АБАЙДЫҢ ТУҒАН ЖЫЛЫ МЕН КҮНІ ТУРАЛЫ

Абайтанудың бүйіріне тікендей қадалып жүрген, тіпті, қалың қауымды орынды-орынсыз күйінді етіп, жанбайтын  тамыздықпен түтін сап отырған алаөкпе мәселенің бірі  – Абайдың туған жылы мен туған күні туралы жорамал бопсалар. «Бұл бес күннің жөні жоқ аптығарға» деп Абай айтқандай, осы ұшқарылықтың Абайдың жеке басына, жалпы, қазақ руханиятына әкелетін еш пайда-зияны да жоқ. Әрине, нақты дерекпен дәйек айтылса, иілген бас – иілген күйінде қалар еді. Бұл, Абайдың әр мерейтойы қарсаңында қайталанып, осы мәселені көтеруге пайым-парасы барлар да, мүдделілер де,  жөнсізден жөн іздеген жөнсіздер де лаба қағып жүр. Бір тоқтам бар ма, жоқ па және жөн сөзге тоқтам бола ма, жоқ па? Жоқ, Абай айтқандай: «Біз де білеміз!» деп надандығымызды білімдікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» бе?

Бұл бір кездері М.Әуезов: «Абайтанудың проблемалық мәселелері ретінде мен мыналарды атау жөн ғой деп ойлаймын: 1.Абай мұрасына байланысты жәдігертану және текстологиялық редакция жұмыстары мәселесі. 2.Абайдың ғылыми өмірбаяны…» [Әуезов М. Абайтану дәрістері. (Һашия, баяндама, ой-пікір, сын-рецензия//Алматы: -Рауан. -1994. -160 б., 24Б.] , –   деп атап өткен, зерттеу салмағы сүйектен өтіп бара жатқан өзекті мәселе. Тура осы екі мәселе, арада заманалар өтсе де, игерілмеген тақырып болып қалып келеді. Өкінішті. Әрине, жекелеген жетістіктер бар, бірақ, солар жүйеленіп, қорытылып, ортақ бір тұтас ғылыми өмірбаян деңгейіне жеткен жоқ.

Анығы, қалай дегенмен де, бұл мәселеге тоқтам салынуы тиіс. Ол үшін Абайдың нақты қай күні туғаны туралы нақты дерек бар ма? Бұл дау қайдан шығып отыр? Біз төрелік айтпаймыз, тек өзімізге мәлім деректерге шолу жасай келіп, ойымызды ортағасалып, ұсыныс айтамыз. Абайдың өмірін үнемі назарда ұстайтын өзге де көзі қарақты қауым қатарлы мен де бұл деректерді ұзақ жылдар бойы қаперімде ұстап келген жайым бар. Бірақ, маған Абайдың туған күні туралы бір ғана дерек емес, 6 дерек мәлім еді. Олар: 23, 29 шілде, 8, 10, 15, 23 тамыз. Бәрі де кезінде баспасөзде жарияланған, көпшілік қауымға мағлұмдар жайлар. Ескі және жаңа жұлдызнама бойынша әр қайсысының аралығында 13-15 күндей айырма бар. Ұзынырғасы – тура бір айдың  көлемін қамтиды. Егерде, салыстыра қузасақ, оның мөлшерін 13 күнге дейін тарылтуға болады.

Бір қызығы, осы айтылған деректерді ұсынып, ушықтырып жүргендердің барлығының да сүйенген адамдары  – бір адамдар және олардың берген   деректері де бірдей. Бәрі де, Мұхтар Әуезовке, Әрхам Ысқақовқа, Қайым Мұхамедхановқа жүгінеді. Ал олардың болжамында Әбіш Жиреншиннің аты аталмаса да, сол кісі ұсынған дерекке иек сүйегені байқалады. Одан да өткен қызығы, немес, таңданарлығы – Абайдың туған күнін белгілеп, қаулы шығартып, тасқа бастырған да  осы үш адам және үшеуі ақылдасып отырып шешкен, бірі – деректі растаған, бірі – құжатты дайындаған, бірі – үкімет қаулысын шығартқан адамдар, яғни, осы рет бойынша келтірсек, олар – Әрхам Ысқақов, Қайым Мұхамедханов, Мұхтар Әуезов.

Сонда, қалай болғаны, баспасөз бен ғылыми ортаны даурықтырып жүрген алауыздық қай кезден бастап туды және неден басталды. Жалпы, Абайдың туған күні 10 тамыз деп қашан белгіленді және ол қалай белгіленді, ресми құжаттарда қашан бекітілді, оған кімдер қатысты? Осы жағдаяттар тиянақталғанда  ғана даурығу басылып,  бір тоқтамға келіп, тыным табар деп үміттенеміз.

Ең алдымен, әр кезде, қазір де шетқақпайлап айтылып жүрген Абайдың туған жылы туралы мағлұматқа тоқтала кетейік. Абайдың туған күні мен жылы, өлген күні мен жылы туралы да әр түрлі шан беріп қалған жорамал бар. Соңғы мәлімет тек қауесет қана, ауызекі әңгіменің алыпқашпасы болғандықтан да және ол мәселе сенімді деректер арқылы барынша расталғандықтан да, қаперге  алмаймыз. Ал, туған жылы қақындағы деректер архив жазбаларында және әкесі Құнанбайдың қатысуымен өткен оқиғаларға орай толтырылған анкеталарда кездескендіктен де, назарға ұсынуға мәжбүрміз.

Бұл пікір: ой салу, саралау, бітім-берекеге келу мақсатында жазылып отырғандықтан да, ағайын-жұрт алдын-ала алакөңіл болмас үшін, келтірілетін деректердің барлығы да архив құжаттарына негізделгенін [РФ Орталық мемлекеттік тарих архиві. Қор-1352, 20-тізім, 379-іс; Орталық мемлекеттік әскери тарих архиві, 400-қор, 50-тізім, 4-іс, 6-8 парақ; Омбы облыстық мемлекеттік архиві, 3-қор, 3-тізім, 3649-іс], ол мағлұматтарды ғылыми айналымға түсіргендер – Әлкей Марғұлан [Марғұлан Ә. Абайдың Ленинградтағы қолжазбасы//Әдебиет және искусство: -1957. -№3,-89-91 бб.; Марғұлан Ә. Халиуллаға Абайдың жазған хаттары// Қазақ тілі мен әдебиеті: -1959. -№6. -20-24 бб.], Ф.Н.Киреев  [Киреев Ф.Н. Новые данные к биографии Абая// Казахстан, альманах: 1947. 99-105 бб., Киреев Ф.Н. Последние годы Абая// Казахстан, альманах: 1950. 4-я книга. С. 3-14бб.], Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова [Ауэзова Л.М. Историческая основы эпоей «Путь Абая». Монография//Алматы: -Ғылым. -1969; М.О.Әуезов творчествосында Қазақстан тарихының проблемалары. Жоғары оқу орындарының студенттеріне көмекші құрал// Алматы: -Мектеп. -1977 -272 б.], Мұздыбай Бейсенбаев [Мұздыбаев Б. Абай және оның заманы «Абай ізімен). Жинақ// Алматы: -Жазушы. -1988. -136 б.], Бейсенбай Байғалиев [Байғалиев Б.Абай өмірбаяны архив деректерінде. Монграфия//Алматы: -Арыс, -200. -134 б.] сияқты аса ықтиятты ғалымдар мен зерттеушілер екенін еске сала кетеміз.

Бұл ретте ойға негізгі қазық болатын басты арқау – Құнанбай мен Бөжей арасындағы қақтығыстың себептерін толық анықтап беретін Омбы облыстық мұрағатында кезінде хатталып қалған деректер.  Бұл деректер елуінші жылдардың аяғында академик Әлкей Марғұланның назарына іліккен. Архив ісінің көшірмесін Л.М.Әуезоваға табыстаған. Омбы мұрағатындағы «Қарқаралы округінің аға сұлтаны және болысы Өскенбаевтардың заңға қарсы әрекеттері туралы Сібір қазақтарының жалпы шекара басқармасына түскен шағымдар» және «Сұлтан Өскенбаев туралы» (ООМА, 3-қор, 3-тізім,3649-іс) деп аталатын бұл екі томдық тергеу ісімен академик С.Зиманов  пен абайтанушы Б.Мұздыбайұлы танысып, кезінде өздерінің ғылыми мақсатына орай пікір білдірді. Бұл мұрағаттың есігін біз де 1977 жылы қыркүйек айында аштық. Ол құжаттар Омбы губерниялық мұрағатының 3-қорының 3-тізбесінде көрсетіліп, сақталған. Көлемі 413 парақ, яғни, 826 беттік тергеу ісін полковник Спридонов ретке келтіріп, тіркеуге алып, сақтауға өткізіпті. Полковник Спридонов он бес жылға (1846-1862) созылған тергеу ісінің жай-жапсарын түгел баяндап, қағазға түсірген. Зады бұл үкім шығару үшін дайындалған айыптау анықтамасы сияқты. Алайда сотқа берілмеген. Екінші бумада генерал-губернатордың кеңсесіндегі ресми нұсқаулар, хабарлар, Құнанбайды ұстау, түрмеге жабу туралы бұйрықтар сақталған. Ал «Сұлтан Өскенбаев туралы», – деп аталатын дербес істе 15 жылдан астам уақытқа созылған тергеу ісінің неге сотқа берілмегені және ол істі жылдамдату жөніндегі Санк-Петербургтегі патша әкімшілігі мен Семей губернаторының арасындағы қатынас құжаттары тіркелген.  Осы анықтамаға Омбы әскери-генерал губернаторының кеңесшісі Н.Абрамов: бұл тергеу ісінің 21 томнан тұратынын, оның барлығын қарауға тұтқындалғандардың көптігінен мұрша болмай жатқаны – туралы хабарды жоғарыға жолдапты.

Омбы мұрағатындағы тергеу ісі бойынша аталған оқиға 1846 жылы басталған. Мұнда жер дауы ғана емес, Құнанбайға басқа да қылмыстық айыптар тағылған. Істің асқынып кеткені соншалық, оған Омбыдағы генерал-губернатор мен қоса Санк-Петербургтағы юстиция министрі де араласып, тиісті жарлық берген. Құнанбай – Бөжей арасындағы дау 1854 жылға дейін созылған. 1846 жылы тілмәш Николай Крутков тобықты руының болысы Құнанбайдың ауылына келіп, тергеу жүргізеді. Бірақ ол кезде Құнанбай мен Бөжей өзара бітіскен болып шығады. Оған Аягөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтабаев дәнекер болады. Сөйтіп тергеу аяқталмай қалады. Осы тергеу үздік-создық созылып, ақыры құжаттар Мәскеудегі мемлекеттік әскери-тарих архивіне де түседі. Академик Ә.Марғұлан мен абайтанушы М.Мұздыбаевтың  ғылыми айналымға түсірген деректері осы архивтен алынған және олардың қолына түскен деректердегі мағлұматтарда айырмашылықтар бар. М.Бейсенбаев өзінің еңбегінде архив ісінің 1846-1854 жылдар арасында жүргізілігенін ескерте келе, Ә.Марғұлан екеуі тапқан Құнанбайдың қызмет анкетасындағы екі құжатты өзара салыстырып берген. Онда, Ә.Марғұлан жариялаған  1851 жылғы архив құжаты бойынша: «…Ұлжаннан: Тәңірберді (Тәкежан) – 13 жаста, 1838 жылы туған, Ибраһим (Абай) – 7 жаста, 1844 жылы туған, Ысқақ – 5 жаста, 1846 жылы туған», – деп көрсетілген. Ал, М.Бейсенбаев тапқан құжатта: «Ұлжаннан: Тәңірберді (Тәкежан) –   1834 жылы 31 мартта туған, Ибраһим (Абай) –  1846 жылы 15 июньде (маусымда) туған, Ысқақ – 1847 жылы 11 майда туған» [Оралық мемлекеттік әскери тарих архиві, 400-қор, 50-тізім, 4-іс, 6-8 парақ], – деп көрсетілген. Сондай-ақ, зерттеуші әр түрлі архив деректерінде Құнанбайдың жасы бірде – 46, бірде – 48, бірде –  49 деп жазылғанына иек арта келе, Құнанбай 1804 жылы емес, 1802 не 1806 жылдары туған болуы да мүмкін деген жорамал айтады.

Сонда, әкелі-балалы екеуінің туған жылы қайсы? Абайдың өмірбаянына қатысты белгілі архив деректерін өзара асқан ыждаһаттылықпен салыстырып, зерттеген зерделі архивтанушы, марқұм Б.Байғалиев: «Жалпы алғанда, Абайдың өмірбаянына қатысты архив деректері екі түрлі архив документтерінде шоғырланған. Біріншісі, Абайдың балалық шағынан мағлұматтар береді…, яғни, 1845-1864 жылдарды қамтиды да, негізінен, Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбаевтің жеке басына, қызметіне байланысты қатталған іс-қағаздардан тұрады… Екінші бір тобы – оның кәмелетке толып, ел басқару ісіне араласуынан бастап, қайтыс болғанға дейінгі кезеңде, яғни, 1865-1904 жылдар арасына … қатысты қатталған іс-қағаздар. … Қазіргі уақытта Абайдың туған жылын көрсететін екі документ белгілі. Абайдың 6-7 жасар бала кезіндегі толтырылған Құнанбайдың қызмет тізімінде (формулярный список) ақынның туған жылы әр түрлі көрсетілген. Әлкей Марғұланның Москва қаласындағы Әскери-тарихи архивтен тапқан Құнанбайдың 1851 жылғы қызмет тізімінде Абайдың туған жылы – 1844 делінсе, осы архивтен зерттеуші М.Бейсенбаев 1976 жылы тауып жариялаған Құнанбайдың 1852 жылы (және 1854 жылы – Т.Ж.) толтырылған қызмет тізімінде болашақ ұлы ақынның дүниеге келген кезі – 1846 жылғы 15 маусым деп көрсетілген. Ал, қазіргі кезде Абайдың туған жылы жоғарыдағы архив  деректерінде көрсетілгеніндей 1844-те, 1846-да емес, 1845-жыл деп ресми түрде бекітілген. Яғни, ұлы ақынның туған жылы туралы үш түрлі дерек бой көрсетеді. Біздіңше, егер ақынның алғашқы өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақовтың: «Абай 1845 жылы – жылан жылы туды, 1904 жылы – ұлу жылында 60 жасында дүниеден қайтты…», – деген және Шәкәрім Құдайбердиевтің: «…Ибраһим – тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі аз білінді. Олай болмағанда данышпан, ғұлама философ кісі еді. 1904 жылы июнь айында 60 жасында өтті», – деген деректерін назарға ұстасақ, онда 1851 жылы хатталған архив документі бойынша, Абайдың туған жылы – 1844 жыл деп тануға болар еді. Бірақ, жоғарыда толтырылған қос документ те Абай туғаннан кейін толтырылған. Сондықтан, ондағы мәліметті ауызша айтушы мен хатқа түсірушінің григориан календарын және байырғы қазақ жыл қайыру есебін айырып көрсетпей, мәлімет берушінің: «Пәлен жаста» дегенін хатқа түсіруші өзінше есептеп, 1844, не бірде 1846 деп жаза салуы әбден мүмкін нәрсе. Оның үстіне, Турағұл мен Әрхам өз естеліктерінде: «Абай 59 жасында қайтыс болды», – деп көрсететіні бар. Иә, міне, осындай әр түрлі деректер ақынның қалыптасып орныққан туған жылын нақтылы көрсетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан да, атап көрсетілген дәлелдердің жеткіліксіздігін ескере отырып, бұл мәселенің басын әзірге ашық қалдыра тұрамыз» [Байғалиев Б.Абай өмірбаяны архив деректерінде. Монграфия//Алматы: -Арыс, -200. -134 б. -11-13Б] , – деп байыппен пікір білдірді.

Енді, осы деректердің жігін ашып тұрған кілтипандар мен дәнекерлерге назар салғымыз келеді. Менің ойымша, өзіміздің архивте өткен 40-50 жылдың тәжірибесіне сүйенсек, кейбір жаңылыстар мен ауыс-күйістердің аңысы аңғарылатын сияқты. Бірінші анықтап алатын мәселе – Абай неше жасында дүниеден қайтты? 60 жасында ма, жоқ, 59 жасында ма? Жылан жылы – қай жыл, ұлу жылы – қай жыл? Дерек берген адамдардың барлығы да қазақы  есеппен жыл қайырып машықтанған адамдар және олардың мағлұматтары жарияланған кезде григориандық жыл қайыру әлі қабылданған жоқ болатын. Ол реформаға дүние жұртшылығы 1913-1914 жылдары  ғана жаппай көшіп, жаңа жылды 1 қаңтар деп білгіледі. Мысалы, Америка  мен ағылшын жұрты бұған әлі көшпей, желтоқсанның үшінші онкүндігінде Иса пайғамбардың күнін атап жүр.  Ал, патша шенеуніктерінің қағазға түсірген  ай мен жылдары православиелік ескі календарь бойынша жазылған. Сонымен қатар, православие дініндегілер жаңа жылды осы күнге дейін 1 қаңтарда емес, одан 13 күн кейін атап  келеді. Сонда, еуропалық есеп пен славяндық есептің өзінің арасында 20-23 күн айырмашылық бар.   Біз, қазақтардың жыл мен жұлдыз қайыруы есебіне сүйеніп, еуропалық календар бойынша 13 күн қосамыз. Ал, бүкіл патшалық ұстанған православиелік календарға сәйкес  анкета толтырған Ресейдің дәбірлері көрсеткен жыл мен айды және күнді 13 күн  есептеуді қаперге алмаймыз. Сөйтіп, 10 тамызға 13 күнді қосып, 23 тамызды көрсетіп жүрміз. Ал, одан архив құжаттары толтырылған православиелік календарь бойынша 13 күнді шегерсек, қайтадан 10 тамызға қайтып келеді.

Сонымен, қазақы есеп бойынша жылан жылы – қай жыл?  Абайдың өміріне қатысты архив деректерін жиырма жылдай қазбалап іздестірген зерттеуші М.Бейсенбаев: Қ.Ысқақовтың «Қазақ календары» атты еңбегінде, жылан жылы – 1846 жыл деп көрсетілген – дейді де, өзінің пікірін осы «жылан жылына» бейімдей баяндайды. Дерек, 1852-1854 жылдардың аралығында толтырылған. Мәліметті қағазға жазып отырған адамға мәліметті айтушы адам еш ойланбастан: «Абайдың жылы – жылан» – деп жауап береді. Жылан жылы ескі календарь бойынша 1846 жылға тура келгендіктен де, хатшы еш ойланбастан тура солай жазады. Араға түскен бес-алты жылдың ішінде жыл айырмашылығынан туындайтын  5-6 ай есепке алынбаған немесе ескерілмей қалған, оны жазып отырған хатшы да қаперге алмайды.

Ал, бұл мерзімді қазақы жұлдыз есебіне айналдырсақ, 5-6 ай емес, бүкіл бір жыл ауысып кетеді. Өйткені, шығыс жұлдызнамасы бойынша жыл басы – 22 наурыздан басталып, келер жылдың 22 наурызында  аяқталады. Яғни, жылан жылы 1845 жылдың наурызында кіріп, 1846 жылдың наурызында шығады. Демек, Абай 1845 жылы – жылан жылы кіргенде, жайлаудан күзеуге бет алған кезде (Ә.Ысқақов) туған.  Ал, жыл мен жұлдыз қайыруды білетін қазақ, тіпті, Абайдың өзі 1846 жылғы наурызбен бірге өтіп кеткен жылан жылын 1846 жылдың сәуірінен бастап кірген жылқы жылына «байқамай» ауыстырып айтуы мүмкін ба? Ешқашанда және ешқандай қазақ туған жылының атын шатастырмайды. Ал, бұл: 1845-тің кірісі мен 1846-ның шығысына тиесілі жылан мен  жылқы жылдарының аралас айларының арасын   жыл-жылға мүшелеп бөлмей,   православиелік календерға  аудару барысында ауызекі үстірт есептеуден кеткен табиғи жаңсақтық – десек, барлық жағынан қисынды әрі шындыққа лайық болмақ.

Демек, бұл – архив деректеріндегі қазақтың жыл қайыруынан хабары аз шенеунік хатшылардың тарапынан және ауызекі мәлімет берушінің үстірттігінен кеткен жаңылыс қана. Сондай-ақ, Абай 1844 жылы да тууы мүмкін емес, өйткені, ол жылы, яғни,  ұлу жылы Абай дүниеге келді деудің  еш қисыны келмейді. Сондай-ақ, Абай 1904 жылы – ұлу жылы, 59-дан алпысқа қараған жасында дүниеден қайтып отыр. Қазақтар алғашқы мүшелді 13 жасынан қайыратынын еске алып есептесек, 1906 жылы Абай 61-мүшел жасына шығар еді. Бұл: 1904-1905 жылдың басын қайырып тұрған ұлудың 1905-1906 жылды иемденетін жыланмен орын ауысуына сайма-сай келеді. Демек, бұдан кейін Абайдың 1845 жылы – жылан жылының жуан ортасында туғанына еш күмән мен күдік болмауы тиіс, яғни, Құнанбайдың Ұлжаннан туған ұлы Ибраһим 1845 жылы – жылан жылы туған. Бұл дүдәмалдың бетін осымен жабамыз.

