Бақыт Ғабдуллин: АБАЙ ЖӘНЕ СОКРАТ

Абай творчествосының қалыптасуына, өсуіне, жетілуіне үш мәдениет өріс, түркін, негіз болғанын, атап айтқанда, біріншісі - қазақ халқының көптеген ғасырлар бойы баспасы жоқтығына қарамастан, халық жадында, санасында сақтап келген рухани мәдениеті (ғажайып ертегілер, лирикалық және қаһармандық эпостар, әдет-ғұрыптар туралы жырлар, шешендік сөздер, халық композиторлары мен ақындарының, сал-серілерінің, т. б. мұралары); екіншісі - Шығыс халықтарының, әсіресе, араб, парсы, түрік тілдес - азербайжан, өзбек, қырғыз, татар, т.б. елдердің; үшіншісі - орыс халқының және сол арқылы Европа мәдениеті екенін М. О. Әуезов дәлелеп берді.     

Біз осы тұста  Абайдың Европа  мәдениетімен, атап айтқанда, грек халқының біздің заманымыздан  бұрын өмір сүрген ұлы философы, жазықсыз жазаланып, жетпіс жасында у ішіп өлген Сократпен қалай төркіндес, ұштас, өрістес болғаны туралы ой шертпекпіз.

Ескерте кететін жай, көлемді зерттеулердің көбінде Абай Сократ, Платон, Аристотель еңбектерін оқыған делінеді, бұл үш дана философтың есімі, ойлары, образдары Абай шығармаларының өзінде де бар. Мысалы, Абайдың «Жиырма жетінші сөзі» «Сократ Хакімнің сөзі» деп те аталады. Ал Абай «Ескендір» поэмасында «ақылы мол» бүкіл грек ішінен «дара шыққан» Аристотельдің образын мүсіндейді. Солай бола тұрса да, Абай мен грек философтары арасындағы қатынас, ұштастық қалай, қандай формада, қай кезеңде, кімдер арқылы болды? - деген сауалдарға көп уақыт жауап болмай келді. Осы жайды ескерте келіп, М. О. Әуезов: «Бұл жөнде тек Сократ туралы Платонның еңбектерінен және Ксенофонттың естеліктерінен алынып, Абай қарасөздеріне кірген бір әңгіме - толғауды ғана мысалға келтірмесек, басқа философтардың Абай шығармаларынан орын алғаны көрінбейді. Оларды қабылдау түрінде де, сынау ретінде де, Абай өрелі ой жүргізген емес» - дейді. (М. Әуезов. Әр жылдар ойлары. 140-бет).

Біз Әуезов ойын әрі қарай өрістете отырып, Абайдың грек философының кейбір пікірлерін қабылдап, ал кейбір пікірлеріне сын көзбен қарағанда, Сократ пен Абайдың, әсіресе дін, моральдық, адамгершілік жайындағы ойларының өрістестігі мен қайшылықтарына тоқталамыз.

Абайдың «Жиырма жетінші сөзінің» қосымша такырыбы - «Сократ Хакімнің сөзі». Бұл ғақлия неліктен «Сократ сөзі» деп аталады? Абай атақты философтың қандай еңбектерін, қай тілде, қашан оқыды екен? Бұл аударма ма, әлде Сократпен ой жарыстыра айтқан өз пікірлері ме? Абай Сократ пікірлерін қабылдай ма, әлде сынай ма? Осы сұрақтарға жауап іздестіру барысында Москвадағы В.И. Ленин атындағы мемлекеттік кітапханадан Ксенофонттың еңбектерін таптық (Сочин. Ксенофонта. Часть І – Анабазис. Киев. 1876 г. Часть ІІ – Воспоминания о Сократе. СПБ 1878 г. Полн.собр. соч. Ксенофонта. 1887. СПБ.).

Сократтың тірі кезінде де біздің Абай сияқты шығармалары басылмаған, қолжазба сақталмаған. Ол кезде философиялық ойлар өзара әңгіме, диалог ретінде жүргізілген. Біздің заманымызға Сократ шығармалары Платонның «Диалогтары», Ксенофонттың «Естеліктері» арқылы жеткен. Сондықтан да Ксенофонттың, Платонның  естеліктері Сократтың  шығармасы ретінде саналады. Ксенофонттың «Сократ туралы естеліктерінің» төртінші тарауы «Құдайдың адамға қарым-қатынасы туралы Аристодеммен әңгіме» («Разговор с Аристодемом об отношении божества к человеку») деп аталады.

Осы төртінші тарауды «Жиырма жетінші сөзбен» салыстырғанда өзара ұқсастықтар және көптеген айырмашылықтар бар екендігі, біздің ағартушының грек философының қандай пікірлерін қабылдайтындығы және қандай пікірлерімен келіспейтіндігі аңғарылады.

Ең әуелі Абай Сократтың қандай ойларын қабылдайтындығы жайлы сөз етелік. Екеуін де әңгіменің негізгі арнасы бір: құдайдың адамға қарым-қатынасы жөнінде, екеуінде де белгілі бір адамдардың есімдері аталады. Мысалы, «Естеліктердегі»: «Аристодем! (Аристодем – Сократтың тыңдаушысы. Тыңдаушыларымен әңгімелесе отырып, оларды қайшы пікірге келуге мәжбүр ету, білместігін мойындату Сократтың сүйікті әдісі болған. Талас пен тартыста ойлаудағы қайшылықтарды ашу арқылы ақиқатқа жету – сол кездегі диалектиканың негізгі тәсілі). Есть ли такие люди, мудрости которых ты удивляешься?» - «Конечно», - ответил тот. - «Так назови мне их по именем», - сказал Сократ. - «В поэмах я наиболее удивляюсь Гомеру,- отвечал Аристодем, - в лиферамбах Меланипиду, в трагедии Софоклу, в ваянии Поликлиту, в живописи Зевкису, (Соч. Ксенофонта. СПБ. 1876, стр. 26) - деген тексті Абай: «Әй, Аристодем, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты?- дейді.

Ол айтты:

- Толып жатыр, қазірет.

- Бірінің атын аташы,- дейді.

- Гомерге бейбітшілдігі (ақындығы) себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сипатына түспектік, Зевкиске суретшілігі себепті таңырқаймын,- деп соған ұқсаған неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты» (Абай Құнанбаев. Шығ. тол. жинағы. 1954, 2-том. 195-б.) - деп аттары онша әйгілі емес Меланиипид пен Поликлитті атамай, Сократ әңгімесінің мазмұнын дәлге жуық береді, оның әңгімелесу тәсілін сақтайды.   

Құдайдың бар екендігіне күмәнданасың, сондықтан да оны шын ықыласпен қошаметтемейсің деп Сократтың таққан кінәсіне Аристодемнің: «Сократ! Я не отвергаю высшего существа, но я считаю его слишком великим для того, чтобы нуждаться в моем предрасположении» (Сочинения Ксенофонта. Стр. 28.) -  деп берген жауабын Абай: «Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады» (Абай Құнанбаев. Шығ. тол. жинағы. 2-том. 197-б.) - деп Аристодемнің жауабын кесімдірек түйеді.

Сократтың кейбір ойларына, ұғымдарына сын көзбен қарап, оның «гармония мира», «прекрасный порядок» сияқты идеалистік түсініктерін «жарастықты законымен жаратылған», «себепті байланыс» секілді түпнұсқада жоқ жаңа ұғымдармен ауыстырады. Біз қазір «причинная связь» деген материалистік диалектиканың терминін «себепті байланыс» деп атаймыз.

Бұл ғылыми ұғымды қазақтың философиялық тіліне ең алғаш Абай кіргізді десек, қателеспегендейміз.

«Заң» деген ұғымның орнына орыстың «закон» деген ұғымын пайдаланған себептерін қарастырсақ, қазақ даласында қараңғылық басым кезде «табиғат заңдары, заңдылықтары», «қоғам заңдары» туралы түсінік аз да, бұл ұғымның юристік, хұқтық мазмұны басымдау болғандықтан, Абай саналы түрде «заң» - «законға» «заңдылық» - «закономерностьке» балама бола алмайды дегенді меңзейді. Қазір қазақ тілінде табиғат, қоғамдық ғылымдарының дамығандығына сәйкес, олардың бір-бірімен толық баламасы болып философиялық терең түсінік беретіндігі белгілі.

Абайдың «Жиырма жетінші сөзі» мен Ксенофонттың «Воспоминание о Сократесін» салыстыра келіп, екі кемеңгердің бір-бірімен ұқсастығын, ұштастығын білдік. Абай Сократтың шығармаларымен, оның философия, дін, этика салаларындағы пікірлерімен қашан және кімдер арқылы танысқан? Осы сұрақтарға жауап іздестіргенде, Абайдың өмірбаянының бір кезеңін еске ала кету керек. Ол кезең – 1870-80 жылдар. Бұл кездері Абай орысша жақсы түсінетін. Семейде, әсіресе қыс айларында, ұзақ уақыт жатып алып, кітапханадан шықпайтын. Кітап іздестірудің жолында жүріп, сол Семейдің кітапханасынан Петербургтен сол жылдары айдалып келген Е.П. Михаэлиспен (1841-1913) танысады. Басында жай кездесіп жүріп, артынан достасып кетеді. Сол Е. П. Михаэлис арқылы осы кезеңде Абай Харьковтен айдалып келген Н.И. Долгополовпен (1857-1922) ұшырасады, кейіннен достасып кетеді, олар Абайдың аулына да барып тұрады.

Абай Қсенофонттың «Сократ туралы естеліктерімен» осы екі кісінің біреуі, тіпті екеуі арқылы да таныс болуы әбден мүмкін. Сол жылдары екеуі Семейге айдауға келгенде Сократ туралы естелік орыс тілінде баспадан жаңа ғана - Киевте 1876 жыл, Петербургте 1878 жыл - шыққан.

Иә, Абай Сократ мұрасымен өткен ғасырдың 70-80 жылдары, аталған орыстың екі ойшылы, ғалымы - Михаэлис пен Долгополов арқылы таныс болды. Сократ пікірлерінің біразын қабылдады, кейбіреулеріне сын көзбен қарады.

Сократ пен Абайдың өмір жолдарында көп ұқсастық бар. Мысалы, Сократ өз кезінде грек халқының, грек жастарының арасында жаңаша тәрбие жүргізіп, софистерге сол кездің догматиктеріне қарсы шығып, қоғам өміріне адамгершілік тұрғыдан қарауды үйретпек болған. Абстракциялы философиялық пікірлерге қарсы тұрып, адамзат өмірінің, адамдар қатынасының философиясымен көп шұғылданған. Тек категориялардың, заңдардың, академиялық ғылымның төңірегінде ғана ойланатын педант философтарға Сократ ұқсамайтын. Оның мінезі, күнделік іс-әрекеті, өмір сүру салты халыққа, әсіресе жастарға қатты ұнайтын. Біздің Абай сияқты Сократ та «өзін-өзі зор тұтып», өз кезінің «надандарын менсінбейтін».

Сократтың мысқылына, ирониясына, сынына шыдай алмаған надандар оның үстінен қылмысты іс жүргізіп, Сократ жердің де, аспанның да заңын бұзып барады, жастарды теріс жолға бастауда, өтірікті шын етіп дәлелдейді, деп жала жауып, 70 жастағы Сократты өлім жазасына кеседі. Соттың осы қатал үкімін естігенде Сократ ешбір аспай-саспай, сабырлылықпен:

«Избегнуть смерти не трудно, афинияне, а вот что гораздо  труднее - избегнуть нравственной  порчи: она настигает стремительной смерти.  И вот  меня, человека медлительного  и  старого, догнала та, что настигает не так стремительно, а моих обвинителей, людей сильных и проворных,- та, что бежит быстрее,- нравственная порча. Я ухожу отсюда, приговоренный вами к смерти, а они уходят, уличенные правдою в злодействе и несправедливости. Я остаюсь при своем наказании и они при своем.

Но уже пора идти отсюда мне - чтобы умереть, вам чтобы жить, а кто из нас идет на лучшее, это никому не ведомо, кроме бога»- дейді.

Ақиқат пен адамгершілік жолында, әділеттілік пең адалдық жолында өлімнен ешбір сескенбейтін қандай қайсарлық, қандай ерлік! Абай Сократтың ілімін ғана емес тағдырын да жақсы білген. «Отыз жетінші сөзінде» «Сократқа у ішкізген, Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал»,- дейді.

Осындағы Абай айтып отырған «көп» кім? Сократты у ішуге мәжбүр еткен бұқара көпшілік емес, сол кезде Сократ сияқты бірен-саран оппозиционерге қарсы ұйымдасып отырған Афин мемлекетінің чиновииктері мен дін иелері екені мәлім. Сол сияқты Жанна д'Аркті отқа өртеп отырғандар да Францияның Руан қаласының Шіркеу сотында істейтін чиновниктер мен дін иелері. Абай айтып отырған Ғайса кәдімгі христиан дінініц негізін салғаи Иисус Христос. Оны да креске керіп өлтіруші діндарлардың соты. Ежелгі гректер заманында Сократты у ішуге мәжбүр етіп отырған, XV ғасырда Жанна д'Аркті отқа өртеп отырған «ақылсыз көпшілікпен» XIX ғасырдың аяқ кезінде қазақ сахарасында Абайдың өзі де істес болады. Олар Еңлік пен Кебекті махаббаты үшін ат құйрығына байлап өлтірген дүлейлер «бүтін елді жұмса жұдырығында, жазса алақанында ұстайтын» жуандар Бейсембай сияқты жап-жас жігітке өз көрін өзіне қаздыратын Оразбайлар мен Жиреншелер, Күнту мен Әбендер. Бұлар Абайға қарсы шықпаққа ант ішісіп, құран ұстап баталасады. Мақсаттары - Абайды мұқату, қорлау, колдарынан келсе жойып жіберу, ең болмаса Абайдың мазасын алып, өмірін мағынасыз ету. Ойшыл ақын «мыңмен жалғыз алысады».

1897 жылы Мұқыр сайлауында әлгі ұйымдасқан зұлым көпшілік Абайдың үйіне қаптап келіп, Абайды сабағаны, халық ағасын қорламақ болғаны белгілі ғой. Абайға ара түскен халық Оразбайды өлтірмек болады. Алайда халықтын қамын ойлаған Абай ашуын ақылға жеңдіріп, жауластырмайды. Сократша ол да өзінің жауларынан әрқашан жоғары тұрады. Оларды надан деп менсінбейді, ақылсыз деп қор тұтады. Өзін-өзі зор тұтып, заманын түзетпек болады».

Сократ пен Абайдың өмір жолдары ұқсастығының бұл бір кішкентай көрінісі.

Ал осы бір-бірінен алыс әр заманда, бір-біріне ұқсамайтын әр елде өмір сүрген, әрқайсысы өз елінің мақтанышы болған екі ойшылдың творчествосында, рухани туындыларында, әсіресе олардың дін және этика туралы ойларында, адамдық, адамгершілік туралы түсініктерінде, толғамында ортақ пікір бар ма?

Сократ пен Абайдың географиялық ортасы да, әлеуметтік ортасы да, өмір сүрген уақыт мерзімі де бір-бірінен алшақ, бір-біріне ұқсамайды. Сократ тіршілік еткен географиялық кеңістік - Европадағы Балкан түбегі, Жер Орта теңізі, уақыт мерзімі - біздің заманымыздан бұрынғы төртінші ғасыр, әлеуметтік орталығы - құл иеленушілік қоғамы. Ал Абай Азияда, қазақ сахарасында, XIX ғасырда, феодалдық-патриархалдық ортада өмір сүрген адам. Осындай алыс кеңістік және уақыт айырмашылықтарына қарамастан, екі ойшылдың пікірлерін салыстыра зерттегенде олардың арасында көптеген ұқсастықтар, сонымен бірге бір-біріне мүлде ұқсамайтын, әрқайсысының тек өзіне ғана тән көзқарасы бар. Әсіресе, айқын аңғарылатын бір жай, Сократтың диалогтері мен Абайдың қара сөздерінің стильдік ұқсастығы. Сократ өз пікірлерін шәкірттерімен әңгіме түрінде, сұхбаттасу, ретінде айтқан ғой. Платон мен Ксенофонт та Сократ шығармаларын бізге сол әңгіме-диалог формасында жеткізіп отыр.

Абай да қара сөздерінде өзінің оқушыларымен шыншылдық, ойшылдық, дін, ғылым, көбінекей адамгершілік, әділеттілік, мораль, тән құмары, жан құмары, т. б. мәселелер туралы әңгімелесіп, мәслихат құрып, ақыл айтып отыратын ойшыл ұстаз. Абайдың өлеңдерінде де, қара сөздерінде де ұстаздық ақыл, кеңес, өсиет айтылып отырылады.

Сократтың философиядағы көбірек шұғылданған мәселесі дін, этика, мораль жайы. Абай да грек философының осы дін мен мораль жөніндегі пікірлеріне көп мән береді.

Мүмкін Абай «Сократ туралы естеліктердің» тек төртінші тарауы емес,  басқаларын да  ел арасына әңгіме етіп таратқан болар, олар жазылып алынбағандықтан бізге жетпеген шығар. Тіпті төртінші тарауды ғана толық  білді дегеннің  өзінде: ол  неліктен  басқаларына назар аудармай тек бұл тарауға ерекше мән берді?- деген сұрақ туады. Егер оған ерекше мән бермесе, аударма түгіл өз шығармалары басылмайтын  кезде, ол оны оқу түсінумен ғана қанағаттанып қоймас па еді, бізге «Сократ Хакімнің сөзі» деген мұра  қалдырмаған болар ма еді, қайтер еді?

Біздіңше, ойшыл ақынның ықыласын ерекше аударған «Естеліктердің» төртінші тарауының тақырыбы - «Құдайдың адамға қарым-қатынасы» туралы мәселе. Аталған тараудың және сонымен байланысты жазылған «Жиырма жетінші», «Жиырма сегізінші» сөздердің Абайдың дүниеге көзқарасын түсіну үшін ерекше мәні бар. Осыған орай Абай сөздері мен Сократ ойларының айырмашылығы мен ұқсастықтарын аңғармағандықтан кейбір еңбектерде Сократтың пікірін Абайға және керісінше Абай пікірін Сократқа таңа салу кездеседі.

Құдай мен дүниенің «байланысын», табиғат пен адамның, тән мен жанның байланысын ұғу, түсіну - ежелден шешуін күткен мәнді мәселелер. Әсіресе Абай өмір сүрген кезеңде дүниенің сыры мен сипатын білуді аңсаған қазақ халқы бұл мәселелерге жауап беруді, шешім айтуды өзінің алдыңғы қатарлы, көзі ашық Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты перзенттерінің ақыл-парасатына міндет еткен.

Жаратылыстың заңдылықтарын білуге, өз білгенін халқына білдіруге ұмтылған Абай айтылған проблемаларға шешім іздестіреді, өзінше жауап тауып, оларды халыққа түсіндірмек болады. Сол іздену жолында «Сократ туралы естеліктерді» кездестіреді. Оның төртінші тарауына ерекше мән беріп, құдай мен адамның «ара қатынасы» жөнінде Сократпен пікір жарыстырады.

Екі авторға тән ортақ ой - екеуі де адамды алғаш жаратқан құдай, адамға ақыл беріп, қол бітіріп, тік жүргізерлік етіп, оны басқа жануарлардан ерекше, өзгеше жасаған құдай деп түсінеді. «Әмме мақұлыққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге беріпті, жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан арты, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тегіс тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара, адам екі аяғын басып тік өседі, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуанды құлданарлық, пайдасын көрелік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп, бірі қанатына сеніп жүр, бірақ өзіндей хайуанды құлданардық лайығы жоқ. Адам өзі-өзіне сенбесе, адамды да хайуан секілді етіп жаратса, еш нәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша зергерлік, бір-біріне ғылым үйренерлік шешендік, салиқалық (қабілеттілік) ол денеге лайықты келмейді»- деп Абай өз ойларын Сократ ойларымен жарыстырады.

Сезім мүшелерінің атқаратын қызметтерін түсінуде, түсіндіруде екеуінде де телеологизм бар.

Олар дүние мен адамды алғаш жаратқан құдай деп түсінсе де, жаратылғаннан кейінгі құдай мен адамның «ара қатынасын» екеуі екі басқа ұғады.

Сократша, құдай тек алғашқы жаратушы ғана емес, сонымен қатар адамның күнделікті өмірінде оның қатынасынсыз еш нәрсе істелмейді. Ол бәрін көріп, бәрін біліп, бәрін істетіп тұрады: «Божество так велико и такими своиствами обладает, что оно в месте и всевидяще и всеслышаще и вездесуще и всепромышляюще». Философтың айтуына қарағанда, адам, халық неғұрлым құдайшыл болса, соғұрлым білімді, мәдениетті болмақшы. «Самые древние, самые образованные государства и народы есть самые набожные» (Сочинения Ксенофонта. Часть ІІ. стр. 30).

Сократтың аңғаруынша, ғылымның міндеті - адамның барлық іс-әрекетін құдайдың өзі көріп-біліп, істеп-істетіп тұрғандығын адамға түсіндіру, ал адамның міндеті - құдайдан қорқып, арамдық, әділетсіздік, залымдық жасамау, өз қылықтарының жаратушыдан жасырылмайтынын сезіне білу.

Абай Сократтың аса құдайшыл пікірлерін сыртқа тебеді, сондықтан да «Сократ туралы естеліктердің» құдайды көп дәріптейтін беттерін дұрыс деп санамай, өзінің кезекті «Жиырма сегізінші сөзінде» құдайдың адамның күнделік өміріне ешбір қатысы жоқтығын дәлелдеп, грек философының пікірімен келіспейтіндігін айқын сездіреді.

«Егер құдай еңбек сүймейтін бір оңбағанға мал берсе, құдайдан тілеп еңбек еткен кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын асырауға мүмкіндік жасамай кедей қылса, бір момынды ауыртып, ұры мен залымның денін сау етсе, әке-шешесі бір екі баланың бірін есті, бірін есер етсе, тамам жұртқа бұзық болма,  түзу бол деп жарлық шашып, алла өзі құдіретімен біреуді жамандыққа мейілдендірсе - осының бәрі құдайтағаланың ғайыпсыз мінезіне, рақымдылығына, әділеттілігіне лайық келе ме?» - деп Абай мәселені тіке қояды.

Екі тексті салыстырып қарағанда бұл сұрақтарды Абай Сократтың өзіне қойып отырғандай сезіледі.

Абайдың аңғаруынша, егер барлық іс-әрекетті құдай «қылушыға өзі қалдырып тұрса» адам қандай болмасын қылығы үшін ешкімнің алдында жауапты болмауға тиіс адам мен адам арасындағы міндет, борыш туралы түсініктер болмаса керек, адамның барлық қылықтарына құдай өзі жауапкер болуға тиіс.

