1 Ақиқаттың алдында тағзым етіп, белгілі жайды бұлдырлатпай анығына көшсек, алақанына жүрегін салып, жан жылуы басылмаған ыстық қалпында Абайға ұсынып, үнемі терең тебіреніспен ғұмыр кешкен осынау ұлан – ақын Дәрмен Мұхтардың қиялынан туған, көркем ойдың жемісі. Сахара төсінде самалға сазын қосып, көкірегін халқының көкейкесті күйі күмбірлеткен сал-серілер, ақын-жыраулар, қисса құрастырушылар көшпелілер сахнасында сан рет шығып, іле заман керуенінің тозаңына көміліп, үні өшкен. Ішінара дауысы қарлығып жеткен шерменделер де ұшырасады. Асанқайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамберді жыраулар сондай ұрпақ бақытына ие болған тарландар. Абай дәуірінде олардың, көшпелі философиясының елесі ғана сақталды. Үкілі домбыралы Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері де солардың сән-салтанаты қалған. Махамбет қана жалаулы найзасын желпілдетіп шыққан. Ілгерінді-кейінді лықсыған ой көшінің бесігінде тербетілген, Әсіресе, теңеулердің тізгінін тартпай, еркіндеу есілсек – Дәрмен ақын Асанқайғының желмаясының жез бұйдасын ұстап, даналықтың тұнығына сусындап, ұлы атасының елден ел, жерден жер аралап жүріп айтып кеткен бар арман-назын қыр елінің көкірегіне рух етіп құйған жетім немересінің бейнесін елестетеді. Абайдың жүрегінен құйылған қасірет-мұңды, жұбаныш-уды бойына сіңіріп, өзгеше сазбен сарнатқан, кәрі үйеңкінің тамырынан көктеп өсіп, өмір-өзеннің сарынына құлақ тосқан жас қобыз – осы Дәрмен. Тоятын Абай жырынан ғана тауып, соның ғана қайыруына көнетін тас түлек бүркіт. «Соқтықпалы, соқпақсыз өмір кешіп, мыңмен жалғыз алысқан» Абай да жалғанның жалғандығына көзі жетіп, түңілген шақтарында томағасын сыпырып тастап, сергек сөз бен салауатты сананың жырын жырлайтын жас дауыс та осы Дәрмен ғой. Демек, бұл Дәрмен – жай Дәрмен емес. Ол – үзілген үміттің, «соғуын ақырындатқан ауру жүректің», шабыты өшкен жырдың Дәрмені. Ол – арыс Абайдың көңіл жұбанышы, көз қуанышы. Өз «жүрегіне үңіліп», «етек бастылықпен» өткен өміріне өкініп: не мұны түсінбей, не бұл түсіндірме алмай қорланған халқының тынымсыз, тынышсыз, бақталасқа толы күйгелек қалпында жұртта қалған бұған аялдамай, келешегі белгісіз болашаққа үріккен жылқыдай бет алып бара жатқанына түңілген шағында бетін бері қаратқан, үміт жібін жалғаған да сол Дәрмен. Ұзап кеткен ел көшінің ішінен соның үнін естіп жаны жай табады. «Көгерермісің, көктермісің мен еккен дән!» – деп тілегін қосады. «Ақтармын сеніміңді... ол дәнің өлмейді, Абай аға!» (1.6.445) – деп ант береді. Дәрмен – Абайдың орындалмаған арманының өтеуі, көрмеген қызығының – қанағаты, қысқа қайырылған ғұмырының жалғасы. Дәрмен – поэтикалық образ. Ол – ол ма, Мұхтардың ой – мұратына жүгінсек, Дәрмен бүкіл қазақ халқының көшпелі философиясын бойына сіңіріп, рухани тұныққа қанып өскен, сол мұраны өзі аңсаған, бірақ тосын тұстан кеп бүйірлей енген жаңа қоғамның тұсында да жұртқа жеткізуші абыз бейнесінде көрінуге тиісті символдық тұлға болуы керек еді. Мұхтардың басына қысылтаяң күн туып, тірі қалу үшін сонау Мәскеуге жасырын жеткен кезінде «Литературная газетаға» жолдаған хатында «кеңес дәуірін бейнелейтін төрт романның ішінде Абай дәуірінің біздің заманымыздағы тірі куәсі болып бұл күндері шау тартқан, бір кездегі Абайдың жаны жас, ен сүйікті жан досы, еркелетіп өсірген, тәрбие берген Дәрмен қатысады... Сонымен Ұлы Отан соғысынан кейінгі одақтас халықтардың, бақыты мен айнымас достығын жыр еткен тоқсан жастағы Дәрмен образымен қазақ халқының жүз жылдық тарихын қамтитын соңғы романның сонғы беттері аяқталады» (87), – деп жазды. Бірақ та ол арман орындалмады. Дәрмен бізбен жас қалпында қоштасты. Абай қабірінің, басында жырын аманатқа алып, адалдығына ант берді. Ал тарихи шындыққа үңілсең, ақынның мұрасына ие болып, бүгінгі күнге жеткізетіндей адам бар ма еді? Бар еді. Ендеше бұл образдың алғашқы екі кітапта кездеспеуі қалай? Шындығында да Мұхтардың бейнелемек кейіпкері Дәрмен бе еді? Жоқ. Онда: «Қодардың ұрпағы – жас Дәрмен – тұтасымен ойдан шығарылған образ. Қазақ халқының төлі менің романдарымда революцияға дейін өмір сүреді. Оның тағдыры арқылы әр түрлі бағыттағы көптеген қазақтардың тағдыры бейнеленді»,– деп неге жазды? Неге? Демек, бір себептің болғаны ғой. Иә, болды. Және әр кітап жарыққа шығып, қайта басылған сайын Мұхтардың ойындағы «әр түрлі» кейіпкерлердің бейнелері бірте-бірте өшіп, Дәрменнің дауысы анық естіле бастайды. Эпопеяның соңында ол Абайдан кейінгі шешуші тұлғаның біріне айналды. Сол кейіпкер қатарына қосылмай қалған тарихи адамдар кімдер? Әуел бастағы автордың ойы қандай еді және ол жоспарынан неге бірте-бірте бас тартты? Бұл өзі өте нәзік һәм өте күрделі сауал. Барлық күдікті ысырып тастап, ашығын айтсақ, өмірде болған адамдардың орнына Дәрмен образын енгізу арқылы Мұхтар өзінің де, тағдыры қыл үстінде тұрған «Абай жолы» эпопеясын да аман сақтап қалды. Эпопеяның екінші кітабы баспадан шығысымен Әуезовтің атына қаратыла ғайбат сөздер, саяси айыптаулар қарша борады. «Звезда» журналы, Анна Ахматова мен Михаил Зощенко туралы науқанның шалығы Мұхтарға да тиді. «Қазақстанның Зощенқосы, Ахматовасы, Марры болуы тиіс. Ол – Әуезов емес пе! Ендеше не тұрыс. Алға!» – деп атой сала алға ұмтылғандардың аттарын қазір еске түсірудің өзі қиын. Анығы алты жылға созылған азапты күйзеліс 1947 жылы 14 наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов өткендегі қателерінің шырмауында» атты мақаласынан басталды. Мұхтардың ғылымдық, жазушылық, оқытушылық еңбегін жоққа шығарып, оқтың ұшына байлап берді. Бұл қатерлі кезең арнайы әңгіменің желісі. Біз тек бұл арада «Абай» романына, оның ішінде Дәрмен образының тууына тікелей ықпалын тигізген жайды ғана сөз етеміз. Екінші кітаптың соңына дейін таза тарихи шындыққа иек артып, көркемдік тұрғыдан ғана өзгерістер енгізген еді. Енді сол ниеттен бас тартуға тура келді. Себебі: оның бұл мақсатын мансұқ етіп, күйрете соққы берді. Жала жапты. Арандатты. Романдағы оқиғалар тек феодалдық қоғамды аңсау, соны сағыну, насихаттау тұрғысынан қастандықпен жазылып отыр дей келе: «Сөз жоқ, профессор М.Әуезов жолдастың мұндай ірі қателері қазақ әдебиетінің тарихын жасау ісіне, қазақ совет әдебиетінің күрделі мәселелерін шешу ісіне теріс жағынан әсерін тигізді. М.Әуезов жолдастың қателері, ең алдымен, қазақ халқының басынан кешкен бұрынғы дәуірлерді, феодалдық ру дәуірін дәріптеуге, сыпыра мақтауға әкеп соқты. М.Әуезов жолдастың ғылыми еңбектерінде де, әдеби шығармаларында да өткен заманның үстемдік еткен таптарының адамдары мен ісі, салты мен мінез-құлқы баяндалады, сөйтіп нағыз тарих жасаған адамдардың, еңбекшілердің өкілдері мен ісі не мүлдем ауызға алынбайды, не күңгірт қалады. Міне, осының салдарынан «тарихи» зерттеудің, тарихи фактілердің нәтижесі дегендерге бүркеніп, біздің адамдарымызға, совет адамдарына, қайдағы бір кертартпа адамдарды, халыққа жат нәрселерді әкеліп тыққыштайды» (88), – деп «тұжырым» шығарды. Бұл тұжырым, пікір ғана емес, үкім еді. Творчестволық көкейкесті мұратына жетіп, негізгі кейіпкерлердің бетіне шіркеу түсірмес үшін қосалқы мүддесін құрбан етті. Себебі, көркем шығарманың талабын түсіне тұрып, қасақана өрт қоздырушылар өзгені былай қойғанда, Дәркембайдың өзінің кедей табынан шыққандығына шүбә келтірді. Оны жалған, жасанды, феодалдардың ісәрекетін ақтау, бүркемелеу үшін қойылған «қарақшы кейіпкер» деп есептен шығарып тастады. 1953 жылы «Казахстанская правда» газетінде «М.Әуезовтің «Абай» романы жөніңде» атты авторы көрсетілмеген мақалада: «Өзінің барлық пейілін байлардың ақ киіз үйінде тұрушыларға үйіп-төккен М.Әуезов еңбекші халықты мазақ қылады. Феодалдардың образына қарсы қойылған халықтан шыққан бірде-бір күшті кейіпкер жоқ. Халық өкілдеріне эпизодтық қана роль берілген. Дәркембай шалға да қатысты» (40), – деп жауырды жаба тоқыды. Бір сөзбен бүкіл романды жоққа шығарды. Осындай тасқынға қарсы тұруға Мұхтардың да мұршасы жетпейді. Еріксіз ымыраға көніп, кейбір тарихи адамдардың образынан саналы түрде бас тартты. Үшінші кітапта тосыннан тосын Дәрмен атты жас ақын Абайдың рухани шәкірті ретінде өзгелерден ат басы озып шыға келді. Шығарманың бойына сіңісіп кеткені сондай, оның түп төркінін ешкім де түртпектеп жатпады. Жатырқамады да. Тіпті жарасым тапты. Сонда Дәрмен образы бірден Мұхтардың көңілінде мәйегі шайқалып, ұйып шыға келді ме? Жоқ. Зады, жазушының ойында ұзақ жүріп, сананы сарылтып барып сара жолын тапқан бейне, осы – Дәрмен. Оған көз жеткізу оңай. Дәрменнің тегі туралы айтылған романдағы түсініктер әлі бір ізге түскен жоқ. Қазақша басылымдарында Құнанбай Мекеге жүрерде Қодардың құнын даулап барған Дәркембай қарияның қасына ерткен баласы – Дәрмен. Ал орыс тіліндегі және сол арқылы шетелдерге тараған нұсқасында Қиясбай. Мұның мәнісі не? Оны «Абай жолы» эпопеясын жазу кезіндегі жиырма жыл ішіндегі қоғамдағы, Мұхтардың жеке басындағы өзгерістерді бажайлап барып түсінеміз. Әуелгі ой мен оның соңғы нәтижесіндегі алшақтықтың себебін aшy үшін талант тағылымының тәжірибесіне, жан дүние буырқанысына үңіліп, ақыл-жүйе жүлгесін суыртпақтаған абзал. Дәрмен образының жарты салмағы әуелде Қиясбайға жүктеліп, барлық таптық тартысты соның төңірегіне топтастыруды көздеген. Бұл тарихи шындықты да, көркем шындықты да төл емген әдеби кейіпкер бола алатын. Және сол Қиясбайдың өз өміріндегі қызық та қасіретті оқиғалар әлем әдебиетіне жаңа бояу, мінез қосатын. Қиясбайдан – Квазимоданың да, езуі тілінген «Күлкішіл шахзаданың» да, қорольдердің көңілін көтеретін сайқымазақтардың да (шуттың), сондай-ақ көшпелілердің көлеңкелі тіршілігін, ішкі қасіретін бейнелейтін дала каңғыбасының да бейнесін құйып шығаруға болатын. Сондай-ақ, бұл үлкен философиялық та желі тартып, Абайдың, халық қайғысын терең сезінуге жетелейтін сезім бұйдасы еді. Өмірде болған Қиясбай арқылы мұндай мүмкіндікті қолдан шығаруға болмайтын. Ол «алтын бұйданы» Мұхтар қолынан жібермеді. Ұстауын ұстады. Тіпті, эпопеяның төрт кітабы түгелдей аяқталып, басы қосылып Алматыдан, Москвадан басылып шыққан соң да ол Дәрменнің орнына Қиясбайды суреттеп отырмын деп есептеді. «Абай» романының жазылу жайынан» атты мақаласында: «Одан әрі Құнанбай Мекеге жүрер алдында Дәркембаймен кездесіп, екеуінің арасында қақтығыс боп қалады. Дәркембай баяғы Құнанбай асып өлтірген Қодардың немересін жетектеп келіп, соның атынан дау айтады. Мұның бәрінде де дұрыс мотивировка бар. Дәркембайдың ойынша Құнанбай өзін «күнәдан арылатын жерге» кетер алдында мынау жетім баланың қарызын өтеп кетуі керек: оның атасынан тартып алған жерді қайтып беруге тиіс. Бұл тұста Абай өз әкесін іштей қатты кінәлап, Қиясбайға рақым сөзін айтады. Мұны жай құбылыс деуге болмайды. Мұнда терен, сыр бар: Абай тек бір жетім баланың ғана емес, бүкіл халықтың алдындағы өз қарызын мойындайды» (3.12), – деп жазды. Яғни Дәрмен – Қиясбайдың әдеби прототипі. Әуезовтің өзі оны мойындап отыр. Ендеше қандай күдік болуы тиіс. Солайы солай ғой. Бірақ үшінші-төртінші кітаптағы Дәрмен Қиясбайға мүлдем ұқсамайды. Ол басқа адам... Жә, «әдептен озбай» сюжет желісіне жүгінейік. Бірінші кітаптағы «Қодар-Қамқа» трагедиясы, екінші кітаптағы Құнанбай-Дәркембай қақтығысы тұсында Қиясбайдың есімі ойға оралады. 1942, 1947 жылғы басылымдарда, 1949 жылғы СССР мемлекеттік сыйлығын алған нұсқасында Дәрменнің орнына Қиясбай есімі алынған. Және ондағы суреттер Қиясбайдың өмірдегі кейпіне, тіршілігіне сай келеді. Мысалы мына үзіндіден: – «Бала баяғы Борсақ Қодардың немере інісі. Бұл Көгадайдың баласы. Сонада Қодар өлгенде, жалғыз інісі Көгадай Сыбанда жалда жүріп, жырақта қалған. Өзі өмір бойы шала-жаңсар, ауру адам еді. Алты жыл болды. Көгадай да өлді. Сонымен Қодардан жалғыз ұрпақ осы мынау жетім бала Дәрмен! – деп Дәркембай баланы танытты. Бетіне бозғылданып, түгі шыққан, жүзі жүдеу, шекесінде көк тамыры білінген, сүйектері адырайған бала тұр. Бір көзін кір шүберекпен таңып апты. Дәрмен көзінің жасын зорға тиып иегі дірілдей түсіп, Құнанбайдың жүзіне жаңа қарады. Құнанбай бұны да оқтай атып тұр екен». Соңғы екі кітаптағы, «көзі отты, ажарлы», ер мінезді Дәрменді тануға бола ма? Қайдағы – Дәрмен, бұл Қиясбай ғой. Кәдімгі: «ақ сиырдан туады жирен айғыр»,– дейтін Қиясбайдың өзі емес пе. Иә, сол Қиясбай. Уақыттың, санасы есіркенген шолақ белсенділердің қасақана қыспағынан құтылудың амалын таппаған Мұхтар, 1951 – 53 жылдың аралығында күрт шешім қабылдап, Дәрмен образын эпопеяға кіргізді. Алғашқы екі кітаппен арасында жалғастық табу үшін Қиясбайды – Дәрмен деп өзгертеді де, «бір кезде Қиясбай атанып кеткен Қодардың тұқымы осы Дәрмен еді» деп түсініктеме берумен тынады. Ал орысша текстерде сол Қиясбай қалпында жүр: «Этот мальчик – племянник того Қодара из рода Борсақ, – объяснил Даркембай, – Кодар погиб, а его единственный брат, Когедай, жил тогда в батраках далеко на землях Сыбана... Немощный был, всю жизнь болел, умер шесть лет назад... Қиясбай сын Когедая, единственный наследник Кодара. Вот этот мальчуган» (89),—деп сол нұсқасын сақтаған. Бұл арада эпопеяның қазақша нұсқасымен орысша басылымының арасында сәйкессіздік бар екен-ау деп күдік тумауы керек. Себебі, романның үшінші кітабында Базаралы мен Дәркембайдың арасындағы әңгімеде Қиясбайдың қалай Дәрменге айналып кеткеніне мынадай түсініктеме беріледі. «Бұл жігіттің тағы бір сырын ашып, Дәркембай өзі сырлас Базаралыға баян етті. Дәрмен, Көркембайдың өз баласы емес екен. Ол баяғыда Құнанбай өлтіретін Қодардың немере інісі боп шықты. Көгадайдың баласы екен. Сонау бір жылдарда Құнанбай Мекеге жүрерде Дәркембай қасына ертіп барып Құнанбайдан есе сұрауға апарған бала Қиясбай дейтін осы Дәрмен екен ғой. Қиясбай деген лақап атты «қыңыр» деп мінеп, бір қолденең ағайын қойыпты. Өз аты Дәрмен екен. Сол жетім баланы Дәркембай өзінің інісіне апарып бала ғып беріпті: Әрі ағайынның баласы, Әрі Көркембайда ұл жоқ болған. Оның үстіне Дәрмен бала соншалық зерек, ыстық жас болған соң Көркембай біржолата өз баласы етіп кетіпті. Дәркембай да оны жалғыз бір көзіндей көреді екен. Дәркембай кейін сол жалғыз жігіт – Дәрменді өз қолымен әкеп Абайға қосыпты» (1.3). Бұл арада ешқандай көркемдік саңылау жоқ. Себеп-салдардың барлығы жазушы ойын ақтап тұр. Демек, Мұхтар Дәрмен образын бірінші қатарға шығарса да, Қиясбайдың образын мүлдем ұмытып кетпеген. Өмірдегі Қиясбайдың түр-түсін де, киімін де өзгертіп, рухани қуат-күшін де, талант болмысын да құлпыртып жібереді. Ондай шешім қабылдауға Мұхтардың толық қақысы бар еді. Өйткені Дәрмен романда типтік бейне дәрежесінде көрінеді. Ал оның бейнесін сомдау барысында Қиясбай, Хадиша – Олжабай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Өскембаев іспетті адамдардың өмірлік деректерін пайдаланды. Ал осы аталған адамдардың өмір тарихы неге Дәрмен төңірегінде топтастырылды, оған телінген ғұмырлық шындықтар қандай? Олар кімдер еді? Енді соған көшіп, сыр суыртпақтайық. Жырлы, сырлы Дәрменнің асыл бейнесінің тууына себепкер болған түпкі түйткіл – Қиясбай. Кәдімгі исі қазақ халқына қиқарлығымен, басы-аяғы бірікпейтін мағынасыз сөз сөйлейтін, әрі диуана, әрі сайқымазақ көзі қитар, бет-әлпеті бұзылған, есі кіресілі-шығасылы, ішінара ақылды қылығы да бар қиқар Қиясбай даланың Квазимодасы. Ендеше, қалай ғана ажарлы, отты, ел еркесі Дәрменге айналған? Осы сұрақтың алдынан шығатынын білгендей (шындығында Мұхтарға бұл сұрақ көп қойылған, тіпті, мін ретінде тағылған) үшінші кітаптың «Кек жолында» атты тарауында Дәркембайдың ауызына: «Басында домбырамен былғақтаған, ойсыз, талапсыз сауықсымасы ма деп ем! Енді бақсам, келген сайын Абай сөзін айтып келеді. Өзі де Абайдың ізінде, жолында сияқты. Сонысына ішім жылиды!» – деген сөздер салады. Яғни бұл арқылы Мұхтар өзінің Қиясбай өмірінен де хабардар екендігін мегзеп, Дәрмен бейнесіне саналы түрде телігенін аңғартып отыр. Ендеше, өзге мотивировка табылмағандай, неге Қиясбайға байланып қалды? Бірінші себеп: шығарманың алғашқы екі кітабы жазылып біткен. Оқиға өрімі оқырманға етене таныс. Өз көңілінен де шыққан. Уақыт талабына байланысты жана кейіпкер қажет болды және оған кедейден шыққан өкіл ретінде әлеуметтік салмақ жүктелуге тиісті. Әрі Абайдың рухани досы, мұрагері дәрежесіне көтерілетіндей талант иесі керек. Кейінгі кітаптарында эпизодтық көріністен негізгі тұлғалардың біріне айналуға тиісті Шәке образын одан әрі дамытудың жолы әдебиет батыраштарының кесірінен қиылып қалды. Бүкіл эпопеяның өзегі үзіліп, туындының тағдыры тығырыққа тірелді. Жоғарыдағы міндеттің екеуін де көтере алатын бір ілік табылды. Ол – Қиясбай. Ақындығы есіліп тұрмағанымен, сыбызғы-шылығы бар. Ел арасында аты да әйгілі. Сондай-ақ «Қодар-Қамқа» трагедиясының сарыны эпопеяның тұтас бойында сарнай естіліп тұрады. Сол желіні қиқар да шерменде көңіл Қиясбай арқылы терендете түсуді көздеген әуелгі жоспарының да орнын толтырады. Дәрменнің үнемі «зар күйінен» жаңылмауы да сондықтан. Бір-екі түсініктеме беру арқылы барлық түйткілдің түйінін шешіп, тығырықтан да шығуға әбден болады. Тек Қиясбайдың қайғылы халі қамтылмай қалады. Өкінішті. Бірақ амалы қанша. Екінші ілгек: Абай айналасында мынадай ақындық тәжірибе де болған. Шәкірттерінің ақындық шабытын шамырқандырып, ойын ұштап отыру үшін оларға өмірдегі тосын құбылыстарды жыр ғып қосуды талап еткен. Соның ішінде кедей-жалшылардың, кемтарлардың тағдырын да тақырып етіп ұсынған. Абайдың бойын өмір уы жайламай, сергек жүрген шағында Қарқаралы жақтан бойы мыртық, аяқтары теріс біткен, туа кемтар Түсіпхан атты адам ел аралап жүріп, ақынның ауылында тұрақтап қалады. Жаз күндерінің бірінде кешке қарай дөң басына шығып, батар күннің шапағына қарап, шәкірттерімен әңгімелесіп отырған Абай ауыл жаққа көзі түседі. Бұларға қарай тырбындап келе жатқан Түсіпханды көріп: «Шіркін-ай, мына Түсіпхан да өмір сүрдім дейді-ау. Не жалғанның, не жардың қызығын көрген жоқ. Шын ақын болсаңдар: «Пах, шіркін, бұл дүниеден Түсіпхан да өтіпті-ау дегізетіндей» өлең шығарыңдаршы», – дейді. Шәкірттері уәде береді. Мағауияның тағы басқалардың өлендеріне: «Мұнда жай ғана мақтау бар. Түсіпханның өкініш-арманы жоқ. Адамның жүрегін ерітпейді», – деп ұнатпапты. Сонда бір аптадан соң, Тоғалақ Бейсенбай ақын бүкіл қазақ даласына тараған «Түсіпхан» қиссасын жазып әкепті. Абай оны һош көріпті. Сөйтіп, арманда кеткен Түсіпхан көпес туралы хикая дүниеге келіпті. Ал осы оқиғаны Мұхтар білді ме? Білгенде қандай? Онда өмір бойы тағдырдың мазағына ұшыраған Қиясбайды неге арманы асыл адам етіп көрсетпеске. Әрине, бұл кейіндеу келген ой. Ту басында Эсмеральданың қу сүйегін құшақтап өлген Квазимода сияқты Абай қабірінің басына Ділдамен (кейін Әйгерім) мінәжат етіп отырған Қиясбайды суреттеу ниеті де болған сияқты. Шымырлататын шындық әрі тағдырдың тәлкегі бұл. Әрине, енді жай ғана болжам. Тек жалғасын таппай қалған, Қиясбай образының автор ойындағы жүзеге аспай қалған жоспарын еске сала кетудің бір амалы ғой бұл. Ал сол Қиясбай кім? ІІІындығында да Қодардың немересі ме? Және Абаймен оның қарым-қатынасы қандай? Қиясбай – Абайдан он-он бес жас кіші. Бір көзі қитар. Денелі. Үлкенмен де, кішімен де қалжыңдасып, үнемі күлдіріп отыратын қушықеш адам болған. Сыбызғы (кей деректерде күй) шалады. Бұл дүниенің қызығынан бас тартып софылық философияны ұстанған. Үстіне қызылды-жасылды шүберек тағып, сайқымазақтың ғұмырын кешкен. Мал жимаған. Бертінге дейін үйленбеген де. Ел аузында ол туралы аңыз да, әңгіме де көп. Оның ішінен ақиқатты аршып алудың өзі де қиын. Бірақ Абайдың күтушісі Қатпа Қорамжанұлы «өзім көрдім» деп куәлік беруіне қарағанда XX ғасырдың босағасынан аттап барып дүниеден қайтқан. Дарға асылған Қодардың немересі өмір бойы Сүгір мен Сүйіндіктің ауылында жүрген. Қарашоқының бауырында дүниеден өткен. Абайдың ниеттес достары Асылбек, Әбді, Әділшелердің қамқорлығымен тіршілік еткен. Белгілі ғалым Әбіш Жиреншин: «Қиясбай – Олжай ішінде Борсақтан шыққан. Арғы атасы Қодардың Құнанбай таспен ұрып өлтірткен. Өзі киім кимей, екі иығына қызыл орап жүреді. Бойы ұзын, үнемі екі аяғын салақтатып тайға мініп жүреді екен. Сыбызғышы музықант болған. Балаларға «Ақ сиырдан туады жирен айғыр» деген сияқты күлдіргі өлеңдер айтып, думан қып жүретін болған. Оның ұйқасы болмаған. Балалар оған: «өлеңің қиыспайды ғой» десе, ол: «Жоқ, мен Абайға сынатқанмын» дейді екен» (11) — деп анықтама береді. Бар дерек осы. Қалған деректердің дені әңгіме-аңыздар. Алайда Қодардың немересі екендігі анық. Оған Мұхтардың, да көзі жеткен. Біз мол деректің бір үзігін ғана пайдаланамыз. Оны айтушы адам – «Абай» романының жазылуына өлшеусіз көмек көрсеткен Қатпа Қорамжанұлы. Жазып алған белгілі халық ақыны, өзі де әзілді жаны сүйіп тұратын және аңғалдығы мен өткірлігі алма-кезек ауысып жүретін ақын марқұм Тәңірберген Әміренов. Сексенді алкымдап дүниеден қайтты. Ауызекі әңгіменің перісі еді. Құлпыртып, дәмдеп айтатын. Өткен-кеткеннен мағлұматы зор. Соңғы рет 1977 жылдың күзінде Семейдегі Абай мұражайында жолығып, қаланы біраз серуендеп құлақ құрышын қандырып едім. Сонда: «Шіркін осының барлығы сөз күйінде қалады-ау!» – деп бұрылып кетті. «Маған кім сенеді. Сіз тікелей тыңдаушының өзісіз ғой. Жазыңыз. Тым құрығанда Қатпа ақсақалдың бейнесі қалсын», – дедім. Үндемеді. үш жылдан соң телефон шалып: «Ей, ұл, ал мұратына жетсең, не істесең де өзің біл, шаруам жоқ» – деді. Сәл қысқартып ол естелікті «Жұлдызға» ұсындым. Сол естелікті енді менің толық пайдалануыма қақым бар ғой деп есептеймін. Өйткені, Қиясбай туралы деректің біразы осында топтастырылған. Әрі оны көрген, Мұхтарға да көп көмек көрсеткен Қатпа ақсақалдың өз сөзі. Мүмкін ұзақтау көрінер. Несі бар, шындықты білу үшін де шыдауға тура келеді. Бақанастың бойындағы «Еңбектес» қолхозында тұрған кезінде, 1940 жылы қараша айында Қатпа ақсақал саятқа ақынды ертіп шығады. Әңгіме де сол кеште айтылған. Қатпа Қорамжанұлының әңгіме айту мәнерін, мінезқұлқын және кейбір адамдардың Қиясбай туралы пікірін толық жеткізу үшін ішінара қосарланған сөздерді де қысқартпадым. Тәңірберген Әміренов: «Өз өміріндегі көрген-білгенін тәжірибе, ақыл-кеңес ретінде кейінгі ұрпаққа әңгімелеп отыру – қазақ, халқының қарияларының ежелгі дәстүрі ғой. Ұзақ жыл ІІІыңғыс таудың баурайында тұрып, осы өлкенің өткен-кеткені туралы мол сырға қанығып, Абай туралы да көп жайларды естідім. Абай ауылының қарттары әңгімешіл ғой. Ұлы Мұхтар Әуезов те өзінің эпопеясында деректерді Әрхам Ысқақовтың, Қаша Қорамжановтың, Уәсила апайдың әңгімелерінен жинағаны белгілі. Mен сонау бір жылдары Қатпа Қорамжановпен көп араласып, сұхбаттас болдым. Соны мен де кейінгі жас толқынның назарына ұсынғым келеді. Әсіресе, Абай жөніндегі жайларда оның мұңлы көңілін көтерген Қиясбай туралы аз жазылды. Қатпа ақсақалдың бір кешкі әңгімесін аяқ астынан Қиясбайға бұруында да бір себеп болды. Қатпа ақсақал атағы шыққан аңшы, саятшы еді. Қыстың бір қансонар күнінде екеуміз аң аулап, олжалы оралдық. Кештете үйге келсек, шай да қайнап тұр екен, шешініп отырысымен дәм де жасала бастады. Ақсақалдың бүгінгі сапардан көңілді қайтқаны белгілі. Қаймақ қосқан күрең төбел қою шайды құмарта ішіп отыр. «Қатпа ақсақал келді» дегенді естіп, сәлем беріп, әңгіме тыңдаймыз деген ауыл адамдары біздің үйге біртіндеп жинала бастады. Өйткені ол кісінің әкесі Қорамжан өмірі Абайдың қолында болып, өзі де кішкене бала кезінен бастап, жиырмадан асып, жігіт болғанша Абайдың тәрбиесін көріп өскен адам. Сондықтан да өңірдің адамдары Катпа ағаны құрмет тұтып, қатты сыйлайтын-ды. Сәлем бере келгендердің арасында бала жасынан өзімен біте қайнап, бірге өсіп әзілдес болған ақсақал адамдар да, түлкіні тамашалап көру үшін келген бала-шаға, ауыл жастары да бар. Әйтеуір, қойшы, шай ішіліп болғанша біздің үй кісіге лық толып, думан бола бастады. Бізбен көрші отырған бір үйге Бесқарағай жақтан бір жекжат адамы қонақтап жатқан болатын. Ол кісі де келіпті. Өзі қыр өмірін аз білетін, сөзге шорқақ, можантопай адам көрінген. Босағадағы сойылмай жатқан түлкілерге таңырқап қарап отырды да: – Мына жатқандардың нендей мақұлық өзі. Аумаған біздің Андрейдің тік құлақ, cap күшігі секілді ғой. Мұны қалай ұстап алғансыңдар, – деді. Қонақтың сырына таныс қалжыңбас әйелдің біреуі отырып: – Байсеке-ау, өзіңізше мұны қалай алған деп ойлайсыз, – деді. – Кім білсін, бұл пәле атпен қуып ұстамаса, жаяуға жеткізбейтін шығар, – деді. Үйдің ішіндегілер ду күліп, шек-сілесі қатып жатыр. Осы кезде шаруадан қолдары босап, ойын-күлкі, сауық іздеп ерігіп отырған ауыл адамдары мұны тағы да сөйлеткелі түрткілей бастады. Біреу отырып: – Мына тауда мұны атпен қуып кім әуре болып жүреді дейсіз, жақыннан қашса жаяу қуып та ұстап аламыз, – деді. Бұған әлгі отырып: – Бәсе, аяғы тым қысқа сорлы екен, мына қалың қарда қайдан қаша қалсын, – деді. Енді алдыңғы күлкі-күлкі ме, жұрт одан сайын дүрліге түсті. Ол бұған намыстанып, ұялудың орнына өзі де қоса күліп отыр. Бір кезде әлгі адам тағы да: – Бұл өзі далада жүріп не жеп күн көретін хайуан? – деді. – Өзің қалай ойлайсың? – дегендерге: – Қайдан білейін, шөп жемесе, – деді. Енді бұл сөзге жауап қайыруға да жұрттың шамасы келмей сықылықтай жөнеледі. Осы кезде конағының сөзіне көршіміз намыстанды білем: – Жүр, Байсеке, үйге қайтайық, – деп оны алып кетті. Ол кетісімен Қата-ағаң бізге қарап: – Ей, әлгінің сөзі дәл біздің Қиясбайдың «ақ сиырдан туады күрең айғыр» деген өлеңі сияқты болды-ау. Бірақ ол тап басып, тауып айтушы еді, ал мынау түлкі тұр ғой, түйені де шала танитын біреу екен, – деп күлді. Мен әлгі Қиясбай туралы айтылған сөздің ұшығын ұстай қалып: – Қатпа аға, сол өлеңнің ең басқы шығу тарихы қалай, осыны Қиясбайдың өзі шығарып айтқан ба? – дедім. Өйткені, бұл кісінің Абай мен Қиясбай жайында көп әңгіме білетіндігін мен бұрын да әркімдерден жақсы естігенмін. Сондықтан осындай жақын адамдарымен бас қосып, көңілді мәжілістес кезін пайдаланып біліп қалғым келді. Қатпаның жасы алпыстан асып кеткенмен де, әлі жанарына кірбің іліне қоймаған, отты үлкен көздерін күлміндете қарап, отырған жұртты бір шолып алды да: – Әй, Қасен, – деді, – мына Тәңірберген менімен кездескен сайын, менен түрткілей сұрап, бір әңгіменің төркінін біліп қалғысы келіп отырады. Бұл кейде сені де шұқылап қоятын шығар? Бұл кісінің Қасен деп отырған адамы өмірі Абайдың қолында жүріп өскен, Құсайынның, баласы Қасен деген ақсақал. Мұның әкесін Абай тілі мүкістеу сөйлейтіндіктен болар «Қара сақау» дейді екен. Содан барып Қара сақау атанып кеткен көрінеді. Сондықтан ел мұны Қара сақаудың Қасені десетін. Бұл ақсақалдың жасы да Қатпамен тұрғылас. Екеуі қалжыңмен қағысып, қатты ойнайтын көрінеді. – Ей, қу жақ, көсе, – деді Қасен Қатпаға қарап, – білгеніңді елге бәлсінбей-ақ айта берсеңші. Мен сендей әңгіме білсем, іркілмей-ақ ағыла берер едім. Мұның бұл сөзіне Қата-ағаң күле жауап қайтарып: – Ей, сен маған сақалыңды бұлдама, сақал біткеннің бәрі әулие емес. «Сақалды сопыға сайтан үйір болады» деген нақыл бар, сақал дене талғамайды, иектен басқа жерге де жоғары, төмен шыға беретін нәрсе ғой, – деді. Бұған үйдің ішіндегілер қыран күлкі болып, шек-сілесі қатып жатыр. Мен сол жылғы соғымға бір семіз тай сойған болатынмын, онсыз да дәмге шақырғалы отырған ауыл ақсақалдары бүгін біздің үйге келіп, бас қоса қалған соң оларға да: – Қонақпен бірге отырып, сыбағаларыңызды жеп қайтыңыздар, – деп ескертіп қойған едім. Сондықтан олар да асықпай, әңгімені алаңсыз тыңдап отыр. Енді жаңағы мен сұраған Қиясбай туралы әңгіменің жайын есгігелі құлақтары елеңдеп, кұмартып отырған ауыл адамдары да Қатпадан соны айтып беруді өтініп, қолқалап сұрай бастады. – Жарайды, – деді Қатпа-ағаң. – Мен енді сендерге Қиясбай мен Абайдың арасында болған бірнеше қызық жайларды айтып берейін. Бірақ әңгіме айтылған кезде, арасына көлденең бір сөз кірісіп кететін болса, онда мен оны айтпай да қоятын қырсығым бар. Оны өздерің жақсы білесіңдер ғой, – деді. Бұған үй толы отырған жұрт: – Құп болады, әңгімені бөлген адамды осы үйден қуып шығамыз, – деп келісе кетті. Енді бала жасынан Абайдың тәрбиесінде болып, тіл ұстартып өскен майталман қарт әңгімені жайтан қағып бастай жөнелді. – Менің еміс-еміс ес білетін кішкене бала кезім болатын, – деді ол, – Қиясбайдың осы күлдіргі өлеңі ел арасында тарап кетті, мұны той-думан, шілдехана болып, бастары қосыла қалса-ақ, жиналған жұртты күлдіру үшін қызық қылып айтып жүретін-ді. Бірақ мен сол кезде оған мән бермейтін жас уақытым ғой, енді бертін келе әңгіме ұғатын кезімде әкем маған Қиясбай жайын бастан-аяқ баяндап айтып берді. Ол кісінің айтуынша, бұл өлеңнің ең бастапқы шығу тарихының себебі былай болған көрінеді. Бір жылдары Найман елінің мыңды айдаған атақты байларының бірі – Бұлан деген кісі өліп, соған ас бергелі Уақ, Керей, Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшаққа, алты арыстың балаларының игі жақсыларына бір жыл бұрын сауын айтып, ояз арқылы шақыру қағаз жіберіпті. Бұған біздің бес болыс Тобықтыңың билері мен белгілі, білікті адамдарының бірталайы бармақшы болып, ат жаратып, әнші, күйші, балуандарын дайындап, қам жасап жатқан кездері болса керек. Бір күні Қиясбай Абайға келіп: – Абай аға, осы асқа мен де барайыншы, – депті. Оған Абай: – Бала, сені өзім де қалдырмай апарғалы отырмын, – дейді. Өйткені, Қиясбай бармағынан бал тамған күйші, Саймақтың «Сары өзені», «Қалмақтың Қара жорғасы» мен «Боз айғыр» күйлерін тартқанда жұртты өзіне қарататын өнегелі және топқа түсетін балуан еді. Сондықтан Абайдың мұны асқа өзімен бірге алып баратыны белгілі. Енді тағы да Қиясбай отырып Абайға: – Абай аға, сен ақынсың, мен түк өлең білмеймін. Асқа әрбір елден жақсы адамдар келеді, солардың алдында біреулер: «бала, бір өлең айтып жіберші» дей қалса, мен не айтпақпын? Бірер ауыз өлең үйретпейсіз бе?— депті. Сонда Абай: – Япыр-ай, бала, сенің бұл ойын жөн екен, енді саған өзіне лайық өлең табу керек болды ғой, – деп жымиып күліп Қиясбайға: Сыртым аңқау, ішім қу, Жүрген жерім бәрі ду. Үстіме киген киімім Киім емес қызыл шу. Уайым жоқ, қайғы жоқ, Атадан тусаң, мендей ту, – деген өлең шығарып береді де: – Бала, осының аяғын өзің айтып жіберші, – депті. Сонда Қиясбай отырып: Тамағым тоқ, уайым жоқ, Япыр-ай, менің өзім неткен қу, Әгәгәй, әгәгәй, – деп әндете жөнеліпті. Мұның осы сияқты тапқыр, күлдіргі сөздер мен бала тәрізді ақ көңіл, қызық мінездерін Абай жақсы көргендіктен оны еркелетіп, атын атамай, «бала» деп сөйлейтін еді. Сондықтан елдің бәріне «бала» атанып кетіпті. Сол әдеті бойынша Абай Қиясбайға: – Бала, бұл өлеңді саған жазып беруге хат танымайсын, енді мұны ұмытып қалмайсын. ба? – депті. Сонда Қиясбай отырып: – Ұмытқан жерімді өзіңізден күнде сұрап алып отырсам, оп-оңай-ақ, бір жұманың ішінде жаттап алмаймын ба? – депті. – Бұған Абай шек-сілесі қатып күледі де: – Жарайды, бала, әйтеуір жаңылмасаң болғаны, – дейді. Енді Қиясбай өзі айтқандай бір ауыз өлеңді бір жұмаға созып жаттайды, Абайға келіп; – Абай аға, бұл аз болады ғой, тағы да бір-екі өлең үйретпейсің бе? — депті. Сонда Абай отырып: – Бала, сен өлеңді Асылбектен барып үйренсең қайтеді, мен оған хат жазып берейін, – дейді. – Жарайды, хат жазып берсеңіз барайын, – депті Қиясбай. Абайдың мұны жіберіп отырған адамы Тобықты ішіндегі Бөкенші руының білікті адамдарының бірі – Асылбек деген кісі. Ол сәлем беріп, үйге кірген бетінде төрге қарай өрлей келіп отырып, Асылбекке Абайдың берген хатын ұсынады. Асылбек хатты оқып отырып сылқылдап күледі де: – Оу, бала, асқа Абай сені де ала баратын болған екен ғой. Бірақ мен ондай ақын адам емеспін, оны өзің де білесің, дегенмен ойлансам, сендік бірер ауыз өлең табылып қалар, өзің бір-екі-үш күн осында бол, оған дейін мен де ойланып көрейін, – дейді. Бұған Асылбектің бәйбішесінен бастап, үйде отырған кісілердің барлығы ду күліседі. Ертеңінде, күндегі әдеттері бойынша, түскі қымызға ауылдың ақсақалдары сол үйде жиналып, әңгіме қызған кезде Асылбек: – Мен сіздерге мына баланың маған не шаруамен келгенін айтайын. Әлгі Найман Бұланбайдың асына барамыз деп, осы ел ат жаратып, дайындалып жатқан жоқ па. Соған Абай мұны да ала баратын болған екен. Бұған алты арыстың жақсылары бас қосқан жерде айтатын өлең керек көрінеді. Абай өзі бастап, бірауыз өлең үйреткен екен, ендігісін Асыл-ағаңнан барып үйрен деп, хат беріп, маған жіберіпті. Кәне, бала, сол өлеңді естиік, айтып жіберші, – депті Асылбек. Сонда Қиясбай Абайдан үйренген бір ауыз өлеңін белгілі «Әгәгәй» әніне салып, қоңырлата жөнеліпті. Мұны қымыз ішіп, қызып отырған көпшілік мадақтай күліп: – Бәрекелді, бала, сенің өзіңе сай өлеңді Абай жақсы тауып айтқан екен. Ендігі кезек Асыл-ағаңда қалған көрінеді ғой. Оны да естіп қаларсың, – десіп қауқаулай бастайды. Сонда Асылбек Қиясбайдың бетіне қарап ойланып отырып мына өлеңді айтқан екен: Өз-өзінен бұзылған оң жақ көзім, Тентектен мақұл болған тантық сөзім. Осы жасқа келгенше «баламын» деп, Япырай, неткен қумын менің өзім, – деп осы бір шумақ өлеңді шығарып беріпті. Бұл кісінің «өз-өзінен бұзылған оң жақ көзім» дейтін себебі, Қиясбайдың жас кезінде көзінің үстіңгі қабағына теріскен шығып, қышып болмаған соң, ыза болады да, оны өзі тобылғының ұшындағы шоғымен күйдіріп тастаған екен. Сол жер тыртық болып бітіп, қабағын жоғары тартып тұратын-ды. Ал, Абайдың «үстіме киген киімім, киім емес қызыл шу» дейтіні – Қиясбайдың түрі сұқытсыз, алып денелі, ұзын бойлы адам болатын-ды, ол киімді де елден ала бөтен, бір жосын бейнеусіз киетін еді. Оның үстіне киімінің әр жеріне қызылды-жасылды бұлдың кесінді қиқымдарын жинап алып, оны жіппен іліп жалбырата жапсырып қоятын-ды. Абай сол түріне сай қызық мінездерін суреттеп айтқан. Қиясбай сол үйде бір жұмадай жатып, әлгі өлеңді жаттап қайтуға ыңғайланғанда Асылбек отырып: – Бала, саған мен бір ақыл айтайын деп отырмын. Ондай ұлы дүбір асқа жиналған топтың алдында айту үшін бұл үйренген екі-үш ауыз өлеңін аз болады. Сен енді Абайға өлеңді көбейтіп барғаның дұрыс. Ол үшін мен Әділшеге хат жазып берейін, енді сен соған бар. Ол да саған мынауыңа қосымша бірер ауыз өлең тауып беріп қалар, – дейді. – Жарайды, хат жазып берсеңіз барайын, дейді Қиясбай. Әділше бай кісі болмаған көрінеді. Бірақ ол өз ырқы болмаса, сол кездегі би-болыс, бай, жуандардың зорлығына көнбейтұғын, пысық, айтқыш, өжет адам болыпты. Қиясбай енді Асылбектің хатын алып сонда келеді. Ол мұны құшақ жая қарсы алады. Жайланып отырған соң, бұл Әділшеге Асылбектің жазған хатын береді. Әділше хатты оқып көреді де: – Бала, өзің өлең жинап келеді екенсің ғой. Мен «әу» деп өлең айтып көрген жан емеспін. Бірақ саған өлеңге қосымша күлдіргі қара сөздер де керек болар. Енді оны Абай мен Асыл ағаңнан үйренген өлеңдерінді естіген соң барып ойлана жатармыз. Мен бір тоқтысын қасқыр жесе, бір күн аза тұтатын дүниеқоңыз бай емеспін. «Жоқ жомарт келеді» деген. Қазір саған бір бағлан тоқтыны алдырып сойғызамын. Соның етін қазанға былқытып астырып қойып, содан кейін барып өлеңге кіріселік, – дейді. Мал сойылып, ет асылып жатқан үйге жайлаудағы қымызға тойып, қызылсырап жүрген ауыл адамдары қас қаққандай болғанша үйдің ішіне лық толады. Енді Әділше отырып: – Ал, бала, мына кісілердің бәрі сенен өлең естігелі келіп отыр. Жаңағы өлеңдеріңді енді айтып жібер, естиік, – дейді. Сонда Қиясбай тамағын бір кенеп алып, жаттаған өлеңдерін әндетіп айтып береді. Бұған Әділше қарқылдап күліп: – Ау, бала! Сені мына үйренген өлеңдерің оңдырып тұрған жоқ сияқты! Өйткені, Абай да, Асылбек те сенің сыртқы түрің арқылы ішкі сырыңды елге сездіріп, бала қылмай кетіпті ғой. Енді мен саған ешкім тауып айта алмайтын, өзіне сай өлең шығарып берейін, сен мұны қой да, соны жаттап ал! – депті. Осы күнгі дүйім елге тарап кеткен Қиясбайдың күлдіргі өлеңінің түп нұсқасын сонда Әділше шығарып берген екен. Сендердің бағанадан бері менен қолқалай сұрап отырғандарың сол шығар? Ол былай басталады, деп Қатпа-ағаң осы күлдіргі сөздерді термелей жөнелді. Ай далада ақ қасқыр оқақ-соқақ, Ақ сиырдан туады күрең айғыр. Аспанда ителгі құс пішен жейді, Арық тоқты шұлғиды тер катқанда. Иттің үріп шыққаны – жаз болғаны, Беліме буынғаным 17 арқан, Қыздар-ау, үйіңнің он жағында Бұрқан тарқан. Әгәгөй, әгәгөй... Осы өлеңді Қиясбай Әділшенің үйінде он шақты күн конып, жаттап алады да, Абайға қайта келеді. Сол күні Абайдың үйінде асқа жүрудің жайын сөйлескелі Абаймен ақылдаса келген ел жақсыларының бірталай адамы отырса керек. Қиясбай сәлем беріп үйге кірісімен, жайланып отырар отырмастан, Абай бұған қарап: – Бала, асқа жүретін күн таяп қалды, қалай өлеңді көбейттің бе? — депті. Сонда Қиясбай: –Абай аға, өлеңді азайттым. Өйткені, сіз бен Асыл ағамнан үйренген өлеңнен гөрі Әділше үйреткен өлең, артык болды, – депті. Бұған үйде отырған жұрт ду күлісіп: «Кәне, бала! Естиік. Енді сол өлеңді айтып жібермейсің бе» – деп қолқалайды. Сонда Қиясбай бөгелместен осы Әділшеден үйренген күлдіргі өлеңін әндетіп айта жөнеліпті. Бұған үйдегілер тағы қыран күлкі болыпты, өлең аяқталып, күлкі басылған кезде Абай отырып: – Япыр-ай, мына Әділшенің өлеңі біздің өлеңімізден артық шыққаны рас екен. Өйткені, бұл сенің өзіне сай, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, күлдіргі өлеңді дәл тауып айтып отыр. Енді сен осы өлеңнен айырылма, – депті. Елдің бәрі жайлауда отырған кез болса керек. Енді бес болыс Тобықты елінен асқа баратын елдің игі жақсылары әнші-күйші, бәйге ат, балуандарымен Абай ауылына келіп бастарын қосады да, осы Абай бастаған думанды топ асқа шақырған елге қарай шеру тартады. Тарбағатай тауының бергі бетінен ойға қарай тасқындай ағатын шалқар судың бірі – Базар өзенінің бойына бес жүздей үй тігіліп, Бұланбайдың асы сол жерде өтіпті. Бұған осы күнгі Қазақстан жерінің түкпір-түкпірінен бәйге ат, балуан, ақын-әншілерін әкеліп қатыспаған ел адамдары кемде-кем көрінеді. Абай бастап Тобықтыдан барған кісілерге бір бөлек үйлер тігіліп, оның ішінде Абайдың өзіне арнайы бір үйді жеке тіккізіпті. Бұл әкесіне ұланғайыр ас беріп жатқан Бұланның Құлбай деген баласы екен. Сол кезде оның патшадан шен тағып, шекпен киіп, атағы жер жарып тұрған кездері болса керек. Бұған дәлел, сол кездегі Найман елінің жуан руларының айтатын мындай бір сөзі бар көрінеді: – «Көкте – құдай, жерде – Құлбай тұрғанда, шеттен келіп бізді алатын жау жоқ», – деседі екен. Енді сол дәуірі жүріп тұрған Құлбайдың әкесінің асын қорғау үшін қасына он бес солдат ертіп ояздың өзі барыпты. Оның себебі, ол кезде мұндай ұлы дүбір астан ұрыс-жанжал, шатақ көп шығады. Кейде оның арты шабындыға айналып кететін кездері де болатын. Енді Абайдың асқа келгенін естіген соң, өзі бұрыннан Абаймен таныс ояз Абайды шақыртып алады да, сәлемдесіп болып, жайланып қасына отырған соң, ол Абайға қарап: – Ибраһим Құнанбаевич! Сен осы қазақ халқының ас пен той, ойын-сауық, тұрмыс-салтының барлығын да жақсы білесің ғой. Сондықтан, мына асқа жиналған елді дау-жанжалсыз тарату үшін маған көмектес, – депті. Содан былайғы жерде бірнеше күнге созылған қазақтың әртүрлі ұлттық ойындарының барлығында ояз Абайды қасынан қалдырмай алып жүріпті. Енді астың аяқталып қалған кезінде ақындар айтысы басталыпты. Бұған әрбір елдің би-болыс, мырзаларының қолдарына ұстап, қолпаштап жүрген ақындары ғана қатысады. Бұл айтыс оязға арнап тігілген сегіз қанат ақ үйдің ішінде өтіпті. Бұған ояз бен Абай бастатан біраз ел адамдары сарапшы болып отырса керек. Сонда қай жақтың ақындары болмасын сөз кезегі келген жерде Абайды, арғы атасы Ырғызбайдан бастап, Өскенбай, Құнанбайдан бері қарай тізбектей дәріптеп, мақтау өлең айтпағаны кемде-кем болса керек. Бұлардың бәрі де: Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап, Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, – деп Абайдың өзі айтқандай, әр ақын өз елдерінің би-болыс, шонжарларын мақтап өлеңмен олжа тауып үйренген ежелгі тілемсектік надан әдеттеріне салып, Абайдан да сондай сыйлық көріп қалармыз дегендей үміттеніп отырғандарын жақсы түсінетін Абай бұған қапы ыза болады да, іштей қыстығып мазасы кете бастайды. Әбден шыдамы таусылған кезде қасына еріп барған менің Әкем Қорамжанға қарап: – Ей, Қорамжан! Біздің ақынды да шақыршы. Мына айтысқа ол да келіп қатыссын, – депті. Аналардың бағанадан бері айтып жатқан мақтау өлеңдерінен Абайдың мезі болып, енді оларды Қиясбайға мазақ қылғызғалы отырғанын әкем сезе қойып, сыртта жүрген Қиясбайға барып: – Тез жүр! Сені Абай ағаң айтысқа түссін деп шақырып жатыр, – депті. Қиясбай бөгелместен өзінің үйден ала барған үкілі ақ домбырасын қолына ұстай сала, айтыс өтіп жатқан үйге кимелей кіріп, бұл да ақындардың қасынан келіп орын алады. Бұған ояз таңырқай қарап отырады да: – Ибраһим Құнанбаевич! Сенің ақының кесек тұлғалы, киген киімдері қызық екен, – депті. Бұған Абай орысша жауап қайтарып: – Біздің елдің салдарының киетін киімдері осылай болады, – депті. Сонда сарапшылардың біреуі отырып: – Кәне, Абайдың ақынымен қайсысың айтысасыңдар? Өлеңді бастауларыңа рұхсат, – дейді ақындарға қарап. Бағанадан бері Абайды мезі қылып отырған зар жақ ақынның біреуі өлеңді тағы да Абайды мақтаудан бастап сарнай жөнеледі. Ендігі кезек Қиясбайға берілген кезде ол алдымен отырған жұртты өзіне қарай баурай тартып алатын «Желдірме» күйін домбырада бебеулете тартып біраз ойнап жібереді де, енді өзінің кең тынысты дауысын шарықтата бір көтеріп алады да, қоңырлатып айтатын «Әгәгөй» әнінің ырғағына салып, «Айдалада ақ қасқыр оқақ-соқақ» деп өлеңін басынан бастап термелей айта келіп, қайырмасын: Беліме буғаным 17 арқан, Қыздар-ау, үйіңнің оң жағында Бұрқан – тарқан. Ақындар-ау, айтысып мені жеңбейсін, Әу десен болды, бер дейсің! Арам тер болмай одан да, Аузыңды жап та үйден шық! Әгәгөй, Әгәгөй..., – деп аяғын баяулатып барып тоқтатады. Бұған айтысқа қатысып отырған қауымның бәрі шек-сілелері қатқанша күледі. Енді оның қарсылас ақыны жұрттың күлгеніне ыза болып, мұның айтып отырған өлеңі – өлең емес, нақұрыс адамның түкке келмейтін сөзі сияқты деп өлеңмен қайталап тағы айтады. Оған Қиясбай осы өлеңмен қайта жауап қайырады. Бұған бағанадан бері бұлардың не айтып, жұрттың неге күліп жатқандығын түсінбей отырған ояз Абайға қарап: – Мұның қайсысы жеңіп отыр? – деп сұрайды. Сонда Абай: – Кімнің жеңіп отырғаның көріп отырған жоқсыз ба, жеңген ақынды жұрт қызықтамай ма? – деп жауап беріпті. Бұл мазаққа шыдай алмай онсыз да манадан бері жаны күйіп, намыстанып отырған қарсы жақтың орыс тілін білетін біреуі тұрып: – Тақсыр! Абай мырзаның ақынының айтып отырған өлеңі түкке келмейді, есалаң адамнын сандырағы сияқты, бір сөзін қайталай береді. Жұрт соған күліп отыр, – депті. Оған ояз қатты ашуланады. – Сен ақымақ, кімді алдағалы отырсың? Сендердің ақындарын айтқан кезде бірде-бір адам езу тартып күлмейді. Ал Абайдың ақыны айтқан сайын елдін бәрі қыран күлкі болып, жиналған жұртты думандатып отырған жоқ па? Сен осы менің алдымда көпе-көрнеу өтірік айтқанын үшін айыпқа тартылып кетпейсін бе? Жетер, енді айтысты тоқтатамын. Бас бәйге Құнанбаевтың ақынына беріледі, – деп, отырған жұртты үйден сыртқа қуғызып шығарады. Олар тарап, шығып кетісімен Абай Қиясбайды қасына шақырып алып: – Бала, сен мынау елдің малының көптігіне мастанып, маңғазсып жүрген надан байларымен, бітеу кеуде би, болыстарының пұл беріп сатып алып әдеттендірген қошеметшіл құлқын құмар, әулекі ақындарын әжуа өлеңмен келемеждей отырып, келелі топтың алдында есебін тауып, менің абыройымды қорғап қалдың-ау. Сенің әр кезде осындай ойлаған жерден дөп шығатын тапқырлығыңа адам қайтып риза болмасын! – депті. – Енді осы астан қайтар сапарындағы Абай туралы әкемнің бір әңгімесін айтайын, – деді Қатпа ақсақал. – Абай көңілі ұнатқан нәрсесін оның арзан-қымбатына қарап саудаласып жатпай, сұрағанын беріп ала салатын жомарт еді. Бұған дәлел – сол аста 150 аттың алдында келген Молдаш деген кедей адамның ас пен тойда бәйгенің алдың бермей жүрген Кедейқұла деген жүйрік атын 5 түйенің құнын беріп сатып алыпты. Енді қайтар кезінде Молдаш отырып қасындағы атқа шапқан баласына қарап: – Балам, үйге барғанда шешеңе атымызды алдырып, екеуміз бір атқа мінгесіп қайттық деп барамыз ба? – дейді. Сонда Абай отырып: – Мына Молдашка баласы мініп қайтатын тағы да бір ат беріңдер, – деп, бір атты қостырып беріп еді. Және сол жолы Қиясбай балуанға түсіп, оны да жығып, екі бәйгенің жүлдегері атанып қайтқан деуші еді әкем, – деп Қатпа-ағаң Қиясбай туралы әңгімесін аяқтай берген кезде, сол ауылдағы бастауыш мектептің мұғалімі Сыман дейтін жігіт отырып Қатпаға мынандай бір сұрақ қойды. – Сіз осы Қиясбайды Абай өмірінше еркелетіп, жақсы көріп кеткен еді деп отырсыз ғой. Ал бізше мұның итіс-тартыс сөйлеп, жұртты күйдіріп отыратын қызық мінездерінен басқа елден ерекше ақыл парасатымен, алғыр ойлы адам болғандығы аңғарылмай тұр ғой – деді. Бұған Қата аған қатты ашуланып қалды білем: – Ал сонда сенің ұғымыңша Қиясбай қолы бос, еріккен елдің ермегі болғаны ма? Болмаса, сол кезде Абай ермек үшін қолына ұстап еркелетіп отыратын бір әнгүдік әумесер адамды таба алмай отыр ма екен? «Ұқпаған құлақ құптауды да білмейді» деген мақалды халық тегін айтпаған болар. Япыр-ай, данышпан Абайдың: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дейтін өлеңі осындайдан барып шыққан-ау. Сен бағанадан бергі айтылып жатқан әңгіменің түп төркінін неден басталып, қалай тарап жатқандығын ұға білсең мұндай сұрақты қоймаған болар едің. Осы кезгі аз да болса оқығаны бар көзі ашық деп жүрген саналы жастарымыздың бірі – сенің айтып отырған сөзің – мынау. Өзге қараңғы оқымаған адамдарға не өкпе бар. Ал, жарайды, сенің ойынша Қиясбай өзінің не сөйлеп, не қойғанын түсіне білмейтін бір әлжуаз шайқы адам-ақ болсын делік. Сонда осындай адамды Абайдан бастап сол кезгі елдің игі жақсылары бір-біріне хат жазысып, өлең шығарып беріп, оны сонша неге еркелетіп жүргендіктерінің түпкі сыры неде жатқандығын аңғара білген әрбір ақыл иесінің жанқиялын қозғарлықтай бір үлкен ой туғызып тұрған жоқ па? Осы арада Абай ағамның айтқан тағы бір сөзі ойға орала кетіп тұрғанын қарашы! Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі. Сонда да көңілі тым-ақ тоқ, Жайқаң-қайқаң әр несі, – деген өлеңі еске түседі, – деп Қатпа-ағаң біраз кейіп отырды да, – япырай,-ә, – деді, – әлі күнге дейін өз дәрежесінде орнын таппай жүрген өкініштің бірі – осы. Қиясбайды Абайдың неліктен жақсы көріп кеткендігін біздің кейінгі жастарымыздың көбі дұрыс ұқпай, құр сыртқы суретін ат үстінен қарап, теріс түсінгендіктен, мұны бір нарықсыз әумесер адам көріп, бұған соншалықты мән бермей, мәнсұқ етіп жүрген сияқты. Тіпті басқасын былай қойғанда, бұған Абай мен Асылбектің шығарып берген бірер шумақ өлендерінің өзі-ақ Қиясбайдың қандай адам болғандығын айқын аңғартып тұрған жоқ па? Абай: «Сыртым аңқау, ішім қу, Жүрген жерім бәрі ду», - деді. Ал Асылбек: «Тентектен мақұл болған тантық сөзім», – деп, мұның Абайдан үйренген алғашқы өлеңінің маңызын толықтыра түседі. Енді осы екі өлеңнің ішкі астарына ой жүгіртіп қараңдаршы! Абай мұның барған жерін думандатып жүретін күлдіргі, қызық мінездерімен кезекті жерінде ешкімге алдырмай, одан қулығын асырып ұтып шығатын тапқыр адам екендігін аңғартып отыр. Ал, Асылбек сол кезде елге ұрлық-зорлығымен зардабын тигізіп жүретін бұзатар, тентек адамдардан халық мұңын тантық сөзін кадірлейді деп отыр емес пе? Енді мен сендерге осы жоғарыдағы айтылған сөздерімді дәлелдеу үшін өзімнің көзім көріп, құлағым естіген, Абай мен Қиясбайдың арасындағы болған бірер әңгімені айтып берейін, – деп Қата ағаң өзінің белгілі күле сөйлейтін мінезіне салып, насыбайды бір атып алды да, әңгімесін жалғастыра жөнелді. – Ой, жолың болғыр, Қатпа-ай, бізді бүгін әңгімеге бір кенелттің-ау, – десіп үйдегілер дуылдасып жатыр. – Бір жылы, – деді Қатпа ағаң, – қаңтар айының аяқ кезі болатын. Таңертеңгі шайды ішіп отырғанымызда, үйге сәлем беріп Қиясбай кіріп келді. Абай мұны «жоғары шық, бала», – деп ықыласпен қарсы алды. Ол шешініп келіп шайға отырысымен: – Абай аға, соғымға сойған өгізшеміздің еті таусылып, ағаларымның қарны ашуға айналған соң өзіңізге келдім, – деді. Абай оған қарап: – Бала-ау, осындай жазға салымғы кезде союға жарайтын мал табыла қоймайтынын білмеуші ме едің, – деп жымиып күлді де қойды. Қиясбай «ағаларым» деп өзінің балаларын айтып отыр. Абайдың жылда 10 – 15 қойды шөппен бордақылап отыратын әдеті болатын-ды. Шай ішіп болған соң Абай маған: – Мына балаға ана шөпте тұрған қойлардың біреуін бер, деді. Мен Қиясбайды ертіп қораға келдім де, бір қойды ұстап сыртқа алып шығып: – Ал, бала! Енді мұны алдыңа өңгеріп жіберейін, барып атыңа мініп кел, – дедім. Ол маған: – Сен өзің не сөйлеп тұрсын? Мұның етін жініктірмей үйге жеткенше оттатып жайып бармаймын ба? – деді. Мен: – Бала-ау! Жалғыз қой жайып барғаныңа жүре ме? – деп күлдім де, қойды босатып қоя беріп, қызығына қарадым да тұрдым. Қой ауылды айнала қашып, Қиясбайдың сілесін әбден құртты. Менің де күлкіден аузым босамай жүретін жас кезім ғой. Бұған өзім де ішегім түйілгенше күліп жатырмын. Абайдың біреуге сеніп бір жұмысты тапсырса, соның артынша оның немен тынғандығын сұрап біліп отыратын әдетін мен жақсы білемін. Сол күлген бетімде үйге келсем, Абай кітап оқып отыр екен. «Беріп келдің бе?» – деді. Мен оның маған айтқан сөздері мен ендігі істеп жүрген әрекетінің қызығын айтқанымда Абай сылқылдап тұрып күлді де: – Ол соны білмегендіктен істеп жүр ғой дейсін бе? Бір қойды азырқанып, маған қылып жүрген қылығы емес пе? Бұған тағы бір қой қосып беріп құтылмасаң болмайды, – деді. Мен қайта сыртқа шығып, Қиясбайға дауыстап: – Бері кел, бала! Сен тағы бір қой алатын болдың, – дедім. Ол қуанып кетті: – Бәле! Жаңа жақсы болды ғой. Мынауың бір үйірсек ит екен. Ауылдан шықпай айнала қашып, манадан бері өзімді әбден әуре қылып еді. Енді дұрыс болды. Сен мұны ұста да, екеуін қосақтап, алдыма салып бер, айдап кетейін, – деді. Мен оның айтқанын істеп, ауылдан шығарып салдым да, өзіміздің үйге келіп әкеме Қиясбайдың істеп кеткен ісінің қызығын айтып күліп едім, әкем отырып: – Балам, оны Абай тегін еркелетіп жүрген жоқ қой. Ол табанда ойлап, бір істің қисынын тауып кететін алғыр ойлы, тапқыр адам. Мен оның осындай ойда жоқ жерден орайын тауып, Абайға өзінің көңілденсін істетіп кеткен жерлерін талай рет көзбен көрдім. Енді саған соның бір қызығын айтып берейін, – деді. Қиясбай осы дидақумен жігіт атасы болғанға дейін әйел алмай жүрді. Бір күні Абай отырып оған: – Осы сенің не ойлаған ойын бар? Жар құшып, бала сүйіп отыратын кезің жетті емес пе? Неге әйел алмай жүрсің? – деді. – Менің таңдаған қызымды әпермейсің ғой, әперсең алар едім. – Онда осы маңдағы ауылдардан өзіңнің ұнатып жүрген қызың болса айтып көрші, сөйлесейін. – Ендеше мен алдыменен қыз таңдап көрейін, содан соң ұнатқан қызымды өзіне келіп айтармын, – деді Қиясбай. Бұл қыркүйек айының аяқ кезі болатын. Бір күні қазанның қара дауылы үдей соғып, кейбір үйлерді жығып кетіп, жылқылар үркіп, шуласып, ауылдың ұйкы-тұйқысын шығарып жатқан кезде Қиясбай Абайдың үйіне алқып-жұлқып жүгіріп келді: – Абай аға, тезірек сыртқа шығыңызшы, мен сізге сүйген қызымды көрсетейін, – деді. Абай орнынан жайлап тұрып, шапанын иығына жамылып сыртқа шықты. Сиырының бұзауы жамырап жатқанын көріп соған жүгіріп бара жатқан бір қызды қолымен нұсқап: – Ұнатқан қызым осы, – деді Қиясбай. Абай бұған сәл ойланып тұрды да: – Бала-ау, бұл екеуің бірігіп, шаруа құрып, өз алдарыңа үй болып кете аласыңдар ма? Сол жағын ойлағаның дұрыс болар, деді. Қиясбай іркілместен: – Жарайды, олай болса сіз өз көзіңізді жерге алып қоя тұрып, оның орнына менің көзімді салыңыз да, қайтадан бір қарап көріңізші. Сонда ол қордың қызындай көрінбесе сіздің айтқаныңыз жөн болсын, – деді. Бұған Абай ойланып тұрды да: – «Адамның ішкі сезімінің айнасы – көз. Әділеттің қазысы аталы сөз», деген нақылды халық тегін айтпаған болар. Енді мен тоқтадым. Ал, Қорамжан, сен енді құдалық сөйлесетін болдың ғой, деді маған қарап. Мен Абайдың айтқанын орындадым. Қыздың әкесіне қалың малды өзі төлеп, Қиясбайды үйлендірген Абай еді, дейтін әкем. Қат-аған Сарқанның ащы насыбайын шабыттана бір атып алды да, жайнақ қағып әңгімесін жалғастыра жөнелді: – Енді мен сендерге осы Қиясбай туралы Абайдың өз аузынан естіген тағы бір әңгімені айтып берейін. Бір күні Абай Қиясбайдың ауыл сыртында балалармен ойнап жүргенін көріп, үйге шақыртып алды да: – Бала, сені жас кезіңде мен де еркелеттім, ел де еркелетті, енді қартайған шағында балалармен ойнап жүргенің өзіне ұят емес пе? Бұдан былай жұрт сені еркелетудің орнына күлкі, мазақ қылмай ма. Сондықтан енді ауыл ақсақалдарымен бірге дөң басына шығып, әңгімелесіп отыратын кезін болды емес пе? – деді. Бұған Қиясбай қатты ренжіп, томсырайып, өкпелеп қалды. Оған Абай: – Сен менің осы айтқан ақылымды түсініп, тоқтаудың орнына маған өкпелеуің қалай? – деді. Сонда Қиясбай отырып: – Сені, ойда – орыс, қырда – қазақ данышпан ақын Абай деп алдыңнан шықпай, ардақтап жүр ғой. Бірақ сен дүниенің тұрақсыз, алдамшы сырынан түк түсіне білмейді екенсің. Білсең, мен өзіңнен бір сұрақ сұрайын, соны айтып берші. Осы адам баласы анасынан жылап туа ма, күліп туа ма? – деді. Бұған Абай: – Күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой, – деп жауап қайтарды. – Олай болса, – деді Қиясбай, – дүниеге жылап келген адам баласы, күліп өлмейді. Сондықтан бұл фәниге кейіспен келген пенденің, алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай, өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба? – деп сол өкпелеген бетінде үйден шығып кетті. Абай үндемей, біраз ойланып отырды да: – Япырмай, әлгінің өмірге көзқарасында ой тебірентерлік терең сырлар жатыр ау. Енді мұны осы өзі ұстаған жолынан өзгертем деудің қажеті жоқ екен, ойнай берсін, – деді. Енді мен осы айтқан сөзімді дәлелдеу үшін сендерге тағы бір әңгіме айтып берейін, – деді Қатпа ақсақал. Осы дүйім елге әйгілі болған Мұқыр сайлауында Оразбай, Әбен бастаған ру басыларының кесірінен Абайдың, арына жарасы бітпестей қатты соққы тиіп қайтқаны мәлім. Сол жөнінде, Уақ, Керей, Арғын, Найманнан шыққан төрт арыс елдің игі жақсылары – елшілер келіп, Абай ауылына жинала бастады. Мен ауылдағы өзім қатарлы жылпос жас жігіттермен бірге сол келіп жатқан қонақтарды құрметтеп аттандыру үшін күндіз-түні бірдей соларды күтісуде болдым. Абайға жаулық жасаған рулардың бүлікшіл, содырлы жуандарына жүз түйе айып кесіп, соны орындатып кету үшін келген елшілер Абай үйінде бірнеше күндей конақта болды. Бір күні Абай өзінің жақын дос-жарандарыменен үйде оңаша қалып сырласып отырған кезінде соларға бұл фәни дүниенің өмірге келген жан иесіне опасыз екендігін әңгімелеп отырып, бір сөздің орайында Қиясбайдың сондағы өзіне айтқан сөзін есіне түсіріп, жанағы әңгімені аналарға айтып берді де, ауыр күрсініп: – Сол айтқандай, осы алдамшы дүниенің тылсымы адастырарына келгенде ақылдың көзін жадылап, адамды торына түсірмей қоймайды екен, міне, ақырында келіп мені де келемеж етті емес пе, – деп кейіп отырғанын естідім. Осыдан-ақ Қиясбайдың. дүние танымы менен ақыл-ойы терең парасатты адам болғандығы айқын аңғарылып тұрған жоқ па? Мен оның тапқырлығы мен Абайға өз ойындағысын істетіп кеткен қызықты істерінің талай рет ішінде болдым. Оны тағы да осындай бір бас қосып, кезегі келген кезде айтып берермін, – деп сағатына карады да Қатпа ақсақал, мен таңертең ерте тұрып, аңға шыққалы отырмын. Міне, түн ортасынан ауып барады екен, енді осымен әңгімені доғарып, жатқанымыз жөн болар, – деп сөзін аяқтады. Міне, бала жасынан бастап ұлы Абайдың қолында болып, тәлім-тәрбиесін алып өскен төл шәкірті Қатпа Қорамжанұлының есімі әдебиет тарихынан ақын-жазушыларымызға қанық. Мұхтар Әуезов осы әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясын жазу кезінде Қатпаны Алматыға арнайы шақырып алып, біраз күн қолында ұстап, Абай жайлы көптеген құнды деректер алғандығы белгілі. Бұл жөніңде Абайдың 1945 жылғы жүз жылдық мерекесіне арнайы шыққан толық жинағының тарихи түсініктемесінде «Қат-ағаңның естелігінде» деген сөздер бірнеше жерінде айтылады. Мен осы жұртшылықтың сый-құрметіне бөленіп Абайдың тәрбиесінде өскен Катпа ақсақалмен 1939 жылдан 1942 жылы әскерге алынғанға дейін туысқан адамдай сыйлас, сырлас, мәжілістес болып жүрдім. Сол кезде мен ол кісінің Абайға байланысты айтылған әңгімелері мен көптеген ғылыми ұлағатты сөздерін естідім. Соның күні бүгінге дейін жадымда сақталып қалған осы бір ұмытылмас кездерім туралы естелігімді кейінгі ұрпақтарға мұра болсын деп артыма қалдыруды жөн көрдім» (90). Расында да қолқаласа қолқалап, қалап алатындай сөз емес пе. Қиясбай қақындағы алып қашты аңыздардың ішіндегі ақиқатқа жақыны да осы дерек. Тәңірберген Әміреновтың ақындық мұрасы бағаланар. Алайда осынау естелікті жанын үзіп беріп, барынша әділ жазғанына шүбә келтірмейміз. Өмірдегі кейбір әрекеттерінің өзінен «қиясбайшылықтың» сарыны байқалып қалатын халық ақыны Қатпа қарияның да жан дүниесін ашып берді. Қатпаның үрім-бұтақтары Шыңғыстың сыртында. Зиялы, инабатты, кісілікті жандар. Сексенінші жылдар үш рет иен жатқан Бақанас бойын аралағанда кездескен елсізде отырған жалғыз үй – сол қарттың қара шаңырағы боп шықты. Қатпаның қызы Зияда «Әкем, ата-бабам емініп өскен жер. Менің де сүйегім осында қалсын», – деп ел ішіне көшпей отырмын. Шөлдеген, адасқан жолаушыға сусын берген де сауап» (77), – деп талай сыр шертті. «Асылдың жүзін тот баспайды» деген сол. Өмірдегі оқиғалардың ішінде жаратқан аттай жұтынып, көркем шығармаға өзі сұранып тұратын ерекше бір жайлар да болады. Мінез де, астар да, мысқыл да қоса қорытылған шымыр сөздердің бірі төмендегідей. Мұнда Мұхтардың Әуел баста Қиясбайды неге шығарма өзегіне кіргізуді көздеген мақсаты анық бағамдалады. Қиясбай бірде басына киген қызыл елтірісінің жүнін сыртына қаратып, пұшпағынан бау байлап қойып, Абайдың үйіне кіріп келіпті. Қиясбай өзінің сұрқына Абайдың таңырқай қарағанын сезіп: – Абай аға, сізді білгіш дейді, менің басыма кигенім ненің терісі, тапшы? – депті. Абай күліп: – Мен қайдан білейін, өзің айтпасаң, – депті. Сонда Қиясбай: – Бәлі, Абай аға, бұл аң-таңнын терісі емес пе, депті. Абай көзінен жас аққанша күліп: «Жүрген жерін, күнде ду, Сыртың аңқау, ішің қу», депті. – Таптың, Абай аға, таптың, деп Қиясбай тағы да: – Абай аға, қағаз қарындаш берші, бір сөз жазайын, – депті. – Қияс, жаза ғой – деп Абай қағаз, қарындаш ұсыныпты. Қиясбай қағаздың бетіне иір-иір етіп шұбыртып, шимайлап шығыпты да: – Абай аға, сені жеті жұрттың тілін біледі дейді, мына жазуды оқышы? – депті. Абай таңдана қарап шығып: – Қиясбай, мына жазғаның оқуға келмейді ғой, – деп күліпті. Сонда Қиясбай: – Әй, Абай аға-ай, сізді де босқа мақтайды екен, бұл айғыр тышқанның ізі емес пе, – деген екен. Тобықтыңың шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлары Абайдың үйінде мәжіліс құрып отырады. Осы мәжілістің үстіне Қиясбай кіріп келеді. Ешкім оны келдің-ау да деп елемейді. Қиясбай сәл бөгеліп тұрады да: – Уа, игі жақсы тақсырлар, – дейді дауыстап, Абай ағама оңаша айтатын бір шаруам бар еді. Барлығың да шыға тұрыңдар, – дейді. «Мына неме не дейді?» дегендей, төрде отырғандар терісіне сыймай дүрдиісіп Абайға қарайды. Абай: – Иә, Қиясбайдың оңаша айтарлық шаруасы болса, шыға тұрыңыздар, –дейді. Жұрт амалсыздан дүрлігіп сыртқа беттейді. – Немене Қиясжан? дейді Абай оңаша қалған соң. – Абай аға, маған ұрса көрме, жаңағы сарбаздар мені адам құрлы көрмеді. Соларға өзімнің күшімді көрсетейін деп, әдейі айтып едім, – дейді Қиясбай. Абай ішегі қатқанша күліп: – Қияс ризамын. Тапқырлығың үшін бір қой берейін, алып кете аласын ба? дейді. – Алып кетпейтін несі бар. Абай ағам өңгертеді деймісін, айдатады да жібереді, – депті Қиясбай қулана жымиып. – «Сөз тапқанға қолка жоқ»,– деп, Абай оған бірнеше қойды алдына салып, айдатып жіберіпті (77). Дәл осы әңгімені сәл қырнап жіберсе, романның бойына жарасып-ақ кететіні сөзсіз. Өкінішке қарай, әуел бастағы ойлаған ісінен кейін бас тартуға тура келді. Мұхтар ұтты ма, ұтылды ма? Екеуі де. Міне, Әуелде романның алтын өзегіне айналуға тиісті болған әлем әдебиетіндегі тосын бір кейіпкер – Қиясбайдың хикаялары осындай. Жағдайдың ырқы билеген Мұхтар ол ниетінен еріксіз бас тартты. Көшпелілер өміріндегі сирек те болса, ұшырасып қалатын адамдардың бір парасы қамтылмай қалды. Өзінің өмірі сияқты көркем шығармадағы тағдыры да онша орайын таппағаны, өкінішті әрине. Бірақ, «мен өмірдің өзін мазақ етіп жүрмін емес пе?» – дейтін Қиясбайдың өзі де оған өкпелей қоймас. Мұхтардың амалсыздықтан солай істегенін түсінер. Түсінбейтін адам Қиясбай емес, сол Қиясбайдың өзі күйіне отырып, күрескен, ерегеспен ғұмыр кешкен кесірлі пенделер. Олар бұл жолы да Қиясбайға қиянат жасады. Адал ниеттің алдын орады. Лайым соңғысы болсын. Егерде сол Қиясбай тірі боп: «Осы Қиясбайдан Дәрменге қалай ауысып кеттің», – десе, аса бір тапқырлықпен орынды әрі мысқылы аралас мысалмен жауап берер еді. Енді, оның міндетін өзге адамның орындауына тура келеді. Сонымен, сал-сері Дәрмен кім еді? Мұхтар ол образ арқылы нені меңзеді. Шұбар, Шәке, Айдар, Керім дегендер кімдер? 2 Жан дүниесіне, жүрек түкпіріне үңіліп көрсек, бұл бесеуі де табиғатынан тума ақындар. Жауһазын жырлары Абайдың мәпелеуімен бойына шынайылықтың шырынын жиып, қуат-күш алып, қатар түзеген бәйтеректер. Дара тұлға ретінде де әрқайсысының өз ерекшеліктері, философиялық тағылым мен тамырлары бар, алған мақсаттарына саналы түрде жетуге ұмтылған, рухани білім-танымы қуатты ақын адамдар. Кейде Абайдың өзімен имене отырып сөз таластырады, пікір жарыстырады. Ұлы ұстаздарының бұрылмаған жолдарымен де жүріп, тосын тақырыптар ұсынады. Ал, осындай қарама қайшы әдеби бағытта талаптанып, үнемі Абай төңірегінде тотысып отырған таланттар шоғыры болған ба? Болған және жалғыз да, жалқы да емес, көп еді. Бірақ солардың арасынан суырылып шығып, Дәрмен сияқты халықтық сипатқа ие боларлықтай дара тұлға кім еді? Бұл сауалға қысқа қайырып, шолақ ойлап, үзілді-кесілді жауап беру – асығыстық. Мұның мәнісін «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихына, ондағы әр образдың бір тараудан екінші тарауға, бір кітаптан, екінші, үшінші, төртінші кітапка ауысқан кездегі іс-әрекетіне, мінез-құлқына, авторлық түсініктемелер мен анықтамаларға қарап, оның астарын ашып барып көз жеткізуге болады. Сонда ғана Қиясбайдан Дәрмен боп шыға келген адамның өмір тарихын, мұрат-мақсатын, тіршілігін 2 Жан дүниесіне, жүрек түкпіріне үңіліп көрсек, бұл бесеуі де табиғатынан тума ақындар. Жауһазын жырлары Абайдың мәпелеуімен бойына шынайылықтың шырынын жиып, қуат-күш алып, қатар түзеген бәйтеректер. Дара тұлға ретінде де әрқайсысының өз ерекшеліктері, философиялық тағылым мен тамырлары бар, алған мақсаттарына саналы түрде жетуге ұмтылған, рухани білім-танымы қуатты ақын адамдар. Кейде Абайдың өзімен имене отырып сөз таластырады, пікір жарыстырады. Ұлы ұстаздарының бұрылмаған жолдарымен де жүріп, тосын тақырыптар ұсынады. Ал, осындай қарама қайшы әдеби бағытта талаптанып, үнемі Абай төңірегінде тоғысып отырған таланттар шоғыры болған ба? Болған және жалғыз да, жалқы да емес, көп еді. Бірақ солардың арасынан суырылып шығып, Дәрмен сияқты халықтық сипатқа ие боларлықтай дара тұлға кім еді? Бұл сауалға қысқа қайырып, шолақ ойлап, үзілді-кесілді жауап беру – асығыстық. Мұның мәнісін «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихына, ондағы әр образдың бір тараудан екінші тарауға, бір кітаптан, екінші, үшінші, төртінші кітапқа ауысқан кездегі іс-әрекетіне, мінез-құлқына, авторлық түсініктемелер мен анықтамаларға қарап, оның астарын ашып барып көз жеткізуге болады. Сонда ғана Қиясбайдан Дәрмен боп шыға келген адамның өмір тарихын, мұрат-мақсатын, тіршілігін, тағдырын аршып алуға мүмкіндік туады. Естеріңізде шығар, ойыңызға оралмаса, қайтадан бір парақтап шығуыңызға болады. Құнанбай Мекеден келген соң Тәкежанның 12 жасар ұлы Мақұлбай қайтыс болады. (Бұл қазаға байланысты бар шындықты Қайым Мұхаметхановтың еңбегінен толық білуге болады). Сол бір қыршын өлімнің қазасынан әрқилы ой арқалап, көңілі құлазып қайтқан: «Абай мен Оспан өзенге қарай беттегенде, арттарынан Шәке бозбала ағызып қуып жетіп, қастарына орала кеткен. Үстінде жеңіл шапан, басында сарғыш торғынмен тыстаған жұқа қара елтірі тымағы бар. Көңілді, көрікті, ақсұр жүзді Шәке, желқайықтай өскен жылпос сұр бедеуімен лып етіп жетті де сәлем берді. Екі ағасына ақсиып, күле сөйлеп: – Қаршығамның өнерін екеуіңізге көрсетейін деп келдім, Абай аға, маған еріп азғантай өзен бойлаңыздаршы. Қанжығаларыңызға бірер үйрек байлап жіберейін!» (1.4.) – дейді. Бапты, түлеуінде де, тілеуінде де қиянат көрмеген Көкқаршығаның өнері Абайдың жабырқау көңілін сергітіп, желпінтіп жібереді. «Абай тамашаға рахаттанғанын айтып бітіре алмайды. – Қайран қыран!... Қарық қылды ғой! – деп құсты бір мақтап, – аңшының, саятшының шебері өзің екенсің! Жігіт болса, сендей болсын. Ержеткеніңді бүгін білдім ғой! – деп Шәкені екі мақтайды». Бұл – Шәкенің романда тұңғыш рет көрінуі. Саятшы, елгезек, аңқөс Шәке осы екінші кітапта барлық жан жадыратар жақсылығымен көрініп, Абайдың көңіліне көп жұбаныш әкеледі. Ертеңінен үміт күтеді. Ән-күйге, шежірелі оқиғаға, серуен мен серілікке жаны құмар. Шәкенің саятшылығы Абайдың да аң құмарлығын оятып, иен Шыңғысқа салбурынға шығады. Сол жол адастырып жүріп Машан тауының бөктеріндегі Тоғжанның ауылына алып келеді. Міне, екінші кітаптағы кесек оқиғаларға араласқан Шәке қалған екі кітапта анда-санда бір көрініп, жанама кейіпкердің дәрежесінде қалып қояды. Бара-бара өмір сахнасынан ығысып, ысырылып барып орының Дәрменге береді. Ендігі бапшыл құсбегі Дәрмен боп шыға келеді. Неге? Тым құрығанда құсбегілікті Шәкеге қиюға болатын еді. Өзінің бала, бозбала кезіндегі іс әрекеті, тағылым, талабы туралы жазған: Жұқалау көк тұмсығы келсе жалпақ, Мелжемді қожыр табан, бұты талтақ. Көз ауданы шүңірек, кекшіл маңдай Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ. Топшысы келсе алдында жоғарылау, Шалғысы құйрығына тұрса таяу. Көкте ұшқыр, тұғырында шаңқылы жоқ, Бір түлкіден басқаға болмаса жау. Қолыңнан өзі тілеп ұшса самғап, Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап. Дүниенің бір қызығы қыран бүркіт, Алыстан ат терлетіп тапсаң таңдап. Шегір көз, қанды балақ қыран бүркіт Бозбала, қапы қалма малыңды іркіп. Алпыс екі айлалы түлкі ұстатып Байлансаң қандай қызық қapға сілкіп. Қара тіл, қанжар қияқ қанға тоймас, Қанша көріп тұрса да алмай қоймас. Шұбар тұяқ жиренді тауып салсаң, Ердің құнын берсең де басын жоймас. Лып етіп етпетінен кетсе зулап, Тым епті сыпырғанда жер бауырлап. Жарқ етіп жақпар тастан түлкі қашса, Шап етіп қызды ұстаған бозбала нақ. Бұлқынып, болмайын деп шайқасқандай, Сытылып құтылмақ боп байқасқандай. Қараңдап дөң астында жатса басып, Тар жерде екі ғашық айқасқандай. Жібермей басып алса жұлқынғанға, Босатпай бүре түсіп бұлқынғанда. Бұлтартпай жұмарлап ап илеп жатар, Шынымен ынтасы ауып ұмтылғанда. Көк тұмсық көзге дейін қанға бағып, Үстіне аттай мініп отырғанда. Көңілге көрмек үшін о да қызық, Ұқсайды қыз бен жігіт қосылғанға, - деген «Бүркіт сыны» атты өлеңін оқып шыққан соң, оған анық иланасың (Абай. А.1997, 2 томдық). Иә, болатын еді, бірақ... Алыс мақсатты көздеген Шәке образы жылыстап барып көп кейіпкердің қатарына қосылып кетуінің айтулы себептері де болды. 1947 – 1953 жылдардың арасында жеті жылға созылған әділетсіз сындардың сергелдеңі Мұхтарды қажытып-ақ жіберді. Шығарманың кез келген тұсын тұрамыштап, тас-талқанын шығара сынап, феодализмді дәріптеуші етіп көрсету әдетке айналды. «Әуезовты әшкерелеушілер» өзара жарысқа түскендей бірінен-бірі асып түсті. Айып тағу – олар үшін үйреншікті әдетке айналды. «Сталиндік өзара сынды» солай түсінді. «Абай» романының үш кітабына «Казахстанская правда» газетінде күйретіле соққы беріліп, «ұлтшыл-феодализмнің жыршысы» деп жарлық таққан тұста Мұхтар шығарманы былай қойып, өз басын аман сақтаудың қамымен жанталасып жүрген. Ең соңғы сәтте Москваға жасырын ұшып кетіп, қауіптен құтылып еді. Міне, сол кездегі жоғарыдағы мақалаға орай өткізілген талқылауда жас жазушы Тахауи Ахтанов баяндама жасап, әділетсіз сынға әділ жауап беріп, қорғап шықты. Соның өзінде де ішінара сыни пікір білдіруі қажет болды. Ол кездегі «нұсқау» солай. Мұхтарды «айыпкерліктен» арылтып, ардақты еткен Тахауидің бұл баяндамасындағы: «Романдағы Абайдың барлық ағайын туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты. Абайдың Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай талғап алмау, авторды кейде қатеге де ұрындырған. «Абай» романының екінші кітабында екі жерде Абайдың, кіші баласы Тұраштың аты көрсетілген. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта, алашордашыл байдың атын кітапка енгізу — автордың саяси қатесі»,– (75) деген жалғыз абзац Шәке образының бүкіл болашағын қиып тастады. Қырдың сергек көңілді, қаршыға мінезді құсбегісі Шәке, сол Шәке арқылы емеуірін танытқан Шәкәрім Құдайбердіұлы барлық адамгершілік қасиетімен ашыла алмады. Бұл арада Құдайбердінің Әмір, Шәке, Шәкәрім есімді үш ұлының барлығын біле тұрып, Мұхтар Шәке образын жазғанда Шәкәрім өмірінің бір қырын, оның өзі қатты ұнататын құсбегілігін баяндау ниетін көздеген. Амал қайсы, ол мұраты да орындалмады. Абайдың өз кіндігінен тараған бел баласы Тұрағұлдың атын атаудың өзі «саяси қателік» саналғанда, жазықсыздан – жазықсыз чекистердің қолынан қазаға ұшыраған Шәкәрімді Абайдың шәкірті ретінде қалай бейнелесін. Ондай мүмкіндіктің болмағанын, тіпті олардың атын атамақ түгіл, ойлаудың өзі қандай қатер төндіретіні баспасөз бетінде жарияланған мына пікірлерден-ақ жота көрсетеді. Сол тұста Мұхтармен қоса қосаққа ілініп, ақыл азабын шеккен ғалымдардың бірі Қайым Мұқаметқанов. Оның «Абайдың ақындық мектебі» атты қандидаттық диссертациясы қатты дау туғызды. Ақыры соның кесірінен Қайым Мұкаметқанов жазықсыздан жазықсыз қуғынға ұшырап, түрмеге отырғызылды. Бұл Мұхтар Әуезовке атылған оқ, соған көрсетілген қоқан-лоққы еді. Оны марқасқа дана білді де. «Семей әдебиетшілері» деген редакциялық мақала 1949 жылы, 2 тамыз күні «Социалистік Қазақстан» газетінде басылды. Негізгі мақсаты – «Қайымды күйрету» болатын. Сол арқылы Әуезовтың сағын сындыруды көздеді. «Абай» романында кейіпкер ретінде алынуға тиісті ақындардың барлығы да «ұлтшыл-алашордашыл ретінде бағаланып, жалғасы бар шығарманын жолын кесті. Алғашкы сын жебесі Мұхтардың тығыз творчестволық байланыс жасаған Семей облыстық «Екпінді» газетіне, оның ішінде Кайымға қадалды. «Бірінші сөзді педагогика институтының қазақ әдебиетінің аға оқытушысы Қ. Мұқаметқановқа берді. Ол «Қазақ әдебиеті заманымыздың талабына сай болсын» деп екі подвалдық мақала жазды. Өзінің мақаласында ол қазақ әдебиетін дәуір-дәуірге бөліп зерттеу, дұрыс баяндау мәселелерін айта келіп, Абайдың кейінгі әдебиетке, Абай шәкірттерінің көзқарастарына толық тоқтамақ болады. Облыстық газет Абайдың сол «шәкірттерінің» бірін былай таныстырады: «Абайды қазақ жұртына кең таныстырып, оның тұңғыш өлеңдер жинағын жарыққа шығарып, еңбегі мен өмірін жазды. Абай үлгісімен орыстың жаңа әдебиетін қазақ тіліне аударуға кірісті. Горькийдің «Челкаш» әңгімесін, ана тақырыбына жазылған бірнеше әңгімелерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударды»( №91). «Челкашты» аударған адам, мейлі Абайдың туысы, жақыны болсын, ондай адамдардың бәрі прогресшіл, Абайдың адал шәкірті бола алған жоқ. Абайдың «Челқашты» аударған шәкірті совет өкіметіне, партияға қарсы күрескен, соңынан әшкереленген адам. Облыстық газет бұл мақалада оның атын атамай, бүркемелеп кіргізіп «прогресшіл еді» деп босқа лағып отыр. Абайдың енді бір шәкірті Әріп ақын дейді газет. Әріп патша чиновниктерінің, қазақ байларының мүддесіне қызмет еткен атышулы тілмаш, өмір бойы Абайға қарсы пікірде болған, үнемі бақастықпен өткен адам. «Антұрған аты құрсын Абай деген» – деп өлең шығаратын осы Әріп. Революция жылдарында советті жақтап бірер өлең жазғаны болмаса, Абай заманында оның Абаймен ниеттес, тілектес болмағаны, олай болса Абайдың адал шәкірті болмағаны әдебиет жұртшылығына мәлім. Абайдың енді бір шәкірті «Еңлік-Кебек» поэмасын жазып еді, дейді газет. Бірақ, Абайдың бұл «шәкіртінің» атын газет дәл айтудан қаймығып (?) басқа біреуге бұра салыпты. «Екпінді» газеті оны қаншама бүркегісі келсе де, «Еңлік-Кебек» поэмасын жазған адамды әдебиеттен сауаты бар адамның бәрі біледі. Ол соныңан қару салып, совет өкіметіне қарсы күрескен қас дұшпан! Облыстық газет (жауапты редакторы С.Жұмағазиев жолдас) осыны Абайдың шәкірті еді, прогресшіл адам еді деп саяси сауатсыздықтың шегіне шығып отыр. Бұл мақалада Абайдың бұлардан басқа да шәкірттерінің аттары аталған, Абай шәкірттері атаулының бәрі бірдей, облыстық газет айтқандай, Европа, орыс мәдениетіне, прогреске ден қойған адамдар емес, ішінде азиялық, түріктік бағыттың шеңберінде болған адамдар да бар. Газет осы шәкірттердің «бәрін бір сапка қойып, жаңашыл, прогресшіл әдебиет өкілдері» деп ат қояды. Міне, Семей редакциясының қабылдап жариялаған «ғылыми» мақаласының бірі осындай» (91). Сонымен, Шәкәрім – дұшпан! Оның басы ашық. Егер де Шәкенің образын одан әрі дамытатын болса, онда Мұхтар өзін-өзі «халық жауының қолдаушысы» есебінде әшкерелеп шығары кәміл. Ал – шәкіртсіз ұстаз тұл. Шәкәрім бейнесі оның кеудесіне тағылған өксік сияқты. Не жылап, бар шын сырын төгіп, құмарынан шыға алмайды. Үндемей үнсіз қамытып, тамаққа тағылған тамшыны ішіне жұтуға мұршасы келмейді. Тұрағұлдың да, Әріптің де жолы кесілді. Әсет ақынды кірістірсе тарихи шындыққа қарсы шығады. Және оның шет елде мүсәпірдің орнына алмасы ішіп, аңғалдықтан өлді деген жаласы бар. Ол тағы да бір шаланы байлап алуға сылтау болмасына кім кепіл. Қалайда өштескендер алдын орап, дегеніне жетті. Енді, Шәкенің орнына өзге біреуді іздеу керек. Әлде, еппен енгізіп, жіптіктей сыналаса қайтеді. Бұл туралы 1949–1952 жылдардағы талас-тартыста Мұхтар аз азап шеккен жоқ. Сол кезеңде дүниеге келген үшінші кітапта Дәрменді «қиыннан қиыстырып», қиюын табады. Енді, Шәкенің көркем шығармадағы міндеті де жеңілдеп, назардан ұмытыла береді. Ол занды да. Ал, сол көк қаршығалы бозбала Шәкенің – Шәкәрім екенін ұзын-сонар деректермен дәлелдеуге де, әртүрлі бұлтартпайтын мысалдарды келтіруге де болады. Ғұмыры Шақпақтағы тошалада жұрттан оңаша, саятшылықпен өткен ақынның құсбегілігін еске салып жату артық. Ал, Дәрмен сияқты Абайды рухани пайғамбар тұтуы анық. Оған Шәкәрім Құдайбердіұлының өзінің жазып кеткен: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза – қазақ ішінде Абай деп атайды – сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ер жеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тындап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Алай болмағанда дәнішман, хақим, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті» (23) – деген сөзі куә. Иә, Абай қорлықты көп көрген елде туды. Сондықтан да қорлықты ол да көп көрді. Шәкәрім ұлы ағасының жан азабын жүрегімен сезінді. Абай күйінсе – күйінді, сүйінсе – сүйінді. Әрі іні, әрі шәкірті есебінде келешек күндердің көшінен көріп, көңіліне дәрмен берген Дәрмені де – осы Шәкәрім болатын. Сол сүйікті шәкіртінің шерменделік күй кешіп, сергелдеңге түсерін Абай да болжай алмаған. Бірақ, Шәкәрімнің өзі күні ертеңгі сергелденді сезгендей: Қашқан Қарттықтан ғаріп басымыз, Қаласың қай сайда? (54) – деп өсиет қалдырыпты. Мұны көріпкелділік емес, заманның аумалы-төкпелі күйге түсетініне көзі жетіп, өзгеден бұрын түсінген ақынның ұшқыр ойының желісі деп бағалау лазым. Сырттан тон пішкен күннің өзінде әнші, сал-сері, саятшы Дәрменнің біліміне, сөз саптасына, жүріс-тұрысына қарасақ, оның алған тәрбиесі, өскен ортасы Қиясбайдан гөрі, Шәкеге көбірек ұқсайды. Көзі де қитар емес, қасының тыртығы да жоқ. Жетімдіктің уайымы көкірегін кемірмеген. Жасқаншақ та емес. Еркін. Отты. Өжет. Өңді. Көркемдік шешімге жүгінсек онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, елуінші жылдары Дәрменнің образындағы ақынның қалайда кедей табынан, жалшыдан шығуы қажет еді. Дәркембай мен Қодардың өзін он–он бес қойы, бір сиыры үшін «орташаның» қасына қосқан сыншыл әшкерелеушілердің үнін сонда ғана өшіре алар еді. Солай істеді де. Міне, осы арада енді Дәрменмен күресетін екінші антигерой қажет болды. Мұхтардың қиналған тұсы да осы. Шәкәрім ақталар, әдебиеттен тиісті орынын алар, сонда Шәкенің Шәкәрім екенін таныр деген үміт-дәмесі тіпті алыстап кетті. Ал одан басқа Абайға шәкірт боларлық талант табылмады. Сондықтан да «Абай» трагедиясындағы «ескі сүрлеуге» тағы да мойынсұнды. Ондағы қарама-қарсы антиподтар Айдар мен Керім болатын. Түбі, тумысы тұтас ақынды бір дәнді екіге жарғандай етіп бөліп, Пушкиннің «Тас мейманы» сияқты өзімен өзін жағаластырып қойды. Айдар мен Дәрменге Шәкәрімнің адалдығы, ақындығы, білімдарлығы, былайша айтқанда, барлық жақсылығы «еншіге тиді». Ал, Шәкәрімнің Шығыс поэзиясының інжу-маржанын ден қоя зерттеп, тарихына үңіліп, «Шежіре» мен «Мұсылмандық жолын», Хожа Хафизге еліктеуін, қажыға баруын тілге тиек ете отырып, оны пантюркист, панисламист, ұлтшыл Шұбардың «сыбағасына» қалдырады. Тіпті, болыстығын да, білімін де, түр-түсін де Шәкәрімнің өмірімен үйлестіре суреттейді. Қараңыз: «Сол жиындағы дағдылы қонақтың бірі қазірде қара сақалды болған Шұбар. Көкбай мұсылманшаға жетік болса, бұл бір жағынан орысшаны да біле бастаған. Шұбар – сәнді киінетін, сыланған кербез. Жаңадан сатып алған алтын сағатының бауы қара желетінің омырауында жарқырай салбырайды... Шұбар соңғы сайлауда болыстықтан түсіп қалған. Іштей дәреже құмар, менменшіл болғандықтан бұл жігіт Абайдың күнде өсіп келе жатқан ақын-атағын да қызғанатын. Осы күнде Абайдың іні достарының арасына кіріп, әрі ақын, әрі әнші атанбаққа барын салып жүр» (1.4.413-416), - дейді. Шұбар деген атының өзі Шәкәрімнің бетіндегі секпілге орай қойылған. Шәкенің Шәкәрім Дәрмен екендігіне ешкім күдіктенбесе, Шұбардың прототипіне Шәкәрімнің алынғандығына да тірі жан шүбәланбайды. Себебі Мұхтар түгілі Абайдың өзіне азуын білеген айқайшылар: «Россиядан енген жаңалықтан үйренген, өнеге алғандардың бәрін, тіпті, ертегіші, әнші, сыбызғышы, зергер, тоғызқұмалақшы және басқа өнерпаздарды Абайдың ақын шәкірттерінің тобымен сапырылыстыру салдарынан шын мағынасындағы шәкірттері көрінбей қалып, мәселе ұсақталып, ақынның туысы, дос жарандарының аймағынан шыға алмай жүр», (Қ. Тұрғанбаев,56) деп байбалам салды. «Абайдың ақындық мектебі» емес, ол туралы шығарманың да қос бүйірінен қысып, еркін қалам сілтеуге мүмкіндік бермеу пиғылынан туған. Ал, дәл осы шешім үшін Мұхтарға көлденең айып тағылмайды. Ендеше, мұның өзі де үлкен тығырықтан шығаратын қиялдың бірі. Жоқ, Мұхтар да қателесіпті. Тығырықтан шығатын жол – бұл емес екен. Қазақта «тұяқты тұяқ құтқармайды» деген мәтел бар. Сол сөз шындық боп шықты. Әуезовтың тәсілін, көмейінде бүлкілдеген емеуірінін Мұқанов дәл тапты. Екеуара қырғи қабақ күй кешкен тұста Сәбен шыдай алмады. Барын ақтарыла айтып салды. Айтқанда, әдеби образ тұрғысынан емес, тура өзінің жағасына жармасып, тағдырын қыл көпірдің үстіне іліп қойды. 1951 жылы Сәбит Мұқанов: «Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де, оған мейірімді көзбен қарауы, ен жеңіл тілмен айтқанда ұят. Әуезов жолдастың былтыр басылып шыққан «Ақын аға» деген романында, Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді, сонда ол Шәкәрім болмағанда кім? Олай дейтініміз, кітап боп шығып, елге тараған «Еңлік-Кебек» Шәкәрімдікі. Мағауия «Еңлік-Кебекті» жазыпты деген сөз әлі дәлелденуі керек. Өйткені, Мағауиянын өзге өлеңдері әр түрлі жазбаларда сақталғанда, ол жазыпты деген «Еңлік-Кебек» ешқайда сақталмай, тек Мұқаметқановтың айтуынша, Мұхтардың Семейдегі архивінен табылыпты-мыс. Ол не қылған архив! Және ол архивті 1934 жылғы мақаласына дейін Әуезов жолдастың өзі неге білмеген? Одан бұрынғы мақалаларында неге айтылмаған? Мағауия жазды дейтін «Еңлік-Кебек» жайы осындай. Әуезовтың пьесасын қоспағанда, бұл атпен басқа шығарма жазған адамды білмейді. Жұрт естіген «Еңлік-Кебек» Шәкәрімдікі ғана, ендеше, оның атын – «Абай» пьесасы мен «Абай» операсында, «Абай» киносында «Керім» десін, мейлі тағы кім десе де, бәрібір жұрттың есінде Шәкәрім тұрады. Рас, пьеса да, либретто да, сценарий да Әуезов «Керім» атаған адамды Абайға қарсы шығысшыл ғып көрсетеді. Ал «Ақын атада» Шұбарды Әуезов жолдас жек көргенмен, Абай оны таяныш көрген боп шығады, өйткені, Тәкежанның жылқыларын қырып алған Базаралы Семейде жиналған билердің сотына шақырылғанда, Базаралыға жаны ашитын, бірақ арашалауға күші жоқ Абай, «Бір тілімді силайтын болсаң, Базаралыны қашқын дегізе көрме» (306), – деп жалынады. Рас, Абай Шұбарды екі жүзді көріп, романда оған сенбейді. Бұндай бандиттің шығармаларын біз талқылап жатпаймыз», – деп Мұхтарға саяси айып тақты. Басқадай айып тағып, қаралай айтылған пікірдің бәріне де кешіріммен қарап, түсінуге, тырысуға болатын шығар, бірақ Сәбеңнің бұл сөзі ойын тәртібін бұзған «шыдамас» баланың әрекетін еске түсіреді. Орыстарда «жатқанды теппес болар», деген жекпе-жектің шарты бар. Онсыз да күйініші көп Мұхтардың ең соңғы үміті «Абай» романына шабуыл жасауы қазақша айтқанда «жығылғанға жұдырық» дегеннің кебі еді. Мұны, бокс тілінде, «кіндіктен төмен ұру» дейді. Айтар ойды осы қағиданың өзі-ақ жеткізіп тұрған сияқты. Азамат, жазушы Сәбит Мұқановты пенде Сәбит Мұқанов билеп кеткен. Шын қысылса «соқыр көзден жас шығады». Егерде, Шұбардың тегін-тектеп, шиін шығара қалған жағдайда, Мұхтардың артында әлі де бір кадам шегінетіндей баспалдақ бар еді. «Аузы күйген үрлеп ішеді». Дәл осындай дау-дамайдың, арандатулардың қарсы алдынан шығатынын білмесе де, сақтық ойлап, пьеса мен либреттодағы Керімнен, Айдар бейнесінен бас тартқан. Шұбарды, Дәрменді алған. Аттарын ауыстыра салса ешқандай да ауытқушылық байқалмас еді. Мәселе-тек есімдерінде. Оның себебі: «Шәкәрімді жазып отырсың!» деп шаужайдан алған жағдайда, қысым түскен тұста Мұхтардың: «Жоқ, Шұбар – Шәкәрім емес, Шұбар дегенім – Шұбар. Абайдың, туысы Шәкәрімнің ағасы», – деп қарсы шығуға қақысы бар еді. Өйткені... Шұбар-өмірде бар адам, Абайдың, замандасы, тетелес өскен Шәкәрімнің ағасы. Бірақ, ерте дүниеден қайтқан. Ол туралы Тұрағұл Абай ұлы: «Өскенбай бидін Таңшолпан деген келін алған қатынынан шын аты – Тілеуберді, жалған аты Шұбар деген баласы болған. Шұбар менің әкемнің асықты бірге ойнап өскен туысқаны еді. Шұбардың дәулеті нашар болды да өзі өліп, артында үш баласы қалды, соның ортаншы баласы Қанағат деген менімен құрбы», – деп еске салады. Әрине, Шұбарды – осы Шұбар еді деп сендіру қиын. Оның өнері де болмаған. Бірақ сылтаудың аты – сылтау. Оның да болғаны жақсы. Тарихта нақты орыны бар, қарама-қайшылығы мол тұлғаларды көркем шығармаға арқау еткенде бір адамның бойындағы әр түрлі қасиеттерді сезім арбасуы арқылы бір-бірімен, яғни, өз-өзімен шарпыстыруы әлем Әдебиетінде ондап саналады. Гамлеттің Әкесінің елесін, Пушкиннің «Тас мейманын» еске түсіріңіз. Бергісіндегі Булгаковтың «Ақ гвардиясындағы» генерал Хлюдовты алыңыз. Ал өзімен өзі арпалысқан дию, перілер әр халықтың ауыз әдебиетінде бар. «Сыбанның моласын» жазған, ертегіні еміп өскен, «Мың бір түн» мен «Тотынаманы» жастығының астына тығып оқыған Әуезов үшін бұл оншалықты таң құбылыс емес. Қазақтар мұндай тосын елесті, «қос көрінді» дейді. Яки, бір адамның егізделуі, екіге бөлінуі. Өзіне өзіңнің қосақталып көрінуін. Галлюцинацияның баламасы есепті. Сондықтан да бір Шәкәрімнің екіге бөлініп кетуі түйсікке тосын салмақ салмаған. Керісінше, бірін жанып, егестіру арқылы ішкі рухани тартысты, ақынның көзқарас қайшылығын, жандүние жанталасын ширықтыра ширатқан. Дәрменнің де, Шұбардың да көңілін қалдырғысы келмегендей алма кезек ауыстырып, жиі тоғыстырып отырады. Әрине, жазушының ықыласы Дәрменге молынан ауып, Шұбардың тізгінін жиі тартып, шаужайлай қағытады. Әсіресе, таптық тартыс, ру араздығы тұсына келгенде Дәрменнің таразысына мысқылдап емес, батпандап салмақ қосады. Дәрмен сол үшін де керек қой. Бұл тарихи адамның батасын беруге келгенде әділеттілік пе, жоқ па? Қажеттілік деу сыйымды шығар. Кейде әділдікті ұстау үшін де қажеттілікке жүгінуге тура келеді. Шындықтың жолы – шиыр жол. Тура тартып, қасқайған күйде кедергісіз ат басын тіреген шындықтың құны да арзан. Тез ұмытылады. Дәрмен мен Шұбардың, Шәкенің бойынан Шәкәрімге қатысты өмірлік деректер іздесек, бүкіл төрт кітаптың мазмұнын баяндап шығу керек. Сонда да мына жайды назарға іліктіре кетудің артықтығы жоқ. Біз бір адамның қос образға айналуына да дәйек келтіреміз. Екінші кітапта Шәке қысқы салбурында Шыңғыстың сыртына саятқа шығады. Құстың тілін де, бабын да меңгерген кәдімгі аңшы ретінде сергектігімен сүйіндіреді. Ал үшінші кітапта ол Дәрмен екеуі қаршығаларын үйрекке түсіріп, өзара бәсекеге түседі. «Еңлік-Кебек» жырын жазу қақысын Дәрмен жеңіп алады. Бұл арада Шәкәрімнің құсбегілігінің өзі Дәрмен мен Шұбардың арасына жарықшақ түсіріп, екіге бөлінуінің алғы шарты ретінде негіз қалаған. Ал, «Еңлік-Кебек» дастанын жазуға екеуі де ұмтылады. Бұл арада Дәрмен үстемдік алады. Алайда Шұбар да есесін жібермейді, ол да дәмесін үзбейді. Дәрмен – кедейлердің пішендігін тартып алып, зорлап орғызған Тәкежанның ұлы Әзімбайдың зорлығын шенейді. Шұбар іштей оған қарсы. Дәрмен – билікке ұмтылмайды. Шұбар болыстыққа сайланған. Ол Базаралы айдаудан қашып келгенде ел-ішіндегі әңгіме-аңыз бойынша Абай айтты деген: «Базке! Орыспен көп араластың ғой. Орыс тілін біліп қайттың ба? Жоқ па?» деген сұрақты да Шұбар кояды. «Е шырағым! Өзімнің көкмилығым болмаса, тәуір-ақ орысша білетін жерге жібердің ғой» (1.5.67) – деп салады Базаралы. Осыған қарағанда Шұбар тек Шәкәрімнің бойындағы қайшылықтарды да жинақтамаған, ел аузында Абайға теліне сөйленетін айыптарды да «иемденіп» алады. Бірте-бірте берісі – ырғызбайшыл, арысы алашшыл ақын боп шыға келеді. Ақындық қуатын Абайдың өзі сыйлайтын Шұбар образының барған сайын жағымсыз қылықтарымен көрінуіне «романның негізгі кемшілігі – Көкбай, Шұбар сияқты кертартпа панисламистерге қарсы Абай жүргізген үлкен идеялық күрестің атүсті жеңіл-желпі көрсетілуінде. Әзірге ескішіл, діншіл ақын Шұбар ауыл арасындағы екіжүзді қу болып қана көрсетілген. Тек «Еңлік-Кебек» поэмасын бағалауға келген жерде ғана ол өзінің идеялық бетін көрсетеді. Абай мен Шұбар арасында әлі де нағыз идеялық күрес жоқ» (Т.Ахтанов, 75) деген пікір де ықпалын тигізді. Сайып келгенде бұл – шығарманың көркемдік шындығы талап еткен психологиялық шыңырау еді. Ал, өмірде Шәкәрім – «Жолсыз жаза» дастанын шығарды. Құс ұстады. Мекеге де барды. «Мұсылмандық шарты» атты шариғат туралы кітап та жазды. Оның есесіне, Толстойды ұстаз тұтты. «Қалқаман-Мамырды», «Қодардың өлімін» қиссаға айналдырды. Бұл Иса қойшыны жырлаған Дәрмен дастанын еске түсіреді. Абайдың бойын у жайлағанын сезіп Шәкәрім қажыдан бас тартады. Ақын шаңырағының азалы күндерінде сонда болып, дүние ісін реттеп, үй-ішін орнықтырып барып, біраз жылдан соң ғана саяхатқа (ол үшін «қажылық» мақсұт емес, тек ел, жер көрудің амалы-тын) шығады. Міне, Шәкәрімнің мандайына «Абай жолы» эпопеясындағы жазылған несібе осындай. Бір адамның екіге бөлінуі (раздвоение личности) психологиялық жағынан өте күрделі құбылыс. Әсіресе, тарихтың өліара талқысына ілінген ірі тұлғалардың басынан жиі кешкен сезім мен ақыл шарпысуы бұл. Ақыл – суық, сезім – ыстық. Екі ортасында делдалдық келісім жоқ. Өтелло, Борис Годунов, Фауст, Мелехов сондай тұлғалар. Мұндай толқымалы күйді Абайдың өзі де кешкен. Мұхтардың да шайқалып барып қалпына қайта келген кездері болған. Гюго да Республика мен қороль арасындағы тартыс тұсында біраз сергелдеңге ұшыраған. Ақыры азаматтық ар-ожданы жеңіп шыққан. Шығыс пен Батыс мәдениетін телқабыс сіңірген Шәкәрімнің творчестволық қайшылығын, өмір жолын Дәрмен мен Шұбар, Шәке бейнесі арқылы суреттеген. Ал, осынау тағдыр талқысына жазықсыз ұшыраған ақынның жеке тұлғасы арнайы әңгіменің, тіпті зерттеудің еншісі. Сонда ғана оның «Абай жолы» эпопеясындағы кейіпкерлік бейнелерінің шындығы ашыла түседі. 1988 жыл. Көкектің 14 жұлдызы. Бұл Шәкәрімнің екінші рет дүниеге келген күні, өзі елу жылдай қол үзіп қалған халқына қайтып оралған низамы. Жазықсыз жапа шеккен ақынның мәңгілік сапарының басы. Әлі талай-талай шындықтардың ашылары сөзсіз. Біздің мақсатымыз – сол шындықты ашық айта алмай шарқ ұрған Мұхтар Әуезовтің өзінше тапқан «айла-амалын» ескерте кету ғана. Ал, осы ақиқатты ақынның өз творчествосынан-ақ табуға болады. Демек, Дәрмен – жинақталған, бірақ өмірлік дерекке негізделген тұлға. Рухани тұрғыдан алғанда Шәкәрімнің әдеби образы. Шұбар – осы екі тұлғаның антиподы, автор ойының желісі. Жарайды, өзіміз тұжырымдаған бұл пікірге мойынсұндық, иландық делік. Сонда, Дәрменнің ақындығынан басқа қандай іс-әрекеті Шәкәрімнің өмірімен қабысады? Егер ондай ұқсастықтар ұшыраспаса, онда прототиптік дәрежеге көтерілуге Шәкәрімнің қақысы бар ма? Шәкәрімнің сүйгеніне үйлене алмағаны рас па? Дәл бүйірден қадалған мұндай күдіктің көңілді күпті етуі де занды. Шәкәрім романдағыдай қалыңдығы үшін жапа шегіп, қуғынға ұшырамаған. Жаза тартпаған. Семей қаласындағы сотқа жүгініп, сарсаңмен сабылмаған. Ендеше, бұл оқиғаны Мұхтар ойдан шығарған ба? Жоқ, өмірден алған. Сонда, енді Қиясбайды, Шәкәрімді есептемегенде, Дәрменнің үшінші «серігі» бар ма? Иә, ақиқаттың ақ жолы солай қарай бұрылып тұр. Ол адам да Абай мен Шәкәрімнің жағы емес, жақыны. Құнанбайдың әйелі Айғыздан туған үлкен ұлы Халиолла. Шоқанның інісі Махмұдимен бірге Омбының кадет корпусын тәмамдаған Халиолла Құнанбайұлы Өскенбаев. Оның ғашық қызы – Айғаным, Семейдегі Тінібайдың қызы. Екеуінің арасындағы трагедиялық қайғылы хал көркем шығармадағы Дәрмен мен Мәкеннің үйленуі хикаясына телінген. Ұмытпасаңыз, дәл осындай жорамал «Қаракөз» пьесасына қатысты да айтылған. Сонда қайсысы шындық? 3 Ал, қане, рет-ретімен зердеге салып, таразылап көрейік. Сонымен сахара тіршілігіндеп ақындықтың туы атанған Дәрмен бейнесі үшінші кітаптың соңында жан-жақты толысып, шыбықтай солқылдаған бозбалалықтан арылып, жас емендей қатайып, күш-қуаты кемеліне келеді. «Жігітті ел мақтаған қыз жақтайды» дейтін салбурын шақ. Енді оған жалғыздық жараспайды. Қайғылы ғашықтарды жырға қосқан Дәрменнің жар құшуға жетпегені ме? Осы уақытқа дейін Абай айналасындағы жер дауы, Әбіш пен Мағрипаның арасындағы махаббат хикаясы Дәрменнің жеке басын күйттеуге мұрсат бермеді. Енді не бөгет? Жар сүймеген жігіттің бүгінгі ажарсыз, ертеңі үмітсіз. Соны сезінген Мұхтар да төртінші кітаптың қаңқасын сызғанда «Айдарға әйел керек» деп жазады. Айдар деп отырғаны Дәрмен. Жазушы әуелде «Абай» трагедиясындағы Айдардың атын өзгертпей сол күйінде кейіпкер есебінде алуды көздеген. Кейін ол ойынан бас тартқан. Шындығында да, Дәрменнің тал бойындағы бір міні осы еді. Сегіз қырлы, бір сырлы Дәрмен сияқты сал-серіге үлкен мін. Ел мен жер, жатақ пен кедей үшін, Абай үшін күйіп-жаңса да, оның өзіне тән ішкі қуаныш-сүйініші, мұң-наласы болуы керек қой. Зады, бұл ой Мұхтарға «Түн-түнекте», «Құз-қияда» атты тарауды еңсеріп қалғанда келген болуы керек. Өйткені «қолжазбадағы тексті зерделеп қарағанда, Дәрмен мен оның сүйгені Мәкеннің арасындағы қарым-қатынасты суреттейтін беттері соған қосымша толықтырулар ретінде қосылған», – деп ғалым Зәки Ахметов текстологиялық салыстырулар жасай келіп, Мәкен образының қиялдан туғанын тілге тиек етіп, «бұл ғашықтық оқиғасында Салиха қыздың прототипі ретінде алынған Хадиша қыздың ауыр халінен туған кейбір көріністер де бейнеленген»(92.206) – деп тұжырым жасайды. Академик 3.Ахметов бұл ретте Ләйла Мұхтарқызы Әуезованың «М.Әуезов творчествосындағы Қазақстан тарихының проблемалары» атты монографиясындағы жалпы жесір дауын шешудегі Абайдың әділеттілігін дәлелдеген деректерге жүгінеді. Көркем шығармадағы оқиғаны тарихшы ретінде зерттеген Л.М.Әуезованың осы тұста Ермұсаның естелігіне сүйеніп, Бәзілдің қызы туралы оқиғаны пайдалануы заңды (93 – 94). Бірақ, сол Бәзілқызының тағдыры «Мәкен Әзімованың ісі» ретінде сотта қаралған жайдың жүлге-жүйесіне қосыла қоймайды. Бәзілдің қызы Хадишаның (бір деректе – Шәкей, екіншісінде Жұмақұл, үшіншісінде – Бипа) Олжабайға қалай қосылғанына арнайы тоқталатын болғандықтан да, біз бұл арада мына жайды ескерте кетуді жөн көрдік. Хадиша да (әзірше осы есімге тоқталайық), Мәкен де атастырылған жеріне бармай, сүйген жігіттерімен қашып кетеді. Екеуі де қолға түседі. Екеуі де Абайдың көмегімен қанды құрсаудан босанып шығады. Өмірлік дерекке ұқсас па ұқсас. Ендеше, айырмашылығы неде? Айырмашылық – үкімнің орындалу жолында. Аңдыған жау – алмай қоймайды. Хадиша мен Олжабайды ауыл жігіттері аңдаусызда қолдарына түсіріп, екеуін де кісендеп, сиязға алып келеді. Қыздың қол-аяғын кісендеу – қыр елі үшін қатты намыс. Ол дәстүрді бұзған бес бұзықтың өзі айып тартып, қыздың қалың малын төлейді. Абай – ғашықтарды қосады. Ал Дәрмен мен Мәкен шаһарға қашып келіп, сот арқылы бас бостандығын алады. Бұл екі биліктің түпкі түйіні бір болғанымен де, орындалу жолдары басқа. Көркем шығарманың мақсатының өзі де шындыққа жетудің қилы-қилы жолын өзгеге ұқсатпай бейнелеуінде емес пе. Сондықтан да көркем шындық деп аталады ғой. Ендеше үшінші кітапта барынша кең қамтылып, егжей-тегжейлі баяндалған қыз бен жігіттің асықтық хикаясын іле төртінші, қорытынды кітапта тағы да қайталауы орынды бола қояр ма екен. Мұхтар бұл жолы Абайды қала халқының ортасында, ел індетке ұшырап жатқан кезде оларды обадан арашалап, молдалармен айтысып, жанталасып жүрген кезінде суреттейді. Сондай қарбалас тұсында Дәрмен мен Мәкеннің оқиғасы қосылып, жағдайды тіпті ушықтырып жібермей ме? Міне, осы кезде Абай екінші бір қырынан көрінеді. Қала Әкімдерімен, сотпен араласып, қос ғашықты құтқарып қалады. Ал Абайдың өзі қатысқан сот ісі болып па еді? Болған. Бірақ, ол жолы көркем шығармадағыдай әділдікке қолы жетпеген. Екі ғашықтың тілегін сот та орындай алмаған. Ақыры екеуі де қасіретті күн кешіп, құсалықпен өлген. Жігіт Абайдың інісі, орыс армиясының офицері Халиолла Құнанбайұлы Өскенбаев еді де, қыз Құнанбайдың қарындасы Мәкенді тоқалдыққа алған қала көпесі Тінібайдың бәйбішесінен туған қызы – Айғаным. Халиолла – Айғаным оқиғасының егжей-тегжейі «Қаракөз» пьесасының шығу тарихын бағамдайтын «Кімді іздеп өмір сүрем» – атты тарауда баяндалып, кейбір жорамалдар да айтылған. Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің естелігінде бұл іске Абайдың қалай араласқаны келтірілген. Оны бұл арада қайталап жату – қажеттілікке сыймайды. Біз тек онда қамтылған кейбір деректерді қосымша дәйектеме ретінде ұсынамыз. Бұл тарауда академик Әлкей Марғұлан мен Әркам Кәкітайұлы Ысқақовтың дерегіне сүйенеміз. Бүкіл ғұмырын Шоқанға арнап, ең нәрлі жылдарын сол жөніндегі деректерді жинауға жұмсаған Әлкей Марғұланның көкейіндегі бір арманы осы Халиолла Өскенбаев туралы арнайы мақала жазу еді. Кезінде көріп, бірақ көшіріп ала алмаған баспасөздегі және әртүрлі архивтегі мәліметтерді жиі айтып, ойының іске аспайтының білгендей басын шайкап, үнсіз отырып қалатын. «Іздеусіз, жинақталусыз қалады-ау» деп күрсінетін. Сол өкініштің орнын толтыруын өтінгенімде «Құнанбайдың өмірі және оның фотобейнесі» деген көлемді мақаланы қолымызға ұстатып еді. Әрине, бұл үлкен арналы еңбектің үзігі ғана. Сонда Халиоллаға ерекше тоқталып, мағлұмат береді. Халиолла – 1848 жылы туған. Әлкей Марғұлан: «Алғашқыда Халиолла ауылдағы бес жылдық мектепте Ңабитханнан оқып, араб жазуын әдемі білді, күншығыс (шағатай, қыпшақ) әдебиетін жақсылап оқыды. Он жасқа келгенде әкесі оны Омбының Кадет корпусына апарып түсірді. Құнанбайдың, Уәлихановтардың балаларын Кадет корпусына оқуға түсуге үлкен көмек көрсеткен, әсіресе, Шоқан Уәлиханов еді. Халиолла дайындау бөлімінен бастап оқып, 8 жылдың ішінде, 1866 жылы бітіріп офицер (корнет) болып шығады. Бұдан кейін Мәскеудегі Әскери мектепте екі жыл оқиды. Бұл кездегі Халиолланың өрге шығта бастаған ойларын баяндайтын талабы жазушылық ісіне қызыға кірісе бастауы. Кадет корпусының соңғы екі класында оқып жүріп, Халиолла Н.Ф.Костылецкийге қазақ тілінен көп сөздер жазып береді, оларды әрі қазақ тілінде аударып жазады. Оның ішінде «Еңлік-Кебек», «Қалкаман-Мамыр», «Есімханның ескі жолы», «Қазақ билерінің ерте кездегі шешімдері» тағы басқалары бар. Бұлардың барлығын Халиолла тек әкесінің айтуынан естіп білген. XIX ғасырдың 90 жылдары Халиолланың жазулары Н.М.Ядринцевті, Н.И.Наумовты, Н.Н.Максимовты қатты толғандырады. Олардың ортасынан Н.И.Наумов пен Н.Н.Максимов (заң зерттеуші) «Дала уәләйәті газетіне» хат жазып, Халиолланың жазуларын Омбыға жіберсе деп сұрайды. «Еңлік-Кебектің» ғажайып әңгімесін Н.И.Наумов «Сибирь» газетінде басып шығарады, тағы Ақмола облысының газетінде шығарды (1892). Халиолланың көп жазулары Н.Н.Максимовтің архивінде болуы мүмкін. Оны іздеп табу жас ғалымдардың ісі. Максимов қазақтың заң жұмысын жинап, бірнеше том кітап шығаруды қалаған кісі. Семейде Абаймен көп жолыққан. Бірақ оны Кавказға жібергеннен кейін, оның жұмысын ілгері бастырған П.Е.Маковецкий. Олардың айтуынша, Халиолла ауылға барған кезде көп уақытын орыс классиктерін қазақшаға аударуға жұмсаған. Орыс әдебиетін жақсылап тануда оның Абайға келтірген игілікті ісі орасан зор. Абай орыс әдебиетін Халиолладан естіп біледі. Халиолла ауылында әдебиет үйірмесін ашып, кешке жақын дайым орыс әдебиеті туралы лекция оқып отырған. Оның бұл туралы жазған дәптерлері көп болған, бірақ сақталып жетпеген. Құнанбайдың жақын өскен ойшыл баласы Халиолла орыс мәдениетін қазақтар ортасында таратуға ұлы жол салған саңлақ жігіт. Ол Абай ақынға Пушкиннің «Евгений Онегин», Лермонтовтың толқынды әдемі жырларын, Крыловтың ой түсіретін мысалдарын Абайға күн сайын толғандыра айтып отырған. 1868 жылы Халиолла князь Владимирге жасаған тойға қатынасады» (92) – деп тұжырымдай келіп, мынадай деректі ұсынады. «Московская иллюстрированная газета» басылымының 1892 жылы № 274 санында Халиолланың «Қазақ аңызы» деген атпен мақаласы жарияланыпты. Ол мынау: «Оңтүстікке қарай (Семейден – Т.Ж.) 160 шақырымдай жүрген соң Шыңғыс тауы жоталана көрінеді. Бұл таудың маңындағы Орда, Доғалаң және Шұнай тауларының арасын кең жазықтар бөліп жатыр. Шыңғыстың шоқыларының дәл ортасындағы «Хан» биігі өзгелерден ерекше көз тартады. Бұл жердің тарихы жөніңде қайсақтардың (қазақтардың – Т. Ж.) арасында мынадай аңыз бар. Көрханда (қарақытай ханы) өзіне бағындырғаннан кейінгі кезекті бір шапқыншылықтан соң Темучин Шыңғыстауға аялдайды. Қайсақтар оның бодандығын қабылдау туралы шешім қабылдайды. Осы мақсатпен олар атақты Майқы би бастатқан бір топ адамды елшілікке жібереді. Ол өзінің серіктерімен Темучиннің ақ шатырына келіп, мол сый тарту етеді. Бұл Темучинге бағынған он екінші ел еді. Сол кезде бақсы бал ашып, бұл әлі талай халықты бағындыратынын, сондықтан да оны «Шыңғысхан», яғни ұлы хан, әмірші деп атау керек дейді. Темучин дәл осы арада (сол тауда) өзінің атын өзгерткісі келеді. Шыңғыс ханға бағынған он екі халықтың өкілі түгелдей «Хан» шоқысының басына бір-бірден бөрене әкеліп, оны айқастыра құрып, ақ шатыр тігеді. Майқы бастатқан билер Темучинді ақ киізге отырғызып, жан-жағынан Демей көтеріп, тау басындағы ақ шатырға көтеріп әкеледі. Осы рәсім кезінде қара халық та, билер де «Шыңғыс хан» деп ұрын шақырады. Содан бері Темучиннің Шыңғыс хан есімі жариялаған сол шоқы – Хан тауы – Шыңғыс деп аталады». Міне, Халиолланың бұл мәліметінің. астарында шындық жатыр. Г.Д.Романовскийдің жазбасында Шыңғыстың осы шоқысы «Бес бақан» деп аталады. (Краткий очерк исследований восточной части киргизской степи. 1903 г. стр. 2.). Әбілғазының айтуынша Шыңғыстың бұрынғы аты «Найман күре» (Найман тауы). Рашидаддиннің тарихнамасында Шыңғыстаудағы тігілген ордада Темучинге күш-қуат беріп, жебеп-қолдаған атақты екі бақсы – Төбе-Тәңірімен, оның баласы Көкше бақсы. Ал Отчеген – (Отшайнар) Темучиннің ең сүйікті құбылнамашысы болған». Академик Әлкей Марғұлан бұл деректерді тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірді. Сондай-ақ 1944 жылы Ленинград мұрағатынан Халиолланаң үш хатын тауып алады. Шығыстанушы И.Н.Березиннің қағаздарының арасынан шыққан. Бірінші хатты Құнанбайдың атынан баласы Құдайберді 1865 жылы 6 қарашада жазған. Онда әкесі Құнанбай ұлына: «Өзімнің саған барам деген ойым бар еді. Бірақ Құдайберді мен Оспан, Нұрғаным науқас болып тұр. Өзінді сұрап (елге келіп қайтуға – Т.Ж.) жазған едік. Ол жарай ма, жарамай ма? Егер жарамаса енді қалай жазу керек екендігін жазып жібер. Кадетский корпустан сұраймыз ба, жоқ басқа жерден сұраймыз ба?» – деп жөн сұрайды. Баласының ауылға келіп, кетуін қалайды. Екінші хаты 1866 жылы 4 ақпан күні Құнанбай ауылының молдасы Ңабитхан Ңабдыназарұлы Семейден жолдайды. Барлық хаттар сол кездегі ресми жазба шағатай үлгісіндегі араб, татар сөздері аралас жазылғандықтан да мазмұнын ғана береміз. «... Біз айт намазына Семейге келіп едік. Көптен хат келмегенге әке-шешең уайымдап жүр. Елде ауру-сырқау бар. Құдайберді должной болыс болып тұр. Жаңадан сайлау шықпақ. Тәңірберді атаңыздың қатыны бір ұл туды. Аты – Мақұлбай, Ибрагим атаңыздың қатыны бір ұл тапты. Аты – Әкімбай. Мырзаның өзі барам ба деп еді, сенен хат күтіп тұр. Мүмкіндік болса қайтқаныңды жақсы көреді. Білерлік адамдарға ақылдасып тез хат жаз. Ендігі хатты Сергиополь дуаны письмоводитель Василий Ивановтың атына жазсаң тез келеді. Әкеміздің тапсырмасы бойынша хат жазған – Ңабитхан»(11). Араларына үш ай салып жазылған екі хаттағы тілекниет біреу-ақ. Ол қалайда Халиолланы елге қайтып алып кету. Тіпті сол үшін әкесі Құнанбайдың өзі Омбыға баруды да көздейді. Үшінші хатты Аякөз қаласынан Абайдың өзі жолдайды. «Сізге, ардақты және құрметті, жақсы көретін аяулы ініміз Халиолла мырзаға, бізден ағаңыз Ибраһимнан дұғай сәлем және барлық ата-аналарымыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптен көп дұғай сәлемдер жолдадық. Құдайға шүкір, осы күнде өзің көрген жандар тегіс сәләмәтпыз. Сізден бізге хат жазған Қамариден молдаға көптен-көп сәлем дегейсіз. Сізге дін қарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары алла-тағаладан қайтсын, өзіне жазуға уақыт тар болды. Аякөзге келген уақытта почта жүрерге асығуда екен, әртүрлі хаттарды да көрген соң, көңіліміз жай тапты. Және сізге жол қаржыға отыз теңге жібердік. Және Семейге мағлұм еткен уақытыңызда құдайтағала қаласа ат тағайындармыз. Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгенің турасында бек қуанып жатыр. Әрқашан құдайтағалаға сыйынып талап қылып көрсін дейді. Хатыңыз тиісімен ешбір тоқтамайынша Аякөзге келіп осы хатты жаздық. Әрдайым таупықты, абыройлы ғұмырыңызды тілеп хат жазушы, ағаңыз, Ибраһим Құнанбай ұлы деп білесіз. Тағы да көп, көп сәлем. 1866 жылында, 8 март «(11). Міне бұл хаттан соң Халиолланың өмірі хақындағы деректер бұлдыр елеске айналады. Г.Н.Потаниннің 1886 жылы «Русское богатство» журналының № 10 санындағы мақаласында Халиолла Өскенбаев есімі ерекше құрметпен аталып, Тургенев, Лермонтов, Толстой шығармаларын қыр еліне әңгімелеп, Белинский мен Добролюбовтың сыни пікірлерін түсіндіріп беретіні сүйсіне баяндалады. Г.Н.Потанин «Осы күнде қайтыс болған Өскенбаев» деп сөз арасында ескерте кетеді. Әлкей Марғұланның пайымдауынша Халиолла қызы Айғаныммен екі ортадағы ғашықтық та осы 1869 жылға тура келеді. Ол кезде Құнанбай да тірі. Оқиға былай болған. Әрқам Кәкітайұлы Ысқақов: «Семей қаласы – Ертіс өзенінің терістік жағында. Оның оңтүстік жағынан қатарласа орналасқан үйлерді орыстар «Заречный слабодка», қазақтар Басжатақ, Орта жатақ деп атайды. «Тінібай жатағы» деп аталатын қазақ қалашығы да болды. Тінібайдың сүйегі уақ, өзі орта жасқа келгенше кедей болған екен. Кейін байып, мешіт салдырған. Бәйбішесінен Жұмәділ, Темірғали, Айғаным есімді балалар туған. Тоқалы Құнанбайдың қызы Мәкіштен Ңалиақпар, Ңалиасқар деген екі ұл туыпты. Корнет атағын алып Москвадан қайтқан Халиолла осы Тінібайдың үйіне түседі. Бұрыннан таныс Айғанымды әйелдікке алмақ ойын Абайға айтады. Ол: «Бұл болмайтын іс» – деп жауап береді. Оған көнбей Халиолла мен Айғаным почта және адам таситын арбамен қашып кетеді. Халиоллалар Арқат бекетіне таяу Еске деген жерге келгенде шаң (арттан) көрінеді. Жанындағы серігі Шәдібектің: «Мамай елі әне. Тезірек тобықтыларға жетейік», – дегеніне Халиолла: «Бұл қызды мамай еліне қорғатқанымыз ұят. Мен қызды өлмей бермеймін», – деп көнбей қуғыншыларды күтіп алады. Келгендердің ішіндегі қыз атасы Жұмәділ оларды алдап-арбап, Айғаным мен Халиоллаға: «Бұл неткен балалығың. Алып қашпасаң да беремін ғой. Жүріңдер, той жасап берейін», – деп уәде етіп, Айғанымды шаһарға алып кетеді. Семейге келгесін Халиолла: «Жұмәділ не істеп жатыр?» – деп сұрастырса, ол: «Халиолла үйімді талады, ақшамды, алтынымды алды, қарындасымды зорлап алып қашты» – деп арыз жазыпты да сотқа пара беріпті. Айғанымды үйіне тығып ұстайды екен. Халиолла Семейде жатып ұлықтарға жайын айтады. Олар: «Сіз оқыған білімдісіз, әрі сіздей қызметкердің мұндай қылмысқа қатысуы ұят. Жақында сот болады. Сонда қыздан жауап аламыз», – дейді. Сот кезінде Айғаным дұрыс жауап бере алмай, есі ауысқан кейіпте отырады. Бір ауыз сөз айтуға шамасы әрең келеді. «Жаным, Халелмісің? Мен саған енді жоқпын. Өлген адаммын. Қош!», – деуге тілі әзер келіп, талып кетеді. Сот: «Қыздың Өскенбаевта бұрын көңілі болғаны расталды. Бірақ, «енді оған бармаймын», – деп бас тартты. Сондықтан қызды зорлап Өскенбаевқа қайтаруға болмайды. Тінібаевтың ақша, алтын туралы арызының дәлелі болмағандықтан да, аяқсыз қалдырылсын», – деп үкім шығарады. Ел тарайды. Айғаным бір айдай ауырып қайтыс болады.» (36) Сүйген жүректер жалғыз солмайды, сыңарын қоса ала кетеді. Айғанымнан айрылған Халиолла барша туысына, некелесуге батасын бермеген Құнанбайға да өкпелеп, Шыңғысқа соқпай Омбы шаһарына кетеді. Одан кейінгі тағдыры мынадай. Әбіш Жиренщин: «Елге келген соң, Семейде Тінібай байдың қызына ғашық болып, ол қызды алып қашқан жерінен, қыздың ағалары жолшыбай қуып ұстап алып, тартып алып кетеді, орысша оқыған офицер, бұл озбырлыққа шыдай алмай, ел жұртына өкпелеп, Омбыға қызметке кетеді, сол барғаннан қайтпай науқастанып қайтыс болған көрінеді. Өлер алдында Халиолла атабабасының тарихы мен өз өмірін қосып көп өлең жазып тастап кетіпті. Кейін ол өлген соң, жоқтаған Әйелдер сол өлеңі мен тамаша сөздерін дауысқа қосып айтқан көрінеді. Амал не, қараңғы ел ішіне сол баға жетпес документтер сақталмаған. Халиолла өлген соң, оның сүйегін Құнанбай атпен алғызады. Сүйек келгенде Зере бәйбіше Халелдің заттарын немерелеріне өз қолымен үлестіріп береді, сонда өзге немерелері біреуі – қылышын, біреуі белдігін алып, таласып жатқанда, Абай үндемей қарап тұрады: «Қарағым, Абайжан, қайсысын аласың», дегенде: «Әже, маған анау үйіліп тұрған кітабын беріңіз» (11.21), деп зат алмай, ылғи ғылым, әдебиет жөніңдегі кітаптарын сұрап алады. Соншама үміт артып, мейірім-қайырымын төккен ұлы Халиолладан Құнанбай осылай айырылады. Шариғаттың сенімін әкелік сезім және алмайды. Егер, қатал әрі діндар әке некелесуге ризалығын берсе, онда қыз ағасы Жұмәділ түгілі, оның әкесі Тінібай да қарсылық білдіре алмас еді. Бұл оқиғаны Мұхтар білген бе? Білген. Тіпті сол қалпында романға пайдаланбақ та болған. Төртінші кітапқа кіргізу мақсатымен: «Тінібай үйі. Қала жасының қызығы. Оқудан келген Халел. Тінібай қызымен арасы. Қазақ жайын білмейді. Тінібай қызын алып қашады. Абай Аякөзге қуып барған. Алып қайтады. Халел мінезсіз төрешік. Абай ұрсады» (67.8 п. 74) – деп жоспар да жасапты. Бірақ бұл мақсат сол жоспар күйінде қалған. Неге? Оның әртүрлі мәнісі бар. Ңалым Зәки Ахметов: «Бұл ойдың жүзеге аспауының себебін қазір тек жорамалдап қана түсінуге болады. Зады, жазушы осы адамның білімі мен адамгершілік сыпатының бір-біріне сәйкессіздігін түсінген болар», (59.1.217) – деп емеурін білдіреді. Бұған Қарағанда, Халиолла жағымсыз, тентек мінездің иесі сияқты. Шындығына салсақ, құдашасы Айғанымды алып қашуда тұрған қандай бұзақылық бар. Сүйген жүрек тәуекелшіл келеді. Қыз бен жігіт те сол тәуекелге бел буып отыр. Егер мұны жеңіл мінезді тентектікке баласақ, онда Қалқаман – Мамыр, Еңлік-Кебек оқиғасын қалай түсіндіреміз. Дәл солардың басынан кешкен жайды Дәрмен мен Мәкен арқылы суреттегенде соңғы екеуін ақтап алатынымыз қалай? Рас, Құнанбай мен Тінібай құда. Айғаным – Тінібайдың бәйбішесінен туады. Тікелей туысқандық, қандық жақындығы жоқ. Ислам дінінің қағидасы да оған жүрмейді. Сондай-ақ ел аузындағы әңгімеде Құнанбайдың қызын (кей деректе қарындасы) Тінібай тоқалдыққа алды делінгенмен, Мәкіш Тінібайдың ұлына айттырылды деген жорамал да бар. Мұхтар соңғы тұспалды ұстанып, «Алшынбай араға жүріп, екі жағы құда болды», деп баяндайды. Қазақ дәстүріндегі туысқандық тәртіп бойынша ол Халиоллаға құдаша. «Сүйек жаңғыртайық» дегені де құдашаны айттыруды меңзейді емес пе. Ендеше, бұл арадағы «кілтипанға» шариғат та ара түсе алмайды. Ол – тіршілікте әбден сіңісті, қыр елінің дәстүріне сыйымды жай. Демек, Халиолланы «мінезсіз төрешік» дегенде Мұхтар оның жеке өмірінен туындайтын жағымсыз кейпін ишара жасамаған, әдеби образ ретіндегі бейнелеуге тиісті жоспарын ғана қағазға түсірген. «Абай Аякөзге қуып барған» деуінде не мән бар. «Түн түнекте» тарауында қаладағы оба ауруымен жанталаса күрескен Абайды қырға алып шығуы үшін де тосын оқиға керек. Сондай-ақ оған аса салмақты себебі болуға тиіс. Әрі Семейдегі сот ісіне араласып, билік айтып, «қолы қағаз, орыс заңын бірдей білетіндігін» де көрсететін шешуші тұс – осы. Жүрегіне жүк артқан, ел қорғаны Абайды тағы да тағдырдың тезіне салған адам өзге емес, өз інісі Халиолла. Ол оқыған-тоқыған азамат. Халиолла – Айғаным трагедиясының тірі куәгері Абайдың өзі. Мұхтар бұл қайғылы халдің бүге-шігесіне дейін білген. Абайдың араша түсе алмауын Халиолланың мінезіне телімек болған тәрізді. Сонда ғана оқиға желісі тығырықтан шығады. Ал, Дәркембайдың өзін «байлардың қатарына» қосқан сыншысымақтар егер, Абайдың Халиолла үшін басын бәйгеге тіккенін оқыса онда Мұхтарды – «феодализмнің жақтаушысы», Абайды – «үстем тап өкілінің қорғаушысы» деп айдар тағып, айғайлап шыға келуі мүмкін. Сондықтан Халиолла Айғаным оқиғасын Дәрменге ауыстырады. Егер де, төртінші кітаптың өте қиын жағдайда, жарым-жартылай қудалауда жүргенде жазылғандығын ескерсек, Мұхтардың неге дәл осындай шешім қабылдағанын түсінуге әбден болады. Халиолланы «мінесіз төрешік» ретінде бейнелесе де көздеген мұратына жетпейтіндігін түсінген. Екінші түйткіл: Дәрменге жар сүю керек. Таптық мүдденің туын ұстаған Дәрменнің үйленуінің өзінде де үлкен әлеуметтік тартыс жатуы тиіс. Ондай тартысты қайдан алған жөн? Ауыл арасындағы жесір дауы алдыңғы үш кітапта жеріне жете жазылды. Қаладағы сот ісіне Халиолла-Айғаным оқиғасы өзек тартпақ. Ендеше, осы жайды неге Дәрменге телімеске. Бұл ой Мұхтардың ойына тосын, жұмыс барысында келген сияқты. Мұны Зәки Ахметов дөп танып, дәйекті дерекпен дәлелдеген. Төртінші кітаптың бастапқы тараулары жазылып біткен соң ғана Дәрмен мен Мәкеннің ғашықтық хикаясының «тарихын» жанамалай сөз арасына сыналай қосқан. Мәкен – Әбіштің қалыңдығы Мағрипаның құрбысы екен. Дәрмен екеуі сол жерде табысады. Бірақ ешкімге айтпай келіпті. Тек, өзге амалдары қалмаған соң Семейге қашып келеді. Онда Абай мен Әбіш бар. Соны медеу тұтыпты. Көркемдік сылтау – қиыннан қиысып тұр. Алайда, эпопеяның үшінші кітабының дені Әбіш – Мағрипа махаббатына арналған, үнемі солардың қасында жүрген Дәрменнің ғашықтығына бір-екі ауыз сөзді қимағаны қалай? Демек, Дәрменді «үйлендіру ниеті» тосыннан туған. Себеп-салдардың үшінші тармағы мынадай: қазақ халқының рухани өмірінің қатпар-қатпарын толық қамтитын үлкен шығарма аяқталып келеді. Абай образы кемеліне келіп, толысып, халық жағына бүтіндей шыққан. Ендеше, ол араласқан оқиға қандай да бір тығырыққа тірелмей, Абай жеңіп шығуы керек. Айғаным – Халиолла трагедиясының өмірлік шындығы жазушыны да, оқырманды да қанағаттандырмайды. Бұл шарасыздық шығарманың соңында барынша ашына айтылуы қажет. Дәрмен мен Мәкенді де қорғауы заңды құбылыс. Осындай себептермен қасіретті оқиғаның шешімін де өзгерткен. Сот кезінде Айғаным сияқты: «Жаным, Халелмісің? Мен саған енді жоқпын. Өлген адаммын. Қош!» – деп түңілмейді Мәкен. «Қалада Әділ ұлық бар деп, сіздің панаңызды іздеп келгемін. Солай өзім іздеп келіп, кеше берген арызымнан бүгін қалай айнимын? Екі айтарым жоқ! Сол арыздағы сөзім сөз! Азаттық тілеймін ақпатшаның әділ заңынан!» (1.6.126) – деп сөзін аяқтайды. Өз махаббатын өзі қорғайды. Ақыры дегеніне жетеді. Бұдан әрі қарай Дәрмен мен Халиолланың, Мәкен мен Айғанымның арасындағы өмір жігін ажыратудың өзі артықтау саналғанмен де, мына жайларды аңғарта кетудің артықтығы жоқ. Абай Халиолла мен Айғанымның сотына қатынасқан ба? Қатынасқан. Биліктің бел ортасында жүрген. Әсіресе, шариғатты шымылдық қып қыз ағасы Жұмәділмен, мешіттің молдаларымен қатты ұстасқан. Айғанымның басын дуалаймыз десіп, бақсы-құшынаш шақырып, есінен айыруға дейін жеткізген қатыгездікке қарсы күрескен. Неке дауын сот арқылы шешу де сахара еліне сұмдық боп көрінген. Жұмәділ көпес соттың аузын алу үшін жиған-тергенін аямаған. Бұл жай романда: «Бұл кеңселердің тегінде осындай іске араласуы, Семей облысы мен қаласының іс-тәжірибесінде болып көрмеген. Сонымен қатар: «мұсылман әйелдерінің неке, талақ жөндері шариғатқа тиісті. Бұл жайды мешіттердің имамдары, мұсылманның дінбасылары шешуге жол!» – деп Оразбай, Сейсекелер шүйлеп салған халфе, қари, молда, мәзіндер арыз берген. Олар бес-он сомға жалдана салатын қазақтың шолақ тілмаштарын ертіп келіп, салмақ салған» (1.6. 131), – деп суреттелген. Тар қапаста Абайдың, дұшпаны Оразбай тағы да алдынан шығады. Абайды Тінібай – Жұмәділмен айтыстырғаннан көрі ежелгі жау – Оразбаймен ұстастыру әлдеқайда ұтымды. Бұл Көшбикедегі ірі қақтығысқа психологиялық дайындық сияқты. Айғанымды Халиоллаға жолатпай жеке ұстаған. Дәл сол сияқты Мәкен де бір ай бойы «полицияның надзоры астында болады». Айғаным да, Мәкен де сүйгенімен қашып кеткен жерінен қолға түседі. Халиолланың офицерлік шені қуғыншыларды сескендіреді, сот та оған ізетпен қарайды. Романда ол міндет Әбішке жүктелген. Зады, Құнанбайдың екі баласына бірдей әскери шекпен кигізіп, қатарласа суреттеуді онша орынды санамаған. Халиолланы Әбіштің антиподы ретінде бейнелеуден бас тартқан. Өйткені, олардың бір кезде, бір оқиға үстінде жүздесуі тарихи шындыққа кереғар, тіпті, мүмкін еместін. Халиолла 1848 жылы туып, 1870 жылдары құсалықпен өлген. Ал Әбіш (1868-1896) ол тұста екі-үш жаста. Дәрмен үшін мұндай жас алшақтығы жүрмейді. Қалай құбылтамын десе де Мұхтардың өз еркінде болатын. Сол мақсатына жетті де, «Дәрмен мен Мәкеннің енді тозақ отындай азаптан айырлудан өтіп, қайта ұшырасуы бұл екі жас бастан кешірген өмірдің ең бір естен кетпес жалындай шаты болды». Енді, «өзгеше бой жаза түсіп, ыстық, нәзік жалынмен» (1.6.159) шабыттанған Дәрмен қырға Абаймен бірге қайтып оралады. Алдағы өмірдің ащы сыбағасын ұстаз бен шәкірті әкелі-балалы жандардай жарастықпен тең бөлісе татпақ. Бұл идея эпопеяның алтын қазығы. Сол қазықты тағдыр тезіне түскен төрт бірдей мұңлықтың өмірі ұстап тұр. Олар Қодардың немересі Қиясбай, философ ақын Шәкәрім, өжет те отты офицер Халиолла, қала көпесінің қызы Айғаным. Әрқайсысы бір-бір романның еншісіне лайық тағдыр иелері өз өмірін Абай бейнесінің ажары солмауы үшін Дәрменге «қиып берді». Қиып берген жоқ, оларды Мұхтар «өз дегеніне көндірді», қалам күшімен бастарын қосты. Сөйтіп, ортақ мақсат үшін тарихи шындықты құрбан етті. Бірақта, сол бір боздақтардың барлық асыл махаббаты, ащы зары, арманды мұңы: «Абай аға, қадірлім! Ол дәндерің өлген жоқ, жойылған жоқ. Рас, бұл күнде бір араға біткен дүм тоғай болмасын. Үлкен бақ боп тұрмасын... Бірақ ен дала, мол сахараның бар бойында ол дәндерің өсіп келеді... Өсе бермек күн санап та, жыл санап... Сол үшін де өз өмірімізде, өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан!» (1.6.445) – деген Дәрменнің Абай қабірінің басындағы толғауымен келер ұрпаққа да жетері кәміл. Дәл осы антты Мұхтар да өзімен-өзі оңаша қалған шарпулы шақтарында сан рет қайталаған. Іштей ұлы ақынның аруағына сыйынып, шапағат күткен. Қилы қилы өмірлік қақтығыстар мен қасіретті Дәрменге телігенмен де, оның өзегіне жалын құйып, жан бітірген арманды сөздер – Мұхтардың өз сөзі. Айтуға тиісті, бірақ ашық сыртқа шығара алмаған өкпе-назы, күйініш-сүйініші, мұрат-мақсаты, ашу-ызасы, ақыл азабы, жан дауысы, көкейкесті күйік-қыжылы. Өзінің таңдамалысын баспаға дайындау барысында бүкіл шығармаларын қайталап оқып шыққаннан кейін «дала көкжалы» Гермен Гессе: «Осы уақытқа дейін жазғандарымның барлығында да тек өзім туралы әңгімелеппін, менің жеке басымның сүрлеу-соқпағы, құпия күнәларым мен арманым, менің дәмі ащы қасіретім көрініс тауыпты. Тіпті, бөгде тағдырлар мен маған қатыссыз қақтығыстарды суреттеймін деген ниеттен туған кітаптарымның өзінде мен – сол бәз баяғы бір әнімнен жаңылмаппын, сол таныс жолмен жүріппін, яғни жалғыз-ақ тағдырды – өз тағдырымды талқыға салыппын» (95.131), – деп таң қалыпты. Бұл сөзді Мұхтар да өзіне, әсіресе, Дәрмен образына қарата айтса, күдіктене қараудың пәлендей реті табыла қоймайды. Өйткені, ол – нағыз шындық. Сыртқы өмір желісі адамның тағдырына түзілгенімен де, Дәрмен боп сөйлеген Мұхтардың өзі, Дәрмен – Мұхтар Әуезовтің «мені». Сондықтан да, Дәрмен поэтиқалық бейненің қатарына қосылады. Сондықтан да бұл бейне – ерекше ыстық, жанға жақын. Тек Абайдың ғана емес, баршаның жан досы, сырласы. Эпопеяның ең соңғы бетін ашыңызшы. Онда: «Абайдың қабырына қадала қарап, аппақ боп реңі қашқан Дәрмен отыр еді. Бұның қасында Дәркембайдың баласы, оқыған жас Рахым бар. Одан әрі -Абайдың бір кездегі жас қонақ достары оқып жүрген балалар – Үсен, Мұрат, Шәкет отыр. Дәрмен осылардың ортасында, Әйгерімнің жаңағы даусы айтылып жатқан шақта өз ішінен Абай қабырына қарап, үздіксіз бір ант айтып отырғандай болды. «Сақтармын қойнымдағы алтынымдай сақтармын сіз қалдырған дәндерді... асыл ұрықтарыңды»,– деген ой келгенде Дәрменнің есіне Абайдың ең соңғы терең бір арман шері келді» (1.6.445) – деп жазулы тұр. Ұлы ақынның «артында қалған асыл дәндері... асыл ұрпақтары-бала буын – Үсен, Мұрат, Шәкет. Үсен Иіс кемпірдің немересі, Шәкет – Абайдың өз немересі. Ал Мұрат ше? Үмітті ұрпаққа өз баласының атын қоюы кездейсоқтық па, әлде Мұхтардың көкейінде емеурін бар ма? Солай сияқты, Мұрат – Мұхтар, бала Мұхтар емес пе екен? Ұлы ақынды Мұхтар алты жасында көрген. Атасы Әуез қыс бойы Абай өлеңдерін жаттаттырып, жазғытұрым Мұхтарды ертіп апарады. Абай асық ойнаған балаларға қосылмай, оңашалау жерде көлге ұшып-қонған аққу-қаздарды қызықтап тұрған Мұхтарды шақырып алып, бетінен сүйіп, ақ батасын беріпті. Балаға суық Абайдың бауырын жылытып, пейілін түсірген қандай сезімнің күші, ол жағы беймәлім. Тек Абайдың өзі ғана білетін тылсым құбылыс. Бірақ келешектің киелі нәсілін дәл таныған. Қателеспеген. Қателесуге қақы да жоқ еді ғой. Абайдың: «Сол үшін де өмірімде, өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан!» (1.6.445) деп Дәрменнің атынан ант беруі – буырқанысқа толы сәтінде: «Болашақ, болашақ, болашақ – менікі!» – деп өре түрегелген Виктор Гюгоның жастық шағын еске салады. Ол антты орындап шықты. Ешкім қайталап соға алмайтындай ескерткіш тұрғызды. Тастан емес, сөзден мүсін қашады. Қодар Қамқа қасіретінен басталған көшпелі әлем туралы ұлы жыр Дәрменнің асыл әнімен осылай аяқталады. Әлқисса, қысылтаяң шақта Мұхтардың көкірегін қарс айырып арманды әніндей көңіл шерін қозғаған Дәрмен образы тағы да үлкен творчестволық жұбаныш әкелді. Тағы да Дәрменнің бейнесінен қуат, дәрмен алып, болашағын осы кейіпкерімен байланыстырады. 1953 жылы жазда Әуезовтің Алматыда тұруына, тыныш өмір сүруіне мүмкіндік болмады. Оның барлық жазушылық, ғалымдық еңбектері мансұқ етілді. Енді, өзінің ғұмырына қауіп төнді. Ақталудың, ағарудың жалғыз-ақ жолы қалды. Москвадағы достарын арқа тұтып, сонда бас сауғалады. Жанталаса жүріп, «Литературная газетаға» ашық хат жазды. Ол жарияланған жоқ, бірақ түп нұсқасы сақталып қалды. Сонда ол өзінің сүйікті кейіпкерімен тағы да жүздесетінін сездіреді. Күйініш-сүйінішін, көрген әділетсіздіктері мен арандатуларын сарқа төгіп, келешектегі жұмыс жоспарын да ортаға салады: «Өйткені он жылдағы және таяу болашақтағы менің творчестволық қайнарымның көзі мен негізгі арнасы – қазақ халқының жүз жылдық дәуірін қамтитын менің романым болмақ. Бұл тарихтың революцияға дейінгі алғашқы елу жылын классик ақын Абайдың есімімен байланыстырамын... Одан кейін социалистік заман тұсындағы қазақ халқының тарихын бейнелейтін төрт романды жаңа жүйеге көшемін. Өмір құбылыстарының кеңінен қамтылуы, адамдарының тағдырының кеңінен қамтылуы жағынан Абаймен үндесіп жатады. Бірінші кітапта байдың қойын бағып жүрген жалшы бала төртінші кітапта аса ірі ғылым қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Жас жұмысшы — шахтер аса ірі инженер — құрылысшы, академик атанады. Бұл кейіпкерлердің тағдыры арқылы қазақ социалистік ұлтының, қазақ халқының тарихи жолының қалыптасуына көсемдеріміз Ленин — Сталиннің сызып берген жолымен азиаттық орта ғасырдан коммунизмнің табалдырығын аттағаны, бір ұрпақтың жарты ғасырлық немесе қырық жылдық өмірі қамтылады. Өз халқының ұлы ақыны, дана перзенті көрінбегенімен, бірақ оның халқының ортасындағы өмірі, өзі армандаған сөзі арқылы үнемі бірге жүреді. Совет дәуірін бейнелейтін төрт романның ішінде Абай дәуірінің біздің заманымыздағы тірі куәсі болып бұл күндері шау тартқан, жаны жас бір кездегі Абайдың ең сүйікті жас досы, еркелетіп өсірген, тәрбие берген Дәрмен қатысады. Абай өлген кезде өлеңдерін аманат алған ол, бұл жырды революцияға дейінгі қараңғылықтан алып шығып, совет халқына жеткізеді. Оның бейнесі бірте-бірте романға ауысып, сталиндік заманның даңқы мен жеңісінің ұлы жыршысына айналады. Сонымен, Ұлы Отан соғысынан кейінгі одақтас туысқан халықтардың бақыты мен айнымас достығын жыр еткен тоқсан жастағы Дәрмен образымен қазақ халқының жүз жылдық тарихын қамтитын романның соңғы беттері аяқталады»(96). Өкінішке орай, Мұхтардың бұл мақсат-мұраты орындалмады. Сүйікті Дәрменнің тоқсанға келген шағындағы толғанысын халқына жеткізе алмады. Ол бейне – көшпенділердің өміріндегі соңғы абыз, соңғы жырау ретінде көрінуі тиіс еді. Амал қанша, мұның барлығы Мұхтардың өзімен бірге қоса кетті. Тек осынау хат қана оның болашақ тағдырынан мағлұмат береді. Дәрмен туралы Мұхтардың соңғы сөзі осы. Сталиннің есімін атау сәл әсірелеу сияқты көрінгенмен, кезінде ең мәнді қажеттілік еді. Әйтпесе, өмір бойы осынау тираннан зәбір шегіп, іштей онымен күресіп келген Мұхтардың шын жүрегінен шыққан лебіз деу әбестік. Солай тілге тиек ету керек еді. Өзінің дегеніне жету үшін сол есімді көлденең тартты. Ол айып-шамы жоқ, әркімнің аузынан түскен есім. Мәселе – айтар ойында. Қырын көзге, жоғарыдағы жаңа жүйемен дамитын төрт роман туралы жазушы жоспары, басына бұлт үйірілген тұсында «суға кеткен тал қармайдының» кері іспетті көрінуі мүмкін. Судан өткенше ретін тауып, алдарқата тұрудың амалы сияқты. Бірақ мәселе мүлде олай емес. Қашан көз жұмғанша сол ойынан бас тартпаған. Үнемі мазасызданумен жүрген. Өмірлік деректері де дайын еді. Жазылмай қалған «Тұман айығарда» атты романның желісінің өзі де соған толық негіз қалайтын. Жеке басының тағдыры да бір шығармаға арқау болуға жетіп жатыр еді. Дәрмен образы бойынша нәр жия келіп Жамбыл ақынның бейнесімен астасып кететінін мегзеп, емеуірін танытады. Алайда, бұл образ сол емеурін күйінде қалды. Біздің көз алдымызда Дәрмен де мәңгілік жас күйінде қалып, жүрегімізге әннің ұясын салды. Арманды әннің ұясы ол. Ал, ән – өлмейді, жыршыл жүрек – жұтамайды, олар мәңгілік құбылыс.