Бақытжан МАЙТАНОВ: АБАЙ ЖӘНЕ УАҚЫТ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Уақыт пен кеңістік ұғымының ауқымы шексіз. Екеуі − Сиам егізіндей ажырымайтын субстанциялар. Оларды қайсыбір сәттерде ғана шартты түрде арнайы қарастыруға болады. Алайда тамырлас арналар алшақтап кете алмайды.

Көркем әдебиет – уақыт пен кеңістіктің шағын моделі. Оны дүниеге әкелу үшін де мекеншақ (хронотоп) өлшемі керек, оның мазмұндық құрылымы да әр алуан мекеншақ қатынастарына негізделмек. Шығарманы қабылдау кезеңдері де мекеншақ ерекше-ліктерімен сабақтас. Тегі, уақыт және ке-ңістіктің перцептуалдық бейнесін әдебиет мекеншақ тағандарына табан тіреп тұрып сомдайды.

Абай философиясының ең басты бағаналы терегі – Уақыт (әрине, кеңістік ұғымы өзінен-өзі сана астарында тұрмақ). Әдепкіде ақын мұндай объективті табиғи құбылысқа мән бермесе де керек. Уақыт – ананың құрсағында жүріп, уақыттың түйткіл мәселелерін шешемін деп ойлау – өзіңді айнасыз көрудің мүмкін еместігіндей қиын нәрсе. Әйтсе де, Абай өмір сүру уақыттың сыңарына айналу екенін біледі. Оның туындылары – ой-сана мекеншағының мәтін арқылы тұрақтылық табуға ұмтылысы.

Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінде ақын алғаш рет уақытты жанама кейіпкер етіп алады. Мұнда тарихи, әлеуметтік, даралық уақыт өкініш сезіміне байланысты психологиялық уақыттың түрлі атрибуттары боп көрінеді, кеңістік детальдарын түзеді. Қазақ елінің тұрмыс жағдайы мен әлемдік өркениет арасындағы қайшылық лирикалық кейіпкер дүнетанымындағы қозғалыс заматымен ішкі драматизм тудырады. Ментальдық ілгерілеудің жекелік қасиеті мен ұлттық тұйық-тыққа тән жалпылық нышан тағы да қарама-қарсылық күйден айнымауы рефлексологиялық мезет кернеуін арттырады. Ақын үшін алдыңғы буынның олқылығын толтыруға тиіс ұрпақ болашағы да қауіпсіз емес. Ол кертартпа орта мен ізгілікті мұрат арасындағы кереғарлықты сезініп, қам жейді. Лирикалық қаһарман негізгі тұтқа идеясын меже қылып ұсынғанмен, өзінің жекелік қасиеттері, қоғамдық орта мінезімен келіспеушілік тәрізді сарындарға көшуімен тақырып әртараптылығы жағынан бұл жолы да, басқа туындыларында да толғау жанрына хас ерекшелікті аңғартады. Бұл тәсіл баяндау уақытының еркіндігін оятады. Абай дидактика-лық үлгідегі жыраулар поэзиясының мекеншақ жағынан тым тәуелсіз болмысын бойына сіңіре отырып, әлеуметтік және психологиялық мекеншақ аясында бұрынғы дәріптеу мен таңыр-қау әсеріне қатысты қабылдау аясымен тұтастық шегін бұзады да, осы төңіректегі драматизм, лиризм элементтерін ұштай түсу арқылы эмоционалдық полифония қалыптастыру нәтижесінде жаңа поэзия, модернистік дүниесезіну дәстүрін дүниеге әкеледі. Оны реалистік поэзия деу аз. Өйткені реализмнен жыраулық, ақын, сал, сері поэзиясы да құралақан еместін. Сыншылдық пафос тарихи-әлеуметтік себептерден гөрі жеке адамның өзіне байланысты әшкерелеу интенциясына құрылуымен де өзгеше. Аса биік ерлік, даналық сапалар емес, азаматтық құқық жағынан таршылық жағдайдағы мүлде басқа рухани құндылықтар эмблематикасын алға тартады. Ұлттық идея ежелгідей майдан даласындағы батырлық пен ел билеушілерін мадақтаудан ірге айырып, жатаған қалыптағы, бірақ орыс мәдениеті түрінде көрініс берген жаһандану үрдісін мақұлдау арқылы мазмұндық аясына жаңалық енгізеді. Абай тарихи-әлеуметтік мекеншақты психология-лық мекеншақпен тығыз араластыру нәтижесінде соны сипаттағы ілгерішіл ұлттық мұрат субстратын назарға ұсынады. Қоғамдық уақыт мәселелерін өзіне қатысты бағамдап отырған ақын негізгі оқу, ғылым тақырыбын қоя тұрып, жеке қасиеттері мен қоршаған орта арасындағы толық келісім жоқтығына орай жан назасына көшеді:

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазақта қара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім [1, 22 б.].

Дара басының қасиетін ұлықтау жырау, жыршы, айтыс ақындарында кездесетін. Бірақ ондай қабілет, мінез ерекшеліктері ешқандай дау-дамайсыз, диалогтық қатынасқа түспей баяндалатын. Ал Абай толғаныстары міндетті түрде екінші бір қарама-қарсы ұйғарымдар симулякрын көзге елестетіп, сол тұрғыдағы ой-пікір әсерімен қатты есептесуге құрылады. Ой-толғамдар логикасы әріден тамыр-ласқанмен, баяндау уақыты мөлшерінде терең қабысып та жатпайды. Олар – жүйелі нұсқа-дағы монолог емес, сана ағымы түріндегі тебіреністер. Сана ағымы модернистік әде-биетке тән құбылыс. Баяндау уақыты әр алуан байлам, пайым мекеншағына тосқауыл қойып, кідіріс тапқыза алмайды.

Осындай эволюциялық қадам айшықтарын түсінген М.О.Әуезов: «Азамат ақынның зор идеясын бастаған өлең сол «Жасымда ғылым бар деп» болса, енді осыған жалғас 1886 жылы туған толып жатқан тың өлеңді көреміз. Тегінде 1886, 1889, 1896 жылдар Абайдың ақындық, ойшылдық еңбектерінің ең жемісі мол, өнімді жылдары болады. 1886 жылы Абай он сегіз өлең жазған» [2, 110 б.], – дейді. Ғұлама ғалым Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңдерін жазғанда қырық бір жаста ғана екенін ескертеді. Алғашқы аталған шығармада уақыт кескіні философиялық бейнеге айналатын тұстар көп. Ақын бірден-ақ психологиялық жағдаяттардың әлеуметтік мекеншақ аясындағы себептерін ашып көрсете бастайды:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек.

Ашуың ашыған у, ойың кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек [1, 23 б.].

Метафоралық ойлау жүйесіне құрылған, ассонанс, аллитерациялық өлшемдер сөздердің вокалдық қуатын арттыратын, риторикалық сұрау арқылы шешендік сөйлеу үрдісін стилистикалық-эмфатикалық амал ретінде пайда-ланатын өлеңде тағы да лирикалық тұлғаға қа-тысты шартты түрдегі пікір қайшылығы төбе көрсетеді. Ол «Жасымда ғылым бар деп ескер-медімде» білім тапшылығының қорлығына назаланса, ендігі жерде өзінің үлкен ой-шылдығын жоққа шығармайды. Білім мен ақыл барлық уақытта бірдей егіз емес сияқты. Ал Абай ыңғайында алсақ, ұлы шайырды дүние жүзі тарихы мен әдебиет, дінінен мағлұматы олқы деу қиын. Автор әдепкіде жорта кішірейіп сөйлейді немесе өзінде бардан да ірі қайнарға ұмтылады, әйтпесе жалпы қазақ қауымына ортақ сауатсыздық зардабына налиды. Жеке тұлға мен қоғамдық орта арасындағы зияткерлік, рухани теңдестіктің адалығы тарихи мекеншақ пен даралық мекеншақ арасындағы қиғаштық межелерін тым алшақтатып жібереді. Абайдың тағы бір жаңалығы – өз уақытынан асып, болашақ уақытпен сырласуын поэтикалық стиль доминантасына айналдырғанын тайға таңба басқандай анық білдіруі. Ол эмоционалды әсірелеу тәсілін де ой жігерін жану үшін қолданады. Бір адам хакім сөзін елемейтін болса, бұл өлең тыңдалмас та, бүгінге жетпес те еді. Ұлы ақынның соншалық асқақ, тәкаппар сөз орамдарындағы біраз жұртты сынай тұрып, менсінбеушілік әуенін қарапайым халық кешіріммен қарау орнына, табынып қарсы алады. Демек, Абай сөзінің магиясы күшті. Ол негізінен ақын жанының нәзіктігі, басқа субъектілердің өмірлік уайым, қасіретіне ортақтастық көңілін бүкпелемей, ащы да болса, шынайы жариялай білуінде. Адалдық пен талант, сезімталдық, мейірімділік Абай поэзиясын омыртқасына отырғызып жүзетін алып кит тәрізді. Бұл жерде сан мен сапа ұғымының арасындағы тартыс орын алған. Ақын екі көрсеткіштен де тоят таппаған. Ол осы мезеттегі, бәлкім, бұрынғы әрі дағдылы мекеншақ аясындағы ахуалды келер шақ түріндегі сөйлем түзілімдері бойынша баяндау арқылы стилистикалық политопизм бедерін елестетеді. Сар далада «Ақылдың азабын» кешетін ақынның үміт, сенім туралы түсінігі де бұлыңғыр. Модернистік әдебиет-тегідей айналасынан түңілу, жақсыдан күдер үзу мотиві үзеңгі теуіп шыға келетіндей. Абай бүкіл философиясының алтын қазығы іспетті аса терең ойдың тұңғиығын екінші шумақта-ақ жайып салады:

Жас қартаймақ,жоқ – тумақ, туған – өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек  [1, 23-б.].

Келер шақ етістік үлгісіне ұйқас толым-дылығымен экспрессивті екпін дарытатын үзіндідегі алғашқы жолда уақыт тізбектері логикалық ыңғайда ауысып келгенімен, адам өміріне байланысты мезгіл ырғағы сағат тілін алға жылжытып отырған. Абай күллі саналы жанды таң қалдыратын биологиялық өріс айналымының пайда болу, даму, шегіне жету, яғни көзден кету түрінде өзгеше кейіпте қайта оралу фактісін Құран Кәрім қағидаларымен бірлікте жырға қосады. Алла тағала мәлім еткен құпия ақиқатты Абай өз жүрегінің көрігінен өткізіп барып, баршаға  аян етеді. Әрине, өлең құдіреті рухани-танымдық құндылығы шексіз мифопоэтикалық шындық-ты өмір салтына лайық жоралғы, ғұрып машығына қосу талабымен көгеріп, көркейе түскен.

Тұрақтылықтың да, қозғалыстың да кепілі Абай үшін – Құдай. Уақыт пен кеңістіктің бастауын Жаратушыдан іздейді. Өйткені ғалам сырын басқаша ұғындыру мүмкін емес. Дүниені танып, білудің шекарасынан асуды жөн санамайтын ақынның идеалистік көзқарасы Ислам ілімін терең меңгеру нәти-жесін аңғартпақ.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір-екі жолы болған кісі көрсе,

Құдай сүйіп жаратқан осы демек [1, 24-б.]

«Көп пен дүрмекке» сүйенетін надан адам-ға тиесілі мінез-құлық типологиясы психоло-гиялық нанымдылықпен қамтылады. «Іші», «сырты» – мекендік ұғымдар. Жеке тұлғаның жан дүниесі мен бет-пішін қимылдарының арасындағы кереғар сурет белгілі бір социум-ның алдамшы, жалған дүниетанымын әйгілей-ді. Бұлар – өзіне-өзі сенімсіз пенделер. Неғұрлым күші, байлығы, айласы мол пасықтарды ұнатқаннан емес, қорыққаннан сыйлайды. Сонысымен қауіпті. Олардың туған-туысына байланысты идеологемада ұзақ мерзімдегі опасыз көңіл мен шектеулі заматтағы шамалы өкініш ақиқат қақпасының алдында қақтығысқа түседі.

Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек. [1, 24-б.] .

Абай реалды-тұрмыстық уақыт пен діни-мистикалық мекеншақтың қабаттасып келу сәтін де сахара тұрғынының өмір жайлы түсінігіне сай бейнелейді. Мұндағы оппозиция: періште мен шайтан. Бұл эмблематикалар қоғам ішіндегі іріткі мен бірліктің трансценденттік себебін қарастырумен сабақтас. Жер бетіндегі қара ниеттілер діни-мифологиялық уақыт пен кеңістік шындығының өзін көзі байлаулы алдамшы мекеншақ үшін бағдаршам қылуға тырысады. Оған төрелік айтатын – ақынның даралық мекеншағындағы мейлінше әділ, шыншыл, турашыл мұрат пен парасат үстемдігі.

Абайдың өмір туралы толғамдарының бәрі дерлік алдағы іс-әрекет нобайын болжау түрінде құрылуға бейім:

Өлсем, орным – қара жер сыз болмай ма,

Өткір тіл  бір ұялшақ қыз болмай ма.

Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма! [1, 226-б.]

Сұрай арнау формасын таңдаған әйгілі жырдың затты-бейнелілік сипаты зор. Әсіресе айқындау мен алмастырудың көркемдік-эстетикалық палитрасы бай. Барлық сұрауға жауап дайын. Әйтсе де осы тәсілдің ойындық табиғаты шығармадағы қайғылы атмосфераны өткір динамизммен суреттеуге қосар үлесі мол. Мекендік өлшемдер өзгеріссіз қатқан қалып ретінде жанды әлемнің айқын антиподы боп, «қ», «а», «ж» дыбыстарының басқа тіркестерде жаңа семантикалық бітіммен қайталанып отыруы ой, екпін ырғағын ширықтырып жібереді. Суықтық, үнсіздік, қараңғылық референттері уақыт пен кеңістіктің адам санасы арқылы қабылданатын екі полюсі арасындағы ымырасыз суреттер қоюлығымен психологизм мазмұнын аша түседі. Қорқыныш, үрей, шарасыздық, тәуекел эмоциясы тіршіліктің шідерсіздігі жайлы модернистік эстетикаға тән жатсыну философиясымен тамырластық табады. Экзистенциалдық сарын «аяғын шалыс басқан» «асау жүрек» концептінің предикативтік сипаттары негізінде қоғамдық ортаға лайық сұрықсыздық пен парықсыздықтың астарлы суретін имплицитті түрде елестету негізінде нанымдылыққа иеленеді. «Махаббат», «ғазауат» – жүрек кеңістігіндегі ұғымдар. Сонда жүрек сан алуан, тіпті мүлде керағар сезім, қайшылықтардың мекені. Ал қайшылықтардың таласы – өмір денотаты. Өмір шектеулі. Уақыт шексіз. Адам өлімімен бірге уақыттың бір бөлшегі ғана құрдымға кетеді. Демек, оны ұстап тұрғандай материалды сауыт – жүрек те мәңгілік мекеншақ аясында физиологиялық мәнін жояды. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» дегенде Абай рухани мекеншақ пен тартысқа толы тіршілікті астарлы мағынада қамтитын табиғи ландшафт көріністерінің жан драмасын ашуға қатысты эмоционалдық аурасын бейнелейді. Аллитерациялық құбылыстардың да қызметі мол. «Жүректің» «түбі» перпендикулярлық орналасым түзуін елестететін бейнелі тіркес. Ол семантикалық мәннің уақыт пен кеңістік жағынан неғұрлым сандық сипаты көп қырларын сапалық өлшемге айналдыру үшін жұмсайтын зияткерлік, психологиялық қажырын бедерлейді.

Біз Абайдың тікелей өмір, өлім, табиғат, тән, рухқа байланысты атақты шығармаларына кейінірек арнайы тоқталуға тиіспіз. Ал мына туындының мәтінін толық келтірейік:

Жапырағы қуарған ескі үмітпен,

Қиял қып, өмір сүріп, бос жүріппін.

Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды

Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн.

 

Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс,

Ойға тойма, қызықты қиялдан күс.

Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен

Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?

 

Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым,

Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.

Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің,

Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым! [1, 242-б.]

Абай бұған дейін алдағы көріксіз жағдаятты оймен болжап бейнелеуге тырысып көрсе, енді өткен шақтың көмескі кескінін тағы да жады кеңістігінде жан бітіріп көруге ынта қояды. Бүгінгі уақыт ертеректегі бірталай жылдың кадрларын жинақтап, сомдап, екшелген өмір суреттерін ғана бері сүйреп әкеледі. «Қиялға» байланысты контексте уақыт тым ілгерілеп кетіп, кейін шегінгенін аңғару қиын емес. Бірақ ол уақыт әлеуметтік-рухани шындықтың жеке тұлға үшін өкінішті әсерін жеткізе алуымен бағалы. Себебі уақыттың тізбегінде кездейсоқ түйіндер жоқ. Бәрі де тірі нүктелер. Адам үшін оның басталуы мен аяқталуы белгісіз. Алайда өмір жолының әр кезеңі көңіл мекеншағындағы қоғамдық ұстаным, мұраттар безбеніне тартылғанда, сан түрлі көзқарас, толғаныс сипатына бағдар береді. Ақын жанын жабықтыратын – асыл армандардың орындалмауы. Жеке адам мен ортаның ортақ ымыраға келе алмауы терең драматизмге азық тауып береді. «Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым» әлеуметтік мекеншақ пен табиғи мекеншақтың сырт ұқсастығын нәзік пайымдаудан туған шебер метафора. Ұлттық мінез-машықтың керітартпа, жерқорақ, тұйықтық әлпеттері аса жоғары ар-ождан өлшемдеріне жауап бере алмайды. «Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын» дейтіндей қауымның өзара сүйіспеншілікті қадірлей білмеуі ұлттық мәртебе беріктігіне сенімсіздіктен шығатын ахуал. Ұлттық намыс Абай идеялары арқылы күн көріп жатыр. Кеңістік суретіндегі бұлдырлық уақыт аясындағы мінез-құлық өзгерістерінің жылдамдығын ұнамсыз ықыласпен нариза күйде суреттеуге әдемі фон болған. Сағымға жақындау да, оны қолмен ұстау да мүмкін емес. Ол – бар да жоқ материя. Абай өзін ортадан биік санап, адасса, мұңаймас еді. Әйтсе де, «ақылдың азабы» тәңірлік өркениет ұстанымдарын орнықтыруға жан салады. Бұл ретте ол тағы да жалғыздық кешеді. С.Къеркегор айтатын этикалық, эстетикалық, діни экзистенция сатыларына көтеріле алмаған социум ұлы шайыр жырларының трагедиялық мотивіне желі тартады.

Абай шығармалары тарихи-әлеуметтік тұрғыда кемшін соғатын қазақ қоғамы кеңістігіндегі түрлі нанымсыз уәждерге қарсы әлемдік уақыт асқақ мұраттарының үстемдік жүргізе алатынын өнер құдіреті арқылы дәлелдеп берді. Уақыт пен кеңістік түрлерінің адам жан дүниесімен тығыз тамырластығын көрсетті. Тән мен рухтың мекеншақ аясындағы күресінде екінші субстанцияның жеңісін мойындады әрі осы ақиқатты көңіліне медет тұтты. Өйткені тірі жан иесі уақыт пен кеңістіктен тыс еш нәрсе бола алмайтынын ақын бар болмысымен түсінді. Сондықтан Абай поэзиясындағы ең басты қаһарман Уақыт екені баршаға белгілі саналса керек.

ӘДЕБИЕТ

1.Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1986. – Т.1.

2.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы.– Алматы: Жазушы, 1985. – Т.20 

 

Абай институтының хабаршысы. - 2010. - №1.