"БЕС АСЫЛ ІС, КӨНСЕҢІЗ..."


 Төменде Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңіне азды-көпті түсінік бермекпіз. Өлең өзегі – «адам бол!» идеясы. Айта өтері, барлық Абай жинақтарында туынды «1886 жылғы» делінген. Жаңа үлгіде дайындалған екі томдық жинақта мен бұл датаны «1882 жыл» деп өзгерттім. Неге? Оған тірек дерек-дәйектер көп, бірақ оларға тоқталып жатуды мақала көлемі көтермейді.    

«Ғылым таппай мақтанба» – Абайдай ұстаз ұрпақ тәрбиесіне арнаған алғашқы өлеңнің бірі. Соның өзінде-ақ теңіздей терең, мұраны ағартушылық дидактика демей, даналық өсиет десек дұрыстық. Ондағы пәлсапалық ой-танымды мұқият екшеп, байыптап түсіндірмек жайымыз сол. 

Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.

Дәйім жатқа айтылатын осы «бес дұшпан» мен «бес асыл іс» идеясын оқушы өз бетінше түсіне ала ма? Сірә да, жоқ. Себебі, Абай тән мен жанның таласы және адамның өзін-өзі жетілдіруі деген екі күрделі мәселені көтерген.

Бес дұшпан  – өзімшілдік (яки эгоист) мінездің, ал бес асыл іс – көпшіл (халықшыл) мінездің көрінісі. Екі мінез антипод: біріншісі – қатігез, екіншісі – бауырмал. Жан мен тәннің таласы, әлбетте, қоғамдық өмірде ғана емес, әр адамның жүрегі арқылы өтетін мәңгілік күрес. Фалсафа ілімінде мұны сана мен тұрмыстың билікке таласы дейміз.

Алдыңғы аталған бесеуді ойшыл «бес дұшпаның» деген. Неге? Себебі, ел бұзылуы, яғни әлеуметтік әділеттілік пен дәстүрлі өмір реттілігі бүлініп, қоғамның қилы өрнекке орануы – осы бесеудің ісі. Абайдың: «Ел бұзылса, табады шайтан өрнек» дейтіні сол («Қартайдық, қайғы ойладық...» өлеңі).     

Қиянатшыл, қатігез қоғамға, я жеке адамға бақыт құсы қона ма? Әрине, жоқ. Мұны халқымыз: «Құдай сүйер қылығы жоқ», – деп ұқтырған. Имансыз деген мағынада «әй, кәпір» деп ат қойған. Сонымен, бес дұшпаннан жиренуді әдет қыла алдық па? «Әдетің – сенің мінезің, мінезің – сенің тағдырың» (Шәкәрім) демекші, бақытты болу я болмауды әдет шешпегін біле алдық па? Бұлай деп мақтана алмасақ керек. Президентіміз Қ.Тоқаевтың таяуда жарық көрген мақаласы соңында: «Абай бізге нені аманаттады? ...Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба?» дейтіні сол.

Енді «бес асыл іске» келейік. Бес асыл іс – бұл дүние ғана емес, ақиретке де егіндік. Ол Шығыстың ақыл-ой қазанында ғасырлар бойы қайнап, өмір сынағынан өткен идея. Былайша айтқанда, бақытты болу формуласы. Өйткені, бесеуі де Құдай сүйетін қайырлы істер.

Түсініктемелейік. Талап пен еңбек – осы дүниеде жақсы ғұмыр кешу шарты. Бұл екеуінсіз жақсылық атаулы да (ұрпақ өсіру, абыройлы болу, ұзақ жасау және т.б.), ырыздық-нәсіпке кенелу де жоқ. Бірақ адамға фәни жарқылына алданбау, терең ойға келу шарт. Ортаңғы қазық болып қағылған асыл іс осы. «Терең ой» деген не, өзі? Абайда «терең ой» – Құдай бар, жан жоғалмайтынына сенім. Басқаша айтқанда, әр адам өз жүрегінің түбіне терең бойласын дегені. Жүректе сенімі жоқ адам қиянатшылыққа салынбақ. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» (1887) деген өлеңі соңында ақын ойсыз пақырды шеней келе, былай деп түйеді: «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап». Бұл жерде «терең ой»-дың мәнісі – шын иман.  

