ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Уланған оймен оянған)

Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Уланған оймен оянған)

Оқылған 57361 рет

Қосылған күні: 19.12.2016

 

 

ІІІ ТАРА У

«УЛАНҒАН ОЙМЕН ОЯНҒАН» !

Мәңгіліктің шымылдығы жабылған тарихи уақыт пен қиындықтың тылсым құшағынан тарихи тұлғаны таланттың таланты ғана суырып алып шығып, көркем уақыттың кеңістігіне ауыстыра алады. Бұл — суреткер үшін басты мәселе деу жеткіліксіз, басты мәселелердің, ішіндегі ең басты мәселе. Өйткені, сондай ретсіз әрі тұрпайы, әрі мығым да шымыр, қатарлы-қатарсыз қаланған қожыр-қожыр қойтастар сияқты сырт көзге үйлесімсіз, бірақ ішкі заңдылықтарымен, қайшылықтарымен қатып қалған табиғи-тарихи жарасымды бұзу, оларды түбінен қотара қозғап, орынын алмастыру, сыны мен сыпатын, өңі мен түсін өзгерту — тек құдіреттің немесе бойына құдірет күш берген даналардың ғана қарымына лайық.

Қасарыса қарсыласқан тарихи шындықты және өз дәуірімен бірге тұтаса құйылған Абай сияқты дара да жаратылысы жұмбақ тұлғаны құлпытастай қопарып, оны өз еркінен тыс құрылған көркем әлемге әкелу; түйсік пен сезімге ғана бағынған фани шындықтың сағымына орау; «жалғандықпен жалғанған көңіл жіптері» (Абай) арқылы ойдан құрастырылған оқиғаларға душар етіп: «Міне, нағыз абсолютке жақын көркем шындық осы» деп ұсыну және соған сендіру қияметті қолдан жасайтын құдіреттің қолынан ғана келеді. Суреткер Әуезов соған тәуекел етті. Ол тарихтың талқысын мойындамай, тарихи уақыттың, тарихи дәлел мен тарихи тұлғаның қарсылығын өз талқысына салып және түрлендіре талдағысы келді.

Бұл таңдау таланттың таңдауы және оған қақысы да бар еді. Мұхтар деген сөздің арабша мағынасы құдірет. Ал құдіреттің қалауы — талқылауға жатпайды. Бұл пайымдау — риторикалық көсем сөз емес, суреткердің бойындағы талант пен таным қуатына, жүрексінбей кіріскен тәуекеліне шығармашылық психология тұрғысынан бейнеленіп берілген баға (Қараңыз. 19. 10. 105—138). Егер де тұла бойынан тулаған күшті сезініп, мәңгілік иесімен тілдескендей күй кешіп, Мұхтар Әуезовтің, өзі тауып теңеген «Абайдай алып бәйтеректі» тылсым тарихтың тұл қойнауынан тамырымен суырып ап, «жан бітіріп»:

«-... Жапан түз, елсіз, жолсыз сардалада жалғыз түп ағаш өсіпті. Айлар, жылдар, не замандар жасапты. Әрбір көктем күніне үмітін артып, шат қуатты жапырағын жарып гүлін ашыпты... Талай жылдар өтіпті. Әр жылының гүлдері мен дәндері ұшып, тарап кетіп жатыпты. Сан жапырақ сарғая солып, жоқ болыпты. Бір заман сол айдаладағы жалғыз ағашқа жай түсіпті де жайрапты. Бар бұтақтан, тұл жапырақтан, дән нәрден айырылыпты, ажырапты... Қуарып, шошайып қалған жалғыз ғана қу ағаш көк аспанға тіл қатыпты. Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем?! Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің сен, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі, көгерген гүл атқан шағымның да куәсі сен едің — кең көк аспан! ... Сен ғана бір айтшы... Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?.. Шаңда біреу, санда бір сайда болса да, жас жапырағын көкке созып, гүл жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір-бір өлкеде, тағы бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме!... Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап құмыр бұлбұл сайрар ма! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме!» деп... ұлы шабыт, ақын шабытымен шарықтап бір барып, үні өшкен» (1. 6. 439) Абайды тірілту тек М. Әуезовтің ғана бақытына бұйырды.

Мынау дүниеауи аспанмен тілдесіп, шексіз ғаламға құшағын жайып, келешегіне арманды өсиетімен үн қатқан Абайдың бұл қоштасуы фәнимен қоштасуы, бақимен алғасуы емес Әуезовтің құдіретімен жасалған көркем әлемімен қоштасуы. Сондай-ақ, суреткердің өзі қиялдан құраған көркем Уақытымен, көркем шындығымен қоштасуы. Қос тұлғаның жандүниесіне айналған «Мәңгілік көк аспан» екеуінің де мәңгілік көркем әлемі. Жай түскен бәйтерек Абай. Ол бәйтерек, «Керқұла атты Кендебай» ертегісіндегі исі көшпелілер әлеміне, мұқым түркі дүниесіне, адамзат руханиятына ортақ нысана уақыт белгісі. Бәйтерек құлады «өмірден Абай өтті» (1. 6. 441). «Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың біріге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды... Ен дала, мол сақараның бар бойында ол дәндерің өсіп келеді... Көп өсіп, көктей өсіп келеді... Өсе бермек күн санап та, жыл санап!... « (1. 6. 444) — деп аян берген «кең Аспанның сол болашақ дәндері» — Мұхтар Абайды тарихтың тұйық та тылсым қойнынан суырып алып, Уақыттың Көркем Аспанында тірілтті. Ш. Айтматов: «мұны қазақ халқының жалпы адамзаттық көркем ой парасатының маржанына қосқан тікелей үлесі деп бағалады» (71. 31).

Көркем уақыттың кеңістігінде осылай еркін шарықтаған Мұхтар Әуезов тарихи уақыттың есігін ашу үшін бойындағы бар қасиет-құдіретін жұмылдырды. Оның көңілі мен көз алдында «заманалар арбасып» (Қ. Аманжолов), көркем қиял арқылы арандатуға ұшыраған Уақыттар қақтығысып, бір-біріне қарама-қарсы келді. Құнанбай мен Абайдың дәуірі шарпысты. Құнанбайдың уақыт сағаты теріс соқты. Абайдың алмағайып ғұмыры «тұманды келер күнге» құлшынды. «Аспандағы ай мен күннің шағылғанындай» осынау парасат майданында теріс баққан Құнанбай: «биіктен» «асуға», асудан -»оқапка», оқаптан «еңіске», еңістен «тайғаққа», тайғақтан «шытырманға», ал Абай шытырманнан 'Шыңға11 бет түзеді.

Оларды шарпыстырып тұрған суреткер құдіреті. Сөйтiп, «Абай» романы кертолғау емес, кері толғау мен терісқақпай желіге құрылды.

Тарихи уақыт пен тарихи шындық, тарихи тұлғалар бұған барынша қарсыласты. Әдеби кейіпкерлердің үнсіз де рухты қарсылығы көркем өңдеуге көнбеді. Олардың арасында шыңырау пайда болды. Бірінен бірін түңілдірген бұл көркем катарсисті жалғастыратын қыл көпір — қадым заманнан бері дәуірлік философияның еміздігіне айналған тақырып — әке мен баланың арасындағы тартыс болатын. «Қаңғыбас ұлдың қайтып оралуы « туралы «Інжілден» батыс философиясына ауысқан, оның көркем ойлау жүйесі мен шешімінің талғажауына айналған бұл аңыздағы өсиетті еуропалық «заманақыр жастары» (Абай) теріс түсіндіруге көшкен еді. Ендігі ақыл иесі — бала, қаңғыбас — әке болып пайымдалды.

Еуропадан Ресейге ауысып, онсыз да ұлттық рухани кінәратының бір тамыры болып саналатын бұл мәселе көркем ой жүйесі саласында тіпті түрленіп кетті. И. С. Тургеневтің «Әкелер мен балалары» сол ағымның жиынтық тұжырымы: әке — азды, бала — озды — дегенге сайды. Бала — ескі қоғамды күресінге көміп, өздері ғана тарих сахнасына шығуы тиіс. Өйткені: «Әке мен бала тартысы — ірі қоғамдық сыпаттағы әлеуметтік тарихи күрес. Сондықтан да Абай өзі шыққан ортадан, өз табынан (!) бір жола іргесін аулақ салуы» (3. 12. 121) қажет болды.

Әке мен бала өліспей беріспек емес. Мұхтар Әуезов те саясаттан ықтап: Әкесін баласына жек-көрінішті көрсету арқылы адамгершілік пен өркениеттің белгісіне саналған массондық санат салтын көркемдік тартыс тәсілі ретінде ұстанды. Шындығында, бұл — кез-келген ұлт атаулының рухани тұтас үйлесімін ыдырату үшін жасалған жалған философиялық тартыс еді. Мұның дүниеәуилік астарлы нышаны бар. Бірақ М.Әуезов оның сыртқы желісін ала отырып, ішкі жүйені көркем құндылыққа құрды. Массондық идея бойынша, Әке мен баланың арасындағы өшпенділік — төңкеріс тудырады. Ал төңкеріс, күрес дүниені өзгертудің құралы. Абай да «Құнанбаймен күресіп көруге» тиісті болды.

Бұл жалпы көшпелі қоғам мен түркі әлеміне, исі ислам дүниесіне мүлдем жат, суық дүниетаным болатын. Рас, Мұрын жырау келешекте «Ежірей — деген ұл туады, Безірей деген қыз туады, Кежірей деген келін туады» деді. Иә, деді. Бірақ о заманда қазақ әлеміне бейтаныс бұл мәселе «заманынан ақылы озған» Құнанбай мен Абайдың арасында, тіпті, туындауы мүмкін емес-тін. Сондықтан да М. Әуезовтің тегі еуро-ресейлік інжіли ілхамды көшпелілер әлеміне көшіріп әкелуі — жай ғана көркем ойдың қондырғысы, жалған таным тартысы болатын. Абай ешқашан да: «Міз бақпай, әкеге жирене қарап: «Неге өлмейсің тыныштықпен сен! Заман сенікі емес, менікі!.. Нең бар?» (1. 4. 237)-дей алмайтын. Қайта Құнанбай баласының бойындағы қаталдықты көріп: «Маған біткен (қасиет пен қаталдық Т. Ж.) саған да біткен екен. Алдыма кісі түсірмеймін деуші едім. Шіркін, Қаратай-ай, Бөжеймен де сол араз ғып еді, сені осыған баулыған да сол ғой» (4. 292) — деп бетінен қайтуын емеурін еткен.