Енді, осы арада Абайдың және оның аға-бауырларының туған жылы мен күнінің архив деректерінде неге әр қалай жазылуының нақты өмірлік деректерінің себебін түсіндірудің реті келген сияқты. Оның басты қитұрқысы – болыс сайлауы қарсаңындағы жанталастан туған қазақы есепте. Мен, бұл мәселені тәптіштеп жатпай, Тәкежан, Абай, Ысқақтың өмірбаяндық іс қағаздарында олардың туған жылының неге ұлғайтылып көрсетілгені жөнінде абайтануда ең сенімді дерек көзі болып табылатын Әрхам Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» атты жазбасындағы мына жайды келтірумен шектелемін: «Аға  сұлтандықтан, болыстықтан бірдей айырылып қалғанын Құнанбай намыс көреді. Ендігі сайлауға дейін күш жинап, жолдас көбейтуге дайындалып, оған өзінен туған балаларынан болыс болуға жарарлық біреуін ойластырады. «Степное положение» заңында болыс болатын адамның жасы – 25-тен, би болатынның жасы 35-тен кем болмауы шарт екен. Соны білген Құнанбай: Тәңірбердіні – 25 жасқа, Абайды – 24 жасқа, Ысқақты – 23 жасқа келді дегізіп ауылдық есеп кінегеге тіркетеді… Сайлау болғанда Тәңірберді болыс болады («Жүрегімнің түбіне терең бойла…», Абай туралы естеліктер, Алматы, Жазушы,1995,74-бет), келесі сайлауда: «Ояз: Абайдың үстінен көп шағым-арыз бар, сайлауға жарамайды деген соң, енді Ысқақты қоймақшы болады. Оны естіген Бөжей мен Байсал: жасы толмайды, – деп арыз етіп қаратса, список бойынша 25-ке толған болып шығады…Болыс атағы Ысқақта болғанымен, бұған басшылық ету Абайдың мойнында» болады (сонда, 75-76 беттер).  Архив анкеталарындағы Құнанбай балаларына қатысты жоғарыдағы деректердің әр қилы жазылуының себеп-қитұрқысы түсінікті болғандықтан да, олардың туған жылы мен айлары туралы мағлұматтарда тек қазақы жыл атауларына ғана сенген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, балаларының нақты туған жылдарын қағазға өзгерттіріп жаздырғанымен де, жыл қайырудағы мүшел атауларын өзгерту – Құнанбайдың да, патшаның парақор ояздарының да қолынан келмейтін. Демек, бұл мағлұмат архив деректерінен де сенімді мағлұмат болмақ.

Ендігі кілтипан және біздің діттеген мәселеміз де Абайдың туған күніне қатысты. Қайталап еске сала кетейік: Абайдың туған күні туралы  6 дерек мәлім. Деректанушылар 15 маусым, 23, 29 шілде, 8, 10, 15, 23 тамыз – деп көрсетеді. Алдыңғы бес деректі ысырып тастап, соңғы 23 тамызды шырақ етіп ұстап, ақынға арналған ресми, бейресми шараларды осы күнге орай өткізіп жүрген Абайға тікелей қатысты ресми мекемелер де бар. Жоғарыдағы  деректердің  ішінде ғылыми көпшілікке мәлім және беймәлім деректер бар, дегенмен де, бұл мағлұматтар абайтанумен айналысатын ғылыми ортаға мәлім. Зерделеп қарасаңыз, ескі және жаңа жұлдызнама бойынша  олардың  аралығында 13-15 күндей айырма бар. Ал, солардың барлығының да түп төркіні, айтар уәжі, сүйенер дерегі, келтірген дәлелі үш адамға, қайталап айтамыз, үш тұлғаның – Мұхтар Әуезовтің, Әрхам Ысқақовтың, Қайым Мұхамедхановтың  пікіріне келіп тіреледі. Бұл үш адамнан басқа олардың табан тірер тиянағы тағы жоқ. Бұл қалай? Сонда, осы үш тұлға өз еңбектерінде әр түрлі  дерек көзін көрсетіп, өзара алшақ пікір ұстанған ба? Жоқ. Олар бірігіп отырып, ақылдасып отырып шешім қабылдап, 1940-жылы ресми түрде мәрмәрға қашап жаздырып, Жидебайдағы Абайдың зиратының басына тақта орнатты. Ол туралы Қайым Мұхамедханов дегдардың өзі былай деп еске алады.

Қ.Мұхамедханов: «1940 жылы Абайдың туғанына 95 жыл толатын мерекесін өткізу жөнінде үкімет Комиссиясы құрылды. Ақынның мерейтойы Қазақстанның барлық жерінде салтанатты мереке түрінде өтті. Семей облысындағы Шыңғыстау ауданы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша «Абай ауданы» деп аталатын болды… Мәдени-тарихтық маңызы зор істің бірі – Семей қаласында Абай музейінің ашылуы болды. Абай музейін ашу мәселесіне байланысты Семейге Мұхтар Әуезов келіп, музейге лайықты үйді көрсетіп берді және музей құру үшін алдын-ала істелетін негізгі күрделі жұмыстарды бізге түсіндіріп (Мұражай директоры Әрхам Ысқақов екеуіне – Т.Ж.), анықтап берумен бірге, өзі іс жүзінде нақтылы көмек көрсетіп, игілікті істі бастап берді. Мұхтардың басшылығымен біз де өз мүмкіндігімізше Абай музейін ашу жұмысына атсалыстық. 1940 жылы қазан жұлдызының 16-сы күні Абай музейі ашылды. Музейдің ашылу салтанатына астанадан Мұхтар Әуезов бастатқан бір топ ақын, жазушылар келді. Мен музейдің аға ғылыми қызметкері ретінде жұмыс істей бастадым. Сол кезден бастап Абай музейінен қол үзгемін жоқ… Абайдың 100 жылдық мерекесі алдындағы бес жылғы уақыт ішінде істелетін істер анықталып, Абайды мәңгі бақи есте қалдыруға бағытталған нақтылы шаралар белгіленді. Ол шаралар, мысалы: ақынның жерленген жерінде Жидебай қорығындағы Абай зиратының басына сәулетті ескеткіш орнату, қыстауларын жөндеп, бұрынғы қалпына келтіру, Семей қаласындағы Абай оқыған медресе үйін әуелгі оқу болған кездегі қалпына келтіру… тағы басқалар» (Қайым Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Мақалалар, зерттеулер/А.: -Ел-шежіре. -2007. -5-том. Б.-101-102), – деп жазды.

Міне, осы шара барысында сол жолы Мұхтар Әуезовтің, Әрхам Ысқақовтың, Қайым Мұхамедхановтың қатысуымен 1940 жылы Абайдың Жидебайдағы зиратының басына мәрмәрдан қашалған белгі-тақта орнатылды. Онда, сол кездегі мемлекеттік жазу – латын қарпінде: «Ибраһим Құнанбаев. АБАЙ. Қазақтың ұлы ақыны және данышпан ойшылы. 10 августь 1845 ж. – 23 июнь 1904 ж. – Ибрагим Кунанбаев. АБАЙ. Великий казахский поэт и мыслитель. 10 августь 1845 г. – 23 июнь 1904 г.», – деп ойылып тұрып жазылды.

Ол тақтаны жаздырған да, Жидебайға апарған да, зират басына орнатқан да, салтанатты түрде ашқан да осы үш тұлғаның өздері.

Бұл – Абайдың туған жылы мен күні және қайтқан жылы мен күні нақты көрсетілген тұңғыш тарихи дерек.  Бұл деректерді бірінші рет және мәңгілікке қашап жаздырар алдында, жоғарыдағы тұлғалар өзара сан рет ақылдасып, ескі және жаңа календарға ауысуына байланысты жылдар мен күндердің  айырмасын, жыларалық, айаралық алмасуларды салыстырп, есептей келіп қабылдаған тұжырымды шешімі. Жалпы қазақ елі де, дүние жұртшылығы да осы күнді нысана етіп ұстанып келеді. Балық мемлекеттік шаралар осы күнге тураланып ұйымдастырылады. Абайтану саласындағы зерттеулер  және жоғары оқу орындары мен  мектептерге арналған оқулықтар, энциклопедиялар, анықтамалар, почта маркалары, құйылған бақыр ақшалар, ескерткіштер, төс белгілер, тағы да басқа толып жатқан мемлекеттік, ұжымдық, жекелік шаралар  осы тақтада қашалған деректі негіз етіп алған. Соған қарамастан, әр жыл сайын, әсіресе, «Абай оқуларына» қатысты ғылыми конференциялар мен мәжілістерде, пікір алысуларда, баспасөз беттерінде: Абайдың туған күні 10 тамыз емес,   23 тамыз, ауыстыру керек! –  деген даукөстікке бастаған өрекпулер жыл сайын өршіп келеді. Ендеше, осы бір даурығу қайдан бас көтерді, оған себеп болған қандай түрткі,  қоғам мүшелерін алаңдатып, дабыл қағуға   мәжбүр ететіндей тамызық бар ма?

Тікелей мәжбүрлік жоқ, бірақ… сыныққа сылтау болатын  жанама  себептер бар. Бұл мәселені арыла айтып, тарқата талдамаса, үнемі дүмбілез күйінде қалдыруға болмайды, барған сайын божып, қауесет қопси береді. Сонымен, жоғарыдағы Жидебайдағы Абай зиратының басындағы қашалып жазылған тастағы көрсетілген күнге күмән келтіретіндей қандай да бір дерек пен құжат бар ма? Бар екен және ол анау-мынау емес, Қазақстан үкіметінің, оның ішінде Абайдың туғанына 100 жыл толуын мемлекеттік мерейтой ретінде атап өту туралы Қазақ ССР министрлер кеңесінің арнайы қаулысы боп шықты.

Осы мерейтойға орай  1945 жылы 4 наурызда «Қазақстан Орталық Партия комитетінің бірінші хатшысы К.Н.Скворцов пен Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов БКП (б) хатшысы Г.М.Маленков пен СССР Министрлер кеңесінің төрағасы Молотовқа қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және ойшылы Абай Құнанбаевтің Абай Құнанбаевтің туғанына 100 жыл толуы және оны мемлекеттік шара ретінде атап өту туралы жазған хатында: «1945 жылы 15 тамызда қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және ойшылы Абай Құнанбаевтің  туғанына 100 жыл толады», – деп жазылған.

Бұл Қаулы – қазір де күшін жоймаған мемлекеттік құжат. Сонымен қатар, бұл қаулыны қабылдауға және оның күнін белгілеуге Мұхтар Әуезов және Абайдың Семейдегі мемориалдық мұражайы, сол мұражайдың директорлары Ә.Ысқақов пен Қ.Мұхамедханов тікелей атсалысқан. Қаулыда  негізге алынған Абайдың өмірбаянын дайындаған да солар. Зираттың басында қашалып жазылған: «Қазақтың ұлы ақыны және данышпан ойшылы» – деген тіркестің Қаулыда сол күйінше қайталануы да соны аңғартады. Әзірше, бұл Қаулыдағы көрсетілген күнді өзгерту туралы мемлекеттік пәрмен шыққан жоқ. Үкіметтің пәрменімен қабылданған Қаулы, Қарарды тек қана екінші бір Қаулы, Қарар ғана жоққа шығара алады.  Ендеше, бұл күн – ресми түрде Абайдың туған күні деп  есептеледі.

Жоғарыдағы Қаулының пәрменін орындау барысында: «Абайдың 100 жылдық мерейтойы 1945 жылы тамызда Қазақстан астанасында басталды» (Қайым Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Мақалалар, зерттеулер/А.: -Ел-шежіре. -2007. -5-том. Б.103).

Осы ұлы мерекенің ықпалы ма, жоқ, әлде басқа бір дерекке сүйенді ме, кім білсін, Мұхтар Әуезов «Абайтанудың арнаулы курсында»: «Абай 1845 жылы 15 августа Семей облысы, Шыңғыстауындағы Тобықты елінде туған. Тобықты ішінде – Олжай, Олжайдан – Айдос, Қайдос, Жігітек. Айдостан – Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай» [Әуезов М. Абайтану дәрістері.(Һашия, баяндама, ой-пікір, сын-рецензия/ А:.Рауан, -1994.-160 б, 82Б],– деп көрсетеді. Бұл М.Әуезовтің 1950 жылы наурыз, сәуір, мамыр айларында оқыған дәрісінің һашиясы. Жазып алған 3-курс студенті, кейін Қазақ ССР-нің оқу министрінің орынбасары болған Әуезхан Қанафин. Бұдан басқа еш жазбаларында, соның ішінде Абайдың өмірбаянының 4 нұсқасында да 15 августь атап көрсетілмейді.

Міне, осы басылымнан кейін Абайдың туған күні туралы екінші бір деректі Жидебайдағы ескерткіш тақтаны жаздырушы Әрхам Ысқақов өзінің  1958 жылы аяқтаған «Абайдың өмір жолы» атты  өмірбаяндық жазбасында Абайдың туған күнін: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді… Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды» (Абай қоры-мұражайы қорындағы естеліктер. Ә.Ысқақов. Абайдың өмір жолы. 1-том, Семей,2015, 7-бет), – деп көрсеткен. Міне, бар кілтипан осы деректен басталады.

1961 жылы жарық көрген Абай шығармаларының бір томдық толық жинағындағы «Ақынның өмірі» атты алғысөзінде Әбіш Жиреншин Әрхам Ысқақовтың осы дерегін негізге ала отырып: «Үлкен қамысты көлдің жағасы Қасқабұлақта 1845 жылы ескіше 10 августа Құнанбайдың Күнкеден кейінгі екінші әйелі, келіндей алған тоқалы Ұлжан тағы бір ұл табады… Шыр етіп жерге түскен нәресте баланы қуанып қойнына салған әжесі Зере бәйбіше «Ибараһим» деп атауға тілі келмей, еркелетіп «Абай» атандырған» [Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Редакциясын қарап, түсініктерді, жаңа материалдарды толықтырып баспаға дайындаған Ә.Жиреншин/А:. – Қазмемкөркембас. -1961, 693 б. -10-11Б], – деп жазады.

Міне, осы екі деректі, соның ішінде Әрхам Ысқақовтың жоғарыдағы дерегіне сүйене отырып, ғұлама Қайым Мұхамедханов 1991 жылы өзінің «Ақынның дүниеге келген күні» атты мақаласында: «Сөйтіп, Әрхамның берген мағлұматы бойынша Абайдың дүниеге келген жері – Қасқабұлақ…, туған күні ескіше 10 август (тамыз), жаңаша – тамыздың 23 болады. Абайдың туған күні мен дүниеден көшкен күні туралы жоғарыда келтірілген мағлұмат, деректерді зерттеп, қорыта келіп, тұжырымды пікір айтатын Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты болуы керек еді. Олай болмай отыр… Алдағы уақытта ғылыми-тарихтық тұрғыдан зерттеліп, дәлелденген шындықты мойындай қабыл алып: Абайдың өмір тарихын баяндауға арналған еңбектерде кеткен олқылық-кемшіліктерді, көрінеу бұрмалаушылықтар мен қарама-қайшылықтарды батыл ашып айтып, Мұхтар Әуезов негізін салған, ұлы ақынның ғылыми өмірбаяны дұрысталып жазылуы керек. Бұл өз алдына күрделі мәселе. Бүгін тек бір ғана мәселені – Абайдың дүниеге келген айын, күнін, дүниеден көшкен уақытын тағы да анықтап айтып, қайталап жазып, бұдан былай бұл мәселе жөнінде алауыздық болмаса екен дейміз» (Қайым Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Мақалалар, зерттеулер/А.: -Ел-шежіре. -2007. -5-том. Б.-71-72), – деген ықыласты пікір білдірді.

Қазіргі қазақ қауымының арасында дау-дамай туғызып, оларды «алтыбақан, алауыз»  етіп жүрген мәселе де, тілек те осы.   Бұл пікірді ушықтырып, ширықтырып отырған да осы мақаладағы Әрхам Ысқақовқа сүйене отырып айтылған «жаңаша 23 тамыз» мәселесі. Мұның өзі жыл сайын өршіп, абайтанушыларды былай қойып, қарапайым халықтың өзін «ешкіөздендіріп» барады. Шындығында да, Қайым дегдар айтқандай, «Абайдың дүниеге келген айын, күнін, дүниеден көшкен уақытын тағы да анықтап айтып, қайталап жазып, бұдан былай бұл мәселе жөнінде алауыздық болматындай» етіп бір шешім қабылдаудың қажеттігі дәл қазір ерекше қат болып тұр. Ол шешімді кім қабылдайды, сол қабылданған шешімнің негізіне қандай дәлел дәйек ретінде алынбақ, Абайдың туған күні туралы мағлұмат беретін бұрынды-соңды қандай дерек бар? Әлде, Әрхам Кәкітайұлының сөзі – сөз бе? Сол, Әрхамның өзі сүйеніп отырған әкесі Кәкітайдың қарауылға ұстайтындай мекзеуі, емеуіріні бар ма?

Әрине, қазақта адамның жасына қатысты ұзына мүшел қайыру бар да, айы мен туған күніне қарата айтылатын: «Тамыз айының үш жаңасы», «Сүмбіле туғанда», «Үркер көкжиекке ілінгенде», «Боқырауда», «Күйек түскенде», «Қозықырқымда» деген ай мен жұлдыздың есебі бар. Тіпті, ай мен жұлдыздың есебін дұрыс қайырғанның өзінде, Абайдың туған күні – 15 маусым, 23 шілде, 29 шілде, 8 тамыз, 10 тамыз, 15 тамыз, 23 тамыз (мұның барлығы да осы уақытқа дейін көрсетіліп келген «Абайдың туған күндері») – деп нақты кесіп-пішіп, «оллаһилап» айта алмайсың. Оған ешкімде кепілдік бермейді. Қалай өкінсек те, еліміздің ұстанған дәстүрлі ай-жыл есебі солай.

Жұлдыз қайыруды қаншалықты  болжалсыз дегенімізбен де, соған жанасымды бір саңлау, жазба дерек бар. Ол поляк Адольф Янушкевичтің 1845-1846 жылдары қағазға түсірген күнделігі. Ол сол жылдары Құнанбаймен ай жарым уақыттай сапарлас болған. Мал санағын жүргізуші, қазақ тілін еркін меңгерген досы Ивашкевич оған ел аралатып жүрген Құнанбайға тәржімашлық та жасаған. А.Янушкевич 8 тамыз күні өзінің «Күнделігіне»: «Қазір іші қатты ауырып жатқан баласын Құнанбай мынадай әдіспен емдеді: қара ешкіні сойып, оның майын іші қатты ауырып жатқан баласына жағып, көк белбеумен баланың ішін айналдырып байлады. Ол маймен денесін сылады. «Бақсы-балгерді шақыруға болмас па екен», – деп сұрағанымда, Құнанабай: олардың дәрі-дәрмегіне пәлендей сене қоймайтынын айтты» (А.Янушкевич. Күнделіктер мен хаттар. Ауд. М.Сәрсекеев/А.: -Жалын. -1979. -Б179), – деп жазады. Осы араға «Күнделіктер мен хаттардың» баспа редакторы Т.Жанаев: «Шамасы, бұл бала 1845 жылы туған Абай болса керек – редактордың ескертуі», – деп сілтеме берген. Назар аударыңыз: күнделікте көрсетілген күні – 8 тамыз. Жаңашаға аударып есептеген күннің өзінде 21 тамыз. Қалайда, 23 тамызға қиыспайды. Өйткені, ішін сылауға жараған нәрестенің туғанына кем дегенде бір апта уақыт өткен. Сонда, сол Кәкітай мен Әрхамның алғашқы көрсеткен 29 шілдесінің тұсына дәл келеді. Ал, сол кезде Абайдан басқа шарана Құнанбайдың сәби баласы бар ма еді? Ондай мағлұмат та, болжау да жоқ. Ендеше… жорамал болса да, жөнге келетін жорамал.  Демек, 29-шілдеге 13 күнді қоссақ, 10 тамызға тура келеді. Ал, Ивашкевич: қыркүйектің ортасында Құнанбай қатуланып, еліне аттанып кетті – дейді. Оның да себебі бар. Өйткені, еліне барған бетте әйгілі «Мұсақұл соғысы» басталып кетіп еді. Ол оқиғаны тексере келгендердерге, сол Ивашкевич тағы да тәржімашы болып қатысып, Құнанбайдың сөзін аударады.

Иә, бұл да жолайғы желеу деректің бірі. Өйткені, осы «Күнделікте» анықтай түсетін бір кілтипан бар. Ол, А.Янушкевич өз ойын қағазға түсіргенде, досы Ивашкевичтің осыдан бір жыл бұрын да санаққа келгенін еске салып отырады және тура сол сапарда Янушкевич Құнанбайдың үйіне қонақ болғаны жазылмайды. «Құнанбайдың жайлауына келдік» дейді. Демек, «іші қатты ауырып жатқан бала»  – қызыл шақа нәресте емес, «асқазаны ауырған» бала – бір жастың мөлшерінде. Ал, ол баланың, әлі жасқа толмаған Абай болуы әбден ықтимал. Онда, ол баланың тамыздың аяғында, ел жайлаудан қайтқанда тууы мүмкін емес.    Иә, осы арада бір дәркүмән бар. Желеу деректің бірі дейтініміз де сондықтан. Шынын айтсақ, біз кітап редакторы Т.Жанаевтің пікіріне сенгіміз келеді.

Ал, енді осы шолақ өртке себепкер болып отырған мәліметті ұсынған адамдардың арасындағы дерек қайшылығы қайдан, нақтырақ айтсақ, қалай шықты? О баста, үшеуі біріге, келісе, анықтай, есептей отырып Абайдың туған күнін 10-тамыз деп тасқа қашатады, салтанатты түрде ол ескерткішті үшеуі ашады. Араға он, он жеті жыл салып барып, бірі тамыздың 15-і, екіншісі тамыздың 23-і (ескіше 10-тамыз) деп жазады. Бұл деректер жарияланған кезде үшеуінің де көздері тірі. Тек, Ә.Ысқақовтың қолжазбасы жарияланбаған, оған түбегейлі қарсы пікір білдіріп, жариялатпаған өзге емес, тура Мұхтар Әуезовтің өзі! Неге? Енді, осы арада қазақы бір қитұрқы қырқылжыңды амалсыз, еріктен тыс еске сала кетуге тура келеді. Өкініштісі әрі ыңғайсыздығы, бұл бір-бірінің мүддесін өлімге де қиыспайды деген аяулы жандардың арасындағы заман идеялогиясы мен қиық көздің сұғынан өршіген қырқылжың. Бүге-шігесіне дейін талдап жатпаймын, мүдделі іске ғана жанай тоқталамын.

Бұл – айтылмауы, айтылса да тарамауы тиіс, жанға түскен жараның орны бітіп кеткен шындық. Бірақ, жараның орынында сызат қалып қалғаны өкінішті. Мұхтар Әуезов «Абай» романы үшін басын өлімге тікті. Сол үшін түрменің талқысынан да, сынақтан да, қияметтік қинаудан да, қыспақтан да, арандатудан да, ағайынның-достың, туысының табасы мен жаласынан да өтті.  Қандай қысым мен қинауға қарамастан тамұқ талқысынан Абайды да, өзін де аман алып шығып, көркем шындыққа өмірлік шындықты жасыра құндақтап, қазақ ұлтының руханиятын дүние салтанатына айналдырды. «Абай» романының жазылу тарихы» туралы берген аса мазмұнды мақаласында, ол өзінің бұл шешімін:  Әлем жұртшылығына Абайды дана ақын және ұлы гуманист ретінде көрсету үшін, көркем шығарманың өз заңдылығын пайдалана отырып, қазақтың көшпелі өміріндегі сырт дүниеге беймәлім салт-дәстүрлік ерекшеліктерді суреттей отырып, көркем шындыққа сүйендім. Сондықтан да, өмірдегі оқиғаларды, кейіпкерлер бейнесін көркем шығарманың талабына сай  өзгерте бейімдеуге тура келді. Тарихи-көркем шындық менің бұл тәсілімді ақтайды – деп түсіндірді. Соның өзінде,  Абайдың творчествосы мен «Абай» романы үшін ертең тұтқындалады деген күні Мәскеуге басын паналап, жасырын қашып кетіп барып құтылды. Мұндай ерлікке бұрын-соңды ешқандай қазақ зиялысы, қазақ жазушысы барған жоқ. 1954 жылы 24 ақпан күні «Абай жолы» роман-эпопеясы аяқталды.

1957 жылғы Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында 4 кітап қазақ, орыс тілінде жарыққа шықты. Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Егер, бұл сыйлыққа ие бола қалған күнде, енді Мұхтар Әуезовтің жағасына ешкім де жармаса алмайтын. Сондықтан да, қырын қабақтар мен қырғи қабақтар: Абайдың әкесі Құнанбайды жауыз ғып көрсетті, сенің атаң – ең жексұрын кейіпкер ретінде суреттеліпті, сенің атаң – судыр-суайт екен. Былай бейбастақ суреттеуге Мұхтардың еш қақысы жоқ. Абайды мақтағансып отырып, сендердің аталарыңды масқаралап, мазақ еткен. Өмірлік шындықты талап етіңдер. Ата-тектерің туралы шындықты жазыңдар, – деп Абайдың   аталас ағайындары мен үрім-бұтақтарын  қузауға көшті. Тіпті, баспаның келісімшартын да жасаттырып берді. Мұның соңы, үгіт-насихат аясынан шығып, жоғары сотқа жетті. Жоғары соттың бір мүшесі М.Әуезовті оңаша шақырып, арызбен таныстырып: қол қойған адамдардың басын жиып, берекеге келуді, сөйтіп, арызды басып тастауды – өтінеді. Солай болды да. Арыз М.Әуезовке қайтарылып беріліп, жойылды.

Иә, ағайын арасы  қайтадан береке тапты. Бірақ, қағазға жазылып қалған және жарыққа шығып үлгерген кітаптың сөзі хатталып қалды. Сондай қапылысты, ішкі иірім-қайырымы «Абай жолындағы» көркем шындықпен қабыспайтын деректер Әбіш Жиреншиннің 1951 жылы баспаға ұсынылған «Абай Құнанбаев» деген еңбегіне 1951 жылы 28 наурыз күні М.Әуезов аса зілді 35 ескерту жасап: «…Кітап – бұл қалпында жарыққа шығатын еңбек емес. Толып жатқан ғылымдық, саясаттық, шындыққа шалғай шикілік, өрескелдіктері болғандықтан, бұл қалпында басылуға болмайды», – деп пікір білдірген соң тоқтап қалған зерттеу, «Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары» деген тақырыбы жадағайланған атпен 1959 жылы Қазақ мемлекет баспасынан жарық көрді. Ілгерідегі «берекенің» белгісі ретінде оқшау бетте: «Абайдың атын әлемге танытқан ұстазымыз Мұхтар Әуезовке арнаймын. Автор», – деген арнау-алғаудың болғанына қарамастан, ішіндегі өзгермеген пікірлер зерттеушінің қолтығына дым бүріккен қырғи қабақты сүйіндірді, ал М.Әуезовті күйіндірді.

Тура сол тұста Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың «Абай өмірі» атты көлемді қолжазбасы баспаға тапсырылып, теруге кетер алдында М.Әуезовке пікір білдіруге беріледі. Әбіш Жиреншин Әрхам Ысқақовтың қызын алып отырғандығы көңіліне келсе керек, М.Әуезов мұны өзіне қарсы «ұйымдастырылған ағайындықтың» ескі жаңғырығы ретінде қабылдап, өзі көп дерек алған көне көздің көркем тілмен, көркем суреттермен әдіптеп жазған жазбасын: «Мынау қолжазбаның авторы Абайдың өмірбаянын жаңадан жазбақ болады… бұл жазба жай материал емес. Абай өмірбаянына берілген қосымша деректер емес, өзінше Абайдың жаңа жазылған өмір жолы болмаққа арналған… Ал еңбекті басынан аяғына дейін оқып шыққанда Ысқақов сыпаттаған өмір жолы бар Абай кім болып шығады?.. … Абай жайына келсек: онда толып жатқан ерсілік, қайшылық, өрескелдік –  Абайдың бейнесін бүгінгі нәсілге жат етпесе, дос етпейді. Есі кіргеннен бастап Абай Құнанбайдың қосымша сойыл соғары, бөрінің бөлтірігі бола береді. Есейген кезінде Құнанбайдың бар жуандығын, құдіретін, рубасылық беділін Абай өз қолына жиып алады. Құнанбай тұғырдан тайған соң, ендігі құнанбайлықты ұстайтын Абай болып қалады… Қысқасын айтқанда, бұл еңбек «Абайдың өмірі» деп аталса, сол тақырыбын ақтай алмаған, көп-көп беттерінде теріске мекзеп кеткен көп қателікке толған еңбек... Ал, жалпы, бұл кітап осы қалпында жоғарыдағы аталған: идеялық, тарихтық, таптық тұрғылардан қарағанда, өте мол кемшіліктері, қателері бар еңбек болғандықтан, баспаға ұсынуға жарамайды. Қосымша айтар бір жайым: мен Абай жөніндегі романдар авторы есебінде, бұл қолжазбадан, сол романдарыма келерлік зәредей зарар, нұқсан көргенім жоқ. Роман «Абайға» бұл қолжазба сөздерінің келтірер залалы жоқ. Бірақ, ақын Абайға, дәл ұлы Абайдың өз басына анық үлкен залал келтірерлік жазбаның бірі осы деймін. Абайды – Құнанбайдың Абайы, тобықтының Абайы, сәл ғана либеральдығы бар феодал Абай етіп көрсетеді» [Әуезов М.О. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. Құрастырғандар Л.М.Әуезова, М.Мырзахметов/А.: -Ғылым. -1988. -368 б.305-309Б], – деп қатты сынға алды.

Өте ауыр, бетті қайтаратын сындар. Әрине, бұл кітап басылмады. Тек, тоқсаныншы жылдары, идеологиялық-таптық, партиялық құрсау жойылғаннан соң ғана осы жолдардың авторы «Жұлдыз» журналына жариялады, кейін жеке жинақтарға енді. Міне, ұлы Мұхтар Әуезов «толып жатқан ерсілік, қайшылық, өрескелдік» көрген, «тарихтық … тұрғыдан» қарағанда, өте мол кемшіліктері, қателері бар еңбек болғандықтан, баспаға ұсынуға жарамайды», – деп бағалаған, 1955-1957 жылдардың арасындағы «қырғиқабақ» кезінде жазылып, түпнұсқасы 1958 жылы мұражайдығ қолжазбалар қорына тапсырылған «Абайдың өмірінде»: «…Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді», – деген деректі ұсынады, яғни, өзі Абайдың Семейдегі Мемориальдық-әдеби мұражайының директоры болып тұрған кезде мәрмәрға қашатып жазыдырып, ақынның зиратының басына қойған ескерткіш тастағы «10 августь» деген  жазудың  алдына «ескіше» деген сөзді қыстырады. Сонымен, Абайдың туған күніне үшінші өзгеріс жасалады. Бұл қолжазбаны Ә.Ысқақовтың күйеу баласы Әбіш Жиреншин машинкаға бастырып, баспаға ұсынады. Ал, сол жылдары жарық көрген, М.Әуезов, жоғарыда көрсетілгеніндей, жариялануына ішінара қарсы болған: «Кітап – бұл қалпында жарыққа шығатын еңбек емес. Толып жатқан ғылымдық, саясаттық, шындыққа шалғай шикілік, өрескелдіктері болғандықтан, бұл қалпында басылуға болмайды», – деп  теріс бағалаған кітаптың сәл қырналған нұсқасында: «Қасқабұлақ деген жерде 1845 жылы ескіше 10 августа… Құнанбайдың екінші әйелі – келіндей алған тоқалы Ұлжан екінші ұл табады» [Әбіш Жиреншин, «Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары»/А.: -Қазақ мемлекет баспасы. -1959. -266 б. -35Б], – деп Ә.Ысқақовтың сөзін сөзбе-сөзге жуық қайталап жазды.

Сөйтіп, бұл екі дерек араға 70 жыл салып барып үлкен даурығу тудырып отыр. Абайтанудың негізін қалаған және қашанда бұл салада түбегейлі тұжырым иесі болып табылатын Мұхтар Әуезовтің бұл екі автордың тарихи деректерін негізсіз деп тапқан жоғарыдағы  пікірін енді негізге алуымыз керек пе, жоқ па? Мәселе, осында. Жалпы, ғылыми талдаудың жөн-жоба, әдеп-тәсілі бойынша, алдыңғы пікірді жоққа шығару үшін, оған дәлелді дәйектер келтіріп, талдап, архив немесе ауызекі жинақталған деректерді салыстырып, пікірін тиянақтауы керек. Екі басылымда да тілге тиек ететін ондай дерек жоқ. Солай істеу – архив деректеріне құрылған еңбектің авторы Әбіш Жиреншиннің тікелей зерттеушілік міндеті еді. Демек, бұл пікірді дерексіз болжам, дәйексіз дерек, көңіл кірбіңі ретінде қабылдауға тура келеді. Егерде, Әрхам Ысқақов Абайдың туған күні туралы әкесі Кәкітайдың, не өзге бір куәнің бір сөзін келтірсе, онда әңгіменің жібін босаң есуге болар еді. Тіпті, өзі тасқа ойып жаздырған деректің қате-дұрыстығына да түсінік бермейді. Ал, айттым – бітті деген сөз – Мұхтар Әуезов сияқты ұлы ғұламаның пікірін жоққа шығара алмайды. Ондай абайтанушы әзір қазақта жоқ. Әрине, жуырда бизнес-жобасын өткізу үшін өзеуреген  бір  керазу: «Әуезовті қоя тұршы. Білеміз ғой. Әуелі Абайдың мәселесін шешіп алайық», – деп көкігені бар. Ал, Әуезовсіз – абайтанудың мәселесі ешқашанда шешілмейді. Осыны қаперде ұстау арлы ұрпақтың әдеп-парызы.

Сонымен, Абайдың туған жылы мен туған күні туралы қисынды-қисынсызы бар, қырыстық пен қиқылжыңы бар, ресми-бейресмиі бар әр қилы   уәлі-уәлісіз уәждердің өзімізге мәлім мағлұматтарын барынша толық назарға ұсына отырып, Абайдың туған жылы мен күнін осында мысал келтірілген үш дагдар – Мұхтар Әуезов, Әрхам Ысқақов, Қайым Мұхамедханов ақылдаса отырып тасқа қашатып, 1940 жылы ақынның зиратының басына «Ибраһим Құнанбаев. АБАЙ. Қазақтың ұлы ақыны және данышпан ойшылы. 10 августь 1845 ж. – 23 июнь 1904 ж. – Ибрагим Кунанбаев. АБАЙ. Великий казахский поэт и мыслитель. 10 август 1845 г. – 23 июнь 1904 г.», – деп ойылып тұрып жазылған  қалпында қалдыру керек. Жоғарыда айтылған және әр саққа жүгіртіліп жүрген «деректердің» барлығы да осы үш дегдардың мәліметіне сүйеніп,  «қаулағанын» ескеріп, осы үшеуі берекеге келіп, соны куәландыратын белгі ретінде тасқа басқан жазуды өшіретіндей дәт пен қуат, құқық құдіреті, әзірге, ешқайсымызға беріле қойған жоқ. Абайдың өзі айтқандай:

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

Бірінен – бірі шапшаң ұқпас сөзін, – дегенінің керін, енді, құшпайық.

Парасат – пайымды байлауымен  қадірлі.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, абайтанушы-ғалым