ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ӘЛ-ФАРАБИ ІЛІМІ ТУРАЛЫ ОЙЛАРЫ

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ӘЛ-ФАРАБИ ІЛІМІ ТУРАЛЫ ОЙЛАРЫ

Оқылған 951 рет

Қосылған күні: 16.06.2020

XX ғасыр басындағы қазақ рухани элитасының мұрасын танып-білу, жастарға таныстыру бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі деп ойлаймыз.Біздің жастар бүкіл түркі әлемінің рухани мұраларын, сондай-ақ XX-ғасыр басындағы Алаштың арыстарының еңбектерін, философиялық ойларын, ғылыми мұраларын білуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда біз бүгін Алаштың біртуар азаматы Мұстафа Шоқайдың «Түркістан» атты мақаласындағы әл-Фараби ілімі туралы ойлары жөнінде сөз қозғамақпыз.

Түркі дүниесінің ұлы ойшылы, философ, ғұлама ғалым әл-Фарабидің «ізгі қала» ілімін зерделеп, ғылыми тұр­ғыдан қалай негіздеген, қайраткердің бұл ұстанымы жалпы түркі мұрасын ұлт­шылдық және фашистік идеологияға жа­қындату әрекетінен қорғап қалай сақ­та­ғаны жөнінде өз ойларымызды ортаға сал­мақпыз. Шоқайдың еуропалық дос­тары ол қайтыс болғаннан кейін жа­рық көрген бұл мақаланы өте жоғары баға­лаған.

Қазақ ұлттық интеллигенциясы үшін XX ғасыр тарихы зор маңызға ие. Орта­лық Азияның көшбасшы элитасы ұлттық мемлекеттердің тағдырына деген жауапкершілікті өз мойындарына ала білді. Сыртқы басқыншылықтан интеллектуалды мұраларды, анығында, түркі тегінен шыққан ортағасырлық философ Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қала туралы ілімін де қорғау қажеттілігі туындады. Еуропаға еріксіз түрде эмиграцияға кетуге мәжбүр болған қазақ саясаткері Мұстафа Шоқай түркі мәдени мұрасын, соның ішінде әл-Фара­биді насихаттау мен танытуда үлкен іс атқарып кетті. Сол уақыттағы қиын-қыстау кезге қарамастан, ол көптеген әлеуметтік топтар мен БАҚ редакцияларымен әріптестік орнатып, достық байланыста болды.

Еуропада мәжбүрлі эмиграцияға тап болған Мұстафа Шоқай публицист, құқықтанушы, сарапшы ретінде жан-жақты қырлары ашылған тұлғаға айналды. Ол белгілі неміс және француз ғалымдары, тарихшылар мен философтарымен тығыз байланыста болды. 1941 жылы М.Шоқай «Түркістан» деп аталатын мақаласында әл-Фарабидің «қайырымды қаласының» үлгісін келтіре отырып, оған тамаша талдау жасайды.¬

Еуропалық тілдерді жетік меңгеру М.Шоқайға сол замандағы философиялық еңбектермен түпнұсқада танысуға, жекелей алғанда, фашизмнің өрті лау­лап тұрған кезге қарамастан, оларды өзіндік заманауи тұрғыда түсінуге жол ашты. Осылайша оның қолына, әл-Фарабидің іліміне қате сілтеме жасап, Ницше ықпалындағы бұрыс ойға бұруды көздеген зерттеуші Бернар Карра де Воның кітабы түседі. Сондай-ақ Карра де Во әл-Фарабидің ізгілікті қоғамы мен неміс философы Ницшенің «үстін адамын» («сверхчеловек») салыстыра отырып, қатар қояды. Дүниежүзілік соғыс алдында, фашистік үгіт-насихат жағдайында бұндай ойлар мүдделі жақ тарапынан бірден қолдауға ие болып, вермахт идеясы үшін «жұмыс жасауы» мүмкін еді. Кәсіби заңгер (Санкт-Петербург университетінің түлегі), ақиқат үшін күресуші Мұстафа Шоқай жарияланған еңбекке өз ойын білдіріп, бірден мағыналық жағынан сәйкессіздік барын білдіреді. 1941 жылы жазылған оның жазбалары кейінірек «Түркістан» журналында орыс тілінде жарық көрді. Оның достары мен замандастары М.Шо­қай қайтыс болғаннан кейін, отанын азат етуді арман тұтқан қазақ күрес­керінің 60 жылдық мерейтойы қар­саңында «Түркістан» деген атпен 1949-1950 жыл­ғы желтоқсан айындағы журналдың нө­мі­ріне жариялайды.

Бұл басылым Мұстафа Шоқайдың түркілердің мәдени мұрасын жанын сала қорғағандығын, фашизм мен расизмнің қауіптілігін алдын-ала білгендігін дәлел­дейді. Тарихтың тағылымы бойынша: үлкен әлемге жол ашатын шет тілдерін білу өз кезегінде жеке тұлғалық дамуға көмектеседі. Бұл аксиома Орталық Азия­дан шыққан тамаша қайраткерлер әл-Фараби мен Мұстафа Шоқай өмірлері арқылы дәлелденді.

«Түркістан» мақаласы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Түркістан» ұғымының географиялық және этносаяси мәні, әлемдік тарихтағы аймақтың орны түсіндіріледі. Әрі қарай Шоқай осы аймақтың интеллектуалды тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар туралы былай дейді: «сүнниттік-мұсылмандық түркілердің отаны әрі бесігі болып табылатын Түркістан, Ирандық шиизім­нің ықпалын сіңіре отырып, жалпы мұ­сылмандық мәдениет пен ғылымға есімі әлемге әйгілі тұлғаларды тудырды. Солардың ішінен ең ірі және Еуропалық ғылыми ойдың дамуына ықпал еткен ірі тұлғаларды атап өтеміз».

Мұстафа Шоқайдың мақаласында Мұхамед әл-Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу-Әли Ибн-Сина, Ұлықбек, Бурхан-ад-Дин Маргина, Мухаммед-ибн-Исмаил Бұхари, Бабыр Сұлтан есімдері аталады. Математика теориясының не­гізін қалаушылардың бірі болып табылатын әл-Хорезмиге берген ғылыми қыс­­қаша сипаттамасында М.Шоқай ке­­ңестік түрколог және ирантанушы Е.Э.Бертельстің еңбектеріне сілтеме жасайды.

Мұстафа Шоқай жақсы сарапшы болатын. Ол заманауи кітаптарды ыжда­һаттылықпен оқи білді. Осылайша ол, француз зерттеушісі-арабтанушы барон Карра де Во (Карра-де-Во, Бернар 1867 жылы туған француз шығыстанушысы, «Orient chrctien» негізін қалаушылардың бірі, Париж қаласындағы католик институтында араб тілінің профессоры болып қызмет атқарған) 1920 жылдары «Les Peaseursdel’ Islam» («Ислам ойшылдары») деген атпен жарық көрген 5 томдық энциклопедиясымен танысқаннан соң біледі. Ондағы мұсылман ойшылдары туралы жинастырылған ақпараттармен танысып, ішінде әл-Фараби мен оның қайырымды қала трактаты туралы да мәлі­меттерді кездестіреді.

Жоғарыда аталып өткендей, XX ғасырдың екінші онжылдығы фашизм идеясының таралуымен ерекшеленді. Бұл қауіпті үдеріс ғылыми әлемге де әсер етпей қоймады. Ортағасырлық фило­софтардың трактаттары мен Ницше көзқарастарын қатар қарастыра отырып, бұдан барон Карра де Во да қашып құтылмады.

Әл-Фараби ілімінің негізгі мәнімен жақсы таныс Мұстафа Шоқай батыл түрде түркі ойшылын қорғауға ұмтылды. Егер барон Карра де Во: «қоғамдағы зорлық-зомбылық пен күштің рөлі туралы ойлар өзгеше күйде Ницшенің кейінгі тұжырымдамаларына жақын келеді», – деп жазса, Мұстафа Шоқай бұн­дай анықтамамен келіспейді. Шоқай ашық түрде: «күш пен зомбылыққа және олардың қоғамдағы рөліне деген қатынас әл-Фарабиде мүлде басқаша, неміс философына қарама-қайшы келеді. Егер Ницше үшін ізгілік (добро) – жоғары таптың төмен тапқа билік жүргізуі, яғни, «үстін адамның» («сверхчеловек») қарапайым адамдардан жоғары тұруы болып табылса, Фараби үшін күш пен зом­былық «адам философиясындағы қа­тігездік ауруы» және бұл туралы «Қайырымды қала» авторының жетіл­меген қалалар туралы бөлімінде ерекше түрде көрсеткендігін айтады.

XX ғасырдың алғашқы жартысында еуропалық философиялық дискурста түркі ғылымы мен оның жетістіктеріне деген ерекше қызығушылықтың бол­ғандығын атап өтуіміз қажет. Маман­дардың айтуынша, 1930-1932 жылдары Па­рижде әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты шығармасының алғашқы бөлімін Эрланже француз тіліне аударды.

