Б. Қ. ОСПАНОВА: ҰЛЫ АҚЫНДАР ҮНДЕСТІГІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың Жарлығына сәйкес түбі бір түркі жұртының ұлы ақыны, қазақтың дара әрі дана перзенті Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы 2020 жылы ЮНЕСКО аясында тойланады. Адамзат руханиятындағы айтулы оқиға келесі жылдың сыбағасында болғанымен ұлы даланың ұлы ақынын ұлықтайтын саналуан шаралар қазірдің өзінде басталып кетті. Соның алғашқыларының бірі – «Абай – ұлы даланың ақыны» атты әдеби кештің ежелгі грек жерінде, ұлы ойшылдар Гомер, Сократ пен Аристотельдің елінде ашылуының да ұрпаққа тағылымдық мәні терең.

Адамзат өркениетінің қазақ халқының бай рухани мұрасымен, поэзиясымен және әдебиетімен іс жүзінде хәкім Абайдың арқасында танысқаны да аталмыш мерейтойды ұйымдастыруда зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан біз грек жерінде Абай кешін өткізуде өз алдымызға ұлы ақын өмірі мен шығармашылығын насихаттау, данышпанның терең ойлары мен көзқарастарын мейлінше кең тарату ісіне үлес қосу мақсатын қойдық. Ал, оқу мен ойдың барша ордасы – кітапханалар жетекшілері мен қызметкерлері бас қосатын Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс сол перзенттік парызды жүзеге асыруға таптырмас мүмкіндік еді.

Бірақ, ойға алған ауқымды шаруаны сәтімен қолға алып, табысты атқарудың оңай емесі түсінікті. Соған орай осы маңызды шараны дайындап, өткізудегі Қазақстанның Грециядағы елшілігі мен елші А. Ю. Волковтың шынайы түсіністігі мен нақты көмегін ерекше атап айтуға тиіспін. Басқаша болуы, әлбетте мүмкін де емес еді. Қазақтың кемеңгер перзентінің, ұлы ойшыл ақынның және қайталанбас сазгер әрі біртуар қайраткердің есімі әлем жұртшылығына жақсы мәлім. Оның үстіне Абайдың асыл мұрасы біздің халқымыздың  мәдени қазынасының аса маңызды құрамдас бөлігі. Кемеңгер ақынның барша адам баласының жүрегінен орын алған өлеңдері мен әндері, философиялық көзқарастары мен тағылымы мол өсиеттері ұлы тұлғалардың шығармашылығына тән терең адамгершілігімен, шынайы махаббатымен бас игізеді.

Абай Құнанбайұлы өзінің ең басты миссиясы – туған халқын озық ұлт ретінде қалыптастыру мақсатын барша адамды сүю кағидаты мен жоғары адамгершілік құндылықтар негізінде жүзеге асырды. Көшпелі жұрттың өміріндегі  заман иығына түскен және өз басы қатерін айқын сезінген өзгерістер ақынды қатты қапаландырады. Хәкім туған халқының лайықты болашағы үшін ең алдымен «қайран елі – қазағын» қараңғылық пен надандықтан, яғни азып-тозу қауіпінен құтқаруы қажет болды. Ол елінен «ерте оянды» және кейінірек ұлы даланың басына түсетін ұжымдастыру, қасақана ашаршылық, саяси қуғын-сүргіндер, ядролық жарылыстар секілді орны ешқашан толмас нәубеттердің азабын ерте көре біліп, у ішкендей жүрегі сыздады.

Ұлы даланың басына үйіріліп келе жатқан адам айтқысыз апат бұлтын басқа  ақындар да, әсіресе  «зарзаман» ағымының өкілдері де түйсінді. Абай, әрине атамекенге өңмеңдей кірген кесапатты өзгерістерге баға беруде алдыңғы буын ақындарымен үндес еді. Бірақ, олардан  артықшылығы  Абай туған халқын құрып кетуден құтқарудың сан тарау жолын жауһар жырымен көрсете алды. Өзінің биік мұратын жүзеге асыруға ол саналы түрде әрі табанды мақсаткерлікпен әзірленді.  Ал, ізашар ақын арманын кейін алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақып және Мағжан мен Сұлтанмахмұттар шамшырақ етіп ұстанды. Демек, Абай  мұрасы – бұл туған жұртының мінез-құлқы мен күнделікті тыныс-тіршілігі арқылы адамзатқа айтылған аманат деген лайық. Ақынның өзі туып, өскен ортада жаны сезіп, білген және оқып, пайымдаған заман қатері мен құпиясын тап басып, аяусыз сын тезіне алуының елжанды қуаты еріксіз таңдандырады.

Абай төл шығармаларында ежелгі заманды, көне тарих пен ескінің сөзін оқтын-оқтын тілге тиек етіп отырады. Тіпті, грек халқының рухани тәжірибесіне үңіліп, оның өнері, философиясы мен тарихы туралы өлеңдерінде, әсіресе қара сөздерінде айтқандары ақынға эллин классикасының рухы жақын әрі түсінікті болғанының айғағы. Абай өзінің жиырма жетінші сөзінде сұхбатқа қатысушылардың бірінің атынан былай дейді: «Гомерге бәйітшілігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сыйпатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын».

Ұлы даланың көшпелі әлемі «Одиссея» поэмасында қарсылас жақтың құндылықтарына шынайы адамгершілік тұрғысынан баға беретін Гомерге де белгілі болған. Грек ойшылының даналығы сонда, ол көшпелі елдің сақтардың аң стилі дәстүрінде дүниеге келген өнер туындыларын мадақтай отырып, қайшылықтарды жұмсартуға, жуыспас жақтарды жақындастыруға тырысады. Абай да осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы деп ғаділетті» деген зор адамгершілік өсиет айтады. Оның шығармашылық мұрасы халқымыздың ешқашан өз маңызын жоймайтын рухани қазынасына қосыла отырып тарихымыз мен мәдениетімізді байыта түсті.

Уақыттың үздіксіз көшінде бәрі де өзгереді, қоғамдық сана да жаңғырады. Алайда, Абай мұрасы әр ұрпақ оқырмандары үшін әрқашан іздеп оқитын, санасына қызыға тоқитын жаназығы. Теңдесі жоқ ойшылдың түйіп-түйіп айтқан көзқарастарында даналық тұнып тұр. Хәкімнің әртүрлі халықтар арасындағы өзара түсіністік пен бейбітшіліктің және мәдениеттің, ғылым мен білімнің озық идеялары ғана дүниежүзілік қауымдастықты бақытқа жеткізеді деген сенімі барша ұлттар мен ұлыстар үшін  айнымас ұстаным болса ғанибет.

Ал, мәдени мұраның өркениетті қоғамның  ұрпақтан ұрпаққа берілетін рухани-адамгершілік пен материалдық құндылықтарды біріктіретіні аян. Соған орай тәуелсіз мемлекетіміздің Ұлттық кітапханасы ұрпақтар арасын сабақтастыратын рухани желі ретінде тарихи-мәдени мұраны насихаттауға ерекше маңыз береді. Мәселен, біздің алтын қорда қазір әлемнің 122 тіліндегі 7 милионнан астам кітап болса, соның 328-і грек тілінде сақталып отыр. Демек, Ұлтық кітапхана ұжымының  Дүниежүзілік кітапханалақ және ақпараттық конгреске қатысуын және ежелгі грек  жерінде ұлы даланың ұлы ақыны Абай өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби кешті ұйымдастыруын біз қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын өркениет сахнасында таныстырудың нақты қадамы деп мақтан етуге хақылымыз.

 

Б. Қ. Оспанова

Қазақстан Республикасы Ұлттық

кітапханасының директоры,

Қазақстандық кітапханалық одақтың

Төрағасы