Қазақ өркениетінің өрісі талай жылдар бойы концептуалдық және танымдық жағынан Ресей тарихының құрылымдық-тақырыптық аясынан аса алмады. Қазақ елі тарихи сахнаға күні кеше шыққандай, оның мәдениеті мен өркениеті әлемдік эволюция контексінен тыс қарастырылды. Оған себеп – сақара кеңістігін зерттеу шын мәнісінде кеңес заманында ғана басталды деген идеяның дәуірлеуі. Соның салдарынан жетпіс жылдан астам мәдени-тарихи сана үздіксіздігі, ой-толғам сабақтастығы мен жалғастығы көбінесе еске алынбады. Тоталитарлық идеологияның, бір жақты ойлау жүйесінің қазақ қоғамына тигізген осындай ғаламат залалы қоғамдық ой-сананың қалғуына, кенжелеп барып оянуына әкеліп соқты.
Соған қарамастан зерделі қазақ зерттеушілері, жазушы, публицистері жасанды шекарадан шығып кетіп, келер ұрпақ сезінер бағалы ой айтып, ел зердесіне сіңіруге ұмтылды. Қазақ баспасөзі тарихының білгірі профессор Қ.Н. Бекхожин кезінде: «Қазақ баспасөзі XIX ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақстанның Россияға қосылуының нәтижесінде пайда болды, - дейді де әрі қарай: - Оның тарихы әлі толық зерттеліп, бір жүйеге келтірілген жоқ», - деген ой айтады [1, 3].
Бұдан гөрі батылырақ әрі өнімді пікірді жазушы-публицист Ә.Т. Әлімжанов КСРО Жазушыларының V съезінде өрістеткен еді: «Біздің жазушыларымыз, басқа халықтар әдебиетшілері сияқты, Батыс пен шығыс өнері мен мәдениетіндегі барлық жақсылықты бойына сіңіруге ұмтылды, алайда, бұл біздің өзіміздің ауызша және жазбаша әдеби дәстүріміз болған жоқ дегенді білдірмейді» [2].
Біз бұл проблеманы болмыс-бітімімізбен ұққанымен, оны шындап, нақты саралауға тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкіндік алдық.
Осы ретте он тоғызыншы ғасырдағы қазақ даласының бірсыпыра тарихи, экономикалық, саяси-әлеуметтік көрінісі губерния, облыс орталықтарында шығып тұрған орыс тіліндегі газеттер беттерінде екенін айтар едік. Ал «Семипалатинские областные ведомости» басылымына Е.П. Михаэлистің екі рет редактор болғаны белгілі. Сол кезде Қазақстанда шығып тұрған орыс тілді, оның ішінде аталмыш газетті жан-жақты зерттеу тек қазақ баспасөзінің үлгілік мектебін, жанрлар даму жолын, сол кездегі публицистік үдерісті зерделеу үшін ғана керек емес, ол қазіргі таңда Ресей журналистер ұжымымен, пиғыл-ниеті түзік публицистерімен терезесі тең қарым-қатынас жасау үшін де қажет. Тіпті мемлекетаралық байланыстың бір ұшы осы күні көсемсөзшілердің қолында десем, асырып айтқандық емес.
Басқаша айтқанда, біз өркениет пен өркениет, мәдениет пен мәдениеттің табысуын зерттегенде, олардың бірін-бірі ажарландыруы туралы сөз қозғағанда, жалпылама, абстрактылы топшылауларды емес, әр ұлттың ірі тұлғалары арасындағы пейілдестік қарым-қатынасты нысанаға аламыз. Солардың биік парасаты мен пайымы арқылы халқын, елін танимыз.
Абай мен Михаэлистің географиялық және рухани кеңістікте ойда-жоқта ұшырасуы, тегінде, кездейсоқтық емес. Бұл жаратылыстың, алыптардың өзара тартылыс күші болса керек. Әрі-беріден соң екі ойшылды жолықтырған тәңірдің ұйғарымы десек те, еш қателеспейміз.
«Менің кезімде Семей жартылай қала, жартылай деревня болатын. Барлық құрылыс ағаштан, бөренеден еді, бірлі-жарымы ғана тақтаймен қапталатын. Гарнизон мен азиттарды, Қоқан, Бұхар, Ташкент және Қазан көпестерін қосқанда, тұрғындар саны бес-алты мың ғана. Жартылай отырықшы қазақтар – кейбір байлардың үйі (сонда олар тек қыстайтын) сол жақ жағалауда болса да, киіз үйлерде тұратын. Олардың саны үш мыңға жуық еді...
Менің ойымша, бүкіл қалада он-он бес адам газет алатын, - деп жазады барон Врангель өзінің Ф.М. Достоевский туралы естеліктерінде. – Семейде көңіл көтеретін дәнеңе жоқ еді. Мен екі жыл тұрғанда, бұл жерге бірде-бір музыкант ат ізін салған емес. Геология мен жаратылыстану ғылымдары және басқа арнаулы пәндер бойынша алып келген көптеген кітапты оқи-оқи жаттап алдым» [3: 305, 308, 314].
Е.П. Михаэлистің жер аударылған Семейі ХІХ ғасырдың елуінші жылдары осындай күйде еді. Ф.М. Достоевский бұл өңірге Михаэлис келмей, Семеймен қош айтысып, еліне кеткен. Әйтпесе Михаэлиспен де, Абаймен де кездесуі әбден мүмкін еді. Жылдар өте облыс орталығының да бет-ажары өзгере бастады, оның мәдени-әлеуметтік өміріне де бірте-бірте шырай кіре бастады. 1854 жылы облыс болып құрылған бұл өлкеде 1887 жылдың қарашасында 571581 адам тұрды. Жер көлемі 445000 шаршы шақырым, яғни, әр шаршы шақырымға 1,3 адамнан келген екен. Облыстағы көшпенді халықтың – қазақ жұртының пайызы – 89, қалған тұрғындар мөлшері – 11 [4].
Е.П. Михаэлистің әкімшілік, редакторлық-журналистік, ғалымдық өмірі, міне, осындай ортада өтті.
Абай мен Михаэлис алғаш рет қалай және қай жерде танысты, ол турасында сенімді дерек жоқ. Тек Б.Г. Герасимов өз естелігінде Е.П. Михаэлис Семейде тұрған кезде «Абай Семейде қонақ болып, желтоқсаннан наурызға дейін бүкіл кеш бойы Михаэлиспен әңгімелесетін», - дейді. Әлбетте, М.О. Әуезовтің «Абай жолындағы» кездесу сәті бар, бірақ оны біз нақты шындық ретінде қабылдлай аламыз ба?
Осы жерде В.Г. Белинскийдің: «Әрбір фактінің мәні өзінде емес, оның сын-сипатында», - деген сөзі еске түседі [5, 354]. Романда Абай мен Михайлов (Михаэлис) тұңғыш рет кітапханада ұшырасып, танысып-біліседі. Ұлы суреткердің қаламынан туған осынау эпизодтың рухани қажеттілік тұрғысынан алғанда, мықты фактілік таянышы барын аңғарамыз. Деректердің сөйлеуінше, қоғамдық көпшілік кітапхана және оның жанындағы мұражайдың ашылуына 1883 жылдың 19 тамызында (ескі күнтізбе бойынша) рұқсат берілсе, 20 қыркүйекте ол есігін оқырмандарға айқара ашады [6]. Олай болса, ғылым нәрін іздеген Абайдың білімдар Михаэлиспен кездесуі 1883 жылдың аяғында, не 1884 жылдың алғашқы айларында болуы ғажап емес. Б.Г. Герасимов айтқан ойларды басшылыққа алсақ, Абай өз досымен қыс айларында Семейде жатып, көп сырласақан.
Кітапханананың жұмыс істеу кестесі: таңертеңгі оннан кешкі тоғызға дейін, ал жексенбіде он бірден екіге дейін. Үйге кітап алу үшін жылына 3 рубль төлем алынған. Жалпы, кітапты қолға бір аптаға да беретін болған. Сондықтан М.О. Әуезовтің «Абай жолында»: «Бұл уақыттарда Абай күндізгі, кешкі уақыттың көбінде кітап оқиды. Күнде таңертең Баймағамбетті ертіп салт атпен қаланың орта тұсына кетеді. Ертіс жағасына тақау, тар көшеде, тығырықтау жерде тұрған екі қабат, тас болат ақ үйге келеді. Өзі атттан түсіп, Баймағамбетті қайырып, жібереді. Немесе қайта шыққанша далада тостырып қояды. Жаңағы тас үйдегі кітапханаға кіреді», - деген жолдар шындықтан алыс емес, қайта автордың бұл мәселені жан-жақты сарыла зерттегенін аңғартады [7, 415].
«Семипалатинские областные ведомости» апталығындағы жоғарыдағы мәліметтермен қатар, Абай мен Михаэлиске кітап беріп, қызмет етуші қарттың ныспысы белгілі болып отыр. Ол – Л.П. Степанов – қалалық училищенің оқытушысы, кітапханашы міндетін ақысыз-пұлсыз, қазіргіше айтсақ, қоғамдық негізде алып жүруге тілек білдірген риясыз жан.
Земляницын деген адамның үйінде орын сайлаған Статистикалық комитеттің төртінші бөлмесі кітапхана мен мұражайға бекітіліп беріледі. Қоғамдық кітапхана мен музей жұмысына осы Статистикалық комитет бағыт-бағдар сілтеп, басшылық жасайды және негізінен баж салығы арқылы қаржыландырады [8]. Сондықтан Абайдың бастабында облыстық басқармада жұмыс істеген, одан соң Семей Облыстық әскери губернаторының міндетін атқырушы Чернавиннің 37-ші бұйрығымен облыстық статистикалық комитеттің хатшылығына бекітілген Е.П. Михаэлиспен дәл осы кітапханада жолығысуының қисыны бар [9]. Өйткені сол кездегі зиялылыардың, көзі ашықтардың бас қосатын жері кітапхана емес пе?
М.О.Әуезовтің ғылыми еңбектерінен, «Семипалатинкие областные ведомостидің» мәліметтерінен ойға түйетініміз: Абай Михаэлиспен таныспай тұрып та өздігінен орысша білімін тереңдетуге талпынған, жүйелі ізденген. Айта кету керек, Семей қаласында Статистикалық комитет құзырындағы кітапхана ашылмастан бұрын, 1881-1883 жылдар аралығында тектілер мәжілісі жанында шағын кітапхана жұмыс жасаған. Сол тұста оқу мен білімге құлай ден қойған Абайдың бұл мәдени ошақтың отына жылынуы әбден ықтимал. Ал мына, кейінгі ашылған кітапхана мен мұражайдың Абай келіп-кетер жай оқырманы әрі көрермені ғана емес, соларды белсене құрушылардың, аяғынан тік тұрып кетуіне мұрындық болушылардың бірі еді [10].
Түркі дүниесіне, ежелге қазақ топырағына кітапхана мен музей жат еместігіне көне тарих куә. Дегенмен белгілі бір кезеңде кенжелеп қалған қазақ еліне кітапхананың, мұражайдың қаншалықты қажет екенін данышпан Абай жан-тәнімен сезінген. Е.П. Михаэлистің бастамашылығымен Статистикалық комитетте бұл әлеуметтік ағарту мекемесінің жұмысы тыңдалып, ол газет бетінде жарияланып тұрған [11]. Михаэлистің ақыл-кеңес беруімен Абай музейге қояр экспонаттарды қамдастыруға, көркемі мен бедерлілерін іріктеуге қол ұшын берген. Мысалы, Ибрагим Құнанабаев пен Қалыбай Барменов аталмыш музейге алаша, киізден жасалған бұйымдар, күмістелген кісе-белбеу, тұрмысқа қажетті теріден иленген заттарды тарту еткенін деректер растайды. Ал А.Д. Айтбакин (Қарқаралы уезі бастығының аға көмекшісі. – К.Қ.) мен Шәуешектегі орыс консулы Балкашин мырза Қытай қолөнері бұйымдарын жіберген.
Статистикалық комитетте қаралған кітапхана жұмысы туралы газет есебін оқыған жан мұражай қызметінің де жолға қойылып жатқанын бажайлайды. Музей қызметкерлерінің экспонаттарды орналастыруы да көңіл көншітеді: бөлімдер этнология, палеонтология, тау-кен, жануарлар әлемі, өсімдіктер дүниесі деп, рет-ретімен жіктеліпті.
Экспонаттардың Батыс Европа үлгісімен бұлай жүйеленуінен біз Михаэлистің ықпалын, Статистикалық комитет басшылары бірінің ғылыми танымын байқаймыз. Бірінші – этнология бөлімінің 71 экспонаты қазақтың тұрмыс-тіршілігіне арналып, ең көрнекті жерге қойылғанын атап өткен абзал. Жеке-жеке тоқталар болсақ, көрермендер назарына қазақтың туырлықты үйі, күнделікті тіршілікке қажетті заттары, шаруашылық һәм өндіріс құралдары, көшпелі шаруашылық өнімдері, дәнді дақылдар, киім-кешек, ат әбзелдері, қару-жарақ, музыка аспаптары ұсынылыпты. Бұл бөлім экспонаттарын дайындауға, жүйелеп орналастыруға, сөз жоқ, Абай да белсене қатысады.
Міне, тарих тыншыған осы киелі жерде екі ғұламаның, айнымас екі асыл адамның жолы да тоғысады. Музейдің бірініші бөліміне Абай тапсырған бұйымдар қойылса, бесінші – жануарлар дүниесі бөлімінен Михаэлистің конхиологиялық зерттеулерінің нәтижелері орын алады. Улиткалардың 38 түрі, оның ішіндегі отыз төртін ғалым зерттеп, анықтап, ғылыми тұжырым жасап берген. Алғашында қолында конхиология жөнінде тиісті әдебиеті болмағандықтан, ол 1883 жылы 15 наурызда Берлин университетінің ғалым-зоологы, зоологиялық музейдің директоры Э. фон Мартенске хат жазып, жинаған моллюсктерін түрге бөлуде көмек жасауын өтінеді. Неміс ғалымы Михаэлис жіберген улиткалар арасынан бұрын ғылымға мүлде белгісіз екеуін табады да, бұл бағытта қандай жұмыстар істеу керек, қандай әдебиеттер оқу керектігі туралы пайдалы кеңес береді. Э. фон Мартенс жіберген тізім бойынша конхиологияға байланысты шетел авторларының, орыс ғалымдарының еңбектерін сатып алып оқыған Михаэлистің өзі де біраз уақыттан кейін осы саланың айтулы маманына айналады [12].
Бір сөзбен айтсақ, Қазақстанда музей ісін қолға алуға алғаш рет Михаэлис пен Абай жолбасшы болған, оның қоғамдық маңызын, перспективасын көре білген.
Айтары жоқ, білім нәрін себуде, жалпақ жұртқа таратуда кітапхананың оңтайлы орын екені, оның арқалар жүгі де зіл ауыр екені мағлұм. Оның пәрменділігінің басты көрсеткіші – оқырманның саны мен сапасы. Осы есептен алып қарасақ, Семейдегі бұл қоғамдық мәдени ошақ көп-көрім жұмыс істегенін, яғни Ф.М. Достоевский заманынан бірсыпыра ілгері жылжығанын аңғарамыз. «Семипалатинские областные ведомостиде» 1886 жылдың мамырында жарияланған мәлімет бойынша, кітапханаға 229 оқырман тіркеліпті. Мұсылман жәмиғатының ішінде кітапханаға ат ізін салатын 4 қазақ болып шықты. Семейдің татар қауымы тек жексенбі күндері әйелдерін ертіп, музейге ғана бас сұғып шығатын көрінеді. Төрт қазақтың бірі, әрине, Абай, екіншісі – Шәкәрім, қалған екеуін тұспалдап қана айтуға болады.
Енді сол заман кітапқұмарлары қандай басылымдарға үйірсек, қандай шығармаларады көңілі қалайды – бүгінгі зерттеушілерге бұл жағы да аса қызық. Бірінші орында – Достоевский, осы Семейде тұрғандықтан болар, оның туындылары кітапхана ашылғаннан бері 412 рет сұралыпты. Толстойға 346 сұраныс түскен, Щедринге – 286, Шпильгагенге – 265, Золяға – 196, Тургеневке – 181, Михайловке – 169, Потехинге – 164, Мордовцевке – 159, Диккенске – 144, Ауэрбахқа – 139, Салиасқа – 132, Данилевскийге – 126, Крестовскийге – 118, Гюгоға – 112, Пушкинге – 108, Гогольге – 103, Захре-Мозахқа – 82, Лермонтовқа – 58, Жуковскийге 53 талап қабылданған. Бұл цифрлар Абай мен Михаэлис сусындаған қайнар бұлақтың бір көзін аңғартса, екінші жағынан Ресей шет аймағының сол кездегі мәдени сұранысының деңгейін біршама дұрыс кестелейді. Мәселен, Пушкин он алтыншы, Гоголь он жетінші, Лермонтов он тоғызыншы орында тұр [13]. Бұл деңгейлеудің заңдылығын А.С. Пушкиннің өзі де «Путешествие в Арзрум во время похода 1829 года» деген жолсапар очеркінде аңғартып кетеді, әйгілі орыс генералы Ермоловтың атақты орыс ақынының аты-жөнін толық білмейтіндігін қағазға түсіреді.
1999 жылы А.С.Пушкиннің 200 жылдығына орай, «Мнение» қызметінің: «Орыстың ең ұлы ақыны кім?», - деген телефондық сауалнамасына 1040 респондент қатысып, ақындар ұлылығын былайша сатылапты
1. Пушкин – 75,6 %
2. Лермонтов – 3,6 %
3. Есенин – 2,4 %
4. Басқа елдерден – 2,6 %
5. Жауап бере алмаймын – 14,8 % [14].
Осы әлеуметкерлік зерттеу Ресейде эстетикалық сұрыпталудың дұрыс жүріп жатқанын, бұдан жүз жиырма үш жыл бұрынғыға қарағанда, көркемдік-эстетикалық талғамның өскендігі байқалады.
Енді бүгінгі Қазақстан оқырмандарының кітапқұмарлық деңгейі туралы мерзімді басылымда жарияланған мына қысқаша мәліметке назар аудара кеткен жөн сияқты.
«Социологи Института политических решений провели опрос среди жителей крупных городов республики, который показал - количество читающих в стране уменьшается.
Так, четверть казахстанцев не прочитали за год ни одной книги!
Что касается остальных, то всего 40,1% граждан прочитывают несколько книг в год; только каждый пятый (21,6%) - 1-3 книги в месяц; а тех, кто выделяет время на чтение книг ежедневно, меньше - 13,3%.
По итогам опроса, больше всего читают люди в возрасте 50-59 лет (78,7%), меньше всего - 30-39-летние. Еще один вывод - женщины читают больше мужчин.
В «тройку» самых читающих городов попали Петропавловск (22,5%), Алматы (19%) и Астана (18,9%). А больше всего людей, которые выбирали ответ «никогда не увлекался чтением», в Таразе (19,9%), Костанае (18,2%) и Атырау (16,7%).
Несмотря на распространение Интернета, подавляющее большинство предпочитает книги, напечатанные на бумаге, - им отдают предпочтение 75,2% респондентов. Практически каждый пятый (18,9%) качает книги из Сети и читает их с монитора или дисплея гаджета.
Рейтинг «КП»
Что мы читаем?
Детективы 16,1%
Исторические романы 11,5%
Любовные (или женские) романы 10,6%
Книги по хобби 7,4%
Деловую литературу 7,4%
Казахскую классику 7,3%
Научную биографию 5,4%
Фантастику 4,1%
Русскую классику 3,4%
Поэзию 3%» [15].
Ал енді тақырыбымызға тікелей қатысты мерзімді басылымдарға, оның ішінде романда Абай сұраған «Руский вестник» журналына оралатын болсақ, олардың сұраныс тізімі былайша шендестіріледі. Бірінші орында – «Вестник Европы» – 632 сұраныс, одан кейін «Наблюдатель» – 277, «Русский вестник» – 225, «Руская речь» – 172 және тағысын тағылар болып кете береді. Осы деректерді қаперге алсақ, логика бойынша Абай, «Вестник Европы» журналын сұрар еді ғой. Онда Абайдың сүйікті авторларының бірі – америка тарихшысы, философы Джон Дрэпердің шығармалары басылатын, Абайдың өзі, Джордж Кеннонның айтуына қарағанада, Мильдің, Бокльдің еңбектерін қадала зерттеген.
М.О. Әуезов романында Абайдың «Русский вестникті» сұрауы, Л.Н. Толстойдың шығармаларын алға салуы, біздіңше, сол кездегі идеологиялық ұстанымнан туындаған жайттар, моноұлттың үстемдік құрған заманында, космополитизммен күрес дәуірінде өзін-өзі ақтап тұрған тактикалық әдістер.
Ұлы Абай өзінің бұл пәнидегі орнын, өзінің ел ішіндегі салмағын жақсы білген, М.О. Әуезов өз романында халықтық зердеге архив мәліметтеріне, «Семипалатинские областные ведомости» газетінің кейбір дәйектемелеріне сүйене келе, сақара Сократының осы зәуренін, қайталанбас қасиеттерін тап басуға ұмтылғанын көрініп тұр. Көкбайдың сөзін қаперге ала отырып, Абайдың қай ұлықпен болса да ол тең сөйлеседі деуі де сол себептен. Көкбай әңгімелерін қағазға түсірген Мұхтар Әуезов бірде: «Абай Европа ғалымдарының ірі пәлсапасымен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге-негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ», - деп қазақ ойшылдарының басқа елдер философтарынан кем түспейтінін атап көрсетеді.
Абай жеті жұрттың тілін білетін Михаэлис сияқты зиялылларға да белін берген емес, онымен де данагөй дала философы ретінде әңгіме-дүкен құрады. Аласармайды, төменшіктемейді. Өйткені оның кең құшағында әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқан туған халқының ұшан-теңіз тілі мен дәстүрі, бөлекше мәдениеті, өзіндік дүниетанымы жатқан жоқ па? Оны неміс, француз, ағылшын әлемінің тілін судай білетін Е.П. Михаэлис те қапысыз ұққан.
Е.П. Михаэлистің редакторлығы тұсында «Ведомостиде» Абай туралы мағыналы мәлімет кездеспейді. Неге? Меніңше, ол кезде екі тұлға жыға таныс болмаған. Не Михаэлис Абайды әлі жете бағалап үлгермеген. Ұлы адамның қадірін ұққасын барып, ізбасарларына тапсырған секілді. «Семипалатинские областные ведомости» газетінің бетінде Абайдың аты-жөні Статистикалық комитет жұмысы, әкімшілік тағайындауларға байланысты айтылып кетеді. Мәселен, Семей облысы әскери губернаторы, Бас штаб генерал-майоры Карповтың 1893 жылғы 11 қыркүйектегі №55 бұйрығының бірінші параграфында төмендегідей жолдар бар:
«Қауымдастық сайлауға орай 1893-тен 1896-ға дейінгі үш жылдыққа Семей уезі болыстары қызметке бекітіледі:
Шыңғыс болысы басқарушылығына Ибрагим Құнанбаев, оның кандидаты болып Әзімбай Тәңірбердин, №1 ауылдың биі болып Баймырза Қашқынбаев, №2 – Рызықбай Құдайбердин, №3 – Алдамжар Ембердин, №4 – Арыстанбек Үркімбаев, №7 – Айдар Әлмұрзин, №8 – Байділдә Беркімбаев, №9 – Абыл Қайықбаев, №10 – Ермұхамед Байқұлақов, және бұларға қосымша ауыл билері: №1 – Есендік Базаров, №7 – Әділ Бөжеев, №8 – Кенжеғұл Құлыншақов, №9 – Ысқақ Ибақов, №10 – Дүсіпбай Сүрелин, №6 – Әйнекбай Нұранов» [16].
Бұл, әрине, публицистік мәтін емес, публицистік дерек, факт. Еңселі, ұлы адамның өмір жолындағы кішкене із ғана. Біз үшін саф алтын да, алтынның уақ сынығы да қымбат. Тұрпаты жаңа тарих жасалып жатқан кезде, аз-мұз мәліметтің өзі болашақтың іргесіне қаланаған асылдай бағаланады. Бұған қоса Әзімбай, Рызықбай, Абыл, Әділ, Кенжеғұл сияқты ауыл атқамінерлері – «Абай жолының» кейіпкерлері, Абай айналасындағы адамдар.
Абай Құнанбаев туралы осындай сараң деректі біз басылымның 1886 жылғы 19, 1900 жылғы 2, 1904 жылғы 8 нөмірлерінен кездестіреміз. Онда Абайдың Статистикалық комитеттің мүшесі екендігі айтылады, мүшелердің аты-жөндері тізбеленеді. Ал олар сол мәжіліске қатысты ма, қатыспады ма – ол жағын газет есебі ауызға алмай кетеді. Абайдың статистикалық комитет мүшесі болып 1886 жылдың 4 мамырында сайланғаны туралы деректі біз төрт жылдан кейін барып білеміз [17].
Зерттеушілердің көпшілігі Статистикалық комитет мүшелігіне Абайды сол комитеттің хатшысы Е.П.Михаэлис ұсынып, өткізді деген пікірді қолдайды. Меніңше, бұл жаңсақ пікір. «Семипалатинские областные ведомостидегі» фактілер басқаша сөйлейді. Семей облысы әскери губернаторының 1878 жылғы 1 маусымдағы №37 бұйрығы бойынша, Семей облысы әскери губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға шенеунігі Михаэлис Семей облыстық Статистикалық комитеті хатшылығы қызметіне сол жылғы 1 маусымнан бастап кіріседі [18]. Ал Статистикалық комитет мүшелері болып Е.П. Михаэлис, А.И. Деров, Ибрагим Құнанбаев бір жылда, бір айда, бір күнде – 1886 жылдың төртінші мамырында сайланады. Ендеше, Абайдың кандидатурасын облыстық Статистикалық комитеттің хатшысы өткізді деуге еш негіз жоқ. Егер облыс әскери губернаторының кеңсесіндегі ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеуніктің септігі тиді десек, онда әңгіме мүлде бөлек.
Әдебиетшілер, заңгерлер, тарихшылар, Абайға байланысты, Қарамолада өткен билер съезіне көп көңіл бөледі. Мәселен, «Абай және архив» атты еңбекті құрастырушылар Ғ.М. Мүсіреповтің осы съезд туралы қолында бар материалдарын өздеріне жібергендерін, сол құжатқа қоса төмендегідей қолхат жолдағанын алға тартады:
«Сапар!
1885 жылы Қарамолада бес дуанның съезінде қабылданған ережені беріп жібердім.
Ескіше білетін біреуге түгел жаңа алфавитіне көшіртіп аларсың да, бастыртып шығарарсың (көшірмесін мұқият қарау керек болар).
Ереже әуелі орысша басылған, Қазан университетінің архивінен сол түпнұсқасын да алдырғаның дұрыс шығар.
Бұл өзі өте мағыналы нәрсе ғой, екі тілде де басылып шыққан үлкен еңбек болар еді. (Басқа көршілес бауырларымызда бұндай заң қабылданбаған ғой).
Абайдың арызын алдым. Рахмет.
Ғабит Мүсірепов.
21.02.85.» [19].
Ал академик З.А. Ахметов: «Карамолинский съезд проходил в 1835 году. В это время Абай уже имел большой опыт решения тяжеб и спорных дел: он неоднократно выступал в качестве бия, право судить которого, по словам Алихана Букейханова, и создавалась не формальным избранием а признанием его таланта, как устанавливается слава писателя и артиста», - деп жазады [20].
Бұл жерде көрсетілген 1835 жыл, біздіңше, баспагерлердің жіберген шалағайлығы. Съезд, Ғабит Мүсірепов 100 жылдан кейін көрсетіп кеткендей, 1885 жылы Семей уезіндегі Шар өзені жағасында, Қарамола деген жерде өткен. Облыстық газет бұл жиынның қорытындысы туралы кеңейтілген есеп берді [20]. Бес уездің игі-жақсылары бас қосқан мәжіліс, Семей облысы әскери губернаторының пәрмені бойынша, 1885 жылдың 5-20 мамыры аралығында өтеді деп ұйғарылса, жүре келе 4 маусымға дейін созылады, яғни ел бір айға дейін ошарылады. Бұл съезге Е.П. Михаэлис те, Абай да қатысады. Сондықтан ескі журналистік дағды, не әкімшіліктің тапсырысы бойынша газетке есепті Е.П. Михаэлис жазды деудің жөні бар. Ол: «...много времени заняло составление и разработка «ереже», правила судопроизводства по народным обычаям общего для всех уездов области», - деп төтеншенің неге ұзаққа созылып кеткеніне де түсінік береді. Расында да, 74 баптан құралған ортақ ережені жасап шығару ол кезде оңай-оспақ шаруа емес-тін. Бұл құжаттың соңында Семей уезінің құрметті қазағы Ибрагим Құнанбайұлының да қолы тұр. Газетке шыққан есепте де Абайдың «қолы», ойы, ықпалы сонадайдан көрінеді. «Съезд принес огромную пользу тем, что доставил ваозможность представителям киргизского самоуправления отдаленных уездов свидеться и придти к соглашению. Решение суда, при несостоявшемся соглашении привели бы к большому раздору, и не остановили бы тобуклинцев на пути систематического конокрадства в соседних уездах», - деп, Абай айтқан пысығы көп тобықтыны жанды жерінен ұстайды. Газет есебінде съезд атына 2429 талап-арыз түскені, оның 1753-і қылмыстық, 676-сы азаматтық бағытта екені көрсетіледі. Сондай-ақ ереженің қандай негізге сүйеніп жасалғаны, азаматтық іс пен қылмыстық істің ара-жігі ажыратылады.
Қарамолада өткен бұл съездің мән-маңызы оның тарихи құндылығымен шектелмесе керек. Айта кетейік, мұндай съездер тек Қарамолада өткен жоқ [21, 558-566]. Қазіргі өркениетті мемлекеттер бітісу, мәмлеге келу, сөзге тоқтау секілді жалпыадамзаттық қағидаларға, халықтық дипломатияға жүгіну үрдісін тірілте бастады. Ал сонау, ежелгі, «көшпенділердің құқықтық өмірінің басты қағидасынан туындайтын, соны жалғастырып және оның іске асуын қамтамасыз етуге бағыттылған ортақ принциптердің бірі «сөзге тоқтау» деп аталады. Ол құқықтық болмыстың өн-бойына өріліп-тарап, оның жанды күретамыры іспеттес болып, нормативті жүйеге пәрменді қуат, рухани шырай беріп отырады» [22, 67]. Яғни қазақ даласында жергілікті өзін-өзі басқару дәстүрінің о бастан бар екенін газет материалы айқын көрсетіп береді.
Абай мен Михаэлистің тізе қоса жұмыс атқарған жері – Семей облыстық Статистикалық комитеті. Облыстық әкімшілік шенеунігі әрі Статистикалық комитет мүшесі ретінде Е.П. Михаэлис бас болып 1876 жылы бүкіл Семей облысы бойынша мал мен жанның, алынған өнімнің санағы өткізіледі. 1882 жылы 15 наурызда Семей қаласының өзінде бір күндік санақ жүреді. Облыстық санақ жұмысына ел басында болған Ибрагим Құнанбаев, хорунжий Арын Қазанғапов, Ысқақ Құнанбаев, Чернояр поселкесінің атаманы Потанин мықты бейіл береді. Сол кезде Қоңыркөкше болысының қызметінде жүрген Абайдың кирилицамен өз қолы қойылған статистикалық құжат бар [23, 110 б.]. Қазіргі «Қазақ әдебиеті» газеті фирмасында тұрған факсимиле сол қолтаңбадан алынған. Алайда бұл қойылған қол Абайдікі ме, басқаныкі ме деген дүдамалдар да жоқ емес [24, 36-39]. Біздіңше, бұл күдікке ешқандай негіз жоқ, өйткені орыс тілін бір кісідей білген Абай орысша қол қоя алмайды дей алмаймыз. Оның үстіне Абайды орыс писарьлары тұрмақ, одан зор ұлықтары сыртынан билеген емес. Сондықтан осы автографты Абайдың көзі тірісіндегі өз қолтаңбасы деп қабылдаған жөн.
Қарап отырсақ, Михаэлистің, Абайдың тек кітапхана, музей ашудың ғана емес, статистика ісінің басы-қасында жүргенін, ізашарларының бірі болғанын осындай тарихи фактілер растайды. Өз елімізде 2009 жылы өткен халық санағының ғылыми да, тарихи да табан тірер тиянағы бар екенін осыдан-ақ байқаймыз.
Газет ақпараттарынан біз «Абай жолының» көптеген прототиптерін кездестіреміз. Мысалы, 1877 жылғы 8 қыркүйектегі нөмірінде губерния хатшысы Лоссевскийдің, Павлодар уезінің бастығы болып тағайындалғаны туралы мәлімет бар. Семей облысы әскери губернаторының бұйрығымен 1878-1880 жылғы үш жылдық мерзімге қызметке мыналар бекітіледі:
«Шыңғыс болысы бойынша: басқарушылыққа – Ысқақ Құнанбаев, кандидаты болып Абыралы Мырзабеков, билері болып – Ибрагим Құанабаев, Байғұлақ Базылов, Оразбай Аққулин, Байұзақ Мәмбетеев, Сүрәлі Тайменов, Тәңірберді Құнанбаев, Күнту Шөңкин Бердібек Уақов және Жиренше Шөкин.
Арқат болысы бойынша: басқарушылыққа – Шымырбай Байболов, кандидаты Дүтбай Жұбандықов, билері болып – Битембі Нұралин, Сопы Бекежанов, Аманғұл Шағатаев, Күлембай Сәтиев, Төрежан Жадықбаев, Тоқа Бектасов, Олжай Сапақов, Үркімбай Азбергенов, Мұса Аюбаев және Сәрсен Келдібаев» [25].
Осылардың бірсыпырасы – Абайдың замандастары, құрбы-құрдастары, өлеңдерінің персонаждары. Бұлардың кейбіреулері көркем шығармаға – «Абай жолына» образ ретінде трансформацияланған, көркем бейнеге айналған.
«Абай жолы» романындағы прогреске, ілгерілеушілікке қарсылардың ноқтағасы, Абай қосынына ат қоюшылардың, лап берушілердің дем берушісі – Оразбай және оның қоңсылары. Эпопеядағы Оразбай – Абайдың бітіспес жауы, қайраты мен қуаты мол ел жуаны. Ұлы Абаймен қағысатын, жауласатын кей-кейде атқан асығы одан да алыс түсіп жататын адамды данышпан Мұхтар Әуезов жатаған, жайдақ қылып көрсетуден, меніңше, бойын аулақ салған. Алыппен алысатын жанның санасы саяз, салмағы мысқал болмаған жөн. Ал көркем образға айналған тарихи күрделі тұлға Оразбай Аққұлұлы жайында «Семипалатинские областные ведомости» не дейді? Семей облысы әскери губернаторы Цеклинскийдің 1887 жылғы қаңтардың 13 күнгі №5 бұйрығына сәйкес Шыңғыс болысының биі Оразбай Аққұловқа барымтаға қатысың бар деп айып тағылып, тергеу біткенше, қызметінен уақытша шеттеттіледі [26]. Бір басына тұқымы бөлек үш мың жылқы біткен адам баукеспелік қылық жасай ма, жоқ па – оны тергеу орындары анықтайды, көп ұзамай Оразбай ақталып шығады.
Оразбай және оның ұрпақтары жөніндегі мәлімет облыстық басылымның 1904 жылғы қырық үшінші санында және жүр. Соғыста, қақтығыста қаза болғандар жесірлері мен жетімдеріне қайырымдылық жасағандар қатарында Оразбай Аққұлов мейірімділік қорына 100 рубль, Медеу Оразбаев – 50 рубль, Құсан Оразбаев – 20 рубль, Қасымхан Оразбаев – 20 рубль, Медеу Оразбаев – 15 рубль, Күнту Шөңкин – 3 рубль, Дүтбай Жұбандықов – 1 рубль қосыпты. Газетте екі жерде Медеу аты көрсетілгендіктен, оны алып тастауды, я өзгертуді құп көрмедік. Бәлкім, аты-жөні бірдей басқа адам шығар.
Жоғарыда айтқанымыздай, Оразбай – ішкі де, сыртқы да қатпары қалың, өз заманының жоталы тұлғасы. Бәлкім, Абайға балама, ұлы адамға жетеқабыл жанды көркем шығарма кейіпкері етіп, сомдап шығару М.О. Әуезовтей титанға да оңай тимеген шығар. Әлбетте, басылымда қылтиған бірді-екілі фактілерге қарап, қатып қалған тоңды жібітуге күш салу да оңай емес. Дегенмен нақты тарихи тұлға Оразбай мен кейіпкер Оразбай арасындағы алшақтық едәуір сияқты. Біздің осы пікірімізіді Абайдың немересі Мәкен Мұхамеджанова да растайды [27].
Осы күні Абайдың дүниетанымдық үш мектебі болғаны туралы балталасаң бұзылмайтын пікір канонға айналды. Ал Мұхтар Омарханұлының өзі 1939 жылы «Абайдың идеялық-мәдени ізденістері» атты мақаласында тайға таңбас басқандай: «Орыс әдебиеті ғана емес, Еуропаның классиктері де, Сократтан, Аристотельден Спинозаға дейінгі, Спенсер мен Дарвинге шейінгі философтары оған танымал болатын-ды. Ол әсіресе Еуропадағы ақыл-ой дамуының тарихына қызыға қарады», - деп айқын бағдар сілтеген еді [28, с. 369.]. Қазақ поэзиясы дүлдүлдерінің бірі – Қалижан Бекхожин Семей облыстық «Екпінді» газетінде (15 қазан, 1940) Абай поэзиясының асқарын Еуропадан іздеу керек дегенді алғаш айтқандар қатарынан табылады. Ал біз ұлы Абайдың Батыс әдебиеті мен философиясынан, атап айтқанда, француз ақыны Шарль Бодлердің шығармашылығынан да хабардар болған дей аламыз.
Ал академик З.А. Ахметов: «Большой интерес Абай проявляет не только к произведениям поэтов и мыслителей Востока, но и к достижениям общественно-философской мысли европейских стран, сочинениям авторов нового времени, в том числе к произведениям крупных представителей французского, английского и немецкого просвешения», - деп жазады [29, 167].
Демек, ұлы Абайдың таным дүниесіне еткен төртінші мектеп те болған. Ол – Батыс, Еуропа өркениеті, славян мәдениетінен өзгеше евроцентристік таным мен эстетика. Сайын даланың дана перзентіне осы төртінші мектептің есігін айқара аштырған, Батыстан желі тартқан неміс халқының өкілі Евгений Петрович Михаэлис екендігіне еш күмән жоқ. Осылайша төрт тараптың тәлімін көрген Абай өзінің дара жолын тапқан, ақындық, философиялық мектебін, сана тәрбиесін орнықтырған, соның арқасында өзі де ұлылық шыңына шыққан.
ӘДЕБИЕТ
1. Бекхожин Х.Н. Қазақ баспасөзінің очеркі. – Алматы: Мектеп, 1981. – 362 б.
2. Алимжанов А.Т. Речь на V съезде писателей СССР // Литературная газета. – 1971. – 7 июля.
3. Семипалатинские областные ведомости. – 1887. – 27 ноября.
4. Белинский В.Г. Полное собрание сочинений. Том IV. – М.: Просвещение, 1954. – 668 с.
5. Семипалатинские областные ведомости. – 1886. – 10 мая.
6. Әуезов М.О. Абай жолы. Бірінші кітап. – Алматы: Жазушы, 1989. – 606 б.
7. Семипалатинские областные ведомости. – 1886. – 10 мая. Отчет о состоянии Семипалатинской общественной библиотеки и областного музея за время с 18 сентября 1883 года по 1 января 1886 года.
8. Семипалатинские областные ведомости. – 1878. – 15 июня.
9. Камзин К. Михаэлис пен Абай. Прошлое и настоящее двух велких людей // Евроазиаткий курьер /Гамбург/, 1997, 25 декабря.
10. Семипалатинские областные ведомости. – 1886. – 10 мая.
11. Михаэлис Е.П. Описание новых и малоизвестных моллюсков Южного Алтая и Северной Джунгарии // Записки Академии наук, том 69, книга 1, 1892.
12. Семипалатинские областные ведомости. – 1886. – 10 мая.
13. Богомолов Ю. Россия – страна одного поэта // Известия. – 1999. – 13 февраля.
14. Хасенова А. Казахстанцам лень читать // Комсомольская правда. Казахстан, 10 июля 2012.
15. Семипалатинские областные ведомости. – 1898. – 18 сентября.
16. Семипалатинские областные ведомости. – 1900. – 15 июня. Отчет Семипалатинского областного статистического комитета за 1899 год.
17. Семипалатинские областные ведомости. – 1878. – 15 июня.
18. Абай және архив. Алматы: Ғылым, 1995. – 216 б.
19.Ахметов З.А. Роман-эпопея Мухтара Ауэзова. – Алматы: Санат, 1997. – 288 с.
20. областные ведомости. – 1885. – 8 июля.
21. Дала уәлаятының газеті. – Алматы: Ғылым, 1994. – 816 б.
22. Кенжәлиев З.Ж. Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 192 б.
23. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві. 460-қор, 1-тізбе, 25-іс.
24. Байғалиев Б. Абай қолтаңбасы хақында // Қазақ тарихы. – 1996, №6.
25. Семипалатинские областные ведомости. – 1878. – 26 января.
26. Семипалатинские областные ведомости. – 1887. – 17 января.
27. Аккозин М. Черная кошка // Новое поколоение. – 1999. – 18 июля.
28. Ауэзов М.О. Идейно-культурные искания Абая // Мухтар Ауэзов: Избарнное. – Алматы: Казахская энциклопедия, 1997. – 512 с.
29. Ахметов З.А. Поэт и народ: Абай – выразитель дум народа. – Роман-эпопея Мухтара Ауэзова. – Алматы: Санат, 1997. – 288 с.