АБАЙ МҰРАСЫ – БІЛІМ ӨРІСІНІҢ НЕГІЗІ

Биыл қазақтың екі бірдей ұлы ­алыбы – Әл-Фараби мен Абайдың ­мерейтойлары. Олар жастардың білімпаз, данышпан болуын ­армандап, өздері танып-білген маржан ­ойларын ұрпаққа мирас етіп қалдырды. ­Әл-Фараби: «Ғылымды үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззәт іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» деп ­аманаттайды.
Абай Құнанбаев:
Талап қыл артық білуге,
Артық ғылым кітапта.
Ерінбей оқып көруге, – деп өсиет етеді.

Осындай білім-ғылым ­жайлы түсінікті нақтылай түскен Санкт-Петербург ғылым академиясының құрметті академигі, ­тарихшы Василий ­Осипович Ключевскийдің (1841-1911ж.ж.) өткен ғасырдың басындағы Ресейдің экономикалық, әлеуметтік-тұр­мыстық тарихын дамытуды алдыңғы қатарға қоюға қатысты айтқан: «Ғылымды көбінесе біліммен шатастырады. Бұл үлкен ағаттық. Ғылым дегеніміз білім ғана емес, ­сонымен бірге ол саналылық та, яғни сол алған білімді дұрыс қолдана білу» деген сөзі алғаш байыбына бармаған жандарға ­тосын естілері сөзсіз. Дегенмен, оның астары терең. Мұндайда «Білмегенді сұрап үйренген – ғалым, арланып сұрамаған – өзіне ­залым» дегенді ескеруді кезінде Әлішер Науаи дөп басып ескерткен-ді. «Ғылымды кісінің білімі де, күші де, білегі де күшті», «Ғылым білімге қонады; ғылымсыз білім тым құрғақ» деп Жүсіпбек Аймауытов, т.б. даналарымыздың айтуы да тегін емес еді. Ақыл мен білім-ғылым қатар дамыған елдің еңсесі биік боларын біздің тәуелсіз қазақ елі әлемге дәлелдеп отыр. Абайдың барша қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалағаны да осыдан еді. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше дамылдамауға үндеді, ғылымның шыңындағы әлемге қажет биіктердің ырқымызға оңай бағынбасын баса айтып, баршамызға тең аманат етті.
Абай – әлемдік тұлға. Сол биіктен табылған Абай есімі адамзат ойының аса көрнекті алыптарының қатарында бүкіл әлемге әйгілі болды. Ол қазақ халқының мұң-мұқтажын, мәдениетін, қоғамдық-философиялық ойларын, көркемдік ізденістерін жаңа сапаға көтерді. Ол қазақ халқының тарихи көшін ілгері бастаушы, ой-өріс пікірлерінің шеңберін көңейтуші ретінде ұлттық болмысымызға дара біткен жарық жұлдыз. Абай тағылымы – оның даналығында, парасатты сөздерінде, ағартушылық ой-түйіндерінде, ал ұстаздық ой белесінің асқары – ел тәрбиесінде.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласындағы: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. ­Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау ­жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деген сөздері мені сонау алыс жылдарға ­жетелеп барып, қолыма қалам алғызды. Содан бері де он бес жылдың жүзі болыпты. Бірақ құнды ойлар көнермепті.
Абай тақырыбы мен үшін аса қымбат, жүрегіме етене жақын. Өйткені ол ғаламдық деңгейде ой қозғауға қанаттандырады. Атқарылған міндеттің пайымдылығына өлшем болады. Қарымды істің қаншалық дұрыс-терісін сол тез арқылы тексеріп, салыс­тыруға, алға ұмтылуға боларын анықтайсың. Біз ғалым, әрі ұстаз болған соң, білім мен ғылымға қатысты бағыттың оң-терісін бағамдауда алдымыздағы бағдар­шамның сәулелік қуатын дәл ұстануымыз керек. Абай философиясы, қара сөз­дерін­дегі өмір пайымдары, жасампаз мұрасы еліміздегі кез келген оқу ордалары үшін мәдениет белесі болып қала бермек. Сол белестен қалай көрінсең, халық та өз байламын жасап, үкімет еңбегіңді орынды баға­лайды. Данышпан Абай да үлкен ақыл иесі болуға, халықтық деңгейдегі даналыққа көтерілу жолында сан белестерден өтіп, өмірлік тәжірибесінен ой түйді, сол арқылы оң-солына пайым жасады. Мен де бүгін өткен өмір белестеріме шолу жасай отырып, қол жеткізген адал еңбектің елге тигізген пайдасына ұлы Абай даналығының қаншалық ерен орын алғанын тілге иек етпекпін.
Мен 2005 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ­ректоры қызметінде болған жылдары Алматы қаласында өткен алқалы жиында жасаған «Абай мұрасы және Еуразия ұлттық университетінің мәдени белесі» атты ­баяндамамда:
«Қазақ халқы үшін Абай мұрасы – әрқашан рухани темірқазық. Өйткені А.Құнанбайұлы шығармашылығы ұлт әдебиеті мен мәдениетінің сапалық кезеңін көрсетеді. Ақын мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушылар көбіне-көп дара тұлғаны әдебиетші ретінде сипаттайды. Ал, жалпы қоғамға тигізген игі ықпалын және мәдениетті өрістетуге жасаған тарихи қызметін айналып өтіп жатады. Осы міндет білім мен мәдениеттің ордасы – университетке жүктеледі. Ұлттық университет кез келген елдің рухани жетістігін кешенді түрде оқып, зерттейді. Абай мұрасының Қазақстандағы университеттердің негізгі мәдени арқауы болуы – ақылға сыйымды құбылыс. Бұл мәселе кеңірек ой бөлісуді, пікір алмасуды қажет етеді. Дана ақын ­замандастарына, кейінгіге:
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз, – дейді.
Бұл сөз өскен, елдікті ойлаған азаматта­рымыздың қай-қайсысының болсын жүрегі мен санасында жатталып қалғаны белгілі. Қазақстанда алғаш педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындары ашылған кезеңдерде Алаш қайраткерлерінің ақын Абайдың рухани мұрасына жиі жүгінгені жайдан-жай болмаса керек. Абай: «Ой артынан ой қуар, Желге мінсең жеткізбес» деп жазады. Осы бір үзіндіден тоқтаусыз уақыт пен тынымсыз қозғалыстағы адам ойының үздіксіз дамитыны, жетілетіні айқын аңғарылады. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері – кітап үшін жазылған құр нақыл емес, олар – өмір ағынының сипаты мен елесі, суреті мен пәлсапасы.
Тәуелсіз Қазақстан Абай тұлғасын жан-жақты игеруге қам жасауда. Осы ­орайда негізгі салмақ білім ­саласына ­түсе­тіні белгілі. Республикамыздың жоғары оқу орындары қазіргі кезде арнайы оқу ­бағ­дарламасына Абайтану курсын енгізіп, ұлт ғұламасының еңбектерін ­зерттеп, ­насихаттау ісіне үлес қосып отыр. Солардың қатарында ХХІ ғасырдың оқу орны ­аталып кеткен біздің Л.Н.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университеті де бар екенін мақтанышпен айтамыз» деген едім.
Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу ­деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте ­алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Елбасымыздың: ­«Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылы­ғының тың қырларын ашып, жаңа сырла­рына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге ­жасайды, ­ға­сырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.
Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріпте­генін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз.
Бұл шындық. Ақын Абай қазақ халқы­ның баянды тағдырын еларалық, мәдениетаралық байланыспен сабақтастырғаны мәлім. Бүгінгі күннің шындығында Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанып, Еуразия кеңістігінің орталығынан әлемдік мәдени достастық кеңістігінің орталығына айналуға жұмылып отырғаны айқын. Қазір де, шүкір дейміз. Бұдан он бес жыл бұрын жоғарыда сөз болған «Абай мұрасы – тілдік өрістің негізі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда былай деген едім: «Ата-бабамыз ғасырлар бойы арман еткен азаттыққа қол жеткізген қазақ халқы осы тұста өзінің тәуелсіз мемлекетін құрып, көк байрағын желбіретіп, әлемдік қауымдастыққа қадам басты. Тәуелсіздігі мүшел жастан енді ғана асқан еліміздің бүгінде әлем таныған іргелі елге айналып отырғанын көріп, тәубе дейміз» («Абай мұрасы – тілдік өрістің негізі: халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары, – Алматы: «Информ-А», 2005).
«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқы­мыздың ұлы пер­зентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін ар­найы құрылған комиссия дайын­­дық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халық­аралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, ­рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл біздің әрқайсымызды терең ­ойландыратын сөз. Мені де тебіреткені, өткен жайларды еске алуыма түрткі болғаны анық.
«Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды» деген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөз астарында кәсіби дипломат, тереңнен толғайтын ғалымның толғанысы жатқаны анық байқалды. Абайды еске алу, біле-білгенге өткен күннің белесіне шолу жасау, дананың ақыл-өсиетіне қаншалықты құлақ асқанымызға, өсиетін орындағынымызға пайым жасау емей не?!
Тәуелсіздіктің алғашқы ­жылдары Кеңес Одағына қарасты көпшілік елдердің басын біріктірген Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) іс жүзінде жоспарлаған міндеттерді орындай ­алмай қиналғаны мәлім. Міне, осындай қысылтаяң шақта Еуразиялық Одақ ­идеясы туындады. Дәлірек айтқанда, ­Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылдың ­29 ­наурызында Мәскеу қаласына арнайы іс-сапармен барғанында ­М.В.Ломо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің ұжымы алдында баяндама жасап, Еуразиялық Одақ құруды ұсынды. Еуразия кеңістігін біріктіруде түркі халықтарының тарихи рөл атқарғаны «Еуразиялық түсініктің» ғылыми жағы. Ал халықтың рухани танымына келсек, Батыс мәдениетін игерген Ресейді үлгі тұтқан, пайдасына жақын, зарарынан қашық болуға шақырған Абай буынының еңбегі орасан. Абай, Шоқан, Ыбырайлардың зайырлы ұстанымы кейін Алаш тұсында Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа бастаған зиялылардың әлеуеті­мен толыққаны – тарихи шындық.
Дегенмен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев­­тың көтерген Еуразия­шылдық идеясы мүлдем жаңа сипатта болды. ­Еуропа Одағы әлемдік деңгейге ұмтылу үшін аймақтық ынтымақтастықтың маңызын тәжірибе жүзінде көрсетумен қатар, оның ­идеясы экономикалық интеграция, табиғи ­ресурстарды пайдалану жолдары мен ­тасымалдау, халықаралық ­байланыс, ­терроризмге қарсы ортақ қауіпсіздік ­шаралары, экологиялық апаттың алдын алу сияқты мәселелерді басты нысана етіп алып, тәуелсіз мемлекеттердің тең құқылы достастығын жақтады. Сондықтан Еуразиялық таным тар шеңберге ­сыймайды. Әр кезең, әр ел Еуразияға өз түсінігімен қарағаны сияқты, тәуелсіз Қазақстан да бұл құбылысқа өзінше қарайды. Қазақстан томаға-тұйық ел емес. Сондықтан қазақ халқының бойында атам заманнан бар демократиялық негіз жаңа заманның әлемге ортақ биік құндылықтарымен ұштасуы ­керек деп есептейміз. Еуразияшылдықтың бір аты, түптеп келгенде, мәдениет.
Еуразия танымы тек Ресеймен ғана шектеулі болмағандықтан, оқу ордаларымыз әлемдегі, соның ішінде Еуразия құрлығындағы көптеген университеттермен, ғылыми ордалармен тығыз байланыс орнатуы қалыпты жағдайға айналды. Батыс пен Шығыстың көптеген таңдаулы білім ошақтарымен екі жақты келісім ­жасалып, ынтымақтастыққа қол қойылып келеді. Университеттерде шетелден арнайы шақырылған маман ғалымдар дәріс оқиды. Университетімізге жоғары дәрежедегі ресми қонақтар келіп, білімгерлер мен оқытушы-профессор құрамымен кездесіп жатады. Мәртебелі қонақтардың барлығы – біздің құрметті профессорларымыз, аталған тұлғалардың ішінде әр елдің елшілері, ғалым және саясат қайраткерлері барын мақтанышпен айта аламыз.
Әр дәуірдің ерекшелігі, адам баласын өз шарты бойынша өмір сүруге икемдейді. ХХІ ғасыр – әлемдік мәдениет пен ғылым-білім сарапқа салынып, бәсекеге кеңінен жол ашатын, шарты қатаң болса да, тер төккенге берері мол ғасыр болмақ. Сондықтан еліміз Еуразия кеңістігіндегі жетекші мемлекеттің бірі ретінде қалыптасу үшін, әрине, ­алдымызда жоғары оқу орындарымызды заман талабына сай, бәсекеге қабілетті етіп жасақтау міндеті тұр.
Отандық ЖОО алдындағы мақсат-міндеттерді нақтылаған соң, мен сол жылдары Қазақстан Республикасы Ректорлар Кеңесінің төрағасы ретінде «еліміздің жетекші университеттері Ел Президентінің жаңа бастамасын түбегейлі қолдайды және элитарлық білім беру жүйесін қалыптастыру үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсауға даяр» деп әріптестерімді жігерлендіріп, мейлінше белсенділік танытып отырдым.
Элитарлық білімді белгілі бір топ азамат қана қол жеткізе алатын өте қымбат білім ретінде қарастырмай, дарынды, зерек жастардың жоғары сапалы, терең білім алуы деп түсіну керек. Элиталық университет – білімнің ізгі мұратының нақты іске асуы, қоғамға қажеттігін биік сезінетін, рухани байланыстағы адамдардың бірлігі. Мәдениеттегі сабақтастық, қазіргі өмірге барды жоймай бейімделу, ертеңгі күнге сәтті қадам басуға тыңғылықты даярлық секілді факторларды біріктіретін элиталық университетте білім, мәдениет және ғылым сынды үш жүйе тұтастануы тиіс.
Әрине, үлкен істі орындау үшін үлкен күш керек. Сондықтан элиталық немесе таңдаулы деңгейге көтерілу жолындағы басты тетік – жоғары білікті мамандар қалыптастыру, ең озат оқушыларды студент етіп таңдау, материалдық-техникалық базаны жақсарту, ұлттық және еуразиялық құндылықтар ұлықтау, университет технопаркін құру, білім беру қызметінің нарығына бейімделу, білім сапасын бағалаудың бейтараптылығына қол жеткізу, ғылым мен білім бойынша халықаралық байланыстарды арттыру, оқытушы мен студенттік әлеуметтік зәруліктерін шешу секілді жұмыстар екені нақтыланды.
Бізде гуманитарлық және жаратылыс­тану ғылымдары зерде мен танымның қос қанаты секілді дамуда. Гуманитарлық ғылым көбіне әр мемлекеттің өзінде ­жасалады. Руханият саласы ұлт зердесімен сабақтас жетіледі. Ұлттық тәрбие заңмен, күшпен орнықпайды, талғам-түсінікпен, санамен орнығады. «Тегінде адам ­баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» деп ғұлама Абай айтқандай, бүгінгі заманда білімге қатысты дүниенің бәрі де имандылық пен адамгершілікке бағынуы керек.
Бұл ретте еліміздің қалам ұстар азаматтары мен зиялы қауымына, ақын-жазушыларына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, Жәнібек ханның тұсындағы Асан қайғы, Абылай заманындағы Бұқар жырау мәртебесі өз алдына. Кеңес кезеңі қанша қатал десек те, әдебиетіміздің алыптары елге де, билікке де беделді болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Герольд Бельгер, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов және өзге де абыройлы қаламгерлеріміздің әрқайсысы бір биік емес пе!
Ақын-жазушының жазғаны білім ­сапасы үшін қашанда бағалы. Біз «Әліппеден» бастап өмірлік ғибратты еңбектерге дейін көркем шығармалармен сусындаймыз. Абайдан бастау алған рухани-мәдени мектептің өкілдері Әлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек сынды алыптардың туындысы – біздің ғұмырлық темірқазығымыз.
Бір өкініштісі, қазір көркем шығармалар беделі бәсеңсіп, ғаламторға үңілу басымдық алуда. Сол олқылықты толтыру мақсатында зиялы қауым өкілдері қайтадан бас ­болып бір-бірімізге де, қонақтарымызға қасиетті дүние ретінде кітап сыйлауды қалыптастырайық. Ғалымдар, «болмасаң да ұқсап бақ» ­дегендей, ­жаратылыстану-техника, нақты ғылым салаларының өкілдері ­руханияты Қаныш Сәтбаевты, Евней Букетовті қадірлей білуге тиістіміз. Бізге ұстаз ­болып, кәсіби шыңдалуға баулыған Евней аға әркез: «Әдебиет пен мәдениет – кең тыныс қой. Абайды оқыған сайын адамзат ойының тереңдігінде бойлаймын» деп отыратын. Ардақты аға сөзімен айтсақ, білімге арқау болған жалпы мәдениет – кең ойдың ­тынысы, ақылдың өрісі.
Қилы заманда дүниеге келген ұлы Абай елдік бірлік пен ұлттық ұйысу үшін халықты ынтымаққа, біліктілік пен білімге үндеді. Әуелі өз халқының ішкі тұтастығын қарауға күш салған ойшыл, жаңа заман жастарын ғылым мен білімге ұмтылуға шақырды. Содан кейін, әйгілі өлеңінде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», ­Батыс пен Шығысты алаламай, адамзаттың ортақ құндылықтарын жатсынбай қабылдау керектігін айтып өтті. Ендеше, Абай мұрасын басшылыққа ала отырып, тәуелсіз еліміздің келешегіне кең жол ашып, ХХІ ғасырдың биігінен көрінуге қызмет етейік.

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
Қазақ экономика, қаржы және
халықаралық сауда университетінің ректоры, педагогика ғылымының докторы,
математика профессоры