ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Мидхат Разданұлы: Шәкәрімнің өр Алтайда ізі бар

Мидхат Разданұлы: Шәкәрімнің өр Алтайда ізі бар

Оқылған 34401 рет

Бұдан Алпыс жыл бұрын (1934 жылы) біздің ағаларымыз Зият Шәкәрімұлынан оқыпты.

Осыдан елу жыл бұрын біздің үйде қазақтың екі ұлы ақыны Абай мен Шәкәрім өлеңдерінің қолжазба күйіндегі (көшірме) нұсқалары болғанын білетін едім.

Бұдан қырық үш жыл бұрын Шәкәрімнің немересі Мереке Зиятұлы біздің мектебімізден оқыған болатын.

Сабақтас осы оқиғалар оңды-солды бораннан ес жиғандай болып отырған мына заманда маған еріксіз қалам ұстатты.

Мінеки, ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толған мерей тойы келіп те қалды. Дүниежүзі алыптар деңгейінде еске түсірілетін осы дәнішпанның марейтойы қарсаңында оның зор үміт артқан шәкірті һәм немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы және өр Алтайдағы қазақтардың оны қалай, қаншалық білетіндігі туралы айтудың орны бар ғой. Оған қоса кейінгі тағдыры жұртқа беймәлім болған Зият Шәкәрімұлы да бар.

Алдымен «Өр Алтай» деп отырғанымыз қайсы өңір, онда қазақтың қайсы жігі қоныстанғаны туралы айта кетейік:

Бұл мақаладағы Өр Алтай деп отырған жер Қазақстандағы, ресейдегі немесе моңғолиядағы емес, Қытай Халық Республикасының солтүстік батысындағы Алтай Аймағы. Осы Өр Алтайды қазақтың Абақ Керей рулары мекен етіп келді. Он екі Абақ Керей елі – бұрнғыша айтқанда,  Орта жүзге жататын Алты арыстың бірі. Қазір мұнда 300 мыңға жуық (1990 жылғы есеп-ред.) қазақ тұрады. Олардан соңғы жүз жылдың ар жақ-бер жағында басқа жерлерге қоныс аударып мекендеп қалғандарын, мәселен, Баркөл, Ерен қабырға-Боғда, Майлы-Жәйір жаққа барып қоныстанғандарын, түрліше себептермен Моңғолия, Түркия және Қазақстан сияқты мемлекеттерге барып, қазір сол елдерде жүргендерін қоса алғанда, Абақ Керейдің саны бұл күнде 600 мыңнан асқан болар. Енді былай деуге болады, Шәкәрімнің Өр Алтайдағы ізі Алтай аймағы деген әкімшілік өңір шеңберінде қалып қоймады. Оның сорабы кезінде осы аймақта болған қазақтар барған жердің бәрінен табылады.

Біз бұдан алпыс жыл бұрын болған істерді әңгімелемекшіміз. Оқушыларымыз содан бері Алтайда аласапыран оқиғалар көп болуына байланысты, ол заманның мұрағаттары табыла қоймайтындығын, ең аяғы көзі тірі куәгер адамдарың да тым азайып кеткендігін түсінеді деп шамалаймыз. Сөйтіп «барымен базар».

1858 жылы туылған Шәкәрім өз атамекені Шыңғыста 1931 жылы қазанның 2 күні қара жүрек қаскүнем Абзал Қарасартовтың қолымен сұрақсыз, сотсыз атылып тасталғаннан кейін, оның қасында жүрген серіктері енді өз жерінде тұра алмай, бас сауғалап, Тарбағатай өңірінен Қытай жеріне өтеді (1931 жылдың қазақ, қараша айлары). Бұл шағын топтың құрамындағылар: 1- Зият Шәкәрімұлы, оқыған жас азамат, Шәкәрімнің кенжесі, 2-Бердеш Әзімбайұлы Тәкежанов, өз жерінде бір мезгіл болыс болған. 3- Мәнекеш Әзімбайұлы (Бердештің інісі), жай малшы. 4-Қожақан (Қожақапан) он неше жастағы бала, Шәкәрімнің қызынан туған жиен. 5-Төлеуғазы, орысша оқыған, жол көрген іскер адам, негізінде осы топты бастап, шекарадан аман алып өткен осы кісі көрінеді. Ол Алтайға келгеннен кейін бір мезгіл Әлен уаңның(губернатор) сауда-саттық істерін жүргізген. 1938 жылыдың басында Шың Шы Сай өкіметі қолға алып кеткен. Зияттың бұдан басқа серіктері Тарбағатай жерінде қалып қоймаса, Алтайға келгенін білетін адам жоқ.

Төлеуғазы, Бердештер Тарбағатай өңірінде көп тұра алмай, 1933 жылы Алтай аймағы жеріне, оың ішінде Қыран өзені бойындағы Мәми бейісінің ауылына келді. Бұл мезгілде билік басында Бұқат бейсі (Мәмидің немересі) бұларға қол үшін беріп көмектеседі. Сарсүмбеге он шақырым ғана келетін, оның аяқ жағындағы «Бейіс аралы» деп аталатын жерге оларды орналастырып, бастарына уақыттық баспана тігіп береді. Қалашыққа жақын осы аралда  Бердеш төңірегіндегілер еркін кәсіп істеп, жан бағады. Зият Шәкәрімұлы бұл кезде 25 жастағы салт жігіт.

1931-1932 және 1933 жылдар Өр Алтайда, тіпті бүкіл Шынжаңда «Дүңген төңкерісі» деген атпен тарихта мәлім болған соғыс жүріп жатқан. Саяси жағдай орнықсыз, шаруашылық күйзеліс тапқан бір қиын мезгіл еді.

1933 жылдың 12 сәуірінде Шынжаң  билігі Шың Шы Сай қолына өтті. Сол жылы күзде Алтайда Шәріпхан Көгедаев басқарған жаңа өкімет орнады. Халых біраз тыныстады. Демократшыл бағыт ұстанған Шәріпхан өкіметі барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, Алтай халқының экономика, мадени-ағарту істерін жақсарту шараларын жасады. Тарихи маңыз алатын шаралардың бірі – сауатсыздық жайлаған Алтай қазақтары арасында мектеп ашып, жаңаша оқыту жүйесін жолға қою болды.

Ол тұста ең үлкен қиншылықтың бірі – оқытушы дайындау ісі еді. Осы қамалды алу үшін, 1934 жылы Шаріпхан өкіметі Сарсүмбеден қысқа мерзімді оқытушы дайындау курсын және оның дайындық кластарын ашады. Курстың алғашқы қарарында оқыған сексенге тарта Курсант  недәуір жүйелі білім алып, соңынан түгелге жуық мадениет-ағарту шебіне қызыметке тұрады. Ауданға, ауылдарға барып мектеп ашады. Міне, осы мұғалімдерді дайындағандардың бірі Зият Шәкәрімұлы еді. Курсанттар қатарында Асқар Татанаев, Халық Шәмерғалиұлы, Зәки Жұптыбайұлы, Сәлімжан Кәкімжанұлы, Рәшәт Өміртайұлы тағы басқалар болған. Менің ағам Масіғұт Разданұлы, жиен ағам Уақит Оразұлы және Мұратбек Мәнкейұлы, Қамбар Ақбаев, Мүнира Сейтқазықызы, Асығат Мәңкейұлы сияқты жасы кішіректері дайындық ретінде бастауыш клста оқыған. Бұл 1943-1935 оқу жылдағы жағдай. Оларды оқытқан мұғалмдердің көпшлігі ілгерінді-кейінді «Орыс жерінен» келген немесе арнаулы мамандығы бар адамдар болды. Мысалы, Сейітқазы мұғалім орысша, арабша тілге жеттік, кемел білімді адам. Шабдан Әбдікерімұлы кезінде Мәскеуден жоғары мектеп бітірген. Кәрім дүйсебайұлы, Сәлім Жаназарұлы, Мырзахымет және Құсайндар орысша, қазақша тілдерге жеттік жақсы педагогтар екен. Бұның арасында Зият Шәкәрімұлы алғашында аймақтық әкімшілік мекемесінде мәдениет істері жағында бір қызметкер болып, мектепке сырттай оқытушылық стеген, әдебиеттен сабақ өткен, көбінесе оқушылардың сабақтан сыртқы мәдени қимылдарын жандандыруға тер төккен. Оқушыларға хор, декламация, комедия жазып беріп, жаттықтырып, оларды сахынаға шығарған. Оқушыларды және басқа саладағы әуескер жастарды пьессалар дайындап, қоюға жұмылдырған. Зият 1936 жылдың шамасында жаңа аты аталған Сейітқазы мұғалімнің қызы Мүнирамен үйленеді, одан бір ұл көріп, атын Мереке деп қояды. Ол 1937 жылы туған болуы керек. 1936 жылы Зият Үрімжіге – «Өлкелік Қазақ–қырғыз ұйымы » дейтін бұқаралық орынға қызыметке шақырылып, отбасымен сонда тұрады, Зиятты бұл орынға апарған өзінің қайын атасы Сейітқазы мұғалым болатын.

Сейітқазы 1935 жылы Үрімжіге «Өлкелік қазақ–қырғыз ұйымының» бастығы болып барған. Ол кезде «Өлкелік қазақ–қырғыз ұйымы» деп аталатын бұқаралық ұйым халық бұқарасының қаржыландыруына сүйеніп, оқу-ағарту және мәдениет істерін бсқаратын бір орган болған.  1934 жылдан бастап жұмыс істеген. Осы арада есімін көп рет қайталауға мәжбүр болып отырған Сейітқазы мұғалым туралы да бір үзік әңгіме айта кетейік:

Алтайдыың күн бетінде ағартушы ұстаз, ал, Зият үшін әке орнындағы қамқоршы болып отырған Сейітқазы мұғалым кім еді?

Сейітқазы Нұртаев: арғын, атығай руынан, Көкшетаудың адамы, 1880 жылдардың ішінде туылған. Ақмола жақта да болған. Сейітқазы кезінде Тройцкіде «Расулия» деп аталатын жеті жылдық мүғалімдер дайындайтын мектептен оқыған.

Сейітқазы ислам діні жөнінде де, араб, түркі, орыс және қазақ тілідері жөнінде де кемелді білімі бар, ойлы, ұстамды, аса өнегелі адам болған.

Орыс жерінде патша үкіметіне қарсы демократияшыл төңкерістік қимылдарға қатысқан болу керек, саяси жақтан қудалану себебінен Семейге келіп, Шыңғыстауыдағы Құнанбай ауылдарына барып, бірнеше жыл мұғалімдік істеген, «Сейітқазы мұғалім» аталуы сол тұстан басталғандай. Тағы бір оқиға – 1903 жылы Абай үйіне Семейден арнайы милиция келіп, тінтіу жүргізетін әңгіме бар. Олардың іздеп жүргені Көкшетау жақтан бір мұғалімнің Абайға жазған хаты. Абай хатты көріп онша мән бермей, Мағауияға  бере салғанын, ал, Мағауиядан бір темекіші алып, темекі орап тартқанын айтса, осыған сенбей сақшылар үйіне тінту жүргізген. Хаттың нақты мазмұны анық емес, дегенмен «қазақ елінің білікті адамдары әрекеттеніп, патша өкіметінің саясатына қарсылық білдірейік» дейтін сыңайлы, сақшылардың ат сабылтып мұнда (Абайға) келетін себебі сол.  Ал, осындай мазмұндағы екінші бір хат (тағы да Көкшетауда бір мұғалім жазған) олардың қолына түскен. Абай оны көрмеген, бұл рас. Ендігіміз жорамал ғой: жандарымдар ізіне түскен осы хатты Көкшетаудан Сейітқазы, иәки оның жақтас адамдарының бірі жазған шығар.

Өр Алтайдағы қазақтар сайлап алған әйгілі төріт бидің бірі – Көкеннің немересі Мәми өз ауылында «Абақияның» ашылуын біреулер 1904 жылы десе, енді біреулер одан жиырма жыл бұрын деп есептейді. Мұнда бала оқытатын, ұлты өзбек Нұрғабдолла деген молда болған. Мәми бейсі жаңаша оқытыуды жалпыластыру мақсатында осы Нұрғабдолланы Семейге дейін жіберіп, қолайлы мұғалім тауып келуді тапсырады. Сонымен, 1909 жылы Семей жақтан Сейітқазы мұғалім Мәмидің ұсынысын қабылдап, Алтайға – тұп-тура Бітеуіргедегі «Абақия» мектепіне мұғалімдікке келеді. Сейітқазы осыдан 1933 жылға дейін Мәми ауылында мұғалім болды. Өзін ертіп келген Нұрғабдолла молданың қыз Хамидамен үйленді.

1933 жылы Сейітқазы Шаріпхан өкіметінің қызыметіне тартылып, әуелде қазы (төреші) болды.  Соңында «қазақ-қырғыз ұйымында» оның бастығының орынбасары болып қызымет істеді. 1935 жылы «өлкелік қазақ-қарғыз ұйымына» (Үрімжіге) шақырылып, сонда қызымет істеп жүргенде Шың Шы Сай өкіметі жағынан 1940 жылдың басында түрмеге алынады да, отбасы Іледегі Күреге жер аударылып жіберілді. Алтайдағы көтерілісшілердің саяси тұтқындарды босату жөніндегі батыл талабына байланысты, 1942 жылы Сейітқазы мұғалім түрмеден шығарылып, Бітеуіргедегі бейісі ауылына қайтып жан бағады, онан соң қалаға келмейді, 1944 жылы ауған елмен бірге Шіңгілге барып, 1945 жылы ауру себебінен алпыстың жуан ішіне келген шағында қайтыс болды.

Сейітқазы мұғалім Алтай қазақтарының мәдениет өресін, дүние танымын көтеруге елеулі үлес қосқан қадірлі адам, Зият Шәкәрімұлына қамқорлық ету оның адамгершілік тұрғысында істеген көп қызметрінің бір тармағы ғана. Тегінде Құнанбай ауылында болып, оның Абай, Шәкерім сынды ұрпақтарына сүйіспеншілік ықыласы ауған болса керек, әйтеу Зиятқа қызын беріп, оны қызыметке тартып және баулып, айрықша ықылас білдірген. Амал қанша зұлым өкімет оның арманын аяқ асты етіп, 1938 жылдардың ақпан айында Зият Шәкерімұлын үрімжіде қолға алып, көзін жойды. Кей деректерде оны және сол сияқты бір топ адамды «Халық жауы қатарында жазалау үшін кері өткізіп алған» делінеді. Осы сөз шын болуы мүмкін, Шәкәрімнің  екі әйелінен 11 бала туған болса, осының кенжесі (екінші әйелі Айғаншадан туған) Зият болатын.

Зиятпен бір шешеден туған ағасы Ахат өзінің 1900 жылы шілде айында туылғанын жазды. Орталарында Кәмпит, Жәкібала, Гүлназ деген үш қыз бар екен, одан ейінгісі Зият. Осы дерек бойынша Зиятты  Ахаттан 7-8 жас кіші десек, 1908 жылы туған. Отызға енді ғана келген шағында қолды болды. Зайыбы Мүнира Сейітқазықызы  1946 жылы ауырып қайтыс болды. Зияттың жалғыз ұлы Мерекенің 1950- 1958- оқу жылына Алтай орталау мектебінің  1-жылдығын оқығанын біз білеміз. Мектептің тізімінен де табылды. Бірақ, ол орталау мектепті бітіре алмады. Тұрмыстық қиыншылығы, жетімдігі оның жалғасты оқуына жар бермеген болуы керек. 1955 жылы оны немере ағасы Бердеш Әзімбайұлы мен жездесі Қали Иманқожаев деген адамдар Қазақстанға ертіп кеткен.

Шәкәрім жөнінде Шынжаң қазақтарында әлі күнге дейін  екі ұшты көзқарас ұстанып келе жатқан адамдар бар екенін ескеріп, мынаны қадап айта кеткеніміз артық емес: Шәкерімде саяси қылмыстың жоқтығын, жазықсыз атылып кеткенін анықтап, Совет Одағы прокуратурасы 1958 жылы  2 қазанда арнайы шешім қабылдаған, ол ақталған. Ал, оның әдеби мұрасы жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті 1987 жылы арнайы комиссия құрып, сол комиссияның қортындысы бойынша, 1988 жылы арнаулы қарар қабылдаған,  қарарда: « Шәкәрім Құдайбердіұлы Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырған, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосқан ірі ақын және ойшыл болды. Ақын есімі халық арасында кеңінен мәлім, оның шығармалары төңкеріске дейін-ақ ауыздан-ауызға ауысып, біреуден-біреу көшіріп алу арқылы жұрт арасына кеңінен таралып кеткен.  Ол өзінің ұстазы Абай секілді реалист ақын еді. . . Шәкерімнің мұрасы ұзақ жылдардағы «үнсіздік пен нақақ жаладан халыққа «оралуға» тиіс» делінген. («Қазақ әдебиеті» 1998 жылғы 16-санынан).

Негізгі тақырыбымызға оралайық. Шәкәрімнің Өр Алтайда табылған ізі қайсы?

Жинақтап айтсақ, мына төрт жақтан көрінеді: 1. Халық ішіне тараған сөзін өзі жазып, әнін де өзі шығарған әднері бар. Бұны білетіндер көп болса да, Алтайда бар. 2. Бір топ өлеңі және «Үш анық» деген шығармасы қолжазба күйінде тараған. Оны көп адамдар көшіріп жызып алып отырған, өлеңдерін жаттаған. 3. «Қалқаман – Мамыр» , «Еңлік – Кебек» , «Ләйлі – Мәжнүн» дастандары мен «Дубровский әңгімесі» кең тараған. 4. Шәкәрім жазған қазақ шежіресі де мұнда болған. Ол заманда аз таралыммен болса да, баспадан шыққандығы үшін көбірек тарған деуге болады.

Шәкерім шығармаларының Өр Алтайға біршама белгілі болуы оның ұлы Зияттың қолында бар әкесінің мұраларын ала келгендігінде болған шығар. Дегенмен, негізгі себеп: шығарманың халықтық сипатында және құндылығында жатыр, «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген емес пе?!

Мидхат Разданұлы. "Белестер белгісі" кітабынан