Амантай Шәріп: Абай шығармашылығындағы "екі дүние" парадигмасы

Қазіргі парасатты, пәтуәлі ғылымның қарауылынан мәдениеттер тоғысының шет-шекарасын диалотизм принципіне орайласқан (М.Бубер, М.Бахтин, В.Библер, Ю.Лотман) мәдениеттер мәмілесі (диалог культур) кағидасымен қиыстырған ұтымды. Өйткені белгілі бір мәдениеттің бөтен мәдениетпен жүзбе-жүз жолығып, теңбе-тең сұхбаттасқан-сырласқан сәтінде ғана өзін анағұрлым толығырақ, тереңірек танып-түсініп, қадір-қасиетін қайта құнттайтыны сөзсіз. Бұл Тмолениетпң басқа бір мәдениетке жұтылу арқылы жойылып тынуын емес, керісінше – өзара ауысу-алмасу, сіңісу- синтезделу, үйрену-үрдістену нәтижесінде бұрынғыдан бетер баюын, бағалануын дәріптеуді көздейді. Әрине, мәдениеттер мәмілесін атүсті, асығыс түсінудің, яғни оны аяқ асты етудің өлі судай томаға-тұйықтыққа, абсолюттендірудің бұлдыр, беймәлім бағдарсыздыкқа сүйрейтіндітін де әркез ұмытпаған жөн; іс жүзінде ақырғы төрелікті айтатын төбеби — тарихи ситуация тудырған ұлттық мұрат-мүдде.

Әлеуметтік-мәдени "Шығыс-Батыс" парадигмасын қайсыбір мәдени құбылысқа, оның ішінде жекелеген автордың жекелеген туындысына таңып, таңбалағанда да абай болған абзал.

Ұлы Абайдың теңдессіз талантының сұрып-сүзгісі арқылы төл топырағымызға Мағырып пен Машырық мәдениетінің беталды баспаламай, инабаттана, икемделе келтендігін, бұрынғы ай дәстүрге жаңашылдықпен жұптаса жарасып кеткендігін көреміз. Мұның төркіні мен тұңғиығы, сыры мен сипаты аиында талай жазылды; әлбетте, әлі де жазыламақ жайлары жетерлік. Абайлық «меннен» танылатын Қазақ-Шығыс-Батыс синтезі ақын шығармашылығының күллі контексінен көзі қарақты кісіге оңай оқылады.

Бәлкім ауызша айтса айтқан шығар, бірақ данышпан тұлғаның өлеңдерінен не қара анықтап Батыстан мынаны білдім, Шығыстан ананы анықтап алдым...»  деген секілді сілтеме сөзді ұшыратпаймыз; тіпті ол үшін Батысқа, Шығысқа бөлінбейтін тұтас әлем ғана бар тәрізді. Біз болсақ, кейде жоқ жерден жаңалық жасауға жүгіретін әдетімізге бағып, Абайды бұрмалап жібергенімізді байқамай жатамыз; қызды-қыздымен ойламағанын ойлатамыз.

Мысалы, акынның "Сегіз аяқ" өлеңіндегі: "Ғылымды іздек //Дүниені көздеп, // Екі жаққа үңілдім..." деген жолдар кейде оқымыстыларымыздың тарапынан сыңаржақ түсіндіріп жүр, Бар қателік мынада, "екі жаққа үңілу" біздің қасаң қағидаға бейімделген өріс-өремізде "Батыс пен Шығысқа үңілу" дегенмен ассоциациялана, айқұшақтана қалады. Бұған қоса, ізденімпаз ғұламаның "ғылымды іздеп, дүниені көздеп" шарқа ұрғандығын да ойда тұтамыз. Логикалық жағынан бәрі қиысып-құйылып тұрғандай. Бірақ біздің елеп-ескермейтініміз жалғыз-ақ нәрсе, ол - Абайдың "Сегіз аяқ" өлеңіндегі әр шумақтың бір-бір түйінделген, тұжырылған ойды тиянақтайтындығы. Сондықтан тұтас шумақты оқып көрелік:

 

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тілінді алмас,

Көп наданнан түңілдім.

Екі кеме құйрығын,

Ұста, жетсін бұйрығың!

Басқасын былай қойғанда, қорытынды қос қатардың өзі-ақ біздің адасқанымызды аңғартады. "Екі кемеңіз" де "Батыс пен Шығысты" меңзесе, олардың "құйрығын ұстаймын" деп жүргенде "бұйрығыңыз жетсе", онда "екі жаққа" үңіліп қажет қанша?! Ендеше, шумақтың тылсым-тұспалы басқада болғаны да.

Бізге ең алдымен Абайдың өзі көмекке келеді.

Ол "Төртінші сөзінде": "Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай калмаса керек. Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние  шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек! - деп жазыпты. Міне, біз әдейі даралап көрсеткен дүние және ахирет ұғымдары Абай өлеңіндегі "екі жақты" білдіреді.

Ақынның "дүниені көздеу" дегенін жарық жалғанда "бос жатпау, тіршілік ету, шаруа қылу, еңбек жасау, пайда табу мағынасында түсінсек, "ғылымды іздеуінің" жай-жапсарын "Оныншы сөзінде" айтылған: "Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды", - деген сездерінен салмактаймыз.

Ғұлама ойшыл мұнымен тоқтап қалмай, бір-бірінен ажырағысыз "ахирет-дүние" мәселесін әрі қарай терендете түседі. Оған "Отыз төртінші сөздегі" келесі пайымдары куә: "Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі куаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы - олар  да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, кай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние куанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуаньштынан артық болса - мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер. Біздің қазақта мұсылман екен! Егер де екі нәрсе кез болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда бірі ахиретке керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса, кең құдай өзі кеңшілікпен кешіреді-дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе, ахиретті дүниеге сатқаным жоқ дегеніне тануға бола ма? Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазан, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей; ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың - бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен!".

Демек, ақын өлеңіндегі "екі кеме" - Батыс пен Шығыстың емес, фәни мен бақи-екі дүниенің баламасы. Және "мыңмен жалғыз алысқан" дананын - не ахиреттің, не дүниенің қамын жасай алмай жүрген, "құлағын салмас, тілін алмас, көп наданнан түңіліп", ақыр соңында оларға: "Екі кеме құйрығын, // Ұста, жетсін бұйрығың!" - деп ащылап айтуының астары да ашылады.

Демек, өз заманындағы қазақ рухының қалпын рәміздеген "Сегіз аяқтың" біз тадаған шумағы Абай туманизмінің діни ұстын-ұйтқысынан хабардар етеді екен.

Ақынның моральдық  философиясының сорабын сездіретін әлгідегі: "...қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет куанышынан артық болса – мұсылман емес!" - деген концептуалды көзқарасы оның өлеңдерінде де өрнектелген. Мысалы:

Дүниеге дос ахиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас. 

Дүниеге ынтық, мәғшарға амалсыздың 

Иманын түгел деуге аузым бармас.

Зар заманның діндар ақыны Шортанбайды былай қойғанда ("Жалғанда жолдас демендер,//Ахррет қамын іздеңдер!"), Абайдан соңғы қазақ поэзиясындағы ағартушылық ағым өкілдерінің арасында да екі дүние тақырыбын айналыи өткеңдері аз. Олардын баршасына бұл дүниенің өлшемі — ахирет; тек таразы-талқыға салатын нәрселері әр түрлі.

Айталық, Әбубәкір Кердері тезге тартатыны - әділдік пен әкімдік және дінге адалдық мәселелері. Ол өзінің бір толғауында:

Әділдік екі жиһанда бірдей жақсы,

Ұжмақтың көрер деген райысын.

Дүниеде ғакім болып, ғаділ болса,

Кешірер деген сөз бар күнәйісін, –

десе, Дербісәлі биді: "Дүние, ахиретті бірдей ойлап,//Жандырып дін шырағын, мешіт салдың", - деп мадақтайды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров туманизмінің идеалы да – әділет пен адамшылық ("Жан қайда әділетті іздейтұғын, //Адамшылдық атақты көздейтұғын,// Тірлік пен өлтен күнді бірдей ойлап, // Екі жайдан күдерді үзбейтұғын").

Шәкәрім Құдайбердіұлы ар жолынан айнығандарды "екі дүние" жазасына жегілуден сақтандырады ("Құдай кешер алда" деп күнә қылмақ,//Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ,//Не жалғанда немесе ахиретте//Оңа алмастай өкпеден бір атылмақ").

Кеншімбай ақын Ақсұлумен айтысында ұлт мүддесін сатқандарды да әлгідей таразыға тартады ("Патшаға өз жақсысын ұстап берген,//Екі бірдей дүниеде Қорен оңбас").

Абай ізімен, ағартушылық аңсарына сәйкес ғылымды көкке көтеру талабы да баршылық (Мақыш Қалтайұлы: "Күллі ісі оңға келмес надандардың, // Екі дүние ғалым мен надан тең бе?" Баймұхамбет Бейсенбинов: "Ғылымның қадірін біліп окымаған, \ Зарур боп екі дүниеде калар дейді", т.б.).

Сөйтіп, мұсылманшылық аясындағы екі дүние тақырыбы ағартушылық кезең поэзиясында кең парықталғандығы көрінеді және оның сол тұстағы жалпы жұртқа ортақ моральдық ой машығынан мағлұмат бере алатындығы байқалады.

Міржақып Дулатұлы езінің "Оян, қазақ!" кітабының кіріспесінде халқына насихат-нұсқа таратқанда да сол сарынды сөз арасына қоса-қыстыра сөйлейді. "Қой, бүйтпелік, һәр халықтың күші һүнер болса, ол һүнерте Аллатағала қасында һиммәтіміз саясында біз қазақтар да ортақ болсақ керек, соның үшін мұсылманша ғылымдар оқып, дінімізді танып, надандардың көзін қойып, көңілін ашып, мұнымен ахиреттік файдамызды табалық, – деп жазады ол, - Екінші, дүниемізде қажетті хақыларымызды алып, жерімізді, малымызды сақтау үшін, басқалардан қорлық көрмес үшін орысша оқып, һүнерлі болалық". Бір қызығы, қайраткер-қаламгердің мына үгіт- үндеуінің мәтініне үңілсек, оның кыртыс-қатпарынан ахиреттік пайданың - Шығыспен (дін ислам), дүниелік хақылардың - атыспен (оку, ғылым, өнер, кәсіп, т.б.) өздігінен өрелесіп-өріліп жатқандығын ажыратып аламыз.

Тәрізі, XX ғасырдың басында кдзақ қоғамында орын тепкен обьективті тарихи оқиғалар, идеологиялық итырқылжындар, ең ақыры - санасы оянған сахарада Шығыс пен Батыс құндылықтарының іс жүзінде бетпе-бет келуі зиялыларымыздың дағдылы таным-түсінітіне сызат түсіріп, олардың ұғымындағы дәстүрлі, діни екі дүние тақырыбының азаматтық аяда керегесін кеңейтуіне себеп-септігін тигізді.

Замана ыңғайына сәйкестентен сана-сезім эволюциясын сараптап алған соң, Мағжан Жұмабайұлының "Түркістан" атты өлеңінің: "Түркістан - екі дүние есігі ғой", — деген алғашқы жолына жұмырлана жинақталған, сығымдала сыйғызылған Мәністерді байыптауға болады.

Біріншіден, бұл қатарда үйреншікті, үрдісті екі дүние мәселесі жаңаша жаңғыртылған. Тарихи білімі терең ақын Түркістан аймағының екі - көшпелі және отырықшы мәдениетті тоғыстыруға түтқа болғандығын, оның екі идеолотиялық арна – мәжусилік пен мұсылманшылықтың "арасын бұзып өтіп дінді ашқан (Қазтуған) мән-маңызын ишаралайды.

Екіншіден, бүкіл өлеңнің бітімінен байқалатындай, ақын екі дүние ұғымын  романтикалық  әуезбен жырланатын байырғы мен бүгін арасындағы байланыспен астастырады. Мұндағы тәпсірленетін байырғысы" ("Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!") — ахиреттің, «бүгінгісі – қазіргі бар болмыстың, жарық, жалғанның символы.

Үшіншіден, "Күнбатыс-Күншығыс" тайталасын жеріне жеткізе жырлаған ақын Түркістанның осы ек дүние - батыс пен Шығыс өркениеттерін көнеден түйістіріп келтен кіндік көпір мекен екендігін елеусіз қалдыруы да - неғайбыл нәрсе.

Сондықтан "екі дүниенің есігі" болған Түркістан мадақтауға да, мақтануға да лайық.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой!

Сонымен, реалист Абайдан романтик Мажанға дейінгі  аралықта "екі жақ" (екі дүние, екі жиһан) тақырыбының әдеби-тарихи дамудың даңғылында өзегінен өткерген өзгерістерін тексеріп, талдап, талқылаудан түйгеніміз осы.

Тереңірек үңілсек, Абайдағы "екі дүние" мәселесінің қазақ топырағындағы бастауы әріде жатқандығын аңғара аламыз. Мысалы, Жүсіп Баласағұни езінің "Кұтты білік" шығармасында "Адамға екі аяқ берді,// Бірі – бұл дүние, бірін – о дүние үшін...", – деп жазады. "Бір жақсы қылық — екі таламның абзалы", - деген Қожа Ахмет Йассауидің сопылық поэзиясында да бұл сарын кең көрініс тапқан. Оның мүриті (шәкірті) Сүлеймен Бақырғани өз ұстазын "екі дүние айнасы" деп бағалаған. Бұл - бөлек зерттеуте тұрарлық тақырып.

Сөйтіп, Абайдың "Сегіз аяқ" өлеңіндегі "екі жаққа үңілуі"  ең алдымен "Қазақ-Шығыс", нақтылағанда, "қазақ-ислам" ара қатысымен қауышып-қабысып жатыр.

 

Абай дәстүрі және қазіргі казақ

әдебиеті: Республикалық ғылыми-теориялық

конференцияның материалдары. – Алматы, 2007.