БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ...

Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты мемлекеттік тапсырыспен жарық көріп жатқан жинақтардың тізіміне менің жылдар бойы жинаған Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше томдық тарихи хранологиялық жинағым қосымай қалыпты. Семейлік сылтау тапқыштар «көркем әдебиет емес, өзінің ақындығымен айналыссын» деп сәлем айтып жіберіпті. Ақындығым мынау деп, өлең жинақтарымды жіберіп едім, ол да құмға сіңген судай ұшты-күйлі жоқ. Сонда қалдай?! Қара халықтың сұранысына ие болып жатқан, « Ұлылар мекеніне саяхат», «Біле жүріңіз», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Абай жүрегінің теңізі» сынды сегіз жинағым жарық көре алмай көк сандығымда көгеріп жатыр.
Растың жүзіне өтірік бетпе-бет келе алмайды! Әйтпесе, атағы дардай Медеу Сәрсеке ағам өзіме сол айтарын тікелей айтып жіберуіне болатын еді. Біз солай, Абай айтқан «мұртымыз аузымызға түсіп отырып, жақсы мен жаманды айыра алмайтын» елміз! Абайдың 175 жылдығы болмаса, Елордасы Астанадан 100-ге жуық мектептердің ішінен біреуіне зорға дегенде Абайдың есімін алып бере алмас едік! Бірлігіміз болса, ел сұранысына қажет «Абайтану» орталығы Елордада баяғыда ашылар еді! Сөзі басқа, өзі басқа, заманның қисынына қарай шабатын, бас пайдасы мен атағын ғана ойлайтын аузымен орақ орған «мықтылардың» заманында «қайраты мен ақылы алып шығатын» ел қалаулыларының шығуы екіталай! Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» неге алдымен Мәскеу қолдағанын енді түсіндім. Әлемге қазақты танытып жүрген Ержан Максимов пен Димаш Құдайбергеновты сыртқы елдер мойындамаса өзіміз табанға салып таптап жүре берер едік. Төрге шығып, қолынан келгендер қонышынан басып «шедевр» атанып жатқанмен ел ішінде олардың атасын ұрып өтетін небір таланттар бар-ау!
Рас екен, Бұқар бабам айтқан «қазақтың жауы – қазақ!».

ЖАРАМАЙ ҚАЛҒАН ЖИНАҚТАН ҮЗІНДІ

ТҰЖЫРЫМДАМА

«Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған тарихи хранологиялық жинақ»

Абайтану ғылымында ерен еңбек атқарған М.Әуезов Абайдың шығармашылығы мен өмірі жайлы хронологиялық жинақты өзінің өмір сүрген уақытына дейін жеткізді. Бір өкініштісі – заман ағымына қарай Ә.Бөкейханов, Шәкәрім, Мағжан, Міржақып сынды алаш арыстарының еңбегі, айтуға тыйым салынған кейбір деректер енгізілмеді. 1960 жылдардан кейін Абай шығармашылығына байланысты деректер жүйелі түрде жинақталып жарық көрген жоқ.
Мен Абай мұражайында еңбек еткен жылдарымнан бастап, бүгінгі күнге дейін (1992- 2018 ж). «Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған тарихи хранологиялық жинағын» үздіксіз жинап келемін. Абай шығармашылығы мен өміріне арналған деректер толық түсінігімен жазылған. Осы күнге дейін еш жерде жарияланған жоқ.
Ерекшелігі: Жинақ уақытына қарай жылнама негізінде толықтырылып томдық негізде жариялана береді. Республика бойынша мектеп бағдарламасына сәйкес оқытылатын Абайтану бағдарламасында бұрын-соңды назардан тыс қалып келе жатқан Абайдың сатылай өсу жолдарын негізге ала отырып, тарихи даталарды бір жүйеге қалыптастырады. Абайдың өмір жолы мен шығармашылық кезеңдерін тақырыпқа бөліп, мектеп бағдарламасына енгізуге бағыт беріледі. Абай заманындағы Абайтану, Кеңес дәуіріндегі Абайтану, Бүгінгі Абайтану негізінде Абайды жаңа қырынан зерттеуге ғылыми еңбектер жазылып, тақырыпқа шектеусіз шығармашылық ізденісіне жол ашылады.
Мақсаты: Әр адамның іздегенін табатын, оны өміріне тірек ете алатын, бағыт-бағдарын айқындай алатын қуат күші Абай шығармаларының тұрақты әдістемелік нұсқасын қалыптастыру. Абайды тану, оның өмір жолы мен шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне сай оқып-үйрену, жан-жақты талдай білу. Абайтану ғылымын жаңа бағыттағы тың көзқараспен қарауға мүмкіндік туғызу. Тарихи деректерді бұрмаламауға жол берілмеуіне негіз болу.
Идеясы: Абайдың өмірі мен шығармашылығын, әдеби мұраларының мәні мен маңызын тану, мектеп бағдарламасына сай Абайтану оқулығын қалыптастыру. Абайтану ілімін әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы жеткізу.

Бағдарлама идеясы және авторы: Алмахан Мұхаметқалиқызы.

«Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған тарихи хранологиялық жинақ»

І - том

1845ж. 10. VIII. Абайдың ескіше туған күні. Жаңа күнтізбе бойынша 23. VІІІ.дүниеге келген. Абай осы күнгі Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған тобықты руының ішінде өсті. Абайдың өз әкесі – Құнанбай, оның әкесі – Өскенбай, үшінші атасы – Ырғызбай болсын барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Абай Құнанбайдың 41 жасында дүниеге келген. Құнанбай көп әйелді болған. Үлкен әйелі қыздай айттырып алғаны – Күңке. Бұдан туған баласы – Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан. Ол Құнанбайдың інісі – Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі жастай қаза тапқан соң, Құнанбай келінін әмеңгерлік жолмен алады. Бұдан туған балалары – Тәңірберді, Ыбырай \Абай\, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі – Айғыз. Одан – Халилолла, Сұмағұл деген балалары болған. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деген өлеңінің мәні осы. Құнанбайдың төртінші әйелі –Нұрғанымнан бала болмаған.
Құнанбай балаларының барлығы мұсылманша оқыған. Абайдың балалық шағы екі шешесінің ортасында тел өскендіктен еркелетіп «Телқара» деп атаған.
Абай өзінің тапқан шешесі – Ұлжан мен үлкен шешесі –Зере жаратылысынан мінезді, әділ, мейірбан адамдар болып, жас Абайды бауырмал, адамгершілік жолымен тәрбиелеуге тырысады. Әкесі азан шақырып қойған атты да сол аналар еркелетіп, өзгертіп, «ойлы бол, еркелегіш аңдағыш бол» деп «Абай қойған.

1851ж. Аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының Қарқаралыда мешіт салдырады. 1848 жылы 16 наурызда Шекара басқармасының құрылыс бөліміне Қарқаралы дуанының кеңесшісі атынан Құнабай төмендегідей мазмұнда хат жазады. «Осы округтың аға сұлтаны, майор Тәукин мен Кішік Тобықты болысының болыснайы, хорунжуй Өскенбай өздерінің 17- ақпандағы хабарламасында Қарқаралыда мешіт салуды қолдады. Құрылысты бастауға Қарқаралыдағы рота солдаттарын мешіт салу ісіне пайдалануға рұхсат беріңіз. Оларға тиесілі заңды еңбек ақыларын төлеп, жағдайларын туғызамыз» дейді. Осы кезеңнен кейін архив деректерінде Құнанбай мырза есімі өзге болыснайларға қарағанда ерекше аталып, мешіт салу жұмысында жиі ауызға алынады. Мешіт салу барысында шекара басқармасы бастығына хабарлама хаттар жолдап, құрылыстың жүру бағытымен таныстырылып отырады. Құрылыс сәтті аяқталғаны туралы қуанышты хат жолдап, Құнанбай мырза, Сағыз Доғалақов қол қойып, мөрін басады. Бұл кезде Абай алты жасқа келген еді. Әкесі Құнанбаймен ере барып, Қарқаралы елді-мекенімен етене танысып, әкесі салдырған мешітті тамашалайды. Құнанбайдың бұрын келіп түсіп жүрген пәтері қазаққа араласып кеткен татар үйі екен. Кең төрт бөлмелі қарағайдан салынған үй. Жас Абайға бұл өте қызық. Үлгі аларлық, өмірде азық боларлық керекті қазына екндігі сезіледі.

