ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • АБАЙДЫҢ ШӨБЕРЕСІ - ИШАҒЫ ЖАҒЫПАРҚЫЗЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

АБАЙДЫҢ ШӨБЕРЕСІ - ИШАҒЫ ЖАҒЫПАРҚЫЗЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Оқылған 3341 рет

Қосылған күні: 26.06.2020

Абайдың шөбересі - Ищағы Жағыпарқызының естелігінен

        Жасым жетпістің бесеуіне келді. Алланың бұйыртқан осы ғұмырында айтар әңгімем, шертер сырым да баршылық.
        Ғасырға жуық өмір кешкен әр адамның өмірі кішігірім тарих: себебі ол өмір көрді, деректі оқиғаларға куә болды. Ал жаңа дәуірмен бірге жасап, тарихи оқиғалармен біте қайнасқан өмір маңызды да мәнді, қызықты ғой.
        Кейінгі ұрпаққа қазақ халқының біртуар данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының шөбересі ретінде, Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангер ретінде өз өмірімнен сыр шерткім келеді.
        Атамекен, туған жерім Шыңғыстау (қазіргі Абай ауданы) болғанымен, тәрбие алып өскен, білім алған ортам бөлек болды. Тіршіліктің қам-қарекеті елден ерте айырды. Өмірбаянымнан сыр тартсам, Абай атамның кенже баласы Мағауияның кіндігінен өрген ұлы Жағыпардың қызымын. Әкем мұғалім болатын. Бірінші, екінші класты әкемнің өзінен оқып, сауатымды аштым.
        Әкем қайтыс болғаннан кейін Ақылбай атамыздың немересі Шәбеп ағамыз 1935 жылы бізді асырап бағамын деп, қолына көшіріп алды. Бұл кезде тұрған жеріміз Новошульба ауданы, Уба-Форпост деген жер еді. Тұрмысымыз оңды, азын-аулақ малымыз, шаруашылығымыз болды, бірақ Шәбеп ағамыз қамқорлық таныта алмады. Бізді бауырына тартудың орнына Берекехан ағайым екеуімізді Семейдегі балалар үйіне тастап кетті: берекелі тұрмысымызды бұзып, бәрімізді жан-жаққа таратып жіберді. Шәбеп ағамыз тасбауырлық ниетін танытты.
        1936 жылы Ақылбай атамның немересі Қауаш апаның күйеуі Мұхлес Баймағамбетов мені балалар үйінен алып, N11 мектеп-интернатқа орналастырды. Ол кісі Семейдегі ОблОНО-ның орынбасары еді. (М.Әуезовтың «Абай жолындағы» ертекші Баймағамбет - осы Мұхлес жездеміздің атасы).
        Мұхлес жездеміздің арқасында жағдайымыз түзеле бастады. Оқу оқып, білім мен тәрбие алып, енді оң мен солымызды тани бастағанда, 1941 жылы Отан соғысы басталды. Басымызға тағы да тағдырдың ауыртпалығы түсті.
        1942 жылы біз оныншы класта оқып жүрдік. Ұлдар әскерге алынып жатты. Қазақ қыздары да өз еркімізбен майданға жіберуді өтініп арыздандық. Тілегіміз қанағаттандырылып, майданға аттанып кеттік. Мен Шығыстағы Совет Қарулы Күштерінің қатарында болып, жапон империализмін талқандауға да қатыстым.
        Талай күндер мен түндерді өткізіп, тескен тау, өрекпіген өзен, толқыған көлдерді артта қалдырып, қыздар отырған пойыз Хабаровск қаласына тұмсығын бір-ақ тіреді. Көп ұзамай авиация мектебі ШМАС-тың жедел курсын аяқтап, (ШМАС - Кіші авиамамандарын даярлайтын мектеп) полк-полкқа тарап та үлгердік. Кішкентайымыздан бір-бірімізге бауыр басқан дос қыздарыммен ажырасу қиынға соқты. Қай майданда жүрсек те сағынышқа толы хат-хабарымызды үзбедік.
        «Басқа түссе баспақшыл» деген, бұл жағдайға да көндігіп, шапшаң ширап кеттік. Соғыс уайымын тартуға уақыт жоқтың қасы: күні бойы аэродромда ары-бері жүгіріс, самолетті күтіп-баптау (қыздар авиация технигі мамандығын меңгерген), кешқұрым саяси сабақ, совет информбюросының хабарын тыңдау секілді шаралар.
        Сонау Қиыр Шығыста жатқанымызбен батыстағы майдан жағдайының қатты шиеленіскенін күнделікті сезіп жүрдік. Полктегі ер-азаматтар сол жаққа аттанып жатты. Жігіттердің атқарған істері біртіндеп бізге ауыса бастады. Абажадай төрт моторлы (ТВ-4) «ЯК-7», «ЯК-9» самолеттерінің моторларын ақтара-төңкере тазалап, қайтадан орнына құрастырып салу қаншалықты күш-қайрат тілейтінін елестетіңізші?!..
        Қыздар қажет болған күнде ерлермен бірге зұлым жаумен айқаса кетуге де дайындалып жүрдік. Самолетпен ұшып та, секіріп те, атып та үйрендік.
        Күндер жылжып өтіп жатты. Фашистік Германия тізе бүкті. Ел-жұрттың қуанышында шек жоқ. Әр жанарда қуаныш жасы. Жеңістің қандай бағамен келгеніне майдан да, тыл да куәгер...
        Біз әлі Қиыр Шығыстамыз. Аэродромда самсаған самолет. «Елге қайтамыз» деген ой көңіл түпкірінен жарқ етіп сәуле төгеді.
        1945 жылғы тамыз айының бас кезі. «Ұшуға дайындалыңдар» деген әмір берілісімен бүкіл полк самолетке мініп, желігі басыла қоймаған милитаристік Жапонияға қарсы соғысқа аттандық.
        Харбиннен 12 километр жердегі бір аэродромда полкіміз ұзақ кідірді. Өмір мен өлім белдескен кез. Қыздардың қолынан тап-тұйнақтай ретке келтіріліп ұшырылған самолеттер аспан шайқасынан алқам -салқамы шығып оралып жатады. Кей кездерде жаралы ұшқыштарды кабинадан әупірімдеп түсіріп алатынбыз. Шайқастан оралмай, жазым болатындары қаншама?...
        Самолеттерді қайтадан жабдықтау жұмыстары басталады. Дайындау кезінде «ақау шығып қала ма?» деген күдік көңілді күпті етіп, түн ұйқыны бөлетін кездер ше...
        Әсіресе бомба тиеу жұмысы ауыр тиіп жүрді. Жаратылысы нәзік қыз балалар мұндай машақатты да бастан кешірді. Отан алдындағы парызды ерлермен тең өтеді. Отан үшін от кешу әр адамның биік адамгершілік парасаты мен ары алдындағы сын болды.
        Жапония тізе бүкті. Әскер қатарында өткен үш жарым жыл да артта қалды. Қиыр Шығыстан туған елге - Қазақстанға қарай жол тарттық.
        1945 жылдың қараша айында мектеп-интернатта қатар оқып, әскерге бірге алынған Елубаева Қантайды Алматыға өзіммен бірге ертіп келдім. Мұнда әкемнің апайы Уәсила Мағауияқызы тұратын. Ол осы бір қиын кездерде Мұхтар Омарханұлының ақыл-кеңесін беріп, қамқорлық жасағанын әрдайым айтып отыратын.
        Мұхтар аға Уәсила апам екеумізді күндізгі сағат төртке арнайы қонаққа шақырды. Әңгімелесіп отырғанда: «Ищан, институтқа оқуға түс, білім ал», - деді. Келесі күні оқу министрлігіне телефон шалып, мені қыздар педагогтік институтына оқуға түсірді. Менімен бірге құрбым Қантай да оқитын болды.
        Студенттік жылдар да зымырап өте шықты. Әскерге бірге аттанған құрбыларым да есен-сау, өмірдің әр саласында қызмет атқарып жүрді. Ботаханова Шекер Қостанай қаласында халық соты, Елубаева Қантай Павлодар қаласындағы педагогтік училищеде мұғалім, Әркешова Зифа Семейде институт бітіріп, сонда мұғалім болып жұмыс істеді. Өзбеханова жоғарғы білім маманы болды. Ихсанғалиева (Мысырова) Орынкеш Алматыдағы «Жетісу» мейманханасына басшылық жасады. Ол 1986 жылы қайтыс болды.
        Мен 48 жылдық еңбек стажымның 34 жылында Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің кадрлар бөлімінде аға инспектор, инженер болып қызмет атқарып, еңбек демалысына 1988 жылы шықтым.

* * *

        Қазақтың кемеңгер ақыны Абайдың әкесі Құнанбай бабамыздың төрт әйелі болған. Олар: Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным. Екінші әйелі Ұлжан әжемізден Ибраһим (Абай) атамыз туған. Мен тек Абай атамыздың бәйбішесі Ділда әжемізден тараған ұрпақты ғана жазбақшымын. Әбдірахман, Мағауия аталарымның әйелдерінің шыққан жерлеріне тоқталмақпын. Абай атамның Мағауиядан тараған ұрпақтары (Уәсила, Құтайба, Бөбір (11 жасында өлген) Жағыпар, Кәмила) жайлы мағлұмат бермекпін. Күңке, Айғыз, Нұрғаным әжелерімнен тараған ұрпақтары туралы М.Әуезовтің «Абай жолы», т.б. кітаптарында жазылған.

АБАЙ АТАМ

        Абай атамның екі әйелі: Ділда, Әйгерім. Ділда әжемнен тараған балалары: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия және екі қызы: Күлбадан, Райхан.

ДІЛДА  ӘЖЕМ

        Абайдың бәйбішесі - Ділда Жүсіпқызы. Төркіні - Әйбике - Шаншар елінің ақсүйегі. Алшынбай Тіленшіұлының ұрпағы. «Ділданың 1844 жылы туған әкесі Жүсіп Алшынбаевтың архивінен табылған анкетасында көрсетілген».
        Абайдың Ділдаға үйленген кезі 1860 жылдар. Ділда 1924 жылы қайтыс болған деп Қ.Мұхамедханұлы дәлелдейді.
        Ақылбайдың ұлы Срайылдың (1885-1959 ж.ж.) әйелі Тұрар жеңгеміз «1926 жылы Саржан деген ұлымыз туғанда әжем (Ділда) өлді», - деген еді.
        Мен де Ділда Әжемді көрдім. Тұрар жеңгемнің айтқаны дұрыс. Әжем мені «Сары қызым» дейтін. Ол кісінің бейіті Тышқан - Аралтөбе деген жерде.
        Мағауияның тұңғыш қызы Уәсила апам: «Апам (Ділда) жай сөйлейтін, өте сабырлы, түсі аққұбаша, қыр мұрынды, көзі үлкен, сұлу өңді еді. Үйінде жұмыс істеп жүрген адамдарды ренжітпей, бауырына тартып отырушы еді. Мен осы апамның бауырында өстім», - дейтін.
        Уәсила апамнан Абай атамның қалай қайтыс болғаны жайлы сұрағанымда былай деді: «Әкем (Абай) Мағаш ағаның өліміне қатты қайғырды, оның қырқын тез өткіздірген соң жатып қалды. Аузы-мұрнынан, құлағынан қан кетті. Үш күннен соң көз жұмды. Қаны қатты көтерілген болса керек».

ӘБДІРАХМАН (1869-1895)

        Әбдірахман ағамыз туралы М.Әуезовтің, Қ.Мұхамедханұлының жазғандарында бірсыпыра анықтама берілген. Сондықтан мен әйелі Мағрипа туралы айтпақпын.
        Мағрипаның шыққан жері (тұқымдары) ноғай, үлкен аталары Ысқақтан төрт ұл: Жақып, Сүлеймен (қажы), Ыбырай және Мұсабай тарайды. Сүлейменнен - Мағрипа. Шешесі - Дүтбайдың жиені (руы Көкше). Дүтбайдың екінші алған әйелі Абайдың қызы Күлбадан. Мұны айтқан Мағрипаның аталас інісі Қабиболлаұлы Қожақпан (1920ж.). Ол қазір Алматыда тұрады.

МАҒАУИЯ АТАМ

        Мағауия атам Семейдегі мужская киргизская школа деп аталатын мектепке түскенде (1884 ж.) он төрт жаста екен.
        Мектепте бірінші класының екінші бөлімінде үздік оқып, барлық оқушының алды болып, бір өзі ғана «өте жақсы» (отлично) деген бағамен оқыған. Мағауиямен бір мектепте оқыған шәкірттердің ішінен кейін тарихта белгілі болған адамдар да кездеседі.
        (Центральный госуд. архив КазССР. Фонд - 408, Опись - 1, «Абайдың шәкірттері» кітабынан алынған. 1993 ж. 85-бет). Оқуға аса қабілетті, зерек, талантты шәкірт Мағауия қалада 2-3 жыл оқыған соң денсаулығы нашарлап, сырқаттана бастайды. Абай баласының науқасынан қауіптеніп, Семей қаласындағы тәуір деген тәжірибелі дәрігер Становқа қаратады. Оның айтуынша Мағауияға қалада тұруға болмайды екен. 
        Мағауия амалсыз оқуын тастап, ауылға оралады. Бұл 1886-1887 жылдар еді. Ол әкесінің қасында болады. 1904 жылы 36 жасында Мағауия дүние салады.
        Мағауияның балалары: бәйбішесі Дәмегөйден - Уәсила, Құтайба, Бабыр, Жағыпар; кіші әйелі Мөржаннан - Кәмила.

ӘЖЕМ ДӘМЕГӨЙ

        Мағауия атамның бәйбішесі Дәмегөй Мүсірәліқызы. Шыққан жері Қарамырза -Тобықтының ішінде Мәмбетай деп аталады. Қарамырзадан Алыбай, Мүсірәлі, Дәмегөй туады. Мүсірәлінің інісі - Жақып Меккеге барып қажы атанған. Жақыптан - Қали туады (1868-1969 ж.ж.). Бұлардың мекендеген жері Саржал ауылдық кеңесі (қазіргі Абай ауданы).
Әжем Дәмегөй тентек кісі болған. Бірақ өтірік айтқанды жек көретін, жағымпаздықты білмейтін намысқой, не айтса да бетке айтып салатын. Балаларын, немерелерін өз бауырына басып тәрбиелеп, оқытып өсірген.
        Шолақ белсенділер келе жатса әжем бізді тошалаға кіргізіп, «дыбыстарыңды шығармаңдар» деп тығып қоятын. Олар байлардың үйін тонап, қыздарын зорлап, ойына келгенін істеп кететін көрінеді. Әжем содан қорқады екен.
        Дәмегөй әжем 1931 жылы қайтыс болғанда, артында қалған жалғыз ұлы Жағыпар 36 жаста еді. Жеті немересі бар едік. Мұхтар ағаның үйіне барып жүргенде бір күні: «Менің әжем Дәмегөйді кітабыңыздың бір жеріне жамандап жазып қоймаңыз», - дедім.
        Мұхтар аға: «Дәмегөй жаман адам емес. Ол кісі ақылды тентек болған. Дәмекеңнен ақылды ұл-қыз туады. Мағаш өлгеннен кейін артында қалған алты жасар Жәкімді, төрт жасар Кәмәшті, Әбдірахманнан екі жасында қалған қызы - Рахиланы, Құтайба баласынан қалған - Берекеханды бауырына басып оқытып, тәрбиелеген. Қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырған. Ділда әжені өзі күтіп, қолынан қойған, - деді. "Жазып жатқан кітабымды Мағаштың балаларымен аяқтаймын», - деп бірталай әңгіме айтты.
        Уәсила апам былай деген еді: «Мағаш ағам (әкесін «аға» дейтін) Мөржанды алды. Ол өте сұлу, әппақ еді. Кәмәш шешесіне тартқан. Мөржанмен Мағаш аға екі жылдай ғана отасты. Мөржан қайтыс болғанда, Кәмәш бір жаста қалған. Сондықтан Кәмәш өз шешесін аузына да алмаған, Дәмекеңнің бауырында өсті. Бәріміздің кенжеміз болғандықтан өте ерке болды, оның айтқанын екі қылмайтын. Біз оны «қалқам» дейтінбіз. Мөржан шешеміз ауырып, Мағаш ағам Семейге қаратуға әкетіп бара жатып, ат үстінде: «Дәмегөй, саған Семейден не әкеп берейін?» - дегенде, «Маған Мөржанның аяғындағыдай оюлы мәсі-кебіс әкеп бер», - деген екен. Сонда Мағаш ағам: «Ендеше Мөржанның аяғындағыны алып қал», - депті. Дәмекең: «Сенің ауру қатыныңның ескісінің керегі жоқ. Жаңасын әкеп бер», - дегенде Мағаш аға аттан түсе сала Дәмекеңді қамшылай жөнеліпті. Сол кезде Дәмекең әкемнің (Абай) алдына жетіп барып: «Мені балаңыз сабап жатыр, ішімде бір ұл тулап жатыр», - депті.
        Әкем Мағашқа кісі жіберіп «ұруын тоқтатсын» дейді. Сондағы әжемнің ішінде тулап жатқан ұлы менің әкем Жағыпар екен.
        Дәмегөй әжемнің аталас бауыр, сіңлілері Алматыда тұрады: Бәтима, Қоңыртай, Рымтай, Қапура. Бәтиманың күйеуі - Құнанбайұлы  Тәкежанның (Тәңірберді) шөбересі Хамит (1916-1983 ж.ж.) 1940 жылы Абай атындағы пединститутты өте жақсы бітірген. Отан соғысының ардагері, көп жыл мұғалім, Алматыда ОблОНО бастығының орынбасары, Шелек, Қаскелең аудандарында кеңестік қызметте болды. Кейін Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш селосының Абай атындағы мектебінде 30 жыл директор болып істеген.
        Хамит аға ақылды, сабырлы жан болатын. Ешкімге қатты сөйлемейтін, ренжітпейтін. Мені «Ищан-аға» дейтін, «сен аман бол» дейтін.
        Дәмегөй әжемнің екінші сіңлісі - Қоңыртай (1926 ж.) қос институт бітірген: заң маманы және педагог: Партия саласында да, мұғалім, мектеп директоры да болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер, күйеуі Сағындықов Сағидолла да ірі қызмет атқарған аяулы азамат еді.

УӘСИЛА (1890-1954)

        Уәсила өзі естелігінде жазғандай, Мағауияның тұңғыш қызы. Қазақ салты бойынша Абай атам немересін өзі бауырына салып, 13 жасына дейін «балам» деп өткен. Жиырма сегізінші жылдардың аяғында Құнанбай қажы тұқымын бай-шонжарлар әулеті, үстем тап өкілі деген солақай саясатпен шалғайға жер аударған кезде Уәсила да күйеуі Қали Жақыпұлымен Қырғызстанға көшіріледі. Сол жақтан 1934 жылы Алматыға келеді. Мұхтар Әуезовтің көмегімен Уәсила Опера және балет театрының жанындағы артистерге киім тігетін цехқа тігінші болып орналасады.
        Уәсила өзінің зеректігінің, табиғаттың мол берген қасиетінің арқасында Абай әкесінен алған тәлім-тәрбиесін берік ұстанып, ғұмыр бойы оны дәріптеп, айтып өткен адам. Ол «Абай жолы» романы жазылған кезде Мұхаңа Абайдың заманы, ортасы, оның тұрмыстағы әдептері туралы мол деректер берген. Сондай-ақ «Абай» операсы және «Абай әндері» фильмдері түсірілген уақытта осы қойылымдардың костюмдері, т.б. безендіру үлгілері жөнінде Абайды көзімен көрген адам ретінде кеңесші болады.
        Ол 1936 жылы Опера және балет театры Мәскеуге өнер күндерін өткізуге барғанда костюм үлгісін жасаушы ретінде басынан аяғына дейін қатысады.
        Уәсила Мағауияқызы 1954 жылы алпыс төрт жасында Алматыда қайтыс болды. Мұхтар қызы Мұғалима апай Мағауия қызы Уәсиланы Ақылбай қызы деп жазады, Ақылбайдың немересі Ғазизаны қызы деп шатастырады.
        Уәсиланың баласы болмаған. Тәрбиесінде өскен Шәмен (Шаймардан) деген қайнысын Уәсиланың күйеуінің бұрынғы әйелінен қалған бала дейді.
        Уәсиланың күйеуі Қали бұрын үйленбеген, Шәмен Қалидың немере інісі, Шәменнің бұрынғы әйелінен (Торғайдан) Әдебиет деген қызы Алматыда тұрады. Бұл қызды да Уәсила асырап өсірді. Шәменнің жасы тоқсанға келді, Тобықтының ішінде Мәмбетай Қарамырза болады. Мұғалима апамыз бұларды естігені болмаса араласпаған, ата-тегін білмейді, сондықтан қателессе керек.

ҚҰТАЙБА (1895-1919)

        Құтайба ағамыз кезінде Шыңғыс болыстық атқару комитетінің төрағасы болған.
        Құтайбаның әйелі Тәкти Найманның Сыбан руынан шыққан, өз өңіріне әйгілі Досым қажының қызы. Абай атамыз немересі Құтайбаға өзі барып құда түсіп Тәктиді айттырған екен.
        Тәкти шешем мені туған күнімнен бауырына салып өсірген. Ол кісіні мен «Өзапа» дейтінмін. Өзапам 1924 жылы қайтыс болды, Аралтөбедегі екі әжеміздің (Ділда мен Әйгерім) қасына жерлеген. Алматыда сіңлісі Аманжан Досымқызы тұрады (жасы 82-де).
        Тәктидің інісі Тұрсынхан (1886-1980 ж.ж.) Абай атамызды көзі көрген, немере-шөберелерімен көп араласқан. Заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлымен де той-думандарда бірге болған.
        1936-1942 жылдары Семейден мектеп-интернатта тәрбиеленіп оқып жүрген кезімде Тұрсынхан атам мені іздеп тауып алды. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген осы да. Мені бауырына тартып зор кісілік жасады. Дүниеден озарында немересі Құсманға мені қатты тапсырып кетіпті: «Ищағы апайыңа көз қырыңды салып, араласып жүр», - деп.
        Құсман менімен осы күнге дейін араласып тұрады. Химия ғылымының докторы, Ғылым министрлігі - Ғылым академиясы Органикалык, катализ және электрохимия институтының директорының ғылыми орынбасары.

БЕРЕКЕХАН ҚҰТАЙБАҰЛЫ (1918-1944)

        Берекехан Құтайба ағамыздың жалғыз ұлы еді. Әкесі қайтыс болғанда бір жасқа да тола қоймаған екен. Ділда, Дәмегөй әжелерінің бауырында еркелеп өскен, Жағыпар Құтайбаның інісі болғандықтан ағасының соңында қалған жалғыз тұяғын өз баласындай көріп, бауырына басқан Берекеханның шешесі Тәтидің бауырында мен де өстім. Берекехан екеуміз Құтайба ағаның үйінде өскендіктен мені Құтайбаның қызы дейтін.
        Берекехан Семейдегі орыс гимназиясының 7-ші класын бітірген. Соңғы кезде тұрған мекен-жайы Новошульба ауданының Уба-Форпост деген жері еді. Осы жерден 1941 жылы әскерге алынды. Сержант- пулеметчик Украина жерінде хабарсыз кетті. 1944 жылдың 21 февралінде қолыма соңғы хаты тиді. п/п - 16627.

ЖАҒЫПАР (1898-1934)

       Әкем Жағыпар  Құнанбайұлы Абайдың кенже баласы  Мағауиядан туған. Туған жері Шыңғыстау ауданы (қазіргі Абай) «Ақшоқы» деген жер. Әкем жұқа жылы шырайлы, ақкөңіл, пысық, әңгімешіл, сері болған. Балаларына аталары жайлы мағлұмат беріп отыратын. Үй ішінде әрдайым домбыра тартып, Абай өлеңдерін айтатын. Ойымда көбірек қалғаны «Сұрғұлт тұман дым бүркіп» әні. Әкемнен сұрадым: «Бұл өлеңді ойыңнан шығардың ба?» - деп. Сонда әкем: «Ерте уақытта біздің ауылда бір кедей адамның әйелі өліп, әкем (Абай) соған көңіл айтып шығарған», - деді.
        Мұхтар аға Семейден біздің ауылға келгенде үлкен той болушы еді. Абай атамның немере--шөберелерін, тағы да басқа ауыл жігіттерін жинап алып, тың неше түрлі ойындарын (алтыбақан, ақсүйек, асық) ойнайтын. Асық келгенде дорбалап асықтарын ала келетін. Ең үлкен дорбадағы асықты беретін де дөңгелек тақырда ойын қызатын. Әкем әрдайым асықтарды ұтып алатын. Оны білетін себебім кім асықты көп ұтып алса, соның басына бірнеше тымақты қабаттастыра кигізіп қоятын. Әкем бір дорба асықты секіртіп ойнағанда біреуін де жерге түсірмейтін. Мұхтар аға сүйсініп күліп отыратын.
        Шыңғыстау (Абай) ауданына қарайтын Аралтөбе деген жерде тұрдық. Аралтөбе тауының арғы жағында Ақылбай атамыздың немере-шөберелері тұрады, бергі жағында біздің үй. Әкем Ақылбай атамыздың балаларының тамынан мектеп ашып, азын-аулақ бала оқытты. Осылардың ішінде мен де сауатымды аша бастадым.
        Есімде қалғаны әкем бір ауылдық кеңесте жұмыс істегені. Күнде таңертең «қырманға кеттім» деп көк атына мініп жұмысқа кететін. Кейін Мұхтар аға: «Жәкімнің көк аты қандай еді, шіркін! Оның жүйріктігі мен сұлулығына таңдай қақпай тұра алмайсың. Көк атпен адаммен сөйлескендей сөйлесетінбіз. Мен де бұл атқа талай мінгенмін. Біздің елде Жәкімнің көк атын білмейтін адам болмайтын», - деп айтып отыратын.
        Шіркін, әкем қандай адам еді! Бүкіл ауыл «Жәкім-Жәкім» деп қатты сыйлайтын, себебі қолынан тек жақсылық қана келуші еді. Үлкен қызы Рәпила мен соғыста қаза тапқан ұлы Жошыхан әкеме қатты ұқсайтын. Айта берсе мұң да, сыр да таусылмайды екен, қайсыбірін айтарсың...
        Қайран әкем 36 жасында дүниеден өтті.
        1932-1933 жылдары Убо-Форпост ауданына Шыңғыстаудан Садық Қасиманов бастаған босқындар келді. Тұрғылықты жердің басшылары әкеме оларды қарсы алып, орналастыру жөнінде жауапты тапсырма береді. Әкем оларды моншаға түсіртіп, үстіндегі шоқпыттарын өртетіп, таза киіндіріп, шаш-тырнақтарын алдырады. Бәрін біртіндеп үйлерге орналастырады. Садық Қасиманов Убо-Форпостқа келгеннен бастап әкемнің үстінен органға (КГБ) арыз жазып, соңына түсе бастайды: «Мағауияұлы Жағыпар байдың баласы, қашқын. Шәкерімнің інісі», - деп. Ондағы арам ойы әкемді жұмыстан шығартып, айдату еді. Бұл кезде әкем мектепте мұғалім әрі директор болатын. Қасиманов әкемнің орнын қараулықпен тартып алғысы келді.
        Органның адамдары әкемді күнде шақырып тексере бастады. Әкем қайғырып, қорқып жүрді. Ақыры алты-ақ күн ауырып, бақиға аттанып кете барды. «Жәкімді құдай бізге қимады», - деп жыламаған адам қалмады. Қасиманов арманына жетіп, әкемнің орнына қызметке тұрды. Алматыда тұратын Қасимановтың туыстарынан (Сиырбаева Дәметкен, Беделбаев Есімхан, жазушы Сағымбаев Төлеужан, оның әйелі Зура) естігенім - 1931-1932 жылдары Қасиманов өзінің туыстарын айдатып жіберген. Олар оны «өте қызғаншақ, арсыз адам» деген еді. Қасиманов өлгенде Алматыдағы туыстары топырақ салуға барған жоқ. «Мен өлгенде Тұрағұл қыздары Ақышқа, Мәкенге хабар айтыңдар», - деп өсиеттепті. Барса, сол апалар ғана барған болар. Қасимановтың арам пиғылдарын Қ.Мұхамедханұлынан да естіген едім.
        Әкем Убо-Форпоста тұрған кезде ақыл-кеңес алуға көп адамдар келетін. Кейбірінің арызын да жазып беретін. Ол адам «тура ойымдағыны жазыпсыз» деп ризашылығын білдіріп, рахметін жаудырып кететін.
        Әкемнің ерекше бір қасиеті - кітапты көп жинайтын. «Бұл кітаптар қандай кітап?» - деп сұрағанымда: «Абай атамның, оған қоса Мағауия әкемнің жинағаны, үлкен үйдегі Еркежан әжемнің (Абайдың әйелі) сақтап келген небір құнды қалың кітаптары», - деп жауап берген еді. Бұлар әкеме Ділда әжесінен мұра болып қалыпты. Оған өзі де жиған кітап, журналдарды қосып үлкен сандыққа толтыра салып, жұрт көзінен жасырып, тошаланың ішінен қазылған жерге көміп, 1929 жылы Семейге оқуға кетерде шешеме аманаттап тапсырған екен. Кітаптарды жерге тыққанда біздің үйде жүретін Мұсахан деген адам көмектеседі.
        1931 жылы әкем мен шешем Аралтөбедегі қоймадағы кітаптарды алып келуге Семейге барғанда Қауаш тәтемнің (Ақылбайдың немересі) енесі Қибадат әжей құмалағын шашып жіберіп: «Ойбу, қайтыңдар, шешең Дәмегөй өлді», - дейді. Оның үстіне шешем көшеден пирожки сатып алып, енді жейін десе, ішінен адамның саусағы шығып, қатты ұшынып қалыпты. Олар үйге қайтып келгенде Дәмегөй әжем қайтпас сапарға жөнеп кеткен.
        Есімде бір қалғаны, кітапты тығар кезде шешем мені қораның төбесіне шығарып: «Біреу келе жатса дереу хабарла», - дегені. Сол бір сандық кітаптың тығылған жерін Мұсаханның інісі Әліпбек те білген. Ол атақты ұры болған. Ерте уақыттарда Ақылбай атамның, біздің үйдің малдарын ұрлайтын, сонымен қатар ауылдағы қыздардың кейбірін ұрлап әкетіп зорлайтын. Кейін сол кітаптарды қазып алып, Семейге апарып базарға сатып жіберген.
        Әке-шешем қайтыс болғаннан кейін Ақылбайдың немересі Шәбеп ел жаққа барып, кітаптардың жайын біледі. Елдегі ақсақалдар Әліпбектің қылықтарын айтып берген.

* * *

        Ленинградта қызмет істеп, 1950 жылы еңбек демалысына келген едім. Мұхтар ағамен сол жылы ғана кең отырып әңгімелесудің сәті түсті. Бізді, Абай ұрпақтарын, «асылдың сынығы» деп өзі іздеп тауып, ағалық қамқорлығын көрсетті. Ол кезде Мұхтар ағаның даңқы дүрілдеп тұрған, арада талай жылдар өткендіктен «Мұхаң бізді ұмытқан болар» деген күдікті ойымыз да болды. Жоқ, Мұхаң бәрін есінде сақтапты. «Сендер көшкенде Жәкімнің көк аты қайда қалды?» - деп сұрады. - Біз Новошульба ауданына сол көк атпен көшкенбіз. Сол жақта өлді.
        Осы кездесуде бала кезімдегі тығылған кітаптар, күміс сервиз, көптеген суреттер туралы айтып едім, Мұхтар аға орнынан ұшып тұрды.
        - Пәлі, мынауың үлкен жаңалық қой. Қалай бәрін ұмытпағансың. Сервиздерді мен Ленинградтан әкеліп, Кәмилаға сыйға тартқам. Кәмиланың арман ғып көксеп жүретіні іс машинасы еді. Оны да әкеліп бергем. Адам бала кезіндегіні ұмытпайды. Қартайғанда ұмытшақ бола бастайды, - деп қатты риза болды. - Жәкімнің қолында мұра болып қалған кітаптарды білемін. Оның ішінде Абайдың, Ақылбайдың, Мағауияның, менің де қолжазбаларым бар, суреттер де солардікі. Оны бүлінбей тұрғанда тауып алайық, - деді.
        Іле-шала мені ақын Қасым Аманжолов пен Қайым Мұхамедхановқа қосып Семейге жіберді. Аралтөбедегі тошаланың орнын қаздық, ештеме табылмады. Ақылбай атаның немересі Шәбен оны кейін Ділда мен Әйгерімнің зиратына Әліпбек дегенге көмдірген екен. Сол жерден қолды болып кеткен. Қатты өкіндік.

* * *

        1929 жылы әкем Семейдегі бір жылдық мұғалімдер курсын бітірген соң оны Ново-Шульба ауданы Убо-Форпост ауылдық советіндегі мектепке мұғалім етіп жібереді. 1930 жылы бізді осы ауданға көшіріп алады. Бір арбаға сиып отырғандар әжем Дәмегөй, Кәмила тәтем, шешем Күлманар, ағам Берекехан, інім Жошыхан, сіңлім Қазел және мен. Біз көшкенде үй-жайымыз, қаншама дүние-мүлкіміз жұртымызда қалды. Бәрінен де менің өзімізбен бірге ойнап жүретін «Аққалқа» деген лағым, «Ақбайпақ» деген итіміз артымыздан қалмай көп жерге дейін шығарып салды. Бірінің маңырап, бірінің үріп жетімсіреп қала бергені әлі күнге көзалдыма келеді. Қайран, балалық бал дәурен-ай!..
        Жаңа-Семейге Рәшит деген кісінің үйіне келіп түстік. Бізді Абай атамның інісі Ысқақ атамыздың немересі Мүбәрәк Ахметбекұлы қарсы алды. Бұл үйге Разақтың екінші әйелі Әлила апай да көшіп келіпті. Қасында екі жасар қызы - Гүлнар бар.
        Мүбәрәк ағаны бірінші көруім. Өзі сұлу, әппақ, қыр мұрынды, бұйра шашты. Киген киімі де денесіне қонып тұр. Әкемді бір жылдық мұғалімдер курсына түсіріп, Убо-форпост ауданына мұғалім ғып жіберткен де Мүбәрәк ағамыз екенін кейін білдім. Ол бізді қаладағы үйіне қонаққа шақырды. Қонаққа Дәмегөй әжем, Кәмила тәтем, шешем, Берекехан ағам және біздер бардық. Әппақ жүзіне алақандай көзі жараса қалған Зейнеп деген сұлу келіншегі бар екен. Менің Кәмила тәтеме ұқсайтын секілді, мұның да шашы тобығына түседі. Мүбәрәк ағаны «Мүкен аға» дейтінбіз. Үйінде Медіғат, Жәудет, Талғат деген інілері болды. Олар шетінен әнші, скрипка, домбыра тартады екен. Мүбәрәк аға сол уақытта үлкен бір қызметте болуы керек. Семейдегі пединститутта сабақ та берген. Қ.Мұхамедханұлы екеуі бірге қызметтес болған екен.
        Ол заманында Семейдегі ерлер гимназиясында оқыған. Әкесі Ахметбек аға 1932-1933 жылдары Убо-форпоста тұрғанда бізге келіп, бір жылдай тұрып кетті. «Сендерге рахмет, өлсем сүйегім мұнда қалмасын, елге барып өлейін», - деп қайтып кетті. Әкем костюм, пальто, тағы басқа киімдер әперді. Жолына ақша беріп, шығарып салды. Ол 1933 жылы Семейде қайтыс болыпты. Жүрегі дәмінің таусыларын сездірген ғой.

КӘМИЛА (1900-1932)

        Мағауияның кенже қызы Кәмила. Ол 1920-1927 жылдарда Мұхтар Омарханұлының зайыбы болған. 1927 жылы Мұхтармен айырылысып елге қайтады. Осы арада Жәкім ағасы атқосшысы Өмірзақ екеуі Кәмиланы Семейден көшіріп әкеледі.
        1928 жылы Семейге қайтып келіп, бір оқу орнына түседі. Семейде оқып жүргенде Абдолла деген татардың үйінде пәтерде түрады. Сол жылы мені қасына алған еді, бірақ денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмай елге қайтады. 1930 жылы біз елден Убо-форпост селосына көшіп бара жатқанда бізбен бірге бармай, Фрунзе қаласында тұратын Уәсила апасына кетті.
        1931 жылы Убо-форпост селосында тұрған кезімізде Кәмила тәтем біздің үйге қайтып келеді. Уәсила апасына қолқа салған: «Бұл жақта жүргенше Жәкімнің қасына барайын. Ол онда жалғыз ғой. Шешем де сонда», - деп. Уәсила тәтем ісмер еді. Әртүрлі тақия, киім тігіп базарға апарып сатады да сіңлісіне жол пұлын жинап береді. Кетерінде Кәмила: «Мұхтар Алматыда түрмеде жатыр ғой. Артынан іздеп баратын жанашыр жоқ, жүдеп-жадап кеткен болар. Жолай соғып, азық-түлік, іш киім апарып берсем қайтеді», - депті. Уәсила: «Е, әлі ұмытпағансың ба. Күдеріңді үз. Ол саған енді қайтып оралмайды», - деп қарсылық білдірген, Уәсила бұлай айтқанда Кәмиланың уайымы ішіне түспесін деген ойда болған. Кәмила үшін Мұхтарға ренжіп, он үш бет хат жазып, біреуден беріп жіберген. Уәсиланың қайын жұрты Фрунзеге жер аударылып барған болатын. Енесі адуынды, қолы қатты, өте сараң адам болыпты. Уәсила бауырсақ пісіріп тұрып Кәмилаға ыстықтай жесін деп бауырсақ берсе, енесі бауырсақтың үстінен жеме деп бергізбейді екен.
        Кәмила тәтем біздікінде тұрып жатты. «Мұхаң, Мұхаң» деп жылай беретін. «Мұхтар кешірім сұрағанда кешпедім, сонша қаталдық жасадым», - дейтін.
        Кәмила ауырып жатқанда оның күтушісі шешем Күлманар еді. Мен қуыршақ ойнап қастарында отыратынмын. Сонда ылғи: «Мұхаң, Мұхаң» деп жылап отыратын. Үйдің іші тәтемнің атын атамай, «қалқам» дейтін. Өлгенше Мұхтарды уайымдап, шерменде боп армандап өтті. Дерті де содан басталды. 1932 жылы Кәмила дүние салды. Мұхтардан туған Зере, Мағрипа деген екі қызы жастай шетінеді.
        Немере сіңлісі Қауаш Әлімқұлқызы Ақылбай немересі Кәмила шығарған біраз өлең шумақтарын білетін.

Ата-анам өлді жасымда,
Тәрбие көрмей қасыңда,
Теріс те болдым аруаққа,
Біле ме адам ашуда...
Көзіңнің сағынамын қарағанын,
Жүрекке махаббат боп тарағанын.
Отырамын күндіз-түні қапаланып,
Өмірімді ауру қылып жараладың.
Ей, жарым, жаным сүйген көңілім құлап,
Хат жаздым, рахметіңнен етіп талап.
Демесең қор етейін мен ғарыпты,
Жауап бер, шын көңіліңмен ойың балап, -

деп Мұхтармен ажырасқанда өлең шығарған.
        Уәсила апайымнан  естігенім:
        Мұхтар 17 жасында Семейде оқып жүргенде алғаш рет Тобықты ішіндегі Торғай руындағы Кәкен деген кісінің Райхан атты қызына үйленген. Одан Мұғалима, Шыңғыс деген екі баласы болады. Кәмила Мұхтардан бұрын Мамай батырдың баласы Шыныбайға ұзатылған. Қос бұрымы жер сызған сұлу Кәмила тұрмысқа шықпай тұрып-ақ Мұхтардың жүрегіне шоқ, түсірген. Күйеуін менсінбеген Кәмила «шешемді сағындым» деген желеумен үйіне келіп, қайтып бармай қояды.
        Мұхтар мен Кәмиланың жеті жылдай бірге тұрған өмірлері соншама бақытты шақтары екен. Мұхтар аға Кәмәштің шашын өзі өріп беретін.
        Мұхтар Ленинградта оқып жүргенде Валентина Николаевнамен танысып, көңіл жарастырған ғой. Оқудан кейін Семейге оралып, қызмет істеп жүрген Мұхаң Валядан хат алады. Онда аяғының ауыр екенін жазған. Мұхтар қайтып оралмайды деп күдіктенген Валентина Николаевна заң орнына шағымданамын деп Мұхаңды қорқытады. Хат алдымен Кәмиланың қолына тиеді. Екі оттың ортасында қалған Мұхтардың жағдайын Кәмила түсінеді. Сондықтан «сен сотталғанша мен кетейін» деп еліне қайтып кетеді. Жағыпар ағасы Ағайдың Өмірзағын ертіп келіп Семейден Кәмиласын алып кетеді. Сол кезде Өмірзақ әкемнің атқосшысы еді. Мұхтардың қызы Мұғалима өзінің кітабында Мұхтар Әлкей арқылы Тұрағұлға хат жіберіп, «Кәмиламен ажырасатынын және өзің Кәмиланы төркін жұртына алып кет» деген деп жазады. («Тұңғышы едім» кітабы, 34-41 беттер).
        Кәмила Мұхтармен айырылысқанда  Бөрліде емес, Семейде тұрған.
        Мұғалима апамыз Кәмила туралы көп жағдайды дұрыс жазбаған, «Кәмила Мұхтарға шықпай тұрып-ақ аурулы еді, әкем емдетіп жүретін» деп жазады. Сол кездің өзінде атағы шыққан Мұхаң көрікті болмаса, Кәмилаға қызығып, ғашық болып алар ма еді. Дұрысы, Кәмила Мұхтардан айрылысқан соң ауыра бастады.
        Кәмиланың өміріне қатысты жағдайларды жақсы білетін Разаққызы  Ғафура, Мұхтардың жиені - Мәжит Диханбайұлы еді. Бұлар Мұхтардың қолында тұрып оқыған. Тұрағұл ағамыз Мұхтар мен Кәмила айрылысқан жылдары араларына кірісе алмауы мүмкін. Себебі Тұрағұл Құнанбай сияқты атақты адамның немересі ретінде 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, Қырғызстан жаққа жер аударылған. Ал Бөрліде тұрған Мұғалиманың шешесі Райхан. Сондықтан Мұхтар Тұрағұлға емес, ағасы Разаққа «Мен елге қайтпаймын. Райханды дүниесімен төркініне көшіріп апарып таста» деп тапсырма берген.
        1927 жылы Кәмила мен Мұхтардың ажырасқан жылдары. Осыған орай Тұрағұлдың баласы Жебірайл Мұхтардың апасы Райханды (Әуезқызы) тастады» деген сөз де дұрыс емес, (Ниязбек Алдажаров жазады. «Жұлдыз» журналы, 1992 ж. 95-6.) Оған дәлел Жебірайл әйелі Райханды 1922 жылы тастаған. Осы жылы бұлардың Алпаш деген ұлы туған. Ол алты айлық қана екен. Алпаш Отан соғысына қатысқан, Алматыда 1990 жылы қайтыс болған. (Тұрағұл қызы Ақыш апай айтқан).
        Рәпила апайымның айтуы бойынша Мұхтар Ленинградқа барар жолда Кәмиладан кешірім сұрапты, бірақ Кәмила кешірмеген. Мұхтар барғанда Кәмила тәтем жауап бермей, теріс қарап жатып алыпты деген.
        Рәпиланың білетіні - өмір бойы Кәмила тәтемнің қасында болған. Кәмәш тәтем Семейде оқып жүргенде қасында бірге оқып жүрген.
        Кәмила жайлы әркімдер білгішсініп қате айтып та, жазып та жүр. Тек қана Әлкей Марғұлан ағай дұрыс айтқан. Кәмиланы көрген-білгендер: Олар Абай атамның кенже қызы - Күлбаданның қызы Қадиша (1910-1987), Ақылбай немересі Қауаш (1909-1988), менің шешем Күлманар, Уәсила апам. Кәмила тәтемнің өміріне қатысты көрген-білген жайларды жинақтап жазып жүрдім. Өзім де бала кезімнен қасында болып, бауырында өстім. Әлі күнге Кәмәш тәтем есіме түссе көзіме жас келеді. Өз махаббатының отына өртенген қайран Кәмилам менің...

РӘПИЛА (1918-1938)

        Рәпила әкем Жағыпардың тұңғыш баласы. Ол әппақ жүзіне қызыл шырай тараған сымбатты да сұлу қыз еді. Оны да Ділда әжеміз бауырына салып өсірді. Дәмегөй әжесінің де, әкесінің де, үйі ішінің еркесі болды. Жасынан Семейдегі гимназияда оқыды. Рәпиладан кейін бір бала өлі туған екен. Содан кейін мен дүниеге келіппін.
        Рәпила екеуміз тату өстік. Семейден үйге каникулге келгенде мені жанынан қалдырмай ертіп жүретін. Татулығымыз сондай, мен оның айтқанын бұлжытпай орындайтынмын. 1938 жылдың маусым айында Семейдегі мектеп-интернатта оқып жүрген кезімде мені іздеп Семейге келді. Мұнан бұрын 1935-1936 жылдары Жарма ауданының Балажар деген жерінде мұғалім болып қызмет істеп жүрді. Осы жерде шешеміз Күлманар 1935 жылы қайтыс болады және Ақылбайдың немересі Бағфур Әлімқұлұлын 1937 жылы НКВД ұстап алып кетеді. Рәпила бауыры Жошыхан мен сіңлісі Қазелді алып Алматыда тұратын Уәсила апасының қолына келеді. Екі баланы N12 мектеп-интернатқа береді де, өзі Қазақ педагогикалық институттың бірінші курсіне оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде тұрмысқа шығады. Жұбайы Ысқақов Ғымыран Мұсабайұлы Оқу ағарту министрлігінде министрдің орынбасары болып қызмет атқарған. Бірақ бұлардың жұбайлық ғұмыры ұзаққа созылмады. Рәпила 1938 жылы қыркүйектің 25-інде қайтыс болды. Күйеуі Ғымыран Отан соғысына қатысып, 1942 жылы Сталинград шайқасында қаза табады.

ЖОШЫХАН (1924-1943)

        Әкем Жағыпардың бес қызы, үш ұлы болған. Ұлдары: Жошыхан, Нариман және Серік, Ұлының үлкені - Жошыхан. Екі ұлы ертерек дүние салған. Жошыхан әкемізге тартқан ақылды, намысқой, қаншыл еді. Әкеміздің күйіп-пісіп, күйгелектеніп қалатын мінезі болушы еді. Жошыханның да мінезі сондай, бірақ қайтымы тез еді.
        Ол Алматыдағы N12 мектеп-интернаттың 10-класында оқып жүріп, 1942 жылы армияға алынды. 1943 жылы жараланып Белград қаласында госпитальға түседі. Одан сауығып шыққан соң Харьковте соғысқа қатысады. Атағы сержант - пулеметчик. 1943 жылы соңғы хат келеді. Соғыста мерт болып, хабарсыз кетті. Бұл хат Семейдегі Абай атамыздың мұражайында сақтаулы (Соғыстағы адресі: п/п 89504 «ж»).
        Жошыхан 4-5 класта оқып жүргенде өлең жаза бастаған. Оны өзімен бірге алып кеткен. Мына өлеңді Қазел қарындасының альбомына 1940 жылы 8-класта оқып жүргенде жазған.

Ескерткіш мен беремін жүрегімнен,
Демеу болған тәтті өскен жүрегім,
Әгардағы көріспейтін күн туса,
Саған берген ескерткіштік тірегім...

ҚАЗЕЛ

        Бөрліден қашық емес, Аралтөбе деген жерде Мұхтар ағаның қоражайы бар. Сол жерде 1927 жылы маған тетелес сіңлім Қазел дүниеге келді. 1946 жылы Алматы кино-актер училищесін және 1952 жылы КазГУ-ді бітірген. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейін Киностудиядағы Ш.Айманов музейін басқарды.

НАҒАШЫМ ҒАБИТХАН МОЛДА

        «Өскембай атамыздың асына керей Бөдес қажы он бес құр атты қонақасына айдатып жіберіпті. Сол жылы Бөдес қажының қолына жас ноғай жігіт Ғабитхан келген екен (шамасы солдаттан қашқан болуы керек). Ол кезде Ресей патшалығы мен Түркия арасы қырбай болып, «ноғайлар солдатқа алынсын» деген патша жарлығы шығады. Тобықты ішіне кірген ноғайлар сол кездегі солдаттан қашқандар еді. Ғабитхан да солардың ішінде болуы мүмкін деген сөз бар. Ғабитхан ғұлама молда болғандықтан Бөдес қажы Құнанбай қажы қолында ұстап бала оқытсам деген оймен Құнекеңе алып барады. Құнекең айналасындағы балаларын, немерелерін жиып Ғабитхан молдадан сауаттандырады. Абай атамыз да сол кісіден оқыған. Сөйтіп, Ғабитхан молда Құнанбай бабамыздың қадірлі адамы болып, өз алдына шаңырақ көтеріп, дәулетті тұрмыс кешеді», - деп жазады Н.Алдажаров.
        Жидебайдың оңтүстігінде төрт шақырымдай жердегі «Борсықбай» деген қонысты Ғабитханға берген. Сол жерде Ғабитханнан тараған ұрпақтарының бейіті бар. Төрт құлақты бейіт Сары деген баласынікі. Қабидолла деген баласы дәулеті тасыған бай болды. Өзі қатарлы дәулетті рулармен қарым-қатынас жасап, құдандалы болды. Кейін Құнанбай ұрпақтарымен қыз алып, қыз беріп жекжат болып кеткен.
        «Біздің елге татарлар Қазаннан солдаттан қашып келген кірмелер» деген сөзді бала кезімде мен де еститінмін. Әркімнің аузынан тараған сөзді Н.Алдажаров жазған болар. Ал Ғабитханның немересі - менің шешем Күлманар бізге басқаша түсіндірген еді.
        «Менің әкем Ғабидолла Ғабитхан атамның тұңғышы. Атам Қазаннан солдаттармен қашып келген жоқ. Тәтем (Құнанбай) арнайы Қазаннан шақыртып алған. Өзімен бірге Меккеге де алыл барып, атам қажы боп келді. Келісімен мешіт салдырып, оған атамды молда етіп тағайындады.
        Атам арабша сауатты еді, тағы да бірнеше тіл білетін. Сендердің аталарың, мен де осы атамнан оқыдым. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін орнына інісі Махмұт молда болды. Махмұттан Уәсила, Құтайба, Жағыпар, Кәмила және балалары Рәпила, Берекехан да оқыған. Сенің есіміңді Ищағы деп осы Махмұт атам қойған», - деп анам әңгімелеп берген.
        Ғабидолла атамның төрт ұлы: Сәлімғазы, Шәміл, Әулет, Төлеуғазы, бес қызы: Күлманар, Насима, Әслима, Сәруар, Рәпиқа. Бұлардан Рәпиқа ғана бар. Ол бұрынғы Талдықорған облысының «Мұқыр» деген жерінде балаларының қолында тұрады.
        Сәлімғазы ертеде гимназияда оқыған, орысша өте сауатты болған. Семей қаласында оқытушы болып қызмет істеген. 1943 жылы қайтыс болды. Ол заманында Абайдың балаларымен, Мұхтар Әуезовпен бірге жүрген. 1917 жылы М.Әуезов «Талап» ұйымын құрғанда оған мүше болған.
        Шәміл 1907 жылы туған. Орысша сауатты ол Семей облысының аудандарында мұғалім болған. 1941 жылы Отан соғысына қатысып, хабар-ошарсыз кетті.
        Әулет (1916-1994) Отан соғысына қатысқан. Қазір бала-шағалары бар. Барлығы да өз алдына үйлі-баранды.
        Немересі Төлеуғазыұлы Талғатбектен бес ұл: Текен, Нұрлан, Нұрмұқамбет, Амантай, Дулат, үш қызы: Насима, Әслима, Гуля. Барлығы да жоғары білімді, өз алдарына үйлі-жайлы болды. Қазір Ғабитхан атамның шаңырағын екі келіні Запан мен Бисалима ұстап отыр.
        Ғабитхан атамның Ғабидолладан басқа Сары мен Атаулы атты ұлдары болған. Сарыдан бір ұл, бір қыз болды. Қызы Мәкен қайтыс болған. Ұлы (атын ұмыттым) Отан соғысында хабарсыз кетті. Атаулының Әнуар атты бір ұлын ғана білемін. Оқыған, Абай ауданы, Қарауылда кооперативтің директоры, кейін Семейде қызмет істеп жүрді. Отан соғысына қатысып, хабарсыз кетті. Шөбересі - жазушы, зерттеуші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Есенгелді Жақыпов (1927 ж.) қазір Алматыда тұрады.
        Нағашыларымның көбімен жүздесіп, араласып тұрдым. Қазір де балаларымен араласамын. Ғабидолла атамды бай деп шолақ белсенділер түрмеге жаптырған. Сол жылы 1931 жылы қайтыс болды.
        Күлманар (1898-1935) - менің шешем, Ғабидолланың тұңғыш қызы. Ұзын бойлы, аққұба өңді, көп сөйлемейтін, мінезі ауыр еді. Ісмер болғандықтан үй-ішінің киімін өзі тігетін. Тымақ, тон, көрпе, оюлап сырмақ жасау ол кісіге аса ауырлық келтірмейтін.
        Біздің үйде Абай атамның құндыз ішігі мен көк торғын халаты болатын. Шешем осы құндыз ішікті әкеме кішірейтіп тігіп берді. Ал халатынан Кәмила тәтем мен Рәпилаға көйлек тігіп берген еді.

Мұхтар Омарханұлының отбасы

        1997 жылы заңғар жазушымыз Мұхтар Оманханұлы Әуезовтің туғанына 100 жыл толған мерейтойы дүние жүзі көлемінде атап өтілді, Мұхаң туралы аз жазылған жоқ|, әлі талай жазыла береді де. Осы айтулы мерекеге орай Мұхаң туралы өз білгендерімді, көргендерімді, есімде қалдырғанын халыққа жеткізуді жөн көрдім.
        Менің Абай атамды төрткүл дүниеге танытқан, сол арқылы бүкіл қазақ жұртын айдай әлемге паш еткен және бір ғұлама дүниеге келген-ді. Ол - заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов болатын.
        Мұхтар ағаны жас кезінде-ақ күллі Абай ауылы ерекше қадір-құрмет тұтатын. Мұхтар аға Семейден біздің ауылға келгенде үлкен той болушы еді. Шешем Күлманар мен әжем Дәмегөй бізге таза көйлек кигізіп, өздері де әдеміленіп киініп алады. Сөйтіп мерекеге дайындалғандай етіп әзірленетінбіз. Ауылдың барлық бала-шағасы, қыз-бозбалалары діңгекке шығып, Семей жақтан келетін жол бойына көз тігумен болатынбыз. Ересектер, қыз-жігіттер атқа мініп бірнеше шақырым жерден күтіп алатын. Тіпті жастарды былай қойғанда, үлкендердің өзі Мұхтар ағаны қадірлі қонақтай қарсы алып күтуші еді. Қыз-келіншектер Мұхаңның алдынан шымылдық алып шығатын. Біз шымылдықтың астында ана жақ, мына жағынан шығып, ойнап жүруші едік. Қазір ойласам Мұхаңның алғаны Мағауия қызы Кәмила болса, сол себепті біздің ауылға күйеу екен.
        Мұхаңның біздің ауылға келуі жазушының «Абай жолы» эпопеясындағы Әбішті (Әбдірахман) қарсы алу эпизодымен өте ұқсас келеді. Мұнда Мұхтар аға өз басынан өткен жағдайларды пайдаланса керек.
        Мұхтар ағаға арналып тігілген ақбоз үй сол күннен бастап-ақ жастардың ойын-сауық көрсететін мекеніне, ән мен күйдің, өлең-жырдың ортасына айналатын. Кештен бастап алтыбақан теуіп, ақсүйек лақтырып ойнайтын, жастар ай астында алтыбақанға тербеліп, шырқатып ән салатын.
        Мұхаң өнерпаз жігіттерді ерекше құрметтеуші еді. Сол кезде біздің елде Өтегелді деген қолы қысқа болғанмен, әуескер, домбырашы, керемет әнші жігіт болған. Мұхтар аға Өтегелдіні  шақырып, ән айтқызып, күй тарттырып, жастардың ойын-сауығын қыздыра түсетін.
        1931 жылы әнші Өтегелді турасында Кәмила тәтем мен шешем екеуі өткен уақытты естеріне түсіріп, Мұхаңның елге келгенін, той-думанды, Өтегелді әншіні айтып әңгімелесіп отырғаны есімде қалыпты. Содан бірталай әңгімелер де ойымда сақталыпты.
        Әлі күнге көз алдыма елестеп тұрады. Мұхаңа арнап тігілген ақбоз он қанатты үйде зайыбы Кәмила екеуі төсек үстінде отыр екен. Кәмиланың басында жас келіншектер киетін ақ кимешек - шәрші.
        Мен үйдің есігін ашып едім, Кәмила тәтем: «Сары қыз, саған не керек?» - деді. Мен кәмпит жеу үшін ғана барам ғой. Тәтем «кәмпит жоқ» деп мені қуып жіберді.
        Бұл оқиғаны 1950 жылы Мұхаңа айтып едім. Мұхаң: «Оның рас, Кәмішке жараса ма деп шешең Күлманардың кимешек-шәршісін кигізіп отыр едім», - деді де біраз уақыт үндемей қалды.
        Мұхаң Ленинградта оқып жүрген кезінде Кәмилаға күміс сервис (құлақты шыны аяқ, т.б.), іс тігетін «Зингер» машинасын сыйлыққа әкеп берген. Осыларды да айтқанымда Мұхаң: «Пәлі, өзің кішкентай болсаң да бәрін ұмытпапсың ғой. Оның рас, адам баласы кішкентай кезіндегіні ұмытпайды, қартайғанда ұмытшақ бола бастайды», - деп риза болды.
        Біздің отбасымыздағы осы бір аса бағалы сыйлық - Кәмила тәтеме Мұхаң арнаған сыйлық - іс машинасы әлі күнге сіңілім Қазелдің қасында.
        1954 жылы Уәсила апам дүние салар алдында Мұхаң біздің үйге келді. Украинаның 300 жылдық мерекесіне бара жатыр екен. Сонда «Уаске, Мағаш (Мағауия) ауырып жатқанда қасында күтушісі кім еді?» - деп сұрады. Уәсила апамнан дәл жауабын алған соң риза болып, тез сауығуын тілеп жолға аттанды.
        Уәсила апам қатты қиналып ауырып жатқанда көңілін сұрап, біздің үйге Валентина Николаевна келді. Ешкімді танымай жатқан апам Валяны таныды. «Валя, Мұхтар, су» деді. Валентина Николаевна сол арада үйіне барып бір құты су алып келді. Апам соны ішті де көп  ұзамай май айының 21 күні қайтыс болды.
        Украинадан оралған соң Уәсила апамның қырқын Мұхаң өзі өткізді. Басына ескерткішті де Мұхаң орнатты. Біздің үйде Уәсила апамның қырқында С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, С.Бегалин, Х.Бекхожин, Валентина Николаевна, Қ.Жандарбеков, т.б. жазушылар, әртістер болды.
        Мұхаңның Абай ұрпақтарына жасаған қамқорлығы қандай еді? Оның Абайдың немере-шөберелеріне деген мейірімі күшті болды. Оларды жылына бір-екі рет үйіне шақырып алып, бас қосатын: Мағауияқызы Уәсила күйеуі Қалимен, Ақылбайдың немересі Бағфур әйелімен (Разақтың қызы Қафура), Тұрағұлдың қыздары Ақила (Ақыш), Мәкен күйеуі Ұлықбекпен және Мағауия немерелері Қазел және мен - Ищағы.
        Біз Мұхаңның әңгімесін тыңдап отырамыз. Ол әңгіме үстінде көңілі көтеріңкі күліп, рахаттанып отыратын. Менің есімде қалғаны Мұхаңның: «Үш нәрсе ойымнан кетпейді, олар Қасымбек ағам, Мағауияқызы Кәміш (Кәмила), Тұрағұлұлы Жебіраил. Олар ұйықтасам түсімнен шықпайды, күндіз көз алдымда тұрады», - деген сөзі. Біздер үйінде болғанда зайыбы Валентина Николаевна қасында отыратын. Ол өте ақылды, білімді, кішіпейіл, әдепті жан еді. Мінезі ауыр, көп сөйлемейтін. Мұхаң: «Адам қартайғанда ерлі-зайыптылар бір-біріне ұқсап кетеді. Валя екеуміз бір-бірімізге ұқсаймыз», - дейтін. Валентина Николаевна үйіндегі сервиздерінің ішінен біреуі қираса, қалғандарын бізге беретін. 1951 жылы жаңа көшіп кірген екі қабатты үйінің ішіне арнайы тапсырыспен жасалған жиһаздар қойдырып, жұмсақ диваны мен шифанерін бізге бергізді.
        Мұхтар аға Абай атамның артында қалған ұрпақтарын - Қазақстанның түкпір-түкпірінде тарап жүрген немере-шөберелеріне Алматыдан үй әперіп, маңайына жинай бастады. Әсіресе Мағауия ұрпағы: қызы- Уәсила, немерелері Қазел мен маған қамқорлық жасап, бауырына тартты (институтқа түсіру, үй әперу, қызметке орналастыру, т.б.). Қиын кездерде Мұхаңның әрдайым ақыл-кеңес беріп отырғанын үнемі еске алып, айтып отырамыз. Уәсила, Кәмила апайларым және асыл Мұхаң туралы жаза бастасам болды, көңілім босап, көз жасым төгіле жөнеледі...
        1945 жылы ұлы ақын Абай атамыздың туғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтойы болып өткен. Қазақ Советінің 1945 жылғы тамыз айының 10 жұлдызындағы N547 қаулысында Абай атама ескерткіш орнату және кейбір немере-шөберелеріне дербес зейнетақы тағайындау айтылған. Олар: Мағауияқызы Уәсила, Ақылбайұлы Исраил, Тұрағұлқызы Ақила, Әубәкір әйелі Кәмилия, Ысқақ атамыздың келіні Биби және Мағауия немересі Қазел Жағыпарқызы зейнетақыны университет бітіргенше алып тұрды. Бұл кезде мен армиядан оралған жоқ едім. Қазір Абай атамның атынан дербес зейнетақы алып тұрамын. Бұл ұлы Мұхаңның бізге деген ақ-адал көңілінің және бір парасы.
        Құнанбай мен Әуез қожа аталарымыздан бастап қыз беріп, қыз алып туысып кеткеміз. Әуез қожа атамыз немерелерінің алғаны біздің апаларымыз:
1)  Қасымбек Ысқақ атамыздың немересі Қабибаны;
2)  Мұхаң Мағауияқызы Кәмиланы;
3)  Разақ Тәкежан (Тәңірберді) немересі Әлиләні:
4)  Ахмет Тұрағұлұлы Халиманы;
5)  Ағзам Ақылбай немересі Ғазизаны алған.
        Бұлардың кейбірінен артында ұрпақ қалды. Мен оларды көрдім. Заманында біздің тұқымнан қыз алып, құда болу жоғары мәртебеде саналатын.
        Мұхаң күйеу балаларының ішінде жақсы көріп, бауырына тартқаны Ләйләсінің жұбайы Қонаев Асқар еді. Ол Ләйләға үйленген соң бір жылдай Мұхаңның қолында тұрды. (Олардың үйлену тойына сіңлім Қазел екеуміз арнайы шақырылған едік). Кейін олар бөлініп шықты.
        Мұхаң Ләйлә қызын бір көрмесе алаңдап отыратын. Шақырып алып әңгімелесіп, сырласып тұратын. Мауқы басылған соң үйіне өзі шығарып салатын.
        Ернар мен Мұратты да қатты жақсы көрді. Ернары кішкене күнінде тентектеу, ерке болып өсті. Мұхаң оның кейбір қылықтарын айтып, күліп отыратын. Мұраты Мәскеуде оқып жүргенде оған да алаңдап, сағынып отырушы еді. Әредікте үйіне барғанымызда байқайтынымыз, Мұхаң зайыбына: «Мұратқа ақша салдың ба? Уақтылы салып отыру керек», - дейтін.
        Мұрат пен Ернар екеуі де 1943 жылы туылған, бірақ Мұрат сәл үлкендеу. Мұхаң дүние салар алдында Ләйләсі мен Мұраты жайлы газетке жазған мақаласында, естеліктерінде: «Ләйләшім мен Мұратым атымды өшірмейді. Ләйлә менің досым, серігім, сырласым», - деген еді.
        Мұхаңның ерекше бір мінезі өзі жақсы көрген адамына көлдей, бойындағы бар қасиетін бірден көрсететін. Ол ақкөңіл, көпшіл, кішіпейіл еді. Тағы бір қасиеті кейбір адамдардың өтірік айтып, өзін-өзі мақтап жүретіндерді жақсы көрмейтін.
        1997 жылы шығарылған «Хаттар - туысыма, жақындарыма» және «Әуезов және архив» атты кітаптарында әйеліне, бала-шағаларына және қарындасы Үмішке, күзетшісі Ахмет Карташовқа (чечен) - олардың барлығына бауырмалдық сүйіспеншілік пейілін көрсетіп жазып кетіпті. Мұғалима апай әкесі өлмес бұрын біздің үйге үш рет келді. Ондағы шаруасы менің қолымда тұратын Уәсила апамның шалы Қалиға қолқа сала келіпті. «Әкеме барып кешірім сұрағым келеді, осыны сіз әкеме айтыңыз», - дегенде, Қали жездем: «Жоқ, қарағым, Мұхтарға айта алмаймын», - деп азарда-безер болған еді. Себебі Мұхаң мен қызы арасындағы өкпені жездеміз білетін, сондықтан Мұхаңа айтуға батпаған.
        Мұғалима апай біздің үйге қайта-қайта келе берген соң Үміш апаға (қарындасы) мен телефон соғып, тұңғыш қызының әкесімен кездескісі келетінін айттым. Бірнеше күннен соң Үміш апа біздің үйге телефон соқты: «Мұғалима пәлен күні сағат төртте біздікіне келсін, тек күйеуін ертіп келмесін», - деді. Осы жағдайды айтып Мұғалима апайдікіне телефон соқтым. Мұғалима апай «Жас жүрек жайып саусағын» деген кітабында (38-бет) кейбір жағдайды дұрыс жазбаған.
        Мұхаңмен кездесіп жүздескен партия, совет қызметкерлері, ақын-жазушылар, құрбы-құрдас, ел адамдары қаншама естелік кітаптар жазып, кемеңгер жанның ақыл-ой парасатын, биік адамгершілік қасиеттерін әр қырынан ашып, келешек ұрпаққа үлгі-нұсқа етіп келе жатыр. Жазушы Әмен Әзиев әйелі екеуі Мұхаң жайлы бірталай жағдайларды жазған. Онда шындық та, қателесу де бар. Олар Мұхаңның үйіне келіп, араласып жүрген жазушылар, әртістер, т.б. адамдарды жазғаны, Әзімбайдың немересі Қатира, оның күйеуі Әбжанов Серғали, Қатира Зұлғарышқызын «Қазақ радиосының директоры болған» деп жазады. Қатира Қазақ радиосында диктор болған. Директор болу үшін ол кезде жоғары білім, партияға мүше болу керек болатын. Ал Қатираның білімі жеті кластық еді. Қатираның күйеуі Мұхаңмен араласқан емес. Әмен Әзиев Ғабитова Фатиманы балаларымен Меркеге 1942 жылы көшіріп апарған Әбжанов деп жазған («Жұлдыз» журналы, 1996 жыл, N9, 24-25-беттер). Әбжановтың Ғабитова-Жансүгіровтың отбасына қатысты болмағанын Ілиястың қызы Үміт кезінде айтып еді. «Меркеге көшкенде Разақтың қолына барғамыз жоқ. Әйелі Әлила үйіне кіргізген де жоқ» - деген. Үміттің айтқанын Разақтың ұлы Әкірам да растаған. Сол 1942 жылы Әкірам Меркеде әкесінің қолында тұрған.

