаят (тіршілік, тірі болу), Ғы­лым, Құдірет (күш), Басар (көру, көруші), Сәміг (есту, естуші), Ирада (тілеу, қа­лау), Кә­лам (сөздер), Тәкин (болдыру). Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәмә­лат­ға­замат (жетілу, толысу) бірлән болмаса да, пендесінде де әр бірінен өз халінше бар қылып жаратыпты». Мұнда да әл-Фараби түйіндеген «ортақ нәрсенің» Абай тарапынан адамгершілікті меңзеген маз­мұ­ны­мен ай­тылатынын байқаймыз. Абай – өте сұң­ғы­ла ойшыл, хакім ақын. Ол асыл ақиқаттың көп­шілік байқай бермейтін нәзік қырларын соншалық дәлдікпен жеткізеді. Мысалы, Алладағы сипаттардың ұлық, кемел, зор, ал адамдағы сол аттас сипаттардың титтей, зә­редей (кішкентай) екенін тәптіш­теп танытуы осыны байқатады. Және Алла мен адамд­ағы ортақ сипаттардың өзіндік ерек­ше­лігі мен Алланың айрықша, бірегей болмыс, ал адамның екі бастаудан тұра­ты­нын танытуы тіпті тамаша. Ақын жазған мына ойды мұқият оқып көрейік: «...бір ғана құдірет пендеде болған қуат: құдірет – ғылым, ақылдан басқа болатұғын еді, Алла тағалада болған құдірет – ғылым һәм рақымет». Әл-Фараби жан-жақты танытуға тырысқан Бірінші Тұлға, Алла мен басқа болмысқа (адамға) ортақ нәрсенің парқы қарапайым және бөлінбейтін нәрсе. Ал басқа болмысқа (адамға) ғана тән нәрсенің парқы бөлінгіш болады және күрделі де қайшы­лық­ты келеді. Алла бір ғана рухи болмыстан тұрар болса, басқа болмыс саналатын адам рухани болмысымен бірге тән, дене, материяның да иесі. Яғни адам – Алладан бастау алатын рух, ақыл-ой, адам­­гершілік пен тән, дене, материяның да қос­пасы. Абай жазғандай, Алладағы құ­ді­рет – «пендеде болған қуат» – тек күш-қайрат қана және бұлар адам болмысында «ғылым, ақылдан басқа болады». Ал «Алла тағалада болған құдірет – ғылым һәм рақымет». Бұлай болатын себебі – Бірінші Тұлға, Алла – тегі жағынан жалғыз, бір ғана рухи болмыс. Ал басқа болмыс саналатын адам – Алладан бастау алатын рухани болмыс пен мате­рия­ның қоспасы. Соған сәйкес адамдағы күш-қуат, қайрат – тән мен ондағы бұлшық еттер­ден туындаса, ғылым, ақылы – Алла берген рухани болмысынан бастау алады. Ал Алладағы ғылым, құдірет сипаттары Оның бір ғана рухи болмысынан шығады. Абай­дың Алладағы ғылым, құдірет сипаттарын біріктіріп жіберіп, оларды бір ғана ақыл деп танып және Түп иедегі бір ғана құдіретті – ғылым һәм рақы­мет деуінің осындай сыры бар. Және нағыз, анық адам­гер­шілік ілімі саналатын жәуан­мәрт­лікті Абай тән, дене мен одан шығатын күш-қуат, қайратқа қа­тыс­сыз тек ақыл мен жү­рек­тен бастау алатын ақыл, рақым, әді­лет үш қасиетімен қа­лып­тастырған. Осы­ған сәйкес Абай адам­гер­шілік қалып пен қа­сиет­ті – Құдай жолы деп танытады: «Енді бі­ліңіз­дер, перзенттер! Құдай таға­ла­ның жолы деген жол ниһаятсыз (өлшеу­сіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жет­пей­ді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қы­лып кім қадам басты, ол таза мұсылман, то­лық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақ­са­тың өз пайдаңа болса, өзің ниһаят­лы­сың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниең­нен, я ақылыңнан, я ма­лыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреу­лер­ге жақсы­лық тигіз­бек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы». Сөйтіп адам­гер­ші­лік – адамшылық, адам­дық болмысқа жеткізетін форма мен қасиет. Ал тәні мен денесі – форма, адам­шылық қасиеті арқылы болмысқа айналатын адамның алғашқы, бастапқы материясы ғана, әрі кеткенде «ішсем, жесем, ұйықтасам» дейтін жануар­лық жаратылысы ғана. Адам­зат өз абыройын арттыратын кемел­ді­лік­ке Аллада бар «ортақ нәрсесі» – ақылы, ғылы­мы, ізгілігін же­тілдіріп жүріп жетеді. Ал ақыл мен ізгі­лік­ті бұрын-соңғы даналар адам­­гер­ші­лік деп білген. Абайдағы ақыл мен жү­рек­тен бастау алатын адам­гер­ші­лік қа­сиет­тер Арис­тотель, әл-Фараби­лер­дің танымында осы қалпымен интел­лек­туал­дық, ойшыл­дық және эти­ка­лық, адамгер­ші­лік қайы­рым­­дылықтар тү­рін­де танытылған. Абай жырлап жасаған, қалыптастырған адам­гер­шілік ілімнің осындай мән-мазмұны мен төркін-тегі бар.

 

Мақсат ӘЛІПХАН,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты