Бейсембай Кенжебаев: ҚАЗАҚ РЕАЛИСТІК ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

Өзінің қара сөздерінің бірінде Абай: «Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді кәдірлеймін деп ойладым», - дейді. Өзінің бай-жуандардан, би-болыстардан жерігенін айта келіп, ол әлгі ойына былай жауап береді: «Енді, әлбетте... момындығынан: «ырыс баққан дау бақпас» деген мақалменен боламын деп, бергенімен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштықпен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момындарды аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым», - дейді.

Абай өз халқының жапа шегіп жатқанын, тұйыққа қамалып отырғанын көргенде:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың...

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың... – деп налыды.

Ол халықтың хал-жайы, тағдыры жөнінде ойланып, толғанды, шарқ-ұрып ізденді. Халыққа тұйықтан шығар жол, тұрмысын оңдар өнер іздеді, Шығысқа да, Батысқа да көз жіберді. Ол бұл ойын:

 

Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп

Екі жаққа үңілдім, –

 

деп жазды.

Абай іздегенін тапты. Басқа жақтан емес, Россиядан, орыс халқынан тапты. Іздегенім осы еді деп, ұлы орыс халқының прогресшіл, озат мәдениетін, гуманизмге толы классик әдебиетін ұстады.

«Орыстың өнері, ғылымы – дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі. ...Оның тлін білсең, көкрек-көзің ашылады», - дейді.

Орыс халқының ұлы ақындары А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың псыл мұраларын қазақ тіліне аударып, халыққа үлгі қылып ұсынды. Қазақ жастарын Л.Н. Толстой мен М.Е. Салтыков-Щедрин шығармаларынан үлгі ал деп үгіттеді.

Гуманист Абай бүкіл адам баласының жақсылығынан үлгі алу керек деді.

Әр халықтың жақсылығын, өнерін, ғылымын үйрену жөнінде халыққа Абайдың өзі үлгі бола алады. Ол қазақ халқының өзінен бұрынғы, өз тұсындағы мәдениетін жете білді, соның ең жақсыларын бойына жыйнады; қазіргі советтік Шығыс елдерінің (өзбектің, тәжіктің, азербайжанның) бұрынғы әдебиетінен де үйренді. Орыс халқының революцияшыл-демократтарының эстетикалық көзқарастарын өз шығармаларына арқау, өзек етті. Қазақ халқының жаңа, реалистік көркем әдебиетінің негізін салды.

Абай өзінен бұрынғы, өз тұсындағы ақын, жыршылардың өлеңді еріккендер ермегі, думан-сауық құралы деп құралы деп қарағанын сынады:

 

Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.

Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін «бай» деп мақтар құдай қарғап.

 

Абай, бұрынғы ақындарға керісінше, ақын – азамат, әлеумет қайраткері деп, өлеңді өнер деп, ақын өзінің өлеңі – өнерімен қоғамға, халыққа тәрбиеші, жетекші болып қызмет істеуге тиісті деп білді.

 

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан, зұлымға,

Шыйыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген, білгенін,

Білдірер алыс, жақынға

Солардың сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сыя, ащы тіл

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл.

 

Яғни, данышпан Абай, ақынның, әдебиеттің мәнін, қызметін жаңаша түсінді, орыстың классик ақындары мен революцияшыл-демократтары түсінгендей түсінді.

Абайдан бұрынғы, Абай тұсындағы ақын, жыраулар көбінесе ескіні, ертегіні, Әзірет Әліні, айдаһарды жыр етер еді. Олары өзге түгіл, өздеріне де пайдасыз болушы еді. Абай керісінше, халқының өмірін, тұрмыс-тіршілігін, іс-әрекетін тілек-арманын жыр етті; оның өміріндегі, мінезіндегі, санасындағы ескіні, кертартпаны сынады, жақсыны, ілгершілді дәріптеді; халықты жаңаға бастады:

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін...

Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

 

Абай халықтың өміріне көз жібергенде оның саясат, шаруашылық жағынан, өнер-білімнен мүлде артта қалып отырғанын, оның еңсесін түсіріп отырған түрлі жағдайлар бар екенін көрді.

Өз қамын ғана ойлайтын жуандар, атқамінерлер, қулар еді. Олар барымта, шабуыл, жесір дауы, жер дауы, бақ-талас сияқты әлек-ландарды қоздырды. Сол арқылы момын, еңбекші көпті қанады.

Абай бай-жуандар тобынан іргесін аулақ салды. Ақыл-ойының, ақындық күш-қуатының денін билеуші таппен, бай-жуандар тобымен күресуге жұмсады. Көптеген өлеңдері мен қарасөздерінде солардың қырсығын, надандығын, зұлымдығын, құнсыздығын әшкереледі:

 

Сабырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ

Өтірік, өсек, мақтанға

Ағып тұрса бейне су.

Ат-шапаннан кем көрмес,

Біреу атын қойса «қу».

 

Қу нәпсісін тыя алмай,

Атым шығып жүрсін деп,

Берекеге қас болса,

Желіктірген айтаққа

Арақ ішпей мас болса...

 

Ел тыныш болса азады,

Ерігіп өле жаздады...

 

Абай патша үкіметінің саясатына қарсы болды. Әйел жөніндегі ескі көзқарасқа, өтірік, өсек, жалқаулық, еріншектік, шаруаға қырсыздық сыяқты мінездерге, надандыққа қарсы қарсы шықты, бәрін шенеп, мінеді.

Оның «Болыс болдым мінекей», «Мәз болады болысың» деген сияқты бірқатар өлеңдері мен қарасөздері би, болыстарды сынап, мазақтауға арналады.

Абай, би, болысты әшкерелеу, жексұрын, жауыз етіп көрсету арқылы патша өкіметін, патша өкіметінің отаршылық саясатын сынады; жұртқа патша өкіметін де жексұрын етіп көрсетті.

Ол барлық жақтан – саясат, шаруашылық, мәдениет жөнінде – халықтың жетілуін арман етті: қазақ бұқарасына ақыл, өсиет айтты, жөн сілтеді, адамгершілікке, өнер білімге, еңбекке, игілікті кәсіпке үндеді.

 

Қазақтың Абайдан бұрынғы Абай тұсындағы әдебиетінде өлең, жырдың соның ішінде лирикалық өлең, жырдың соның ішінде лирикалық өлең, жырдың тек бір жанры ғана: әлеуметтік лирика жанры ғана болушы еді. Ол түгелдей насихат, үгіт, арнау, мақтау болып кейісі, кестесі аз сырдан сырдаң, шешен сөз, тақпақ, мақал, мәтіл болып келуші еді. (Мысалға Махамбет, Ыбрай өлеңдерін алып қараңыз).

 Абай қазақ поэзиясын дамыта, байыта түсті. Ол, ең алдымен, қазақ поэзиясында бұрыннан бар, саяси лирика жанрын дамытты, кеңітті; оның үстіне, қазақ әдебиетіне лириканың мәдениетті елдер поэзиясында болатын басқа жанрларын тыңнан, тұңғыш рет енгізді: махаббат, табиғат, көңіл күйі лирикасын қосты және оны мейлінше күшті, сұлу етіп қосты.

Абай саяси-әлеуметтік лирикасының бірсыпырасында оқушыға дүние, жаратылыс, қоғамдық тұрмыс, заман, күнделікті тіршілік жөнінде, өмір, өлім, жастық, кәрілік, әділдік, жауыздық, достық, қастық жөнінде, адамның қасиеті, қоғамдық міндеті, мінез-құлқы, еңбек, өнер-білім, дін, ғылым, тәлім-тәрбие жөнінде байсалды үгіт, насихат сөйлейді, байыпты ақыл, кеңес береді, терең ой, түю, сезіну, шешім айтады. Бұл ретте ақын жалынды үгітші, асқан ақылгөй.

Абай саяси-әлеуметтік лирикасының енді бір сыпырасында қазақ қауымының оғаш, өрескел, ескі, зыянды ғұрып-әдеттерін, мінез-құлықтарын, әсіресе, бай-жуандардың, қожа-молдалардың, би-болыстардың, әкім-ұлықтардың дөрекілік, надандық жемқорлық, мансапқұмарлық, озбырлық, зұлымдық іс-әрекеттерін, ой-пыйғылдарын әшкерелейді. Ызалы жүрекпен, долы қол, улы сыямен, ащы тілмен сынайды, мысқыл, сықақ, әжуа, күлкі етеді.

Мысалы, ол жөн-жостық білмей, өнер іздемей, кәсіп қылмай, тек ел қыдырып, сөз жүгіртіп, жұрттың ынтымақ, берекені бұзып жүрген адамды өткір сөздерімен жарасымды теңеу, суретпен шенейді, сықақ етеді:

 

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,

Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.

 

Бір аршопке  шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесінен буынып, босады алшақ.

Қарсы алдына жымырып келтірем деп.

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

 

Жаздыкүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,

Қолында бір сабау бар ол дағы аппақ.

Керегеге сабады шаншып қойып,

Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

 

Қу шалбар қулығына болған айғақ,

Тізесін созғылайды қалталанса-ақ...

Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржыңдамақ,

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,

Қас кермек, мойнын бұрмақ, қоразданбақ... –

 

деп, Абай қу-пысықтарды, әшкерелейді, келістіріп әжуа, күлкі етеді.

Бұл орайда Абай асқан сықақшы. Орыс халқының классик жазушылары Гоголь мен Щедрин сияқты сатирик. Әшкерелеу, мінеп-шенеу, сықақ, әжуа, күлкі – Абай поэзиясының, әсіресе, Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасының әрі мықты өзегі, биік шыңы, әрі өзіне тән бір ерекшелігі.

Махаббат, достық туралы лирикасында Абай жұртқа махаббат, достықтың мәнін түсіндіреді, соларға әдемі сөз, әсем суретпен философиялық анықтама береді. Махаббат, достық болмаған жерде кісілік өмір жоқ: ойын-күлкі, дүние-мал, пайда, мақтан – бәрі тұл.

 

Махаббатсыз – дүние дос,

Қайуанға оны қосыңдар, –

 

дейді ол.

Абай өз тұсындағы кейбір жастардың, дос құрбылардың, қыздар мен жігіттердің махаббат, достық, сұхбаттық жөніндегі тұрақсыздығына, опасыздығына, әншейін көрсеқызарлығына ренжіп, налыйды. Кей жастар мақтан қуады, оңғақ бұлдай, тез өзгереді.

 

Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,

Тілеуі, жақындығы – бәрі сату... –

 

дейді.

Абай жас қауымға, жігіттер мен қыздарға шын, таза, адал, баянды, ізгі махаббат, достықты, татулық, сұхбаттылықты өсиет етеді. Сүйгенді сүю, досқа достық жасау, бірін бірі сыйлау, құрметтеу, осының бәрін шын көңілден істеу, бәрінде саналы, принципті, тұрақты болу – адамдық қасиет, - дейді.

Абай махаббат, достық туралы лирикасының бірсыпырасында сүйіскен жастардың, қыз бен жігіттің сыртқы сыр, сымбатын, ішкі дүниесін, жүрек күйін, күлкі-қуанышын, мұң-зарын бейнелейді. Әр алуан сырмен, бояумен көңілге қонымды, көрікті, дәл суреттейді, қыз бен жігіттің сөзі, хаты етіп баяндайды. Мысалы, Абай ғашық жастардың аулақта кездескендегі кейіп-келбеттерін былай береді:

 

...Қызарып, сұрланып,

Лүпілдеп жүрегі,

Өзгеден ұрланып,

Өзді-өзі керегі...

 

Аяңдап ақырын,

Жүрекпен алысып;

Сыбдырын, тықырын,

Көңілмен танысып,...

 

Дем алыс ісініп,

Саусағы суынып;

Белгісіз қысылып,

Пішіні құбылып...

 

Абай ғашықтардың оңаша кездескендегі сыртқы бейнесін, жүріс-тұрысын, көңіл-күйін, ой-сезімін өте шебер келтірген. Абай – адамның сыр, сымбатын ішкі дүниесін, психологиясын беруге, солай, кісінің бейне-образын жасауға ұста ақын. Бұл – Абайдың бүкіл позиясының, әсіресе, махаббат лирикасының бір күшті жағы, тағы бір биік шыңы, аса маңызды ерекшелігі.

Абайдың табиғат лирикасын жыл мезгілдері: жазғытұрым, жаз, күз, қыс туралы, табиғат құбылыстары туралы жазылған. Бірақ Абай бұл табиғат құбылыстарын оңаша, жеке-дара, тек өзін ғана алып суреттемейді. Көбіне, үнемі қоғам өміріне, адам тұрмысына, адамның іс-әрекетіне, көңіл күйіне байланысты сөз етеді, суреттейді.

Абайдан бұрынғы, Абай тұсындағы кейбір ақындар бірді-екілі орайда жыл мезгілдері туралы сөз етсе, сөз арасында айта қойса, оны:

 

Болғанда сары жұлдыз жаз келеді,

Жаз өтсе, оған жалғас қыс келеді...

 

деген сияқты етіп келтірер еді.

Абай жыл мезгілдерін, табиғат құбылыстарын олай жалаң сөзбен, жайлпылап айтпайды, дәл, нақты, кестелі етіп айтады. Ол, бір жағынан, жыл мезгілдерімен, солардың құбылыс-көріністері мен шаруа күйін, адам тұрмысын, күн райы мен адам райын үндес, ұқсас, жарас етіп, бірін бірі меңзейтін, бірін бірі аңғартатын, айқындай түсетін етіп келтіреді; екінші жағынан, осының бәрін айтпайды, суреттейді, кескіндейді; әр алуан сыр, бояу, кестемен, теңеу, шендестірулермен бейнелейді. Атын да атайды, суретін де салады; көңілге де құяды, көзге де елестетеді.

Мысалы, «Қыс» деген өлеңінде ол қысты «ақ киімді, денелі, ақ сақалды», ашулы, соқыр мылқау шал келбетінде суреттейді:

 

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр-мылқау танымас тірі жанды,

Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.        

 

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

 

Бұлттай қасы жауып, екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

Алты қанат ақ орда үй шайқалды...

 

Абайдың табиғат лирикасы – Абай поэзиясының зор мәдениеттілікпен, күшті ақындықпен, тамаша шеберлікпен жазылған бір саласы, ақын шығармаларының биік шыңы.

Абай поэзиясының бір мол саласы, биік шыңдарының бірі – оның көңіл күйі лирикасы. Абайдың көңіл күйі лирикасы: «Жүрегім менің қырық жамау», «Жүрегім, нені сезесің?», «Жүрегім, ойбай соқпа енді!», «Көңілім менің қараңғы...», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім», «не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» тағы басқалары.

Абай бұл саладағы лирикасында өзінің сырын, ойын, сезімін, өзінің түйгенін, білгенін, күй-жайын, көңіл күйін, өзінің қайғы-шерін, күлкі-қуанышын, жиреніш, сүйінішін, өзінің қыял-арманын баяндайды, әсем жыр етеді. Яғный, ақын көбіне, өз көңілімен өзі сырласып, мұңдасады; тек өз жүрегінің күйін шертеді.

Бұған қарап, Абайды ел-жұрттын бөлініп, жалғыз, дара қалған адам, дарашыл ақын деп бағалауға тіпті де болмайды. В.Г.Белинский айтады: «Ұлы ақын өіз туралы, өзінің жеке басы, «мені» туралы айтса, ол жалпы көпшілік туралы, бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені ұлы ақынның тұлғасында жалпы адам баласына тән қасиеттің бәрі де бар, болады» - дейді.

Сондықтан Абайдың жабығуы, қамығуы, мұңды сыры, жүрек шері – бәрі оның тек өзіне, жеке басына ғана тән қылып емес, заманына, заманындағы қазақ бұқарасына тән қалып. Абайдың қайғы-мұңы, ыза-кегі, қыял-арманы заманның, сол замандағы қазақ бұқарасының қайғы-мұңы, ыза-кегі, қыял-арманы деп білу қажет. Сол үшін де Абай халықтың халық ақыны, заман ұлы.

Сонымен, Абай жалаң, бірыңғай не саяси лириканың, не махаббат, табиғат лирикасының, не көңіл күйі лирикасының ақыны емес, ол лириканың барлық түр-жанрына бірдей. Оның лирикасы да көп қырлы. Онда заманның, халықтың дәл сыйқы , күйі де, әділ, өткір сыны да бар; шыбынсыз жаз да, қаһарлы қатты қыс та бар; онда мұң-шер, күлкі қуаныш та, ыза-кек те, қайрат-жігер де, терең ақыл-ой, нәзік сезім де, ыстық махаббат, қаһарлы ашу да, әсем табиғат та, қар, мұз, от, жалын да бар – бәрі бар.

Абайдың лирикасы – оқушыға әртүрлі ой салатын, оның «көзін емес, көңлін» ашатын терең мағыналы, асқақ жанды, «өткірдің жүзі, кестенің бізі» салған өрнек, ою, әшекей, кесте тәрізді, аса көркем лирика.

Абай қазақ әдебиетінде шын мағынасында өлең-өнер, көркем лирика жасады.

 

Абай өзінен бұрынғы ақын, жыраулар өлеңдерінің құрылысын: тілін, кестесін, ұйқасын, өлшемін сынайды:

 

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар Жырау,

Өлеңі бәрі жамау, бәрі құрау.

Әттең тәңірі-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау –

 

дейді.             

Сонымен бірге, Абай, әуелі, өлең деген не, соған анықтама береді:

 

Өлең деген – әр сөздің ұнасымы,

Сөз қосарлық, орайлы жарасымы,

Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,

Оған кімінң ұнасар таласуы?  -

 

дейді. Осыдан кейін, Абай өлеңге өзінше талап, шарт қояды. Ол:

 

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қыйыннан қыйыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы, –

 

дейді. Мұны Абайдың эстетикалық көзқарасы, өлең заңы деуге болады.

Абай қазақ халқының бұрынғы ақындық мәдениетін пайдалана отырып, көрші, туыс халықтардың классик әдебиетінен үйрене отырып, өз өлеңдерін осы өзі айтқандай етіп, өзінің өлеңге берген анықтамасын, талабына сай етіп жазған. Мұны мына жағдайлардан айқын көруге болады.

Қазақтың бұрынғы ақын, ыжрауларының өлең, жырлары, ауыз әдебиеті көп сөзді, ұзын сөзді келер еді; олар айтайын деген ой-пікірлерін көп сөзбен, алыстан оратып келіп айтар еді; тармақ буындарын толтыру, тармақ аяқтарын ұйқастыру үшін мағынасыз, көлденең сөздерді кірістіре берер еді.

Абай өлеңдерінде ондай көп сөзділік жоқ. Абай сөзді таңдап, іріктеп алады, үнемдеп қолданады; ал сөзбен көп мағына береді; ойға жомарт, сөзге сараң. Ол өлеңнің әр тармағын қыйыннан қыйыстырады: түзу мағыналы, тәтті сөзді, ұнасымды үнді, жарасымды суретті етіп келтіреді.

Абай айтайын деген ой-пікірлерін дәл, еркін, айқын айту үшін өлеңдерін мағыналы, өткір, көрікті етіп келтіру үшін қазақ халқының негізгі сөз қорын түгел пайдалану үстіне ескі, диалекті сөздерді де, шет сөздерді де қолданады. Бірақ оларды өзінен бұрынғы, өз тұсындағы кейбір ақындар сияқты сән үшін, өзінің шет тілді білетінін аңғарту үшін қажетсіз, орынсыз қолданып, сөзді шұбарлап, тілді бұзып жібермейді, ол зәрі қажет жағдайда ғана қолданады, әббден біліп, орынды, жарасымды етіп қолданады. Мұны оның орыс тілінен алған, кірістірген сөздерінен айқын көруге болады.

Абай өлеңдерінде орыс тілінен: виноват, коренной, счет, пошел, нуль, прошение, судья, съезд, закон, чин, доктор, пьяница, такт, бутылка, рюмка, стакан, химия, лавка, барабан, самородный, познание, образование, назначение, минута, сила, единица, интернат, штык, кортечь, форма, альбом, монастырь, гулять, визит, каталажка сыяқты бірсыпыра сөздерді қолданған. Осыларды ол, әлгі айтқандай зәру қажет болғанда ғана алған, ойын айқын аңғарту, өткір айту үшін, кейде сықақ, мысқыл үшін қолданған. Мысалы, Абайдың олай қолданған сөздерінің біразы мына түрде:

 

«Еннатайна кәлкаусар»

Пошел дереу күнәкар...

 

Самородный сары алтын

Саудасыз берсең, алмайды...

 

Прошение жазуға

Тырысар келсе шамасы...

 

Бұл іске кім виноват?

Я Семейдің қаласы...

 

Алыс та болса, іздеп тап,

Кореннойға кіруге...

 

Адал жүріп, адал тұр,

Счетың тура келуге...

 

Меліш сауда сықылды күлкі сатып,

Алса қоймас, араны тағы тоймас...

 

Біліп кеп тұрған лапкасын,

Бұзып талқан етіпті...

 

Көгалды қуып, гөлайттап,

Қызықпен жүріп жазды алған.

 

Единица жақсысы,

Ерген елі бейне нөл...

 

Сыпыра елерме, сұрқыя,

Көп пьяншік нені ұғар?...

 

Абай шет сөздерді, әсіресе орыс тілінен алған сөздерін өте жарасымды етіп қолданған. Осыдан, олардың көбі қазақтың сөз құрамына еніп кетті.

Абай – сөзге бай, тілге ұста ақын. Ол өз шығармаларында қазақ халқының бұрынғы өз тұсындағы сөз қорын, сөз құрамын түгел, сарқа пайдалану, шет сөздерді орынды қолдану үстіне, солардың негізінде өзі жаңа сөздер, жаңа сөйлемдер ойлап шығарды. Және соның бәрін де өте ұста, ұнамды көңілге қонымды етәне соның бәрін де өте ұста, ұнамды көңілге қонымды етіп шығарды. Олар тез сіңісіп, қазақтың тума сөзі, тума сөйлемі болып кетті.

Абай жаңа сөздерді, эпитет, теңеу сияқты сөз образдарын екі түрлі жолмен жасаған: 1) бұрын жоқ, әдебиетте қолданылмаған сөздер жасау, табу жолымен, 2) бұрын бар, әдебиетте қолданылған сөздерді жаңғырту, жаңа мағына беріп қолдану жолымен жасаған.

Мысалы, бұрын жоқ, әдебиетте қолданылмаған сөздердің біразын Абай мына реттерде қолданған:

 

Тың тұяқ күнім сүйтсе де,

Қарбаңдадым өкімдеп, ...

 

Ұстай алмадым бірін де,

Кекіді кейін шегініп....

 

Алқыны күшті асаулар,

Ноқтаға басы керілді....

 

Анттасып алқайды

Сен тентек демеске...

 

Пайдасыз ақыл,

Байлаусыз тақыл,   

Атадан бала ойы өзге...

 

Артынан «ол нем?» деп,

Ұялып кезінесі деп,

Ұялып кезнесіп.

 

Осындағы «өкімдеп», «алқыны», «тақыл», «кекіді», «алқайды», «кезнесіп» деген сөздер жаңа, бұрын әдебиетте қолданылмаған, тек Абай ғана қолданған сөздер.

Абай бұрын бар, қолданылып жүрген сөздерді мына түрде жаңғыртып, жаңа мағына беріп қолданған:

 

Жер қорығыш желкек шал

Желіп жүріп боздайды....

 

 

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзімен

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық...

Талаптың мініп тұлпарын,

Тас қыяға өрледің....

 

Боламын деп жүргенде болат қайтып,

Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім...

 

Ит көрген ешкі көзденіп,

Елерме, жынды сөзденіп...

 

Шығып кетер, я қалғыр,

Оған ақыл – арам без...

 

Білгенге жол бос,

Болсайшы қол бос

Талаптың дәмін татуға...

 

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа,

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа.

Адасқан күшік секілді,

Ұлып жұртқа қайтқан ой,

Өкінді жолың бекінді,

Әуре болма, оны қой.

 

...Сол қасқырша алақтап түк таппадым,

Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе? 

 

Бұл үзінділердегі «желкек шал», «ой көзімен», «талаптың тұлпары», «болат қайтып», «ит көрген ешкі көзденіп», «елерме, жынды сөзлденіп», «арам без», «талаптың дәмі», «күңгірт көңіл», «көңілім ... төмен қарап», «адасқан күшік секілді ... ой», «көңілдің жайлауы», «жалтаңдаған жас жүрек», «жас жүрек жайып саусағын» деген сөздер Абайдан бұрын, Абайдан бұрынғы әдебиетте бұлай айтылмайтын, қолданылмайтын, бұларды тек Абай ғана осылай қыйыстырып, жаңғыртып, жаңа мән беріп қолданған.

Осы ізбен, яғный бұрын бар, қолданылып жүрген сөздерді жаңғыртып, жаңа мағна беріп қолдану ізімен, Абай көп ретте қазақтың бұрынғы мақал, мәтелдерін де жаңғыртып, септелуін өзгертіп, өткірлеп қолданған, солардың негізінде өзі жаңа мақал, мәтел, фигуралық сөздер жасаған.

Мысалы, Абай бұрынғы: «Еңбек етсең, емерсің» деген мақалды:

 

Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей –

 

деп, «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген мақалды:

 

Екі кеме құйрығын,

Ұста, жетсе бұйрығың –

 

деп өзгертіп, ұстартып қолданған. Абай өз өлеңдерінде мақал, мәтелді көп қолданған.

Жаңа сөйлемдерді Абай көбіне орыс тілінің үлгісімен, әсер-ықпалымен жасаған. Мысалы, оның жаңадан жасаған сөйлемдерінің біразы былай болып келеді:

 

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр...

 

Мен сынық жан, жамағанмен

Түзеле алман түрленіп...

 

Қонады бір күн жас бұлт,

Жар тастың төсін құшақтап...

 

Уақыттай, өзі жүйрік ат мінеміз...

 

Қысқасы, жаңа сөздер, эпитеттер, теңеулер, жаңа сөйлемдер жасау, қазақтың әдеби тілін дамыту, ұстарту жөнінде Абайдың қазақта әлі теңдесі жоқ. Өзі тапқан, жасаған жаңа сөздер, жаңа эпитет, теңеулер, жаңа сөйлемдер, мақал-мәтелдер Абай өлеңдерін тағы да дәл, өткір, көрікті етті.

Абай өлеңдерін көріктеуге өте ұста. Бұл жөнінде ол эпитеттің, салыстыру-теңеудің, ауыстыру-шендестірудің (тропаның), әсірелеудің, фигуралық сөздердің неше алуын түрлерін әртүрлі қолданады. Бұл оның әрбір өлеңінен айқын көрініп отырады; кей өлеңдері бастан-аяқ кілең эпитеттермен, теңеулермен, шендестірулермен, әсіреулермен келеді. Және бәрі де өте жарастықты, көрікті болып келеді.

Мысалы, ол жақсы атты былай суреттейді:

 

Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ,

Қой мойынды қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

 

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

Қабырғалы, жоталы болса күшті.

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

 

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,

Жауырны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

 

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.

Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендегі шығыңқы, аламайлы.

 

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі сынды, дөңгелек келсе к..ті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

 

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек.

Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,

Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек...      

 

Өлеңді көріктеу, өлеңнің кестесін көрсету жөнінде де Абайдың қзақта әлі теңдесі жоқ: қазақтың бұрынғы тұсындағы ақындарының ешқайсысы өлеңін Абай сияқты ұста, келісті көріктеген емес.

Абай өлеңінің композициясын, шумағын, өлшемін, ұйқасын қолдан қойғандай етіп келтіреді. Оның өлеңдерінің шумағы, композициясы жинағы тақырыбына, ой жүйесіне лайық заңды басталып, заңды аяқталады, оларда артық, оғаш тұрған, кем шумақ, тармақ болмайды.

Сондай-ақ оның өлеңдерінің буыны, ұйқасы, ішкі мағынасы жағынан да, сыртқы тұлғасы жағынан да, үні, өлшемі жағынан да бір-бірімен қабысып, үйлесіп, дәлме-дәл тұрады.

Абай қазақ халқының ертедегі, өзінен бұрынғы өлеңдерінің түр-үлгілерін: өлшемін, шумағын, ұйқасын түгел, сарқа пайдаланады. Соларды пайдаланып, орыс ақындарынан көріп, өз өлеңдерінің шумағын, ұйқасын түрлендірді, сол арқылы қазақ өлеңінің құрылысын жаңартты, ілгері дамытты.

Бізде бұған дейін Абай қазақ өлеңінің өлшеміне өзгеріс енгізді; қазақ өлеңдері бұрын тек 11 буынды, 7-8 буынды ғана болушы еді, Абай аралас келетін 3-4-5 буынды, 5-6-7 буынды бірыңғай келетін, 7-8 буынды өлеңдер шығарды деп айтылып, жазылып келеді.

Бұл бекер, қате. Абай қазақ өлеңінің өлшемін өзгерткен жоқ. 3-4-5-6-7-8 буынды өлеңдер қазақта Абайдан бұрын да бар болатын. Бірақ олар ұзақ жыр, дастандарда аз қолданылатын, тек бірді-екілі ғана қолданылатын. Олар көбінше мақал, жұмбақ, шешен сөз болып келетін ұсақ өлең, жырларда ғана болатын.

 

Мысалы:

 

Етігі жаман – 5

Төрге шыға алмас – 6

Жеңі жаман – 4

Ас іше алмас – 5

Тиме десем – 4

Тиеді – 3

Ти десем – 4

Тимейді – 3 

 

деген сияқты болып келетін. Абай осыларды өлең-жырға, дастанға енгізді, некен-саяқ енгізбей, көп етіп енгізді, жөнге келтірді, зағды етті.

Бізде бұған дейін Абай қазақ өлеңінің ұйқасына жаңалықтар енгізді: қазақ өлеңдері бұрын тек ақсақ(аа-а) ұйқаспен, айнымалы (әр жерде әртүрлі болып өзгеріп отырады) ұйқаспен ғана келуші еді. Абай егіз (аа бб) ұйқасты, аттамалы (аб аб)ұйқасты шығарды деп айтылып, жазылып келеді.

Абайдың қазақ өлеңдерінің ұйқастарына жаңалық енгізгені рас, бірақ әлгі ұйқастар қазақта Абайдан бұрын бар болатын. Тек олар ұзақ өлең, жырларда, дастандарда аз қолданылатын, көбінесе мақал, жұмбақ, шешен сөз болып келетін шағын өлең, жырларда ғана қолданылатын. Мысалы:

 

Таныған жерге – а

Бой сыйлы – б,

Танымаған жерге – а

Тон сыйлы – б

 

Айымсың, балам, айымсың       а

Жылқыда, тұлпар тайымсың      а

Арт, балам, жұрттан арт, балам          б 

Дұшпанға қылма мәт, балам     б

 

деген сияқты болып келетін. Абай осыларды көптеген өлең, жырларында қолданды, жөнге келтірді, заңды етті.

Сонымен бірге Абай қазақтың өзінен бұрынғы өлеңдерінің шумағы, ұйқасы негізінде жаңа шумақтар, ұйқастар ойлап шығарды. Абайдан бұрын қазақ өлеңдерінің шумағы, көбіне, үш түрлі болып: а) үшұ тармақты, б) төрт тармақты, в) көп тармақты болып келуші еді; көп тармақты болғанда айнымалы: біресе 6-8-10 тармақты, біресе 12-14-16 тармақты болып келуші еді. Абай осыларды бір ізге келтіріп, нақпа-нақ етіп, жаңаша шумақтап, жаңаша ұйқастырды.

Атап айтқанда, Абай 17 өлең, жырын әлгідей өзінше шумақтап, өзінше ұйқастырған. Олар: 1) «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», 2) «Хор болды жаным», 3) «Қуаты оттай бұрқырап», 4) «Ем таба алмай», 5) «Бай сейілді», 6) «Бойы бұлғаң», 7) «Кешегі Оспан», 8) «Сен мені не етесің», 9) «Сырмақ қып астына», 10) «Ата-анаға көз қуаныш», 11) «Тайға міндік, тойға шаптық», 12) «Сегіз аяқ («Алыстан сермеп»)», 13) «Бұралып тұрып», 14) «Қарашада өмір тұр», 15) «Келдік талай жерге енді», 16) «Білімдіден шыққан сөз», 17) «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім».

Абайдың бұл өлең, жырлары өздерінің шумақтары жағынан үш түрлі болып келеді: а) Алты тармақты, б) Жеті тармақты, в) Сегіз тармақты болып келеді.

