КӨКБАЙ ЖАНАТАЙҰЛЫ (1861-1925)

Көкбай - Абайдың ең талантты ақын, әрі әнші шәкірттерінің бірі. Ол Абаймен 1880 жылдан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған.

1880 жылы Көкбай жиырмаға жаңа аяқ басқан жас жігіт еді. Оның табиғи талантын сол кезде-ақ таныған Абай ел ішінің лаулап тұрған дау-шарының ортасынан алып шығып, қамқор аға болған.

Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы, қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Он жасынан бастап, он бес жасына шейін Төлетай деген молдадан оқиды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талантты жас Көкбай домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасының ойын-сауығынан қалмайтын болады.

Сөйтіп, Көкбай ән салып, өлең айтып жүреді де, он жеті жасында Семей қаласына оқуға кетеді. Оның орысша оқуға Семейге келуіне үлкен себеп болған Әріп еді.

...Абай қалаға келген сайын Көкбай сияқты оқып жүрген жастарды жинап, қалай оқып жүргендерін сұрап, біліп, ақыл-кеңес берумен қатар, өздеріне де ән салғызып, өлең айтқызып, олардың өнер, талаптарын мадақтап, көңілді, мағыналы мәжіліс жасап отыратын болған. Ол жастардың кейбіреулерін оқуға түсірген де Абайдың өзі еді. Көкбайдың «Семейге Абай келсе, бізде думан» дейтіні де осы болатын.

Оқуын аяқтап, елге қайтып келген соң, үнемі Абайдың жанында болады. Абай өзі жазған өлеңдерін бірнеше жыл бойы Көкбай атынан таратады. Көкбайдың аты Абай өлеңі арқылы 1889 жылы, тіпті, баспасөз жүзінде мәлім бола бастаған. 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде Абайдың «Жаз» атты белгілі өлеңі Көкбайдың атынан жарияланған. Өлеңнің басында былай деп түсінік берілген: «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде, Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі. Кісіден үйреніп жаздым: Көкбай Жанатайұлы».

Абайдың Көкбаймен достығы – Абайдай данышпан ақынның Көкбайдай талантты танып табысқан достық еді. Көкбайға ақындық өнерді ардақтауды үйреткен, «ақын» атын ешбір байлық, мансап, жалған атақ, жартымсыз қызыққа айырбастамауға үйретіп, танытқан Абай еді. Көкбайдың табиғи талантын тәрбиелеп, түзу жолға бағыттаған Абай болды.

 «...Қыс болсын, жаз болсын Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұхсат алып келіп, артынан қайта барамын», – дейді Көкбай.

1880 жылдардан бастап 1904 жылға дейін Абай көрген өмір талқысына, күйініш-сүйініш сияқты Абай басынан кешкен түрлі халдерге жанашыр жақын, адал дос ретінде Көкбай да түгелдей ортақ болады.

Сөйтіп, 1880 жылдан бастап Абай өлген күнге дейін екі достың тағдыры тығыз байланысты болған.

Көкбайдың жөпелдемеде суырып салып айтып тастайтын ақпа ақындығын Абай қатты ұнатқан. Адамның жаман әдет, жағымсыз мінез-құлықтарын қолма-қол бетке басып, шенеп айтып тастауға Көкбайдың ұшқыр қиял, орынды тілін, ұғымды өткір сөзін Абай ерекше бағалаған.

Абай басқа шәкірттеріне тақырып ұсынған ретімен Көкбайға да тарихи уақиғаларға байланысты тақырып берген. Ол тақырып Абылай ханның жайы болады. Абай Көкбайға бұл тақырыпты ұсынғанда, қазақ халқының сыртқы жауы жоңғарлармен күресін жырлауды тапсырған сияқты. Бір жағы Абай айтып берген тарихи деректерге, бір жағынан ел аузында аңызға айналып кеткен әңгімелерге сүйеніп Көкбай ұзақ шығарма жазып шығарды. Ол шығармасы – «Сабалақ».

Бірақ бұл ұзақ әңгіме – жыр жинақ көркем шығарма болмай, Абылай бастап, оның тұқымдарын қуалай жырлай берген, бірден-бірге көшіп отыратын тарихи хроника болып шыққан.

Көкбай бұл шығармасында Абылайды, оның тұқымдарын олардың үстемдігін дәріптеп, шектен шығарып асыра мадақтайтын ру басы – феодалдардың мақсатынан туған құмартпа идеяны халық мақсаты деп қате түсінген. Содан барып феодалдар тілегінен туған Абылайды, оның тұқымдарын дәріптейтін өлең-жырдың, аңыздардың шумағынан аса алмай қалған.

Көкбайдың бұл шығармасы Ақылбай, Мағауиялардың поэмаларындай өзінің озық идеясымен, көркемдік қасиетімен танылмай қалады.

Көкбай Абай дүниеден қайтқан соң, өз ауылына келіп орнығып медресе салғызып, қазақ балаларын оқытумен шұғылданады. Бұл кезде Көкбай көп еңбек сіңірген адам. Көрші елдерді, өз елін аралап, Абайдың халықты өнер-білімге шақырған өсиетін айтып, халықтың қадірлі ұлы, дана ақынның ол өсиетін орындау үшін медресе салдыру қажеттілігін түсіндіреді. Балаларға ақы алмай, сабақ беруді Көкбай өз міндетіне алады. Абайды сүйген халық Көкбайдың мәслихатын қарсы алады. Тобықты, Найман, Уақ, Керей елінің көмегімен Көкбай ауылында асты-үсті тақтайлы, сегіз бөлмелі үлкен медресе салынады.

Жағрафиялық қоғамның Семейдегі бөлімі Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына арнап, 1924 жылы декабрьде жиылыс өткізеді. Абайды еске түсіру жиылысына арналып шығарылған Көкбай науқастығына қарамастан келіп, ұлы ақын, досы жайында халық алдында сөз сөйлейді.

Содан қайтқан соң, ауру меңдете бастайды. Науқасы нашарлаған соң, ақын тағы да қалаға сапарға шығады. Бірақ қалаға жете алмай жолда Күшікбай деген жерде, Смағұл деген кісінің үйінде 1925 жылы 5 октябрьде (ескіше 22 сентябрь) қайтыс болады. Сүйегі өзінің қыстауы Мұқыр, Тақыр деген жерде.

 

 

Қайым Мұхамедханов

Көп томдық шығармалар жинағы

«Алаш мұрасы»,

ІY том, Алматы. «Алаш», 2005.