ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

М.КҮМІСБЕК: ҰЛЫЛЫҚПЕН ҰҒЫСУ

Оқылған 781 рет

Ақиқатқа сараң қоғамда ағынан ақтарыла айтқың-ақ келеді. Айтасың да?! Кім-кімге қақпақ болғандай... Үстел үстінде үзеңгі бауың үзілердей шірене гөй-гөйлейсің?! Сыртыңды сынайсың, ішіңді мінейсің. Сөйтесің де айналаңа аңтарыла қарайсың. Тілің – тәуір, тірлігің – кәуір. Осы қазақтың сөзуарлығына дауа бар ма? Көргеніне емес, естігеніне иланатын елдің әдетіне жорисың-ау онысын тағы! Жазалайын десең, жалғызың. Опа бермес істің илеуіне түсіп, қарекет етерде қара басып қалатыны несі, бізді? Сондай да «қара шалдың қабағына бір қарасашы» деп нұқып жібергің-ақ келеді?!

Қазыналы қара шал!? Қа­сиетің­нен айналайын! Даналы­ғыңа дала бойлар ма? Тамырым шірігенде, табаным үсігенде табаға қалдырмадың. Тағдырым солай, талқаным бітті дегенде талап бердің. Тасым өрге емес, етекке домалағанда еңсемді көтердің. Жырыңнан жұпар аңқыт­тың, қара сөзіңмен қадірімді арттыр­дың. Пендешілік пәнін сүйіп оқи­тын жер тұрғынының жауы­рын жаздың, жүрек көзін аш­тың. Болашағыма бастаухат бол­дың. Ал мен ше, соны біле тұра міз бақпадым? Кішілігің мен кісі­лі­гіңнен кесірлендім! Өзім­д­ікін жөн көрдім, өзенімді лайладым. Ақылыңды алсам ақыретіме же­тер­лік байлыққа батар едім-ау?!

Батырып айтса, басымызды алып қашамыз. Ашып айтса, ала­са­пыран күй кешеміз. Ти­гі­зіп айтса, тілдей жөнелеміз. Ол рас, несін бұқпантайлаймыз. Өнері­міз жалаңаштанды. Тіліміз алашұбар. Рухымыз тақыр кедей. Болмысымыз жадағай. Заман алмағайып. Мысықкөмбе тірлік. Жасымыз жасықпыз, қартымыз ақылға қауқарсызбыз. Экран беті толған ток-шоу. Бәрі рейтингке жұмыс жасайды. Былайша айт­қанда, бұрынғының ұяты бүгін­гінің – тренді. Дүние қалып-кес­кінін өзгертті. Қарға аунаған түл­кі­­дей түрленгіш. Адасса аты­ның жер­шілдігіне сенетін қазақ едік қой. Ол да қалды жайына.

Енді, бұл өткелектен бізді кім алып шығады? Әлде сұрақты не алып шығады деп қоюым керек пе еді?! Қалай десеңіз де екеуіне бе­рі­ле­тін жауап жалғыз. Ол – Абай. Көбең тартқан көңіліңді көл­­дей шал­қытатын да, шел бас­қан ше­ші­мің­ді шегендейтін де сол дана. Қа­те­­лігіңіздің тоқ­тамы қара сө­зің­де тұр. Өмір – бағдаршамы. Ер­­те­ң­іңіз үшін ерінбей оқып көрі­ңіз. Әркім Абайды әртүрлі та­ни­ды. Әрбір сөз өз егесін тапса дей­міз. Абай айтады: «ақырын жү­ріп, анық бас, еңбегің кетпес да­ла­ға». Мен айтамын: «жо-жоқ, жалының бар да жайпа, сәл иіл­сең бағыңды біреу баса-көктеп кете­ді. Абайдың дәуірі айналып кел­мейді енді?». Данышпан сәл ты­ныс­тап: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп қай­та түртпектейді. «Құдай бер­ген­нің қызығын көрмесем, қу жал­ған кімге дәрі, кімге ші­кірә бол­мақ. Уақыт талабы сол. Өт­кен­нен емес, бүгіннен са­бақ ал» деймін есігімді тарс жауып. Сон­да хакім аса бір асқақ сабыр­лық­пен: «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге» деп тәмам­дайды ой­лы сөзін. Күндегі ісі осы. Дүдә­мал ой кеудеңде кө­ген­­де­ліп ма­ңы­­рай­ды-ай келіп. Дәре­тін көм­ген мысық­тай жасаған кінәң­нің бетін бүркей салатындай емес. Өкінішің өте көп. Абайды қайта парақтайсың. Амалсыздан емес, амалы сол.

Шіркіннің әр сөзі санаулы, саяқ, әйткенмен әділ. Қазақ жақсы көре­ді де, жасқанады да. Сөзінің сал­ты солай. Немістер әйгілі Гётені жерге тигізбей мақтайды. Ағыл­шындар Шекспирдің шек­пені­нен шыққан туындылар­ды айтқан­да таңды таңға ұрады. Ал көр­ші­міз қытай халқы Кон­фу­ций­дің алтын ережелерін Құ­ран­ның аятындай қадір тұта­тыны бар. Тіпті кейбір шенеу­нік­тері қа­быр­­ғаға іліп, қажетіне жа­ра­та­­тын көрінеді. Ал біз ше? Құ­мыр­­с­қаның илеуіндей тар тү­сі­нік­тің айналасындамыз. Абай сіл­е­мінен алыстап кеттік. «Құ­дай­дан қорық, адамнан ұял» тео­ре­масы әр бастықтың ка­бинетінде ілулі тұрса қандай ға­нибет! Әдеттегі жұмысына кірісерде сол қабырғадағы на­қыл­­ға бір көз тастаса жетіп жатыр. Бойына сіңеді, жігерін қай­райды. «Таңдайыма түскен дәм, маң­дайыма біткен бақ» деп ле­пір­ген тақыр түсінігіне, аш­көз­дік­ке салынған аранына тығын бо­ла­ры сөзсіз. Дәтке қуат, жанға суат берер дәрумен де сонда жатыр.

Біз осы күнге дейін бәріне сендік, Абайдан басқа. Бұрмалан­ған тарихқа сендік. Олқылығы көп оқулыққа сендік. Тіреуінің арқасында көкірегін көтерген көкелерге сендік. Өткендер жайлы өтірік айттық. Қадірше айтқанда, «санасы – жыр, дәстүрі – ет, салты – қымыз» қазақ едік. Енді, санасы – батыс, ғұрыпы – араб, салты – орыс шала-жансар біреуге айналдық. Оралханның «Атау-кересі» ойыма оралып отырғаны. Көңілге тисе де айтайықшы. Біз де жоғарыдағы ағалардың барлы­ғына сендік. Ақ – дегенін алғыс көр­дік, қара – дегенін қарғысқа бала­дық. Қытықтаса күлдік, шымшы­са жыла­дық. Көз жасымызды көр­сет­пей боздадық, көрсетсек ұят болады дедік. Маңдайымыздан сипағанын мәртебе көрдік. Қайы­ғымыз суға кетіп, өзіміз аман қал­ғаны­мызға шүкір дестік. Ха­лық кім­ді жақтарын білмей әуре. Қоғам бү­тін­дей тұлғаға зәру. Жаман мен жақ­сыны айырудан қалды. Кімнің ығы­на жығыларын, қайсысының сөзі­не сенерін білмей әлек. Ақ қа­ғаз­дан қара нүктені көрдік, ал қа­раң­ғыда баяу тұтанған жарықты өші­руге асықтық. Соның бәрі Абай­ды білмегеннің зияны. Біз соры­мыз­ды сырттан іздейміз, ал оның іші­мізде жатқанын сезсекші?!

Сөз зергері Зейнолла Қабдол­лов «Әуезовті мақтамау керек, Әуезовпен мақтану керек» депті бір сөзінде. Есті пікір. Біз­ге Абай­мен мақтанатын кез жет­ті. Мәсе­лен, адамның ізінен тол­қын пайда болады екен. Бұл бір фи­зи­калық құбылыс. Рухани энер­гия. Қазақтың ырымдарына ғы­лы­ми көз­қарастан туған толғам. Жақ­сы­ның ізімен жүрсең бойы­ңа із­гі­лік­тің нұры жайылады. Қазақ­тың «басқан ізінен садақа кет» дей­тіні сол. Еңдеше, бізге Абай­дың ізімен жүретін уақыт келді. «Сен ­де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан». Осы ғой бізге керегі!

Жазушы Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетіне осыншама қор­далы дүниелер қалдыра отырып, Абай­дың тобығынан келмейтінін айтады. Соны оқып, қайран қал­ған­мын. Ұлыны мойындау өзің­нің де біліміңді таразылайды екен ғой. Неткен, ілтипат! Нет­кен, құр­мет! Бірде ұстазым: М.Ма­ғауин­­нің жарық көрмеген дис­сер­та­ция­сы бар, «Абай және оның тө­ңі­­регіндегілер» деген. 1984 жы­лы қорғалу керек болатын, әйт­се де Шәкәрім бабамыз ақ­тал­­маған соң ақыры аяқсыз қал­ды. Сонда Абайдан дәріс алған алып­­тар хақында баян етіледі. Төңі­регің­де­гілерді мықтылармен қала. Өзің де мықты боласың» деген болатын. Көбі осы ұйғарымға ұюлы шығар. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Бұдан асырып айта алсамшы.

Абайды алғаш зерттеушілердің бірі де бірегейі Сұлтанмахмұт То­рай­ғыров: «Асыл сөзді іздесең, Абай­ды оқы, ерінбе!» дейді. Ақын 1913-1914 жылдары «Айқапта» жауапты хатшы болып жүрген кезінде жазған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» атты мақаласында «қазақ тіліндегі ерекше үлгі» деп хакімнің өлеңдерін атаған. Сондағысы «Сегіз аяқты» меңзесе керек. «Ағайын бек көп, айтамын ептеп. Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, Жал­ғыз қалдым – тап шыным!». Біз мұнда өлеңнің құрылымына емес, трагедиясына тоқталып отыр­мыз. Шымырлап бойға жа­йыл­ған сұрапыл өлең. Жайсаң нұ­рын мұқым қазақ даласына шашып жатқан алып күннің сәулесі се­кіл­ді. Абай жаққан сәуле.

«Қайғысызға қанша оқылса жат­талма!» Бұл Жұмекеңнің жы­рындағы бір тармақ қана. Біз­дің көңілді селт еткізген жол. Өлеңі­нің жүрексіз пендеге жүк бо­л­масын ойлаған ақын тілегі. Дәл солай, Абайдың да нақылы мұң­сызға жұқпайды. Қайғысыз деп отыр­ғанымыз махаббат машақатын тартқан, не болмаса дүрия дүние алақанынан сусып кеткен пен­денің назы емес. Рухы жүдеу, бол­мысын тұт басқан темірдей, ке­бек кеуде иесі. Біз, сөз соңын Жарас­қан Әбдіраштың жұрт біле бер­мей­тін жырымен тәмамдасақ: «Абайы жоқ халықтың – Құдайы жоқ».

 

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»