ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • "СЕН ЕСІРКЕ, ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАТ, БАҚ СӨЗІМЕ..."

"СЕН ЕСІРКЕ, ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАТ, БАҚ СӨЗІМЕ..."

Оқылған 781 рет

(Абайдың «Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма» өлеңіне түсінік)

«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» (1898) – жас өскінге арнап тіл қатқан, мұңын шаққан реквием – қоштасу өлең. Болыстық сайлауда Абайға қамшы тиген еді, өлең соның өшпес ізі. Бұл жайында Тұрағұл былай деп ашына да толғана жазады: «Біздің қазақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? 1898 жылы сайлау болғанда, бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған.  ...Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері ...жалынып, жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратұғын сорлы қазақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай, жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп бір таңба салмасақ, ел ескі әдетімен ауа береді десіп, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп жанжал шығарыңдар деп жіберген. ...Таяқ тиді не, тимеді не, әйтеуір, «Абайды ұрдық!» деген атын көтеріп мұратына жетті».  

Ақшатау бауыры, гүл жайнаған Көшбике жайлауы. Сол жерден «Абай сабалды» деген сөз қазақ даласын шарлап-ақ кетті. Сезімтал Шәкәрімді бірден есейткен де осы оқиға. Оны: «Деді бір ой – көзіңді аш!» деп білдірген. Ол кейініректе де жүректегі ескі жараны жасыра алмай:

Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше,
Арсылдап иттей қалмадың, – деп замандастарына ашу-ызасын төгеді. «Сабадың» – Мұқыр оқиғасы.  Осы оқиға ізі Абайда «Болды да партия», «Жүректе қайрат болмаса», «Ауру жүрек ақырын соғады жай» деген өлеңдерінде жалғасын табады. 

Осымен, жеті шумақ автобиографиялық қоштасу өлеңге келейік.

Өлсем, орным – қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма!   

Өлең «өлсем» деп басталғаннан-ақ жекенің мұң-шерінен асып, тереңге тартады. Жан мен тән таласы (рух пен материя күресі) – қоғам дамуын анықтайтын негізгі заңдылық. Оған қоса, әр адамның жүрегі арқылы өтетін ұлы майдан. Абай жүрегін жаралаған да осы майдан.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетін өз нәпсісіне қарсы күреске шақырып, оған «Үлкен жиһад» деп ат қойған (арабтың «жиһад» сөзі «соғыс ашу» мағынасында). Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады» (7-сөз) дейді. Бірі – жан тілегі, сол үшін адам жүрегі көпшіл, мейірім, әділетке толы. Екінші мінезі – өзімшіл, қатігез, күншіл, қызғаншақ. Мұны – нәпсі, яғни тән тілегі дейміз.  Екі жақ – екі мінез. Екеуінің таласы сананы өзгертпек. Жан тілеуімен сана (ақыл-парасат) жетілмек, тән билеген жерде төмен қарай құлдырамақ.

Осы ой-пайым тұрғысынан шумақта Абай өткір тілді (сөз өнерін) найза етіп, саналы ғұмырын жан қалауымен өткерген сырын ашқан деп түйеміз.   

Келесі қос шумақ – басынан кешкен қилы тағдыры туралы. «Сіздерге еркін тиер, байқап қара» дей келе, шумақты: «Қаны қара бір жанмын, жаны жара!» деп қорытқан. Фәни өмір – даңғыл емес, ойлы-шұңқырлы «имек жол». «Күйесіз қазан, қатесіз пенде жоқ» дейді халқымыз. Абайдың да әділетсіз күйдірме, «асау жүрек аяғын шалыс басқан жерін тауып», рухымды жол-жобасыз жазалама деп ескертіп отырғаны сол.

Ортаңғы шумақта осы ойы былайша жалғасын табады:  

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! 

Көпке аян, Абай «жүрек» сөзін жиі қолданған. Өйткені, ол жан мекені ғана емес, адам мен Алла арасын жалғаушы көпір деп сенген. Бұрындары жастарға айтқан «терең ой (бес асыл істің бірі) ойла», «жүрек көзін аш», «арлы, адал адам бол», «өзіңді таны, мініңді түзе», «естінің сөзін ескер» сияқты әкелік өсиеттерін бұл жолы «жүрегіңнің түбіне терең бойла» деп еске салады.

Бір қызығы, 1977 және 2005 жылғы жинақтар – «Жүрегімнің» деп, ал 1945, 1961, 1968, 1976, 1995 жылғы жинақтар – «Жүрегіңнің» деп басқан. Бақсақ, бірізділік жоқ. Қайсысы жөн? Өзге өлеңдерінен көмек сұрайық.

«Өзгеге, көңілім, тоярсың» (1890) өлеңінде Абай:

Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың, – деп уайымсыз салғыртты шенеген. Келесі «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» (1897) өлеңінде былай деп кеңес береді:

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме!   

Көрдіңіз бе, Абай бірінші өлеңде – жүрегіңмен тыңда десе, екіншіде – жүрегіңе сүңгі деген! 1898 жылғы өлеңде басқа айтқан деу қисынға томпақ болмақ. Демек, дұрысы  «Жүрегіңнің түбіне терең бойла». Бұл «Өзіңді-өзің таны, жетілуге ұмтыл!» деп ұқтырғаны. Әйтпесе мініңді қайтіп түзетпексің.

«Мен бір жұмбақ адаммын...» дегеніне қайта оралайық. Ақирет құпиясын, дүниенің көрінбеген сырын «тылсым» дейміз. Көпшілікті көзі көрген, өзі ұққан нәрселер ғана тартады, ал тылсымға, ол туралы түбі терең сөзге қай заман қауымы болмасын ниетсіз. Өйткені, хақиқатты түсіну, қабылдау білімнен емес, жүректен. Абай «мен бір жұмбақ адаммын» деп осыны астарлап айтқан деген пікірдеміз. 

Халық рухын ояту, қазақ көкірегіне адамгершілік сәулесін түсіру. Толағай Абай осы зор миссияны өз иығына алды, орындап шықты. Дос таба алмай, жалғыздық трагедиясын да кешті. Осы шындықты өзі айтып кетпесе, келер ұрпақ түрлі кінә артуы мүмкін-ау. Сондықтан ортаңғы шумақты ақын: «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп қорытқан. Мынаған қараңыз: «Қазақты ұлықтамаған, орысшыл болған, отаршыл билікке қарсы тұрмаған» деп кінә қойғандар арамызда аз емес қазір. Жарықтық қалай көре білген?...

Енді бесінші шумаққа көшейік. Онда да қат-қабат бүгулі астар бар.  

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.

Небары төрт жолға Абай өмірінің екі бөлігін сыйғызған. Алдыңғы екі жол – 33 жасқа, яғни сотты болғанға дейінгі өмірінің айнасы. Бұл ақынның «ғылым бар деп ескермеген» албырт шағы. Тұрағұл:   «Әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді» деп әзірге ойдан жырақ, болыстық қызметтегі Абайды сипаттаған дүр. 

Абай өмірінің ойлы, шығармашылық бөлігі қашан, қалай басталған? Істі боп, тергеуге түскен 1878-1884 жылдардан. Осылай деп кесіп айтамыз. Өйткені, тап осы бес-алты жыл ақын көзқарасына түбегейлі өзгеріс әкелді, бір, ғылым сарасын нақ осы аралықта тапты, екі. Сөйтіп, «ерте ояндым» және «ойландым» деуімен Абай осы екі нәрсені айтқаны хақ. Оған дәлел төл өлеңдері, әсіресе, кейіннен табылған «Жаңа закон» атты ұзақ жыры.  

«Жете алмадым...». Осы өкініш тереңін де тексерейік. 

Абайға алғаш рет «қайғы ойлатқан» тергеу қыспағы дедік. Ол қайғы мен «ел-жұртты қайтсем оятам, оны өзге халықтармен қайтсем теңестірем» деген арман-аңсар тамырластығына ағартушылық поэзиясы дәлел. Мәселен, 1891 жылы  «Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор санап», – дейді. Түзетпекші қос қаруы – ақындық пен қайраткерлік. «Қуаты оттай бұрқырап» (1898) өлеңінде осы екеуімен «неше түрлі айла еттім» дейді. Сол айланың бірі – қазақтың ой жүйесін, мінезін түзеуге арнап жазған «Ғақлия» кітабы болатын. Бірақ..., «Оянбай қалды, қайран жұрт!» деп мойындайды Абай.

Олай болса, «жете алмадым» дегенінде қазақты қалың ұйқыдан оята алмадым, еркін ел болған шағына жетпедім деген астар бары анық сияқты. 

Соңғы жол – «Етекбасты көп көрдім елден бірақ». Бұл етектен тартқан наданның көптігін, жақын айналасы да түсінбей, жалғыз қалғанын айтқаны. Ұлы жүректі ең көп жаралаған да – осы жәйттер еді.  

Сөйтіп, 1878 – 1898 жылдар аралығы Абай өмірінің ең күрделі бөлігі болғанына көз жеткіземіз. Өз кезегінде оның ағартушылық және ойшылдық деген екі асу-белесі бар. Бесінші шумаққа түсінік осымен тәмам.    

Алтыншы шумақ «етекбастылық» жайлы баяндауының жалғасы: 

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме!        

Тағы айтайық, «ой кіргелі» дегені 1878 жылы 12 айыппен тергеуге түскен кезі. Осы жылдан 1898 жылға дейінгі аралық түп-түгел күреспен өтті. Өзіме «ерік тимеді» дейтіні сол. «Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме» – өз сөзінен басқа сөзді ұқпаған ортада күн кешкенін айтқан. Сол ортамен алыс-тартыстың соңы – Мұқыр оқиғасы болды. 

«Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті». Жұрт өзі ермеген әрі ерік те бермеген. Неге? Өйткені, 1868 жылы қабылданған «Жаңа низам» заңымен қазақ елі еркіндігі толық жойылды. Бұл елдің сиқы (рухы, мінезі) бұзылды деген сөз.  Абай суреттеген кейіпкерлер – аталған заңға сүйенген отаршыл биліктің өнімдері. Оқушы жастарға байыптап түсіндірер жәйт осы.

Екшеп отырған шумақты Абай: «Сен  есірке (келер ұрпақ), тыныш ұйқтат (рухым шаттансын), сөзіме бақ (өсиетімді ескер)!» деп сабақтаған. Ғұламаға ең асыл арман-тілек «Сөзіме бақ!» болғаны күмән туғызбаса керек. 

Енді соңғы шумаққа көшейік.

Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.    

Әлбетте, шумақ қапалық пен күйзеліске толы сияқтанады. Алайда бас абайтанушы М. Әуезов өзгерек пайымдаған. «Өлеңді Абай ойлы жалғыздың жақсы, момын, саналы әзілімен аяқтайды, – дейді Мұхаң. – Өз өлеңін сол әзілмен «өсекші» деп атандырады.  Өмір, тірлікке лағнат-қарғыс айтпайды. Тіршілік есігін ақырын жауып, анық дана ақынның кең, сабырлы мінезділігімен кетіп жатыр. Ол мінезділіктің тірегі – болашаққа үмітпен қарауында, күдіксіз сенуінде. Осындай тереңде жатқан түйіндеріне қарап бұл өлеңді біз Абай өмірінің соңғы шағының қорытындысы дейміз». 

Ұлы Абай – трагедиялық емес, керісінше, өмірге құштар, келер заманға үміт артқан, болашақ ұрпаққа сенген ренессанстық тұлға. Ол мейірімді Жаратқан Ие қазақты тығырықтан алып шығуға жіберген «хақиқат ұшқыны» (Әуезов). Мұхаң астарлап талай айтқан ой осы ғой. Мұны хакім Абай өзі де сезген, жақсы білген.  «Өлсем орным...» деп күңірене басталған өлеңде оптимистік сарын молынан есетіні сол. Абай сырын айтқан, өзіне жасаған мәңгі ескерткіші қазақ оқушысына ең бір даңқты, қадірлі шығарма болып келді. Солай бола берері де хақ. Бірақ, түйіндері терең өлең – Абай өмірінің соңғы қорытындысы десек қатты жаңылысқа ұрынамыз.

Айтайын дегенім, мәскеулік жазушы Н. Анастасьев өзінің «Абай» атты кітабында: «Первое свое «Слово» Абай записал в 1890 году, последнее, «Сорок пятое», – в 1897-м. Жизни ему еще оставалось семь лет, так отчего ж оборвал он эту речь?», – деп заңды сұрақ қояды («Абай». ЖЗЛ сериясы. – Москва, 2008. –336-бет). Осы көзге шыққан сүйелдей ақау әлемге таралуда қазір. Уақыт бос өтті ме, қайдағы?! Абай тап осы 1898-1901 жылдар талмай ізденіп, шығармашылық шыңына шықты! Жан жарасы жазылды. Өйткені, қу тіршілік күйбеңін аулақ серпіп: «Бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпен ләззаттанды». Соның керемет жемісі – «Тасдиқ» трактаты (қазіргіше 38-сөз). Ғылыми еңбегінде ойшыл теология биігін алып, сол арқылы «толық адам» ілімін негіздеді. Тағы бір ғажап туындысы – «Алланың өзі де рас...» өлеңін әкелді. Абай өмірінің соңғы бөлігі осындай  шұғылалы да сәулелі! Бірақ солақай саясат кесірінен жабық қалды, әлі де сол қалпында тұр. 

Сөз соңы. Қазіргі таңда Абайды советтік догма құрсауынан босатудан асқан мәселе жоқ. Ұлы Мұхаңды қалқан етіп, шәкіртпіз деп, Абай кітабын халыққа ескі үлгіде ұсынсақ – ұлт руханиятын сорлататын ауыр соққы осы болмақ! Абайдың асыл мұрасы – уақытқа бағынбайтын қазына, оны түзету, өз қалпына келтіру ісіне «кеш қалдық» жүрмейді. Биылғы мерейтойға Абай жинағын шығарам деушілерге осыны ескертуді парызым деп білемін.  

 Асан Омаров