АБАЙ МУЗЕЙІ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРДІ ҚАРСЫ АЛДЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің басшылығы  ҚР Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарының үздік студенттерін Абай еліне саяхатқа жіберу туралы ұсыныс-хат жіберген еді. Соған орай музей басшылығының болашақ мамандардың бойына Абай тағылымын сіңіруге қатысты ұсынысы министрлік тарапынан қолдау тапқанын атап айту керек.

Семейге алғашқы болып Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттері келді. Олар университеттің ғылыми хатшысы, ф.ғ.к., доцент Г.Тлеубердинаның жетекшілігімен келген студент жастар -   Қайырбай Айым,  Ардабайұлы Бекзада, Айсенова Назгүл, Самат Думан.  Олар бас музейдегі жаңа көрмелермен танысты. Биылғы жылы елімізде «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығы және кемеңгер жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы атқарылуда. Осыған орай музейде түрлі мәдени-рухани шаралар тұрақты атқарылып жатқаны белгілі.  Абай қорық-музейінің бастамасымен «Астана – Защита» бағытындағы «Тулпар-Тальго» жүрдек пойызы қазір «Абай жолы» деп аталады. Студент жастар Абай, Шәкәрім, Мұхтардай үш алыптың өмір жолымен танысып, М.Әуезовтің 120 жылдығына арналған «Абай жолы: алашты паш еткен әлемге» көрмесін тамашалады.

Олар, сондай-ақ М.Әуезовтің 100 жылдығына орай 1997 жылы Әнияр Молдабаевтың үйінде ашылған  «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайына барды. Бұл үйге Семейге келген сапарында Абай түсіп жүрген, ал 1920-шы жылдары мұнда Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Әуезов тұрғаны белгілі.

Танымдық-тағылымдық сапар одан әрі киелі Шыңғыстау жерінде жалғасты. Абай елін бетке алған  студенттер Күшікбай бұлағы, Еңлік пен Кебек жасырынған Үйтас, Абайдың туған жері - Сырт-Қасқабұлақ сияқты тарихи орындар мен ескерткіштерді тамашалады.

 «Керемет, тамаша... Абай, Шәкәрім, Мұхтар  аталарымыздың туған жерлерін көріп, олар ұстаған әрбір  затпен танысқанымызға өте қуаныштымыз. Болашақ тіл мамандары, яғни біз үшін өте керемет әсер қалдырды. Көп естіген,  романнан оқыған жерлерімізді бір көріп қайтқанға не жетсін. Осындай Абай атамыз жайлы бізге тың мәліметтер берген үшін музей қызметкерлеріне  мың алғыс», - деп 51-тобының студенті Қайырбай Айым өз алған әсерімен бөлісті.

Абай қорық-музейінің ғылыми хатшысы Ш.Садықова студент жастардың бұл сапары турасында: «Абай 1885 жылы өлкетану музейіне тапсырған этнографиялық заттар мен Ахмет Риза мешіт-медресесінің экспозициясы студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Алғашқы қадамдарын Абайдың мұражай-үйі, «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясымен танысудан бастап, Жидебай жеріндегі «Абай-Шәкәрім» мавзолей кесенесі, «Зере-Ұлжан-Құдайберді» қорымына барып, киелі орындарға тағзым етіп қайтты. Студент жастарға рахмет айта отырып, еліміздің өзге жоғары оқу орындары да ұлы ақын музейіне келуге белсенділік танытады деп ойлаймын», - деді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында есімдері ерекше құрметпен аталған Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Жамбыл, Құрманғазы секілді ұлы даланың ұлы тұлғаларын насихаттау бағытында Абай музейі айрықша көңіл бөлген қадамдардың бір парасы осындай.

 

Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі»

қорық- музейінің баспасөз қызметі