ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

ҰЛЫ ОЙШЫЛ ӘЛЕМІН ТӘКЕНШЕ ПАЙЫМДАУ

Оқылған 941 рет

Қосылған күні: 02.09.2020

Абайтануға көп жылын арнап, індете зерттеген көрнекті жазушы, сыншы Тәкен Әлімқұлов 1972 жылы «Жазушы» баспасынан «Жұмбақ жан» атты әдеби сын кітабын шығарған еді. Еліміз зиялы қауымы арасында ерекше құбылыс болған бұл құнды еңбек 1993 жылы Абайдың 150 жылдығына орай қайта басылды.

 

Дәуір арқылы Абайды ашамыз ба,

Абай арқылы дәуірді ашамыз ба?

Тәкен Әлімқұловтың Абай іліміне мықтап ден қоюы ертеден басталған. Елуінші жылдардың басында Мәскеудегі Әдебиет институтында оқып жүрген кезінде «Жұмбақ жанның» алғашқы нұс­қасын «Абай» деген атпен ұлы ақын­ның қайтыс болғанына 50 жыл толу қарсаңында 1958 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шағын кітап етіп шығарды. Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан «Абай Кунанбаев» атты кітабы да басылды. Одан кейін де республикалық және облыстық баспа­сөз беттерінде Абай туралы зерттеу мақа­лалары үзбей жарияланып тұрды. Сол кезеңде жарық көрген «Абай», «Абай Құ­нанбаев. Жемісті жолда», Мәскеуден шыққан «Поэзия казахского народа», «Антология казахской поэзии», «Абай Кунанбаев. О прошлом и настоящем» атты жинақтарға зерттеу мақалалары енді. «Шежірелі сахара» атты прозалық кітабында Абай туралы «Маңдайдың соры» атты көркем әңгімесі де бар. 1970 жылы Мәскеудегі Жазушылар ода­ғының қазақ бөлімшесінде қызмет етіп жүргенде «Абай Құнанбаев туралы кітабымды толық бітіру үшін» деп екі ай мерзімге іссапарға шығуға рұқсат сұрайды. Семей мен Оңтүс­тік Қазақстан облыстарына барып, Абай ақынның көзі тірі жақындарымен, ақын мұрасын сақтаған жандармен кездесіп, құнды мәліметтермен қанығады. Одан кейін де өле-өлгенше Абай мұрасына қай­та-қайта соғып, індете зерттеп, ауық-ауық мақалалар жазып, қайта оралып отыр­ған. Тәкен Әлімқұловтың соңғы шыққан шы­­ғар­малар жинағына «Жұмбақ жан» енгізілді.

1972 жылы жарық көрген «Жұмбақ жан» кітабына «Абай Құнанбаев туралы деректі хикая» деп айдар таққан екен. Тәкен Әлімқұловтың көп жыл бойы жинап-терген еңбегінің жемісі – қазақтың ұлы ойшыл ақыны, санаткері Абай Құ­нанбаев туралы тарихи деректерді тоғыстыра, екшей отырып, жазушы құнарлы, көркем прозаның толғанысты тың түріне құлаш ұрады. Барынша сазды, бейнелі түрде серпінді де, лепті, ырғақты жазылған бұл кітап Абай туралы түсіндірменің, тебіреністің ішкі сезімімен, әсерлігімен көкейге қона кетеді. Кітаптың «Жұмбақ жан» аталуында шешілген жұмбақтың сыры, шешілер мәселенің нұсқалары жатыр. Кітаптың «Абай хақында қалам тартпаған аға жазушы жоқ, оған өлең арнамаған ақын кем. Арнаулы зерттеушілер өз алдына. Бұл дәстүр келешекте де толастамақ емес. Абай мұрасы жайында мәселе қозғауда көп­шіліктің игілігін көздеу бар... Қазақтың ысылған классикасы Абайдан басталса, оған күні бүгінге дейін бірде-бір ақын тіркелмесе, Абай туралы еңбек жазудың жауапкершілігі өзінен-өзі түсінікті. Асқар таудың түбі тұншықтырады. Оның биігін аңғару үшін алыстан қарауға керек. Көз жазып қалуға және болмайды. Бұл жағынан келгенде мүшел мерекелер қонақтаған жолаушыны толғандырарлық белестерге бара-бар... Абай – азамат, қайраткер, санаткер, ойшыл ақын. Ол өз заманының перзенті, тұстасы, ағасы, атасы. Ол өз дәуірінің күрескері, ақылгөйі. Осының баршасын топтастырғанда «Абай» деген кемеңгер тұлға туады. Бұл тұлғаны қалайша анықтау, қалайша мүсіндеу керек? Дәуір арқылы Абайды ашамыз ба, яки болмаса, Абай арқылы дәуірді ашамыз ба? Әдебиет зерттеу тәсілі жағынан келгенде мұның мәні айрықша. Психологияны анықтайтын ғылым бар бейімді адамды талант тобына телісе, бірнеше бейімнің басын қосқан кісіні данышпан деп таниды. Абай Құнанбаев осының соңғысына жатады. Ол кейде төкпе, кейде бүкпе. Кейде сыршыл, кейде суретшіл, кейде іңкәр, кейде торыққыш. Кейде әсершіл, кейде байқампаз. Кейде ойшыл, кейде ақылгөй. Осының бәрі оның байырғы болмысының, табиғи дарынының үстіне оның мұратының, мүддесінің кеңдігінен туған қасиеттер еді. Ағымдағы баспасөзді, меншікті нәшірияты жоқ қазақ сахарасында өлең-жыр, хисса-дастан өте-мөте өтімді еді. Сондықтан Абай поэзияға төтенше жүктер артуға мәжбүр болды. Әбден то­лысқан шағында туған қара сөздерін былай қоя тұрсақ, Абай фәлсапасы, эстетикасы, тұрмыстық толғаныстары оның поэзиясында, жұртқа тез тарайтын ұшқыр жанрда жатыр» деп ой түйеді Тәкендей сұңғыла жазушы.

«Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген Абай өлеңінің қос шумағы теңізшінің тарланына жеткізбейтін мұхиттың тұңғиық түбіндей. Бұл тұңғиықта бір күнде, бір жылда шешілетін құпия жатқан жоқ, ғасырлар шешетін, бәлкім, шеше жататын жұмбақ жатыр. Абай Құнанбаев сынды ұлы ақындардың мағынасы терең мұрасы бір кезеңнің, бір дәуірдің еншісінде қалмайды. Оған ауыспалы ұрпақтар өз көзқарасын білдіріп, өз бағасын бере жатады. Мазмұнды өмірбаянның, мәністі творчествоның қыры мен сыры дәуірлердің басында ашыла түседі. Қыры қыруар, сыры қиын Абай өз тұсында ғана жұмбақ болмай, осы заманға да сыбаға қалдырып кеткен. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» дегенде келешек дәуірлерге, жаңа буын түлектерге мұң шағып, сыр меңзеген, түпсіз тұспал қалдырған. Өз заманынан озған ойшыл жан болашақ қауымға үлкен үміт артқанда тілдің таңбасын, жүректің тереңдігін артық санаған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінің оңай табылмайтынын шыншыл да, сыршыл бейнелеп жеткізе білген. Абай – таудай тұлға. Абай – сахарадай шежіре. Абай – сегіз қырлы, бір сырлы суреткер. Өз өмірінің жалғасын тозбас томардан таба білген байырғы гений. Өмір жолына, әдеби мұрасына қанша үңілсек жатырқамайтын шипалы жұмбақ. «Шынын айтпай, сырын айтатын» сұмдық сыпайы. Жалғыз жібектің жүздеген түйіні Абайдан табылады. Шебер қол, сезімтал жүрек, милы парасат таңдайтын түйіндер – сансыз ұрпақтың үлесі» деп жазады Тәкен Әлімқұлов.

Ұлы Абайдың өміршең мұрасын зерт­теушілердің жазуы бойыншы ақын көзі тірісінде өлеңдерін жинастыр­мас­тан қа­ғазға жазып, жастарға таратып беріп отыр­­ған. Өнерге құштар жас­тар Абай өлең­дерін тез жаттап алған. Осы­лайша Абай өлеңдері қазақ сахарасында ауыздан-ауызға тарап отырған.

 

«Жұртым-ай, ұқсаңшы сен сөздің ішін»

«Абай он төрт жасынан бастап өлең жазғанмен, сол өлеңдерін құнттамаған, жинастырып, сақтамаған. Беріректе, жасы қырықтан асқан кезінде жазған өлеңдерін алты-жеті жыл бойына бас­қа адамның атымен таратқан. Абай мұ­расының әр тарауы дербес еңбектерге татиды. Осы мұраның ең тереңі, ең бағалысы, ең баяндысы – сыршыл лирикасы. Бұған азаматтық сарын, көңіл сазы, табиғат толғауы, махаббат жыры жатады. «Жұртым-ай, ұқсаңшы сен сөздің ішін» деп келетін шымыр жолдардан басталатын Абай сарыны, Абай сазы, Абай лебі адам жанын әлдилейтін ал­уан-алуан әуендерге ұласқанда, осының баршасының үстінен қарайтын биік парасат тұрады. Бұл жағынан келгенде Абай немістің Гетесін, орыстың Пушкинін еске түсіреді. Ұлы ақынның әлемді көруі айшықты, дүние тануы терең, түсінігі тұңғиық келмек. Бұған ақынның оралымдығы қосылмақ. Ой-пікірдің, сана-сезімнің ұзақ жасауында болмыстың құнары жатады. Ұлы Абай өмір сырына қанықтығын, қилы пиғылға, мінез-құлыққа сұңғыла сыншылдығын, сүйініш-күйінішін былай қойғанда, туған табиғатты көре, сезе, сезіне білуінде қан­шама құдіретті нәзіктік жытыр.

 «Жауған күнмен жаңғырып,

 Жер көгеріп күш алар.

 Аққан жасқа қаңғырып,

 Бас ауырып, іш жанар» деген шумақ өлеңде қаншама табиғат көрінісіне астас­қан көңіл-күй жатыр» десеңізші деп жазады Тәкен Әлімқұлов.

Қолына қалам ұстаған қазақ баласы тіл ұстартуда Абайға соқпай өтпеген, келешекте де өте алмайды. Осының себебі неде? Жіті бақсақ, Абай әдебиеттің төр­кіні халықта екенін, өзінен бұрынғы ақын­­дардан да жақсы білген. Сол себепті ақын шығармаларында бей-берекет орам­дарға, сырты сұлу сылдыр сөздерге бар­май, ойлы, оралымды, жанды сөз жаса­ған. Поэзия сырын «қуатты ойдан бас құ­рап, еркеленіп шығар сөз» деп түйген.

Абай өмір сүрген кезең – шым-шыты­рық дәуір. Ұлы ақын түнектен саңылау іздеп, «ақырын жүріп, анық басып», бо­ла­шаққа өткел болатын соқпағын таба білді. Ол кезеңде әр ақынның әр ағымға түсуінде белгілі табиғилық жатады. Ал Абай болса ескінің соқпағына түспей тө­теден жол тартты. Күллі халықтың қа­­мын жеген бұқарашыл, шыншыл әде­биеттің туын көтерді. Оның сайын сахарада беделінің өлшеусіз өсуінің негізгі себептерінің бірі осы болды. Осыны сезген кейбір кітаби ақындар Әріп Тәңірбергенов пен Шәдітөре Жаһангерұлдары Абайдың ұлылығын мойындап, халықтың мұраты мен мұңына жуық шығармалар жазды. Тәкен Әлімқұлов кезінде жерлесі Шәді­төренің жазба мұрасын ел ішінен жиыстырып, зерттеген болатын.

Абайдың өмірбаяны, өскен ортасы, елмен, белгілі топтармен аралас-құраласы ел аузында сақталған аңыз-лақап арқылы жетті. Баспасөзден таңба тапқан тарихи деректер, архивтік материалдар мардымсыз болды. Абай заманының шым-шытырық шәркездігі бейтарап талдаудан қағажу қалған шақтар өз алдына. Абай сынды айрықша дарынның, шыншыл, сыршыл суреткердің қоғам атаулыдан алатын әсе­­рі, бағдарлайтын байқауы, түйетін тү­­йіні, былайша айтқанда, жақсыға жанасумен, жаманнан жерумен шектелмей­ді. Әлеуметтік көзқарас пен суреткерлік шын­шылдықтың арасындағы қайшылық өз алдына. Халқының өсіп-өркендеуін, үлгілі ел болуын армандаған Абай қай­сар қайраткердің қатарында нәзік те әсер­шіл ақын, қиын болмыс. Оның ішкі әлемі өзі айтпаса, өзін тануға келгенде неше­ме қайшылықтарға ұрынады. Бұл өте-мөте ұлы суреткерге тән қасиет. Гете мен Омар Һайямның, Пушкин мен Миц­­кевичтің, прозада Онерэ де Бальзак пен Лев Толстойдың тәжірибесі осының айғағы. Осы тұрғыдан алғанда абайтану проблемасы талапкердің еншісіне тиемел емес, төзімі мен еңбекқорлығына, дарынына тиемел. Бұл жүйедегі шашы­раңқылықты, атап айтқанда, Абайды аңызға айналдырушылардың, оны зерт­теу­шілердің, ақын туралы еңбек жазу­шы­лардың мінез-құлқы, білім-дәрежесі, дарын қыры, талғам мөлшері түрлі-түрлі екенін, демек, олар ұлы адам төңірегінде өздерін көрсетпей тұра алмайтынын қоссақ, манағы жұмбаққа қайта соқпасқа лаж жоқ. Оны кім шешті, қалай шешті? Шешті ме, жоқ, тек жорамалмен тынды ма, міне, гәп осында.

 

Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес

Өмірінде Абайдың тірі бейнесін көр­меген, соңына қалдырған өшпес мұ­ра­сымен сусындап, ұлылығына тәнті бол­ған Тәкендей терең ойшыл азамат ғұ­лама ақынның әрбір өлең шумағынан астар, әлі күнге, бәлкім, болашақта да ше­шімін таппайтын, шексіз ой мұхитының шыңырауынан қазына іздейді. Өзінің сезімтал жан-дүниесін, ой-түйсігін Абай жаратылысымен үндестіріп, содан ұқсас­тық табады. Тәкен ақынды шұқшиып зерт­теп, жұмбақ әлемге бой ұрып, өзі де бір­тіндеп жұмбақ жанға айналды.

«Ірі дарын, зор санаткер Абайдың... өмірінің соңғы жылдарында неге ол тағ­дырдан өлім тіледі?» деп жазады Тәкен «Жұм­бақ жанда». – «Жүрегім ойбай, соқ­па енді» деп неге зарлайды? Неде болса, оның өмірден қорықпағаны, қашпағаны рас. «Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ, қайтып келіп, ой­нап-күлмес» дегенде, ол ең әуелі өзін меңзеген, халқының келешегіне жалғастырып болжаған. Содан қуаныш тапқан. Абайдың шорт сынып, морт отырып қалуына сонау Оспанның, одан бергі Әбдірахманның, ең соңғы Мағауияның өлімі себеп болды деген болжау мен үшін иланымсыз. «Қалың елім қазағым, қай­ран жұртым» деп өміріне қам жеген ақын Оспанның өлімінде «Бергішім-ой!» деп дауыс салған ағайынды «Алғышым-ай!» деп қаза үстінде әжуалаған сыншы Абай бауыр мен баланың қасіретін көтерсе керек-ті. Рас, жалпақ жұрттың аңызы Ма­ғауия өлгенде Абай: «Қырық күннен қалмай артыңнан барармын, қарағым!» депті деседі. Абайдың қырық күннен кейін дүниеден көшкені де рас. Бірақ, бұл фактінің бір өзі Абай өлімінің түпкі себебін аша алмайды. Қасіретті, қуанышты шақтарда пенденің көңіл-күйі шұғыл өз­гермек, басына ой оралмақ. «Өліп тына­мын!» дегендердің өлмегенін талай көр­генбіз. Абай қырық күнді меңзеген жерінен шықса, бұны фәлсафа тілінде кездейсоқтық дейді. Оның ақырамаш түңі­ліске, таусылмас торығысқа баруының өзін­де тозған ғұмырдың қаңқасы жатпа­сын? Абай сынды шексіз сезімтал ақын­ның төл организмді тануы жатпасын? Дүние салған Абайдың басындағы халдер шешімсіз шәркездікке тола еді».

Бір кезде «адасқан күшік секілді, ел­сіз жұртқа ұлыған» Абай кейіннен сұм за­манның қысымына шыдамай, өз ортасына сыймай, жалғыз қалғанда басындағы аянышты ахуалды:

 «Жартасқа бардым,

 Күнде айқай салдым.

 Одан да шықты жаңғырық.

 Есітіп үнін,

 Білсем деп жөнін,

 Көп іздедім қаңғырып.

 Баяғы жартас бір жартас,

 Қыңқ етер, түкті байқамас»,

деп суреттеген еді. Абай жансыз тасқа жан бітірген шебер, елсізге айқайлаған даусы біздің заманға, жаңа буынға жетіп отыр.

Тәкен өмірінің соңғы жылдары елмен көп араласпай, өзін оқшау ұстауында да жұмбақ сыр жатса керек. Мансап пен қызметті қажетсінбеуінің астарында сол кездегі қоғамдық құрылысқа деген қаламгердің көзқарасы сезіледі. Саясаттағы таптаурын бірізділік, толып жатқан қарама-қайшылық қаламгердің ой-санасына кері әсер еткені анық.

Тәкен Әлімқұлов ұлы ақынның мағы­насы терең мұрасының бір дәуірдің ен­ші­сінде қалмайтынын, оған ауыспалы ұрпақтар көзқарасын білдіріп, бағасын беретінін, қатпарлы өмірбаян мен мәністі шығарманың қыры мен сыры дәуірлер барысында ашыла түсетінін «Жұмбақ жанда» саралап жазып кетті. Ұлы ойшыл ақ патша заманында, бодандық бодауында өмір сүре жүріп, қолынан қаламын түсірмей, адамзат баласына қажетті өшпес мұра қалдырып кетті. Абай мұрасының құндылығы – адам­зат баласына ортақ адамгершілік асыл қасиеттерді биікке көтере білуінде.  Абай­тану ілімін зерттеген талайлар ғы­лыми дәрежеге ие болды. Ал, Тәкеннің ұлы ақын мұрасы құндылығын егжей-тегжейлі ашып көрсетуі Абайтанудағы шоқтығы биік еңбек екенін ғалымдар мен сыншылар кезінде орынды жазды да, айтты да.

 

Абай арманы – халық арманы

Ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаев­­тың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы кө­терілген елдік мәселелермен Тәкен Әлімқұловтың бұдан жарты ғасыр бұ­рын жазған «Жұмбақ жан» атты әдеби сын кітабындағы айтылған ойлардың ұлт мүддесі үшін бір арнаға то­ғысып жатқанына көз жеткізгендей боламыз. Әр кезеңде, әр қоғамда Абай мақсатының өміршеңдігін еркін сезі­ніп, ақын ойла­рының уақыт алға жыл­жыған сайын құн­дылығын жоймайтынын сезінеміз.

Абай қазақ елінің көшбастаушысы, көрегені, қамқоры, ақылгөйі, мақтанышы. Оның бір өзінің қазақ халқының рухани өмірінде қаншалықты құнарлы қызмет атқарғанын уақыт дәлелдеп келеді. Қилы-қилы қызметімен, еселі еңбегімен өз халқының дәуір-дәуірлік шежіресін жасап кеткен Абай шексіз ұзақ жасамақ.

Әдебиетте халықтың ақыны бар да, ұлттың ақыны бар. Бұл екеуінің те­рең­дігіне таразы табу қиын болса, шең­берін ажырату оңай. Абай осының еке­уін де бойына сіңірген. Сөйте тұра оның ұлт­тық ақындығы басым. Бұған ол табиғи дарынның үстіне шексіз зор біліммен, ойшылдық, қаламгерлік биік мәдениетімен жетті. Оны ұлттың еншісі дейтініміз де сондықтан.

Абай идеясының өміршеңдігін, за­ма­­налардың даму сатысында адам ба­ласының ойлау деңгейі қаншама күр­делене түссе де, мақсат-мүддесінің бас­тапқы бағытынан айнымайтынын, озық ойлы адамзат бала­сының өмір сүру қағидаттарының негізгі арнадан ауыт­қымайтынын атап көрсетті.

Қазақ елі, қазақ әдебиеті, қазақ тілі бар жерде Абай бар. Оны зерттеудің, оған қанығудың, олар жайында шығар­ма жазудың бейнеті мен рахаты бірдей. Ауыр еңбектің рахатына төзген адам келешекте Абай тақырыбына қайта оралса, ол да Абайдың ересен байтақтығы. Әлем атаулының шиырсыз сыры жаңа заманмен бірге ашыла бермек. Абай ұрпақ атау­лыны ұзақ сынайтын адам. Бүгінгі таң­ның ділгірлігінен туған, еңбектің қы­ры, сыры ішінде де, ғұмыры алда. Жа­зу­шыға тақырыпты өмірдің өзі берсе, сол тақырыпты «іші алтын, сырты күміс» дүниеге айналдырудың тәсілін, түрін жазушының өзі таңдайды. «Осындай іш­кі толғаныстан, еңбек өтімін іріктеуден ту­­ған кітапты «барға мәзір» етпеске шара жоқ. Жалғаны жоқ, кішіпейілділікке бой ұрып, қолдан келген қораш дүниені Абайдың өз сөзімен түйеміз» деп Тәкен Әлімқұлов «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген өлең шумағын кел­тіреді.

Ұлы ақынның 175 жылдығында Абай­­дың жазба мұрасын шұқшия оқып-зерттеп, ой тереңіне құлаштап бойлағысы келген, осы мақсатта ғұмырының көп­шілігін ар­наған қазақтың көрнекті жазушысы, ақыны һәм әдебиет зерттеушісі Тәкен Әлімқұлов­қа қайта оралып соғуы­мыздың сыры осында жатса керек. Тә­кен­нің көзі тірі болса Абай ақынның мерейтойында тағы да өзінің үйреншікті тақырыбын қайта шиырлап, шабыттана қолына қалам алып, жаңғырған ой толғамдарын қағазға түсірген болар еді. Осы орайда өміршеңдігін жоймайтын Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты әдеби сын кітабын кезінде оқып сусындаған аға ұрпақтың қатары селдіреп қалғанын ескеріп, баспадан қайта бастырып шығарса, өмір есігін жаңадан ашқан талғампаз ұрпақ үшін тағылымдық шаруа болар еді дегенді еске салуды жөн көрдік.

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты