Ә. Мәкенов: АБАЙ БҰЛАҚ

Көз алдымда елестеп ақын алып,

Су беті де кеткендей алтынданып,

Өлең-сөздің кеніндей таусылмайтын,

Кəусар бұлақ жарқырай жатыр ағып.

 

Қалай ғана жеткізем мұны сөзбен,

(Түсірем бе асылдың құнын жезбен)

Осы арада толғанып ұлы ақын,

Дүниеге қараған ұлы көзбен.

 

Жаз жайлауда осы ара ырыс толған,

Ақынға құтты мекен, қоныс болған.

Қиялын шарықтатып қыран құстай,

Əйгілі өлеңдерге өріс болған.

 

Алтындай сəуле шашып жарқыраған,

Бұл бұлақта Абайдың аты қалған,

Ұлы ақынның аузы тиген судан.

Арман-ау əркімге де татып алған.

 

Жағасына тыңдап ем талай келіп,

Шарасына нұр толып, арай толып.

"Абай бұлақ" бір түрлі қоңыр үнмен,

Өлең оқып жатқандай Абай болып...

 

Əнуарбек Мəкенов