РАЗАҚ

        Мұхтардың ағасы Разақтың екі әйелі болды: бәйбішесі Мәкежан, тоқалы Әлила.
        Мұхаңның ең жақын көрген жеңгесі - Мәкежан. Мұхаңның үйіне біз барып жүргенде осы апайды мақтап, аузынан тастамай отыратын.
        Мәкежаннан төрт қыз - Сапура, Қапура, Мансура, Пәрзана, үш ұл - Нәупіл, Толы, Әкірам. Мансура, Пәрзана және Әкірам аман-есен тұрып жатыр.
        Разақ балаларын оқытпаған. Қыздары мен ұлдары өз беттерімен тұрмыс құрып, үйленіп кеткен.
        Разақтың аға-інілерін, балаларын көрдім, жақсы білемін. Мәкежан апай туралы Мұхаңның бірінші әйелі Райхан апай: «Мәкежан екеуміз тату абысын болдық, ақылды әйел еді», - деп бірталай әңгімелесіп айтқан еді.
        Мәкежан апай 1937 жылы Семейдегі Қапура қызының қолында қайтыс болды. Мен де барып қойыстым. Тегінде ұлы адамдар жайында сыр қозғағанда басы артық сезімге бой ұрмаған абзал болар еді. Ал менің жазғаным ЮНЕСКО көлемінде өткен ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлының 100 жылдық мерейтойына орай халқыма жеткізген естелігім.

ӨМІРЗАҚ АҒАЙҰЛЫ

        Өмірзақ аға менің әкемнен кіші болатын, бірақ қай жылы туғанын білмеймін. Кейінгі кезде Шымкент облысының Шаян деген жерінде управляющий заготскот болып істеп жүргенінде Алматыға командировкаға келіп жүрді. Сонда біздің үйге келетін. Мұхтар ағаның да үйіне арнайы барып қонақ болып жүрді. Ең бірінші рет Мұхтар ағаның үйіне барғанда Мұхаң қуанып қарсы алып, костюм, пальто кигізіп, ақша беріп, бауырына тартып жүрді. Алматыға соңғы командировкаға келгенде біздің үйге түсіп, қаны көтеріліп қайтыс болды. Өмірзақ ағаның мәйітін Мұхтар аға Ташкент проспектісі бойындағы зиратқа жерледі. Шаяннан отбасын шақырып алып, көмек беріп, қырқын өткізді.
        Мұхаң Семейден елге келгенде Өмірзақ аға менің әкеммен бірге қарсы алып, шығарып салып жүретін. Мұхаң Өмірзақ ағаны жақсы көретін сырласы, досындай болған. Кәмила мен Мұхтар үйленбей тұрғанда екеуінің арасына ғашықтық хаттарын тасып жүрген де Өмірзақ аға еді.
        Өмірзақ ағаны біз «Өміш аға» деп атаушы едік. Өміш аға біздің үйдің де сүйікті адамы болған. Өмірзақ ағаның әйелі Зәкия біздің үйдің бір келініндей болды. Менен үлкен апалары мен ағаларымның атын атамайтын. Әкем Жағыпарды «Кенже ағеке» дейтін.
        Өмірдің сан соқпағынан өтіп жүргенде уақыт та зымырап өте беріпті. Өзім туып-өскен елімді, кіндік кескен жерімді көрсем-ау деген ой басымнан кетпеді. 1980 жылы жол түсіп, дәм тартып туған еліме - Семей облысының Абай ауданына жүрдік. Абай ауданына беттегенімізде Абай мұражайы қызметкері Мұздыбай Бейсенбаев жол үстінде кездескен мекен-жайдың өткені мен бүгінгі тарихын түсіндіріп отырды. Балтатарақ, Күшікбай аталатын жерлерді Мұхтар Әуезов көркем шығармасымен байланыстыра баяндағанда біз үшін одан да көріктене, құдіреттене түскендей әсерге бөлендік.
        Асфальт жолдан солға бұрылып, үш шақырымдай жердегі Мұхтар ағаның атамекені «Бөрліге» тарттық. Мұхаңның бұрынғы қыстауы жөнделіп, музей үйге айналыпты. Оны көріп тамашаладық. Мұхаңның ата-анасы Омархан мен Нұржамалдың бейіттеріне зиярат еттік. Ақылбай атамыздың қора-жайы Бөрліден онша қашық емес. 1930 жылы елден кеткенімізде осы жерден аттанып едік. Міне 30 жыл өткенде сол Аралтөбе, еліме барып қайттым.
        Әңгімелесіп отырып Мұхаң атындағы совхоз орталығына - Қасқабұлаққа да келіп қалдық. Силикат кірпіштен салынып қатар түзеген ақшаңқан  Мәдениет сарайы мен мектеп, бәрі де қаладағыдай көзге жылы ұшырайды. Ішімнен Абай атам армандап кеткен тегістік заман осы ғой деп ойладым.
        1980 жылы бірінші рет Еңлік пен Кебек ескерткішін көрген едім. Басынан жолаушы үзілмейді екен. Гүл шоғын қойып, тағзым етушілер легі толастар емес. Біз де гүл қойдық. Қос мұңлықтың есімдері ел есінде мәңгі қалғанына шүкіршілік еттік. Мәрмәр таспен қаланған ғашықтар мазары біртіндеп қалып бара жатыр.
        Орда тауы, Шілікті кезеңіне де келдік. Бұл жер Абай атамыз бен Әйгерім әжеміздің кездесіп, сыр шертіскен жері. Аз кем аялдап, олардың өзімен кездескендей әсермен ілгері аттанып кеттік. Осы жерде суретке түстік. Жидебай - Абай атамның мекен-жайы. Тұрған үйі музей үйге, мәңгілік ескерткішке айналғанын естіп жүрсек те, көзбен көрген өзгеше әсер қалдырады емес пе. Абай атамның өлмес рухы келіп-кетіп жатқан жандарға күш-қайрат, ерік-жігер, шабыт беріп тұрғандай.
Туған жерді аралап жүргенде аудан басшысы Хафиз Матаев бізбен жүздесіп, «Қош келіпсіздер, Абай еліне, қадірлі қонақтар көп келеді!» - деп бізді қарсы алып, сый-сияпат көрсетіп шығарып салды.
        1931 жылы Ново-Шульба ауданына 20-30 шаңырақ (босқындар) келіп қоныстанған еді. Солардың ішінде іргелері қозғалмай тұрып жатқан Ырғызбай атамыздан тарайтын, оның ішінде Майбасар-Айтқали деген ақсақал, екіншісі Нұралинов Кәріпжан (руы Көтібақ). Бұлар Дәмегөй, Жағыпар, Кәмила қайтыс болғанда қабіріне топырақ салғандар. Екеуі қабірлердің басына белгі тас қойып, бақылап жүреді екен. Бұрынғы Ново-Шульба ауданының кеңестік төрағасы Сейітмұхамет Тәбәрікұлының айтуынша: «1973 жылы елмен, жермен жете танысу кезінде Мағауияның отбасының соңғы тағдыры жайлы деректер естідім. Убо-форпостағы қалың зираттан көне көздердің көрсетуімен осының ішінде жатқан Мағауияның бәйбішесі - Дәмегөй, қызы - Кәмила, ұлы - Жағыпар. Осылардың қабірлерін тауып алып, бастарына дұға оқып, мұсылмандар зиратының орта тұсындағы қатар жатқан қабірді штакетникпен әдейілеп қоршап, белгі қойдық.
        1977 жылы қуатты су электростанциясы (Шульба ГЭС) құрылысы басталмақ жоспарына орай, мемелекет тарапынан жедел шара, қызу жұмыстар қолға алынды. Ертістің оң жағасындағы Байқала (ескі Шульба), Пролетарка (Ақыш), Сандық-қала (Иір-Жар) және Қу-қала (Убо-форпост) аталатын елді тұтас орындарынан жаңа қонысқа көшіру жоспарланған болатын. Соған орай жергілікті өкімет орындарынан жер қабатындағы көп заманнан бері жатқан аруақтардың сүйектерін қазып алу, жинап басқа жерге қайта жерлеу де қолға алынды. Осы орайда мені мазалай бастаған жәй Абай ұрпақтарының мүрделерін туған жеріне, туған топырағына, атамекеніне жеткіздіру болды. Атақты жазушы Омарханұлы Мұхтардың шәкірті Кәмен Оразалин ағамыз Ново-Шульба ауданына іссапармен келе қалды. Кәкең мұсылмандар зиратындағы қоршалған үш қабірді көріп, көзі жетіп иланғаннан кейін аса ризалық білдірді. Кәкең таяу уақыт ішінде аудан басшыларымен келісіп машинамен 3-4 адамды жібертіп, үш мүрдені алғызып, тазалап, жинап Ақшоқыдағы Құнанбай, Мағауия зираттарының жанына қойғызған Кәкең еді. Осы жағдайды ести сала мен де Ново-Шульбада тұратын Айтқали, Кәріпжан атамызға іле-шала хат жазып хабарласып, бірталай жағдайды сұрап түсініп алдым. Осы ақсақалдарға, Кәменге, Хафезге, Сейітмұхамедке мың да бір рахметімді айтам. Құнанбай, Абай аталарының аруағы қолдасын! 1980 жылы елге барған басты себебіміз: осы үшеуінің басына барып ас беріп, құран оқыту еді. Осы ойымды орындап, зираттарын көріп, Ақшоқыға барып қайттым. Тіршілігінде көзім көрген, бір үйде бірге өскен апаларыма (Уәсила, Кәмила), бауырларыма (Берекехан, Жошыхан) және әкем Жағыпарға, анам Күлманарға үйімде әр уақытта құран оқытып отырамын. Бұлар жастай дүние салды. Өмірлерінде талай қиындықты, қасіретті көрді, сондықтан да соңдарында ұрпақ қалмады. Соны ойлағанда қабырғам қайысып, көзіме жас келеді. Әлі күнге сол асылдарымды сағынамын...

        Ищағы Жағыпарқызы. Абайдың шөбересі:

Санамда жаңғырады бейнелерің // Жұлдыз. – 1999. - №7 Б. 164-181.