Абайдың тілі, анамның тілі,
Не деген ғажап үндестік.
Жауратып жанды ғаламның мұңы,
Ақын боп сонсоң күн кештік.
Нендей қайғыны басыма тілеп,
Жоғалттым нені білмедім.
Балбал тастардың басына түнеп,
Өтті ғой бөрі күндерім.
Өгей орманның ығында өскенмін,
Айта алман оны арланбай.
Ана бір жылдар ғұмыр кешкенмін,
Анадан жетім қалғандай.
Ол күннің дерті ұмытылмайды,
Уы мен балы аралас.
Бір ұртым қанды, бір ұртым майлы,
Рухым тұттай жалаңаш.
Анамның тілі, аңырап келіп,
Алдыңа бүгін жығылдым.
Шаттығы кетті шаңырақ керіп,
Адасқан албырт ұлыңның.
Көк байрақ тіктім, көкке телміріп,
Түп-тегім түркі болғасын.
Күпті көңілден кетті сең жүріп,
Пайғамбар Абай, қолдашы!
Әлия Даулетбаева