ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • АБАЙ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ НЕГІЗІ

АБАЙ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ НЕГІЗІ

Оқылған 2591 рет

Қосылған күні: 07.06.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бұл мақаласы қазақ қоғамын жаңғыртып, қайта ойлануға, болашаққа басқа көзбен қарауға үндейтін дүние болып отыр. Өйткені, алдымызда жаңаша бағытқа негізделген үлкен даңғыл жол жатыр. Оның үстіне бүгінде заман да, қоғам да, адам да жаңаша көзқараспен даму үстінде. Жалпы адамзаттық құндылықтар мен адами нормалар мүлдем басқаша сипатқа ауысуда. Соған сәйкес еліміздің болашағы жастардың да дүниетанымы өзгеше. Яғни сіз бен біздің алдымызда осыған сәйкес демократиялық принциптерге негізделген қоғам қалыптастыру ел Президенті Тоқаевтың сөзімен айтсақ, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру міндеті тұр.

Бұл, әрине, оңайлықпен іске аса қоятын дүние емес екені белгілі. Ол үшін бірнеше сатыдан, әртүрлі белестерден өту керек. Соның бірі – жаңғыру екені даусыз. «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз» – дейді Президент өз мақаласында.

Рас, Абай жалпы қазақ қоғамының алға жылжуы үшін өлшеусіз еңбек еткен кемеңгер тұлға. Ол осы жолды өзіне өмірлік миссия етіп ұстанды. Шығармашылығының негізгі өзегіне білім мен ғылымды, адамдық пен адалдықты, ең бастысы адал еңбекті арқау етті. Президент мақаласында Абай мұрасының ел болашағына тигізер пайдасы зор екенін атап өтеді және мемлекетімізді Абайдың ой-тұжырымдарын негізге ала отырып дамыту керек екеніне баса мән береді. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көрудеміз. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу» – деп атап өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында Абайдың көп тіл білгенін мысалға келтіріп, шет тілдерді үйрену және білім беру саласын заманға сай дамытудың маңыздылығына тоқталған. Сондай-ақ ұлттық тәрбие, мемлекетшілдік, ұлтқа, заңға, жалпы мемлекетке құрмет, техника, инновация, озық технология мәселелеріне де басты назар аударады. «Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет» – деп атап өткен ол мемлекет, ел, халық болып алға қарай дамуымыз үшін бірінші кезекте жаппай адал еңбек етуіміз керек екенін ескертеді.

«Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн» дей келе, қазақ қоғамын Абайдың «толық адам» туралы ойын қайта зерделеуге шақыруы маған үлкен үміт сыйлайды. Расын айту керек, президент көп дүниені басқаша қырынан түсіндіруде. Көпбалалы отбасылар мен басқа да әлеуметтік жағынан көмекке зәру жандарға көмек қолы созылып, несиелерінің кешірілуі секілді жеңілдіктер сол Абай шығармаларындағы адамдық, иман, жылы жүрек деген ұғымдармен астасып жатыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы мен «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы да Абай айтқан «ыстық қайраттың» көрінісі деуге болады.

Президент: «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамуы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» – деп, ерекше атап өтеді.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жарияланған Президенттің бұл мақаласы тәуелсіздіктің жаңа белесі тұсындағы қазақстандықтарды біртұтас ұлттық идеяға жұмылдыратын бағдарламалық құжат деп қабылдануға тиіс. «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде ерекше мән беріп отырмыз. Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз»  дегенінен байқауға болады.

Жақын күндері басталғалы тұрған Абай Құнанбайұлының мерейтойы жай ғана іс-шара емес, халқымыздың жаңа жылды Абайдың деңгейіндегі биік парасат, жоғары  пайыммен қарсы алуға жетелейтін бастама болмақ.

Бибігүл Нүсіпжанова,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Қазақ ұлттық хореография академиясының Бірінші проректоры