Әке мен баланың ұстасуына өмірдегі Құананбай да, өнердегі Құнанбай да қарсы. Романда Әмірге теріс бата берген кезінде де бетінен алған Абайға тіл қатпай «шымылдықты сілке түсіріп, бүк түсіп, бауырына жастықты басып... еріні жыбырлай күбірлеп, тәсбихіне, тәубесіне ауысып кетеді» (1.4.237). Бұл үнсіздік әке мен баланың арасындағы жалған шыңырауға, бет жыртысуға деген Құнанбай рухының қарсылығы. Әрине, қақтығыстың тұсында қалай қарғатамын десе де суреткердің еркі. Бірақ ол кейіпкердің жан дүниесі мен рухының табиғатына қабыспайтынын түсінген. Сөйтіп әке мен бала арасындағы тартысты тікелей екеуара жүз шайысуға емес, жанама оқиғалар жөніндегі көзқарас сәйкессіздігі үшін келіспей қалады.

Бұл қайшылық әке мен баланың мүдделерінің қарама-қарсылығы емес, шығармадағы әр түрлі кейіпкерлердің арасындағы мүдде қайшылықтары. Құнанбай мен Абай сол екі қоғамның сөзін ұстаған қарсы билер ғана. Әйтпесе, Абай: «Әкесіне жау болып, кім достықтан тайып, жау жағына шығып кетсе, соның барлығының неге кеткен себебіне қарамай-ақ алысатын, ұстасатын жауым деп білді, айланы, ашуды, білімді де құрал қылып соңына түсті. Әке тұсындағы дәуренді қайта орнатып, көп елді құлақтан басып, ауыздықтап мініп, бағындырып алу жолына еңсесін сала шапты» (4. 124).

Шығармашылық психологияны зерттеген ғалымдардың тәжірибесіне жүгінсек (19-139): кейіпкердің қасарыса қарсы шығуын жеңген жазушы сирек және оған күштеп көндіруге ұмтылудың да қажеті жоқ. Өйткені бұл жаландық пен жасандылыққа ұрындыратын ен қауіпті жол. Сол қатерлі жол айрығында Мұхтар Әуезов те ұзақ тұрды әрі қатты қиналды. Тарихи шындық та, кейіпкердің ішкі әлемінен туындаған табиғи тартыс та оған қарсыласып-ақ бақты. Заман да, қоғам да, қаламгер де қанша зорлағанымен де, Құнанбайдың аты — Құнанбай емес не, өз баласымен «күреспеді», теріс батасын берумен шектелді. Онда да Абайға емес, өзінің «арам қаны» — Әмірге!.. Соның өзін мін көріп, М. Әуезовті: «ақынның күрделі және қарама-қайшылыққа толы және толысу жолын, Абайдың көзқарасының қалыптасуына үлкен әсері тиген еңбекші халықпен байланысын ашу міндеті жүктелген болатын, өкінішке орай, бұл орындалмады. Біз Абайды ешқандай мақсатсыз, ерігіп жүрген бай-феодалдардың жастарының жанынан көбірек көреміз» (40) — деп кекетті.

Әрине, жасанды конфликт пен шешім мұратқа жеткізбейтінін М. Әуезов те түсінді. Түсінді де сол орыс санасының көркем ой иелері тереңдеп барған — Толстойдың «Балалық, жастық, жігіттік шақ», Гариннің «Теманың балалық шағы» Горькийдің «Балалық», Тыняновтың «Пушкин» атты шығармаларындағы әлеуметтік-психологиялық құбылысты қаперіне алды. Тақырыптың ерекшелігін ескере отырып екшеді, салыстырды, рухани тұтастық тапты. Ақыры тартысты жетекші тұлғалардың ішкі психологиялық дүние таным тебіреністері (потрясение) мен тарихи оқиға желісінің шиеленістеріне құрды. Құнанбай арқылы: «сол қадым замандағы қоғамдық өмірдің қатал шындығы Әуезовтің «Абай» романында сондай бір поэтиқалық мейірімді сезіммен суреттеліп, көне уақыттағы халық тіршілігін таңғажайып мол да қанық бояумен сыпаттап берді. Тобықты елінің Шыңғыстауға беттеген жайлаудағы көшін, ежелгі халық дәстүрі мен салтанатын, той мен асты, жастардың ойын-сауығын махаббатпен сүйсіне баяндады. Мұның барлығы этнографиялық шикі зат болып қалмады, керісінше, романның алғашқы бетінен бастап-ақ өзіне тартып әкететін сюжеттік желіні дамытуға тікелей ыкпал жасады... Әуезов Горький сияқты «бала исихологиясы « деп аталатын баланың ішкі жандүниесінің дамуы жолын суреттеуді ғана міндет етіп қоймады, баланың нәзік сезімі арқылы ез заманының қатал да қатыгез әлеуметтік (таптық емес — Т. Ж.) шындығын да көрсетті, сонымен қатар, қоғамдағы әділетсіздікпен күрес үстінде осынау баланың, қайырым-мейірімге толы кіршіксіз жандүниесі шынықты, ширады, ақыры адамзаттың жарқын болашағы үшін күрескен қайраткер дәрежесіне көтерілді» (72. 198). Сөйтіп, Әуезов әке мен бала асындағы қайшылықты көне тарихи Уақыт пен заманауи уақыттың арасындағы көркем тартыс дәрежесіне көтерді. Жалған тартыс ол үшін ілікке себепші иірім (мотив) ғана болып қалды.

Өкінішке орай, суреткердің санасында қапысыз сараланған бұл тарихи уақыт — В. Жирмунский сияқты уақыттыц бағасын білетін ғұламаларды сүйіндірсе, С. Бәйішов, Б. Степанов, Никитин, Понамарев, П. Куз­нецов, С. Нұрышев сияқты заманының оқшантайындағы етпелі сұрқылтайларды күйіндірді. Олар: Маркстің «Капиталында» емес, Әуезовтің «Абайында» коммунизм елесі кезіп жүр. Қазақ халқы «Мұхтардың суреттеуінше, коммунизмнен баяғыда, көшпелі дәуірде өтіп кетіпті — десті. В. Жирмунскийдің «Абай» туралы мақаласы жарияланған «Звезда» журналының 1946 жылғы № 9 санында бүкіл Кеңес Өкіметі тұсындағы өнер иелерінің тағдырын диірменге тартқан И. Сергиекжийдің «А. Ахматованың халыққа қарсы поэзиясы туралы» (73) қасқой сыны да басылды. М. Әуезов дәл осындай айыптың өзіне де тағыларын білді ме, жоқ па, кім білсін, Әйтеуір, араға екі-үш ай салып барып, Б. Степанов деген: «көшпелі өмірдің салт-дәстүрін әсірелеп суреттеуді біз жазушы М.Әуезовтің «Абай» романынан кездестіреміз. Сол кездегі қазақ ауылын жазушы адамзаттың жұмағы (коммунизм Т. Ж.) етіп көрсетеді. М. Әуезовтің жазуы бойынша ауылдың жайлауға көшуі салтанатты саяхат сияқты, қыздар да, әйелдер де жас мөлшеріне қарамастан үлде мен бүлдеге оранып, сайлы сәйгүліктерге мініп жүреді. Мыңғырған малы бар ірі байларды және олардың қалай уақытын өткізгенін моншақтай тізіп, революцияға дейінгі қазақ ауылын тым мадақтап, үлгі еткен автор кедейлердің ауыр тұрмысын ықылассыз баяндайды» - деп  сәуегейлік жасады.

Әрине, Б. Степановтың қазақ кедейінің мүддесіне қаншалықты дәрежеде күйінді болғаны белгісіз, бірақ қарауылға алғаны — Мұхтар Әуезов пен қазақтың ұлттық руханияты еді. Ал тарихи уақыт пен дәлел, көркемдік шешім мен әлеуметтік жандүние психологиясы, көркемдік шындық деген асқақ ұғымдардан мақұрым екендігі анық. Мұндай саяси қысымдардың мәжбүр етуімен суреткер «Абай жолы» атты үшінші-төртінші кітабында идеологияға ырық беріп қойды. Алайда ол кезде Құнанбай көркем сахнадан кеткен, демек, әке мен бала арасындағы бет жыртысу мәселесі өзінің мәнін жойды. Кітап бетінен Құнанбай кетсе де оның дауы кетпеді. 1953 жылы «Казахстанская правда» газетіндегі әйгілі «М. Әуезовтің «Абай» романы жөніндегі» атышулы мақаланы талқылауға арналған Алматы қаласы жұртшылығының жиналысында тарихи уақыт пен көркем заңдылықты жетік білетін Т. Ахтанов та өзінің баяндамасында көркем өнердің табиғатынан тыс талаптар қойды. Негізінен Никитиннің (Т. Ахтановтың айтуынша редакциялық мақаланың авторы — Т. Ж.) «Казправдадағы» солақай пікірлерін жұмсарту мақсатын көздесе де «партиялық қатаң тапсырманы орындауға мәжбүр» етті. Ол негізінен тарихи көркем тартысты таптық тұрғыда құруға кеңес берді және:

Бірінші: «ең алдымен, «Абай» романының бірінші кітабында қазақ ауылындағы таптық қайшылықтардың жете көрсетілмегенін атап кету керек. Жазушы сол дәуірдегі қазақ қоғамының саяси өміріндегі таптық күрестің ара салмағын кемітіп алған. Оның есесіне ру тартысын суреттеуге көп көңіл бөлген. Қазақ кедейлерінің байларға қарсылығы әлсіз көрінеді. Кедейлердің байлардан көрген қанауы, олардың мұң-мұхтажы бірінші кітапта өзіне тиісті көркемдік дәрежеде суреттелмеген. Әсіресе, бірінші кітапқа тән кемшілік, жазушы әлсіз рулардың кедейлерінің өмірін мол көрсетсе де, Құнанбай сияқты бай ауылдың кедейлерінің тұрмысына атүсті тоқталады. Бұл сияқты ірі кемшілік романның идеялық өткірлігін біраз мұқатып тұр...

Екінші: романдардың бірінші және келесі кітаптарында жазушы Абайдың адамгершілігін баса көрсетпек болып, оның ауылындағы таптық қайшылықты ұмытып кетеді, сөйтіп, жеке адамның адамгершілігі, таптық теңсіздікті жояды деген утопиялық қате ұғымды үнсіз жақтайды.

Үшінші: патриархалдық-рулық қоғамның салтын суреттегенде, автор кейде орынсыз бейтараптыққа ұрынады. Бөжейдің асын суреттегенде жазушы асқа байланысты әдет-ғұрыптарды толық көрсетуге елігіп, оның таптық негізін ұмытып кетеді. Бөжейдің атын ту қып ұстаған байлардың әсіре сөздері автор елегінен өткізілмегеннен кейін, Бөжейді мадақтау болып естіледі... Бөжей асы бүкіл халықтық мейрам болды деген ұғым туғызады. Жазушы атақ-даңққа ие болып жатқан Байдалы, Сүйіндік сияқты феодалдар екенін ашып көрсетуі керек еді. Қысқасы, ол үлкен астардан рубасы байлардың жақсы атақ алып, саяси капиталға ие болатынын, ал астың ауыртпалығы жай халыққа, кедей ағайындарға түсетінін — яғни астың таптық себептерін көрсетуге тиіс еді» (75) — деп қадап-қадап атап көрсетті.

Бұлар қазіргі көзқарас тұрғысынан алғанда сілтей салды ескерту сияқты көрінгенмен, «Абай» романының көркемдік нысанасы мен тартыс аужайына елеулі өзгерістер жасауға ықтиярсыз мойынсұндырды. Боранда адасып өлетін Иса мен Иіс кемпір желісі бір бүйірден келіп, шығарманың «мұқалып тұрған» тұсын «өткірледі». Абайдың, қасына жұтап келген жатақтарды қоңсы қондырды. Құнанбайға Кеңгірбайдың кедейленген тұқымы Дәркембайды әкеп жағаластырды (59. 129). Сөйтіп, тарихи уақыт тартысын «утопиядан» арылтты. Ал, бүкіл шығарманың ең құнарлы, бояуы қанық, көркем шырыны мен салтанаты, нағыз тарихи және көркемдік шындыққа құрылған көшпелілердің жайлау көші мен Бөжейдің асы тамылжыта суреттелген тұсты алып таста деп кеңес беру «Абай» романын «жазба» деген үкіммен тепе-тең еді. Бұл пікірінің орынсыздығын араға отыз бес жыл салып барып: «Расында артық кетіппін. Сен түсіндір» (77) деп уәж айтты. Ал Бөжеймен қоса: «Романға Абайдың барлық ағайын туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты. Абайдың. Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай дұрыс талғап алмау, авторды кейде қатеге де ұрындырған. «Абай» романының екінші кітабында екі жерде Абайдың кіші баласы Тұраштың аты аталады. Айталық, ол биографиялық деталь дәрежесінде кішкене бала кезінде-ақ көрсетілген болсын. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта, алашордашыл байдың атын кітапқа енгізу — автордың саяси қатесі» (75) — деген пікірге үнсіз ғана күрсініспен жауап берді.

Суреткердің еншісіне тиесілі тарихи уақытқа, кейіпкерлер қоллизиясына, көркемдік тартыс пен шешімге сыртқы күштің араласуы салдарынан жазушының бастапқы нысанасынан ауытқуына тура келді. Қосымша «қыстырмалар» (Д. Әбілов) кіргізіп, «Қарашығын» сияқты тарау қосылды. Әкесі Құнанбай мен ағасы Тәкежан және Әзімбай сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің маңдайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды. Бір заңды да кездейсоқ жай, арада тура отыз жыл өткенде «қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған» мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды «роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі» (78) — деп сәуегейсіді. Т. Ахтанов тағы да төрелік айтты. (79). Міне тарихи көркем уақыт пен жетекші кейіпкер тұлғалардың «табиғи қарсылығына» қарамастан кіріктірілген қондырғы идея мен тартыс М.Әуезовтің ең қасиетті авторлық құқына қол сұқты. Көшпелілер қоғамындағы дерт пен қайшылық — оның кедейінде емес, рушыл трайболизмде еді. Әуезов мұны да дөп басты.

Қосымша қақпақыл мен қақтығысқа ұшыраса да жетекші тұлға — Құнанбай жетекке көнбеді. Қасарысқан «көк ауруы» бұрынғыдан бетер дендеп, ол Абайды да шарпыды. Ол да «өрге шауып, төске өрлеп», «әкесімен жауласқан кісіге, сол әкесінің салмағына жақын салмағы бар мықты жігіт, бетті, жүйрік ер жігіт болып көрініп, қолы мен тілі қатаң, тие бастады». Абайдың қолына билік тізгіні тиген заманда «Құнанбай Жігітектің батырсымақ болып жүрген ер көңілді Базаралы деген кісіні де бас қылып, 17 адамын Сібір айдатып,... Жігітекті бірталай заманға кезге қамшы тигендей... есеңгіретіп тастаған» (4. 109) тұста Абай да бұл рулық бақталастықтан тыс қалған жоқ және Базаралыны жақтамағаны да анық.

Әкеден қалған мұраның бірі және бірегейі осы рулы кек еді.

Ғасырлар бойы сыннан өткен аққаптал, тақыс, қатал барымта мен сырымтаның кек жолы — көшпелі қоғамның өмір сүруінің бір тәсілі және онсыз кең сахара қозғалысқа түспейтін. Оған араласпай қыр елінің толыққанды азаматы атанбайсың. «Жауласқан елдің емі қаттылық, аяусыздық, қорқыту, ірілік көрсету болатын. Сондықтан да Абай да aшy мен қаттылыққа шырақ жақты. Бойына қуат кіріп, елді меңгеріп ала бастаған сайын қырына алған елге бөрідей тиді. Бұл істі ел ортасында қыр құралымен іске асырса, ойда — орыс ұлығы арқылы астасты... 70-жылдардың артынан Абай бұрынғысынан да екпіндеп кірісті» (4. 126. 128). Әке мен баланың арасындағы қайшылық қайрат пен қарекеттің істің қайшылығы емес, дәл осындай ішкі психологиялық қайшылық болатын. Абайдың: «бір өзім екі адам сияқтымын» деп қос жарылуы да соны аңғартады. Қаһарына мініп, Ырғызбайлығы мен Құнанбайлығы ұстағанда Тәңірбердіні де, Ысқақты да, Шәкәрімді де бо­лыс қойып: «Абай» романының екінші кітабындағы: «Қажының үш баласы үш елге болыс болды!» (1. 4. 329) деп Әзімбайға сүйінші сұратқан да Абайдың өзі болатын. Ал сондағы Абайдың алысқан «жауы кім еді дегенде, әрине, ең алдымен Жігітекті айту керек» (4. 124) деп жауап берді Мұхтар Әуезов. Ақыры, Абай істі болып, тергеуге алынып, Семейде 3-4 ай мырзақамаққа алынады. Сөйтіп, бұл жөнінен де әкесінің «жолын қуады. М. Әуезов: «Абайдың осы жолы тергелген істері қандай екені туралы дәл дерек жоқ» (4. 298) дейді. Расында да бұл іс «Абай» романы жазылып біткен соң табылды. Оны жазушының өзі де көзі тірісінде көріп кетті.

Суреткер қалай қарманса да мұндай тарихи дәлелді шындықтан Абайды арашалап қала алмайтын. Ол Құнанбайдың ығында жүргенде ырқынан шығуға дәрмені жетпейтін. Одан басқа таңдар жолы да қалмаған. Көркем әлемде өзін-өзі жұбатқанмен, «қиялы да., аз алданышы да, қуанышы да тез сөніп, тағы да өмір шындығы, тірлік тартысы Абай алдына еселі сыбағасын тартып» (1. 4. 435) отырды.

Ол «сыбаға» қандай сыбаға? Бұл Абайды Тарихи Уақытка кіргізетін бірден бір шындық тұтқасы. Оның астарында: «Мұхтар Әуезов өзінің Абай туралы эпопеясы арқылы бізді бүгінгі уақыттың адамдары үшін мүлдем жоғалып кетуге аз қалған қазақ халқы өмірінің тереңіне сүңгітіп әкетті. ...Мұхтар Әуезовтің өзі де — сол тарихи процестің тірі жиынтығы сияқты. Ол — халықтың өзі туралы айтқан көкейкесті арман-жыры» (52) — деп К.Зелинский айтқан ащы да толғақты сыр бар.

Абай және тергеу ісі?! Қиыспайтын қисын. Бірақ шындық. Ал шындықтан аттап өте алмайсың. Оның үстіне бұл М. Әуезовтің шығармашылық психологиясы мен көркемдік әлеміне тікелей қатысы бар мәселе және тарихи шындықтың нақ өзі.

Отарлау саясаты қолданған арандату әрекеттері мен қасақана қырқыстыру идеологиясының уыты бойына тараған көшпелі қазақ қоғамы ішінен азып: «біріне бірі қаскүнемі, бірінің тілеуін бірі тілемейтін, рас сөзі аз, қызметке таласқыш, өздері жалқау» (II. 440) жандайшапқа айналды. Не дәуірлер бойы қалыптасқан көшпелі дүниенің тіршілік заңымен өмір сүрмеді, не бодандыққа бүтіндей бет бұрмады. Осы екі қоғамның арасындағы шаншу сияқты күй кешті. «Өрден үрген ит құсап, өз елін аңдыды. Осындай ағайыншылықсыз делбе қоғамда «ант, серт, адалдық, ұят тоқтаусыз кетті» (11. 448). Ел болыстық сайлау деген дауасыз дертке душар болды.

Кешпелі қоғамның қайраткері Құнанбай да, өтпелі кезеңнің өкілі Абай да: «дауынды айтайын, партиялас болайын деп құдайға жазып, жатпай-тұрмай... өзінің басын, қатынын, баласын сатып жүргендерге» (11. 448) бар ділімен қарсы күресті. Тарихи да, көркем де шындық сол еді. «Олар Ресейді жылыту үшін оны өртеп жіберуге де дайын» (70. IX. 382) деп В. Ключевский дәл тауып айтқандай, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әлеуметінің «биліктің апиынына уланған» Күлембайлары мен Күнтулары қазақты билеу үшін сол қазақты өртеп жіберуге де дайын болатын.

Сол отқа өртеніп кетпес үшін: «достың бәрі жау шығып, елі өзін тастап жөңкіліп кеткен соң, алдаған кісіні жазалау, кеткен елді қайыру, кек алыспай қоймайтын дұшпанды әлсірету, біржолата тұқырту, қырда түгел жыға алмасаң ұлыққа жағып, орыс күшімен жаныштау керек болды... Мұның бәрі тынымсыз алыс, тоқтаусыз партия тартысы, бір жағынан бас қорғаудың амалы еді. Ерік өзіне тимей, тілесе де, тілемесе де майданға» (4. 139), руаралық (!) күреске шығады.

Ақыры арыз, «көрсету қатты молайып, мөр көбейіп, Абайды жер аудартуға да жақындайды (4. 141). Оқиға 1872—1886 жылдардың арасын қамтиды. Абайдың өмірбаяндық шежіресін жасап, оның он екі түрлі айыппен тергеуге алынған тұсын 1877-1878 жылдар деп тұжырымға келген М. Әуезов: «Құр тергеуге ілінгені болмаса, жаулары да жеңе алмайды» (4. 373)-деген пікір білдірді. Ол Үзікбай Бөрібаевтың (Ұзақбай Бурабаев болуы да мүмкін, кирилл һарпіндегі жазылуы Узукбай Бурибаев Т. Ж.) «Қоңыр-көкше болысы Ибраһим Құнанбаев пен ауыл старшыны Мұса Аюбаевтың заңға қарсы әрекеттері туралы» арызының егжей-тегжейінен мағлұмдар болды. Алайда Абайдың өмірі туралы зерттеулерінде (4) тергеу ісінің алғы шарттарын барынша кең, жан-жақты, әрі терең талдады. Жастайынан билікке, ру арасындағы дауға араласқан Абайдың түбінде бір жолығатын тосқауылы осы тергеуге тартылуы. Мұның түбінде заңдылық та бар. Өйткені, «рулық тартыстан басқа жол, түзу іс, мақсат, міндет бар екенін білмеген және өзге соқпақты іздемеген Абайдың... ұзақ алыс, арбасудан кейін бірде сүрініп, бірде өзі сүрінуі» табиғи нәрсе. Тек, соның артындағы «кек пен кіжінудің» (4.124., 126) сызы жанды да, жүректі де зар қақсататын. Абайдың алдына тосқауыл 32-33 жасында қойылды.

Еллін берекесін кетірген Әреке мен ығыр қылған ырғасудың басты кілтипаны — атадан балаға ауысқан, көшпелі қоғамның дерті — рулық бақталас пен кек, жалған намыс болатын. Өрт — сол Құнанбай дәуірінен сүзіліп келген төрт атадан қосылатын Жігітек пен Олжайдың шөберелері, Кеңгірбай мен Ырғызбайдың немерелері, Құнанбай мен Бөжейдің балалары Күнту, Базаралы мен Абай, Оспанның, арасынан тұтанды. Тарихи шындық пен дәлелге тоқтасақ, оқиға 1876 жылы, яғни, Құнанбай Мекеге кеткен жылы өршиді. «Ендігі күрестің саясаты мен барлық жауапты істері Абайдың жеке өз басына аударылып, өз қолына көшеді» (4. 127). Бұған дейін әкелі-балалы екеуі «Жігітекті әлсіретіп, Базаралы, Балағазы бастатқан 17 кісісін итжеккенге жер аударады.»

Оған бірінші себеп: Оралбай мен Көрімбала екеуінің арасындағы махаббат хикаясы, Базаралының інісі Орал­бай — бөкенші ішіндегі Сүгірдің Көрімбала деген қызын алып қашады. Ел бүлініп, шабындыға ұшырайды. Бөкеншілер Жігітектің біреуінің әйелін ұрлап әкетеді. Еруліге қарулы етігі жігітектер бөкенші Шалғынбайдың әйелін алып қашады. «Екі жақ жасанып ұрысып, найзаға адам шаншылып, қан шығарысып қалады» (4.313). Екінші «найза ұстаған батыр, сері әрі сұлу, әрі тілді шешен, ірі жігіг Базаралыны жігітектер алдына басты кісі етіп ұстай беріп, Құнанбаймен қиғаш келуі, барымтаға тақымының мықтылығы. Үшінші: «ұры да емес, ұры емес те емес» — деп жүрген Базаралы мен Нұрғанымның жаманаты тұсында Абай онымен қатты араз болады. Жер аударылып бара жатқанда қоштаса келген Абайға түйенің үстінде байлаулы тұрған Базаралының: «Жазды күні қолшатырдай кемеге міңгізген менен не һал сұрайсың?»— деп ыңғай бермеуі сондықтан (4. 316). М. Әуезов ро­манда: «Базаралыны ұстап берген — Тәкежан болыс, Абай — Базаралының қорғаушысы, ісін жеңілдетуші қамқор адам ретінде суреттеген (1. 4., 108-112). Базаралыға дүре соқтырмай, тентек оязға қарсы шығады. Сол үшін үш ай абақтыда тергеуде жатады. Нағында, Абай Жиренше мен Оразбайды дүреден құтқарған.

Өйткені, Құнанбай мен Абайдың ол кездегі ерегесі жігітек жұрты, ал соңғы екеуімен дос-ниеттес тұғын. Түпкі үлкен кек, көңілде қалған дақ осы.

Екінші себеп: Құнанбай ұрпақтарының дәуірі жүріп, 1873 жылдан бастап Абайдың ықпалымен Құдайберді, Ысқақ, Тәкежан және өзі Ояздың тағайындауымен тобықтының үш болысын билейді. Бұрын өзге болысқа бас сауғалаған жігітектердің бас паналайтын жері қалмайды. «Ысқақ ойына келгенін істейді. Ел иелері ~ жігітек Бұланбайды, тоғалақ Мақсұтбайды сабайды. Болыстың қатыны кез-келген қостың семізін сұраусыз, тергеусіз ұстатып, сойғызады. Осындай зорлықтан соң, Жиренше мен Оразбайлар түңіледі. Абай оның орнына Шәкәрімді болыс сайлады.» (4. 136). Романда Абай Тәкежанның да, Шұбардың да болыстыққа сайлануынан бейхабар. Семейден қырға шығып келе жатқанда естиді (1. 4. 353).

Үшінші себеп: Жиреншемен, Оразбаймен ат кекілін кесісуі — Кеңгірбайдың әруағына байланысты. Қонсы мұрын-сыбан аралығында қатты шиеленіскен жесір дауы шығады. Бітім-тоқтау айту үшін Абай Жиренше мен Оразбайды жіберіп: «Мұрынның қызына бас бостандығын әперіңдер» деп тапсырады. Оған: «Кеңгірбай жолы осы ма еді» — деп «кеңгірбайлап» әруақ шақырады. Сонда Абай: «Осы жесір дауын дұрыс шешпегендіктен «Қара қабан» атанған,» деп мұрынның қызына еркіндік береді. Аталарының атын наймандардың көзінше қорлағанына намыстанып, жиыны 16 атқамінер Кеңгірбайдың зиратының басында ант берісіп, Абайға қарсы шығады. Қорланғандардың қатарында Ербол да бар. Бірақ Абайға оны білдірмейді. Романда бұл әңгіме «Еңлік-Кебек» оқиғасының тарихына қатысты айтылып, оған Тәкежан мен ІІІұбар қарсы шығады. Сөйтіп, «жақындары пәлені бастап алып, салмағын Абайға әкеп тастайды. Күншіл, кекшіл, арамза (?) атқамінерлер де Абайдың ақтығына, жазықсыздығына қарамай, арызбен шағым айтса, ылғи пәле басы қып Абайды атайды.» (4. 207).

Міне, осы тұста, 1876 жылы Қоңыр-көкше болысының дәулетті қазағы Үзікбай Бөрібаев Абайдың үстінен арыз жазады да, оны облыстық губернаторға емес, корпус жандаралына бірден жолдайды. Бұл — Мұхтар Әуезовтің «осы жолда Абай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласынан 3-4 айға дейін шыға алмайды. Бірақ жұмыс саны көп болып, тергеуден-тергеу болса да Абай бірде-біріне жығылмай, ағарып, аман шығады» (4. 372) — деп баға берген тергеу ісі. Шындығына көшсек, аталған тергеу үш ай емес, тура 8 жылға созылған. Арыз бен тергеу екпіні Тобықты ішіндегі саяси-рулық һал-ахуалға байланысты бірде екпіндеп, бірде саябырлап отырады. Семей облыстық басқармасының жалпы іс бөліміне жоғарыдан кегі түскен тергеу қарқыны бастапқыда пәрменді жүргізілгені Мемлекеттік орталық мұрағаттағы мына хаттамадан анық байқалады. Ол кезде Абай сол Қоңыр-көкшенің болысы болатын.

Бұл істің мән-жайының мазмұны былай: Семей уезіне қарасты Қоңыр-көкше-тобықты болысының қазағы Үзікбай Бөрібаев 1878 жылғы қаңтар айында генерал-губернатор мырзаға Қоңыр-көкше-тобықты болысының басқарушысы Ибраһим Құнанбаевтан және ауыл старшыны Мұса Аюбаевтан өзінің қорлық көріп, жапа шеккені туралы арыз жолдайды. Ол 1876 жылғы 21 қыркүйекте және 23 қарашада Семей уезінің бастығына жазған өтінішінде өзінің реніштерін айтқанымен де, Құнанбаев пен Аюбаевтың қылмыстарын нақты көрсете алмайды, бірақ та бұл істі тексеріп, оның тілегін заң жүзінде қанағаттандыруды талап етеді.

Арыз иесі уезі бастығынан халық сотының өкілдерін осы болысқа арнайы тексеруге жіберуді өтінеді. Егер мұның арызы Қоңыр-көкше-тобықты болысының билерінің талқысына жіберілетін болса, онда ешқандай әділдікті күтнейтінін айтады. Оның себебі мен өкпесі мынаған саяды:

Бірінші — болыс басқарушы Ибрағим Құнанбаев оның інісі басқарып отырған Күшік-тобықты болысының адамы. Ендеше, Қоңыр-көкше-тобықты болысын неге Ибрағим Құнанбаев билеуі тиіс, бұл жағы арыз иесіне белгісіз, сондықтан да соңғы болысқа 2000 адамның ішінен лайықты болыс сайлауға әбден болар еді. Екіншіден: Ибрағим Құнанбаев Қоңыр-көкше-тобықты болысына билік жүргізе отырып, старшындар мен билердің мөріне заңсыз иелік етіп, әр түрлі жарлық пен үкім шығарып, оған старшындар мен билердің рұқсатынсыз мөр басады. Демек, мұның да арызы соның кебін құшуы мүмкін. Құнанбаевтың осындай әрекеттеріне оның туысқаны, № 9 ауылдың, старшыны Мұса Аюбаев көмектесіп отырады. Сондықтан, бұл әділетсіздікке тек арыз иесі ғана емес, бүкіл Қоңыр-көкше-тобықты болысының адамдары түгел наразы екенін білдіріп және бұл куәлікті растап бес елубасының араб әрпімен жазып берген қолхаты шағымға қоса тіркеледі.

Болыс Құнанбаев пен ауыл старшыны Аюбаевтың әрекеттерін растап сол болыстың бір топ қазақтары, оның ішінде Нүкім Бөрібаев, Сәрсен Қалдыбеков, Қожа Тұбеев, Тезекбай Жанатаев, Өтеген Қарымбаев, Қабыл Шағырбаев, Самтай Төпеев, Тұмарбай Биболов, Келдібек Жаманғұлов, Бөкен Табылдинов, Қасым Байсанов, Байғұман ІІІакиев, Жұмабай Бекбердинов, Үркімбай Әзбергенов, Қарымтай Қаймақов, Дүйсен Мыңжасаров, Қашқын Алдабергенов, Мынға Бөдеев, Жақсылық Құдайқұлов, Сапа Бекжанов, Қазымбай Боқаев, Қаратай Сапақов, Жанатай Жамантаев, Төке Бектаев, Әмірбай Тұрғанбаев, Бейсенбай Боранов және Атанбек Орысов қол қойған. Сонымен қатар Құнанбаевтың Аюбаевпен бірігіп елден алған сый-сияпатын мына қазақтар растайды: Нұрлыбай Қодаспаев бағасы елу сом тұратын дөнен жорға силаған; Көжекбай Жанатаев бағасы 45 сомдық бір түйе, 40 сомға бағаланатын бір жылқы; Бейсен Телебаев 15 сомға бағаланатын бір бие; Қабыл Шағырбаев 20 сомға бағаланатын бір бие; Лаубай Тойғұлов біреуі 50, екіншісі 45 сомға бағаланатын екі ат; Қиясбай Ибенов бағасы 25 сомдық бір айғыр; Боран Биболов бағасы 60 сомдық бір ат берген. Бұдан басқалар да бар. Аты аталған адамдар жоғарыдағы жайларды ант бере отырып растауға әзір. Бөрібаевтың өзіне белгілі дерек бойынша Құнанбаев пен Аюбаевтың алған мал-мүлкінің құны 3511 сом 44 тиын. Оның үстіне Құнанбаев әрбір сияз сайын елден 140 бас­ қой жиған. Алты рет өткізілген сиязда жиыны 840 бас қой алынған. Бірақ та Құнанбаев пен Аюбаевтың жоғарыдағы қылмыстары Семейдегі бастықтарға белгісіз, өйткені бұл мағлұматты оларға ешкім айтпаған.

Өзінің арызын осылай аяқтай келіп, Бөрібаев соның барлығына Мәртебелі Мырзаның назарын аударып, заңсыздыққа тиым салу үшін Қоңыр-көкше-тобықты болысының басқарушысы Ибрагим Құнанбаев пен № 9 ауылдың старшыны Мұса Аюбаевтың қылмысты әрекеттерін тексеру үшін тергеу жүргізуді сұрайды.

Бұл екі арызды да осы іске тіркеп, бұдан кейінгі қолданылатын тараны тергеудің нәтижесіне қарай шешу ұйғарылған болатын. Арыз иесі Бөрібаевтың шағымына қоса: «1876 жылдың 2 желтоқсаны күні, біз, Қоңыркөкше-тобықты болысының № 9 ауылының, ақсақалдары молла Үзікбай Бөрібаевка Мұса Аюбаевтан көрген қорлығымыз бен шеттетуінен шеккен жапамызды жеткізетін адам ретінде сенім хат бердік» — деген куәлік қоса тіркелген. Бұл куәлікке кейбіреулер қолын қойған, ал кейбірі қол қоюдың орнына таңбаларын басқан, мөр қойған, барлығы 30 қазақ. Аталмыш арыз Семей әскери генерал-губернаторына жолданған. Семей Әскери губернаторы арыздағы көрсетілген адамдары шақыртып алып, мұқият тергеп, тергеудің қорытындысын бас басқармаға тапсыруды Семей уезінің бастығына міндеттейді. Тергеудің нәтижесі бас басқармаға дер кезінде ұсынылады.

Бас басқарманың кеңсесі тергеу ісін қайта қарайды, Семей уезінің бастығы болыс Құнанбаевқа: «Қызмет бабын жеке басының мүддесіне пайдаланғаны үшін және оған қоса ауыл старшыны Аюбаевтың да қасақана әрекеттері жөнінде қазақ Бөрібаевтан арыз түсіп, олардың үстінен тергеу ісінің басталғаны» туралы қатынас жолдайды. Уез бастығының тергеу сұрағына және бұл арызға қарсы болыс Құнанбаев мынадай жауап береді:

1) Таймақ көлге қоныстануға рұқсат бермегенім үшін Бөрібаевтың менің үстімнен арыз айтуы заңсыз. Себебі: Таймақ қол көшпенділердің барлығына ортақ, иесіз мекен болатын. Қыстауы мен өрісі тар болғандықтан бұл жер болыс билерінің шешімі бойынша 4 түтіннен тұратын Аюбаевтың еншісіне берілген еді. Соған орай мен болыс ретінде оған бұл жерге қыстауға рұксат бермедім. Ал, Бөрібаевтың: бұл жер маған және менің туысқандарыма тиесілі еді-дегеніне келетін болсақ, онысы өтірік, өйткені оның қыстауы Орда тауындағы Қарасырт деген жерде. Таймақ көлге ешкім қыстау салмаған, бар көшпенді қазаққа ортақ жайылым болып келді. Сондықтан да ол жерді иемденуге Бөрібаевтың ешқандайда қақысы жоқ.

          2) Сондай-ақ, оның Әйеліне ауылдасы Рысшиннің дүре соқты дегені де жала, ондай арыз Бөрібаевтың атынан ешқашанда түскен емес.

          3) Ал Бөрібаев пен Тәукебай Сасықбаевтың арасындағы төбелеске келетін болсақ, ондай арыз Бөрібаевтың атынан емес, керісінше, Сасықбаевтың атынан түсті. Онда-мұның жеріне Бөрібаев өзінің бір отар қойын жайып жүргені; қыстық өрісінің шөбін сақтау үшін Сасықбаев оның қойларын кері қайырғанда, Бөрібаев ұлы Жүсіптің көмегімен мұны ұстап алып, қатты сабағаны; олардың қорлығына шыдамай Бөрібаев пен оның ұлының қолынан босасымен атына міне салып, болысқа қарай шаба жөнелгені айтылады. Бөрібаев пен ұлы артынан тұра қуып, Сасықбаевты тағы да сабайды, астындағы атын мерт етеді.

Міне, осыдан кейін оның арызын болыс Құнанбаев қарап, Бөрібаевпен оның ұлын өзіне шақырып, билердің кеңесіне салуды бұйырады. Өкім айтатын биді де сайлайды. Бірақ, жолшыбай Бөрібаев Сасықбаевтан сескеніп, Семейге қашып кетеді.

Болыс Құнанбаев пен старшын Аюбаевтың, сондай-ақ Сасықбаевтың арасындағы туыстыққа келетін болсақ, олардың өзара ешқандай да жақындығы жоқ болып шығады. Мұны болыстағы барлық қазақтар растайды. Бөрібаевқа және басқа да қазақтарға болыс қысым көрсеткен емес, заңмен бекіген өкілдігін бас пайдасына пайдаланбаған, ешқандай пара алмаған, қызмет бабындағы адамдардың келісімінсіз өз бетінше ешқандай шара қолданбаған. Сияздың өтуін пайдаланып, арнайы жылу жидырмаған. Оны жауапты адамдар да растайды. Тек сиязға келген көпшіліктің өзі күнделікті тамақ үшін сойыс малын әкелген. Үй басына тәулігіне бір қойдан сойылған.

Осы мәліметтерден Бөрібаевтың ол туралы пікірлерінің әділетсіз екендігі анық көрінеді. Старшын Аюбаев пен қазақ Бөрібаевтың алауыздығының бар кілтипаны мынада: Бөрібаевтың немере інісі Мақышев Аюбаевтың старшындығына кандидат болып сайланған. Бөрібаев қалайда інісін ауыл старшыны ету үшін жанын салып жүр.

Алғашқы арыз бойынша уез бастығы әуелі болысқа, содан кейін Бөрібаевтың өзіне бұл мәселені билердің кеңесінде қарауды бұйырады. Бөрібаев мұндай шешімге риза болмай Семейге келеді. Өзінің наразылығын облыстық басқармаға не губернаторға айтып, арызданудың орнына бірден Генерал-губернатор Мырзаға шағым жолдайды. Уезь бастығы Бөрібаевтың өзімен жүргізген тергеуінде ол былай дейді: Сасықбаевпен төбелесіп, таяқ жеген соң, болыс Құнанбаевқа шағым айтады. Бірақ та оның іс-әрекетінің тым жайбарақаттығын байқап, губернаторға кіру үшін Семейге тартып кетеді. Сонда қазақтарға арыз жазып беретін бір орысқа жолығып, одан көмек сұрайды. Ол бұған тура Генерал-губернатор мырзаның өзіне тікелей жолдауға кеңес береді. Қайсысына жазса да ақыны бірдей алатынын айтады. Бөрібаев солай істейді де.

Алайда, алғашқы арызының мән-жайымен толық таныстырған кезде Бөрібаев, пара туралы арыз жазушы адамға ештене айтпағандығын, жаз деп өтінбегендігін сылтауратып, мойнына алмайды. Тек қана сияз кезінде болыстың келген адамдарын тамақтандыру үшін мал жинайтынын айтқандығын, ал өзге жайларды арыз жазушының кеңесімен, өзіне үлкен лауазымның назарын аударасын деген желеумен старшын Аюбаевты қаралайтын бір кінәны қосып жіберген. Сөйтіп, Бөрібаевты сабаған Аюбаевтың туысы болады да шығады.

Тергеуде жауапқа тартылған 37 қазақтың бірде біреуі Бөрібаевтың куәлігін растамайды. Бөрібаевтың арызындағы болыс пен старшынға қарсы айтылғандардың барлығы жала, олардың заңға қарсы іс-әрекеті болуы мүмкін емес-деседі. Соның ішінде:

а) Қазақ Өтеген Қорымбаев мен Тобылдин Бөрібаевка ешқандай сенімхат бермегендігін, қол қойып, таңба баспағандығын, оны бірінші рет көріп отырғандығын мәлімдеді.

б)        Ал Бейсенов куәлік хатқа өзі қол қойғандығын, себебі Бөрібаевтың жазған арызына ешқандай бөгеттің жоқтығын, бірақ Құнанбаев пен Аюбаевқа қарсы ешқандай жамандық ойламайтындығын, сондықтан оларға ешқандай жаза қолданылуы тиіс емес екендігін айтады.

в) Жүзбасар Қорымбаев тек Бөрібаевтың өтінуі бойынша қол қойған, болыс пен старшынның заңсыз әрекеттерін байқамаған.

г) Мамытов куәлік хатқа қолды қою себебін, өзінің туыстары мен Аюбаевтың руы арасында жер жөнінде даудың өршуінен, Құнанбаев пен Аюбаевтың заңсыз қысастығын көргемін жоқ-деп түсіндіреді.

д) Қыстаубаев старшын Аюбаевтың үстінен жазылған арызға қол қойғанын мойындаса да, Аюбаев пен Құнанбаевтың заңсыз қылықтарын кездестірмеген.

Бұлардың куәлігіне қарамастан, әр старшындағы 600 қазақтан жауап алынады, бірақ олардың бірде біреуі Бөрібаевтың арызын қостамаған. Керісінше, барлығы да старшын Аюбаевка, болыс Құнанбаевқа ризашылығын білдіріп, олардың ешқандай ожарлығын көрмегендігін, қысым жасамағандығын мәлімдейді. Болыс Құнанбаев өзінің жауабына қосымша:

Старшын Аюбаевтың үстінен жазылған арыздың жала екендігін айтып: мұның барлығы Бөрібаевтың өзі кінәлі болған төбелестен соң болыстың билер кеңесіне салу туралы жарлығынан кейін ушықты. Бөрібаев билер талқысына келмей, оның үстінен арыздану үшін Семейге кетті деді. Осының негізінде уезъ бастығынан ол: егер де арыздағы көрсетілген жайлардың растығы анықталса, онда өзін-болысты, ал шағым иесінің айтқандары өтірік болып шықса, онда Бөрібаевты -жалақорлығы және ел арасына іріткі салғаны үшін жауапка тартуын өтінді.

Семей уезінің бастығы тергеудің қорытындысын жасай отырып, Губернаторға мынаны мәлімдейді:

«Осы уақытқа шейін Қоныр-көкше-тобықты болысына сайланған бірде бір болыс өзінің 3 жылдық мерзімін толық өтеп көрген жоқ. Мысал үшін өткен 1872-1874 жылдардың арасындағы үш жылды алып қарайықшы. 1 боп Уандық Алатаев сайланды, ісі сотқа берілді. 2-боп Итбай Қуандышев сайланды, ол да жауапқа тартылды. 3 сайланған Дұтбай Уандықов та сотты болды. Жүсіп Қожамқұлов орнынан алынды. Ақыры бұл 3 жылдықты бесінші болыс Жүзжасар Қарымбаев аяқтап шықты. Бұлардың барлығы да осы болыстың қазақтарының жалақорлығынан, күндестігінен сотқа тартылды, бірақ та бәрі де соңынан ақталып шықты. Мұның себебі: ел арасындағы беделі бар адамдардың өздері болыс болғысы келді немесе жаңа сайланған болыспен өш болды.

Қазір бұл болыста сотқа тартылған бірде бір адам жоқ. Осындай берекесіздікті болдырмау үшін бұрынғы ояз бастығы Измаилов басқа болыстың өздері ұнатқан бір адамын болыстыққа таңдауын өтініп, өзі бұл орынға өзі де өзгелер де жақсы білетін Ибрагим Құнанбаевты ұсынды. Ол өте зерек, ақылды адам болатын. Бұл жағынан алғанда Измаилов көрегендік танытты. Қоныркөкше-тобықты болысының халқы Измаиловтың ұсынысын бір ауыздан мақұлдап, бұрынғы Күшік-тобықты болысының есебінде тұрған Құнанбаевты Қоңыр-көкше тобықты болысына басқарушы етіп сайлады. Құнанбаев болыстық еткен екі жарым жылдың ішінде бұл болыс үлгілі тәртібімен көзге түсті. Оған дейін күн сайын барымта қақтығысы өтіп,кісі өлімі жиі болатын. Ал соңғы жылы Құнанбаевтың арқасында бірде бір адам тергеуге тартылмады.

Бізге Бөрібаевтың атынан арыз келіп түскенін білген соң Құнанбаев өзін болыстықтан босату туралы өтініш берді. Ол басқа болыстың кісісі болғандықтан да басқарудың өте қиындығын айтты. Біздің қолқалауымызға байланысты қызметін одан әрі жалғастырған еді. Бөрібаевтың генерал-губернатор мырзаға арыз жазғанын естісімен болыстықтан босату жөнінде тағы да өтініш берді. Оның бұл әрекеті — Бөрібаевтан қорыққандық болып шығатынын дәлелдеген соң барып, арызын қайтып алды.

Бөрібаевтың арыз беруінің түп төркіні мынау: болыс­тың ішінде рулық тартыстар өтe қатты, сондықтан да әр партия өзінің адамын сайлағысы келеді. Ал Құнанбаевтың қызметтен өзінің бас тартып жүргенін білмейді. Олар алдағы уақытта өткізілетін сайлауда Құнанбаевты қатыстырмас үшін Бөрібаев арызды әдейі жазған. Арыздың барысында Құнанбаевтың ісі сотқа тартылып, тергеуге алынады да, үш жылға сайланатын болыстықтан айырылады деп есептеді.

Бірақ та, қалың көпшіліктің оны қостап шығуынан, өзінің арызы өзінің аяғына оралғы болып тиетінінен қорқып, арызынан бас тартып, істің бұдан әрі тергелмеуін өтініп еді. Бөрібаевтың өзі енді не істерін білмей дал ұрып қалды. Сондай-ақ уезъ бастығы Киреев те Құнанбаев туралы Измайловтың пікірін қостады. «Өлтек уездегі ғана емес, бүкіл облыс көлеміндегі ең үлгілі болыс. Қоңыр-көкше тобықты болысына басқаруға келісім беруі тек өзгелерді сыйлағандығынан ғана. Ал Бөрібаевқа келетін болсақ, оны қызмет бабындағы адамға өтірік арыз жазып, жала жапқаны үшін жауапқа тарту керек», деді.

Тергеудің қорытындысы № 560 қатынас арқылы Се­мей әскери губернаторына жолданды. Берібаевтың жалған айып тағуы қазақтардың өз арасындағы қырқылжыңның кесірі. Зады, Құнанбаевқа қарсы партияның қастандық әрекеті болу керек...» (20.44. 9014).

Міне, 1876 жылдың шығысы мен 1877 жылдың кірісі арасындағы өліара кездегі тергеудің барысы осындай. Бұдан кейін тергеу толас табады. Бірақ ол алдамшы саябыр еді.

Нақтылы дәлелі қағазға хатталмаған деректі-шындық ретінде күмәнсіз ұсынудың да өз тәуекелі бар. Ойыңды қисындырғанмен де өмір мен көңіл жолының бұралаңы мол. Сонымен қатар Абайдың ғұмыр-тіршілігін отыз жылдан астам уақыт бойы санада екшеп, бар ықыласын көркем оқиғаны қиыстыруға аударған суреткердің жадында кей тұстарда тарихи және көркем шындықтың араласып, орын алмастырып, нағыз айғақтың тұманданып кетуі де табиғи. Өйткені, сөз иесінің өз басынан кешірген тебіреніс толқыны жаттан естіген жаңғырық сөздің әсерін жойып, дәлелін тарқатып жіберуі әбден мүмкін. Бұл орайдан алғанда Абайдың өз өмірі туралы деректер мен «Абай жолы» роман-эпопеясындағы желілік оқиғалардың бір-бірімен қарама-қайшы келіп жатуы да заңдылық. Сондай түйткілдің бірі осы Үзікбай Бөрібаевтың арызы тұсында шаң береді. Әрине, арыздың аты-арыз. Ол шындықтың бетін көлегейлеген құжат қана. Дегенмен де тарихи айғақты жоққа шығара алмайсыз. Ал ондаған куәлардың сүзгісінен өткен Мұхтар Әуезовтің өмірбаяндық пайымдаулары да салмақты. Сондықтан да суреткердің Абай туралы әр жылдары айтылған пікірлеріндегі тарихи шындықты сабақтастыра отырып, мынадай пікірді талқыға ұсындық.

Бірінші уәж: Абай ел билігіне ерте араласқандықтан да, ағайын «арасындағы шиеленісіп алған араздық, жаулық кейде ірі тартысқа айналып кетіп отырса (мысалы: Жігітектің 17 адамының, Базаралының жер аударылуы Т. Ж.), кейде ұсақ соқтығысып, ұзақ аңдысуға да түсіп отырған. Жігітекті әлсіретіп, көпке шейін жасытып жібергеннен кейін (4.125-126) және 1868 жылғы «Екінші низам» ережелерінен соң ел іші біраз толас алған. Жаңа әкімшілік биліктің дәрежесі мен болыстық құрылымдардың шекарасы анықталып, болыстар сайланып, «ескі араздық» қайта қозғанша біраз уақыт өткен. Сол науқанның түгеліне «еңсесін сала кіріскен» Абайдың үстінен жазылған өзге де арыздар мен жүргізілген тергеулер болуы мүмкін. Өмірбаяндық деректердің барлығында «12 іспен тергеліп, Семей қаласына шақырылған», деп айтылатын және «Абай жолында» : « Он шақты күннен бері Абай Семейде қаталажкада отыр. Үлкен абақтының өзі емес. Бірақ уақытша жаза орны болса да, каталажка өз тұтқынын әрбір жаза орнына лайықты қысымда ұстайды. Темір торлы терезе, құлыптаулы есік бар. Сол есіктің орта тұсындағы тар тесік тұтқын адамның сыртқы дүниемен қатынасына тар өткел болады» (1.4.168)-деп суреттелетін тергеу ісі—жоғарыдағы Үзікбай Бөрібаевтің арызына байланысты болса керек. Өйткені, 1868 жылғы «Низамның» пәрмені қыр еліне 1869—1870 жылдары келіп, шекаралық бөліністер жүргізілді. Бұрынғы Қарқаралы уезіне қарайтын Шыңғыс болысы екіге жарылып, Семей генерал-губернаторының құзырына көшті. Биліктің тізгін ұшын бермеген Құнанбай ұрпақтары болыстыққа сайланды. Жігітек тобының бас көтерер Қаратай мен Күнтулары қуат жиып, іріктеліп, арадағы жік ашыла беруі үшін де уақыт керек. Ал Абайдың басқа болысқа ояздың тағайындауымен қойылуы, сөйтіп, Құнанбайдың үш ұлы -тобықтының үш болысына билік жүргізуі, әрине, ескі күншілдікті қоздырған.

Екінші уәж: Абай қоңыр-көкшеге 1875-1878 жыл­дары аралығында болыстық етті. Өз еркімен емес, тағайындалып қойылды. Сондықтан да сайлау алдындағы «партия таласына» қатысқан жоқ. Ендеше арыз жазылып, тергеуге алынарлықтай пәлендей негіз жоқ. Тек Жігітек пен Базаралы туралы іске қосымша айғақтардың жөнелтілуі мүмкін. Үзікбай Бөрібаев арызды 1877 жылы жазып отыр. Ал 1878 жылы жаңа болыс сайлауы өтпек. Бұл арыз сол сайлау қарсаңындағы жанығу. Оның мәнісі Абайдың: «Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы: «Сені біз сайламадық па?» — деп елдің бұлданғанымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлау жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен?-деп күні өтеді» (11.441) —деген сөзінен аңғарылады. Яғни, «арыздың артында көрінбей тұрған адамның пиғылы» (Қаратай мен Күнту-Т. Ж.)-Абайды жазықты еткізіп, болыстықтан кетіру. Бұл-сайлау науқанының үйреншікті әккі тәсілі. Мұны арыз иесі де, Абай да түсінген. Семей облыстық іс басқармасы оқиғаның анық-қанығына жету үшін арнайы іс қозғаған. Абайды Семейге шақыртқан. Қыс бойы қыстау-қыстаудың қойнында жатқан куәларды жиып, сұрақ алумен өткен. Сөйтіп, мырзақамақ үш немесе алты айға созылған.

Үшінші уәж: бұл оқиға «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі тартыстың желісі ретінде тартылып, сонғы екі кітаптың ұзына бойына тарқатылған. Қақтығыс пен тартыстың себептері мен себепкерлері, оқиға өткен жер мен уақыттары ауыстырылған. Олардың арасына қосымша оқиғалар мен тараулар кіріктірілген. Зады, суреткердің бастағы ойы бойынша, бұл трилогияның ең шарықтау шегін көрсететін шырқау биігі болуға тиісті еді. Абай-Оразбай арасындағы егес пен Көшбикедегі қастандық оқиғасы ақынды мүлдем өмірден түңілдіріп, оның қазасы арқылы шығарманы аяқтауды мақсұт еткен.

Алайда сұрқылтай заманы мен сүргілтай сыншылардың сыңар езулеген өктем үкімдері бұл ойын жүзеге асырмады. Абайдың өз өмірін «өзіне бұйыртпады». «Шығарманың негізгі кемшілігі — М.Әуезовтің басты кейіпкері-Абай образын ашуға дұрыс тұрғыдан келмегендігі. М. Әуезов ақынның қайшылығы көп шытырманды өсу жолын және Абайдың дүниеге көз-қарасының қалыптасуына әсер еткен оның еңбекші халықпен тығыз байланысын көрсетуге тиісті еді. Амал қанша, жазушы мұны істемеген» (40)-деп байбалам салды. Әр сөзі соттың үкімі ретінде қабылданатын партиялық «Казахстанская правда» газетінің бүйтіп асқақ сөйлеуіне дем беріп отырған бүкіл кеңес өкіметі мен коммунистік партияның ұраншысы-» Правданың» өзі болатын. Идеологиялық қысымды былай қойып, П. Куз­нецов өзінің «Сынау орнына мадақтау» атты мақаласында әлі соңғы нүктесі қойылмағаны шығармаға сынап пікір ай­тып, жазушыға ақыл берді. «Осы романның үшінші кітабы-1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған «Абай жолы» әлі де жете талдап шығуды керек етеді (очеркте ол туралы жанамалап қана айтылған). Қазір жазушы біртұтас циклдің төртінші кітабын жазу үстінде. М. Әуезовтің ірі шығармасы әлі аяқталмаса да, сыншы ол шығармадағы кемшіліктерді, автордың жете айтпағанын немесе оның теріс айтқанын көрсетуге міндеті еді» (64) деп тіпті мүмкін еместі талап етті. Бұған қарсы романды да, оның авторын да жалған жаладан арашалап қалуға тырысқан В. Кожевников бас редакторлық еткен «Знамя» журналы да негізгі желінің өзгеруіне ыкпал етті. Taп тартысы мен орыс ұлтының «туысқандық-бауырмалдық ниетін» көрсететін жана желілерді қосуға кеңес берді.

Соның нәтижесінде жатақтар мен қара шекпендер, мұсылман діні мен ұлтшылдарды әшкерелейтін тараулар жазылып, сыналай кіргізілді. Сөйтіп, нақты оқиғаға «қиялдан туған қыстырмалар» қосылды. Жаны қысылған жазушы мынадай көркем амалға барды . Абай: Сыбан мен Мұрын арасындағы дауды шешу кезінде Оразбаймен қырғиқабақ болып, Олжабай-Көрімбала тұсында онымен ат кекілін кесіседі. Базаралыны дүрелемек болған» тентек оязға: «ақырып айғай салып:—Постой! Не смей!» (1.4. 163)-дегені үшін каталажкаға қамалады. Бұған Базаралы тілекші болып, ал істі болған Базаралыға бұл жанашыр-қорғаушы ретінде көрінеді. Шындығында: «Абай ержетісімен өзі тұрғы жастан дос етіп, қасына ертіп адам ғып шығарған кісілері ең алдымен осы Оразбай, Жиренше, Ерболдар болатын. Дәл Жиренше басынан өткен сан жақсылығының бірі-көгі сайлаудың бірінде «тентек ояз», «қара ояз» деп атанған бір сотқар ояз елдің жазықсыз адамдарына дүре салмақ болғанда Абай оязбен қатты жанжалдасып, ара түсіп, сабатпай ананың арын, намысын қорғап шыққан. Соның артынан «тентек ояз» Абайды Семейдің каталажкасына да жапқызған» ( 4. 389).

Ал романда Жиренше Абайдың абақтыға камалуына себепші жалақордың бірі ретінде суреттеледі. Базаралы болса бұл кезде итжеккенде жүр еді. Абайдың Оразбаймен, Жиреншемен, Ерболмен достығының үзілуі—Оспанның болыстыққа сайланбай қалуы тұсында баяндалуға тиіс-тін. Бірақта сол ниетінен қайтып М. Әуезов: «Менің Абай туралы романымдағы кемшіліктерді ескерткен «Правданың» мақаласына орай өзімнің тарихты тануымдағы бір-біріне тізбектеліп, өзара үйлесіп жатқан, романда суреттелген бір ғана жайға тоқталамын: бірінші - Кенесары Қасымовтың қозғалысының жазылуы, екінші— Абай мектебі қақындағы мәселелер қақында, ең соңындағы үшінші жай—патриархальдық-феодалдық идеологияның өкілдері боп саналатын кейбір тарихи тұлғалардың әсіреленіп суреттелуі «(81)—деп, «Абай» романын жаладан құтқару үшін Абайдың достарынан бас тартты. Оқиғалар мен образдарға өзгеріс енгізді.

Жазушының еркінен тыс істелген ырықсыз бұл әрекетті Тахауи Ахтанов: «Абай жолы» романы бұдан бұрын жарияланған «Ақын аға» романдарының қайта жасалған варианты... Жаңадан есте қаларлық халық өкілдері База­ралы, Дәрмен образдары да біраз ұтқан. Романның осы редакциясындағы Дәрмен образы жазушының үлкен табысы... Көкбайдың «Абылайхан» поэмасы туралы жіберген саяси қате пікірін жөндеген. Сонымен қатар «Абай мектебі» деп аталатын теріс конценциясын да толығынан қайта қараған»(75) деп мақұлдады.

Соның нәтижесінде бір желіге құрылған тартыс қамшының өріміндей тарқатылып, екінші кітапта суреттелуге тиісті өмірлік дерек үшінші кітапқа көшті. Мұның арасына Базаралы—Тәкежан, Оспан—Оразбай оқиғасы араласып, Күнту болыс боп, Базаралы айдаудан қайтып келеді. Дәнекер тұлға-қитар да қиқар, қияс Қиясбайдан— әнші, ақынға айналған Дәрмен—бір бүйірден кеп оқиғаға араласады.

Сөйтіп, тарихи шындық өзгеріске ұшырады.

Иіс кемпір мен боранда адасып өлген оның ұлы Исаның қазасы суреттелді. Таптық санасы оянған, Дәркембай мен Дәндібайды ертіп, өзі бас боп Оразбай мен Тәкежанға қарсы наразылық шеруін бастап, тап қозғалысының көсемі дәрежесіне көтерілген «Абай Тәкежан мен Жиреншеге қысқа сөз тастап: «Ел өртенді мына бүліктен. Ол өртенсе мына екеуің алдымен кетесің. Күймейді екемін деме! Тарт енді аяқтарыңды. Кетіңдер! Мына ұлықпен жұрт атынан мен сөйлесемін!» (1.5.178) — дейтін күрескерлік мінезді бойына сіңірді.

Осындай «қасиеттерге» ие болған жетекші тұлға—Абай енді көшпелілер әлеміне көк бауыр боп жабысқан рулық тартысты тәрік етіп, тарихи шындықтан тыс-таптық тартысқа бел шешіп араласады. Тәкежан мен Оразбай тап өкілі ретінде одақтасып, Оразбай Тәкежанды бөліп алып: «... Не осы жерде өлтіріп, қара сорпамды ішесін! Болмаса, ахиретке дейін екі қолым жағаңда! Тек қыларыңның бәрін бүгін қылып қал! Жауымның үлкені—Оспан, Ыбырай. Ауызыма су тамызған ақың үшін сені жауымның басы демеймін» (1.5.226)—деп Тәкежанмен қысқа ғана тіл қатысып табысады. Ырғасу үстінде Абай да өзінің қасына Дәркембай мен Дәрменді шақырып ап, болыс інілері Ысқақ пен Шұбарға: «Сендердің ызаң дәл дәп бүгін мені көрден де тұрғызар еді. Халыққа еткен осы зорлықтарыңды мен көріп қойсам, қорлықтан өлгенім болар еді. Есесін әпермей басыларым жоқ!..Бітім мен билікті мынау Ысқақ, Шұбар өздерің айт! Бұқпалама, көзіме айт! Қазір осы арада айтасың»(1. 5. 284) — деп бұйырады.

Міне, осыдан кейін барып екінші кітапта үзіліп қалған тергеу ісіне жазушы қайтып оралады. Әрине, бұл арыз-Үзікбай Бөрібаев көрсеткен жер дауынан гөрі қомақты. Өзіне таңылған он екі айыптың ішіндегі елеусізі—сол Таймақ көлдің төңірегіндегі тартыс. Алғашында тұйықталып, бір жылдан кейін қайта қозғалған бұл арыздың басты себебі—Абайдың болыстық кесімді уақытының бітуіне бір-ақ жыл, дәлірек айтсақ, 6—7 ай ғана қалғандығы. Алдағы сайлауда тағы да Абайды тағайындап қоймас үшін сақтанып, оның алдын ораған шолақ өрт қойып отыр. Ол өртті «жасырын жау» — Қаратай мен Күнту өзі емес, Үзікбай Бөрібаевтың шақпағымен тұтатады. Тергеу ісіндегі мына мәлімет пен Абайдың жауабы соған негіз қалайды. Осы арыздың жай-жапсарын кеңсе писарі былай баяндайды:

«Бөрібаев 1877 жылы 15 желтоқсанда Генерал-губернатордың атына тағы да арыз жазды. Оның мазмұны мы­надай: бұрынғы болыс басқарушысы Құнанбаев және старшын (қазір би) Аюбаев екеуі: татуласайық, арызыңды қайырып ал. Өз бетімізбен тартып алған Таймақ көлді қайырып берейік. Және жұмсалған шығынды өтеу үшін күміс ақшамен 300 сом айып төлейік — деп өтініш білдірді. Уәделерінің сенімді болуы үшін қазақ дәстүрі бойынша «Құран» ұстап ант берді. Оған мына қазақтар— Сәрсен Келдібеков, Қожа Төбеев, Бейсембі Көжебов, Бөгет Бөрібаев, Қасым Бейсенов, Тұрар Бейсенов, Қоспан Жұбаев және Жақсылық Байсалов қатысып куәлік етті. Олар бұл уәдесін орындамағаны былай тұрсын, қайта қысымды күшейтіп, көзіңді жоғалтамыз деп қоқан-лоқы жасап жүр. Мұның барлығын өткен жылғы 10 қазандағы Семей уезінің бастығына, Семей әскери-губернаторына жолдаған арызымда айтсам да, Таймақкөл қорығын қайырып беруді өтінсем де, оған ешқандай қанағаттанарлық жауап алмадым. Өрістің таршылық етуінен екі қыс бойы малымнан көгі шығын шықты— дей келе, Бөрібаев оған қосымша бұрынғы болыс Құнанбаевқа тағы да мынадай жала жабады: Өткен жылдың қыркүйек айында старшын Аюбаев екеуі қызмет бабын пайдалана отырып, заңды өрескел бұзып, өз пайдаларына қазақтардан 30 ат, 300 сом ақша, бір түйе және 300 қой жинап алды. Қойды ауыл үстінен өткен солдаттардың тобын азықтандыру үшін деген желеумен алды. Бірақ солдаттарға соның бір бөлігін ғана берді, оның өзін де ақшаларына сатты. Қалған малды өзі сіңірiп кетті, бұл халықтың қатты наразылығын тудырды, дейді.

Бұдан әрі қарай Ұ. Бөрібаев өзінің адалдығына сендіргісі келіп, көптеген адамдардың аты-жөнін атап, оларға «Құран» ұстатып отырып ант алып, куәлікке тартуын өтінеді» (20. 44. 1430).

Бұл тергеудің түбі насырға шабатынын жеткізген Шәке романда Абайға шақыру қағазын беріп тұрып: «Абай ағамның шақыртқан жерге баруы міндетті: «Соны болыс пен тілмәш бақсын, жеткізетін болсын—деген аңғар байқалады...ұлықтың мұрты сол жалақорлар жағына бейім бе деп қалдым» (1.5.285) деп емеуірін танытады. Оқиға тура солай өрбиді. Өмірлік деректің анық-қанығын толық түсіндіру үшін тағы да қорытынды хаттамаға жүгінеміз.

Бөрібаевтың арызына байланысты: қызмет бабын пайдаланып, заңға қарсы әрекеттер жасағаны үшін Семей уезінің бастығы болыс Құнанбаев пен старшын Аюбаевтың үстінен тергеу жүргізу туралы жарлық шығарады. Бірақ жауапқа тартылғандардың заңсыздықтары дәлелденбейді. Арыздағы көрсетілген куәлер де, арыз иесі де сөздерінен танып шығады. Ұ. Бөрібаев: өзімнің арызымнан бас тартқаным туралы ояз бастығына қолхат жолдадым— дейді. Алайда, ол арыздың қайда жолданғаны, онда не айтылғаны туралы тергеушілер еш мәлімет таба алмайды.

Бірақ та, осы тергеуден кейін Ұ. Бөрібаевтың Ге­нерал-губернатор мырзаға жолдаған келесі арызында: «Құнанбаев пен Аюбаев Бөрібаевты бітімге шақырып: тартып алған Таймаққөлді қайырып беріп, шығынын өтеу үшін күміс ақшамен 300 сом айып төлеймін деп уәде бергені, тіпті Құнанбаевтың көп адамның көзінше ант-су ішкені баяндалады. Егер де Бөрібаев өзінің жалалары мен таққан айыбынан бас тартқаны шындыққа жанасса, онда Құнанбаев пен Аюбаевтың мұндай әрекетке бармайтыны беп-белгілі емес пе. Тергеу барысында да осылай болыпты.

Алайда, Бөрібаев 1877 жылғы 9 қаңтар күнгі хатында жоғарыдағы адамдарды жауапқа тарту туралы тағы да арыз жазады. Онда арыз иесінің айыпкерлер туралы ойына келгенін айтып, Құнанбаевтың қызмет бабын пайдаланып, істеген заңсыз әрекеттері қақында жаңа деректерді келтіреді. Бөрібаевтың бұл шындығына сенуге болмайтындығын білгенмен де, арыздың ішіндегі: «Сенің, көзіңді құртып жіберемін» — деген сөзді естіген куәлердің көптігіне қарап, олардың сөзіне сенуге тура келеді. Сондықтан да, соның алдында ғана уезъ бастығы жүргізген тергеудің барысына қорытынды жасаудың мүмкіндігі болмайды. Істің анық-қанығына жетіп, шындықтың бетін aшy үшін, егерде Бөрібаевтың арызындағы тағылған кінәлар дәлелденбесе, оның өзін де сотқа тарту ресми сот ісін қозғау керек деп шешіледі.

Соған орай 1878 жылы 17 март күні болыс басқарушысы Құнанбаев пен старшын Аюбаевтың қылмысты іс-әрекеттері бойынша сот тергеуін жүргізу ту­ралы Семей уезі бастығы жарлық шығарады. Оған қоса Бөрібаевтың Генерал-губернатор мырзаға жолдаған арызы қоса тіркеліп, іс Семей әскери-губернаторына жіберіледі. Осы іс бойынша мұндағы жайлардың барлығының анық-қанығына жетіп, ресми сот тергеуін жүргізуге рұхсат сұралады. Тергеудің нәтижесін және оған шығарылған соттың үкімін іс жүргізу тәртібіне сәйкес облыстық басқармаға жолдауды өтінеді. 1878 жылғы 11 шілдедегі № 4725 қатынастағы Губернатордың да жарлығында да солай делініп, іс тергеу жүргізу үшін Семей уездік сотына тапсырылады.

Үзікбай Бөрібаевтың арызы бойынша іс жүргізген тергеушінің қойған сұрақтарына бұрынғы болыс Ибрагим Құнанбаев:

«Мен Арқат (бұрыңғы Қоңыр-көкше-тобықты) болысының басқарушысы міндетін көпшіліктің сайлауы бойынша атқардым. Мен Күшік-тобықты (қазіргі Шыңғыс ) болысының адамы едім. Алғашында халықтың өтінішімен және арнайы талап етулері бойынша Аркат болысының басқарушысы етіп бұйрықпен тағайындалдым. Сол жылы көпшілік емес, бүкіл ел бір ауыздан мені болыстыққа сайлады. Мен бұл қызметте 1875 жылдан 1878 жылға дейін істедім. Семей облыстық әскери губернаторы қол қойып, бекітті. Үш жылдық мерзімім біткен соң болыстықтан бас тарттым. Көпшіліктің рұқсаты мен ризашылығын алып, қызметтен босадым.

Қазақ Үзікбай Бөрібаевтың: Таймақ көлді тартып әперді,—деген жаласын мойындамаймын, өзімді кінәлімін деп санамаймын. Мен болыстық қызметіме кіріскен кезге дейін бұл жерге ешкім иелік етпейтін, жергілікті халықтың бәріне ортақ, бос жер болатын. 1876 жылы қазақ Мұса Аюбаев, онымен менің ешқандай туыстық жақындығым жоқ, маған келіп қыстаулық жер сұрады. Соған орай мен өзімнің болыстық міндетімді пайдаланып, оның бұл өтінішін ел сайлаған билердің сиязына айттым. Олар Таймақ көлді берді, бұл шешім жарлықтарды тіркейтін журналға жазылды. Менің бұған тікелей қатысым жоқ. Болыстық міндетін атқарған мерзім ішінде ешкімнен ақшалай да, малдай да пара алғамын жоқ. Оны Арқат болысының билері берген шешім дәлелдей алады. Егерде мен жалған приговор жазып, не өтірік шешім шығарсам, онда қандай да болмасын сол приговорлар заттай айғақ, қылмысымның дәлелі ретінде осы іске тіркелген болар еді ғой. Тіпті, өзге-өзге, айыптаушының өзі сол жасаған приговорлардың біреуін арызына қоспай ма. Егер де мұндай заттай айғағы болмаса, онда таққан айыбы өз-өзінен өтірік боп шығады емес пе. Сияз кезінде ешқандай сойысқа қой жинаттырғам жоқ. Сияз өтіп жатқан кезде тамақ үшін қойды көпшіліктін өзі сойған. Сияз тұсында қанша қой сойылды, білмеймін, оны санап жүргем жоқ. Қалай дегенмен де, Бөрібаевтың арызындағыдан әлдеқайда аз болуы керек. Қызмет бабын жеке басымның пайдасына шешіп, халықтан пара алмадым. Егер де дәл соны істегім келсе, маған ешкім де ештеңе демес еді. Өйткені мен бөтен адаммын, оның үстіне менің орныма сайланған болыс ондайға жол бермес еді. Өтіп бара жатқан жас солдаттардың тобына арнап қой жинағаным рас. Ұзын саны 300-дей. Ол қойлардан түскен ақшаға киіз үй мен отын сатып алдық, одан қалған қаражатты болыс басқарушысы Шымырбай Биболовтың қолынан қолхат алып, табыс еттім. Үзікбай Бөрібаевтың ауылына ешқашан барған емеспін және татуласайық деп сөз салған емеспін. Өйткені, Бөрібаевпен ешуақытта іс басты боп көргемін жоқ, сондықтан да араздықтың болуы мүмкін емес. Таймақ көлді қайтарып беремін деп уағдаласуым қисынға келмейді, өйткені мен болыстықтан кетіп қалдым, ондай билік менде жоқ. Керісінше, уезъ бастығы тергеу жүргізген соң оның өзі маған келді. Әңгіменің ішінде Әлжан болысының биі Қаратай Жалбин ме