Абай мен Сократ екеуінің адам мен құдай «ара қатынасы» туралы пікірлерін қорыта айтқанда, екеуінің елеулі ерекшеліктері, айырмашылықтары бар. Грек ойшылының түсінігінде барлық іс-әрекетті жасаушы да, жасатушы да құдай, бәрін біліп, сезіп тұрғандықтан, адам одан сескенуі керек, сондықтан да жамандықтан аулақ, жақсылыққа бейім болу қажет. Ал Абайша: құдай жақсылық пен жамандықтың жасаушысы, бірақ жасатушысы емес, ол адамның күнделік өміріне қатыспайды, не іс істесе де адам өзі істейді, сондықтан да өз қылығы үшін өз ары алдында жауап беруі керек. Адам біреуден қорыққандықтан, сескенгендіктен емес, адам болғандықтан, оған сай ақыл, ары болғандықтан жақсылық пен игілікке үйір болып, жамандық пен зұлымдықтан қашуы керек.

Маркске дейінгі барлық ойшылдар, социологтер сияқты Абай дін мәселелерін адамгершілікпен тікелей ұштастыра тексереді. Қазақ ағартушысының грек философынан тағы да бір ерекшелігі осында. «Адам бол» деген этикалық приицип ұсынып, діннің өзін адам тәрбиелеудің құралына айналдырмақ болады. Сондықтан да Абай «құдайды» адамгершілік, әділеттілік, шындық, тәрбие махаббат, бір сөзбен айтқанда, мораль мәселесімен байланыстырады, дінді адамгершілікке бағындырмақ болады.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жолы деп әділетті. 

Бұл, әрине ислам дінінің өрісі емес, моральдык философия. Ойшыл ақынның аңғаруынша, алла дегеніміз шындықтың,  адамгершіліктің,  махаббаттың,  әділеттіліктің символы, жолы, ал шындық пен әділет, адамгершілік пен махаббат - алланың әр түрлі сипаттары, осылардың жиынтығы - алланың өзі.

Сонымен бірге құдай, Абай түсінігінде, жауыздардың, зұлымдардың, сұмдардың, екіжүзділердің, арамтамақтардың жазалаушысы. «Отыз бесінші сөзінде» ол құдайды құлқынның  құлы болган,  өздерінің іс-әрекеттерімен халыкқа зәбір көрсеткен екі жүзді қажылар мен молдаларға, «адамның сайтаны - монтаны сопылар» мен мейірімсіз  мырзасымақтарға  мақшарға барғанда  зауал беруші күш ретінде суреттейді.

Ағартушының «құдайды залымдардың жазалаушысы» деп түсіндіруі - «беттеріне ақіретті ұстап», өмірлерін халықты алдауға сарп еткен дін иелері мен монтаныларға  қарсы күресте  ислам дінінің  өз дәлелдерін, өз аргументтерін құрал етудің тәсілі.

Құдай мен адам «ара қатынасы» жөнінде Абайдың пікірін қорыта айтсақ, ол деистік позициядағы ағартушы. Деизмнің (латынның деус - құдай деген сөзінен) негізгі өкілдері - Вольтер, Ж.Ж. Руссо, А. Н. Радищев. Олардың пікірінше, құдай Будда, Христос сияқты жеке адам емес, ол бір ерекше күш, барлық нәрсенің бастаушысы, ол барлық нәрсені ақылға сыйымды етіп, бірін-бірімен байланыстырып жаратқан, бірақ табиғаттың, қоғамның, жеке адамның күнделік іс-әрекетіне араласпайды.

Деизмнің философиялық системалардағы алатын орнын анықтай келіп, К. Маркс «деизм есть не более, как удобный и легкий способ отделаться от религий» - дейді (Маркс К. Энгельс Ф. Соч., т. 2., стр. 144.)

Абай деизмді білді ме, білмеді ме, алайда дін жөніндегі ойлары осынау ағымның арнасына саяды.

Ойшыл ақынның дін жөніндегі түсінігінің өз кезеңі үшін прогрестік мәні зор.

Біріншіден, бүтін Таяу Шығыс пен Орта Азияда және Қазақстанда ислам діні үстемдік етіп тұрған заманда Абай дінге шүбә келтіріп, құдайды, иманды, дінді әділеттілікке, шындыққа, адамгершілікке пара-пар деп түсінеді. Академик М. О. Әуезовтың айтқанындай, Абайдың діні - «ақылды, сыншыл ойдың діні», «адамгершіліктің діні», «сыртынан барынша діншіл көрініп отырған өлеңнің өзінде де Абай ислам дінінің үгіт-өсиетін өте шартты түрде ғана шамалы, шақты жерде ғана керекке жаратады». (Әр жылдар ойлары», 128, 139-бет).

Екіншіден, дін мен ғылымды салыстырғанда Абай өз бетін де, халық бетін де дінге, ол кезде мұсылмандар үшін «шындықтың шындығын», «ғылымның ғылымы» болып саналған ислам дінінің догмасы - құранға бұрмайды, ғылымға бұрады, көбінесе ғылымды уағыздайды елін білімге, оқуға шақырады.

Үшіншіден, қазақ даласында ислам дінін үстем таптың идеологиялық құралына айналдырып, дінді дәріптеуші молдалар мен сопыларға, ишандар мен имандарға, қажылар мен қазіреттерге Абай қырғидай тиеді, олардың іс-әрекетін, қылығын аяусыз әшкерелейді. Дін иелерімен, клерикалдармен күресте, олардың жасанды бет пердесін образдық сөзбен келістіріп ашуда Абай зор биікте тұр.

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Мал құмар көңілі - бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?-

(І-том, 44-бет) деп түйресе, «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде:

 

Ақыл қауас барлығын,

Білмейдүр жүрек, сезедур.

Мүтәкәл, лимин, мантикин

Бекер босқа езедүр,-

(2-том, 27-бет) деп ислам дінінің догматиктері – мүтәкәл, лиминдер мен сылдыр сөзді софистері - мантикиндерді «езедүр», «сезедүр», «білмейдүр» сияқты сол кездің кітапшыл молда ақындарының өз тілдерімен әжуалайды.

Абай атеист болмағанмен нағыз антиклерикал. (Клерикализм латынның «клерикалис» - «шіркеуші» деген сөзінен шыққан. Клерикализмнің мақсаты қоғамның саяси және мәдени өмірінде шіркеудің, мешіттің, дін иелерінің ықпалын арттыруға ұмтылатын кертартпа бағыт. Антиклерикал – сол клерикалдарға, дін иелеріне қарсы күресушілер). Ол қазақ даласындағы дін иелерін, олардың екі жүзділігін, малқұмарлығын, надандығын аяусыз әшкерелейді. Өзінің «Отыз сегізінші сөзінде»: «Бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар. Олар фитнә (бүлдіргіш бұзық) залым, бұлардан залалдан басқа еш нәрсе шықпайды... көбі надан болады. Сүйенгені надандар, сөйлегені жалған, дәлелдері тасбиғы мен шалмалары, онан басқа еш нәрсе жоқ» - дейді.

Төртіншіден, Абайда ислам дінінің фанатизмінен ештеңе жоқ. Ол адам баласын мұсылман мен кәпірге бөлмейді, оған Адам керек, адамгершілік, ғылым, әділеттілік керек. Осы игі үміттерге ұмтылу сапарында Абайға Сократ пен Аристотель де, Байрон мен Гете де, Низами мен Науаи да, Пушкин мен Толстой да жақын, рухтас, ол ешкімнің дініне, нәсіліне, ұлтына қарамайды, халықтар достығы идеясының жаршысы болады.

***

Біз Абай мен Сократ арасындағы байланыс жөнінде біраз сөз еттік. Бұдан Абай Сократтың жалғасы деген ой тумауы керек. Бұл жердегі қатынас, алмасты тек алмас қана өңдей алатындығы сияқты, бір кемеңгер екінші кемеңгермен ой алмастыру, ой жарыстыру арқылы жаңа пікір тудыруда болып отыр.

Абайдың философиялық көзқарастарын сөз еткен кезде ойшыл ақынды тек философиялық категориялардың төңірегінде телміртіп, «сана», мен «материяның», «рух» пен «табиғаттың», «ойлау» мен «болмыстың» ара қатынасын қалай шешті, түсінді, материалист пе, әлде идеялист пе, немесе таным теориясында ойлау мен сезімнің арасын қалай түсінді, рационалист пе, әлде сексуалист пе деген кесімді сұрақ қойып, оған кесімді жауап талап ету қажет бола қояр ма екен?

Абайдың көп қырлы мұрасынан аталған философиялық категориялардың алуан түрлі көріністерін, элементтерін табуға болады. Абай творчествосына тереңірек үңіле түссе, дүниеге көзқарасы бұл сауалдардың төңірегіне тікелей саймайды, ол таза онтологиямен де, таза гнесеологиямен де шұғылданған жоқ.

Этиканың өзінде әр түрлі сала, бағыт бар. Абайдың этика саласындағы ұстаған негізгі принципі - «Адамды Адам ету».

Абай шығармаларында этикалық принциптен гөрі этикалық нормалар басымырақ. Бұл жай, әсіресе Абайдың келешек ұрпаққа арналған «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» сияқты өлеңдері мен «Қара сөздерінде» көп айтылады.

Абайдың философиялық, этикалық ойлары, көзқарасы жеке дара, арнайы сөз етуді қажет етеді. Бұл мәселелер жөнінде Абайдың тек өзіне тән пікірлеріне, ой жүйелеріне бөлек, ерекше тоқталу керек,

* * *

Сократ пен Абайдың рухани қатынасын сөз еткеңде екеуін мықтап ұштастырып тұрған бір жайға тоқтала кету қажет. Екеуінің пікірінше де адамгершіліктің түп негізі білімде, ақиқатта. Кім білімді болса, ғылымды меңгерсе, барлық жақсылық сонда. Адам өміріндегі алуан түрлі қиыншылықтардың, қайшылықтардың бәрін ақылмен жеңіп отыру екеуіне де тән ортақ ой. Сократ өмірінен бірер мысал келтіре кетейік.

         - Өзіңіз танымайтын екі кісі төбелесіп жатса, соның қайсысы кінәлі екенін қалай тез табуға болады?- деген сұраққа Сократ бірден:

         - Ақылдысы, білімдісі кінәлі,- деп жауап беріпті.

         Бір кездері ашу үстінде бір әкімсымақтың Сократқа қолы тиеді, сонда достарының біреуі: «Оңбағанға есеңді неге жібердің, кегіңді неге алмайсың?» деген ұсынысына Сократтың жауабы:

        - Егер мені бір есек теуіп жіберсе, мен оны сотқа беріп әуре болып жатамын ба?- дейтін көрінеді өзінің әдеттегі ирониясына, қалжыңына басып.

Сократ өмір бойы ақиқатты, білімділікті өте жоғары бағалағандығының бір көрінісін Платон өзінің «Той» (Пир) деген диалогіне Агафон деген жазушы Сократпен сөз таласта өзінің жеңілгендігін мойындап:

- Сократ, менің сенімен таласуға қауқарым жететін емес, сенікі-ақ дұрыс болсын!- дейді. Сонда Сократ:

- Жоқ, қадірлі Агафон, сенің Сократпен таласа беруіңе болады, бірақ сенің ақиқатпен таласуға күшің жетпей тұр ғой,- дейді.

Мұндай диалогтар, ой жарыстары Ксенофонтта да, Платонда да көп. Сократ ақиқат, адамгершілік үшін күресте мерт болды. Бруно ақиқатты қолдағаны, қостағаны үшін отқа өртелді. Дін иелері қаншама қинаса да Галилей: «Қалай десеңіздер де, жер күнді айнала қозғалады»- деп өз пікірінен, нанымынан таймайды. Міне, солар сияқты Абай да:

 

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген білгенін,-

 

деп, алысқа да, жақынға да, өз еліне де, өзге елдерге де тек осы тұрғыдан қарайды. Дүниеде «ақымақ көп, ақылды аз», өмірдің тірегі ақылда, ғылымда, ақылдыларда, «ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз» деп шындық үшін, ақиқат үшін қажымай-талмай соқпақ іздеудің қажеттігін айқын аңғартады.

Сонымен қатар қазақ қоғамының сол кездегі болмысына қатты күйінеді, өмір тіршілігінің мүшкіл жайларын аяусыз сынайды. Абайдың күйігі қайғының, үмітсіздіктің күйігі емес, халқын, елін сүюдің, оның келешегіне жол іздестірудің күйігі. Айналасына «қыранша қарап», халқының «мұңы мен зарын» арқалап, «надандар мен зұлымдарға» қарсы «шиыршық атып толғану» - Абайдың барлық өмір жолына, іс-әрекетіне, творчествосына, адамгершілік тұлғасына, кісілігіне, азаматтығына тән қасиет, арна.

Абайдың қайғысы, қасіреті от басының, күнделік тіршіліктің күйінісі емес - ұлылардың, даналардың күйінісі. Гегель сөзімен айтқанда, «страдание составляет привилегию высших натур, чем выше натура, тем больше несчастий испытывает она» (Г.Ф. Гегель. Энциклопедия философских наук. М., 1975, т.2 стр. 506.).

Алайда Абай «су түбіне кеттің жұрт, тал табылмас қармауға» дейтін түңілген пессимист ойшыл емес. Өмірге, болмысқа сыншыл реализм тұрғысынан қарай отырып: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек - қайратсыздық... қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» - дейді.

«Қары қалың қатты қыс» - сонау феодалдық-патриархалдық тіршілік болса, «көгі қалың, көлі  мол жақсы жаз» - біздің қазіргі социалистік болмыс. Демек, Абай - үміт туын қолына берік ұстаған ойшыл, оптимист ақын.

 

 Абай тағылымы / Құрастырған

Н.Ғабдуллин. - Алматы: Жазушы, 1985.