Абай 7 өлеңін алты тармақты етіп жазған. Олар үш түрлі ұйқаспен келеді. Мысалы, біреуі (Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін) былай келеді:

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, а

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін            а

Көкірегі сезімді, тілі орамды        -

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін   а   

Бұл сөздерді тасыр ұқпас, талапты ұғар      -

Көңілінің көзі ашық сергегі үшін            а

 

Екеуі («Хор болды жаным», «Қуаты оттай бұрқырап») былай келеді:

 

Хор болды жаным            а   

Сенсіз де менің күнім                      б

Бек бітті халым                          а

Тағдырдан келген келген зұлым      б

Тағдыр етсе алла,                       в

Не көрмейді пәнда?                в

 

Төртеуі («Ем таба алмай», «Бай сейілді», «Бойы бұлғаң», «Кешегі Оспан») былай келеді:

 

Ем таба аламй            а

От жалындай         а

Толды қайғы кеудеге б

Сырласа алмай           а

Көз аша алмай       а

Бендеге             б

 

Абай төрт өлеңін жеті тармақты етіп жазған. Олар («Тайға міндік, тойға шаптық») «Сен мені не етесің?», «Сырмақ қылып астына», «Ата-анаға көз қуаныш» мынадай үш түрлі ұйқаспен келеді:

 

1)    Сен мені не етесің?               а

Мені тастап                     б

Өнер бастап                    б

Жайыңа                               -

Және алдап                                в

Арбап                        в

Өз бетіңмен сен кетесің        а

2)    Сырмақ қып астына                      а

Байының тоқымын               б

Отыныңбасына                         а

Төрінің қоқымын                  б

Бүксітіп                           в

Бықсытып                             в

Қоқсытып келтірді               -

3)    Ата-анаға көз қуаныш               а

Алдына алған еркесі                 б

Көкірегіне көп жұбаныш          а

Гүлденіп ой өлкесі               б

Еркелік кетті                   в

Ержетті                            в

Не бітті                            в

 

Абай сегіз тармақты етіп 3 өлең жазған. Оның екеуі («Сегіз аяқ», «Бұралып тұрып») былай болып қайысады:

 

Алыстан сермеп,                        а

Жүректен тербеп,            а

Шымырлап бойға жайылған           б

Қиуадан шауып,                        в

Қисынын тауып,                   в

Тағыны жетіп қайырған            б

Толғауы тоқсан қызыл тіл,            г

Сөйлеймін десең, өзің біл.        г

 

Абайдың сегіз тармақты етіп жазған үшінші өлеңі «Қарашада өмір тұр». Ол былай болып келеді:

 

Қарашада өмір тұр,             а

Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?           б

Арттағы майда көңіл жүр,       а

Жалынсаң қайтып келер ме?          б        

Майдағы жұрттың іші – қар,         в

Бәйшешек қарға өнер ме?         б

Ішінде кімнің оты бар,              в

Қар жауса да, сөнер ме?           б

 

Көрсетілген өлеңдерден басқа Абайдың үш өлеңінің шумағы, ұйқасы өзінше, әр жерде әртүрлі болып келеді. Олар «Келдік талай жерге енді», «Білімдіден шыққан сөз», «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» деген жыр-тақпақтары.

«Келдік талай жерге енді»нің бастапқы шумағы алты тармақты болып өз алдына бір ұйқаспен келеді де, қалған шумақтары біресе үш, біресе төрт, біресе бес тармақ болып, өз алдына бір ұйқаспен келеді. Ал, өлеңнің ұзын бойы бір ұйқаспен жалғасып отырады. Тиісті шумақтарын теріп алғанда, былай болып келеді.

 

1)    Келдік талай жерге енді,                 а

Кіруге-ақ қалдық көрге енді           а

Қызыл тілім буынсыз,                б

Сөзімде жаз бар шыбынсыз,          б

Тыңдаушымыз ұғымсыз            б

Қылып тәңірім берген-ді.                а

 

2)    Осы жасқа келгенше,                 в

Өршеленіп өлгенше,                        в

Таба алмадық еш адам,                    -

Біздің сөзге ергенді.                        а

 

3)    Өмірдің өрін тауысып,              г

Білімсізбен алысып,                         г

Шықтық міне белге енді.                 а

 

6) Балапан құстай оңдалып,                   д

    Қанатыңды қомданып,                        д

    Жатпа ұяда, қорғанып,                       д

    Ұш, көңілім, көкке керге енді.             а

 

13) Адам деген даңқым бар,                 е

      Адам қылмас халқым бар,               е

      Өтірік пен өсекке                            -

      Бәйге атындай аңқылдар,               е

      Тұла бойым шіміренді,                    а

 

«Білімдіден шыққан сөз»дің бір шумағы ақсақ ұйқас, басқа шумақтары өз алдына бір ұйқас болып келеді. Өлеңнің бас-аяғы, әлгі өлең сияқты, бір ұйқаспен жалғанып отырады. Былай болып келеді:

 

Білімдіден шыққан сөз                  а                  

Талаптыға болсын кез.                 а

Нұрын, сырын көруге                  -

Көгірегінде болсын көз.               а

Жүрегінде – айна, көңілі – ояу,   б

Сөз тыңдамас ол баяу,                  б

Өз өнері тұр таяу,                        б

Ұқпасын ба сөзді тез?                 а

 

Әбілет басқан елерме                в

Сөзге жуық келер ме?               в

Түзу сөзге сенер ме                  в

Түзілмесін білген кез                а

 

«Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!» бес шумақ. Оның екі шумағы 10 тармақтан, бір шумағы 16, бір шумағы 9 тармақты. Әр шумағы «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!» деп басталады. Бірінші, екінші, бесінші шумақтарының басқы тармақтары бірді-екілі жерде айнымалы, басқа жерлерінде ерікті ұйқаспен келеді, мысалы, бірінші, үшінші шумақатары былай:

 

1)    Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!            а

Саяламай, сай таппай,                               б

Не күн туды басыңа,                                  -

Күні-түні жай таппай?                               б

Сен жайыңа жүргенмен                             -

Қыз өле ме бай таппай?                            б

Түн кезгенің мақұл ма,                             -

Жан-жағына жалтақтай?                          б

Өлермін деп жүрмісің,                              -

Мұнан басқа жан таппай?                       б

 

2)    Сап-сап, көңілім, сап көңілім!        а

Сана қылма бекерге!                             в

Сана қылғанмен пайда жоқ,                 г

Дүние даяр өтерге,                               в

Ажал даяр жетерге                               в

Хош, қыз алсын қ...на                          -

Бейнет көрмей дәулет жоқ,                 г

Әлі барып кетерге                               в

Оныменен бойыңа,                              -

Иман, дәулет бітер ме?                       д

Адалды сатсаң арамға,                       -

Құдай қабыл етер ме?                        д

Қыз сүйеді мені деп,                          -

Оған көңіл көтерме!

 

Абай көбінше өлеңдерін бастан-аяқ бірыңғай ұйқаспен келтіреді, кейде бір, кейде екі түрлі ұйқаспен қыйыстырады. Сонда да ол қайталамай, құрғақ сөз етіп жібермей, үнемі әрі мағыналы, әрі шебер ұйқастырады.

Әдейі сынадық, Абайдың 20-30 өлеңі осылай бірыңғай келеді екен. Олардың ішінде ақынның «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Бір дәурен кемді күнге боз балалық», «Ішім өлген, сыртым сау», «Сәулең болса кеудеңде», «Балалық өлді білдің бе?», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген сияқты әйгілі, ұзақ өлеңдері де бар.

Мысалы, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» 48 тармақ. Соның ұйқастық тармақтары (36 тармағы) бір түрлі ұйқаспен келеді: «Сергек», «кермек», «ермек», «өлмек», «келмек», «өзгермек», «жеңбек», «көрмек», «көнбек», «еңбек», «көлбек», «шөлмек», «білмек», «жүрмек», «өткізбек», «ілмек», «үйренбек», «сенбек», «бергек», «көтерілмек», «жиренбек», «бөлмек», «бермек», «дүрмек», «күлмек», «өкірмек», «демек», «өрнек», «жемек», «көмек», «өршілденбек», «бөлек-бөлек», «әлек», «меңгермек», «теңгермек», «келтірмек» деген сөздермен келеді. Еш жерде бір ұйқас екі айтылмайды.

Бұрынғы қазақ өлеңдірінің тармақ ұйқастары көбінше не жалаң «шу деді», «жөнеді», «барады», «келеді» деген сияқты етістік сөздермен, не «таға қылдым», «жаға қылдым», «саба қылдым» деген сияқты етістік етістік жалғанған сөздермен келуші еді.

Абай өз өлеңдерінде тармақ ұйқастарын, бір жағынан, көбіне зат есімдермен келтіреді, екінші жағынан, әр қыйлы етіп түрлендіріп келтіреді. Кейде тіпті «ақ», «да», «де», «ау» деген сияқты демеушелермен де ұйқастырады, орынды, жарасымды етіп ұйқастырады.

Абай өлеңнің түрін, құрылысын үнемі оның мағынасына, өзінің айтайын деген ой-пікіріне байланысты ұқбылтып отырады. Шумақты, өлшем, ұйқасты араластырып қолданады, еркін қыйыстырады, ойын дәл, толық айтуға мүмкіндік беретін өлшем ұйқастарды көп қолданады.

Абай кейде өлеңді сөз ұйқасы емес, ой ұйқасымен де келтіреді. Оның орысшадан аударған «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі!» деген өлеңі осылай келеді:

 

Дүрілдеген нажағай,             а

Бұрқыраған жауынның,        б

Ашалмағы бар ма басынан,       в

Бағы қайтқан жауынның?           б

Мен орманға барғанда               г

Неше түрлі гүл ұстап,                 д

Қайтушы едім қолыма.         е

Гүлдер түгіл бұл күнде,        ж

Шөп тағы жоқ маңымда.            е

 

Осы тоғыз тармақ өлеңнің көп жерінде сөз ұйқасы жоқ. Бірақ өлең болып оқылады. Себебі ішкі мағынасы ұйқасып жатыр, бір ойды білдіріп тұр.

Абай өлеңдерінің бірсыпырасын 3-4-5-6-7 буынмен, аттамалы, егіз, аралас ұйқастармен келтіріп, бірсыпырасын өзінше шумақтап, өзінше ұйқастырып, кейде өлеңді сөз ұйқасына емес, ой ұйқасына құрып, ол қазақ өлеңіндегі силлабо-тоникалық өлең нысаналарын айқындай түсті.

Абай қазақтың қыйыннан қарастырылған, тілге жеңіл, жүрекке жылы, айналасы теп-тегіс, жұмыр өлеңін, іші алтын, сырты күміс сөзін жасады.

 

Абай халқын сүйді, халқының көшін жаңа жолға, өнір-білім, өсу жолына, ұлы орыс халқымен бірлесу, сонан үлгі, өнеге алу жолына бастады; халқының болашағын өзгертіп, жақсы жолға салуға еңбек етті; қазақ елінің, бүгінгідей, ерікті, бай, мәдениетті, күшті, бақытты ел болуын көкседі.

Абай қазақтың жаңа реалистік әдебиетін – мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем әдебиетін жасады; Абай өлеңдері – мәңгі жасайтын асыл сөз қазынасы, ол қазақ халқының Абай тұсындағы тұрмыс суреті, дүние тануы, мінез-құлқы, мұң-зары, тілек-арманы, шыдамдылықпен жақсы болашаққа сенген халықтың бейнесі.

 

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, -

 

деген өз өлеңін Абайдың өзі жөнінде айтуға болады. Абай халқының асыл азаматы болғандықтан мәңгі өлмейді. Біздің барлық жұртшылығымыз, советтік социалистік Отанымыз осындай өлмес, өшпес Абайды кәдірлейді.

 

Абайдың өмірі мен творчествосы.

Мақалалар жинағы / Редакциясын басқарған

М. Ақынжанов және З. Ахметов. – Алма-Ата:

ҚазССР  ҒА баспасы, 1954. – 85-106-беттер.