ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Асхат Аймағамбетов: АБАЙ МҰРАСЫН ӘЛЕМ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫРУ - ПАРЫЗЫМЫЗ

Асхат Аймағамбетов: АБАЙ МҰРАСЫН ӘЛЕМ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫРУ - ПАРЫЗЫМЫЗ

Оқылған 1521 рет

Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту мақсатында онлайн конференция өткізіп жатыр. Шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Министр Абай мұрасын зерттеп, түбі бір түркі жұртына және әлем игілігіне айналдыру баршамыздың ортақ парызымыз екенін атап өтті.

«Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған халықаралық онлайн конференция жұмысына қош келдіңіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтілуде. Бұл мерейтой ЮНЕСКО шешімімен халықаралық кеңістікке шыққан еді. Сонымен қатар, қаңтар айында Бакуде Түркі академиясына мүше мемлекеттердің Білім министрлері биыл ұлы Абайды бауырлас елдерде кеңінен насихаттау туралы шешім қабылдады. Бүгінгі жиын соның жарқын көрінісі деп ойлаймын. Барлық әріптестеріме алғыс айтқым келеді», - деді министр Асхат Аймағамбетов.

Министр Абай қазақ халқы үшін рухани ұстаз, ұлт мәдениеті мен әдебиетінің биік шыңы екенін атап өтті. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ұлағатты ұранды ту етіп көтерген гуманист ақын қазақ халқына адаспайтын мол мұра қалдырды.

«Бүгінде Абай шығармалары дүниежүзіне танымал. Ақын мұрасы әлем мәдениеті қазынасының ажырамас бір бөлігіне айналды. Осы орайда Түркі академиясының бастамасымен Абай шығармалары әзербайжан, қырғыз, өзбек және түрік тілдеріне аударылды. Осылайша Абай мұрасы барша түрік халықтарының ортақ қазынасына айналды деуге болады. Түркі академиясына игі бастама үшін өз атымнан, министрлік атынан алғыс білдіргім келеді. Бұл орайда Абай мұрасын зерттеп, зерделеп, болашақ ұрпаққа дәріптеу түбі бір түркі жұртына және әлем игілігіне айналдыру –  баршамыздың ортақ парызымыз. Биыл Бакуде басталған игі шаралар жалғасын тауып, түркі мемлекеттерінің астаналарында Абайдың 175 жылдығына іс-шаралар жүйелі өтетін болады. Бұл шаралардың Түркі академиясының он жылдығымен орайлас келуі игілікті істерге серпін беретін болады деп сенемін. Академияны алғашқы белесімен құттықтай отырып, конференция жұмысына сәттілік тілеймін», - деді министр.