Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Айтқанынан қайтпайтын көк ауру)

1

Көркем Уақыттың салауатына кіріп, санатын тандап, шығармашылық сана сапарына аттанған суреткердің ең талмауытты тұсы – оның өз көркем әлеміне енетін шағымды сәті. Бойындағы табиғи құдірет пен қиял қуатына сиынып, барлық пейіл мен зейінін салып, жүйке тамырларын жұмылдырып, талайына бұйырған тарих пен тағдыр талқысының сынынан өтетін өзінің де, шығармасының да болашақ болмысын анықтап беретін «қилы заманы» осы.

Иә, сәті емес, қилы заманы.

Себебі: ендігі уақыт пен заманның иесі – суреткер. Шығарманың аты, тақырыбы арқылы ол өзі таңдап алған құбыласын көрсетті. Алғашқы сөйлемнен бастап оның өз көркем әлемі ашылды. Ендігі жанталас сөз иесінің жан дүниесіне көшеді. Бойына жиылған барлық түйсік талшықтары – ділі, тілі, пейіл мен бейілі, көзқарасы, адамдық пен пендешілік мінезі, көрген-білгені, оқып-түйгені іске қосылады. Жазушы өзінің елесімен өзі арпалысады. Сол майданның көркем нәтижесі бүкіл шығарманың бақталайын шешеді.

Тақырып пен тартыс желісін таңдап алғаннан кейін: «Ол исі адамзаттың ортақ мүддесін зерттейтін сиқырлы әлемнің кілтін қолына алады. Көркем талдаудың тұжырымы тосын әрі ойлағаныңнан да терең тұңғиыққа тартады» (51.1.545). Оған тарихи шындықтың да, талант иесінің де үкімі жүрмейді. Мәселені жетекші тұлғалар Құнанбайлар ғана шешеді. Тек талант түйсігі ғана олардың жолын ашып, жан-жағын тиянақтап, артық-ауыс оқиға мен кенеусіз кейіпкерлерге, тұрлаусыз тартыстарға жолатпай, қимыл-бағытын реттеп отырады.

Жазушының жеке басындағы психологиялық шиеленістің шегіне жететін шабытты әрі шағымды шағы. Сол сәттен былай суреткердің өзі де тұлғаға айналады.

Ендігі көркем әлемнің жаратушысы оның өзі ғана!

«Тәңірінің берген өнері, көк бұлттан ашылып, сыңғырлап өңкей келісім» (Абай) тауып тұрған сәтте: «Деректің өзі – шындықтың кепілі емес, ол онер үшін сығып шырының алатын шикі жеміс екенін... Түйені түгімен жұтпайтыны сияқты, өмірлік деректің ойға нәр беретін өзегін ғана іріктеп ала білу қажеттігін» (57.26.206) түсінеді. Міне нағыз шығармашылық толғаныстың толғағы қысатын кезі осы. Суреткердің сол сәттегі қабылдаған шешімінің сәтті-сәтсіздігі, орынды-орынсыздығы, сенімді-сенімсіздігі шығарманың кейінгі өміріне тікелей ықпал етеді.

Мұндайда тарихи дерекке жүгінумен не соның сорабына түсумен мақсатыңа жетпейсің. Қиялдың қансонарына шығып, шабытты салбурындатып, бауырды жазбақ лазым. Оқырманның да күткені сондай айшықты мезет. Өмірлік дәлелдің шынжырын үзіп, самғайтын сәт. Ю.Тыняновтың: «Тарихтың салмақты дәлелдерін саралау қиынға соқса да бұл мені қызықтырды... Менің алдымда деректер мен куәгерлердің, естеліктерін пайдалану немесе пайдаланбау туралы мәселе тұрды. Мен деректерге басымды игемін жоқ. Адамның бүкіл өмірі қағаз бетіне түспейді... Деректің астарын түсініп, оның неге жазылғандығының амал-айласы мен мақсатын ажырату үшін де оған сенуің қажет қой» ( 58) – деген пікір содан келіп туған.

Мұхтар Әуезов те бұл күйді басынан кешіріп, түрлі деректерді көркемдік таным таразысынан өткізді. Оқиғалардың, кейіпкерлердің, уақыттың орындарын алмастырды. Желіге тың кейіпкер тартылды немесе қысқартылды. Барлық сюжет пен композициялық құрылым, тартыс пен шешім Абай бейнесіне қызмет етті. Бұл – тек жазушылық көркем тәсіл ғана емес, тарихи-философиялық, әлеуметтік, көркемдік түбегейлі нысана болатын. Ол үшін ең алдымен жетекші тұлғалардың – Құнанбай мен Абайдың өз өмірбаяндары сана сүзгісінен, ой елегінен өтті. Кей тұстарда – даналық, кей тұстарда екі ұшты шешімдерге барды. Бірақ бұл шешім – суреткердің шешімі. Неге былай? – деп шамдануға ешкімнің құқы жоқ.

Ал өмірлік шындық пен көркемдік шындықты салыстыра отырып суреткердің шешімін талдау, қисындарын ашу, оны түсінуге, түсіндіруге тырысу – әдебиеттану ілімінің міндеті. Бұл ретте ойға қазық болатын, әсіресе, Құнанбай мен Бөжей арасындағы қақтығыстың себептерін толық анықтап беретін деректер, Омбы облыстық мұрағатында кезінде хатталып қалыпты. Ол елуінші жылдардың аяғында академик Әлкей Марғұланның назарына іліккен. Көшірмесін Л.М.Әуезоваға табыстаған. Бұл деректерді Л.М.Әуезова «Абай жолы» эпопеясының тарихи негіздері» (38) атты еңбегінде ғылыми айналымға түсірді. Ал академик З. Ахметов жазушы мұражайындағы деректердің негізіне сүйене отырып, бұл айғақтарды өзінің «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания,» «Роман – эпопея М.Ауезова» (59) атты монографияларында пайдаланды. Омбы мұрағатындағы «Қарқаралы округінің аға сұлтаны және болысы Өскенбаевтардың заңға қарсы әрекеттері туралы Сібір қазақтарының жалпы шекара басқармасына түскен шағымдар» және «Сұлтан Өскенбаев туралы» (60.3 к.3649) деп аталатын бұл екі томдық тергеу ісімен академик С. Зиманов және абайтанушы Б.Мұздыбайұлы (61) да танысып, өздерінің ғылыми мақсатына орай пікір білдірді. Мұрағаттың есігін біз 1977 жылы қыркүйек айында аштық. Ол құжаттар М.Әуезовтің қолына түспеген. Алайда суреткердің көркемдік түйсігі мен шешімі өмірлік оқиғаның даму бағыты мен әлеуметтік-психологиялық себептерінің тамырын дәл басқан. Бұл М.Әуезовтің өзіне берілген көркем уақыт пен көркемдік шешімді ұтымды пайдалана білгендігін дәлелдейді. Мұндай аса маңызды әрі шетін мәселе терең талдауды қажет етеді және аталмыш мұрағат деректері жазушының шығармашылық шеберханасын барынша түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндікті біз де уыстан жібермеуге ұмтылдық. Әңгіме «Тоқпанбет шайқасы» мен «Мұсақұл соғысы» қақында.

Омбы губерниялық мұрағатының 3 қорының 3 тізбесінде көрсетілген көлемі 413 парақ – 826 беттік тергеу ісін полковник Спридонов ретке келтіріп, тіркеуге алып, сақтауға өткізіпті. Ол он бес жылға (1846 – 1862) созылған тергеу ісінің жай-жапсарын түгел баяндап, қағазға түсірген. Зады бұл үкім шығару үшін дайындаған айыптау анықтамасы сияқты. Алайда сотқа берілмеген. Екінші бумада генерал-губернатордың кеңсесіндегі ресми нұсқаулар, хабарлар, Құнанбайды ұстау, түрмеге жабу туралы бұйрықтар сақталған. Ал «Сұлтан Өскенбаев туралы», – деп аталатын дербес істе 15 жылдан астам уақытқа созылған тергеу ісінің неге сотқа берілмегені және ол істі жылдамдату жөніндегі Санк-Петербургтегі патша әкімшілігі мен Семей губернаторының арасындағы қатынас құжаттары тіркелген. Құнанбайдың үстінен жүргізілген бұл тергеу ісі «Абай» романының бірінші кітабындағы оқиғаларды толық және жан-жақты қамтиды. Көркем шығармадағы негізгі оқиғалардың барлығы осы құжаттардан өзінің тарихи дәлелін тауып отырады. Қай оқиғаға кімдер қатысты, ол қалай шешімін тапты. Бөжей мен Құнанбай арасындағы қақтығыс неден туындады – деген сауалдарға жауап береді. Архив құжаттары мен романдағы оқиға желісін салыстыра отырып, суреткердің өмірлік шындық пен көркем шындықты қалай жымдастыра пайдаланғанын нақты пайымдауға болады. Бұл суреткердің шығармашылық өмірбаяны мен психологиялық көңіл-күйін, таным түйсігін талдауға аса бағалы арналы негіз қалайды. Біз романдағы желіге сүйене отырып ой қорытуды жөн санадық.

Шәкірт Абай мүшел жасқа (он үш) толысымен шаһарды тастап, Құнанбайдың қол астына қайтып оралады. Онда жас жеткіншекті Қодар – Қамқа трагедиясы күтіп тұрды. Сонда бала жаны қатты түршігеді. Бұл жетекші кейіпкер Құнанбайдың іштей пісіп жетілген, ал Абайдың өмірге көзқарасының қалыптасатын тұсы. Әкенің өктемдігі мен қаталдығын көре отырып, қатыгездіктен жиреніп, жақсылықты мұрат тұтар шағы. Ескі өмірден түңілдіретін, келер күнге үңілдіретін тарихи кезең – Абай үшін осы. Сондықтан да романның дәл сол шиеленістен басталуы – жазушының орайын тапқан творчестволық шешімі. Рухы таза, әлі өмірдің қалтарысы мен көлеңкесін көрмеген, заман зардабын шекпеген бала көңілі алғашқы қатал шындыққа жолыққанда шамырқанып, түршігіп. «жүрегіне қан төгілгендей қайнап кеп... Абайдың іші мұздап, жүрек қаны, жан тамыры дір-дір қағып қалтырап... Әсіресе, әке, әке істеген мінез, әке қолындағы қаннан үркеді. Өз әкесі, қатал да кәрлі әкесі: Не деген қатал, не деген қатты еді?!» – (1. 3. 94) деп қиналады.

Міне, бала мен әке арасына сызат осылай түседі.

«Қат-қабатта». Романның екінші тарауы. Тақырыптың өзі де баяндалатын оқиғаның қатпарын танытып, сес көрсетеді. Барлық қым-қиғаш тартыстың табын аңғартады. Бұл тарауда Құнанбай Абайды ел билеуге тәрбиелеп, көп жиынына қатыстырып, қызылдатып жүрген шағы суреттеледі. Аға сұлтан бір рудың шынжыр балағы Бөжейді де қарпып, оның етіне жара салған. «Ши бойында. ...Бөжейдің атақты атасы Кеңгірбайдың бейіті бар. Соның тұсындағы мол қорық – Жидебай, Барақ болатын. Құнанбай қыстау етем деп соны да алды... Бөжей қатты қорланған еді. Өлісіп те көрмек болды» (1. 3. 69). Араға ағайын түсіп істі бітіммен тындырған. Ашынған іс ақыры насырға шауып, Құнанбай Бөжейдің ауылын шабады. Бұл тұста романдағы Абай да ересек тартқан. Егер тарихи дерекке жүгінсек, Тоқпанбет, Қарашоқы оқиғасы өткенде Абайдың белі әлі бесіктен шықпаған болатын. Ал «Мұсақұл соғысы» тұсында төрт жаста ғана еді.

Алдымен көркем шындықтың жүлгесіне жүгінейік. Құнанбай Бөжейді соққыға жығып, қыстауын тартып алады. Әрекенің дауы Шыңғыстан асып: «Бөжейлер Құнанбайдың үстінен арыз айтқалы Дуанға Қарқаралыға барады». Аға сұлтан да Абайды өзімен ілестіріп Қарқаралыға аттанады. Дуан басының бірі «піскен бас майыр» Құнанбайдың ырқына көнбейді. Оның үстіне хан тұқымдары төрелер Бөжейдің ісін желеу етіп «астында жағып та аяғын шайнайтын түрі бар». Аға сұлтандықтан айырылып қалмас үшін Құнанбай Бөжеймен татуласады. Дәнекері Алшынбай. Бұл оқиғанын тарихи шындығы мынадай.

Омбы мұрағатындағы тергеу ісі бойынша аталған оқиға 1846 жылы басталған. Мұнда жер дауы ғана емес, Құнанбайға басқа да қылмыстық айыптар тағылған. Істің асқынып кеткені соншалық, оған Омбыдағы генерал-губернатор мен қоса Санк-Петербургтағы юстиция министрі де араласып, тиісті жарлық берген.

Құнанбай – Бөжей арасындағы дау 1854 жылға дейін созылған. 1846 жылы тілмәш Николай Крутков тобықты руының болысы Құнанбайдың ауылына келіп, тергеу жүргізеді. Бірақ ол кезде Құнанбай мен Бөжей өзара бітіскен болып шығады. Оған романда көрсетілгендей Алшынбай емес, Аягөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтабаев дәнекер болады. Сөйтіп тергеу аяқталмай қалады. Алайда арада үш жыл өткен соң Құнанбай аға сұлтан боп сайланған тұста «Мұсақұл соғысы» өтеді. Тағы да тергеуші келеді. Сол жолғы жасалған хаттамада алдыңғы оқиғаның барысы туралы: «Аякөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтабаев жан-жал шығарған Бөжей Ералинді, Жүсіп Қотанбұлақовты, Балағазы Қауменовты аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевпен татуластырғанын мойындады. Аға сұлтан Құнанбай бітімінің белгісі ретінде өзінің қызын беруге уәде берген. Ол уәде орындалды. Сондай-ақ Бөжей мал да алған», (60. 3649. 27) деп атап көрсеткен.

Құнанбайдың төре тұқымы Барақ Солтабаевтан төрелік іздеуі тегін емес. Өйткені, ол кезде Барақ – аға сұлтан, Құнанбай қатардағы болыс қана болатын. Әрі сол жылы жазда Құнанбай Омбы генералы Вишневскийдің Ұлы жүз сұлтанымен келісім жүргізіп, Кенесарыны жазалауға аттанған шолғыншы жасағына еріп Жетісуға келген. Жер ыңғайын картаға түсіруге тиісті жер аударылған поляк күрескері Адольф Янушкеевичпен танысып, Аякөз, Шыңғыс өңірін аралап, дау-шарды шешкен, мал-жан санағын жүргізген. А.Янушкеевич өзінің досы ақын Густав Зелинскийге жолдаған хатында сол сапар кезінде қожалармен (Бердікожаның ауылы Т.Ж.) күшік тобықты және сыбан жанкөбектердің арасындағы дауды шешкен билер кеңесіне қатысқанын баяндай келіп: «...өз аталастарының арасында үлкен беделі бар екі адамды танып-білуге мүмкіндік берді. Олар жанған жұлдыз секілді даладағы барлық тайпаларға нұр төгеді. Барақ сұлтан мен Құнанбай туралы саған бірнеше сөз айтайын» (27.73) – деп екеуіне мінездеме береді.

Шындығында да бұл Барақ пен Құнанбайдың «жұлдызды шағы», екеуінің де бақыты өрлеп, дәуірі жүріп тұрған кезі еді. Сол әскери экспедиция кезінде Вишневский өзінің қасына Қарқаралы, Аякөз округінің аға сұлтандары мен би, болыстарын ертіп жүріп, си-сияпат, шен-шекпен үлестірді. Ол бұл атақты сол елге келген бетте беріп, содан кейін жасаққа қосып отырған. Сондықтан да әуелі шен-шекпенді беріп, ол туралы жарлықтар соңынан рәсмият түрінде хатқа түсіп, губернатор бекіткен. Архив деректері бойынша «Кенесарының бүлігін басуға қатысқаны және патша ағзамға ерекше сенімді қызметі үшін» 1846 жылы 4 (14) маусым күні Құнанбайга хорунжий әскери шені берілген – делінген (20. 374. 2550. 11). Ал оны тапсыру уақыты одан сәл бұрын өтеді де жазалау жасағы мен арнайы отарлау қосағына жолбасылық етуге мәжбүр болған. Ал Барақ сұлтан екеуі замандас, бірақ сол кезде оның мысы басым, Зере әженің өзі Құнанбайды кемсіткендерге:

Жаман да болса – қарағым,

Жақсы да болса – қарағым.

«Жаман!» – деп маған бере ме,

Солтабай төре Барағын, –

деп тәубе етіп жүрген уағы. Барақтың айбынына А. Янушкевичте де таң қалып:

«Барақ сұлтан – Шыңғысханнан тарайтын хандардың ұрпағы. Ол әлі дер шағында. Бұл жүзінен нұр төгілген және бойын кереметтей күш-қайрат билеген айбынды адам. Дала Геркулесінің бойына жомарт табиғат асқан ақыл мен қайсар мінездің үстіне жүрек жұтқан батылдықты да сыйлаған. Феодалдық заман баронының ұлы есепті. Ол серілік дәстүрінде тәрбиеленген: – садақты ешкім одан дөп атпаған, асауларды одан тез ешкім үйретпеген, ауыр тасты одан гөрі ешкім оңай көтермеген. Қазақ турнирі бәйге, қызық-шыжығын жұрттан бұрын көрген аншылық пен барымта бұл жігіттің есімін бүкіл далаға кеңінен жайған. Онай олжаға құмар аңшылар оның жасыл туы астына жан-жақтан келіп жиналатын. Жас батыр өзінің. қолын шындарын қар басқан Алатауға талай бастап апарған. Суылдай келіп құсқа түскен қырандай ол үйсіндердің жер қайысқан табындарына талай шүйілген. Олардың өзінен тоғыз есе басым күштерін қиратып, көп олжаға қарық болып, аман-сау ауылына қайтқан.

Оның тұтқиылдан шүйлігулері тау қырандарының Шотландия қыраттарына жасайтын шабуылдарын еске түсіреді: Вальтер Скотт романдары каһармандарының есімдері сықылды оның есімін естісе-ақ дала қарақшылары жылыстап қашады. Талай өлеңші Лепсі сыртындағы тайпаларды өз аузына қаратқан оның даңқын жырға қосқан. Елдегі жағдайлардың өзгеруіне байланысты ол қаннен-қаперсіз қару-жарағының бәрін жасырған. Бүркіт салын қасқыр, түлкі немесе желмен жарысқан ақ бөкен аулайды. Оның тамырларындағы арғы атасы Шыңғысханның қаны әлі суымаған. Ел билеушінің жұпыны өкіметі және тіпті алтынмен әдіптелген күрең қызыл шапанының өзі де найман батырының көкірегін кере ұстауына кемшіндік қылады. Оған бір қарасан-ақ, бұған көзін жетеді. Біреу менсінбегендей болса, ақыл мен қайрат ізі сайрап жатқан мандайын ол қасқайта көтерер еді. Жалпылай алсақ, бұл – байрондық бейне, бұқараны өз соныңа ертіп, оны өз мақсаттарын орындауға кондіре алатын рухы қуатты адамның бейнесі осы» (27.74-75) – деп жазды.

Аса көркем әрі ізгі ілхам тұрғысынан баяндалған А.Янушкеевич жазбаларындағы қазақ руханиятына, оның ішінде «Абай» романындағы жеке тұлғалар мен жер-су аттарына, олардың жағырапиялық сипаттамаларына, халықтың психологиясына, дүние танымына, тіршілік тартысына, билік құрылымына, әдет-ғұрпына қатысты пікірлер өте құнды. Мұнда Құнанбайдың Қарашоқы оқиғасынан екі ай бұрынғы ел арасындағы бет-беделі, ыкпалы, билік ауқымы, жеке басының ұстанған ғадеттері, көзқарасы, әр түрлі оқиғалар туралы ойы барынша шынайы баяндалған және бұрмасыз әділ баға берілген. Вишневскийдің шолғыншы жасағының құрамында – Құнанбайдың болашақтағы бақталасы, аға сұлтан Құсбек Таукин мен Шалғынбай Біралин, құдасы Алшынбай бар еді. Әскери жорық пен мал-жан санағы қатар жүргізілген бұл экспедицияда отарлау саясатының барлық пиғылын етене бақылауға мүмкіндік туды. Ұлы жүздің Ресей бодандығына өту рәсімінің ертеңінде-ақ оларға Кенесарыны ұстап беру туралы мәлімдеме жасаған жандарал Вишневскийге дулат руының елбасы Әли сұлтан Әділұлы:

«– Біз Абылайдан таралғанбыз. Кенесары да оның әйелдерінің, бірінен туған, сондықтан ол бізге қандас. Бірақ бізге оның мінезі қашаннан белгілі. Бұл аш бөрі, қазір келсе де, жүз ауылдың шаңырағын ортасына түсірер еді. Біз оны жақсы көрін, басымызды бірге қоса аламыз ба? Жоқ! Өз атымнан да. халқымның атынан да. біз оған қосылмаймыз, – деп кепілдік беремін. Тағы да біздің ешқайсымыз оған қарсы қару да кеземейміз. Алланың өзі одан безінді. Ол қаңғыбас қарғысқа ұшыраған. Өзінің қарасын өшіретін адамға ол түбі кезікпей қоймайды. Біздің онда шаруамыз не? Кеше біз адал боламыз деп ант бердік. Біз бұл антты қалжыңға санамаймыз. Әйтсе де, оның мәнісі қалай? Біз өзіміздің қандас туысымызбен қырқысу үшін емес, Россияға адал болу үшін міндет алдық. Патша маған өз халқыма әмір етуім үшін билік берді ме, немесе, мен Кенесарыны да билеуім керек пе? Мен ол үшін емес, өз жұртым үшін жауаптымын. Біз патшаны жер үстіндегі ең әмірі күшті билеушіге санаймыз. Елсіз иен даланы кезіп жүрген бір бейбақтан оған келер не зиян? Біз одан іргемізді аулақ салдық, халықсыз ол не қылған сұлтан? Бәлкім, ол өзі қазір қырға кеткен болар? Орта ордамен одақ болуымызды қалайтындығымыздың ең тәуір дәлелі – біздің осында келуіміз... Таным бар, деді ол, қисапсыз жерді иемдене отырып, Кенесарыға ұлтарақтай жерді қимайсыңдар,» деп жауап беруі соны аңғартады (27.122).

Еркіндікті сүйген дала сұлтанының бұл сөзінен ұлттық және рухани бостандықты өз еркімен айырбастап отырмаған сыңайы анық байқалады. ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқаны үшін он бес жыл айдауда жүрген А.Янушкеевичтің «Күнделіктері мен хаттарында» Кенесары туралы пікірлерді үнемі назарда ұстап, астарлап жеткізуі және қазақ ұлтының өр рухына таң қалып: «Сонда бұлар тағы, жабайы болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған, маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады!» (27.85) – деп келешегіне үміт арта, ұран тастай сөйлеуі соны аңғартады. Иә, Адольф Янушкевич жай ғана санақ жүргізуші емес, ол саяси тұлға болатын. Әйтпесе, Ресей үкіметі оны өмірлікке отанынан айырмас еді.

Сондықтан да «даланың Демосфендері мен Цицерондарына, Геркулестеріне» мінездеме бергенде олардың жан дүние психологиясын барынша терең әрі астарлы емеурінмен ашады. Орыс жандаралына сес көрсетуі үшін ұлы жүз бен Орта жүз сұлтандарының әскери шеруін өткізіп, Вишневскийдің алдынан: «Абылайлап, Қаптағайлап, Ағадайлап, Барақтап!» – өтеді. Шеруді «әйгілі қазақ батыры Барақ сұлтан басқарады. Күжірейген мойнынан, сірә, оның басын ешкім де жұлып ала алмас. Оның денесі граниттен қашап жасалған шып-шымыр... Басқа сұлтандардан ақылды, шешен, оның үстіне ғұламалылығы және асып тұр. Ол татарша оқып, жаза біледі. Әр алуан қазақ руларының жасақтары тудың қасынан Барақтың қолбасылық етуімен бірінен кейін бірі өтіп жатты. ... Соңғы жасақ алаңнан ұзағанда, алтынмен әдіптелген күрең қызыл бөрік киген бас қолбасшы сұлтан иығындағы ұзын винтовкасын алып, пілтеге от тигізіп... Орта орда көсемінің құрметіне мылтықтан бір дүркін оқ атты. Сосын өзінің әскерін екі жаққа бөліп, қазақтың ұрыс ойындарын көрсетті. Қым-қуыт, ыза-қиқу, азан-қазан бұл шайқас Вальтер Скоттың мына екі жол өлеңін еске түсірді:

Аласұрған ызалы жын-перілер,

Зар еңіреп, түршігіп ұлығандай...

Осы шайқастың тарсыл-гүрсілінен маңайдағы таулар ұзаққа дейін жаңғырығып тұрды». (27.129-130)

Бұл бір ұлттың бодандыққа салтанатты түрде мойынсұнуы ма?! Жоқ! Дала сұлтандары мен дегдарлары соншама намыссыз, топас, аңғал, шен құмар емес еді. Олар осы әскери шеру арқылы генерал Вишневскийдің жазалау әскеріне сес көрсетіп, Кенесарының жасағы бұдан да айбынды, жаужүрек екендігін аңғарту. Сөйтіп, ұлтазаттық қозғалысының көсемін қорғау. «Абай» романында қатаң сынға ұшыраған Кенесары қозғалысы туралы бірінші басылымдағы оқиғалардың түйіні Құнанбайдың осы сапардағы қимыл-әрекетінен туындаған. Әли мен Сұйық, Барақ пен Бексұлтан сұлтандардың, мынау астарлы айбатын генералдың қасында, «шатыр астында қызара булығып тұрған Құнанбай» (62. 127) жақсы түсінген және оның бұл сәттегі буырқанған намысты көңіл-күйін Мұхтар Әуезов те білген. Патша ағзамның қырық екі жастағы хорунжиі жандаралға сыртын беріп, ішкі ықыласы ұлт-азаттық қозғалысының көсеміне ауған. Зады, бұл сапар оның отарлық үстемдікке деген жан дүние қарсылығын оятып, оған қарсы өзгеше күрес жолын тандауға ықпал еткен. Яғни, «өктем жұрттың тілін, айласын біліп, қаруын пайдалануды үйреніп, онымен тең дәрежеде тұру үшін білімін меңгеріп, дағуасына кіру» (Абай) қажеттігін ұғынған. Бұған Құнанбайдың сол экспедициядан кейінгі іс-әрекеті дәлел.

Бұрын тобықтының ғана билігіне қанағаттанып жүрген болыс Құнанбай енді көзін қияға қадайды, батыл шешімдерге барады. Бойына тын қуат кіреді. Құнанбайдың сол экспедицияға қатысуын және оның мінезіндегі өзгерісті М.Әуезов: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі — орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кене­сарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, Ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кезі, яки, Балқаштың Қамал деген түбегіне қарай көшіп бара жатқан кездері бола ма, әйтеуір сол жүрісінің бірінде үкіметтің бұйрығы бойынша, Құнанбай старшын күніңде Кенесарының көшіне жетіпті. Көшінің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болып жиналып, бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде Құнанбай: «Намаз уақытында шаппаймыз» деп шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты жиып алып, құрқұдықтың ішінде кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті. Кейін атыс болғанда жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарының қолының бір батырын қуып, найзаламақшы болған екен, соны Құнанбай сабапты» (63.13).

Бұл оқиғаны романға Абайдың көзқарасы арқылы кіргізді. Алайда 1949 – 1953 жылдардың арасындағы саяси қысымнан және «Правда» газетінің «сілейтіп салған» сынынан соң оған жауап ретінде жазған «Менің қателерім» атты мойындауында: «Абай» романына жалғастыра «Ақын аға» деген кітап жаздым. Осы кітапта романның жағымды адамының бірі етіп, Абайдың жақын досы етіп, оның озғын ойларын тұтынушы етіп Көкбай деген реакцияшыл кертартпа ақынды бейнеледім. Ал Көкбай қазақтың еңбекші халқының қас дұшпаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді... «Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп ұғыну нәтижесінде ғана мен романымды қайтадан көп өзгертіп жаздым... Осы соңғы кітапта Абайдың Кенесары қозғалысына да қатты сын айтқыздым. Абай Көкбай мен Кенесарыны жирене сынаған уақытында, әсіресе, олардың Россияға жаулығын әшкерелейді» (10.26) – деп алғашқы көркем тұжырымынан бас тартуға мәжбүр болады.

Тағы бір таңданарлық жайт: сол «Правдадағы» мақаланың авторы П.Кузнецов соңғы алты жыл бойы Мұхтарға айып ретінде тағылған Кенесары Қасымовтың көтерілісі неге романда бейнеленбеген деп кінә артады. «З.Кедрина шығарманы көшпелі қазақ даласының тарихы, этнографиясы, экономикасы және правосы жөнінде ғылыми еңбек» деп жариялауға асыққан. Мұндай сөздердің таңдандыруы ғана мүмкін, ал роман авторының өзін қолайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Мысалы: қазақ және орыс халықтарының қас жауы Кенесары ханның он жыл бойы қан төгіп ойран салғаны сияқты Қазақстан тарихындағы қасіретті кезең М. Әуезовтің романында бейнеленбегендігі жұртқа мәлім. Ал шынында мұның өзі романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Абайдың әкесі – Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын» (64) – деп араңдатуға көшеді. Бұл, әрине, бас жазудан қолы тимей жүрген П.Кузнецовтың пікірі емес, оның артында тұрған «идеологтар» мен құпия мекеменің қастаншықпағырларының түртпегі екені анық.

Әрине, бұл басқа уәждің желісі. Бірақ шығармадағы жетекші тұлға — Құнанбайдың романға кейіпкер етіп алынған тұсында басынан кешкен тарихи оқиғаның өмірлік шындығы жоғарыдағыдай еді. Бұл Құнанбайды Қарашоқыдағы қатты да қауырт қимылға апарған өмір тартысының басы болатын. Орыстың оқымысты ойшылы В.Ключевскийдің: «Пушкин тарихшы боп ой қорытқысы келмеген тұстарда нағыз тарихшы ретінде көрінеді, ал нағыз тарихшы болғысы келген кезде, ол қолынан келмеді. Ол «Капитан қызын» пугачевшілер туралы деректі шығармасының арасында қол суыту үшін жазды, бірақ «Пугачев көтерілісінің тарихынан» гөрі көркем туынды да тарихилық басым еді, ал деректі еңбек романға жазылған ұзын сонар түсініктеме сияқты болып қалды» (65.394) – деп ұтымды айтқанындай, Омбы губерниялық мұрағатындағы тергеу құжаттарынан гөрі Адольф Янушкевичтің көркем ойға толы «Күнделігіндегі» Құнанбай туралы деректер әлдеқайда тарихи әрі шынайы жазылған. Ол өзінің әсерін үнемі Барақ сұлтан мен Құнанбайды салыстыра отырып, қандай оқиғаның куәсі болса да сол жайға екеуінің көзқарасын қатар бейнелейді. Сол арқылы даланың қос дегдарын екі айдан кейін күтіп тұрған «қат-қабат қақтығыста» бас қосатынын түйсікпен сезінгендей.

Екеуінің мінездемесі де бір-біріне жалғаса берілген. Барақты «байрондық бейне», «рухы қатты адам» ретінде бағалай келіп, іле Құнанбайға ауысады. Бұл мінездеме «Абай» романына кейіпкер боп кірген Құнанбайдың тура сол оқиға тұсындағы өмірлік тұлғасын сипаттайтын тари­хи дәлел. Сондықтан да үзіндіні толық келтіріп, оны М.Әуезов көркем бейнелеген Құнанбайдың портретімен салыстырудың еш айып-шамы жоқ. Адольф Янушкевич 1846 жылы 11 маусым күні өзінің Польшаға қайтып оралған досы, ақын Густав Зелинскийге Аякөзден:

«Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да-дала өңіріне аты жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады.

Тобықты руының сеніміне ие болып, ол ел билеушінің қызметіне сайланған. Ол өз қызметін бақайшағына дейін біліп, бар қайрат-жігерін сарқа төгіп атқарады, иегін көтерсе болды, әр бұйрығы, әр сөзі орындалады. Кезінде ол көрікті еркек болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бірақ шығара жаздаған, қазір оның бетінде содан қалған іздер бар. Ол көсіліп сөйлеп кеткенде, тыңдаушылар оның сиқы қашып, реңі тайған жүзін мүлде ұмытады. Қатерлі дерттің табы жерлестерінің мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын Құнанбайдың есіне әлсін-әлсін түсіріп отырады. Осының өзі оның қызметі мен маңызының дәлелі.

– Мен жанымды қайда қоярымды білмей жатқанымда, – деді ол маған тебірене және мақтана, – адамдар күні-түні менің киіз үйімді апыр-топыр болып қоршап тұратын. Олардың көз жасы мені шыжғырып әкетіп бара жатқан отты сөндіріп, менің тірлігімді алламнан жалбарынып сұрап алып қалды.

Европаның білімге сусындаған елдерінің бірінде көз жұмып бара жатқан от тілді, орақ ауызды шешенді ақтық сәтте халық осылай мүсіркемеп пе еді. Ол да Құнанбай сықылды әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлық-зомбылығына қарсы қалқан болған еді. Цивилизациядан кенже қалған халыққа қарағанда маңдайының соры қалыңырақ бұл халық өзіне пана болған адамның өмірін құдайдан сұрап алып қала ала ма, алғыс сезімі тасқындаған олар өлген адамға Пантеон орнатты.

Бір топ сұлтан мен бес мырза біздің үйде болып, шай ішті. Басқаларға ықпал ететін осы рулық аристократия жөнінде: «Сарай – Пацка, Пац сарайға татиды» деген біздің поляк мақалын айтса болар еді. Барақтың қасында ақсүйектер (сұлтандар), ақсүйек емес, сұр сүйек болып көрінеді, ал барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды «(27. 75-76) деп суреттейді.

Адамның бойындағы құдіретті қадір-қасиет пен мінезін тағдырымен тамырластыра отырып бұдан асырып жеткізудің өзі қиын. Бейне Құнанбайдың түр-тұрпаты мен тұлғасын бір-бірінен асыра суреттеуге Янушкевич Әуезовпен немесе Әуезов Янушкевичпен өзара шығармашылық бәсекеге түскен сияқты. Бірі – тірі Құнанбай, бірі – кейіпкер Құнанбай. Бірақ – адам біреу, оқиға біреу, көзқарас екі түрлі. Күнделік иесі көрген, көзі жеткен, сенген шындығын жазды. Жазушы көркем шындықтың заңына бағынып, қиял қуатымен сомдады. Екеуі де Құнанбайдың табиғаты кесек қасиетке ие, ойлау жүйесі күрделі, ірі қимыл-әрекет үшін жаралған дара тұлға екендігін мойындайды. Айырмашылығы – Мұхтар өз шығармасында Барақ сұлтанды сырт қалдырады. Көркемдік шындық пен тартыс үшін бір туындыға екі бірдей аға сұлтанның жетекші тұлға болуы – сиымсыз. Егер кейіпкер етіп ала қалған жағдайда, онда бұл екі дегдардың бір-бірімен жағаласуына тура келер еді. Ал ол мүмкін емес. Өйткені, қаншама көркем уақыт пен көркем шындыққа сүйенгенімен де Барақтың аты – Барақ, ол оңайшылықпен икемге көнбейтінін суреткер білді. Білді де оның орынын А.Янушкевич сол экспедицияның соңына ала 27 қыркүйек күні: «Кешке қарай біз айбике-шаншарларға жол тарттық. Олар осыдан 15 шақырым жерде сол Түндік өзенінің бойында көшіп-қонып жүреді. Жұлдыз туа біз ауылға жеттік. Алшынбай деген кісі болыс екен. Киіз үйдің ішінде тап-таза, әп-әдемі екі төсек салынған. Тезек жағып, сағат 10-ға дейін әңгімемен отырдық. Жол жүрген соң асқа тәбетіміз шауып, бір табақ қуырдақ жеп, қымыз ішіп, ұйқыға кеттік» (27. 263)-деп елеусіздеу ескерткен Алшынбаймен ауыстырды. Әрине, А.Янушкевич Алшынбай мен Құнанбайдың құдандалы боларын және өзі 8 тамыз күні күнделігіне: «Қазір іші қатты ауырып жатқан баласын Құнанбай мынадай әдіспен емдеді: қара ешкіні сойып, оның майын көк белбеуге жағып, онымен баланың ішін айналдырып байлады. Ол маймен денесін сылады. Бақсы-балгерді шақыруға болмас па екен деп сұрағанымда, Құнанбай олардың дәрі-дәрмегіне пәлендей сене қоймайтынын айтты» (27.179) – деп жазған баланың Абай екенін, дәл сол күндері Құнанбай Қодар мекендеген Қарашоқы қыстауын Бөжейден тартып алып, өзара сойылдасып жатқанын ойлаған да жоқ. Оның екі көзі Барақ пен Құнанбайда болды. Алайда ынталы жүрек Құнанбайдың қабағындағы кірбіңді байкап қалды. Ол кірбіңнің барған сайын қалындай бастағанын сезді. Кенесарының найзасының ұшына ілінген ұлт намысын қорлатпауға «Құрқұдыққа» жасырынып ант берген Құнанбай жандаралға жат бауыр тарта берді. Ойын бөліп, назарын аударғысы келген «генерал Құнанбайдан Алатаудың көрінісінің қаншалықты ұнайтынын сұрағанда ол: «Е, Әмірі күшті тәңір ием! Қалай ғана осылай сәйкессіз етіп жараттың екен сен! Тау басында – суықтан, етегінде – ыстықтан адам байғұс жанын қоярға жер таба алмайды. Бәрі әдемі. Жылқы мен малға керектің бәрі бар. Бірақ бұның бәрі жат қолына кетпек және қаптаған жылан. Сонда мұның сіздерге неменеге қажет болғанын білмеймін, – деп қалуында» (27.98) – сондай бір зіл жатыр. Сол күні Кенесарыға қарсы жорықта жүрген Бозачининнің әскері кезіккен тұсындағы Құнанбайдың көңіл-күйі осындай еді. Сол экспедицияда Құнанбай өзінің болашақ тақталасы, Қарқаралының аға сұлтаны Құсбек Таукинмен де бір ай мөлшерінде табақтас болды. Келешек қарсыласының қыр-сырына қанықты. Орынбай ақынның: Ресейдің бодандығына өткелі отырсыңдар. Сатқындық жасап, түбінде өкініп қалмаңдар, – деген толғауын: қарапайым да ақылды Хакімнің: «біз – итпіз. Сүйік пен Құсбек – біздің иелеріміз. Олардың арасында қанқу сөз болмаса, онда иттерге жақсы: олар тату болса, Құсбек Сүйіктің иттеріне, Сүйік Құсбектің иттеріне сүйек лақтырады, бұл жұрттың бәріне жағады» (27.111) деген ащы кекесінін: аға сұлтан Құсбектің: «Қырда жүріп, қоқиланып, өзімізді-өзіміз жоғары санаймыз. Шетімізден болыспыз, заседательміз, аға сұлтанбыз! Сондағымыз - патшаның бақташылары екенбіз. Соның малын бағамыз, малы қырылса – жазалауға басымызды тосамыз!» (27.111. 264) – деген назасы Құнанбайдың да көңіл күйіне айналды.

Ол осы экспедициядан Шыңғысқа ширығып оралды. Құнанбайдың мінезімен қоса табиғат та қытымыр тартып, «Құнанбайдың айтуынша, бұдан 11 күн бұрын үлкендігі түйенің құмалағындай бұршақ жауып, тышқандар мен құстар қырылып қапты. Малды ықтырып, он шақырымға дейінгі жерде бұршақ ерімей, екі күн, екі түн бойы жатыпты». Қырдың бойындағы тобықты болысы Құнанбай Өскенбаевтің жайлауының 6 тамыз күнгі көрінісі осындай еді. А.Янушкевич «онда үш тілмаш пен төрт қазаққа тап болды». Бірақ олардың неге жүргеніне тоқталмайды. Омбы губерниялық мұрағатына жүгінсек, бұлар Құнанбай мен Бөжей арасындағы қақтығыстың бетін қайтаруға шыққан шолғыншылар екен.

Тосын да кездейсоқ жайт: Адольф Янушкевичтің қасында арада бес жыл өткен соң «аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевтің қылмысты істерін тергеуге» келген Виктор Ивашкевич те бар еді. Қазақша таза білетін Бектұр Адольф пен Құнанбайға тілмаштық жасаған. Соның дәнекерлігімен, Янушкевич: «Шыңғыс ханның қыстауы осы жерде болғанын, осы тұстан аттылы кісіге бір күндік жерде Хан Шыңғыстауы барын, ол биіктің төбесінен атасы, бертінірек келе өзі құлап жатқан сегіз бөренені талай рет көргенін, ел арасындағы аңыз бойынша қыбырлаған жанды қырып-жойған ол сойқан өзі жорыққа шығарының алдында қол мен көтеріп жүретін шағын шатырдың ішінде отырып дұға оқитынын» (27.179) – Құнанбайдан естіп біледі. Қазақ пен төре шежіресін жазып алады. 12 тамыз күні түскі сағат үште жолға шығады. Оларды Құнанбай ұзатып салады. «Ол Мәмбетей тобықтылармен әлдебір шаруаларын жайғастыруға келеді... Жолда Құнанбайға күн тиеді. Шашын қырғызған самайына жағып, тұрпайылау мұрнына Виктор (өзінің болашақ тергеушісі Т.Ж.) иіскеткен сірке суы тез әсер етті, әйтпесе ол далада қалып қойған болар еді. Виктор оны күймеге отырғызып, Мәмбетей-Тобықтылардың ауылына шейін аман-сау жеткізді. Ауылға олар кешке қарай жетіп, өздеріне арналып тігілген жеті киіз үйді көріп, көңілдері көтеріліп қалады... Мәмбетей-Тобықты болысының билеушісі Шалғынбай сұлтан қарсы алды. Шамасы онша ақылды емес, ағайындарының арасында беделі де зор емес, ал қалған жағынан еш кемістігі жоқ, мығым жігіт» (27. 177, 182).

Құнанбайдың Мәмбетей-Тобықтыңың ішінде қандай шұғыл шаруасы болуы мүмкін? Мұны Омбы мұрағатындағы деректер мен «Абай» романындағы: «– Құнанбай көктемде ерте көшсе – Уақтың жерін торитын. Жайлауға ерте көшсе – Керейдің қонысын көздейтін. Бірақ қысқа қарсы оның аты жетпес алыс жоқ. Әлде Тінейдің cap құсындай өзіне түсіп жүрмесе? – деген Бөжейдің қаупі» (1.3.69) анық аңғартады. Тамыздың ортасында Бақанас өзенінің бойы сартаптанып, қыр елі күзеуге бет бұратын. Әйгілі Қарашоқы оқиғасының алдында Құнанбай іргелес «Мәмбетей Тобықтыны,» әнет, жуантаяқ, сақ, тоғалақ, көкше сияқты саны көп, сыбағасы жоқ руларды ынтымағымен тартып, айналасына қоршау қып, шырғалап, шырмап ұстау» (11. 3. 74) амалына ерте қамданғаны оның суыт та суық жүрісінен байқалады. Ішіне бүккен қатпарлы сырын А.Янушкевичтің: «Құнанбай бір есептен екіжүзділік танытты: өзінің жылқылары мен қойларын жасырған көптеген дәулетті қазақтарды бізге сол көрсетті. Шындықтың бетін ашуымызға, дәлірек айтқанда, оған жақындауымызға бізге көмек берген адамды білген болса, олар Құнанбайдың шыбын жанын көзіне көрсеткен болар еді... Мәмбетей мен Күшік тобықтылардың бірі біріне қырын қарайтындығы байқалады. Тіпті құран жолымен қонақ кәдесін көрсетуден де тартынды... Қасындағыларын тамақтандыру үшін Құнанбай қой сатып алыпты» (27. 187-188) деген пікірі суыртпақтап береді.

Бұл араздықтың басты себебі «Құнанбай қолданған жер саясатында» жатыр еді. «Ел өседі, жер өспейді» деген мәтел оның ұранына айналып: «ең әуелі жалпы тобықтының жер шетін молайтуға күш салған. Сонымен Шыңғыстың солтүстігінде – күзеуі, оңтүстігінде сыртында жайлауы болған Тобықты, екі шетіндегі Уақ пен Керейді өз жерлерінен ептеп жылжытып, тықсыра бастап, жылдан-жыл өткен сайын жерлерінің өрісін молайта берген... Тобықтының өз ішіне келгенде өз руын... өзгеден гөрі құйқалырақ жерге орналастыруға тырысқан. Бұрын орналасып қалған ұсақ рулардың көбін ірге тепкен жерлерінен шетке қағып, ірге аудартқан... Құнанбайдың, бұл турасында ұзақ жылға белгіленген қалыпты жоспары бар. Бірақ сол жобасын түгелімен жүзеге асыра алмаса, ол бір адамның өмірінің. шағындығынан деп есептеу керек» (63. 12). Сол шетке қағылып, ірге аударып, ығыса қоныстанған жұрт – осы Мәмбетей тобықтылар болатын. Сондықтан да олар Құнанбайдың серіктеріне оң қабақ көрсетпеуі орынды өкпенің қатарына жатады. Ал Құнанбайдың жеке басы ше? Оның бетіне қарсы келетін тобықты тұқымы табылмайтын. «Құнанбай – сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұралмағанда ғана тоқтайтын сағат сияқты. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдай жөнеледі. Оның жадында сақтау қабілеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» (27. 188).

Міне, бұл Адольф Янушкевичтің Құнанбай туралы соңғы жазбасы. Бұдан әрі ол Қарқаралыға беттеп, жолай Алшынбайдың үйіне қонады. Қыз-келіндерінің жиған жүгіне сүйсінеді. Әрине онда Ділда үш жаста. Одан шығып 25 қыркүйек күні Құнанбайдың қайын жұрты Ұлжанның төркіні, Абайдың нағашысы әйгілі шаншарлар Қантай-Тонтайдың ауылының мал-жан санағын алады. Сонда, «кешкісін қонаққа келген бір қазақ әр түрлі аңдар мен құстардың, әсіресе, түйенің, құланның, бүркіттің дауысын, қимылын аудармай салады. Бұны одан артық айнытпай салу ешкімнің қолынан келмейтініне» (27. 262) көзі жетті. Сөйтіп, ол Құнанбай мен Абайға қатысты ел мен жерді түгел аралап өтіп, 10 қазан күні Баянауыл арқылы Омбыға бет алады. Құнанбай да тыныш жатпай тура сол күндері: «Құнанбай жіті жүріп отырып, тобын бастап, көштің алдына түсті. Содан жиырма ауылдың жиырма басты адамына қазір Шыңғыс ішіндегі қай сай, қай қыстауға барып жетіп, шаңырақ көтеретінін айтып келе жатты. Сөзі ақылдасу емес байлау. Атағаны кесіп-пішіп қойған әмір мен бұйрық» (1.3.75). Бет алысы - Қодар қоныстанған Қарашоқы қыстауы. Ол Тоқпанбет пен Мұсақұл соғысына асығып келе жатты.

2

«Абай» романына Құнанбай осындай көңіл-күймен, екпінмен жетекші тұлға боп кірді. Қайыра еске салайық, бұл кезде өмірдегі Құнанбай аға сұлтан емес, болыс болатын. Абай бір жаста еді. Ал романдағы Құнанбай – аға сұлтан. Абай – он бес жаста, Кәмшат – үш жаста. Сонымен, Құнанбай Жігітектің он бес қыстауын тартып алды. Бөжейге қамшы үйірді. Майбасардың дүміне түйенің құмалағы тығылды. Сойылшылар қазаға ұшырады. «Ел ішінде бір жауласып, екі жағы да арыз тоғытысып, бірін бірі көрсетіп, ұлық алдында екі жауласты.» (63. 12) Енді сол тоғытылған арыздар мен «Абай» романындағы суреттелген оқиғаны салыстыра талдауға, яғни, Барақ сұлтанның төрелігіне қайта оралайық.

Құнанбайдың аға сұлтан Барақ Солтабайұлынан бітім сұрап жүгінуіне: біріншіден, екеуінің осыдан екі ай бұрын ғана әскери экспедицияның құрамында Жетісу өлкесін тізе қоса аралап, жақсы танысып, тіл табысуы себепкерлік етті. А.Янушкевичтің жазғанындай, Тарбағатай мен Шыңғыс өңірінде «екеуінің кебісін кигізуге жарайтын» адам жоқ еді. Барақтың үкіміне Құнанбай да, Бөжей де мойынсұнған болатын. Оның әділ билігіне екеуі де сенетін. Екіншіден: Қарқаралы мен Омбыға арыз жөнелтіп қойған. Жаңа ғана хорунжий шенін ап, шекпен киіп, Анна лентасын таққан Құнанбай Қарқаралыға барып, көзге түсуден бойын аулақ салды. Үшіншіден: көрші Барақ сұлтанды құрметтеу және өзінің ертеңгі тақталастары Қарқаралы сұлтандарына басын имеу. Төртінші: Аякөз Қарқаралыдан анағұрлым жақын. Арасы 90 шақырым. Сондай-ақ Құнанбай жердің алыс-жақындығына емес, шешімнің женіл бітетіндігіне қызығып отыр. Өйткені Барақ басқа округтің адамы. Ол ағайынды екі көкжалдың арасындағы дауға қылмыс ретінде қарамайды, қазақы жолмен шешеді. Міне, Құнанбайға да керегі осы. Істі асқындырмай, бітеу жараға айналдыру. Барақтың да төрелігі сол Құнанбай ойлаған тұстан шығады.

«Абай» романында Құнанбай – Бөжей арасындағы жер дауын шешіп, үш жасар Кәмшатты Бөжейге кепілдікке беру жөніндегі кесімді айтқан – Алшынбай. Мұның көркем қисыны: «Еңгезердей үлкен бойлы, сары Баймұрын Бөжейді татуластыра келген кісі болатын. Қазір Алшынбай екеуі ғана сөйлейді. Өздері үшін емес, Құнанбай, Бөжей сияқты екі жақ үшін сөйлейді...

—... Араларың алыс болса, қыз алысып, құда боласыңдар дер едік. Ағайынсың, жақынсың, бірақ сол жақындығың қайта жаңғырсын! Екеуің бала алысыңдар! Бөжей Құнанбайдан бала ауысып, бауырына салсын. Сөйтіп, иістерің аралассын» (1.3.140) деп баяндалады.

Тарихи оқиға және көркемдік шешім. Бұл мәселе төңірегіндегі пікір таластарына әлі де нақты нүкте қойылған жоқ. Біреу – ақтайды, екінші адам қарама-қарсы тұжырымды жақтайды. Алайда бұл екі көзқарас та тарихи шындықты зерделеу мәселесіне қатты көңіл бөледі. (Қараңыз: 19). Бұл реттен алғанда Мұхтар Әуезов Құнанбайдың әміріне қатысты тарихи деректерді жан-жақты зерттеген, мол мағлұмат жинақтаған. Құнанбай – Бөжей қақтығысындағы ең бір трагедиялық шиеленісті шешімді Кәмшат қыздың: «Aпa! Апа!... Әже!..-деп шырылдап қоя берген «тұсындағы төрелікті Алшынбай емес, Барақ Солтабаевтың айтқанын білген. Біле тұра, творчестволық қиял мен оқиғаны көркем жүйелеу еркіндігін ұтымды пайдаланған. Өйткені, бәрібір суреттелуге тиісті Қарқаралыдағы «піскен бас Майыр» мен Алшынбайды романға кіргізуі үшін тың тартыс қажет. Тарихта ондай дерек бар. Бірақ ұсақ-түйек оқиғадан шығарма ұтпайды. Ал шешім романның келесі тарауларының да жүйелі жалғасуына негіз қалайды. Оқиғаны осы жолы Қарқаралыда дамытпаса, онда Майбасардың сабалуы мен Құнанбайдың жауапқа тартылуы үшін тағы да бір ілік қажет. Яғни, бір-біріне ұқсас тартыс көркем шығарманың құнын жояды. Міне, осындай жайларды саралай келіп, Мұхтар Әуезов Барақ пен Алшынбайдың билігін бір кісіге теліп, оқиғаны ширата түскен.

Жазушы, сондай-ақ кейін кейбір оқиғаларға қатысқан кісілердің есімдерін өзгерткен немесе оқиғалардың орынын ауыстырған. Осы орайда романның басты кейіпкері Абайдың, жас мөлшері мен тарихи оқиғалардың алмасу мәселесі ерекше назар аударады.

Абай 1845 жылы тамыз айында дүниеге келген. Ал романның алғашқы бетінде суреттелген Абай – мүшел жаста. Құнанбай – Бөжей қақтығысы кезінде Абай ес біліп, етек жинап, ел ісіне араласып қалған, бала жігіт. Ал нақты дерек бойынша жоғарыдағы қақтығыс 1846 жылы, қазан, қараша айында өткен. Демек, Мұхтар Әуезов тарихи оқиғаны сол қалпында пайдалана отырып, оқиғаның астарын, қаталдық пен қайырымды сезініп, ажырататын жасқа ілгерілеткен көркем қиялға жүгіне отырып, тарихи деректің тігісін жатқыза бейнелеген.

Уақыттың көркем өзгеріске ұшырауы Кәмшат пен Абайдың жас мөлшеріне де өзіндік орын ауыстырулар әкелген. Яғни Кәмшат Абайдың қарындасына, Абай өзінің әпкесі Кәмшаттың ағасына айналады. 1846 жылғы Барақ бітімінде Құнанбай Бөжейге үш жасар Кәмшатты, үш бесті ат, топ-топ мата және 3 қойтұяқ алтын жамбы беріп, айыбын өтеген. Бөжей сол екі арада Омбыға арыз жіберіп үлгерген. Бұл оқиға романда қамтылмаған. Бөжей мен Құнанбай Қарқаралыға жарыса аттанады. «Жолда» атты үшінші тарауда: «Тізесімен тербетіп отырғаны – Айғыздан туған немере қызы үш жасар Кәмшат. Кәрі әже күндегі машығы бойынша бесік жырын айтады... Абай өз әжесінен басқа ешкімнен естімеген жыры» (1. 3. 102)-деп суреттейді. Омбы мұрағатындағы дерек бойынша ол кезде керісінше Абай бесікте де, Кәмшат үш-төрт жаста. Алайда жас Абайдың көзқарасын қалыптастыру үшін осынау тартысқа толы дүрбелеңді басынан кешіріп, ең аяулы қарындасының «зарлаған үні ... отқа өртеніп, не суға жұтылып бара жатқан жанның зарындай» (I. 3. 150) естілуі қажет-тін. Бұл тебіреніс – жас жүректі жаралап, жанына өшпес жара салып, дүние танымын өзгелерден ерекшелендіре түсетін. Сондықтан да М.Әуезов көркем шығармаға тән және тиісті мүмкіндіктерді пайдаланып, кейіпкерлердің образын даралау мақсатымен қиялға еркіндік берген.

Құнанбай – Бөжей тартысы романда бір жүйемен жалғасып, дамып, ширығып отырады. Мұның ақыры Құнанбайдың Керекуге сапарға аттануымен аяқталады. Омбыдағы дерек бұл мәселені өте күрделі әрі қат-қабат дамығанын көрсетеді. 1846 жылы тергеуге келген тілмәш Николай Крутков осы қақтығысты екінші рет зерттеуге келген іс жүргізуші Краузеге 1847 жылы 10 ақпан күні берген жауабында: «Қарақаралы приказы 1846 жылы мені командировкаға жіберді. Өскенбаевтың Ералинді және басқаларды сабағаны туралы тексеріп білу мүмкін болмады. Құнанбай бұл турасында Қарқаралы приказына жазып, хабарлағанмын дей салды. Бөжей тіпті келмей қойды», (60. 3. 3649. 2.) деп жазбаша мәлімдейді.

Қылмысты тергеуге Краузенің келуі, Бөжейдің Омбыға бір емес, бірнеше шағым жолдағанын байқатады. Краузенің сұрағына Құнанбай: «Мен Бөжейге Жұмабай Ибасов пен Мырзақан Туғанбаевты жіберіп, кейбір мәселелерді шешіп кел – дедім. Бұлар барғанда Бөжей тұрпайы сөйлеп, оларды менсінбеді. Менің шақырғаныма келмеді. Сол себепті мен оның ауылына барып, қамшы жұмсадым. Бірақ өз руыммен жиналып барып шабуыл жасағамын жоқ, оның ауылын тонағамын жоқ. Бөжейді ұрғаным үшін бітіскенбіз», – (сонда, 3-бет) – дейді. Бұл жайлар романда өте шебер әрі жік-жігімен қисынын тауып, шиыршық атқан оқиға желісімен баяндалады. «Бөжей – тартып алған жерді дауламасын, іске араласпасын» – деген аса жауапты тапсырманы естігенде, ашуға бұлығып, ызадан қыстығып отырған жұрт: «... Жауабы ма? Ендеше жауабы міне, деп Қараша қолындағы тобылғы сапты жуан қамшыны сермеп жіберіп, атып тұрып, Қамысбайды бастан тартып-тартып жібереді» (1.3.89). Бөжей Құнанбайдың елшісін осылай қорласа, «Құнанбай бұған қатты зәрленіп, оттай күйіп, ашуланып кетіп, қамшысын үйіріп кеп: – Соқ дүрені. Өзіне соқ бұл иттің», деп ақырып жібереді» (1.3. 100).

Міне, аға сұлтанның тергеушіге берген жауабының барлығы да романнан толықтай және әдемі кестеленген сөз өрнегімен суреттелген. Жан ашуы да, ыза да, кеудені қыжылдатқан кек те көпіршік атады. Осының өзінен-ақ Мұхтар Әуезовтің осы жанжалға қатысты деректі жетік зерттегені аңғарылады. Зерттей отырып көркем шығармаға қисынын қиыстыра қолданған.

Бұл қақтығыстағы таразының екінші басында тұрған ауыр тас, өлшем – Бөжей. Ол әрі жәбірленуші, Құнанбайға есесі кеткен адам. Тергеу хаттамасында осыдан 5 жыл бұрын өткен оқиға туралы: «Күшік тобықты болысының биі Бөжей Ералин мұның Тоқпамбет атты қыстауын аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев тартып алғандығын және бұл қыстауды оның мәңгілік қайтармаймын дегенін айтты. Бұл туралы Ералин бұрынғы аға сұлтан Құсбек Таукинге 1844 – 1845 жылдары өтініш жазған. Ол шағымды естіген соң Өскенбаев кек алу үшін жанжал ұйымдастырған. Ералиннің арызымен танысқан Таукин Өскенбаевка қыстауын қайтарып беруді бұйырады. Бірақ Өскенбаев Ералиннің өтінішін қанағаттандырудың орнына оншақты қазақты жиып алып... Ералинді, старшина Жүсіп Қотанбұлақовты байлап тастаған. Ал Балағазы Қауменов деген қазақты аяусыз сабаған. Балағазының басы жарылған. Басқаларының қолын сындырған. Содан кейін оларды өз аулына алып келіп, 4-5 күн ұстаған. Кейіннен сыбан болысы, Аяқөз округінің сұлтаны Барақ Солтабаевтың кеңесімен бұл қылмысын басқарманың құлағына жеткізбеуге тырысып, өзінің бұзақы әрекетін жасыру үшін туған қызын Ералинге берді. Ол қыз қазір өлген. Сондай-ақ үш жақсы ат, үш қойтұяқ жамбы және бір қызметкер берген. Ол да кейіннен қазаға ұшыраған.» (60.3.3649.14).

Бұл 1850 жылы іске тіркелген айыптау қорытындысы. Бұл оқиға да романнан өз өзегін тауып, жұмыр жүйеленген. Дерек бойынша Бөжей ауылындағы жанжалдан соң Құнанбай старшина Жүсіп Қотанбұлақовты және Балағазы Қауменовты бірнеше күн бойы өз үйінде қамауда ұстайды. Романда: олардың есімі: «Бұл сияқты егде кісілермен қатар, Құнанбай шабуылын тосып тұрған бір топ жас жігіттер бар. Ол Қауменнің екі мықты баласы Базаралы, Балағазы...» (1.3.96)-деп аталып қана өтеді. Балағазының басы жарылып, қолға түскені баяндалмайды. Зады, автор жас кейіпкердің өсу жолын бірте-бірте баяндауды мақсат тұтса керек. Және бұл тартыста Бөжейдің психологиясы мен жан ашуын кеңірек көрсетіп, алдағы өтетін қақтығыстарды ширықтыруға әзірлеген. Егер әрбір көріністі тәптіштей берсе, дау иесі Бөжей қалтарыста қалып, оқиға бір бағытта дамымас еді. Жоғарыда келтірілген дәйектемелер тергеу ісінің хаттамасы мен романдағы әрбір оқиғаның ұштасып, бір-бірін толықтырып тұрғанын көрсетеді.

Осы тергеуді жүргізушілердің ішіндегі екі адамның жазбасы ерекше құнды әрі дерекке де бай. Сөздері дәлелді. Соның бірі – ерекше тапсырмамен Шыңғысқа аттанған асессор Виктор Ивашкеевич тобықты болысына 1850 жылы келеді. 1846 жылы Адольф Янушкевичпен бірге Құнанбай үш ай сапарлас болған, аға сұлтанның қыр-сырына қанық. Бұл жолғы арыз иелері – Бөжей Ералин мен Көтібақ руының старшинасы Байсал Әйтиев. Бұл кезде ру арасындағы дау тіпті өршіп, тек Құнанбай мен Бөжей арасын ғана емес, бүкіл тобықты арасын шарпиды. Романда Ивашкеевичтің тергеуі де қамтылған. Жазушы барлық ресми тергеуді Қарақаралыдағы «піскен бас Майырдың» төңірегіне жинақтап, типтік бейне жасауды мақсат тұтса керек. В. Ивашкеевичтің тергеуі ұзаққа созылады. Себебі енді бұрынғы жер дауына Майбасардың заңсыз болыстыққа сайлануы туралы арыз да қосылады. Тергеу кезінде Майбасар қарсы топтың өзіне бірнеше айып тағады: «Бөжей мен Әйтиев Майбасарды болыс деп мойындамайды. Ол екеуі қарулы топ ұстайды. Болысты ауыстыру туралы талап қояды. Не болысты екіге бөлу керек деп елге іріткі салады. Майбасарға бағынбай, Бөжей Аякөз округы жақтағы семіз-найманның жері – Бақанасқа көшіп кетіп қалды. Сондай алауыздықтан барып жанжал, төбелес шықты. Оған жаман тобықты руынан Қарағұл Бөкеев, старшина Тілепбаев, Көккөз Болатов, Қазыбек Бостанов, Әтей Байғазин, Қошқарбай Байымбетов, Байту Жаутенов, Байназар Қуданов, старшина Қуандық Қадырбаев, Күшік Байсыманов, А.Тұмарбаев, Базар Қалдаров, Баямбет Нұрмағамбетов, Шалқар Шағыраев, тілмәш Кусков және Чернышев пен хат жүргізуші Полютин қатысты» (60. 3. 3649. 5) дейді. Қақтығыс тағы да Шыңғыстың бауырындағы қыстау үшін болған. Сондай-ақ Дүйсенбайдың жесір дауын желеулеткен Майбасар – Бөжейлердің өзінің алдында иіліп тұруын талап етеді.

Бір қызығы осы деректе Бөжейдің әкесі Ералы Кеңгірбаевтың аты бірнеше бетте аталады. Ол екі ру арасындағы дауға төрелік айтып, билік жүргізеді. Өзінің ұлы мен Құнанбайдың арасына дәнекерлік етеді. Деректе: «Би Ералы Кеңгірбаев, би Шәңкі Жаманқұлов, Бекболат Тапаев және Байтөре Жабағин аға сұлтанға барып, одан өз руларының ішіндегі бұзықтық әрекеттерді тоқтатуды өтінген», – деп жазылған. Бұл кезде Өскенбай да тірі. Ал романда Ералы мен Өскенбайдың аты аталмайды. Осы арада көркем шығармаға енбей қалған екі дерек бар. Ол – Бөжей тобының семіз наймандарға 300 жылқы берешек болуы, яғни, барымтаның құнын өтеу мәселесі. Екінші жай: Дүйсенбай деген жігіттің дауы. Бөжеймен рулас Нұртан дегеннің Айшуақ атты қызы Өтеп деген жігітпен көңіл қосып, Семейге қашып кетеді (сонда, 17б). Бөжей Дүйсенбайға түйе бастатқан тоғыз айып төлеп, бітімге келуді ұсынады. Не кеткен қыздың сіңілісін ал – дейді. Міне, осы дау да өшкен отқа май құяды. Жазушы екі оқиғаны пайдалануды қажет деп таппаған. Өйткені жесір мен барымта дауы Абайға қатысты алдағы тарауларда толық қамтылатын болғандықтан да назардан тыс қалдырған. Дегенмен де, романда Дәрмен мен Мәкеннің ғашықтық хикаясы Өтеп пен Айшуақ оқиғасына орайлас баяндалады.

Көркем шығармадағы жиынтық бейненің бірі – Дәркембай. Бірақ та ол туралы дерек айтылмайды. Жазушының өзі оны ойдан шығарылған кейіпкердің қатарына қосады. Алайда дәл шығармадағыдай тұлғалы тұлға болмағанымен де, ел арасына өжеттігімен, өткір тілімен мәлім Құнанбай мен Өскенбайды ықтатқан Дәркембай атты адамның сол заманда өмір сүргені анық еді. Бұл ауызекі әңгімелерде ғана айтылатын. В.Ивашкеевич жүргізген тергеу соны растап берді. Онда: «аға сұлтан Өскенбаевтың көрсетуі бойынша: қарсылас рудың старшинасы Байсал Әйтиев, Байке Мырзатаев, Жұмабай Дәулетбаев, Базар Мыныкеев, Тайлақбай Нұрбаев, Шәңкі Жаманқұлов, Жүсіп Қотанбұлақов, Бөжей Ералин, Дәркембай Қабдалин... Қаратай Сапақов қызмет бабы бойынша оған (Құнанбайға – Т.Ж.) қызмет етіп, ұрлық пен жанжалға тиым салулары керек», (60. 3. 3649100) – деп жазылған. Әрине, Құнанбайдың бұл қисыны дұрыс. Өйткені Жігітектің барымташылары сол тұста көрші елді зар қақсатып жүрген болатын. Барымта мен сырымтаға тиым салатын ауыл иесінің бірі: «... Сен ақылды мына Дәркембайдан сұрасаң етті. Еркектің сөзі мына кедейде жатыр ғой, мынау ер кедейде!» (1. 3. 85) – деп Байдалы би Сүйіндікке сүйсіне үлгі еткен дана Дәркембай. «Зор денелі, орта жасты Дәркембай» «Абай» романында нақты өмірлік дерек тұрғысынан суреттеліп келіп, кейіннен жиынтық тұлғаға айналып кетеді. Әрине, бұл кез-келген көркем шығармаға тән табиғи заңдылық. 1850 жылы 17 ақпан (қазіргі атаудағы – желтоқсан) күнгі Ивашкеевичтің хаттамасында Құнанбайдың тағы бір айласы ашылады. Ол Бөжейдің мөрін қолдан жасатып: «Дау шешілді. Бітістік» – деген жалған қолхатқа сол мөрді басып, алдыңғы тергеуші Краузені алдап жіберген. В.Ивашкеевич оны осы әрекеті үшін де заң баптары бойынша жауапқа тартқан. Құнанбайға қарсы жинақталып қалған осындай салмақты айыптауларды анықтаумен В.Ивашкеевичтің тергеуі аяқталады.

Құнанбайдың тергеу ісіндегі «қылмыстары да» тура романдағы сияқты «Қат-қабат», «Шытырман». Бұл тарауларда суреттелген қақтығыстар дерек бойынша 1846–1853 жылдың аралығында өткен. Егерде Бөжей мен Құнанбайдың өштесуі тек қана жер дауына байланысты десек, онда шындыққа қиыспайды. Өйткені түйткілдің тамыры арыда және тереңде жатыр. Ол – билік пен рулық жалған намыс психологиясы. Кісі құнын кешуге бар қазақ, билік пен рудың сыбағасына келгенде өліспей беріспейді. Алайда Бөжей мен Құнанбай бір ананың бауырында өскен тел туыс еді. Сондықтан да 1849 жылдың жазында сайлауға түскенде Бөжей мен Байсал бұрынғы араздықтарын ұмытып, «шығыныңа қосқаным» деп Құнанбайға бір алтын жамбы, бір құл (қызметші), түйе, 39 жылқы, 30 қойды байғазыға тартқан. Тергеушіге берген жауабында куәгер Солтабай Тоқашев: «Құнанбай алмады, татуласпады», деп жалтара жауап берді.

Роман желісі бойынша ру арасындағы кикілжің ірімшіктей іріп, арыздасып жүргенде Кәмшат қазасы Бөжейдің өліміне ұласады. Сыздаған бітеу жара сонда да жарылмайды. «... Бөжейдің жаназасын шығарды. Сүйегін бұл жайлауға қоймай, Шыңғысты қайта асырып, қыстауының үстіне апарып, Тоқпанбетке қойды. Бөжейдей жұрт жақтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды» (1.3.200). Бұл тымырсық та жаңа қақтығыстың сарынын аңғартады. Бөжейдің сүйегін бір кезде одан Құнанбай тартып алған ата қыстауына қоюы – қуатты қарсылықтың белгісі. Күзде сол Тоқпанбетке бет алған Бөжейдің қаралы көшін шабындыға ұшыратады. Содан барып бітіспес өштік пен өлімге ұштасады.

Тарихи дерекке жүгінсек, Майбасардың сабалуы рас. Ол 1851 жылғы 28 көкек күнгі №32 мәліметінде өзін Құлыншақтың ұлдары – «бес қасқаның» сабағынан хабарлаған. Ол туралы тергеушілер: «Қырыққа жуық адам ауылға шауып келіп, көпшілігі жанталаса киіз үйге кіріп, оны – Майбасар Өскенбаевты және старшын Өсеровты ұстап алып, қамшымен сабай бастайды. Сол арада Өскенбаевтің қасында болған қазақтар Бәйке Мырзатаев, Құдайберді Құнанбаев, Қаражан Боранқұлов бүлікшілерді арашаға шақырды. Бірақ, сол үшін олардың өзі де таяқ жеді.» (60. 3. 3649. 41-парақ) – деп жазды. Бұл оқиға романда: «Пұшарбай, Садырбай, Мұңсызбайлар боп Майбасарға мықтап дүре соқты... Жалғыз Құдайбердіні ғана Құлыншақ қорғап қап, өз қасына сүйреп ап, басын етегімен жауып ұрғызбады. Садырбай бір уақытта... Майбасардың жалаңаштанып тұрған құйрығының арасына түйенің қатқан құмалағын батырып-батырып жіберді» (1. 3. 226) – деп суреттелді.

Содан «Мұсақұл соғысы» бұрқ ете қалады.

Ендігі оқиғаны тергеуге келген Логунов 1851 жылы 13 май күні: «Дәрігер Яловций Майбасар мен Құдайбердінің денесіндегі әлгі жарақатты қарап, ондағы қамшының ізін көрді, олардан басқа Байке Мырзатаев пен Қаражан Боранқұловты да тексеріп, алған жарақаттарының денсаулыққа зиянсыз екендігі туралы анықтама бергендігін» – іс қағазға түсірген. Логунов істің ақ-қарасын ажыратып жатқанда Құлыншақовтар Құнанбайдың іс жүргізушісі Кривошейнді алып кетіп, жарты күн қамап қойған. Олар Логунов жіберген екі қазақ орысты да ұстап алады. Кривошейн болған жайды Қарқаралыға хабарлайды. Ол айыптарын мойнына алмаған. Базаралы Қауменов пен Тұрлыбек Айтықов қазақ-орыстарға ұстатпай қашып кетеді. Логунов тергеуді жүргізе алмай іс Омбыдан келген шекара басқармасының арнайы чиновнигі Сухомлиновка тапсырылады.

Мұрағаттағы дерек негізіне қарасақ, бұл оқиға кезінде Бөжей тірі. Өйткені сол жылы 9-қараша күні шекара басқармасына жолдаған тергеушінің № 4475 қатынасында «... Ал Қаратай Сапақов пен Бөжей Ералиннің: «Бүкіл ауыл адамдарының төбелеске қатысқаны өтірік» – деп куәлік бергені айтылады. Құнанбайдың қасындағы көшірмешісі Кривошейннің уақытша қамауға алуын Бөжейлер: «Ол істің жай-жапсарын білмейді. Сондықтан да Құнанбайды жақтап, жалған ақпарат жолдауы мүмкін және оның жеке басының амандығын көздедік, оқиғаға орынсыз килігіп, арандап қалуы мүмкін екенін ескердік», – деген уәжбен түсіндірген.

Көркем шығармадағы оқиға өзегінің өрбуімен тергеу ісіне тіркелген деректің арасындағы тарихи арқау мен байланыс, міне, осындай.

Енді жалпылама шолудан Құнанбайдың жеке басына қатысты деректерге көшейік. Сібір қазақтары мен Шекара жөніндегі басқарманың шешімімен қыр еліндегі аға сұлтандарды сайлау рәсімін 1849 жылдың маусым айында өткізу жоспарланады. Сайлау 16 маусым күні өтті. Онда Құнанбай Өскенбаев үш жыл (1849-1852) мерзімге аға сұлтан боп сайланады. Бұл шешімді генерал-губернатор 22 казан күні бекітеді. « (20. 374. 1-17) «Қарадан шыққан хан» атанады. 1846 жылғы Қарашоқы мен Тоқпанбет қыстауына таласқан қақтығысты ұмытып, бітімге келген Бөжей болыстықтан дәме етеді. Әуеліде өз орнына Майбасарды ұсынып, ол болыс сайланып кеткен соң айнып кеткен Бөжейдің тайғанақтығын Құнанбай кешпейді. «Айтқанынан қайтпайтын көк ауруына басып» (11.23) Майбасарды болыстықтан түсірмейді. Жұрт дойыр да дөрекі, ұр да жық Майбасардан әбден ығыр болып, зықылары шығады. Бөжейдің өзіне қол көтереді. «Күңнің ұлының» қатарында жүрген Майбасардың басынғанына Бөжей шыдамайды. Батыс Сібір генерал-губернаторына арыз жолдайды. Ашынған, болыстықтан ысырылған ол: «Құнанбай... 1849 жылы аға сұлтандыққа сайланғаннан кейін атағы мен қызмет бабын пайдаланып, адамдардың келісімінсіз інісі Майбасарды болыс етіп сайлады. Соңғы болыс сайлауында оны бүкіл елдің жартысы ғана қолдады. Олардың өздері де Құнанбайдың туыстары. Олар аға сұлтаннан қорқып, жоғары дәрежеге сай рубасыларын аттап өтті» (60. 3. 3649. 119-6.) – деп шағымданады. Бұл мәселенің түгі төркініне үңілген тергеушіге Құнанбай: «Бөжей көпестікпен әуестенеді. Демек, саудасымен айналыссын» (сонда, 100-101 парақ) – деп кекесінмен уәж қайтарады. «Старшина Жамантаев: Майбасарға көпшілік қарсылық жасаса да оның үлкен ағасы Құнанбай Өскенбаев өзінің таңбасын басып, бекітіп жіберді», – (сонда, 156) деп куәлік берген. Майбасардың жай-жапсары «Қайтқанда» атты тарауда: «Бөжейлердің Құнанбаймен іштей суысуына себепші болған да осы Майбасар. Бұдан екі ай бұрын зықысы әбден шыққан ел Бөжейді салып, Құнанбайдан: «Майбасарды орынынан түсір» – деп тілеп еді. Құнанбай Майбасардың мінезін білсе де түсірмеді. Ол өзінің қара күші, зілі сияқты болатын осындай бір Майбасардың жүруін мақұл көрді. Үлкен бір есебі: «Анау жұртты шақар айғырдай мойын салып қуып ықтырған уақытта, ел арыз айта өзіме келеді, өз бауырыма қайырып беріп отырады» – деп топшылады» (1/3/30) – деп суреттеледі.

Құнанбайдың ол күдігі орынды да еді. Өйткені аға сұлтандықтан айырылып қалған төрелер мұның үстінен домалақ арызды тоғытып жатқан. Оларға қарсы еруліге-қарулы ретінде Құсбек Таукин сияқты негізгі бақталастарын сүріндіріп, оларды сенімсіз ғып көрсету үшін Құнанбайдың өзі Омбыға ұзақ қатынас жолдайды. Онда: «Жау жағадан жармасқанда, бөрі боп етегінен тартқылаған Бөжейдің Майбасарды соққыға жыққанын баса айтып, өзін патша бұйрығын адал орындаушы адам етіп көрсетіп: «Майбасарды сабаған Ералинді тергеуге келген Логунов ештеңе шығара алмады. Бұл іс Логуновтан алынып, Семейде жүрген Сухомилиновке тапсырылып еді. Ол менің өзімді кінәлауға көшті.

Сондықтан да Сухомилиновты тергеуден аластатып, істі басқа біреуге табыс етіңіз» деп өтінді. Құнанбайдың көзқарасы мен айла-шарғысы бұл қатынаста толық ашылады. Қатынас таза ақ парақтың екі бетіне бірдей әдемі әріп үлгісімен жазылған. Көлемі он беттей. Хат соңында өз мөрін басқан. Біз Құнанбайдың ойлау жүйесімен және сол кездегі көңіл күйімен хабардар болу үшін хаттың ұзын-ырғасын сәл қысқарта ұсынуды жөн көрдік.

«Сібір қазақтары мен шекара басқармасының бас чиновнигі міндетін атқарушы мәртебелі мырзаға!

Қарқаралы округінің аға сұлтаны, хорунжий Құнанбай Өскенбаевтың мәлімдемесі, 1852 жыл, 17 көкек.

Бұрынғы Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков мырза Қарқаралы округінің аға сұлтаны етіп мені тағайындауды мақұл көргені мәлім. Мырза ол туралы 1849 жылы 18 қарашада № 3000 арнайы жарлық берді. Ол маған аға сұлтанның міндетін таныстырды және қызметке кіргенім жөнінде ант алды. Мен: өзімнің қарауымдағы халықтың хал-ахуалын бақылап, тікелей өзім шешетін істерге баса назар аударып, қазақтардың арасындағы барымта мен ұрлықты, жауласушылықты, тағы да басқа заңға қарсы қылмысты әрекеттерді болдырмауға уәде бердім. Өз міндетіме кірісе отырып: оны қатаң пайдалану, халықты бастары біріккен қозғалыстан сақтандыру, тиісті көмек көрсету, шаруашылықтың тиімділігін көздеу, ешкімді де өз еркімен билік құруға жібермеу, қазақтардың арасындағы тәртіпсіздікке тиым салу, тәртіпті қасақана бұзушыларды «Бұратана халықтарды басқару туралы» низамның 202 және 207 бабына сәйкес заңға тартып, сотқа беру жөнінде нұсқау алдым...

Мәртебелі Батыс Сібір генерал-губернаторы 1851 жылы Қарқаралы округіне келгенде жеке менің өзіме қазақ халқының тұрмысына барлық жағынан да көңіл аударуды тапсырды. Мен өзімнің қызметіме кіріскеннен кейін маған берілген пәрменді пайдаланып, 1850 жылы Күшік Тобықты болысы қазақтарының үш руының өкілдерімен 5-ауылдық старшиналары Бөжей Ералинмен, Қаратай Сапақовпен кездестім. Олар болыстың ішіне іріткі салып, өкіметтің бұйрығынан ауытқып жүр еді. Арам пиғылды және зиянды адамдарды маңайларына жиып, «басқаруға жеңілдік тууы үшін» — деген сылтаумен болысты екіге бөлу туралы жат пікір білдірді. Олар халыққа жау, бүлікшілдер болғандықтан да, мен өз құқыма сәйкес заңға тарттым. Жылқы, түйе ұрлаған айыптары бар... Оған Аякөз, Көкпекті округтерінің адамдары арыз айтып келді. Тексеру де өтті. 5 старшина да түгелдей ұры ұстайды. Олар жасырып зұлымдық жасайды...

Менің дұшпандарым – Құсбек Таукин, Жәңгір Шамин, Шалғынбай Біралин сияқты сұлтандар маған қарсы жауыздық әрекеттер ойластырып жүр, олар басқа сұлтандарға алдағы сайлауда мені осы қызметтен шеттету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып қалыңдар деп елшілер жіберуде. Ал заседатель Сарғыз Доғалов – жоғарыда аталған Күшік Тобықты болысы қазақтарының туысы, ол қарапайым халықтың арасын жікке бөліп, өзінің міндетінен ауытқып, дау-жанжалды тексермей, оның ушыға түсуін күтіп отыр. Әр болыстан шешекке қарсы егуді үйрететін бір баланы оқуға беру туралы жоғары жақтың нұсқауына немқұрайлы қарап, «шоқынып кетеді» – деп қол сілтеумен келеді...

Ал Бөжей Ералин мен Байсал Әйтиевтің маған жақын туыс болып келетіндігіне қарамастан, олардың сол қылмысына сәйкес зан жолымен жазаладым. Қысқаша айтқанда, әркімді өзінің лауазымына сәйкес силауы тиіс және олар заң адамына қарсы қолдарын көтермеуі керек. Мен өзімді қорғауға қақылымын...

... Осы шағымдарды тексеріп, бақылау жүргізу үшін, мәртебелі тақсыр, сізден шекара басқармасының кеңесшісі Төлеуберді Қазыбаевты бізге жіберуіңізді өтінемін. Ал Сухомлиновты, мәртебелі мырза, тергеуді жүргізуден шеттетуіңізді сұраймын. Өйткені ол өзіне тапсырылған алғашқы істі аяқтамай, 20 күн Семейге демалысқа кетіп қалды, мен одан күдіктеніп қалдым. Екінші, ол тергеу кезінде жауап берушілердің (Бөжейдің – Т.Ж.) ауылында ұзақ уақыт бойы жатып алды. Үшіншіден: ол күшік тобықтының екіге бөлінуін қостайды: төртіншіден: жауапкердің ауылында жатпа деген менің және халықтың тілін алмағаны үшін, сондай-ақ менің өзімді түсініктеме беруге Омбыға шақырып, артық жол жүрісін ұсынғаны үшін. Сондықтан да Мәртебелі мырза, алдияр тақсыр, өзімнің жеке бір басымның қайсыбір қамы үшін емес, халықтың, игілігі үшін бұл мәселелерді сізге жеткізіп отырмын.

Осыны мәлімдеп қатынас қағаз жазғаным үшін Қарқаралы округінің аға сұлтаны, хорунжий Құнанбай Өскенбаев мөрімді басамын. Мөрі бар» (сонда, 275-281 парақтар).

Міне, аға сұлтан осы қатынасты жолдағаннан кейін бұрынғыдан да шалт қимылдап, тізесін қатты батыра түседі. Тіпті тергеушіге де қол тигізіп, оны мырза қамаққа алады. Сухомлиновтың тергеуі жақсылық әкелмейтінін сезген Майбасар, Ащысу өзенінің бойында Сухомлиновтен Василий Полютинге жасырын пакет әкеле жатқан қазақ-орыс Ворошиловты ұстап алып, почтаны құртып жібереді. Ворошилов жаяу қалады. Кейін жауап алғанда ол: «Мен ешуақытта ондай қылмыс істегенім жоқ. Мен Ворошиловты танымаймын. Орыс тұрмақ бір қазаққа саусағымның ұшы тиіп көрген емес. Мұның бәрін ойдан шығарып жүрген – Бөжей» (сонда, 234 бет) – деп жалтарады.

Құнанбайдың мәлімдемесі мен почтаның тоналуы туралы хабарды естіген Батыс Сібір генерал-губернаторының міндетін атқарушы, генерал-лейтенант Гасфорд 1852 жылы 9 мамыр күні: «а): Күшік Тобықты болысындағы аға сұлтан Өскенбаевтың қарсы болуына сәйкес: ә): сол болыстың қазақтары Тұрсынбаев пен Мұсабай Құлыншақовтардың бір топ адаммен барып болыс Майбасарды сабағанын және хат жүргізуші Кривошейнді қамауға алғанын ескеріп, тергеу жұмысы шекара басқармасының асессоры Сухомлиновтен алынып, Батыс Сібір бас басқармасы стол бастығының көмекшісі, колледж секретары Гусевка тапсырылсын...» (сонда, 381 парақ) деп бұйрық берді. Ал Сухомлиновтың тергеу біткенше Құнанбай мен Майбасарды уақытша өз міндеттерінен босату туралы рапортын мақұлдаған. Зады Гусевке почтаның тоналу себебі және бір болысты екіге бөлудің қандай жолы бар екендігін анықтауды қоса тапсырған.

Енді тергеу ісі Гусевтің қолына көшеді. Гусев малжан санағын өткізіп, Құнанбай – Бөжей – Майбасар арасындағы қақтығыстарды зерттеп, почтаның тоналуын анықтау үшін он ай уақьгг жұмсаған. Құнанбай – Бөжей арасындағы тергеуді белсенді түрде жүргізген де осы Гусев. Ол өзінің әрбір тексерген мәліметі хақында Омбыға күнделік тәріздес хат жолдап, тиісті нұсқаулар да алып отырған. 1853 жылы 13 ақпанда тергеуді толық аяқтағаны туралы Гасфордқа рапорт берген. Сол жолғы толтырылған хаттаманың көлемі – 400 бет. Ол мәліметтер 1846 жылдан бергі оқиғаны қамтиды. Гусевтің дәлелді тергеулері Құнанбайды аға сұлтандықтан түсіріп, Омбы түрмесіне қамаумен аяқталады.

Романда сот тергеушілерінің аты аталмаған. Тек Қарқаралыдағы «піскен бас майыр» ғана патша өкіметі ісіне араласады. Ол Құнанбайды шанамен Омбыға жөнелтеді. Барлық қағаздар Керекуде пешке өртеледі. Алшынбай майорға мол пара беріп, тергеуді аяқсыз қалдырады да, барлық жанталас сонымен тәмамдалады. Алты айдан соң Құнанбай Шыңғысқа қайтып оралып, Бөжеймен бітіседі. Бұл – Әуезовтің толып жатқан материалды екшей келіп, тұжырымдай түйіп, бейнелеген көркем желісі.

Бөжей – Құнанбай арасындағы тартыстың түбегейлі бір мәселесін көтерген мұрағат құжаттары бар. Ол – Бөжей бастатқан Жігітек тобының Құнанбайдан бөлініп, жеке болыс құруы жайындағы Шекара басқармасына жазған арызы. Олар 1850 жылғы шағымында: «болыста 2184 шаңырақ» барын тілге тиек еткен. Мұндағы мақсат, әрине, болыстық. Оған Құнанбай 1851 жылы 28 көкектегі № 26 қатынас бойынша қарсылық білдірген. Батыс Сібір бас басқармасы 30 желтоқсан күні Құнанбайдың пікірін қостап жауап жолдайды. Сол арада бұл мәселеге тергеуші, колледж секретары Гусев араласады. Ол 1852 жылы 24 тамызда Батыс Сібір бас басқармасына жолдаған № 23 рапортында мынадай қорытынды жасайды:

«Бұл аға сұлтан осы Күшік Тобықты болысында туды, осында жарты ғасыр өмір сүрді, осында өледі. Көп жылдар ауыл старшинасы, болыс болады. Барлық туыстары бір ру. Сонда көшіп-қонып жүреді. Жаулары өз аталастары. Бұлар үшін жаулық – әдеттегі жағдай. Енді осы істің негізгі түйініне тоқталайық...

... Бірінші, Құнанбай: бес ауылдың старшындары ғана болысты екіге бөлуді талап етіп отыр. Онда да толық емес – дейді. Осымен Құнанбай не айтқысы келіп отырғанын мен түсінбеймін. Бір нәрсені істеу үшін қазақтар алдын-ала келісіп алады. Бес ауылдың старшинасы айтып отырса, демек оны соған қарасты барлық халықтың қостағаны. Ал туыстық жағынан келсек, жер жағдайын ескерсек, мұндай мәселе Мәмбетей-Тобықты елінде де кездескен. Екі мың үйге толмаса да, ешнәрсеге қарамай Құнанбай оларды бөлген. Сөйтіп, өз досы, құдасы Алшынбайды болыс сайлаған. Екінші тармақта: Құнанбай басқаруды жеңілдету үшін және жер жағдайына байланысты ондағы халықтың келісімімен Күшік – Тобықты елі 10 ауылға бөлінген – дейді. Тіпті жақсы! Егер халық шешім қабылдаса, онда бөлуге болады – деп отырған Құнанбайдың өзі емес пе. Ендеше, бұны Бөжей, Қаратай т.б. талабына сай жатқызуға болады. Осы жердің өзіне отырып, даулы істі жақыннан танып-білгендіктен де Сізбен хабарласуға бел байладым. Шынында да болыстың жері де кең, халқы да көп. Әкімшілік ісін тез орындауға мүмкіндік жоқ. Болыстардың шабармандарын жан-жаққа шаптырып, хабар жіберіп, хабар алып, істі бітіруі үшін толып жатқан ат-көлік керек.

Екінші бір жағдай: Күшік Тобықты болысында Айдос және Жігітек рулары үстемдік жүргізеді. Бұлардың арасында қазір де жантүршігерлік жауласушылық орын алған. Айдосқа Құнанбай және соның барлық туыстары, ал Жігітекке осы іс бойынша талап етушілер жатады.

Егер болыс сайлау керек болса, олардың әрқайсысы өз кандидатурасын ұсынады. Бірақ сол Майбасарды сайлаған кездегідей болады да қояды. Сол себептен де Қарқаралы приказы Майбасарды орнынан босатты да, оның қызметін Сүйіндік Жангөбековке (руы бөкенші, жауласушы екі жақтың партиясына қатысы жоқ адам) жүктеді. Бірақ Сүйіндік барлық ниетімен істесе де болыс бола алмайды. Бөкенші руы барлық саяси маңызды істерді өздеріне қаратып алған Айдос пен Жігітек сияқты басты рулармен теңесе алмайды. Мен: «Жауап алу үшін керекті адамдарды жеткізіп бер» – десем, ол (Сүйіндік – Т.Ж.) оны орындаудың орнына: «Міне, қанша Айдос, қанша Жігітек керек қылсаң да алдында тұр» — дейді. Олар оны тыңдамайды. Сүйіндіктің тек аты ғана болыс, ал негізгі қозғаушы күш — Құнанбай мен Бөжей. Осы мысалдың өзі болысты екіге бөлу керек екеніне толық себеп бола алады.

Бұлардың бір-біріне өшіккені сондай, ұрсысып-керіскендері өз алдына, кісі өлімі де жалғыз-жарым ғана емес. Осы қырқысты тоқтатудың бір ғана құралы бар, ол – болысты екіге бөлу, оған ешқандай бөгет жоқ, үй саны жеткілікті. Мен, тіпті, 700-ден артық үйі жоқ ондаған болысты білемін. Ал мұнда әрқайсысы мыңнан асады «(сонда, 286-89, 303 парақ).

Бір айдан соң, 26 қыркүйекте Гусев тағы да қосымша рапорт жолдап: «Густов Христьяновичке (Гасфорд – Т.Ж.) болысты екіге бөлуді сұрап рапорт жазғаныма бір ай болған жоқ, екі кісі өлімі болды. Оның біреуін өлтірген Құнанбайдың туысы Бекежан Бозжанов деген...» (сонда, 342 бет) – деп мәлімдейді.

Ру тартысының басты «қозғаушы» күші – билік. Суреткер керістің түпкі кебін жақсы білген. Алайда Құнанбай мен Бөжей арасындағы текетіресті баяндаса оқиға басқа арнаға ауысып, оқиғалар тым қоюланып, орынды-орынсыз тартысқа жол ашар еді. Сөйтіп, басты кейіпкер – Абай қалтарыста қалатын. Сондықтан да жанама желілердің егжей-тегжейлі қамтылмауы заңды. Жазушы тек Бөжейдің ауылы шабындыға түскен тұста: «Бар – Көтібақ бір-ақ екшеліп... Құнанбай тобынан лезде бөлініп ап, Жігітек жаққа шыға берді» (1.3.100) – деп емеуірін жасап, сол салқындықтың сорабын ызғарлы сарынмен дамытып, өрбітіп, үстемелеп отырады.

Тергеудің қорытындысы мен болысты екіге бөлу ту­ралы ұсыныстың орындалуы жөніңде шекаралық басқарманың бастығы генерал-майор Кириллов батыс Сібір басқармасы кеңесінің төрағасына: «Шекаралық басқарманың атынан» қараша айында жолданған менің № 4520 ресми хатым Қарқаралы округінің приказына жеткізілді. Заседатель Красуский сол бұйрық бойынша Күшік – Тобықты болысын екіге: атап айтқанда, Күшік-Тобықты және Көкше-Тобықты деп бөлу қажеттігін дәлелдеп, болыстағы ауылдардың шаңырақ санын, Әйел мен еркектің мөлшерін, әр ауылдың қоныстанған жерінің шекарасын анықтап берді» (сонда, 358-6.) – деп баяндайды. Қатынас 1854 жылы 2 қаңтарда жазылған. Демек Гусевтің тергеуінен кейін тағы бір адам арнайы осы мәселемен шұғылданған. Ол барлық мағлұматты жинақтағанша екі-үш ай уақыт өткен. Сондықтан да мәлімет кешігіп жеткен.

Роман-эпопеядағы Құнанбай-Бөжей тартысының шыңы – аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевты қазақ-орыс әскерінің Омбыға айдауылмен әкететін және барлық іс қағаздарының жолда өртелетін тұсы. Бұл оқиғаға себепкер – Майбасар. Тергеу хаттамаларында осы төңіректен тың мағлұмат беретін және ойға қалдыратын екі мәселе бар. Ол – Ивашкевичтің 1850 жылы 17 желтоқсанда Құнанбайдың жалған мөрді жасатқанын анықтап, 156 баппен жауапқа тартуы. Бұл романда айтылмаған. Екіншісі – арада 9 ай өткен соң, Гусевтің 1 қыркүйекте Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.X.Гасфордқа жіберген: «Майбасарды халық сайлаған жоқ, қолынан қойған – Құнанбай» – деген мәліметі.

Осы арада романдағы «Мұсақұл соғысын» еске алуға тура келеді. Бұл кезде Бөжей өлген. Ендігі ұстасып тұрған тұлғалар – Құнанбай мен Байсал. Әуезов бұл қақтығысты эпосқа тән екпінмен әсірелей суреттеп, ұлы жаугершіліктің дәрежесіне дейін көтерген. Оқиғаны ширықтырып әкеп: «Екі жақ шаңдатып шулап, сойыл, найзаларын зор айдынмен көтерісіп, бетпе-бет шабысып келді де, жапыр-жұпыр бір-бір араласып, шарт шұрт ұрысып өтті. «Мұсақұл соғысы» деп ат алып, кейін Тобықтының талай заман есінен кетпейтін соғысқа екі жақ ең кемінде, мың-мыңнан әскер шығарды» (1. 3. 228) – деп баяндайды.

Коллеж секретары Гусев осы оқиға өріс алғанда Омбыдан шығып, Шыңғысқа қарай бет алып келе жатқан болатын. Сондай-ақ шайқас жүріп жатқан кезде Құнанбайдың өктемдігін, зәбір-зомбылығын, одан жапа шеккен рулардың мұң-зарын айтып Байдалы Қарқаралыға, дәлірек айтқанда Омбыға арыз жібереді. Онда: «Аға сұлтанның ісін жедел қарап, тұтқындап, қайта Шыңғысқа келуіне рұксат етпеуін сұрайды» (сонда, 366 парақ). Соңына 68 адамның мөрін басады. Тізім ішінде Көнген Ералиннің, Тайғұл Құланбаевтың мөрлері алғашқы қатарда тұр. Мұхтар Әуезов бұған романда: «Байдалының бір қамы осы болса, екінші үлкен ісі дәл осы түнде Түсіпті Қарқаралыға жөнелту болды. Қасына бес жігіт қосып, қалталарына қалындап ақша салды. Қос-қосардан сәйгүліктер жетектеп, әсіресе, өз руларының мөр иесі адамдарына мөрлерін бастырып, отыздан аса «пірғуар» жасатып, Құнанбай үстінен мықты шағым сайлатып берді» (1. 3. 228) – деп қысқаша түсінік беріп өтеді.

Романда бұл оқиғалар «қат-қабат» дамып, өрістей береді. Ал дерек бойынша Майбасар қазақ-орыс Ворошиловтың почтасын тонағаны үшін жауапқа тартылған. Коллеж секретары Гусев Майбасардың барлық қылмысын ашып, оның қиқар қылықтарына дейін тәптіштеп мінездеме береді. Майбасар тергеушіге: «Мен ешуақытта ондай қылмыс істеп көргем жоқ. Ворошиловты танымаймын да. Орысты ұрмақ түгілі, бір қазаққа саусағымның ұшын тигізіп көргем жоқ. Бұның бәрін ойдан шығарған Бөжейлер», – деп шімірікпей жауап қатқан. Бар бүліктің басы Майбасар қаһарына мініп, «қамшысының сабымен сырмақты соққылап отырып: «Құтыртып отыр ғой! Барарын кім, білемін! Қойынқолтығы кең неме екен ғой Байдалы, Байсал. Ендеше көп тұқылды, мұздай сүңгіні сол мырзалардың өз етіне қадармын, – деп қалшылдап кеткенің» (1.3.228) тергеу кезінде шынымен ұмытып кеткен сияқты.

Оның бұл тонмойындығын көрген Гусев Қасқабұлақта отырып Омбыға жолдаған қатынасында: «Егер Майбасар қырғыздардың 1000-ның 999-ы қорқатын қазақ-орысты сабаса, онда ол қырғыздарды бауыздаудан да тайынбайды... Оны қазір де қазақтар (қамаққа алған соң – Т.Ж.) күзетіп жүр. Өйткені оның әкесі (Құнанбай – Т.Ж.) орыстың генералы сияқты, сондықтан да ол генералдың ұлы болып саналады. Қазақтардың мойнына су кетті, ал ол (Майбасар – Т. Ж.) кешкі қараңғылықты және жер жағдайын білгендігін пайдаланып қамаудан қашып кетті, оның үстіне «кателесіп» басқа біреудің ішігін «жымқыруды да» ұмытқан жоқ. Сол бетінде шауып отырып Құнанбайға барды. Ал оны Құнанбай кондырмады: «мен ауырып жатырмын деп сылтау айт» – деп кеңес берген. Содан ол өзінің бұрынғы қашқан жеріне қайтып келіп, қара жерге жантая жайғасып, өзінің аттан қалай жығылғаны туралы оқиғаны айтқан. Дәлелі үшін өз мұрның өзі қолымен бір қойып, қанын судай ағызған. Таңертеңгілікте қазақтар бос сандалыстан соң маған қайтып келді. Жиырма рет өткен жерінен және іздеп жүрген жерден олар әзер дегенде Майбасарды тауыпты. Қанша тырысса да оны орнынан тұрғыза алмаған. Аузы-мұрны шыға тойып алған оның өздерінен он есе күшті екенін көріп, қазақтар ауылдағы арбаға кетті. Қазақтардың көмегімен әйтеуір арбаға салды-ау. Майбасар көпшілікті қылмысқа тарту үшін арбадан қалай болса солай жығыла салып, басын қырын қаратып, қан-қан мұрнын көзге тоса береді. Міне, осындай «тамаша сұрықпен» генералдың ұлы бізге келді! Оны ақылына келтіру үшін тағы да абақтыға қамауды ойладым. Бірақ, сұлтанның ауылындағылардан жолды торуылдап жүрген жиырма шақты адам туралы естіген соң, Өскенбаевтардан бәрін де күтуге болатындығын сезіп, қылмысқа ұрынбау үшін ауыл старшинасы Көккөз Болатовке Майбасарды кепілдікке беруді жөн санадым. Ал «ауру адам» бізден кеткеннен кейін әндетіп, көңіл хошын көтеріп бара жатты» (сонда, 311) деп барлық мән-жайды бүгешігесіне дейін қалдырмай майын тамыза қағазға түсірді. Көркем шығармаға сұранып тұрған осынау көрініс романда жоқ. Зады жазушы Майбасарды сайқымазақ етіп көрсетсе, оған жүктеліп отырған тартыс салмағы жеңілдеп кетеді – деп шешсе керек.

Омбыдағы мұрағатта Майбасарды кепілдікке алған старшина Көккөз Болатовтың сенім қағазы да сақталған. Бұл кепілдемеде: «1852 жылы 26 қыркүйек күні мен, ауыл старшинасы Көккөз Болатов қазақ Майбасар Өскенбаевтың тынымсыз мінезін біле тұра, оны кепілдікке алғаным туралы тергеуші Гусевке мөрімді басып куәлік етемін. Алдағы уақытта ол барлық дөрекілікті қойып, өзін аға сұлтанның бауыры ретінде лайықты ұстайды. Егер сұрақ кезінде бүлік шығарып, мінез көрсетсе, тергеуге мерзімінде келмесе, онда басқармадан оны бұзық қоғамға зиянды адам ретінде болыс көлемінен қууды талап етеміз» (сонда, 311 парақ) – деп сөз берген және мөрін басқан.

Өзіне қауіпті жағдайды заңдастырып алған Гусев Майбасарды Қарқаралыға әкеп, абақтыға жабады. Сонда да аға сұлтанның көмегіне сүйеніп сыртқа шығады. Әр үйді аралап қыдыруға кіріседі. Ағайынды Өскенбаевтардың қиястығына қатты ызаланған Гусев өзінің Омбыға жолдаған хатында бірнеше рет олардың үстінен шағым жасаған. Алайда күтпеген жерден Майбасардың дауы осымен тыным табады. Өйткені, тура сол кезде Құнанбай көп қол жиып, Жігітектерге қарсы «Мұсақүл соғысын» ашқанын мәлімдеген арыздар Омбыға қарай ағылады. Генерал-губернатордың кеңсесінде енді бұл іспен генерал-лейтенант Гасфорд, генерал-майор Кириллов, полковник Спиридонов, Шекара басқармасы, Омбы полициясы тікелей айналысады. Байсал Әйтиев те аянып қалмайды. Арызды қарша боратып, үсті-үстіне толықтыра түседі. Тергеушілер бұрынғыдай бірен-сарандап емес, қарулы әскермен келіп, аға сұлтанның өзін тергеуге алды. Бұлай қару асынып, сайланып баруының себебі, Қарақаралы округіндегі төтенше өкіл Дабинский генерал-губернаторға «өте құпия» деген бұрыштама соғылған рапорт жолдайды. Онда Құнанбайдың «соғыс кезінде» кісі өлімі болғанын жасырып, бар пәлені қарсыластарына жауып отырғандығын айтып: «Өскенбаев тергеудің барысында өзін кінәлі санай қояр ма екен, сірә, ол оған қарсы дәлел де тауып отыр. Бұл бүлік соның ісі. Меніңше ол өзінің айыпты екеніне онша алаңдамайды. Өйткені, қазақтардың өзарасындағы өрбіген тартыстар мен өршіген өтірікке тағылар заңы бойынша жеңілдік боларын сезеді. Сондықтан да Өскенбаевтың оның айлакерлігі мен ақылын ескеріп, жүргізілетін тергеу ісінде басқа да дәлелді әрі сенімді күшке арқа сүйеу керек» (сонда, 333 парақ) – деп жасырын хабар береді. Міне, бұл хат арнаулы тергеу тобының сайланып шығуына мұрындық болған.

Тергеу тобы айналысқан оқиғалар 1852 – 1853 жылдарды қамтиды. Бұдан кейінгі сұрақ-жауаптар Омбыдағы генерал-губернатордың кеңсесінде өтеді. Құнанбайдың бұл тордан құтылып шығуға талпынған айла-әрекеті тергеудің уақытын соза түсуге ғана ықпал жасаған. Романдағы іс қағаздарын өртеп жіберудің жай-жапсары сол жұмбақ күйінде қалған. Бұл суреткердің көркем қиялы ма, жоқ, тергеуден тыс қалған қағыс оқиға ма, ол жағын пайымдайтын дерек қолға түспеді.

Сөйтіп, айналасы тоғыз айдың ішінде Құнанбай мен Майбасарға үш рет заңды айып тағылады. Генерал-губернатор да сот чиновниктерін Шыңғысқа үсті-үстіне жібереді. Құнанбай ақыры Омбыға шақырылады. Гусев өзінің Омбыға келе жатып жазған рапортында: «Мұнда менімен бірге аға сұлтан, екі заседатель, лекарь, молла, отыз қазақ-орыс және өзі (Майбасар – Т.Ж.) келеді» (сонда, 437 б.) – деп баяндаған.

Құнанбайдың, барлық «қылмысын» ашқан тергеуші – Гусев. Романның: «Бел-белесте» атты тарауында: «Келген әскердің басында Чернов деген шенеунік Қарқаралыдағы Майордың тапсыруы бойынша көріністен келген осы шенеуніктің өзі шығыпты... Сол ұлық үш күн жағып тергеу жүргізді. Келген бетте-ақ сұғын қадағаны Құнанбай. Ашып айтпаса да, бұның ажары Құнанбайды аға сұлтан деп қарамайды. Енді «тергелуші, айыпкер» деп бағалағандай. Ыңғай солай екенін ұққан соң Жігітек, Бөкенші, Борсақ, Көтібақ баршасы да Құнанбай үстінен шағым айта бастады» (1. 3. 231) деп суреттелетін «шенеунік» те осы шығармадағы Черновтың прототипі Гусев. Мұхтар Әуезовтің суреттелуі мен Гусевтің губернаторға жазған рапорттары өзара үйлесіп, бір-бірінің мазмұнын толықтырып тұр. Кейбір оқиғалардың уақыты ауыстырылғанымен, нақты өзек өзгермеген. Қайта, суретшінің жүрдек, шабытты қаламы қақтығыстарды құбылтып, жандандырып жіберген.

«Мемлекеттік адам» дәрежесіндегі аса үлкен құкыққа ие аға сұлтанды губернатордың арнайы жарлығынсыз қамауға алуы заңға қайшы келеді. Және қарулы жасақ та қажет. Өйткені, Майбасардың өзі қаншама бүлікке ұрындырғанын Гусев ұмыта қойған жоқ және де 500 адамнан астам қарулы топ жинаған Құнанбайдың билік күшін ескермеу – аңғалдық әрі қауіпті. Сондықтан да Гусев Омбыдан әскери көмек сұрап шағын жасақ жіберуді өтінген. 1853 жылы 13 қарашада генерал-майор Кириллов «Хорунжий Өскенбаевтың тұтқындалуына байланысты Батыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған тіл хатында: «Қараша айындағы № 4480 бұйрық бойынша Қарқаралы приказының заседателі Красускийге қазақ Ералиннің 253 жылқысын барымталап, кейбір қазақтарға дене жарақатын түсіргені үшін хорунжий Өскенбаевты тұтқынға алуы үшін командировкаға бару туралы нұсқау берілген. Өскенбаевтан әлі толық жауап алынған жоқ. Сондықтан да оның үстінен тергеу жүргізілуі үшін ол Қарқаралыға келуі тиіс еді. Бетпе-бет жүздесу қажет болатын. Округтік приказдың осы нұсқауына сүйене отырып заседатель Красуский хорунжий Өскенбаевты тұтқындап, тікелей Омбыға апармай-ақ, оны Қарқаралының абақтысына әкелді. № 4464 нұсқау бойынша Қарқаралының әскери отрядының командирі Өскенбаевты Қарқаралыға жеткізді. Өскенбаевтың Қарақаралыға науқастанып келуіне байланысты отряд командирі оны дәрігерге қаратты. Егер абақтыда ұстауға денсаулығы жарамаса, онда әскери лазаретке жөнелту қажеттігі айтылды. Мәртебелі мырза, менің 2 қазан күні № 2340 нұсқауыма байланысты осыны сізге жеткізуді құрмет деп білемін. Соған қоса Қарқаралы приказына Өскенбаевтың қылмысты әрекеттерін тез арада анықтап, қатаң бақылауға алуды ұсындым», (сонда, 357 бет) – деп баяндаған.

Құнанбайды тұтқындаған Красуский ме, жоқ, Гусев пе, әлде есауыл Черепанов па? Мұның тарих үшін де, шығарма үшін де пәлендей маңызы жоқ. Үшеуі де тапсырылған бұйрықты орындаушылар. Біз бұны қадала талдап жатпаймыз.

Тарихи дерек пен көркем шығармадағы оқиғаны түйіндеуді қажет ететін келесі мәселе – Құнанбайдың Омбыда тергеуде болуы. Романда Алшынбай майырмен (Гусев емес – Т.Ж.) пара арқылы келісіп, Құнанбай барлық құжаттарды өртеп жібереді. «Осындай өрт шығарумен майырдың жеген парасын және заңға қарсы істеген қылмысын жабады» (1. 3. 243). Барлық шиыршық атқан оқиғаның осыдан кейін жігі босап сала береді. «Сонымен арада бес күн өткенде, Құнанбай бір бөлек, Майыр бір бөлек боп, Омбыдағы көрпіске келеді. Көрпіс кеңсесі Құнанбайды осы келгеннен он шақты күн шолақ-шолақ тергеді де, ақырында айыпсыз тауып, босатып шығарады « (1. 3. 244).

Мұхтар Әуезов Бөжей-Құнанбай «қақтығысын» «қатқабаттатып», «шытырмандатып» әкеледі де осылай кілт түйіндейді. Құнанбай жеңілмейді, тағы да өзге ұлықтардан айласын асырып, оларды тақыр жерге отырғызып, қайраған қылыштай жалаңдап шыға келеді. Ол ақ патшаның да тұзағына түспей, қырға қаһарлы оралды. Демек, Құнанбай – әлі тұғырдан түскен жоқ. «Майырмен және бар Қарақаралы ұлығымен қайта табысқан Құнанбай көктемге шейін жағып, енді ұлықтығын қайта қуды. Бірақ, бұдан былайғысы аға сұлтандық емес Майбасарды орнынан түсіріп, соның орнына өзі сайланып қайтты» (1. 3. 244).

Зерек те, алғыр ой иесі осы шағын үзіндіден үлкен-үлкен екі мәселені аңғарады. Біріншіден: неге ол көктемге дейін 7 ай бойы Қарқаралыда жатты. Сонша бітпейтін не жұмыс? Екіншіден: Құнанбайдың аға сұлтандықтан түсіп қалғандығы. М.Әуезов шығармасының ешқандай жерінде аға сұлтандықтан түсті деген сөз жоқ. «Енді оны қуа алмайды» деп қана ишара жасайды. Осы сөйлеммен М.Әуезов екі нәрсені тұспалдап, меңзеп отыр. Омбы губернаторы Құнанбайды жай ғана «шолақ-шолақ тергемеген», қылмысты іс қозғалаған кезде-ақ аға сұлтандықтан шеттеткен. Ал 1853 жылы заңды түрде жауапқа тартылған. Екіншіден, соттағы іс бойынша Құнанбай 7 ай Қарақаралыда емес, Омбыда мырза қамақта болған. Тергеу аяғы құрдымға кеткен соң, оны Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханов кепілдікке алып, Қарақаралыға айдауылмен жеткізіп салған. Бұл зерттеушілерге жаңа бір арнаны: Шыңғыс-Құнанбай, Шоқан-Абай арасындағы байланыстың тізгінін ұсынады. Оның үстіне Халиолла Өскенбаев Шоқанның інісі Махмұдпен кадет корпусында бірге оқыған. Бұл өзге тақырыптың еншісіне тиесілі пайымдау.

Енді Құнанбайдың жеке өз басына жүргізілген тергеу ісіне тоқталайық. Мұхтар Әуезов аға сұлтанның Омбыға айдалуын: «Дәл осы кезде Омбыдан бұйрық сап еткен-ді. Бұрын жіберілген болымсыз қағаздар жөнінен көрпіс Құнанбайды және оның «жұмысын» Омбыға әкел деп майырға бұйырыпты» (1.3. 240) – деп барлық нұсқалар мен қатынастарды шұбыртып жатпай-ақ, бір сөйлеммен қысқа қайырады. Ал Қарақаралы мен Омбы арасына оңды-солды ағылған хат-бұйрықтардың мазмұны мынадай.

Құнанбай аға сұлтан кезінде тарақты еліне 252 қой жинап, оны генерал-губернатордың хатшысы Буденновқа бердім деген желеумен өзі пайдаланып кеткен. Мұны шекара басқармасына аға сұлтанның тағынан дәмелі Шалғынбай Бірәлин (сонда, 324 парақ) жеткізген. «Мұсақұл соғысы» кезіндегі кісі өлімін Омбы қалалық полициясы тергеп, Құнанбай Өскенбаевтың өзінен түсінік алып, мөрін бастырған (сонда, 325 бет). Мұның барлығы романда айтылған «болымсыз қағаздардың» қатарына жатады. Сот ісін полковник Спиридонов жүргізеді. Ол он жыл бойы тергелген қылмысты әрекетті ретке келтіріп, үкім шығару үшін анықтама жазған. Құнанбай Омбыда бақылау астында отырған. Оны полковник Спиридоновтың Батыс Сібір бас басқармасына 1854 жылы жолдаған мәліметінен байқаймыз. Ол: «Жуырда Қарқаралы округі приказынан Шекара басқармасының қарауына: 500 адаммен күшік тобықты болысында қарулы қақтығыс ұйымдастырған және 253 жылқыны барымталап, қазақтарды күйзелткен Құнанбай Өскенбаевты Омбыға әкелуін талап еткен еді. Ол қазір Омбыда бақылау астында отыр», (сонда, 363 бет) деп келіп, Майбасарды жеке қылмысы үшін, ал Құнанбайды қызмет бабын пайдаланғаны үшін қылмысты істер жөніндегі Заңның 156-бабы бойынша жауапқа тартуды өтінеді.

Құнанбайдың тергеу ісінің ұзаққа созылуы және оның ақталып шығуға әрекеттенуі арттағы дау иелерін де тыныш жатқызбаған. Олар 68 адамның мөрі басылған арызды тағы да генерал-губернаторға жолдайды. Құнанбай қақпанға түскен кезде: «Бірлесіп қарсылық көрсеткен үш ру ел біржолата қойындасып, құшақтаса араласып жатты. Осымен қатар: «Құнанбайды елге қайтартпаймыз, айдатамыз, үстінен арызды айдап, су түбіне біржола кетіреміз, Бөжейдің кегін аламыз» (1.3.234) десіп, Байдалы бастаған топ: «Қоңыр-көкше Тобықты болысы мен лауазымды старшиналардың, билерінің және қазақтарының атынан өтініш» жасады. «Мәртебелі тақсыр сізге Қарқаралы округінің бұрынғы аға сұлтаны Құнанбай Өскенбаевтың ісі тергеуге беріліп, Омбы қаласына әкеткені белгілі. Егер Өскенбаев бұрынғы көшіп-қонып жүрген жері мен туыстарының арасына қайтып келетін болса, онда бізге өте қауіпті қатер төнетінін, тыныштықтың бұзылатынын жақсы білеміз. Сондықтан да сізден, мәртебелі тақсыр, Өскенбаевты аяусыз жазалап, қайта елге жібермеуіңізді өтінеміз. 1854 жыл 5 мамыр «(сонда, 336) – деп жазылған. Бұл өтінішті кеңсе төрағасына Гусев оқып беріп, Құнанбайды қаладан шығармау жөнінде ұсыныс жасайды.

Қоңыр-көкше Тобықты болысының игі жақсылары мен жайсандары ұйымдастырған бұл арыз Ырғызбай ұрпақтарының да құлағына тисе керек. Олар да торға қамалған арыстанын арашалау үшін жанталасып, қилы-қилы жол іздеп, айла-шарғы жасайды. Соның ішіндегі заңға араластыра атқарылғаны тура сол 5 мамыр күнгі Шекара басқармасына Қарқаралы приказынан жолданған молла Сейфуллин мен күшік-тобықты болысы Сүйіндік Жангөбековтің хорунжий Құнанбай Өскенбаевты қолдарына кепілдікке беріп, Омбы түрмесінен босатуды өтінген қолхаттары. Ол кепілдік тергеу ісінің 371-бетінде тіркелген. Полковник Спиридонов бұл туралы арнайы мағлұмат та жазған.

Сөйтіп, ел іші Қоныр-көкше және Күшік Тобықты болысы болып екіге бөлінсе де өзара шарпысулары тоқтамайды. Бұрын қол жиып, майданда қақтығысса, ендігі айқас қағаз бен қара қаламға көшеді. Ал қазақтың қаржасуы қағазға ауысқаннан кейін-ақ оны тоқтату қиын. Бір арыз тексеріліп біткен кезде алдыңғы адамға қоса, сол істі тергеген шенеуніктің өзінің үстінен домалақ арызды жарыстыра жөнелтеді. Кеңсе тәртібі бойынша қызмет бабын пайдаланған лауазым иесін жауапқа тартуы тиіс. Еріксіз Омбыдан Қарқаралыға, Қарқаралыдан Шыңғысқа айдауыл жіберіледі. Екі жақтың кезек ырғасуымен 1853 жылдың күзі, 1854 жылдың қысы, көктемі, күзі өтеді. Тергеу аяқталмайды. Ал Құнанбай Омбыдағы мырзақамақта болады.

Міне, осы «мырзақамақ» дегеннен барып ғылыми зерттеуге қатысы шамалы, бірақ аса тосын әрі өмірлік маңызы бар бір сұрақ туады. Құнанбай тергеу ісіне жауап беру үшін ғана Омбыға шақыртылды. Әрине, үлкен айып арқалап келіп отыр. Бірақ оны үкім шықпай түрмеге қамауға заң жоқ. Істі болған адамдардың барлығын жатар үймен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету – қазынаның міндеті емес. Сонда Құнанбай қайтіп күн көрген, кімнің үйінде жатқан. Бір жыл керуен сарайына (постоялый двор) түнеп жүрген бе? Ал «мырзақамақ» дегеніміз – үй тұтқыны. Бейсауат көше қыдыруға, қаладан шығуға, сайлауға, сайлануға қақы жоқ. Үнемі полицияның бақылауында жүреді. Аптасына бір, екі рет түрме бастығына барып белгіленіп тұрады. Қалған қарекетті өзің жасайсың. Өмірі қазан-ошақты ұстамаған Құнанбай қалай күнін көрді?

Түйткіл осы арада. Құнанбайдың үстінен жүргізілген ісі мен және де өзге өмірбаяндық мұрағат құжаттарын зерттеген Ә.Марғұлан (42), М.Бейсенбаев (61), Ж.Қасымбаев (66), Б.Сапаралин (33) іспетті оқымыстылар 1851 жылы толтырылған Құнанбайдың өмірбаяндық анкетасында көрсетілген:» Әйелім – Айбөбек» (кейде Әйбәт) – дегенге сүйеніп: «Айбөбекті – Күңкенің жанама аты, төркіндері солай еркелетіпті-міс» – деп жорамал жасайды. Шындығында, Айбөбектің Күңкеге еш қатысы жоқ, Құнанбайдың дербес төртінші әйелі. Омбы қаласында жылға жуық «мырзақамақта» жүргенде – шариғаттың талабы мен рұхсатына орай бойын кірлетпес үшін және мұқтаждықтан құтылу үшін Айбөбекке Әйбәтқа некеге отырған. Марқұм Әлкей Марғұланның «күтуші есептегі» деген бір сөзді Нұрғанымға қарата айтуының арасында құпия сақталып келе жатқан сырдың бірі ғана. Санаулы ғана адамдар білетін, серт беріп айтылған бұл құпия деректі ұсынғанда, Құнанбайды тағы бір түйреп кету үшін емес, оның басына күн туған кезде де шариғат шартын қатаң сақтағанын еске сала кетуді мақсат еттік. Бойын таза ұстау, бес уақыт намаз, зинақорлық жасамау таза мұсылманның парызы және алыс сапарға шыққанда некелесіп төртінші әйел алуға рұхсат. Өйткені, жолаушы мүсәпір. Біз Айбөбек – Әйбәтқа қатысты оқиғаны Құнанбайдың өз тұқымы, ұзақ жылдар бойы Абай мұражайының меңгерушісі болған Ниязбек Алдажаров ақсақалдың жазбасы арқылы жариялауды жөн көрдік. Н.Алдажаров:

«Ағамыз Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Жер айналмай тұрмайды дүние жай, Келер, кетер адамзат із қалдырмай» дейді. Олай болса Құнанбайдан тараған еркек, әйелдер жақсы, жаман болсын, әйтеуір, Абайдың арқасында қағаз бетіне түсіп, ел аузына ілікті. Осылардың ішінде болған-болмағаны беймәлім бір анамыз елеусіз қалып бара жатқан соң, еріксіз сыр ашуға мәжбүр болдым. Құнанбай атамның басына ауыр күндер туғанда тамағын істеп, кірін жуып, ыстық құшағымен көкірегін жылытқан адамды ұмыту – дұрыс емес. Жоқтаусыз қалған анамызды ойлап, осы естелікті заманы өтсе де жаздым. Ертеде Құнанбай Омбыға айдалады. Жалғыз Құнанбай емес, әр елдің Құнанбай сияқтылары Омбыдағы заң орнына жауапқа тартылып, аптасына бір рет көрініп тұруға міндетті боп, кепілдікте жүрсе керек. Бұлардың әрқайсысы әр жерде қонақтап күйістері кетеді. Жайлары болмаған соң бастарын қосып, ақылдаса келіп: ауласы кең, өзі үлкен жеке үйді жалға алып, барлығы бір арада тұрмақ болады. Үйге иелік етуі үшін олардың біреуінің әйел алуына тура келеді. Жиналғандар ары айтып, бері айтып, Құнанбайды көндіреді. Сөйтіп, бәрі бірігіп, қазан-ошағынан түтін шығып, кірлері жуылып болған соң, елді аңсауды жеңілдетіп, өздерінше өмір өткізіп жатады. Бәрі де әлді адамдар, қаражаттары жеткілікті, қастарында жандайшаптары бар, әңгімеден басқа ермектері болмайды.

Өстіп жүргендерінде күз келіп, қылмысты істер қысқартылып, елге қайтатын күн туады. Қайтарында Құнекең әрі-бері ойланып, қысылтаяң кезде жолдас болған Әйбәтті оңаша жеке үйге орналастырады. Құнанбайға амандасуға келіп-кетіп жатқан жұртқа Әйбәтті көрсетпесе керек. Біраз уақыт өткенде Әйбәт кенеттен қайтыс болып, елге дабырасыз жерленеді. «Ел құлағы елу» дегендей, ағайын арасында мынадай қауесет тарайды: «Құнанбайдың ықыласы өзі енді, өзі жас әрі басына күн туғанда бауырын жылытқан мына тоқалға ауып кетеді» –  деп өзге әйелдері қызғаныш қылып, сөз қосып оған у беріп өлтіреді» – деседі. Бірақ бұл әңгіме құпия күйінде қалады. Ондай өсекке Құнанбай жол бермеген. Әйбәтті жоқтап, құнын даулап жатқан ешкім жоқ. Елі алыста. Сөйтіп, жабулы қазан  –  жабулы күйінде қалады. Әйбәттің өмірі көрген түстей сағым болып осылай аяқталған.

Қазақта мынадай мәтел бар: «Күндестің күлі күндес» деген. Зар заман жазықсыз бейбақ Әйбәтті күндестердің құрбаны етті. Бұл «сыбыс» уақиғаны мен бала кезімде Шәкәрімнің әңгімесінен естігем. Уақыт озды. Құнанбайдың төрт әйелі де о дүниелік болып кетті. Барлығының аттары тасқа басылып қалды. Ал Әйбәттің оқиғасы ұмытылды. «Ғасырдан астам уақыт өткенде адамның артында із қалмайды» – деген қағида ойыма түсіп: ізсіз күйінде өмірден өткен Әйбәт ананы еске алып, осы естелікті жазуды жөн көрдім. Құнанбай атам туралы тарихтың бұл да бір болымсыз ұшқыны. Айтпасаң, жазбасаң кейінгі ұрпақтар қайдан біледі « (39. 3. І.т.) – дейді.

Расында да солай. Құнанбай – Айбөбек (Әйбәт) оқиғасын кім білген? Бірақ, өзге-өзге, ал Мұхтардың бұл оқиғадан мағлұматы болған. Құнанбайдың жүрек жарасына айналып, ашындырған осынау пендешілік қасіреті оның жанына тағы да бір терең жара салған. Құнанбайдың бәйбішелерінен суынып, Нұрғанымға үйленуінің бір сыры Әйбәттің қазасына қатысты болуы да мүмкін. Ал, М.Әуезов Айбөбек-Әйбәт оқиғасын саналы түрде «ұмытқан» сияқты. Егер қаперіне іле қалған жағдайда, Абайдың үш шешесінің біреуін кінәлі етіп суреттеуіне тура келер еді. Ал, бұл – суреткердің де, шығарма табиғатының да жетекші тұлғалары – Құнанбай мен Абайдың да мұрат-мақсатына сай келмейтін. Сонымен, иә, М.Әуезовтің өзі ойын үзіп тастауы үшін қолданатын «сонымен» деп тергеу ісіне қайтып оралайық.

Сонымен...

Бұл арада Омбынын генерал-губернаторы ауысады. Гасфордтың міндетін генерал-майор Фридрихс атқарады. Ол Құнанбайдың ісін жабу туралы пәрмен береді. Фридрихстің бұйрығы бойынша 1854 жылы 3 қазанда Тарасов деген іске кірісіп, Құнанбайды Сүйіндіктің кепілдемесіне сүйене отырып бостандыққа шығарады. Бірақ та Құнанбайды: «Қарқаралыға дейін жеткізіп салатын және оның жолай ешнәрсеге ұрынбай, қылмыс жасамай тыныш жүретініне кепілдік беретін» адам іздейді. 1855 жылы 31 мамырда Тарасов өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына берген түсініктемесінде: «Әскери генерал-губернатордың міндетін атқарушы генерал-майор мәртебелі Фонь-Фридрихс мырза! Сіздің өткен 1854 жылы 13 қазан күні: егер хорунжий Құнанбай Өскенбаевты оның ауылдастары кепілдікке алса ғана босатуды тапсырған №1360 бұйрығыңыз орындалды. Сіздің ол пәрменіңіз 19 қазанда облыстық басқармаға мәлімделді. 1854 жылы 3 қарашада олар: «Өскенбаевты Қарқаралы приказына жеткізу Шекара басқармасының қазақтар жөніндегі кеңесшісі Уәлихановқа тапсырылды. Ол бұған келісімін берді және де Өскенбаевтың Омбыдан шығысымен бірден Қарақаралы приказына баратындығына кепілдік берді» – деп хабарлады. Ал Қарақаралы приказына: «Ол сонда жетісімен 1012-бапқа сәйкес Өскенбаевтан және кепілдемеге алған адамдардан: қылмыскер қашып кеткен жағдайда жауапқа тартылатындығы туралы қол қойдырып алу тапсырылды. Нұсқау бойынша 17 қарашада Өскенбаев кепілдеме берген Мырзақан Байтөриннің, Тоқсан Шарбаевтің, Жангөбеков пен Татыбаевтың қолына тапсырылып берілді « (сонда, 380 парақ) деп хабарлайды. Құнанбайды Шыңғыс Уәлихановқа кепілдікке бергізіп, оның Қарқаралыға жетуін бақылап, іліктік қызмет атқарған кеңсе қызметкері Тарасов деген шенеунік.

Міне, осымен Омбы губерниялық мемлекеттік мұрағатындағы Құнанбай Өскенбайұлы туралы тергеу ісінің бірінші томы аяқталады. Бірақ та Құнанбайға әлі де заңды түрде сот үкімі шықпағандықтан да «сұлтан Өскенбаев туралы іс» деген екінші шағын іс басталады. Мұндағы оқиғалар негізінен Семей қаласында өтеді. Онда: Санк-Петербургтағы юстиция министрі Құнанбайдың неге жазаға тартылмағаны туралы түсініктеме сұрайды. Іс 1855 жылы 24 қарашада Тұрысов деген шенеунікке тапсырылады. Ол бұл тапсырманы кешігіп естігендіктен де оны орындаудан бас тартқан. 1856-57 жылдары Санк-Петербург-Омбы-Семей арасында қайшыласқан ресми қатынастардан соң барып, бұл іс 1859 жылы Аякөз округіне табыс етілген. Онда да біраз тергеу жүргізіледі. Алайда ол кезде қылмысты іске қатысты куәлардың біразы о дүниеге аттанып кеткен болып шығады. Ал тірілері дұрыс жауап бермейді. Сөйтіп, оқиға ескіріп, тергеу сүрлеуі сөзалаңға түседі. Оның үстіне көркем шығармада суреттелгендей: «Құнанбайдың он жыл бойында тірнектеп жүріп тартып алған жерлерінен дәл он бес қыстау қайтып алынады. Жігітек, Көтібақ, Бөкенші, Торғай бәрі де, әлденеше коныс, қыстаулардан алысты... Оған орай көпті малмен, сойыспен, ат майы және тайынша-торпақ, соғыммен ырзалады. Бұл ретте берілетін мал-мүлікті Ырғызбай түгел бөлісіп көтерді» (1.3.234). Яғни бұрынғы кектің есесі қайтып, Байдалы мен Құнанбай өзара бітісіп тынады. Істің насырға шапқандығын сезіп, оның түп салқынынан үрейленген Құнанбай осындай әдіспен ашылған жараның аузын бітеген. Сондықтан да Семейдегі іс сиыр-құйымшақтана береді.

Тергеушілер әртүрлі нұсқаулар мен бұйрықтар келген кезде ғана шаң басқан істі бір сілкіп тастап отырады. Сонымен, 1861 жылы 24 наурызда Семейдің бас басқармасы: тиісті адамдар табылмады – деген белгі қояды. Ал 1864 жылы 15 ақпанда генерал-майор Попов юстиция министріне: «тергеу ісі аяқталды, енді үкім орындалады»,– деген қатынас жолдаған. Бұл үкім де орындалмаған. Ол кезде Құнанбай да қартайып, құдай жолын қуып, ел билігінен бойын тартқан. Сөйтіп, тура 15 жылға созылған тергеу ісі еш нәтижесіз аяқталған. Осы орайда, Құнанбай неге Омбы түрмесінен босатылып, үкім шығарылмауының себебі туралы Әбіш Жиреншин тосын дерек ұсынады. Құнанбай, Абай айналасын өте жақсы білген, атасы Жиренше сол оқиғалардың ішінде жүрген. М.Әуезовтің өзіне осы оқиғаларды айтып берген, Мұсылманқұл Жиреншиннің немере інісінің жазуы бойынша: (11. 25): Құнанбай үш жыл бойы үй түрмесінде – мырзақамақта болған, яғни, өз ауылынан басқа жаққа шығуға не сайлауға құқысы болмаған. Сол кезде тобықты руының бір топ адамдары Верный бекінісі мен Семей қаласының арасына қатынайтын, қазақтар «үкілі почта» деп атап кеткен ақша таситын почтаны тонап, күзетіп келе жатқан хорунжийді өлтіріп кетеді. Оқиға Шыңғыстың шығыс тұсындағы Архат тауының бөктеріндегі Алшын бекетінде өтеді. Семей губернаторы: барлық болыстарды жиып, қылмыстыларды тауып беріңдер – деп жарлық шығарады. Олар қарсы сөз айта алмайды, қарулы топтан сескеніп, тіс ашпайды. Ұрылар Найман руының Байжігіт табының ішіне жасырынады. Одан тұрақ таба алмаған соң шекараның арғы бетіндегі Барлық тауының теріскей желкесіндегі Төрежайлауды паналайды. Ол адамдардың тағдырынан хабары бар Құнанбай жандаралға: егер де өкімет мұның бұрынғы қылмысын кешіріп, баяғы хорунжийлік шенін қайтарып беретін болса, онда ұрыларды тауып берейік – деп тілек білдіреді. Оның бұл ұсынысын губернатор қабылдайды.

Бұл құпия келісімнің мән-жайын М.Әуезов «Абайдың ата-тегі» атты мақаласында: «Омбыға барғанмен Құнанбай айдалып кетпейді. Әлдеқандай түрмедегі ұлықпен келісіп, істерінің бәрін тоқтатып, еліне қайтады» (7. 269) – деп емеурін таныта баяндайды.

Сөйтіп, Құнанбай өзінің үзеңгілес ескі танысы, Аякөздің аға сұлтаны Барақ Солтабаевқа қолқа салады. Барақ екеуі Қытай шекарасынан өтіп, ондағы абақ керейді билеп отырған төре тұқымдары Шотан мен Бопанайға барады. Олар көкше руынан шыққан Тобылды, Үдербай, Жүндібай, Түңлікбай, Мәмбетей деген ұрыларды ұстап береді. Оларды патша өкіметі Аякөз қаласында қарала ағашқа дарға асып өлтіреді. Құнанбайдың айыбы түгел кешіріліп, ояздың «ерекше тапсырма жөніндегі құпия көмекшісі» қызметін атқарады. Міне, Құнанбайдың сот тұзағынан құтылуына оның осындай «қызметі» себептер болса керек.

Бұл оқиға тұсында Құнанбай істі боп жүрген. Ал империяның «үкілі почтасын» тонаған қыр қазақтарына құзырының жүрмеуі державаның атына да, генерал-губернатордың міндетін атқарып жүрген Фридрихска да намысты оқиға еді. Сондықтан да жаңа губернатордың Құнанбайды кепілдікке босатуы әбден мүмкін. Зады оның бұдан басқа амалы да қалмаған сияқты. Омбы мен Семей шенеуніктерінің Юстиция министрінен келген пәрменді қатынасқа жалтара жауап беруі, тергеудің соңын сөзбұйдаға салуы соны аңғартады. Ал, өзге-өзге, Құнанбай өзін қорлап, айдауылмен абақтыға жөнелткен Жігітектің көсемдеріне өзі киген кебінді бір кигізбеуге тырыспауы да ақылға сия қоймайды. Бұл мақсатына Аякөз оқиғасынан кейін жетіп тынады. «Құпия кеңесші» Құнанбай Жігітек қайтарып алған 15 қыстауды тағы да таланға түсіреді. Құлыншақтың «бес қасқасының» Наданбайы мен Сыбанбайын, жігітек Қауменнің Базаралы мен Балағазыны Сібірге айдатып, Садырбайды Қарқаралының абақтысына қаматады. «Ұрыларды жасырып, ақ патшаға қарсы әрекет жасады» – деген желеумен Көкше мен Жігітектің басты-басты адамдары – Қаратайды, Түсіпті, Көтібақ Пұшарбайды, Байсалды, Асаубайды, Тайғұлыны бір түнде ұстатып, Аякөздің түрмесіне жаптырады. Дегеніне жетіп тыңған соң ғана тәубесіне келіп, арпалыспен өткен 18 жылына өкінгендей боп, «дүние ісінен жерінген» сияқты. 1864 жылғы «үкімді орындау туралы» Юстиция министрінің жарлығы келісімен, тағы да торға түспес үшін Патша кеңсесінің рұхсатынсыз, Семей губернаторының мақұлдауымен асығыс Мекеге қажылық сапарына аттанған. Сол бетінде мүлдем кетіп, қайтып келмеуге бекінген екен.

Ол жөнінде Мұхтар Әуезов: «... Құнанбай қажыдан қайтқанда түсінде Өскенбай кеп: «қайт шапшаң, неғып жүрсің!» – депті. Түрік пен орыс соғысы жақындап келеді екен... Осман патшасы қолға түсіп, түрік жеңіледі. «Тез қайтпасақ бітім болғанша қалып қояды екеміз» – дейді. «Рұқсатсыз кеттің деп» орыс консулы 25 сом штраф салады (67. к. 1. П2 29) деп жазды. Оған бұл деректі Бөкен Жиреншеұлы айтыпты. Құнанбай қайтып оралғанша тергеу ұмыт қалып, ескіреді.

Осымен Шыңғыс өңірінен бастап Петербургке дейін дүрліктірген «Сұлтан Өскенбаевтың ісі» тыным табады. Көркем шығармадағы Құнанбай бейнесі де бірте-бірте ысырылып, романдағы екінші жетекші тұлға – Абай тарих сахнасына шығады.

Ендігі бір жауап бере кететін көкейкесті мәселе: кепілдік беріп Құнанбайды түрмеден алып шыққан Шыңғыс Уәлихановтың романда ұмыт қалуы.

Шыңғыс – исі қазаққа аты әйгілі аға сұлтан, Абылайдың қара шаңырағының иесі. Құнанбайдың онымен иықтасып жүруінің өзі – айбын. Шығармаға сұранып тұрған оқиға. Бұған нақты жауап беру қиын. Алайда заман қыспағының салқыны тигені анық. Ал көркемдік шешім тұрғысынан келсек, мынадай топшылама жасауға болады. Бірінші: Құнанбай бүкіл қоғамның барлық қарама-қайшылықтары мен қасиетін бойына жинақтаған нысаналы тұлға. Қатал, ақылды, әділ әрі батыл қимылдың иесі. Қандай қатерлі әрекетке барса да оның ауыртпалығын өзі көтереді. Ол ешкімнің алдында тәуелді емес. Алладан ғана сескенеді. Өлімді де қасқайып қарсы алатын Құнанбайды Шыңғыстың алдында иментіп, араша сұратса – онда бұл оның рухани күйрегенінің белгісі болар еді. Бұрынғы әсердің бәрі жойылып кетеді. Ал Абайды шынықтыра түсу үшін қатал да қатыгез Құнанбай әлі де қажет. Ол шығармадағы өзінің міндетін әлі түгел орындап бітпеген еді. Омбыдан жалы жығылмай оралса, патша өкіметі жеңе алмаған Құнанбайды — Абай ақылымен еңсерген боп шығады. Демек қаталдықты – адамгершілік, зорлық-зомбылықты — әділдік жеңбек. Міне, Мұхтар Әуезовтің суреткер ретінде алдына қойған ең басты мақсаты да сол еді.

Екінші: сол кездегі патшаның отаршылдық үстем саясаты мен ұлықтардың парақорлық қылықтарын жемқор Майыр арқылы әшкерелеу.

Үшінші: егер генерал-губернатор Құнанбайды түрмеге жауып, жер аударса – сырттай қарағанда, олар әділ үкім шығарып отыр деген емеурін тудыруы мүмкін. Ал, Мұхтар Әуезов үшін бұл өте қатерлі көркемдік шешім болар еді. «Патшаның жандаралын жағымды жағынан көрсетті» – деген әсіре сыншылардың жаласына қалатын. Оны ескермеуге болмайтын.

Төртінші: Шыңғыс пен Құнанбайдың «табысуы» пәлендей көркемдік міндет атқармайды. Шиеленісіп кеткен оқиға шиеленіспен шешілуі тиіс. Егер М.Әуезов бұл деректі пайдаланса, онда міндетті түрде Шоқан мен Абайдың арасына да тоқталу қажет. Тарихи болжам тұрғысынан алғанда, Абай Шоқанды көруі де мүмкін. Өйткені, ІІІоқан Семейге келген кезде Абай сонда медіреседе оқып жүрген. Ал Шоқан мен Достоевский Абайдың әпкесі Мәкеннің қолынан дәм татып, саятқа шыққан, ол Враньгелдің естелігінде бар. Бұл дерек М.Әуезовке мәлім. «Шоқан және Достоевский» атты мақаласында олардың өзара жазысқан хаттарын мысалға келтіре отырып баяндаған. Бірақ бұл деректі пайдаланса негізгі желіден ауыткып, шашыраңқылыққа ұрынатынын сезген. Бұдан көрі тәуекелге бел буып, шанадағы тергеу қағаздарын өртеп, губернатордың, санын соққызған Құнанбай тұлғасы мынадан әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда жинақы.

Ол жағада қайрандап қалған жоқ. Қаһары бойында. Суреткер Әуезовке Абай бейнесін ширатып, кемелдендіре түсу үшін тасқа соғылған Құнанбай емес, тасқа соқтыратын айлакер Құнанбай қажет.

Жетекші тұлға – Құнанбай өзіне тиесілі көркем уақыттың ішінде сол міндетті толық орындап шықты. Соның нәтижесінде Мұхтар Әуезов көшпелі қоғамның мұқым болмысын, қайшылығын, рухани таным әлемін, психологиясын, философиясын, салт-санасын «Абай» романы арқылы жан-жақты қамтып, қым-қиғаш, әрі мол тарихи деректерді іріктеп, көркем ойын жүрекке тұндырып, таза тұнығын ғана ұсынды.

Ол – Көркем уақыттың шындығы, Мұхтар Әуезовтің көркем шындығы. «Абай» романының «Қат-қабатта», «Жолда», «Бел-белесте» атты тарауларындағы оқиғаның тарихи дәлелі мен өмірлік егжей-тегжейі, міне, осындай. Бұл – теңізден бұлақты бөліп алып, соның құрамын тексергенмен бірдей ғана пайымдау.

3

 

Әр шығармада оқиға өзегіне айналған, жаныңды жылытатын бір жағымды кейіпкер болады. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайды жатақтармен жақындастырған, әділет үшін күрескен Дәркембай – сондай кейіпкердің қатарына жатады. Ол — халық арасынан шыққан дана, қаһарланса – Құнанбайды да сескендіретін сұсты тұлға. Және... жатақтардың көсемі ақылға сүйене отырып, көпке қозғау салады, тұтаса қимылдатады. Сонымен қатар өнерге де ынтық. Өзі тақыр кедей. Дәркембай аты аталған тұста – халықтық сахнаның шымылдығы ашылып сала береді. Дәркембай – Абай мен халықтың арасындағы дәнекер. Ол жас Абайға халықтың өткен-кеткен тарихын айтып, кекті жандардың мұңын жеткізеді. Есейген Абайға – серік, ақылшы ретінде көрінеді. Дәркембай Абай айтқан, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» иесі. Сондықтан да сыншылар мен зерттеушілер Дәркембай бейнесі төңірегінде көп тоқталып: «Шынымен осындай данышпан Дәркембай өмірде болған ба?» – деген сауалды кезінде Мұхтар Әуезовтің өзіне де жиі қояды екен.

Расында да XIX ғасырда Шыңғыс тауында өмір сүрген Дәркембай атты адам болды ма, жоқ па? Болса, ол – Абайға сонша жақын жан ба еді?

Міне, осы төңіректегі сан-саққа жетелеген топшылауларды тұжырымдау – зерттеушінің парызы іспетті тақырып. Шынында да Құнанбаймен қақтығысып, Абайға ақыл қосқан Дәркембай тарихи адам ба, жоқ па? Егер шындыққа жанасымы бар адам екені рас болса, оған қандай тарихи және өмірлік дәлелдер айғаққа жүреді?

«Абай жолы» роман-эпопеясының төрт кітабы жазылып бітіп, жарық көрген соң өткізілген оқырмандар конференциясында бір студент жазушыға: «– Дәркембай төрт кітапта бірдей бар. Сонда ол кісі қартаймай ма? Өзі шын өмірде болған адам ба? «–деп сұрақ қойыпты. Сонда Мұхтар Әуезов: Сұрағың орынды. Бірақ көркем шығарманың шеңберінде қиялын қалай шарықтаса, соған орай аздап аттың бауырын жаза шауып алуға болады. Оған шек қойылмайды. Сондықтан да сол құқымды пайдаланып, Абайдың халық ішіндегі елшісі Дәркембайды жол ортадан сахнадан шығарып тастай алмадым. Ол аса қажеттіліктен туды», деп жауап қайырыпты.

Бұл әңгімені сол конференцияда Мұхаңмен бірге болған Абайдың немересі Мәкен Тұрғұлқызы айтты (69.3.1.т. №2). Жазушы өзінің бұл пікірін «Абай» романының жазылу жайынан» атты мақаласында: «Сонымен Абай шығармаларын өз алдыңа қойғанда, менің романдарымдағы нағыз тарихи нәрселер қандай? Бірен-саран болмаса, романдағы кейіпкерлердің бәрі түгел дерлік өмірде болған адамдар: әрине, олардың бәрі бірдей белгілі тарихи роль атқарып жатқан жоқ, бірақ Абай айналасында өмір сүріп, тіршілік еткендер. Сондықтан, азамат ақынды, оның дәуірінің шындығын көрсетуде бұларды елеусіз қалдыруға болмайды. Олардың шыққан тегі, істеген істері шындыққа дәл. Абайдың жеке басына, семьясына немесе бүкіл халық тағдырына қатысы бар. Сөз жоқ, тарихи романшының правосы бойынша менде ой, жоба, топшылау, елестеу, өзімше қорыту дегендер болды, бірақ соның бәрінің негізінде нағыз болған шындық жатыр «(3. 12. 110 – 111) –,  деп жазбаша түрде растап береді.

Осы үзіндінің өзінен-ақ кейбір прототипі жоқ деген кейпкерлердің де өмірлік деректен алынып, келе-келе жиынтық бейнеге айналғанын байқаймыз. Ал Дәркембайдың өмірде болған адам екендігін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтың бірі – Омбы губерниялық мемлекеттік мұрағатындағы «Қарқаралы округінің аға сұлтаны және болысы Өскенбаевтардың заңға қарсы әрекеттері туралы... шағымдар «– деген тергеу ісі. Соның 14-бетінде куәлердің ішінде Дәркембайдың да есімі аталады. Онда тергеуші: «Аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевтың айтуы бойынша: қарсылас рудың старшинасы Байсал Әйтиев, Байке Мырзатаев, Жұмабай Дәулетбаев, Тайлақбай Нұрбаев, Шәңкі Жаманқұлов, Жүсіп Қотанбұлақов, Бөжей Ералин, Дәркембай Қабдалин... Қаратай Сапақов қызмет бабы бойынша оған (Құнанбайға – Т.Ж.) бағынышты болса да тыңдамайды» (60. 3. 339. 10) – деп жазған. Жазушы нақты оқиғаға қатысқан, адамның басынан кешкенін өзек ете отырып, соған ішінара жазушының көркем топшылауын қосқан.

Дәркембайдың қартайғандағы жүгін жеңілдетіп, тың тынысты ала келген кейіпкер – Дәрмен. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық қиялынан туған кейіпкер. Романда Қодардың немересі Дәрмен емес Қиясбай. Мұны суреткер жоғарыда аталған еңбегінде: «Одан әрі Құнанбай Мекеге жүрер алдында Дәркембаймен кездесіп, екеуінің арасында қақтығыс боп қалады. Дәркембай баяғы Құнанбай асып өлтірген Қодардың немересін жетектеп келіп, соның атынан дау айтады. Мұның бәрінде де дұрыс мотивировка бар. Дәркембайдың ойынша Құнанбай өзін «күнәдан арылтатын жерге» кетер алдында мынау жетім баланың қарызын өтеп кету керек. Оның атасынан тартып алған жерді қайтып беруге тиіс. Бұл тұста Абай өз әкесін іштей қатты кінәлап, Қиясбайға рақым сөзін айтады. Мұны жай құбылыс деуге болмайды. Мұнда терең сыр бар: Абай тек бір жетім баланың ғана емес, бүкіл халықтың алдындағы өз қарызын мойындады» (3. 12. 118) деп прототиптің нақты атын айтып, суреткерлік мақсатын түсіндіреді.

«Абай жолы» роман-эпопеясындағы ақылгөй Дәркембай бейнесі арнайы тақырыптың еншісі. Өйткені, романның бірінші, екінші кітабында тарихи шындық тұрғысынан суреттеліп, Құнанбаймен қоса сахнадан ысырылып қалуға тиісті Дәркембайға үшінші, төртінші кітапта қосымша «міндет жүктеледі». М. Әуезовке: «Абай» романындағы кедей өкілі жоқ, сондықтан да таптық тартыс суреттелмеген – деген солақай айып тағылды. Мұны Мәскеулік әдебиетшілер де «қадап-кадап» айтты. Жазушы өз еркінен тыс «Қарашығын» деген тарау қосып, Дәркембайдың жасын еріксіз ұзартуға мәжбүр болды. Сөйтіп, «өлмейтін Дәркембай» өмірге келді. Суреткер көңіл қалауынсыз жазылған тұстардағы бұл көріністің ырықсыз қосылғанын аңғартқысы келгендей: «... Кітапта Абайдың, жатақтармен, әсіресе, Дәркембаймен достығы суреттеледі. Мұндағы мақсат – даладағы қоғамдық күрестің тарихи-әлеуметтік сырын ашу, сөйтіп ауылдағы таптық жіктелуді көрсету. Таптық жіктелуді, халық бұқарасын, әсіресе, кедейлердің бітімсіз күреске топтала бастауын көрсету автордың екінші кітапта алға қойған мақсаты» (3. 12. 124) деп түсініктеме берді. Осы үзіндіден Дәркембайдың романдағы «кейіпкерлік міндеті» анық аңғарылады. Мұндай үлкен мақсатты қамтуға тиісті кейіпкерге бір адамның басындағы оқиға да, бір адамға тән қасиет пен мінез де жеткіліксіз, Дәркембай өмірде қандай білгір, қандай шешен болса да суреткердің қиялына олқы соғып отыратыны айтпаса да түсінікті.

Дегенмен де сондай ізгі ниетті, халық қамқоршысы, ақылгөй тұлғаны дүниеге әкелуге ой тастаған Дәркембай кім? Кейіпкер Дәркембаймен, өмірде болған Дәркембайдың арасында қандай жақындықтар мен айырмашылықтар бар? Дәркембайдың аты Мұхтар Әуезовтің ел аузынан жинаған деректерінің ішінде екі-үш рет аталып өтеді. Бірақ таратыла түсінік берілмеген. Ғылыми пайымдаудың мақсаты мен міндетіне жатпаса да, Дәркембайдың немерелері берген деректерді назарға іліктіре кетуді лайық санадық. Өйткені, біріншіден: Дәркембай туралы деректер өте аз. Екіншіден: сол қат деректердің өзінде Дәркембайдың Құнанбайға, Абайға қатысы, жас мөлшері, мінез-құлқы, шыққан тегі туралы құнды мәліметтер бар.

Дерек беруші Дәркембайдың немересі Аймұхамет Түгелбаев – 1913 жылы Жидебай қорығының жанындағы «Қызылтөбе» деген жерде дүниеге келген. Жергілікті жұрт оны «Орысқора» деп те атайды. Өйткені XX ғасырдың басында осы араға 20 үй орыс жатақтары келіп қоныс тепкен. Олар егін салып, отырықшы ғұмыр кешкен. Жатақ орыстардың ескі қыстауының орны қазір де бар. Демек, «Абай жолындағы» Дәркембайдың орыс жатақтарымен аралас-құралас суреттелуі де тарихи шындыққа барынша жақын болып шығады. 40 жылдан астам ұстаздық еткен Аймұхамет марқұмның жазып берген куәлік-қолхаты мынау:

«Мұхтар Әуезовтің шығармасындағы Дәркембай – менің үлкен әкем. Әрине, оның қандай дәрежеде атамыздың өз өміріне сәйкес бейнеленгендігін мен айта алмаймын. Мен: «Сол Дәркембайдың өз басынан кешірген оқиғалары мынау»-деп әкемнің інісі мен ағаларымның айтуы бойынша есімде қалған атамның өмірбаян деректерін сізге баян қылайын.

Дәркембай менің атам, үлкен әкеміз. 1827 жылы туып, 1899 жылы дүниеден қайтқан. Ол кісінің үш әйелі, сегіз ұлы болыпты. Менің әкем Түгелбай Дәркембайдың ортаншы ұлдарының бірі. Ол 1853 жылы туып, менің бір жасымда, 1914 жылы өлген. Әкемнің бір әке, бір шешеден туған інісі, яғни, Дәркембайдың Түгелбайдан кейінгі ұлы Сарықожа (1856–1923) жетім қалған біздерді бауырына басып, тәрбиелеп өсірді. Өзі ескіше сауатты, көне қиссалар мен хикаяларды және Абай ауызша аударып таратқан орыс жазушыларының әңгімелерін көп білетін, үнемі бізге айтып отыратын ділмар адам еді. Ауыл мектебінде оқып жүрген кезімде маған арғы-бергіні әңгімелеп, сабағыма көмектесіп, мысал сөздерді сыр ғып шертетін. Әсіресе, батырлар жыры мен «Мың бір түннің» хикаяларын өте құмарта айтып, қызықты баяндайтын. Сонымен қатар домбыраны да өте шебер тартатын. Жансерігі сол домбыра. «Боз айғыр», «Бұлаң жігіт», «Мұңлы қыз», «Саймақтың сары өзені», «Қорамжан», «Қара атты мен торы атты», «Бозторғай», «Қызыл аттың шабысы» сияқты халық күйлерін нәшіне келтіре шертіп, тыңдаған құлақтың құрышын қандыратын. Бір жасымнан қарамағына алған Сарықожа ақсақалды мен «Сәке» дейтінмін. Ал ол кісі Дәркембай атамызды «Дәкең» деп сөйлейтін. Сол атамызға қатысты талай-талай әңгіме қозғап еді. Бірақ тым жас болғандықтан есімнен шығып кетіпті. Ұмытыңқырап қалыппын. Оқырмандарға мәлім болса да таныс жайды баяндайын. Өмірбаяндық дерек қой. Құнанбай Мекеге сапар шегіп, қажыға баруға аттаңғалы тұрғанда Қодардың немересі Қиясбайды (эпопеяда – Дәрмен) Құнанбай ауылына ертіп барып:

– Құнеке, құдай жолына жүремін деп жатырсын. Мына жетім баланың әкесінің құнын беріп кет, – деп айтқанының рас екенін Сарықожа ағадан естідім.

Сол жолы Дәркембай өзімен бірге Құнанбай ауылына жақын інілері Көркембай мен (романдағы Көкадай ғой деп ойлаймын) Ұзынаяқ, Мұсабек деген кісілерді қоса ертіп барыпты. Сарықожа ағаның айтуына қарағанда Дәркембайдың бұрынғы қыстауы Қарашоқы екен: Сен соқырмен алысуға жарамайсын,» деп Хангелді деген жақын туысының қыстауын Дәркембайдың өзі алып, өз қыстауын Хангелдіге беріпті. Сол кезде Хангелдінің жайлап отырған жері мен дүниеге келген Жидебай қорығының жанындағы Әзбергеннің зиратының маңы көрінеді. Дәркембай: «Құнанбаймен мен-ақ алысайын», деп, сонда көшіпті. Бұл мөлшермен 1851-1852 жылдары болуы керек. (Аймұхамет ақсақалдың болжамы шындыққа жанасады. Құнанбай-Бөжей арасындағы дау ушығып, Жігітектің 15 қыстауын Құнанбайдың тартып алуы және кейіннен қайтып беруі Омбы мұрағатындағы дерекпен сәйкес келеді – Т.Ж.).

Дәркембай бір атадан тараған 7 ағайынды екен. Соның ішіндегі ең үлкені Дәркембай. Ол кісі өте ұстамды, сабырлы, кеңінен толғап сөйлейтін, ел ішіне сыйлы, қадірлі ауыл ақсақалы болыпты. Орташа ғана тіршілігі бар. Соған орай малы да болған, мен ес білген кезде Дәркембайдан тараған ұрпақтар төрт ауыл (қыстақ) болды.

Сарықожа ағаның айтуы бойынша есімде қалған тағы бір оқиға мынау. Дәркембай қартайып, шау тартқан кезінде анда-санда малдың алдынан шығып, қарайлап жүреді екен. Бір күні Дәркембай қойын Жидебай қорығының маңындағы (Бұрын Оспанның қорығы болған. Кейін Абай қоныстанған) «Топшеңгел» деген қарағанды-бұталы, ойлы-шұңқырлы жерге қарай беттете өргізіпті. Кешке қарай ауылдан Оспан келіп, Дәркембайға:

–       Мына «Топшеңгелге» неге малыңызды өргіздіңіз? – депті.

Сонда Дәкен:

– «Жаман әйел – ер қориды, жаман жігіт – жер қориды» – деуші еді. Менің аз ғана малымның бүлдіріп жатқан ештеңесі жоқ қой. Қазір мал ауылға қайтады. Өзің білесің, дәл осы шеңгелдің маңы ойлы-шұңқырлы емес пе. Ол шұңқырларды қар басып жатыр. Ерте көктем, қазір. Қай кезде де болса, шырағым-ай, шұңқырларды қоримын деп, жанжалдасасын да жүресің, – депті.

Бұл жерде Дәркембай жердің ойлы-шұңқырлылығын тілге тиек ете отырып, түйреп кеткені – Оспанның Нұрғанымға ерегесіп, өз құдығынан су бермей қорып, кіші шешесіне киіз үй ішінен құдық қаздырған тентектігі еді. Сөзден ұтылған Оспан түнеріп, тек:

–     Ақсақал, малыңызды қайтарыңыз, – депті де атының басын кері бұрып, кетіп қалыпты.

Кейіннен сол Топшеңгел: «Оспан Дәркембайдан қорыған Топшеңгел» атанып кетіпті. Бертінге, мен ес білген кезге шейін сол аты өзгермеді.

Жас кезімде Сарықожа ағаның көптеген әңгімесін естіп, ынтыға тыңдап едім. Қайтейін, жылдар жаңғырығы ұмыттырып жіберді. Кейбірі табан астында ойына орала қоймайды. Менің, Дәркембай туралы білгенімнің ұзынырғасы осы. Өмірдегі Дәркембай мен Мұхаңның романдағы Дәркембайдың бір-біріне ортақ жайлары да бар. Жазушының қиыннан қиыстырып, тереңдетіп әкеткендері тіпті мол. Мен өз басым, мынау біздің Әкеміздің өз басынан кешкені, анау оқиға автордың қосқаны деп салалап, жіктеп бере алмаймын. Тек, өзіміздің үлкен әкеміздің жеке басына қатысты, нақты жайларды айттым» (69. 3. 3.).

Қарт мұғалім марқұм Аймұхамет Түгелбаевтың үлкен әкесі туралы хат арқылы жолдаған мағлұматы, міне, осындай. Бұл деректердің өзінен-ақ Дәркембайдың романда суреттелген кесек мінездері анық байқалады. Қыстауын ауыстырып, Құнанбайдың қасына орнығуы, Оспанды сөзбен тосылдыруы соған дәлел. Ал, үш әйелі бар Дәркембайдың кедейқолды кейіпкер ретінде көрінуі табиғи. Құнанбаймен, Бөжеймен таластыратын байлығы болмағаны анық. Сондықтан уақыт талабына бейімдей «жасын ұзартып» «жұтқа ұшыратып», тары ектіріп қоюы – жазушының еркіндегі дүние. М.Әуезов мұндай өзгертулерге саналы түрде барғанын: «Әрине, кез келген романшы сияқты мен де Абай өмірінің нақтылы биографиялық деректерімен қанағаттанып қана қоймай, оларға қосымша өз ойымнан да талай нәрселер ойлап шығарып отырдым. Бұлардың бәрін шындық шеңберінде, Абайдың тағдырын, күресін, еңбегін, қатесін, шабытты ойын, сәтсіздігін, жеңілісін толық көрсету мақсатымен алдым» (3. 12. 117) деп ашық айтқан.

Тобықтының арғы-бергі тарихын таратып берген Н.Алдажаровтың шежіресінде былай таратылады. Жігітек (Жандос), одан Кеңгірбай, одан Қалыбай, одан Қабдәлі, одан Дәркембай, Дәрмен, Жантегі, Байтегі, Кенелбай, Өтелбай, Дәркембайдан Жампозбай, Түгелбай, Сарқожа, Сабыр, Темір, Қарынбай, Бердіке: Түгелбайдан Айтмұхамет» (39. 3. 1т.). Шежіреге жүгінсек, Дәркембай жай жатақ емес, Кеңгірбайдың өзінен тараған текті «жатақ». Ал романдағы жас жігіт Дәрменнің аты оның туған інісінің есімі. Дәркембай қыстауын айырбастаған Хангелді Кеңгірбайдың ұлы. Жазушы осындай жанама шежірелік деректердің өзін де қисынымен қиыстырған.

Дәркембай туралы, әзірше, белгілі мағлұматтар осы.

Қорыта айтсақ, Мұхтар Әуезов көшпелілер әлемінің барша болмысын тарихи шындық пен дәлелді негізге ала отырып көркем уақыттың шеңберіне шебер сиғызған. Сол арқылы ұлт тарихын Мәңгілікпен пара-пар көркем шындық дәрежесіне жеткізе суреттеген. Соның нәтижесінде, «Абай» романындағы жетекші тұлға Құнанбай бейнесі әлем әдебиетіндегі ең үздік образдардың қатарына қосылған. Бұл – ұлы талант иесінің рухани әлемінің құдіретін танытады.

В. Ключевскийдің дәл тауып айтқанындай: «Әдебиет тарихы арманнан, идеядан және көңіл-күйден тұрады» (70.IX.310). «Абай» романы осы үш ілхамның рухани көркем энциклопедиясы.

«Сонымен, Құнанбайдың досы азайып, дұшпаны көбейіп... сол көп дұшпанға қарсы тұрып, қолқанат боларлық (болуға татитын – Т. Ж.) баласы мен інісі болмаған соң басына жалғыздық түсе бастайды. Абайды оқудан алып, ел жұмысына салу – әкесінің басындағы осындай еріксіздік халінен туған. 13 жастағы Абай әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі « (63. 17). «Абай» романы да тура осы тұстан басталады. Ол дәуір – Абай дәуірі. Ол заман – Абай заманы. Ол уақыт – Құнанбаймен кеңістігі ортақ, бірақ Абайдың өз Көркем Уақыты. Сондықтан да ол туралы әңгіме де басқа!