Осылайша, мынадай деректерді кел­тіруге болады. Түркі философиясының Ренессансы Еуразиялық кеңістікте өзіндік орынға ие болды. Отырардан шыққан ойшыл трактатындағы идеалды әлеуметтік-қала бейнесі еуропалық интеллектуалды қауымдастыққа жақын болғандығы, ондағы идеялардың нацистік фетиштерге қарсы тұрғандығы нақтыланды. Бір жағынан, Гитлердің бұйрығы бойынша шығыстық мистика мен теология негізінде нацизм идеясын негіздеу мақсатындағы тоқтаусыз ізденістер өз кезегінде ориенталистика ғылымын да­муға жетеледі.

Мұстафа Шоқай мен басқа түркіс­тан­­дықтардың түркілер мұрасын наси­хаттауға тигізген ықпалы әзірше толықтай өз деңгейінде дәлелденген жоқ. Алайда, М.Шоқайдың француз ғалымы Жозеф Кастаньемен бірге жазған эпистолярлық мұрасы қазақ интеллектуалының еуро­палық әріптестерімен ақпараттық әріп­тестікте болғандығына дәлел бола алады.

Еуропада соғыс жағдайындағы ке­зеңде, герман және итальян фашизмінен нәр алған ақ арийлік ұлттардың басым­дығын жақтайтын идеология өсіп шықты. Ницше тұжырымдамаларын ұлттық-социализм идеологтары әдейілеп көптеп насихаттай бастады. Мистицизмге деген қолдан жасалған қызығушылық жа­­­салынды – осы жерде, Шығысты зерт­­теу (ориенталистика) мен шығыс фи­ло­софиясына бетбұрыс сипат алды. Еуропалық мәдениеттанушылардың ор­та­ғасырлық қолжазбаларға деген қы­зығушылығы осымен түсіндіріледі: барон Карро христиандық ілім мен исламды қатар қарастырып, түркі философы әл-Фарабидің еңбектері оның назарын аударды.

Әл-Фараби ілімін насихаттауда Кар­­­роның сіңірген еңбегін мойындай отырып, Мұстафа Шоқай онымен пі­кір­таласқа түседі. Оның ойынша, әл-Фарабидің «қайырымды қала үлгі­сінің» мәнін қарастыру барысында теріс тү­сіндірулерге жол бермеу керек. Шоқай сенімді түрде әл-Фарабидің Ницшенің «үстін адам», «үстін ұлт» секілді идея­ларымен ортақ ештеңе жоқ­­тығын негіздейді. Мұстафа Шоқай құқық қорғаушы рөлін атқаратынын мақтан тұтады. Шоқайдың әл-Фарабидегі Ниц­ше идеяларын терістеуі, оның ра­сизмді қабылдамағандығын, сондай-ақ, қосымша бұл дәлел, оның фашистік идео­логияны жақтамағандығын көрсетеді. Бұл мақала 1941 жылы Гитлер мен оның партиясының мақсаттары анық болған кезде жазылғандығын еске саламыз.

Еуразияшылдық, ізгілікті қоғам мен адамгершілік жетілудің шыңы болып табылатын «үстін адам», бірегейлік мәселелері М.Шоқай қызығушылық танытқан тақырыптар еді. Ол тек саясаткер, публицист қана емес, сонымен бірге ойшыл һәм идеолог болғандығын мойындауымыз қажет.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда да әл-Фарабидің шығармалары ғалымдарды қызықтырады және шындықты іздеуде қайта оған оралуды қажет етеді. Тіпті бүгінгі күні, XXI ғасырда да бейбітсүйгіш түркілік ой-сана оны лайықты дәрежеде биіктікке қоя білуде.

Қорытындылай келсек, әл-Фарабидің ілімі аталатын М.Шоқайдың жоғарыда сөз еткен «Түркістан» (1941) мақаласы ғылыми айналымға жаңа деректер енгізді. XX ғасырдағы қазақ полиглоты Түркістан тарихын жетік біле отырып, Еуропаның белгілі ғалымдарымен тең дәрежеде философиялық категориялармен пікір таластыра алды.

Заманауи оқырманға ортаға­сыр­да­ғы ойшылдың теориялық тұжы­рым­дама­ларын талқыға салған қа­зақ сая­си қайраткері мен француз мәде­ниет­тану­шылары, арабтанушылары ара­сын­­дағы ой-талқыны білу бүгінгі күні де маңызды әрі қызықты болатындығы сөзсіз.

 

Жақыпбек АЛТАЕВ,

философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, фарабитанушы

Гүлнар МҰҚАНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры