Абай кіші қатыны Әйгерімдікіне келіпті дегенді естідім. Ол ауылы біздің Қанаймен жерлес Аралтөбе деген жерде болатын. Кешке жақын Абайға сәлем беріп қайтайын деп атыма мініп, аулына бардым. Үйіне сәлем беріп кіріп келсем шай ішуге жаңа отырысқан екен, Абайдың қасында үш кісі отыр. Әйгерім маған қарады да: -Дәулетияр, шай ішуге кел, отыр,- деді. Қыстың суық мезгілі еді, сыртқы киімімді шешіп, үш кісіден төмен келіп мен де отырдым. Біз шай ішіп отырғанымызда жыртық қой жүнді шекпен күпісі бар зор қара кісі кіріп сәлем берді. Абай оған қарады да, әйеліне: - Бұл кім?- деді. Әйелі: - Бұл біздің қойшы, өзі Көкше екен, қыстай қой бағуға жалдап алып едім,- деді.
Абай әйелінің бетіне тесірейе қарап тұрды да: - Әй, Әйгерім, сен малды жақсы көресің, малыңды бағып жүрген малшыны жалаңаш қоясың. Аш-жалаңаш кісіде қайрат бола ма, ақыл бола ма, сенің малыңа қайтып жақсы қарайды? Мен осында үш қонып Семейге жүремін, мен кеткенше тон, шалбар, тымақ тіккізіп мына қойшыңа кигіз,- деді. Әйгерім: Өзім де тіккізгелі жатыр едім, бітіртіп көрейін,- деді. Қойшы да келіп самауырынның қасына шай ішуге отырды. Әйгерім оған бөлек бір табаққа бауырсақ салып алдына қойып, шәй құйып күткен боп жатты. Тоңып келген қойшы ыстық шайды ішіп терлеп тойып кейін шыққан соң Абай: -Көкше, әңгіме айтшы,- деді.
Сонда Көкше: -Абай аға-ай, бізде әңгіме бола ма, нені айтамын?- деді. -Сені кім кедей қылды?- деп еді, -Мені кедей қылған құдай-дағы,- деді. Сонда Абай төменгі жақта отырған бізге қарап: -Құдаймен бұрыннан араздығың бар ма еді? Біздің қазақтың оңбайтыны өзі еріншек болып, жөндеп еңбек қылмайды да, мына біздің қатын сықылды адамнан малды жақсы көретін кісіге жалданады. Мұндай кісіге еткен еңбектен мал құрала ма? Ол малды тауып құралмағанын құдайдан көреді. Құдай оған ерінбей еңбек қып мал таппа деп пе. Осы уақытта білімді елдерде еңбек қып ақысымен байып жатқан кедейлер бар. Олар мал табуда құдайға сенбей, еңбегіне сенеді. Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей,- деді.
Сонда мен: -Абай аға, мал ақылға оралама, баққа орала ма?- дедім. Абай: -Дәулетияр сен қате айтасың, ақыл дәулетке бітпейді, ақылға дәулет бітеді. Байдың да, кедейдің де ақылы, сезімі бірдей. Бірақ сол ақылды орнымен жұмсап бақыт, дәулет табу – ол әрбір адамның жігер, талап, қайраттылығына, еңбек өнеріне байланысты,- деді. Мен тауып қарсы сөз айта алмадым.
Менің Абаймен кездескенім жалғыз бұл емес, ес білгелі талай дәмдес болып араласып жүрдім. Әсіресе, аз, нашар ру Қанайдың жоғалған малдарын Тобықтының ұрыларынан Абай арқылы өндіріп алып жүретін болдым.Абай біздің Қанайды басқаға зияны жоқ, момын ел деп жақсы көруші еді. Өз жерінің шөбі таусылса, қысты күні жылқысын біздің Қанай жеріне әкеліп жайғызып, ақысына сомғымдық мал беріп, жас болса мінерлік ат беріп үзбей жәрдем қылып тұрушы еді. Қанайды басынып, Тобықтының ұрылары малымды көп ұрлайтын болды. Жігітектің ұрылары Дүйсембай, Қара-ала дегендер бір жолы өзіміздің бір ат, бір түйемізді ұрлап алып сұрап барғанымда ұрсып боқтап, ауылынан қуып жіберді. Ол мезгілде Абайдың ауылы Шыңғыстың сыртындағы жайлауына көшіп кеткен еді. Алыс жерде жаяу жата алмадық, күзге жақын Абай ауылы қыстауының қасына көшіп келіпті деп естіп, бір тайға мініп бардым. Абайдың үйінде он шақты кісілер отыр екен, сәлем беріп кіріп едім: - Е, Дәулетияр, ауылың аман ба, әкең сау ма? - деді. Мен: – әкем сау, бірақ Дүйсембай, Қара-ала астындағы жалғыз атын, бір тайын ұрлап алып сұрап барып едік өзімізді боқтап жіберді. Сонан сізге жете алмай жаттық. Көшіп келді деп есіткен соң, әкем жіберіп еді, - дедім. Абай қатты кейіді. Өңі бұзылып кетті де, Баймағамбет қайда, шақыршы деді. Біреу жүгіріп барып Баймағамбетті ертіп келіп еді: - Әй, Баймағамбет, қазір екі ат алып кел де, біреуін өзің мін, бір еті тәуірін мына Дәулетиярға мінгіз де Ақылбайдікіне ертіп бар. Бітімбайдың жалғыз атын Дүйсембай, Қара-ала ұрлапты, сол малын үш күннен қалдырмай тапқызып алып берсін. Өзің қашан Дәулетияр малын, шығынын алып ырза болып қайтқанша сонда бол. Егер анау-мынау деп малын толық әпермесе, тез қайтып кел, өзім барамын. Ақылбайға айт, мен барған соң, жақсы болмаймыз,- деді де: -Әй бәйбіше, мына Дәулетиярды тамаққа тез тойғыз, шөлдеп, қарны ашып келген шығар,- деді. Мені бөлек үйге апарып, қымыз бен етке тойғызды, оның арасында Баймағамбет те екі атты дайын қылған екен, қатты жүріп отырып Ақылбайдың аулына келдік. Үйге кірісімен Баймағамбет отырмастан Абайдың айтқан сөзін айтып, және Абайдың қатты ашуланғанын да айтты. Ақылбай Рами деген бір жігітін шақырып алып, тез барып Дүйсембай, Қара-аланы ертіп кел деп жұмсады. Ол біз шай ішкенше екеуін ертіп келді. Ақылбай: -Мына Баймағамбетті ағам жіберіпті, сендер Бітімбайдың аты мен тайын ұрлаған екенсіңдер, соны тез берсін депті,- деді. Дүйсембай: -Ой, Ақылжан, Қанайдың малы жоғалса-ақ, біз төлей береміз бе, мұның малын алғамыз жоқ,- дегенде, Ақылбай: -Олай болса өздерің ағама ақтықтарыңды айтып құтылыңдар,- деді. Сонда Баймағамбет: -Әй Дүйсембай, Абай қатты ашуланып отыр, анық ұрламаған болсаң ақтан мал бер демес, бірақ, арамнан құтқарар деп барма. Тіл алсаң мына Қанайдың малын тек беріп қайтар,- деді. Дүйсембай: -Әй, кішкене Қанай-ай, Абайға арқаңды сүйеп, сенің-ақ ызаң өтті-ау. Жүр үйге, малыңды берейік, ата малдай сіңер деген мал еді, болмас,- деді. Сонда Баймағамбет онда бұл Дәулетиярмен мен де бірге барамын, Абай Дәулетиярдың малын алып бітіп қайтқанын көзіңмен көрмей қайтпа деген, сондықтан бітімнің ішінде болуым керек деді. Жарайды сен де жүр, бұл тайдан жығылмай көзім ашылмас деп күліп үйіне ертіп барып атымды, тайымды, шыққан шығынымды беріп қайтарып еді дейді