ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

Конкурс

«Абай әлемі» байқауының жеңімпаздары жарияланды 

 

          2020 жылдың 6 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған студенттер мен магистранттар арасында ұйымдастырылған «Абай әлемі» үздік ғылыми жұмыс байқауының қорытындысын жариялады.

          Байқаудың мақсаты - қазақтың ұлы ойшылы Абайдың мұрасын насихаттау, дарынды жас ғалымдарды анықтау және қолдау, олардың жұмысын насихаттауға көмек көрсету.

          «Бүгінгі біздің міндетіміз - жас ғалымдарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін ынталандыру үшін жағдай жасау. Жобаның өзектілігін атай отырып, біз «Абай әлемі» байқауын жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

          Конкурсқа республиканың әр аймағынан 100-ден астам ғылыми жұмыстар келіп түсті. Қазылар алқасы мақаланың өзектілігін, ой-тұжырымдардың жаңашылдығын, идеялардың түпнұсқалығы мен баяндау жүйелілігін және автордың ойлау дербестігін бағалады.

          Қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы  «Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының» директоры Жабал Шойынбет, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиясының шеф-редакторы Қайсар Қауымбек сынды белгілі қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар бар. 

          Студенттер арасында байқау жеңімпазы, арнайы диплом мен 300 000 теңге көлеміндегі сыйлықтың иегері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ІІ курс студенті Әзімбек Қойлыбай болды. Екінші орын үшін арнайы диплом мен 200 000 теңгелік сыйақы Еуразия гуманитарлық институтының IV курс студенті Атабай Қуанышов пен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетінің  ІІ курс студенті Ғазизов Нұрайға берілді. Үшінші орынға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің IV курс студенті Назгуль Айсенова, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті Гүлсімай Сайрамбек, Назарбаев Университетінің ІІ курс студенті Мөлдір Бижанова ие болды.

          Магистранттар арасында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің І курс магистрі Мустафа Шохаев жеңімпаз атанып, 400 000 тг жүлдеге ие болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ІІ курс магистрі Абай Мырзағали мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ІІ курс магистранты Шерхан Мухамбетжанов екінші орынды иеленіп, әрқайсысы 300 000 теңгеден сыйақы алды. Үшінші орын иегерлері «Тұран-Астана» университетінің І курс магистрі Калиакбар Үсемханға, І.Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университетінің ІІ курс магистрі Ақбота Қажыбекова мен І курс магистрі Зейнегуль Жумабековаға 200 000 теңгеден берілді.

Үздік ғылыми жұмыстар «Abaialemi.kz» порталында жарияланады.