Соңғы екі асыл іс – қанағат пен рақым. Бұл екеуі де жаңағы терең ойдың жемісі.  Адамның өмір мағынасын түйсініп, өзін-өзі жетілдіру жолына түскенінің көрінісі. Көріп отырмыз, «бес асыл» бірі біріне матаулы ғибрәтлі істер, бүгінгі таңда олардың өзектілігі арта түспесе, кеміген жоқ. 

Қорыта айтқанда, Абай «Бес нәрседен қашық бол» және «Бес нәрсеге асық бол» деуімен өмір сүрудің моделін анықтап берген. Ол бойынша жан тәнді (яки сана тұрмысты) билеуі шарт. Абай діттеген табиғи модельге  құлақ аспасақ, сөз жоқ, рухсыздық пен құдайсыздық ауадай жайылып, төмен қарай құлдырау жалғаса бермекші. «Бес асыл іс» философиясынан алар ғибрат, түйер түйін осы. 

Әрі қарай өлеңде «Ғалым деген кім?», «Ғылым деген немене?» деген мәселе көтерілген. Абай мұрасы ғылым туралы ой-танымға толы. Соның басы, яғни қазақ қоғамын қайтсем ғылымға мойын бұрғызам деген ой Абайға істі болып, үйқамақта жүрген 1880 жылдардың басында келгенін аңғарамыз.  Адамзатты асыраушы да, алдыға қозғаушы күш те – ғылым. Бұл қазіргі таңда баршаға аян аксиома. Дана Абай: «Дүние де өзі мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп 19-ғасырда, прогресс жолынан шет қалған қазақ сахарасында айтқан болса, бұған қалай таң қалмасқа?!

 Бес асыл іске сен, оны өмірде жүзеге асыр! Өлеңнің екінші бөлімінде Абай жастарды осыған шақырған. «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз», «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» және «Жамандықтан жиренсең, Ашыларсың жылма жыл» деген ақыл-кеңестері соның айғағы. Әрбірін жіліктеп ұқтырып, жас ұрпақты өзін-өзі жетілдіруге үндеген. Айта берсек, өлең тұнған өсиет, оның қай қайсы да ескірмейтін шын сөздер. Осынау даналық нақылдар төркіні қайдан? 

 Өлең соңында ақын:

Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл –
Ғұламаһи Дауани, - деуімен шын сөздің иесі – ғұламаһи Дауани екенін білдірген. 

Ғұламаһи Дауани парсы жұртының ғұлама ғалымы, ХУ-ғасырда өмір сүрген. Оның «Ахлақи Жалали» («Жалали этикасы») атты кітабы Еуропа елдерінің тілдеріне «Мұсылмандардың практикалық философиясы» деген атпен аударылып, адамдық тәрбиенің қайнары саналған.  

Әзірге Абай Дауани ғұламаға иек артқанын көріп отырмыз. Алдыға оза айтайық, он жылдай уақыт өткенде қазақ ойшылы Шығыстың «бес асыл іс» философиясы ғылыми негізде, жаңа сапалы деңгейде жаңғырған «толық адам» ілімін қалыптастыруды қолға алады. Терең ізденісінде хакім Абай «бес дұшпан» жарым адамның, ал «бес асыл» толық адамның істері екенін анықтап береді.  Шүбәсіз, «Толық адам» ілімі – хакім Абай жаңалығы. Оның авторы қазақ данышпаны деп бүкіл әлемге жар салуға құқылымыз.

Сонымен, тұжыра келгенде, «Ғылым таппай мақтанба» – Абай «пайда ойламай, ар ойлайтын» шапағатты адам, кісілікті кісі болуды аманаттаған өлеңдерінің алғашқы қарлығашы. Онда адамның бақытты болу формуласы және өзін-өзі жетілдіру жолдары паш етілген. Абай өсиетінің ел ішінде мақал-мәтелге, қанатты сөздерге айналу үрдісі осы өлеңнен басталғанын да айта отырайық. 

Асан Омаров 

Abai.kz