ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

АБАЙДАН АДАМЗАТҚА ДЕЙІН

Оқылған 1221 рет

Қосылған күні: 11.10.2020

 

Елорда төрінде қазақ халқының дара һәм дана ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай және адамзаттық гуманизм» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады. Абай шығармаларындағы өзекті тақырыптарды ғылыми тұрғыдан терең зерделеуге һәм абайтану саласындағы түрлі тенденцияларды саралауға арналған форумның бүгін – екінші күні.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, то­йынан да тағылым алуға тиіспіз», деп бас­ты назар той тойлауда емес, ой ойлауда екенін нықтап айтқан болатын. Онлайн форматта өтіп жатқан бұл форумның да әуелгі мақсаты хакімнің даналық һәм философиялық ойларын ғылыми негізде қарастыру болып отыр.

Назарбаев Университеттің Президенті Шигео Катсудың беташар сөзімен бас­талған форумға Нидерланды, Түр­кия, Әзербайжан, Өзбекстан, т.б. шет мем­ле­кеттерден әдебиетші ғалымдар мен зия­лы қауым өкілдері қатысты. Ауқым­ды шараның ашылу рәсімінде Абай шы­ғар­машылығын зерттеуге көп көңіл бөле­тінін айтқан Назарбаев Университет­тің Қазақ тілі және түркітану кафедра­сы­ның меңгерушісі, профессор Юлай Шами­оғлу:

– Біздің кафедра абайтанумен бел­­сен­ді түрде айналысып жүр. Алдағы уақыт­та басқа да профессорларды жұмыс­қа шақырып, қазақ әдебиеті бойын­ша тағы бір сабақ ашқым келеді, – деді. Сондай-ақ Америка және Еу­ропада оқыған түркітанушы ретінде Абайды халықаралық көзқарас тұрғысы­нан қалай зерттеуге болатыны туралы мағлұ­мат жинап жүргенін айтты. «Мен абай­та­нушы емеспін, бірақ Абай­дың шығар­ма­шылығына қатысты ха­лық­аралық ғылыми қауымдастықтардың есігін ашу үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін», деді профессор.

Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды түркі әлемінде «Абай жылы» деп жариялаған. Бұл туралы форум барысында академия президенті Дархан Қыдырәлі айтты. «Абайдың өзі де кезінде әкесі Құнанбайдың асын өткізбей, оған жұмсалатын шығынды жас шәкірттерге шәкіртақы ретінде, кедей-кепшік, мұқтаж жандарға таратып бергені белгілі. Абай тағылымы сонысымен құнды, хакім ама­натына адал болу, оның айтқан өсие­тіне, асыл ісіне ұмтылуымыз басты мә­селе ғой деп ойлаймын», деген Түркі академиясының президенті мерейтой аясында ақынның қара сөздері әзербайжан, түрік, өзбек тілдеріне аударылғанын һәм Абайдың академиялық жинағы Түркия мен Қырғызстанда жарық көргенін, т.б. академияның біршама ауқымды жұмыс­тарын атап өтті.

Форумның пленарлық мәжілісінде «Абайдың «Толық адам» ілімінің пайда болу себептері» тақырыбында баяндама жа­­­саған абайтанушы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Мекемтас Мырзах­метұлы:

– Қазақ әдебиеті тарихында ізгілік идеясына сүйенген кемел адам туралы ой алыптарынан қалған рухани мұралар желісінің іздері деп мыналарды атаймыз: Алып Ер Тоңаның «Ақи немесе жомарттық» ілімі, әл-Фарабидің парасатты адам ілімі, Жүсіп Баласағұнидің жәуанмәртілік ілімі, Ясауидің хәл ілімі, Абайдың толық адам ілімі және Шә­кәрімнің ар ғылымы. Мен бұны жиыр­ма жыл бойы зерттедім. Жақында «Абайдың «толық адам» ілімі» деген монография шығардым. Сол монографияда «толық адам» ілімінің барлық жүйесін қарастырдым, – дей келе, «толық адам» ілімінің барша түркі халықтарына рухани бағдаршам болатынына тоқталды.

Бұдан бөлек «Әл-Фараби және Абай даналығының үндестігі» тақырыбында философия ғылымдарының докторы Жақыпбек Алтаев, «Қазақ даласындағы «заманауи» ойлар: Абай әндері мен ғақлият» тақырыбында Мұхтар Әуезов­тің немересі Зифа-Алуа Әуезова (Нидер­ланды), «Абай өлеңіндегі әйел мәселесі: «Ханның қолындағы қыз» тақырыбында фило­софия ғылымдарының докторы Орхан Сөйлемез (Кастамону универ­ситеті, Түркия), «Шағабуддин Маржани және Абай» тақырыбында филология ғы­лым­дарының докторы Тұрсын Жұртбай, «Абай – біздің ұлы замандасымыз, гуманист» тақырыбында ақын Янгибой Кучкаров (Өзбекстан) һәм т.б. әдебиетші ғалымдар баяндама жасады.

Екі күн қатарынан өткен форум Назар­баев Университеттің Рухани жаңғы­ру мәдени орталығы мен Назарбаев Универ­си­теттің Қазақ тілі және Түркітану кафед­расының ұйымдастыруымен іске асырылып отыр.

Маржан ӘБІШ

Егемен Қазақстан