ШӘКӘРІМДІ АТҚАН КІМ?

Нәстілек ақсақалдың дерегі

Жыл сайын Атамекенім – Шұбартау өңіріне барып тұрамын. Ата-бабама рухына Құран қатым түсіре салысымен, Абай ауданы мен Шұбартаудың шекарасында орналасқан Малкелді ауылына асығам. Малкелдіде өңір тарихының терең білгірі, ескі адамдардың соңғы көзі, шежіреші Нәстілек Сәменбетұлы тұрады. Жылдағы әдет бойынша былтыр да барып, сәлем бердім.

Менің қызықтаратын дүние белгілі: төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы араласып кететін қос өңірдің тарихы, Шұбартаудан шыққан тұлғалар, Абай мен Шәкәрім, оның шәкірттері мен араласқан адамдары туралы әңгімелер. Былтырғы барған сапарымда Нәстілек ақсақалмен даланы шарлап жүріп бірсыпыра дүниенің басын шалғанбыз, соңыра үйінде жата-жастана әңгімелестік.

«Әй, сен бала мынаны білесің бе, ал, мына жағдайды естіп пе едің?» - деп еліктіріп алып, әңгіме бастайтын Нәстілек аға осы жолы біраз сырдың тиегін ағытты.

Сол кезде диктофоныма мына бір әңгімені жазып алып едім. Әңгіме Шәкәрімнің оққа ұшқаны туралы. Ара-арасында қызықты деректер де ұшырасады. Соны қол босаған уақытта қағазға көшіріп, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.  

Нәстілек Сәменбетұлы: Совхоздын директоры едім. 1982 жыл. Нақты есімде. Көктемнің лебі енді сезіле бастаған шақ, наурыз айы.

Ауданның бірінші хатшысы Шаймағанбет Мақашев хабарласты. Облыс орталығы Семейде совхоз директорларының аймақтық активі болады, соған жолға шық деді. Аякөзге барып, ары қарай қарай пойызбен не автобуспен жететінбіз. Мен олай жүруді қаламадым да, «Ойбай-ау  Шәке, маған Қайнар жақпен барған жеңіл» деп айттым.

Содан жолға шықтық. Бір жерге келген кезде көлігімізге жанармай құйып алайық деп тоқтадық. Анадай жерде бір топ адам тұр екен, арасынан бір келіншек шығып, бізге қарай жүрді. «Аға, сәлеметсіз бе, сіз Семейге жиналысқа бара жатқан кісі сияқтысыз ғой, мен де соған бара жатыр едім, ала кетесіз бе?» - деп өтінді.

Ала кетейін деп едім, әлгі келіншек қасымда тағы 2 адам бар еді, оларды да ала кетсек деп тағы қиылды. Көлікке сияды ғой, келістім. Келіншек бір топ адамның ішінен екі үлкен кісіні ертіп келді. Жолға шықтық. Екі шалдың бірі сымбатты кісі екен, аяғына хром етік киген, үстінде сәнді макинтош кәстөмі бар, қалада тұратыны жел мүжімеген мәрмәрдай бетінен көрініп тұр. Екіншісі алдағы бір ауылдан түседі екен. Оған мән бермедім, екі көзім әлгі кеудесі қайқайған ақсақалда.

Екі ақсақал мен келіншек артқы орындыққа жайғасты. Өзім көліктің алдыңғы орындығына міндім. Қозғалғаннан сәл кейін, әлгі сергек ақсақал жөн сұраса бастады. Осылай да осылай Шұбартаудан келеміз, совхоздың директорымын, пәлен-түген деп жатырмын. Таныс-білістіктен кейін: «ал енді жол қысқарсын, ақсақал әнгіме айта отырыңыз!» - дедім. Көпті көргені білініп-сезіліп тұрды. Біз де ауылдың қарияларының әңгімесін естіп өскенбіз, мына шал бекер жүрген адам емес деп іштей ойлап келемін. Сәл уақыт өткен соң, қозғалақтап ап жөткірінген жаңағы сымбатты шал сөз бастады. «Қарағым рахмет, енді біздің жолымыз болды, сен мінгізіп алдың, мен саған бір осы күнге дейін айтылмаған бір әңгіме айтып берейін» деді.

1931 жылы деді, 20-ға толмаған кезім. Комсомолмын әрі Шыңғыстауда милиция қызметкері едім. Қиын кезең, бір жерде кісі өлтіріп жатыр, біреулер Қытайға қашып жатыр, ел ішінде ашаршылық жайлаған, кәмпеске, айдау, несін айтасың, алмағайып уақыт. Бір күні бастығымыз шақырып алып мына екі офицерге еріп, арбаны айдайсың, үшеуің барып қаладан жаңа милицияның формасын, ауданға қару-жарақ әкелесіңдер деп арбамен Семейге жіберді. Апыр-топыр барып, керек дүниені алып келдік. Су жаңа форма кидік, қаруландық. Сөйтіп жүргенде мамыр айы болды. Бір күні «ойбай, Елтай Ерназаров келе жатыр, Жорғада Өгіз тауда жиналыс өткізіпті, Шұбартау көтерілісіне қатыстың деп 9 ауданның басшысын партиядан шығарып, Сібірге айдатып жіберіпті» деген әңгіме жетті. Содан кейін барып Абыралыға, енді міне Қарауылға келе жатыр екен деп жатты. Содан «Ерназаров келеді» деп біздің бастықтар жанталасып, 2-3 үйді әрең тікті, жағдай жоқ, қиын уақыт қой енді. 2-3 үйді тігіп өздерінше бізді күзет ретінде босағаға қойып қойды. Үстімізде су жаңа форма, қолда жаңа мылтық.  Қылшылдаған жаспыз, бәрі қызық бізге. Содан Елтай келді, халықты жинап, мәжіліс өткізді, жағдайды айтты. «Осылай да осылай, Қазақстанды ашаршылық жайлады, мен осының бәрін астанаға орталыққа жеткізем, жағдайларыңды түзеймін» деп елдің көңілін аулады.

Ал енді оған дейін халықтың ішіндегі дүрбелеңді тиятын, Қытайға кетіп жатқандарды тоқтататын, көтерілісті басатын араларында беделді кім бар? Кімнің сөзіне халық тоқтайды деп сұрады. Жиналған жұрт біраз үнсіз тұрды да, «Шәкәрім ғой, Шәкәрім қажы! Одан басқа кіміміз бар?!» деп ұлардай шулап кетті. Кешегі Құнанбайдың ұрпағы соны айтқанына ғана халық тоқтайды, әйтпесе басқа біреудің сөзін керек етпейді деп жатты. Ерназаров: «Ендеше, сол кісіні шақырсаңдаршы маған, қажыларыңмен дұрыстап сөйлесейін» деді.

Содан басшылар екі қос атпен екі жас жігітті «Шәкәрімді алып келіңдер» деп жөнелтті. Шәкәрім де алыс жерде жүрмеген болу керек, бір күннің ішінде тауып, ертіп әкелді. Қажекең үлкен тор жорға атпен келді, қолында сарыала қамшысы бар, басына елтірі тымақ, үстіне жеңіл шапан, аяғына саптама етік киіп алған. Шапанының бір етегін қайырып кісесіне қыстырып алған екен, үйдің тура алдына кеп түсті. Ерназаров сыртқа шықты. Қажы ағамыз «ассалаумалейкум!» деп амандасты да жерге жайғаса кетті. Сәлемдескеннен кейін Ерназаров кеше елге айтқан сөзді қажыға қайталап айтты. «Мына халық сенің ғана сөзіңе тоқтайды дейді. Сен үгіт-насихат жүргіз, халықты бас» деді. Үш рет қайталап айтты. Шәкәрім ләм-мим деген жоқ, үнсіз ғана тыңдап отырды. Сол бойы жұмған аузын ашқан жоқ. Ыңғайсыз бір жағдай болды. Қажыдан сөз ала алмаған Ерназаров үйге қарай бұрылып кетті. Шәкәрім қамшысына сүйеніп тұрды да, етегін сілкіп-сілкіп, тізесін қағып жіберіп, торы атына мінген бойда Шақпаққа қарай кетті. Келген басшы артында состиып тұрып қалған аудан басшыларына қарап: «бәріңді бүлдіріп жүрген осы қажыларың екен» деп түнеріп кетті. Шәкәрім өз бетіне кеткен, Елтай Алматысына кетті. Күз болып қалды. Күнде кісі өлімі. Ел іші тыныш емес. «Күзде Рамазанда екі мұғалімді өлтіріпті, анабір Олжабайды өлтіріп кетіпті» деген әңгіме гу-гу етеді. Содан бандыларды ұстау керек деп Семейден бір жазалаушы жасақ келді.

Жасақты Қалитов деген татар басқарып келді. Қарқаралыдан бір отряд келді. Оның басшысы Қарасартов деген кісі екен.

Мұздай қаруланған екі отрядтың қатарына жерді білетін адамдарды жинады. «Сендер жерді көрсетесіндер, Шыңғыс таудың ішін сүзіп шығамыз» деді. Сол жасақтың біреуіне мен де қосылдым. Жас жігітпін, комсомолмын, қолымда жаңа қару, үстімде жаңа форма, оның үстіне ат берген. Жұлқынып тұрмын. Содан шықтық, Шыңғыстаудың ішін сүзіп келе жатырмыз. Бір кезде сібірлеп ақ жаңбыр жауды. Қазанның алғашқы күні. Екі жасақ екі жақты қатар сүзіп келе жатқан едік, кенет сайдан қоламта бықсып жатқанын байқадық. «Мәссаған, бандылар жаңа ғана кеткен екен» деп дереу аттарымыздан қарғып түсіп қарап жаттық. Тездетіп атқа қонып, біраз жүргеннен кейін анау сайдан әлгі өзім көрген торы атқа мінген бір кісі тастақ жерді сатыр-сұтыр еткізіп шыға келді.  «Банды әне кетті!» деп тұра кеп қудық. Әлгі кісіге жақындап қалғанда бірден таныдым. Шәкәрім қажы екен. Татар Қалитов мылтықты сілке көтеріп, тартып жіберді. Саннан тиді. Көріп келеміз. Шәкәрім аяғын қайыра ұстаған бойы, мына қолында тізгін мен винтовка бар, аттың басын қайырып көлденең тұра қалды. «Атпаңдар! Атпаңдар! Мен сендерге керек адаммын! Мен Шәкәрім қажымын!» деп  айқай салды. Калитов сөзге келген жоқ, мылтықпен тағы да тартып жіберді.  Шәкәрім аттың үстінен серең етіп құлады. Торы аты ойнақтап шыға берді. «Ой, банды ұсталды» деп барып топырлап қарасақ, сол мамыр айында көрген Шәкәрім екен шынымен. Басшылар бандыны ұстадық деп хаттама толтыруға кірісті. Хаттама біткен соң, екі солдатты Семейге жөнелтті де, бір солдатты екі атпенен Қарқаралыға айдады. «Бізге бандыны түйеге өңгеріндер» деп тапсырма берді. Содан 12 шақырым жердегі Рамазан ауылына тарттық. Халықтан жасырынып, түн ішінде келдік. Шәкәрім биік адам, түйеге өңгеріп әрең әкелдік. Ауылдың ақсақалдарын жинадық. «Міне, банды ұсталды, енді ел тынышталады» дегендей әңгіме айтылды. Содан кейін бізге «барыңдар да мына кісіні бір жерге көміп тастаңдар» деп тапсырма берді.

Түйені жетектеген бойда, әудем жерде апан сияқты бір ойпаңдау бір жер бар екен соған қажының денесін сылқ еткізіп тастай салдық та, бетін жаба салдық. Жаназа шығару, құран оқу жоқ қой. Содан кейін әлгі ауылдан таң атпастан аттанып кеттік. Осылай, бауырым. Шәкәрім қажыны осылай опат қылғанбыз. 

 

***

Нәстілек ақсақал біраз үнсіз қалып, сөзін жалғады. Міне, әлгі шалдың маған айтқан әңгімесі осы. Шәкәрім туралы әңгімелерді бала кезімізден естіп өстік қой. Анандай әңгіме айтып отырған жаңағы ақсақалды іштей жек көріп келе жаттым. Содан Семейге іліндік, ақсақалды үйіне жеткізіп тастадым. Ішім аласапыран, көңіл-күйім алай-дүлей боп тұр. «Ақсақал атыңызды айтыңызшы, біліп жүрейін» деп сұрадым.   

Есімі Өміртай, фамилиясы Смағұлов екен. Осы оқиғаны ұмытып қалмайын деп әр жерде айтып жүрдім. 1993 жылы «Жұлдыз» журналына жазып жіберіп ем, журнал ол материалымды жариялады. Осы бір әңгімені ертеректе Ерғали Ыбыраев деген ақынға айтып ем, ол Шәкәрімді ұстау операциясына қатысқан көзі тірі Зейнолла деген милиционер бар, сол болуы мүмкін деген. Мен сол атпен «Жұлдызға» жариялап жіберіппін. Кейін түзеттім бірақ. Әлгі ақсақал Абай ауданы «Қызыл ту» совхозының адамы екен, менімен кездескеннен 3-4 жылдан кейін қайтыс болды.

Әділін айту керек ақсақал жаңағы әңгімені зор өкінішпен айтып отырды. Әрине, өзін кінәлі санап отырған жоқ, өйткені ол төменгі шендегі солдат қой. Өлтірме десе де, аналар қояйын деп тұрған жоқ. Шәкәрімнің көзін құрту керек деген нақты тапсырма алған жендеттер ғой.

Нәстілек ақсақал осы жерде көзінің жасын сүртіп, әңгімені ары қарай жалғады.

Енді осы тапсырманы бұлжытпай орындаған Қарасартов пен Қалитов деген кімдер?

Мен саған солар туралы айтып берейін. Қызықтың бәрі осы жерде. 

Қарасартов деген Абайда милицияның бастығы болған кісі. Өзі ақынсымақ біреу болған дейді.

Ел аман, жұрт тыныш уақытта Шәкәрімге өлеңдерін көрсетіп, ақыннан өз шығармаларыңызды беріңіз, мен шығарайын деп қажымен қатынаста жүрген адам. Шәкәрім бірақ оны заң қызметкері екенін біліп жүрген ғой, көп жолатпаған сияқты. Ол сонымен бітті. Енді ана Қалитов кім? Өзі татар, патшалық Ресей армиясының офицері. Патшаның әскері қызылдардан қашқанда, мына Калитов деген татар Тобықтыны паналап қалып қойған екен.

Өткен ғасырдың 19-20 жылдары екен, азаматтық соғыс болып жатыр. Ол кезеңді «Ақ қашқан» деп атаймыз. Жер-жерде атыс-шабыс, ақтар большевиктерден қашып жүрген тынышсыз кез. Сол уақытта қажекең Семейдің базарында қымыз ішіп отырған дейді, бір мүсәпір адам келіп анандай жерге барып отырыпты.

Шәкәрім енді гуманист адам ғой. «Оу, ана байғұсқа қымыз құйып берсеңдерші, наннан ауыз тисін!» - деп әлгі мүсәпірді қасына шақыртып алады. Сөйлесе келіп: «Татарсың ба, әлде ноғайсың ба, кімсің өзің?», - деп сұраса, әлгі ашылып сөйлей қоймапты. «Арабша білесің бе, мұсылманша хат танисың ба?», - деп сұрапты Шәкәрім. Әлгі татар «білем» депті. «Арабша білсең, ендеше менімен бірге жүр, біздің ауылдың балаларын оқытасын» деп әлгі мүсәпірге ат беріп, өзімен бірге Шыңғыстауға алып кетіпті. Шәкәрімнің ауылында біраз уақыт жүріп, кейін есін жинап алған соң кетіп қалады. Сол кеткеннен мол кетіп, кейін совет үкіметі жағына шығып, милицияға жұмысқа тұрады. Сол татар – әлгі Шәкәрімді сұлатып түсірген бағанағы Калитов деген қаныпезердің нақ өзі.

Кейін Шәкәрімді атқан әлгі Калитов жынданып өлген екен.

Ал, жаңағы Қарасартов деген екінші жасақтың басшысы «мені бекер қаралап жатырсындар» деп Мағауиннің атына арыз жазып, Мұхтардың соңына түскен ғой. Ал, сол Қарасартовтың ұлы кейін совхоздың директоры болған, одан кейін бірінші хатшысы болды.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Қарағанды мен Астана жақтан аңға келген жігіттер «Қарасартыңды тірідей көрдік» деген еді маған. Қап-қара шал екен, дымын білдірмей әкім баласының үйінде кіріп-шығып, ешкімге көрінбеуге тырысып жүр екен. Заман өзгерді, адамдар Шәкәрімді ақтап алды, саясатты біліп тұр ғой, өте қу адам болған. Дегенмен арыздарын бірінен соң бірін жаза берген екен байғұс. Айтатыны: «Баяғы мен кешегі коммунист едім, совет үкіметі үшін күрестім, мені бекер қаралап жатырсындар» деген мағынада.

Еее, бұл қазақ не көрмеген дейсің, қарағым-ау...

***

Міне, ағайын, Нәстілек ақсақалдың Шәкәрім туралы айтқан бір әңгімесі осындай болды. Шежіреші қарттың Абай туралы, ұлы кемеңгерге қатысты кейбір қызықты әңгімелерін келешекте қағазға түсіріп ұсына жатармын. Тек аманшылық болсын.    

Деректерді қағазға түсіріп, өңдеген: Ақберен Елгезек,

Ұлт порталы