Ұлы Абайдың ата қонысы – Жидебайдағы таяуда қайта қалпына келтірілген Құнанбай құдығы осындағы данышпан ақынның музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, «Шәкәрімнің саятқорасы» экспозициялық көрмесі, «Зере-Ұлжан-Құдайберді» мазары, «Еркежан» зираты, «Еуразия кіндігі» тасбелгісі тәрізді және тағы басқа мәдени-тарихи ескерткіштер ансамблін толықтыра түсті.
Кішік-Тобықты болысының старшыны Құнанбай Өскенбайұлы Жидебайға 1840 жылы келіп қоныстанған. Белгілі шежіреші, жазушы Бекен Исабаев «Жер кіндігі Жидебайдың атауы қайдан шыққан» («Ертіс өңірі», 23.03.2011 ж.) мақаласында: «Жалпы Шыңғыстауды толық иеленіп, қыстау салып, руларға жер бөлуді Кеңгірбай да, Өскенбай да емес, тікелей Құнанбай жүргізген. Бұл шамамен 1830 жылдан кейінгі кезеңде Құнекеңнің Шыңғыс елінің бірде болыс, бірде старшын аталып, билікші болған кезде жүргізілген», - дейді.
Міне, осындай билік тізгіні қолға тиген уақытта Құнанбай Өскенбайұлы Жидебайдағы қыстауы жанынан бірнеше құдық қаздырған. Олардың іші Өртең тауының тасымен өрілген. Өкінішке қарай, кешегі кеңес өкіметі кезінде бұл құдықтар қараусыз қалып, көміліп қалған еді.
1995 жылы ұлы ақынның әлемдік деңгейде аталып өткен 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абайдың мемлекеттік қорық-музейі қызметкерлерінің қатысуымен сондай құдықтардың бірі қайта тазартылып, қалпына келтірілген болатын. Бірақ, ол да соңғы жылдары тасыған су астында қалып, музейге келушілердің көруі мүмкін болмайтын.
Сондықтан қасиетті Жидебайдағы Құнанбай қаздырған тағы бір құдық қайта қалпына келтірілді. Бұл құдықтың айналасы темір шарбақпен қоршалып, жаяу жүргіншілер үшін бетон жол төселген. Бұған қоса құдықтың жерден жоғары ернеуі табиғи таспен қапталып, ағаш қақпақ орнатылып, ағаш шелегі бар салма қойылған.
Құнанбай құдығы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Мұратбек Кенемолдин
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
Мемлекеттік қорық-музейі