ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • АБАЙДЫҢ ӘРБІР СӨЗІНІҢ ӨЛМЕЙТІН БІР ҚАСИЕТІ БАР

АБАЙДЫҢ ӘРБІР СӨЗІНІҢ ӨЛМЕЙТІН БІР ҚАСИЕТІ БАР

Оқылған 891 рет

Қосылған күні: 09.10.2020

 

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көргені белгілі.

Елбасы мақаласында Абайдың мәңгі жасайтын қағидасын мысалға келтіре отырып, тәуелсіздіктің елең-алаңында ел ішінде неше түрлі іріткі салғыш, ірге бөлгіш пиғылдар оянып, сын сағаты туған кезде ел тізгінін ұстай отырып, күрделі ахуалдан түсіністіктен татулыққа, ымырадан ынтымаққа қол жеткізіп, елдіктің шаңырағын шайқалтпай ұстау басты мақсат болды дейді. Ол әрине қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының, Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған түрлі этностардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асқандығын да айтады. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы, елдегі татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналуының өзі ел бірлігінсіз еш ұлы мақсаттың орындалмайтынын жете түсінгендіктен жүзеге асты деп пайымдайды.

Расымен, Абайдың шығармасындағы ел достығы, адамның адамға деген әділетті көзқарасы бүгінгі күні де өзекті. Абайдың әрбір сөзінің өлмейтін бір қасиеті бар. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп..», деген сөзді айта алу үшін үлкен жүрек керек. Күллі адамзатты жүрегіне сыйғыза алатын кеңдік, парасат керек деп ойлаймын. Елбасы Н.Әбішұлы қазақтың арманын, бары мен жоғын Абай арқылы ұғынуға үндейді. Себебі Абай – қазақ ұлтының ары.

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында Елбасы әрбір сөйлеген сөзінде ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесін ұдайы еске салып жүреді. Абайдың 150 жылдық мерейтойында Елбасы «Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз» деген болатын. Бүгінгі күні осы қағидат, яғни жалпыұттық құндылықтар мен мейірім, адамгершілік пен талап, достық пен келісім Қазақстан қоғамы үшін ең керек қасиет деп білеміз.

Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктердің басты себебі – бірлік. Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Ұрпаққа аманаттар ең құнды байлығымыз ынтымақ мен бірлік деп білсек, Елбасымыз маңызы зор мақаласында атап өткендей, ұлы даланың перзенті нұсқаған жол – бәріміздің бағдарымыз болуы керек.

Жағыпар Тажмаханов,

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы

хатшылығының меңгерушісі

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын оқып шықтым. Мағыналы мақаладан ұғарымыз мол. Бұл мақалада ел Көшбасшысы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидатын ұстана отырып, барша қазақстандықтарды Абай аңсаған бауырластыққа, бірлікке шақырады. Осы орайда Абай айтқандай ұлты мен нәсіліне қарамай, бар халықты бір тудың астына жинай алған Елбасының сындарлы саясаты көпке үлгі.

Түсінгенім, Абайды өзге ешкіммен салыстыруға болмайды. Ұлы даланың дана перзенті маған ерекше әсер етті. Оның философиялық ой тереңдігіне тәнті болдым. Елбасы айтқандай, дара тұлғаның шығармашылығында ерекше сәуле бар. Сол сәуле әр адамның жүрегін тербейді. Сондықтан Абайды оқу керек, Абайды білмеу – қазақты білмеу, қазақты танымау деген сөз.

Өкінішке орай хакім Абайдың дүбірлі мерейтойы қиын қыстау кезеңде аталып өтілуде. Дегенмен, ұлы ақынның бай мұрасын Елбасы айтқандай заман сұраныстарына сай қайта зерделеудің маңыздылығы зор, әсіресе жас ұрпаққа берері мол дер едім.

Лайла Пашаева

Шешен этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары