ШӘКӘРІМ ШЕЖІРЕСІ – ТҮП-ТАМЫРЫМЫЗДЫҢ ТІРЕГІ

Абай даналығын бойына терең сіңірген ұлы ақынның дара шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ руханиятына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Қай еңбегін алып қарасаң да халық жүрегіне нұр, санасына сәуле түсіретін ой биігінен үн қатады. Ар-ұждан философиясын қалыптастырушы ойшылымыз дін тақырыбын ұлттық ұғыммен байланыстырып, ғылыми негізде еңбек жазған алғашқы қазақ. Ол сонымен бірге қазақтың шежіре-тарихын да алғаш зерттеп-зерделеген бірінші тұлға. Бұл бағытта Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі еш теңдесі жоқ шығарма. Оны ауызекі тілде жұрт «Шәкәрім шежіресі» деп атап кеткен.

Тереңдей айтсақ, Шәкәрімнің сол шежіресі қазақ тарихын түгендеудің басы іспетті. Күндей күркіреген Көк түріктердің мұрагері, Ұлы даланың иегері қазақ жұртына көз алартқандар жұртымызды жойып жібере алмаса да, түрлі ат қойып, әлдекімдерге теліп жібергісі келген пиғылдар әр заманда аз болмаған. Алтай мен Каспий аралығында сан ғасыр бойы қаншама шайқас пен айқастардың өткені тарих беттерінен мәлім. Біресе үдере көшіп онда, біресе шайқаса жүріп мұнда мекендеген ата-бабаларымыз атақонысымызды жат қолынан қорғап қалған ерліктері ұзақ-сонар тарих. Айналып келгенде, елдік пен ерліктің үлгісін көрсетіп, жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алатын  кең байтақ далаға иелік жасап отырған елдің тарихы, жұрттың шежіресін неге өзіне тән жазылмасқа!?

Осы сұрақ ұлы Абайды да қатты алаңдатқаны анық. Ұлы ақынның өзі тындырып үлгермеген, келешекке үміт арта көксеген дүниесінің бірі – еліміздің түп-тамырын тарихи құжаттармен бекітіп, бір ізбен қағазға түсіру болса керек. Соның алғашқы сатысы – хакім Абайдың Шәкәрімге «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегін жазуға бағыт бергендігі. Нақтылай кетсек, осы шежіре туралы тапсырма алғанда Шәкәрім 19 жаста екен. Арғы-бергі тарихымызды түгендеп, танымдық жүйеге енгізудің басы осылай басталған. Ол ағаның ініге бұйыра салған ағымдағы шаруалардың бірі емес, нағыз ғылыми ізденіс пен терең талдаулардан тұратын үлкен шығармашылық кеңістік болатын.

Шығармашылықтың шытырманға толы ізденістерінде жас ізденушінің бағытын айқындап беру үшін аға тарапынан нақты нұсқау мен келелі кеңес те айтылған. Дала данышпаны дара шәкіртіне межеге жету үшін нені оқу керектігін, керекті қайдан іздеу қажеттігін де түгелдей түсіндіргенін Шәкәрім өз естеліктерінде ашық жеткізіп отырады. Мәселен: «Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады. Араб білімі: Меккеде, бірақ, Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуы керек. Және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жетерлік пұлды өзім берем. Осыған келіссең қолыңды әкел», – деп Абай қолын ұсынды. Мен: «Қаражат сізден екен, мен білім алады екем, барам», – деп қолымды бердім» дейді Шәкәрім бір әңгімесінде. (Менің әкем халық ұлы – Шәкәрім. Ахат Шәкәрімұлы, Шәкәрімтану мәселелері-1, 145бет)

Асылы, Абайдың өзі де кезінде «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп қалам тербегені бар. Сондықтан, қазақ даласында пайда болған Шәкәрім қажының баламасыз ғылыми еңбегі – «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі»  ұлы Абайдың мақаласының заңды жалғасы деуге толық негіз бар. Қазақ даласында жазу-сызу кенжелеп жатқан сол бір заманда осындай орасан ізденіспен халқының ежелгі өмірін бүгінге дейін жүйелеп беруін теңдессіз еңбек еді. Мұндай тамыры терең туындыны дүниеге әкелу тумысынан дарынды жандардың ғана қолынан келмек. Жеке әулеттің емес, бүтін бір елдің шежіре-тарихын жазуға тәуекел жасау – қаншалықты ізденісті, машақатты талап ететіні о баста белгілі еді. Соны толық сезіне отырып бел буды. Неге? Себебі, ел үшін туған адам елдік мәселеде тежеліп қала алмайды әрі оған өзін жауапты сезінеді. Сонымен бірге, Шәкәрім мойнында тағы бір үлкен жауапкершілік тұрған. Ол – Абай аманты, асыл ағаның арманға толы тапсырмасы, ұстаз алдындағы уәдені орындау болатын.

Шәкәрім кітабінің алғы сөзінде: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: «Тәбіри», «Тарих ғу-муми», «Тарих антшар аласлам», Нәжиб Ғасымбектің түрік тарихы, Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер, орысша кітаптан оқығаным – Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түрік нәсілі туралы, дүниедегі әр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірген сөздері, оның ішінде түріктің ең ескі замандағы шежіре кітаптары «Құдатқу білік», «Кошочи-дам» деген кітаптардың сөздері және кытайдың Юән-шау-Ми-ши деген жазушысының сөзі және араб-парсы, рум-европа жазушыларының сөзі және казақтаң жаңылыс айтқан өтірік аталары – бәрі сол кітапта бар. Ол кітаптардағы сөздерді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, соған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, бір шежіре жаздым» деп, Шәкәрім қажы айтулы еңбектің дайындалу барысынан біраз мағлұмат береді. Нысанаға алған туындыларды зерделеп, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған, ғылыми негізделген жұмысты жұрттың қолына тигізу уақыт жағынан да үлкен мерзімді қамтылған. 19 жасар Шәкәрім аталмыш еңбекті еңсеруге 20-30 жылын арнағанға ұқсайды. «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінің»  1911 жылы Орынборда жарық көргенін ескерсек, қажы бұл кезде 51 жаста.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің осы еңбегін аяқтауға қатысты:

Бір алла бергеніңе сансыз шүкір,

Қалған жоқ залал болып қылған пікір.

Бітірдім түрік, қазақ шежіресін,

Болса да кемшілікті, қисық-бүкір, – депті. Бұл жерде Шәкәрімнің «Болса да кемшілікті, қисық-бүкір» дегенін тура мағынасында емес, автордың әлі де ізденіп, толықтыруға одан ары мүмкіндіктің болмағанын жеткізіп тұр деп қабылдауымыз қажет.

Өзі солай десе де Шәкәрім қажының бұл шежіресі тарих таразысы мен уақыт сынына жауап бере алатын құжаттық еңбек.  Сонысымен де еліміздің тарихы мен руханиятындағы орыны ерекше. Кезінде Алаш арыстары да өздерінің нақты бағасын беріп кеткен. Мәселен, Әлихан Бөкейхан: – «Ешқашан қазақтардың шыққан тегі жайлы қазақ тілінде кітап болып шыққан емес. Шәкәрімнің бұл кітабының пайдасы – қазақтардың шығу тегі бойынша өз аталарын білгісі келгендер осы кітаптан табады. Егер кімде-кім ата-бабаларының шежіресі жайлы жазғысы келсе алдымен Шәкәрімнің еңбегін оқып алуы қажет» десе, Жүсіпбек Аймауытов: – «Қадірлі Шәкәрім «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» терең оқып, ойлап және салыстырып барып, жазғанда өте жауапкершілікпен қарады. Осыған байланысты оны қазақтың «Карамзині» десем, артық айтпаған болармын. Түркілердің тарихымен танысқысы келгендер бұл кітапты оқымай кете алмайды» деп жазған.

Ендігі кезекте осы еңбектің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» деп аталуының себептеріне тоқталып көрсек. Сол замандарда қазақтың шығу тегіне, елдік құрылымына қатысты сырттан таңылған түрлі пікірлердің белең алуы ұлт ойшылдарын ойландырмай қоймаған. Бірінші кезекте қазақтың арғы тегін арабқа жақындату, екінші кезекте қазақты «қырғыз» деп атау үрдісі белең алғаны тарихтан мәлім. Ұлы даламызды кезген саналуан саяхатшылар мен дін миссионерлері тарапынан да елді екіұдай күй кештірген үгіттер аз болмаған. Осы және өзге де жымысқы жайттардан туындаған ала-құла түсініктер қазақ қоғамының ішін ыдыратуға ықпал ететін қауып екені мәлім бола бастаған. Сол тұрғыдан келгенде Шәкәрім шежіресінің атауы қазақтың кім және қайдан шыққан деушілерге толыққанды жауап ретінде қарастырылғандай. Шежіре атауының нақтылығы түп-төркінімізге қатысты өзгенің де, өзіміздің де  ұғымымызды бір ізге түсіріп берді. Яғни, түбіміз – түрік, затымыз қырғыз емес қазақ һәм хандар құрылымында болған елміз. Хандар шежіресін бірге таратудағы мақсат – қазақ көк түріктерден бері кең байтақ даланы билеп келе жатқан  хандықтар құрамындағы ұлыстар екенін паш ету деп белген жөн.

Айтпақ ойымызды Шәкәрім қажының өз өлең жолдарымен бекіте түссек дейміз.

Қазақтың түп атасы – батыр Түрік,

Арабсың деген сөздің бәрі шірік.

Пәленше сахабаның затысың деп,

Алдаған дін жамылған өңкей жулик.

(Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі,70-бет. Алматы, 1991ж.)

 

Қайрат Зекенұлы,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

 мемлекеттік қорық-музейінің

жетекші ғылыми қызметкері.