Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Қаракөк)

БІРІНШІ  БӨЛІМ

«ҚАРАКӨКТІҢ ЖӘБІР СҰЛТАНЫ»

БІРНШІ ТАРАУ

ҚАРАКӨК

«Қартайған адам –  қашан да король Лир сияқты». 

Гете

Құнанбайдың аузына сөз, қолына билік тиген тұс – көшпелілер дәуірінің кемеліне келіп, шарасына тола лықсыған, яғни, феодализм – қоғамдық формация ретіндегі даму шегіне жеткен, енді диалектиканың заңы бойынша тоқырауы басталған шағы еді. Әуелі де аз билікті малданған Құнанбай жігіт ағасы атанған шақта заман тұтқасының қолынан сусып шығып бара жатқанын, көшпелілердің сан ғасырдан бергі қалыптасқан дәстүр-заңының ықпалы азайғанын, тіпті, толықсыған толқынның деңгейі күрт төмендеп бара жатқанын аңғарып, жанталаса жағадағы кәрі тамырға жабысты. Сол би мен бектің мүддесі үшін қиянатқа да барды, тізе де батырды. Ақылын айлаға алмастырды. Өзіне-өзі қарсы шықты. Кейін саналы түрде, ашудың күшімен істеді. Осыдан барып қатыгез мінезге бойын алдырды. Оны: «Адам пенде ғой. Пенденің жоқ-жітігі толған ба?» (1.3.161), – деп өзі де мойындайды.

«Адамның бойына біткен жақсы қасиеті, оның міні де болып табылады» (1.15.256), – дейді Құнанбай. Бұл оны өзінің баласы Абайға берген жауабында: «Өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірімде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен шығатын мін де болатын шығар!» (1.3.160) – деп уәж ретінде алғай айтқан еді. Аузының дуалылығы ма, жоқ, кісі мінезін дәл тани білгендігі ме, қайдам, дала феодалының сол уәжі дәл келді. Соның ішінде бөтен-бөгде пендешіліктің иесі емес, тура Құнанбайдың өзі соның, керін құшты. Қаталдығы – қатыгездікті, ақыл-аңғары – айланы, ғылымға ынтызарлығы – ғылыми танымға шек қоюды, ілгеріні болжауы – қадымшылдықты, бала тәрбиесіне кірпияз қарауы – кінәшілдікті тудырды. Бір-бірін һәм толтыратын, һәм бір-бірін кері тебетін бұл қасиеттер етке жабысқан көкбауыр сияқты оның бойынан сондай табиғи жарасым да табатын. Дұшпандарының өзі: «Мырзамыз – Құнанбай! ІІІешеніміз – Құнанбай!, Жақсымыз – Құнанбай!» – десті. Кейде Бөжейдің өзін «дүрелеп, артын көтеріп қойып соққызғаны» басы артық зат сияқты сөлекеттеу де көрінетін.

Ахат: «Ол балгерсіген бақсы құшынаштарға, қисынсыз ырымдарға нанбаған. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып, адамға табынуды жаны жек көрген. Ол тек құдай мен көпке ғана бағынуды лайық деп санаған. Бұрын зекетті білмейтін байларға нағыз нашар, кемтар, жетім-жесірлерге малынан зекет бергізген. Арам өлген мал етін, безді жейтіндерді де тиған. Тобықты елінің ұрлығын пышақ кескендей қойдырған. Бірақ өзінің аяғынан алған туыстары көп болған. Бірлі-жарым көнбеген ұрыларға аямай дүре салдырып, ұрлығын қойғыздырған, өз қолында ұстап, кәсіп істеткен. Бір молда: «Насыбай харам деп айтты», – деп насыбай атқандарды: «Мұрныңа то- тияйын езіп құямын», – деп тыйым салған. Жұртқа: құдайға құлшылық қыл, қиянаттан аулақ жұр, – деп уағыздап, бұрын намаз оқымайтындарға намаз үйреткен. Құнанбай атшабарларына біреудің бір тал қылын рұқсатсыз алма деп қатты тапсырған. Кенесарыны қуысып, жалайыр еліне барғанда сол елдің бір әйелі: «Орыстармен бірге сіздің бір жолдасыңыз білезік, жүзік, сәукеле, моншақтарымды алды», – деп арыз еткенде, оның Төбет батыр екенін білген соң Төбетке дүре салдырып, әйелдің бар затын түгел таптырып берген» (16).

Қай саққа жүгірткенмен де, Құнанбайдың өмірдеп ірі-ірі кесек-кесек қимылдары, кейде қатты, кейде тәтті мінездері, әйтеуір, бір өлшемге сыймады. Сыймайтыны: «насыбай харам деп бір молда айтқан соң, насыбай атқандардың мұрынына тотяйын құям деп насыбайшыларды тиғаны» (23), «не қылайыны» жоқ. Кешірімі, мейірім жоқ. «Кештім» дегенін бір көрсетпегені» бар. (1.3.160).

Мүмкін, мұндай көкбуын қаталдыққа себеп болған, сол өзі өмір сүрген заман мен қоршаған ортасы шығар. Ерлік пен етекбастылық, елдік пен егесу, ықылас пен ырғасу, жер мен жесірлік дауы қатар тізгін тартып, билердің келесіне кезек-кезек түсіп, ығырын шығарған шақтағы амал мен ашудың сыртқа шыққан көрінісі болуы да ықтимал. Өйткені, «Құнанбай өз елінің арман-тілегін орындауға барлық күш-жігерін салған. Жуаны көп рулардың істеген көп зорлықтарын, атақты адамдарының мінезін көтермейтін болған. Оларда кеткен кегін, ар-намысын қорғаған. Бірақ керегі не, Құнанбайдың өзі айтқандай:»Мені сырт жау алмайды, іш жауым – өз бауырым алады» дегені дәл келіп, ішкі жауы, өз бауыры аяғынан, жағасынан алып, жауына қосылып, Құнанбайды да абақтыға айдатқан, байлатқан, жаппаған жаласы, айтпаған өсегі, істемеген қастығы қалмаған» (16).