1851 ж. Қарқаралы жерінде Көкшетау байрайында Аққойтас өзенінің бойында шілде айында Өскенбай Ырғызбайұлының (1778-1850) асы беріледі. «Қарадан хан болған» Құнанбайдың атақ-даңқын алты алашқа жайған өнегелі ісі осы әкесі Өскенбайға үш жүздің басын құрап ас беруі болады. Ташкент, Бұхара төңірегіндегі Ұлы жүз қазақтары да қажыға сый-сыйапаттарымен келіп, құрмет көрсетеді. Үш жүздің ел басқаратын адамдарын, билерін, ақын-жырауларын, ат ойнайтын сайысшыларын тегіс шақырады. Асты Алшынбай, Тәттімбет, Жанақ ақын, Байжігіт, Тана би өткізеді. Күтушілер - Тоқсанбай (Шаншар), Жанғұтты (Әлтеке-Сырым), Есберген (Қарсон-Керней), Жәңгір (Керей) бастаған 12 болыс Қарқаралы қатысады.
Өскенбай – Абайдың Ұлы атасы, халық сыйлаған қадірлі биі. Ол дүниеден өткенде тобықты елі тегісімен зар тұтып, оның айтқандарын жоқтаумен есіне түсірген. Үш жүздің баласы жиналған Өскенбайдың асында Тобықты елі тағы да күңіреніп, кемеңгер атасын жоқтап, жылай берген. Тана би мен Тәттімбет екеуі Жанақ ақынға: «Мұның жауабын сен бермесеңөзгенің қолынан келмейді» дейді. Бірінші сөз Жанақ ақынға берілгенде былай деп басу өлең айтады:
Ей Құнанбай, Құнанбай,
Қазаққа сенен де артық ұл туар ма осындай,
Ас бердің әкеңе,
Үш жүздің басын қосып баласын.
Құнанбайдай болып ұл туып,
Өз әкеме ас берсем,
Тобықтының баласы-ау,
Жылайда беріп қайтесің,
Топырағы торқа бола берсін де,
(айтушы Көкбай Жанатайұлы).
Осы Асқа қатысқан Балта ақын да:
Атың шыққан руымның қақпасындай,
Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай,
Кешегі өтіп кеткен би Өсекем,
Алтынын тастап кеткен ат басындай.
Үш жүзді жиып ас бердің,
Келістіріп сәйкесін,
Алшысы мен тәйкесін.
Келсең, келге кез болды,
Кеий де беріп қайтесің? – деп айтқаны жайында тарихи деректер бар.
Әлі күнге халық тарихында елеулі есте қалған бұл әйгілі асты бұдан кейін де талай ақындар жырларына арқау етеді. Ас өте сәулетті, көркем түрде өткен. Аққойтас өзенінің бойында мыңдаған ақ үйлер тігіліп, ұлы сойыс жасалады. Ас, ойын-сауық, қызық көру түрінде өтеді. Мыңдаған мал сойылып, тоғыз-тоғыздан бәйге тігіледі. Қалың Арғынның жеті момын, бес Мейрам руларын, оған қосымша Керей, уақ, Найман, Кіші жүз, Ұлы жүз рулары түгел қатысқан, бұрын-соңды қазақ даласында болмаған, Сағынайдың асынан да ең ірі ас болады. Оны басқарушы Тәттімбет пен Жанақ ақын Найман бала, топталған күйшілер, оның ішінде атақты күйші Дайрабай мен оның баласы – Бақтыбай да қатысады.

1852 жыл. Құнанбай Абайдың тоғыз жасында қамауға алынады. Ол Қарқаралы түрмесінде 3 ай, Омбы түрмесінде 9 ай отырған. Бұған себеп болғаны Құнанбай аға сұлтан болып сайланғанда өз орнына болыстыққа көкше Бөкей биді сайламай, өзінің туған інісі Майбасарды сайлаған, Майбасар қызметіне кірісе сала көкшелерді аяусыз жазалаған, оны Құнанбай да қолдап, үстінен түскен арыздарды жауып тастап отырған деген айыптар тағылады..
Ал Құнанбайды Омбы түрмесінен шығару үшін Құнанбайдың інісі Майбасармен жауласқан би-болыстар, Қоңыр-Көкше-Тобықты руының екі биі «Құнанбай кінәлі емес. Оны кепілдікке шығаруыңызды сұраймыз» деп Омбы губернаторына хат жазады. Ол хат ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың қолы¬нан өтіп, Ш.Уалиханов кепілдеме беріп түрмеден шығарып алады. Құнанбайды тергеу жұмысы 12 жылға созылған. Ол еліне қызмет ететін осынау қымбат жылдарын үй қамағында өткізді. 12 жыл бойы ешқайда шығуға құқығы болмады. Ешқандай қызмет те атқара алмады. Тергеудің соншама ұзаққа созылуына Тобықты болыстарын Қарқаралы округінен Семей округіне бағындыруы себеп болады. Сөйтіп, 6 жыл тергеу уақыты өткен соң бұл болысты «Аякөз» округіне қаратады. Онда үш жыл тексереді. Одан қайтадан аталған болысты Қарқаралы округіне бағындырады. Сонымен 12 жыл өткен соң 1865 жылдары губернатор істі қысқарту жөнінде жарлық береді.

1854 ж. Қазан. Семей қаласына «облыс орталығы» статусы беріледі. Абай медресеге барған жылдары шаһардың өркендеуі жаңаша қарқын ала бастайды. Осы жылы Семейге саяси іспен жер аударылғандардың алдыңғы легімен орыс жазушысы Ф.М.Достоевский келеді. Оны Семейде барон Врангель, ерекше тапсырманы орындаушы А.Трафимов және өлкетанушы И.Земляницын, археолог Н.Абрамов сияқты оқымысты жас азаматтар қауана қарсы алады. Ф.М.Достоевский Семейде жүріп қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уалихановпен кездеседі. Осы жылдары атақты саяхатшы Семенов-Тянь-Шанский де Семей топырағына ат басын тіреген.

1855-1857ж.ж. Абай ауыл медресесінде (Ескі там) оқиды. Алғаш салынған медресені Құанбай медресесі деп атайды. Ескі керуен жолына салынған Көлқайнардың шығыс жағындағы қос көлдің ортасындағы мешіт- медресе жас Абайдың әже бауырында болған жылдарының жарқын куәсі. Абай ауылының өз жұрты болған бұл өңірді - кейін ел көшкен кездерде күтімсіз қалған тамды Семей мен екі ортаға жүк тартқан керуендер мекен етіп жүреді. Еденнің тақтайын қопарып әкеткеннен кейін там ескіреді. Содан бері «ескі там» деп атана бастайды. Осы ескі тамның терістік жағына қарай елу қадам жүрген соң, Зере бәйбішенің тіккен үйінің жұрты көрінеді. Көлбей жатқан дөң етегіндегі алаңда Өскенбай ауылы қоныстанып, сол жерде Өскенбай Тобықтының биі сайланған. Зере бәйбіше осы жұртта келін болып түсіп, шалғыны ұйыса біткен қора орнындай алаңда Құнанбай дүниеге келеді. Кейін Зере бәйбіше жылда жазғытұрым осы қонысқа келіп жайғасуын әдетке айналдырыпты. Құнанбай мешіт-медресе салғанда терезелері щығыс жаққа қараған ерсілі-қарсылы асты-үсті тақтайланған үш бөлме болған екен. Оң жақтағы оңаша бөлмеде Зере бәйбіше тұрыпты да, ол кісі дүниеден өткеннен кейін Абайдың өз анасы Ұлжан иелік етіпті. Үш бөлменің өн бойына тұтас тартылған бодамның оңтүстік жағында тағы бір бөлме қосылып, ол бөлмеге тамақ істеліп, Зере бәйбішені күтетін адам тұрыпты. Жас Абай да сонда сабағын қарап, әжесімен бірге тамақтанады екен. Сол оңаша бөлмеде кейін Мүрсейіт молда Абайдың өлеңдерін көшірумен айналысқан. Құнанбай ауылдары жазғытұры мен күз күндері осы қыстау маңының кең өрісінен ұзамай шоғыр отырады екен. Абайын сабаққа берген әже баласының тоңып жүргенін байқайды да, Құнанбайға «Балаларымды оқытқаныңды теріс көрмеймін. Бірақ, суық үйде бала сабақ ұға ма» депті. Сонда Құнекең «Балаларыңызбен бірге Сіздің де жағдайыңызды ойлап жүрмін» деп осы қоныста құрылыс бастатады. Бөлмелері кең, асты-үсті тақтайлы, терезелері жарық медресе үйін салдырады. Бір бөлмесін Зере әжесі мен Абайға береді де, басқа бөлмелерді тегіс балалар сабақ оқитын етіп, қала үлгісінде жабдықтайды. Сол медреседе Құнанбайдың өз балалары – Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Халиолла, Смағұл, немерелері – Шәке, Шәкерімдер қара танып, қанаттанады. Осы медреседе алған нәрі, зерделі зейін иелерінің қалалы жерден оқуын жалғастыруына өз тұрғысынан ізденіп үлкен білім иелері болуына жол ашады. Медресенің тақтайлы бөлмелері киіз үйлердің арасында әсем сарайдай сияқтанып, жұрттың көзін тартады.Күзгі күндері мен жазғытұрымғы суық күндерде үйлерінің панасы жоқ кәрі құртаң адамдар балаларын жетелеп кеп, олар сабақтан шыққанша осында отырады екен. Үлкен адамдардың үйлеріндегі күйсіздіктерін білетін Зере бәйбіше «Абайыма тәңіржарылқасыны тиер ме екен»- деп, күніне бір мезет ыстық тамақ жасаттырып, бергізіп жүреді. Барған сайын бала саны да өсіп, оларды әкелетін үлкен адамдар саны да көбейе береді. Әуелде өз балаларын оқытқан Құнекеңе енді алыс-жақын ағайынның көбі қолқа салады. Ғабитхан молда да енді аз баламен сабақ жүргізгеннен гөрі шәкірттердің көбірек болғанын қалайды.Осыдан кейін Абай ауылдарын жағалап жүрген малшы- жалшылардың балалары оқуға тартылуына Құнекең қарсы болмайды. Осылайша арада жыл өтпей Ғабитханның шәкірттерінің саны 40-50-ге жетеді. Зере мен Ұлжан өз балаларын тамақтандырып жатқан кезде кедей кепшік шәкірттерінің мөлиіп көз сүзіп тұрғандарына жаны ашиды. Кейіннен Зере мен Ұлжан шәкірттердің барлығына бірдей бір мезет ыстық тамақ бергізіп отырады. Шешесінің тапсыруымен алыстағы үйлеріне қайта алмай қалатын балаларға арнап, бір бөлме беруге мәжбүр болады. Құнанбайға сыйлы болған соң, Ғабитхан Ырғызбай ауылының төрде отыратын сыйлы молласы атанады. Атағы Шығыс асып, Найман, Уақ, Керей арасына да жетеді. Өз балаларына Ғабитханнан дәріс алуға құмар Құнанбаймен сыйлас ел иелері «Ғабитханның алдын көр»- деп өз моллаларын жіберіп алады екен. Сөйтіп Абайдың Семей қаласына келіп оқуына жол ашқан бастау Ғабитханнан алған білімі болады. Бұл медреседегі сабақ көктем мен күзгі 6-7 айға созылады. 1932 жылы ашаршылық зобалаңында қайтыс болған «кішкене молда» Жидебайдағы Зере мен Ұлжанның зиратына жерленген.

1857-1859 ж.ж. - Абай Семей қаласында Ахмет Риза медесесінде оқиды. Семей қаласындағы сегіз мешіт-медресенің бірінен саналатын Ахмет –Ризаның медресесіне оқуға келеді. Семейдегі алғашқы дәріс берген молдасы – Ғабдулжаппар деген татар молдасы болады. Артынан бұдан шығарып, Ахмет-Риза медресесіне береді. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Мешіттерінің жанында медреселер ұстап, оқытқан шәкірттерін медреседе жатқызып оқытады. Оқу әрине ескіше араб, парсы тілінде жүргізіледі. Кейінгі заманға дейін сақталып келген салтқа қарағанда түрік тіліндегі оқу – қосымша сабақ ретінде жүргізіліп отырады. Осы жылдар аз уақыт орыстың «приходский школына» түсіп орысша білім алады.
1860 ж. Құнанбай Алшынбайдың немере қызы он жеті жастағы Ділдәні айттырып, он бес жастағы Абайға қосады. Құнанбай ежелден ерекше іс істеуге құмар адам болады. Бұл жолы да бұрынғы ел салтында жоқ жұмыс істемек болады. Ұлжаннан туған үш ұлы – Тәңірберді жиырма жаста, Абай он алты жаста, Ысқақ он төрт жаста болады. Бұлардың барлығының бұрыннан айттырылып қойған қалыңдықтары бар еді. Алшынбай қызын әкелгенде Тәңірберді мен Ысқаққа да қалыңдықтарын әперіп, тойын бірақ істеп, үш отауды бөлек отау қылып қондырып, енші бөліп береді. Құнанбай үш баласына бірдей 200-ден қой, 50-ден жылқы, түйеден 10-нан енші береді. Тәңірбердіге Қосшыбай деген Керейді, Абайға Мырзахан баласы – Шаяхметті, Ысқаққа Әнет Бікі деген адамды малшы әрі көрші қылып қосады. Жас отауға әкесі Құнанбай Ақшоқыдан жер бөліп беріп, онда Абай сегіз бөлмелі қыстау салдырады. Ділдәдан – Ақылбай, Хакімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан туады. Ділдә 1860 жылдан 1923 жылға дейін Ақшоқыдағы қыстауда тұрады. Кеңес үкіметінің асыра сілтеуі тұсында 1923 жылы Ақшоқыдан көшіп кетуге мәжбүр болады. Абай мен Ділдә тұтынған дүние мүліктің бірсыпырасы әлдекімдердің қолында кетеді. Абайдың өтінішімен 1880 жылы Тобықтыдан шыққан ағаш ұстасы, зергер-шебер Еспенбет жасаған зерлі ағаш төсек қана аман қалады. Оны 1939 жылы Абай ауылының адамы – Нығмет Өтепбаев Жидебайдағы Абайдың музей-үйі қорына тапсырады. Ділдә 1924 жылы дүниеден өтіп, Аралтөбедегі Әйгерім басына тұрғызылған төрт құлақты тамға жерленген. Қаза болардан бір жыл бұрын Ділдә жайлауға Аралтөбеден көшерде, Әйгерім зиратына келіп, Әйгерімге; «Әй, Тоқал, сенің Аллаға тілегің менен гөрі бір табан жақын еді. Мені енді жүргізбей қасыңа ал!» деген екен. Ділдәға арнайы зират тұрғызбай Әйгерім қасына қоюда бәйбішенің осы сөзі себеп болыпты. Алланың арнаған жері осы шығар. Әйтпесе, Ділдә Абайға лайықты жар, ел анасы бола білген.
1861ж. Алшынбайдың немере қызы, ақынның алғашқы әйелі – Ділдәдан Абайдың тұңғыш баласы Ақылбай дүниеге келеді. Әкесінің 16 жасында дүниеге келген Ақылбай балалық шағы мен жігіттікке жеткен кезін өз әкесінің үйінде өткізбейді. Үлкен әкесі – Құнанбайдың кенже баласы атанып, оның төртінші әйелі – Нұрғанымның қолында өседі. Осындай тәрбиелік жағдайының есебінен Ақылбай Абайға көбіне іні есебінде қарап өскен. Абайдың анақ ұлғайып, үлкен білім иесі, атақты ақын болған кезінде ғана оның өз тәрбиесіне ауысады. Бірақ, жас кезі мен жігіттік шағы Абайдай әкеден аулақта өскендіктен Ақылбай орысша оқи алмай қалған. Оның оқу-білімі ауылда, мұсылманша, ескіше оқудың орташа дәрежесі болады. Әуелде қысқа өлеңдермен өз өнерін байқатып жүріп, кейін өмірінің соңғы кезеңдерінде Абайдың кеңесімен, ақындық талантының кесек үлгілерімен кесек еңбек тудырып, «Дағыстан», «Жаррах», «Зұлыс» сияқты тарихи дастандар жазады. Абайдың ақындық өнер мектебіне араласқан соң, ән-күй, музыка өнеріне көп ден қояды. Ақылбай ірі домбырашы және скрипкашы болған. Әлмағамбет әншінің сұрауымен «Ақылбайдың әнін» шығарған. Ақылбай өзінің ақындық өнерінің жаңа өрлеп келе жатқан кезінде өмірден озған.
1962 ж. Абайдың бәйбішесі Ділдәдан Күлбадан атты қыз бала дүниеге келеді. (1862-1932) Оны Абай жас кезінде Семейден орыс мектебінде оқытқан. Күлбадан Дүтбай Уандықұлының інісі – Дүйсекеге тұрмысқа шығады. Дүйсеке өлген соң, Күлбаданды әмеңгерлік жолмен Дүтбай алады. Күлбадан Дүйсекеден – Хамза, Дүтбайдан – Мүкен, Мұхтар. Мұштар, Мәкен, Хадиша деген балаларды тараған.
1855 –1881ж.ж. Абай “Шығыс ақындарына”,”Әліп би”, Юзи раушан” «Сап-сап көңілім», «Аяғыңды аңдап бас ей, Жақсылық», «Абыралыға», т.б. сияқты тоғыз өлең жазды. Хожа Хафиз, Науаи, Сағди Фирдауси сияқты ақындардаң еңбектері еді. Алдымен ақындарды көп оқу себепті Абай араб, пасы тілдеріне төселе түседі.Сондықтан да алғашқы өлеңдерін араб, парсы тілдерін қосып айтады. Хожа Хафиз, Науаи, Сағдиғ Фирдауси сияқты ақындардаң еңбектері еді. Алдымен ақындарды көп оқу себепті Абай араб, пасы тілдеріне төселе түседі.Сондықтан да алғашқы өлеңдерін араб, парсы тілдерін қосып айтады. Көбінесе қара сөзбен айтылған тапқырлық пен алғырлық, өлеңдегі өлшеусіз терең ой соның айғағы. Өлеңді суырып салып айтуды Абай ойында да, шынында да көп қолданып жүрген. Бірақ, сонда да ол шақта өзін «ақынмын» деп санамаған. Өлеңді де ойын, қалжың, мысал түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттік кезге жеткен шағында қыз-келіншекке арналған сәлем хат, қалжыңды өлең түрімен айта беретін болған. Бірақ, ол кездегі өлеңнің көбін өзі де ескермей, өзге де көп елемей ұмытылып қала берген.
Есте қалғанның бізде жиналғаны «Әліп бимен жазылған тілек хат», «Тайға міндік», «Сап-сап көңілім» деген өлеңдер. Күлкі мен қалжың қылып айтқан өлеңді Абай бала күннен бастаған. 12 жасында бір жолаушы әйелге айтты деген бір ауыз өлең бұған дәлел. Сол уақытта-ақ мінегіш, мысқылшыл кішкене Абай болашақ үлкен сатирик Абайды танытқандай. Анық ақындыққа үлкен өрісті әлеуметтік еңбек деп кіріскен ақын мүмкін 1880 жылдарға дейінгі өлеңдеріне көңілі толмай шығармаларына қоспауы мүмкін. 1880-1881 жылдардан өмірінің соңына дейін биік сапалы көркемөнерлі Абай өзінің алғашқы жылдардан алған биік сатысынан ешқашан төмендеген емес.
1869 ж. Абайдың бәйбішесі – Ділдәдан Әбдірахман (Әбіш) дүниеге келеді. 1882 жылы Абай Әбдірахманды Семей қаласындағы уездік мектепке береді. Сонан кейін 1886-89 жылдары Түмен қаласындағы Александров реалдық училищесіне береді. 5-6-7 класты сонда бітірген Әбіш 1889-1892 жылдары Санкт-Петербургте Михаилов артериялық училищесін 3 жыл оқиды. Әуелі қатардағы юнкер дәрежесінде түскен Әбіш 1890 жыл унтер-офицер, 1892 жылы портупей –юнкер, сол жылы тамызда под поручик деген атақ беріледі. Училищені өте жақсы бағамен бітірген Әбдірахман сол жылы Ташкенттегі бекініс горнизонының артилерия гарнизонына жіберіледі. Әбішке берілген әскери мінездемеде мінез-құлқының өте жақсы, жарқын екені, әскери қызметіне жауапты қарайтыны, таңдаулы офицер болғалы тұрғаны, бірақ, денсаулығының нашар екені жазылып, оның құрметті қазақтың баласы екені ескертіледі. Осыған қарағанда Абайдың абыройы Петербургте де белгілі болған. Әбіш 1892 жылы елге демалысқа келгенде Мағрипаға (Мағыш) үйленеді. Мағыштан Рахила деген қыз туады.

 

(Алмахан Мұхаметқалиқызының фейсбук парақшасынан)