ТОЛҒАН АЙДАЙ НҰРЛАНҒАН ТОҒЖАННЫҢ БЕЙНЕСІ

Адамның өміріне мән, көңіліне нәр беретін, мұздаған көкіректі көктемнің шұғыласындай ерітетін ең аяулы сезім – махаббат құдіреті. Таңғы шықтай мөлдіреп, жұмыр жүрегі елжіреп, бір-біріне жанарынан нұр шашып қарайтын жандардың бұл өмірдегі мұрат-мақсұты әуелден белгілі, ол – мәңгі бірге болу. Сол мұратқа жету үшін қарлығаш жүрек тынбай қанат қағады, іздейді, күтеді, сағынады...

Ал, Абайдың шын көңілмен ынтыққан, сезім пернесін дәл басқан, үкілі үмітіне жан бітірген негізгі ғашығы – Тоғжан еді. «Адам баласы өмірінде бір-ақ рет сүйеді, қалған кездерінде ұнатады» демекші, ақынның жүрегін беймаза күйге түсіріп, түнін ұйқысыз, күнін күлкісіз өткіздіріп, сарыла сағындырған  Тоғжанның сұлу бейнесі әуелі ақынның, содан соң халық жадында мәңгі сақтаулы.

М.Әуезовтің «Абай жолы» романында жазылғандай, Абай алғаш рет Тоғжанды Сүйіндіктің ауылына келгенде көреді. Қос ғашықтың қалай танысқаны туралы романнан үзінді келтірсек:

«Бұл үйге, әсіресе өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы – Тоғжан. Абай келгеннен бері Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері – баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттің жебесіндей».

Осылайша, толған Айдай нұрланып тұрған Тоғжанға таңырқап қараған Абай жүрек толқынысын әзер жасырады. Тәңір жаратқан сұлу мүсінге ерікті сезіммен, теңіздей толқыған асау құлшыныспен бірден байланады.

«Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі жас баланың етіндей! Ақ торғынды мойны!.. Таң осы да... өзі ғой!

...Ақ етің аппақ екен атқан таңдай!

Шынымен бар жанымен құлай табынған сұлуға қарап, бар сезіммен үнсіз жырлап тұрған тәрізді. Тоғжанға арналған, ең алғашқы «ғашығым» деген жарына арналған жан жырының тұңғыш жолы осы еді».

Міне, Абайдың шабытына қанат бітірген де осы сәт, осы кездесу. Өлең-өлең болу үшін де осынау ұшқын керек-ақ. Ең алғашқы сезім, ең алғашқы толқыныс, ең алғашқы жыр – барлығы да үйлесім тауып, тілсіз ымдасып тұрғандай.

Қорыта келгенде, Абай мен Тоғжан арасындағы махаббат – «Абай жолы» романының көркемдігін көрсеткен һәм ақын ғұмырының жарқын бейнесін ашқан басты тақырып десек, қателеспеспіз. Ойлы оқырманның қиялында Тоғжан бейнесі пәкизаттай сұлу, періштедей нәзік қалпында сақталып қала бермек. Қазақ қыздары Тоғжандай ибалы болса, ұлдары Абайдай дана болса, тал бесіктен жер бесікке дейінгі өміріміз мәнді де мағыналы болары сөзсіз.

Біржан Ахмер

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қызметкері.