Біз бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Абай музейі ұжымының ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына байланысты «Астана-Защита» бағытындағы №67/68 «Тұлпар-Тальго» пойызын «Абай жолы» деп атауын сұраған өтінішін қанағаттандырып, оның осындай атаумен биылғы жылы қаңтардың соңы немесе ақпан айының басында жүре бастайтыны туралы шешім қабылдағанын айтқан едік.
Міне, осыған орай аталмыш ұлттық компанияға қарасты «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының сервистік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асқар Ахметбеков: «қазіргі уақытта «Абай жолы» аталатын жүрдек пойыз еліміздің шығыс бағытында халыққа сапалы қызмет етуде» деп хабарлайды.
Шынында да, бұл пойыздың «Абай жолы» атауымен қатынай бастағанына екі-үш аптадай уақыт өтіпті. Алайда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылары Семей елінің ендігі бір өтінішін, яғни осы жүрдек пойыз қабырғасына арнайы «Абай жолы» деп жазылып ілініп қойылса деген тілегін ескерсе екен дейміз.
Әрине, бұл Абай мен Әуезовтей ұлы тұлғаларға көрсетілген үлкен құрмет деп санаймыз. Мұның өзі «Ер мерейін ел өсіреді» деген даналық сөзді еске салады.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-мұражайының баспасөз қызметі