АЛАШ – МҰХТАР МҰРАЖАЙЫ ЖАҢҒЫРУДА

Үстіміздегі жылы елімізде «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі құрылуының 100 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осындай Алаш рухын жаңғырту мәселесі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі әкімшілігінің тарапынан да қызу қолға алынып, атқарылып жатқанын атап айтқан жөн. Мәселен, соның бірі – «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музей-үйін құрылыс-жөндеу жұмыстары және экспозициялық жабдықтау тұрғысынан қайта жаңарту болып саналады. Жалпы, бұл музей-үйдің ұлтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар екеніне ерекше тоқтала кетуіміз керек. Хакім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабаевқа сатып алып берген. Және де өзі Семейге қонақтап келгенде осында арнайы түсетін болған. Азматтық қарсыласу жылдары Әнияр Молдабаевтың үйінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов отбасымен тұрған. Сонымен қатар мұнда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов те тұрғаны оның жеке анкеталық құжатынан мәлім болып отыр. Ұлы Абай өміріне тікелей қатысты тарихи орын болғандықтан, 1944-67 жылдары бұл үйде Абай мұражайы жұмыс істеді. Одан соң Семей қалалық балалар кітапханасына берілді.

Aл енді 1992 жылдан бастап Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Өкінішке қарай, осы жиырма бес жылдай уақыт аралығында оның бірінші қабатына ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Соның салдарынан ғимараттың қабырғалары көгеріп, сылағы қопарылған, төбе тақтайлары жұлынып, терезелері жартылай сынған болатын-ды.

Биылғы жылдың басында Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің әкімшілігі еліміздегі Алаш атауымен аталатын бірден-бір жалғыз музейге, яғни Семей қаласындағы «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ондағы бөлмелердегі экспозицияларды толықтай қайта жаңартуды жүзеге асыруда. Осыған орай музей қызметкерлері Алаш зиялыларының өмірі мен қызметіне байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, жаңа экспозицияның тақырыптық жоспарын дайындады. Ең алдымен Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті және ондағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен өзара әріптестік қатынастар орнатылды. Соның нәтижесінде, белгілі алаштанушы ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы мен доктор PhD, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы алты кезеңнен тұратын Алаш қозғалысының арнайы тақырыптық жоспарын жасауға көмектесті және осыған қоса көршілес Ресей мемлекетінің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омск, Томск және т.б. қалалары архивтерінен жинақтаған материалдарын берді.

Сондай-ақ, экспозициялық материалдар құрамы Абай музейінің ғылыми қорындағы Алаш қайраткерлері туралы тарихи құжаттар, фотосуреттер және сол кездегі газет-журналдар беттерінен түсірілген ксерокөшірмелермен толықтырылды. Бұдан басқа Алаш музейінің астыңғы қабатына XIX-XX ғасырларда пайдаланылған стол, орындық, кітап және киім шкафтары, сандықтар, ас үй жиһаздары қойылды, ал енді үстіңгі қабатындағы бөлмелерге арнайы тапсырыс бойынша астаналық сәулетшілер балауыздан жасаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовтің мүсіндері орналасатын болады. Таяуда аталмыш музейдің ауласына Алтай тауы өлкесінен арнайы әкелінген бойы бір метрдей болатын жиырмадан астам шырша, қайың, қарағай көшеттері отырғызылып, әр түрлі гүл тұқымдары егілді.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі