Архив - өткен заман шежіресі

Абайдың Республикалық әдеби-мемориалдық музейі болып ашылған, қазіргі таңда Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы аталатын мәдени мекеменің ғылыми өрлеу кезеңі өткен ғасырдың 70-ші – 80-ші жылдары болған. Олай деп айтатынымыз, мұражай тарихына көз салсақ – осы жылдардан бастап музей қызметкерлеріне Ресейдің мемлекеттік мұрағаттарында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі туды.

1969 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің коллегиясы өтеді. Онда ұлы ақынның туғанына 125 жыл толу мерекесі қарсаңындағы даярлық мәселесі қаралады, соның ішінде – Абай музейінің экспозициясын жаңарту мәселесі. Белгілі әдебиетші, ғалым Мүсілім Базарбаевтың басшылығымен өткен бұл мәжілісте арнаулы қаулы қабылданды. Жылма-жыл ғылыми сапарлар белгіленіп, архив-мұрағат мекемелеріне барып зерттеу, іздеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туғызылды.  Осы мүмкіндік музейдің сол кездегі аға ғылыми  қызметкері Мұздыбай Бейсенбайұлының еншісіне тиді.

Сондықтан Мұздыбай Бейсенбайұлының есімі  Абай мұражайының мұрағат-архив, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты. Зерттеушінің жеке бумаларындағы қолжазбалары мен жұмыс күнделіктерін, 80-90 жылдардағы мұражай есептері мен ғылыми іссапарлар есептерін қарастырып, көптеген мәліметтер жинадық. Байқағанымыз: Мұздыбай аға Ресей мен Қазақстанның белгілі мұрағаттарында жұмыс істегені. Нақтылы тізіп айтар болсақ: мұрағат көздерін ақтарып, тарихи деректер тапқан жерлері:

-         Алматы, Қазақстан мемлекеттік архиві, 1977-1991 жылдар аралығында 17 рет ғылыми іссапарда болыпты;

-         Омбының мемлекеттік архивінде 1975-1987 жылдар аралығында 5 рет болып, Халиолла Өскенбаев, Құнанбай Өскенбаев, Шыңғыс Уәлиханов, Абай Құнанбаев туралы деректер тапты;

-         Мәскеу қаласында 2 рет: 1976 және 1985 жылдары;

-         Ленинград қаласында 1979 және 1982 жылдары болған; Ленинградтың әскери-тарихи музейінен Әбдірахман Өскенбаев туралы деректер қарастырды;

-         Түмен-Тобол архивтерінде 1978 жылы 11-21 маусым күндері;

-         Томск қаласының мемлекеттік және Томск университетінің архивтерінде 1983 жылы 18-31 қазан айында болған, Семей тарихы, Тінібай мешітінің салыну тарихы туралы деректерді тапты;

-         Қазан архивінде 1984 жылы сәуір айының 2-14 күндері жұмыс істеп, Абайдың 1922 жылғы Қазан басылымы, Абай өлеңдерінің 1933 жылғы толық жинағы мен Семей қазақтары үшін жасалған Ережені әкелген;

-         Ташкент архивінде 1980 жылы тамыз айының 1-10 күндері жұмыс істеді;

-         Семей облыстық мемлекеттік архивінде - 1997 жылдан ШҚО жаңа заман тарихын құжаттандыру орталығында 1990-1991 және 1996-1997 жылдары М.О.Әуезов, Алаш арыстары туралы деректер жинастырды;

-         Таулы Алтай өлкесі. Баянөлги аймағы, Қошағаш жерінде 1987 жылы 10-21 шілде күндері қазақтардың тұрмыс-салты, өмірі туралы деректерді жинастырып әкелді.

Мұздыбай Бейсенбайұлы қағазға өте ұқыпты, тиянақты адам болған. Іссапарлық есептерін музей архивіне, қор бөліміне, өзінің жеке іс қағаздарына 3-4 данағып, есеп жазып отырған. Жылдық есептерінде, мысалы, «1982 жылы жиыны 50 күн, 1984 жылы – 41 күн, 1985 жылы – 30 күн, 1987 жылы - 33 күн іссапарда болдым»,- деп жазғандарын да көруге болады. Бір ғана 1979 жылы 20 ақпаннан 3-ші наурызға дейін Ленинград қаласына барған іссапарының есебіне тоқталайық:

«1. Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасының қолжазба бөлімінде болып, Александр Николаевич Самойлович архивінде сақталған Абай өлеңдерінің арабша қолжазбаларымен танысып, архивке келіп түсу тарихын зерттедім; кітапхананың катологімен жұмыс істеудің нәтижесінде 1875 жылы Берлинде поляк тілінде басылып шыққан Адольф Янушкевичтің екі томдық кітабының бар екендігін анықтап, фотокөшірмелер жасаттым.

2. Ленинградтағы әскери-тарихи артиллерия музейінің мұрағатымен танысқан кезде Әбдірахман Өскенбаевтың аты аталатын, 1892 жылы ауырып ауыруханада емделгенін баяндайтын деректерді таптым.

3. Ленинградтағы ССР Географиялық қоғамына барып, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы архив деректерімен таныстым. Абай өлеңдерінің қолжазба үлгілерінің архивке түсу тарихын зерттеп, осы қолжазбаларға рецензия жазған Петербург университеті приват-доценті Платон Михайлович Мелиоранскийдің пікірін түгелдей көшіріп әкелдім. География қоғамының фото-сурет бөлімімен жұмыс істеп, музейге, Семейге қатысы бар көптеген фотосуреттердің көшірмелерін әкелдім.

4. Шығыс халықтарын зерттеу институтының архивіндегі Илья Николаевич Березиннің архивінен Халиолла Өскенбаевқа жазған Абайдың, Құнанбайдың, Ғабитханның жазған үш хатымен таныстым.

5. Ленинградтың мемлекеттік кинофонофотодокументтер архивімен танысуға мүмкіндік алып, революцияға дейінгі фотолармен танысып, қазақ даласының тарихына байланысты 10 фотосуретке  көшірмелер жасатып әкелдім.

6. CCСР халықтарының этнографиялық музейінің архивінде де жұмыс істедім.

7. ЦГИАЛ (Ленинградтағы орталық мемлекеттік тарихи архиві). Архивтен Әбдірахманның 1889-1892 жылдары оқушы болған документерін Москваның әскери музейінен іздеуге ақыл-кеңес берді», - деп жазады Мұздыбай аға есебінде.

Жоғарыда көрсеткендей мол мұрағат көздерін пайдалана отырып, Мұздыбай Бейсенбайұлы Тобықты елінің ертедегі тарихы, оларды басқарған адамдардың, оның ішінде Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбаевтың заманы, Тәттімбет Қазанғапов, Шыңғыс Уәлиханов, Қисық Тезеков сияқты ел билеушілер туралы, Құнанбай Өскенбайұлы туралы, оның қоғамдық-әлеуметтік істері жайында аса құнды деректерді көрсетіп, мақалалар топтамасын жариялады. Абай мұражайының басты тұлғасы Абай Құнанбаев екенін ескере отырсақ, мұражайдың ғылыми-зерттеу жұмыстырының негізі Абайдың өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық-әлеуметтік қызметі мен туыстық және ақындық айналасы екендігі түсінікті. Осындай құндылықтарды насихаттау мақсатында 1984-1986 жылдар аралығында 18 мақала жарияласа, Мұздыбай аға 1987 жылдың өзінде - 17, 1988 жылы – 16, 1989 жылы – 9, 1990 жылы – 17, 1991 жылы – 15, 1992 жылы – 16 мақалалар жазған. Барлық мақалалардың деректері мұражай қорынан алынып жазылып, халықтың рухани игілігіне айналды.

Ғалымның Абай тақырыбындағы зерттеу еңбектері 70-ші жылдардан жергілікті басылымдардан басқа республикалық, облыстық, атап айтқанда, «Қазақ әдебиеті», «Орталық Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі», «Сарыарқа самалы», «Қостанай таңы», «Арқа ажары» (Ақмола облысы), «Ленин туы» (Солтүстік Қазақстан, Петропавл) газеттері мен «Жұлдыз», «Абай», «Қазақстан өнері», «Мәдениет және тұрмыс» «Білім және еңбек», «Пионер», «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп», «Қазақстан әйелдері» сияқты журналдарда жарық көрді. Мақалалары жарияланған басылымдарды қарасақ, мектеп оқушыларынан бастап зиялы қауым оқырмандарын қамтылған.

 Белгілі ғалымдар Мұздыбай Бейсенбайұлының мақалаларына тілек, ақыл-кеңестерін айтып, пікірлерін білдіріп отырған. Мұражайдың ғылыми қорында зерттеушінің тарихшы-ғалымдар, жазушылар, журналистермен хат арқылы пікір алысқаны туралы деректер біршама: Әлкей Марғұланның, Әуелбек Қоңыратбаевтың, Мұхтар Мағауиннің, Амантай Сатаевтың, Молдақашев Қабыштың, Әшімбек Бектасовтың, Шақпантаев Мұқаштың, Алтынбаев Қалиханның, Қажи Абралиннің, Сейдеханов Көбейдің жазған хаттары және оларға жазған Мұздыбай ағаның жауаптары сақталған. Алматы, Талдықорған, Жезқазған, Павлодар, Қарағанды қалаларының қарапайым оқырмандары да ғалымға пікір білдіріп, алғыстарын айтып хат жазып тұрған: мысалы, 1991 жылы Ахмет Байтұрсыновтың Уфаның Ғалия медресесінің шәкірттерімен түскен фотосуретін жариялаған кейін Гурьевтен Ғабдулкаримова Үміт деген азаматша шәкірттердің арасында әкесін танып, алғысын білдіріп жазыпты. Музейлік мәні бар хаттарға М.Бейсенбайұлы айрықша көңіл бөліп отырған. 1985 жылғы жазбаларында: «Б.Ерзаковичтен 2 хат алып, оған 2 хат жауап жаздым. Абай ауданынан Шұлғаубаев 4 хат жазды, оған да жауап қайтардым. Біләлов, Мұңайтпасова, Жағыпарова, Мағауина, Арынов тағы басқаларымен хат жазысып тұрдым. Бұл хаттар жыл аяғында музей фондысына өткізіледі», - деп жазған.

Мұздыбай Бейсенбайұлының ғылыми-зерттеу еңбегінің нәтижесі – 1988 жылы Алматының «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Абай және оның заманы» (Абай ізімен) атты кітабы. «Зерттеу монографиям «Жазушы» баспасынан 6000 дана тиражбен шықты. Көлемі жеті баспа табақ. Бұл – музей тарихында бірінші рет шыққан ғылыми еңбек», - деп жазады автор қолжазбаларында. Кітаптың алғашқы тарауын «Абай туралы тың деректер» деп атап, мұрағаттарда жатқан ақынға байланысты сол кезде бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген мол материалдарды жариялады. «Сексенінші жылдардағы Абай», «Тоқсаныншы жылдардағы Абай», «Абайдың сенатқа хаты», «Абайдың мінез-машықтары», «Абайдың атқұмарлығы туралы», «Шоқан мен Абай кездескен бе?» деген тараулар беріп, Мұздыбай аға кітабында ұлы ақынның туғаннан дүниеден өткенге дейінгі өмір кезеңдерін хронологиялық жүйемен мұрағат деректері арқылы зерттеп көрсетті. Құнанбай Өскенбаев, Халиолла Өскенбаев, Әбдрахман Ибрагимов-Өскенбаев, Тінібай мен Құнанбай қарым-қатынасы, Тәттімбет және оның туыстарының Абай ортасымен байланысы туралы деректерге тоқталады. Сонымен бірге Қазанғап Мөшекин, Құттымбет Қазанғапов, Мұсатай Тәттімбетов, Алшынбай Тіленшин туралы да деректер береді. Осындай мұрағат мәліметтерімен Мұздыбай Бейсенбаев абайтану іліміндегі бұрынғы зерттеулерді толықтыра түсті. Бұны дәлелдейтін ағаның қолжазбаларына тоқталайық: «1989 жылы Абайтанудың жаңа көрсеткіші шықты. Бұл кітапқа менің 53 еңбегімнің көрсеткіштері енген»,- деп жазады Мұздыбай аға сол жылғы берген есептерінде.

Мұражайдың ғылыми қызметкері ретінде М.Бейсенбаев музей қорында сақтаулы тарихи фотосуреттер мен қолжазбаларды жарыққа шығаруға үлкен үлес қосты. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабын, Көкбай Жанатайұлының музей қорындағы «Сабалақ» поэмасын, «Міржақып-Көкбай» айтысын, Даниял Ысқақовтың аударма еңбегі «Үлкен бақшашының әңгімесі» шығармасын - 1990 жылы жыл бойы  «Семей таңы» газетіне даярлап басқызып отырды. 1990 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Боздағым» атты кітапқа 346 жолдық Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жоқтау жанрында жазылған еңбегін жариялады (бұны өзі Ленинград архивінен тауып әкелген). Осы кітапқа Уәсиланың Абайды жоқтауы, Қалыштың әкесі Көкбайды жоқтауын да кіргізді. 

Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абай энциклопедиясын» дайындап шығару кезінде оның бас редакциясы тарапынан Мұздыбай Бейсенбайұлына күрделі тақырыптарды жазу тапсырылады. Өзінің қолындағы ұзақ жылдар бойы жинаған архив жазбаларына сүйене отырып, 300-ге жуық тақырыптарды жазып шықты.

Мұздыбай Бейсенбайұлы мұхтартану іліміне де зор үлес қосқан ғалым. М.О.Әуезовтің 80, 90, 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында көптеген зерттеу мақалаларын (атап айтсақ, «Ұлы тұлғаның қоғамдық-жазушылық еңбегі», «Ұлы Мұхаң мен Мәннан Тұрғанбаев», «Мұхаңның Семейдегі артистері» және тағы басқаларын) баспа беттеріне жариялады. «Абай жолы» романындағы өмір шындығы» атты мақаласында романдағы басты кейіпкерлердің өмірде болған тарихи тұлғалар екендігіне архивтік дәлелдер келтіріп, М.Әуезовтің Семей қаласындағы өмір қырларын (1917-1925 аралығы) қызықты баяндады. Мақаласындағы келтірілген деректер Семей мұрағатында жұмыс істегенінің нәтижесі. М.Әуезов әулетінің ертеде әркімнің қолында сақталған фотосуреттерін, жолсапармен Семейге келгенде түскен фотобейнелерін іздестіріп тауып, олардың тарихын жазып, баспа беттеріне жариялады.

 «Мұхтар Әуезов энциклопедиясын» баспаға әзірлеу мәселесі алғаш ұлы жазушының 100 жылдық мерейтойын дүниежүзілік деңгейде атап өту туралы ЮНЕСКО шешіміне орай ойластырылған болатын. 1996 жылы редакция басшылығы тағы да М.Бейсенбайұлына өтініш жасап, арнайы тапсырма берді. Қысқа мерзім ішінде 200 жуық тақырыптар жазылып өткізілді. «Мұхтар Әуезов энциклопедиясы» 2011 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрді.

Мұздыбай Бейсенбайұлын тек архивпен ғана шұғылданды деп айтуға болмайды. Музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір саласы мұражай қорын жәдігерлермен толықтыру. Мұражай жәдігерлеріне – архив деректерінен басқа қолжазбалар, тарихи фотосуреттер, кітаптар, ХІХ-ХХ ғасырлардағы газет-журналдар, тұрмыстық, этнографиялық заттар, жиһаздар, Абай, Шәкәрім, М.Әуезов замандарын көрсететін тағы басқа заттар жатады. Мұражай қорын молайту, толықтыру, жинау жұмысына да Мұздыбай Бейсенбайұлы қызу атсалысқан. Мысалы, 1985 жылы Қазан қаласына барған іссапарынан 25 кітап әкеліп тапсырды, Жомартбаев Өзбектің 19 беттік жазбасын, Акишева Сағиданың 17 беттік жазбасын, Мәкен Турағұлқызының құжаттарын, Омбы архивінен 129 кадрлі микрофильм түсірген, Алматы архивінен Абай туралы қолжазба, Қазақфильм дирекциясынан «Туристік Қазақстан», «Слово о Мұхтаре Ауэзове», «Жизнь и творчество Абая» деген деректі кинофильмдердің көшірмесін әкелген және тұрмыстық заттардан Тайыр Жомартбаевтың кітап шкапы мен жазу үстелін қорға алдырған. Бұл Мұздыбай ағаның бір жылы ғана мұражай қорын толықтыру жұмысы.

М.Бейсенбаев музейге келген жылы Абай мұражайының бір ғана филиалы Жидебайдағы ақынның мұражай-үй болған. 90-шы жылдар аяғында Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының құрамында Бөрілідегі М.Әуезов мұражай-үйі, Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының мешіт-медресесі, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайы, қаладағы «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайлары болды. Осы бөлімдерді ашу, ұйымдастыру, жоспарлау, жабдықтау, яғни ғылыми-экспозициялық жұмыстарының басында Мұздыбай аға болды. Ғалым істеген жылдары қалалық мұражай 3 рет күрделі реэкспозициялық жұмыстардан өтті. Жаңа тақырыптар кіргізу, мұражай экспозициясының тақырыптық-жоспарларын жасау жұмыстары да Мұздыбай ағаның тікелей кеңесімен жүргізілді. Ең қажетті, көрнекті, тарихи маңызы бар архив деректерін, басқа да жәдігерлерді экспозицияға шығару, көрсету жағынан әріптестеріне ақыл-кеңесін беріп отырды. Жаңа ашылған мұражай экспозициясы бойынша жолтанытқыштар, буклет-проспектілер дайындап, көпшілік-насихаттау жұмыстарын да жүргізіп отырды.

Мұздыбай Бейсенбайұлы 1968 жылы 39 жасында музейге жұмысқа келіп, 32 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарды. Бірімізге аға, бірімізге әке сияқты болған, көптеген мұражай қызметкерлеріне ұстаз болған Мұздыбай ағамыздың саналы ғұмыры Абай музейінде өтті. Абайтанушы, музейтанушы, ғалым  ретінде Мұздыбай Бейсенбайұлы мұражайымыздың ғылыми-зерттеу, насихаттау, бір сөзбен айтқанда, мұражайымыздың өркендеу ісіне өшпес із қалдырды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Мұздыбай Бейсенбаев. Абай және оның заманы. –Алматы:  

 «Жазушы», 1988.

2. Арықбаева А.С. Абайтанушы. // «Семей таңы», 1999, № 13 мамыр

3. Бума. КППМ-1741, КППМ-1742

4. Письма-переписка, поступившие в адрес с.н.с. Муздыбая    

Бейсенбаева. КППМ – 1900-1908

5. Письма, поступившие в адрес музея. КППМ – 1861-189

6. Ә.Марғұлан. Переписка. 1982 год.

7. Индивидуальный годовой отчет ст.н.с. М.Бейсенбаева. №89

 

М.Мұхамедова

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени

 және әдеби-мемориалдық

қорық-мұражайының ғылыми қызметкері