1

Ата мекен – көшпелілер үшін ең қасиетті ұғым. Оны тастап кету, жат қолына беру – кешпейтін қылмыс, кесімі жоқ жаза. «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» сияқты халық басына түскен зауал ғана құтты қоныстан айыра алады. Соның өзінде он жылдан, елу жылдан, жүз жылдан соң да кейінгі үрім-бұтақ сол ата мекенге, ата жұртқа қайтып оралады. Шәкерімнің, Мұрын жыраудың, Мәшһүр Жүсіптің айтуынша қазақтан бұрын бұл далаға жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен. Соның бесіншісі және жетіншісі – қазақ. Жоңғар шапқыншылығы тұсында халқының үштен екісінен айырылған қазақ қауымы тұтастай Сыр бойына ысырылып, елу жыл бойы сонда мекендеді. Арада ұрпақ алмасты. Жау жеңіліп, Сарыарқа босаған соң, ежелгі елдер атамекеніне қайтты. Біреу ерте, біреу кеш оралды. Тобықты руы Ырғыз, Кеңгір өзендерінің бойын сағалап, барлық жерге ел орналасып алған соң, 1770-1880 жылдары Шыңғысқа ат басын тіреді. Иен жер қалмаған. Көкен тауын, Шидің бойын сыналай қонып, бірте-бірте айналасындағы руларды ығыстырып, Шыңғыстың балақ төбелеріне қол салған. Кеңгірбайдың, Ырғызбайдың, Өскенбайдың, Құнанбайдың арпалысы – сол арпалыс. «Еңлік – Кебек» те сол ырғасудың құрбандары. Ол - бертінге дейін, 1880 жылдары, тобықты руы Шыңғысқа тұтас иелік еткенше тынбаған. Соңғы нүктесін қойып, Шыңғысты ата мекен еткен – Құнанбай. «Абай жолы» эпопеясындағы жер үшін болатын тартыс-таластың тұп төркіні, Құнанбайдың кеудесінен запыраны кетпейтін қыжылы осыдан туындайды.

Оның, басты себебі – «ақтабан шұбырындының» зобалаңында ғана емес, аңғал да адал, мінезі жұмсақ, бірақ қазақы трайболизм қанына сіңген Ахат марқұмның: «Шыңғыс тауының моңғолша алғашқы аты – «Найман күре» . «Найман» – сегіз мағынасында, ал күре – өзен мағынасында, сонда» сегіз өзенді тау» деген сөз болып шығады. Шыңғыс атануы – Шыңғыс ханды хан сайлағанда ақ киізге орап, көтеріп шығарған биік бар. Ол биіктің – Хан, таудың – Шыңғыс аталу себебі сол. Арғы заманда бұл тауды «жеті момын» атанған атығай, қарауыл, бәсентиын, қанжығалы, тобықты, саржетім, шақшақ рулары жайлаған, солардың атамекені болған. Ол жерден бұларды қалмақтар қуғындап тастаған соң, Қара Сырдың бойына барған. Одан 1722 жылдардың шамасында қазақ «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, қалмақтан жеңіліп, Ордың Сарыағашына, Мұғаджар тауына барған. Содан бірнеше уақыттан кейін, Абылайдың заманында қалмақтан «Ақтабан шұбырындының» өшін алып, ата қонысын босатып алған. Шыңғыс, Тарбағатай тауының аймақтарындағы қалмақтарды қуысуға бірнеше қолмен тобықты Мамай батыр келген. Ол тобықтының билері Қараменде мен Кеңгірбайға: Шыңғыс тауының қалмақтан босатылғанын айтқан. Сонда Қараменде мен Кеңгірбай ондағы туыстары – атығай, қарауыл, бәсентиын, қанжығалыға ата қонысқа көшейік деп ұсыныс жасаған. Бірақ орналасып қалған олар көшпеген. Бұл арада бірталай уақыт (50 жыл) өтіп кетеді. Аяғында тобықты, қанжығалы көшкен. Бұл кезде Шыңғыстың ішін – наймандар, сыртын – керей, бауырын – уақ, батысын – арғындар мекендеп алған. Шыңғысты басқа ел алып қойыпты дегенді естіп, қанжығалы жолда арғын мен кіші жүздін жапсарында қалып қойған. Тек,  аттөбеліндей аз ғана ауыл тобықты көшкен. Тобықты Кеңгірбай би мен Мамай батыр бастап, 1780 жылдарға таяған кезде келіп Шыңғысқа кірген. Кеңгірбай алдымен өз туысы арғынмен айтыса-тартыса жүріп, Шаған өзенінің бойын алған. Одан кейін уақты ығыстырып, Шыңғыстың бауыр жағын босатқан. Одан соң «Үш балапан» деп аталатын Бөкенші, Хан, Қарауыл өзендерін матайдан босатып, Шыңғыс сыртындағы Барлыбай өзенін найманнан, арғы жайлауын керейден босатып алған» (16) – деген пайым- дауының астарынан байқалады (Осындағы: Шыңғыстау – арғынның түпкі ата қонысы екен деген тарихи шындыққа жанаса бермейтін сөз үшін қазірдің өзінде талай ағайынмен ат кекілін кесісіп кетуге болады. XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Абай мен Абыралы аудандарының жері бөлінген тұста бұлақ басы үшін шынжыр табан таракторды танкінің орнына пайдаланған «қайталанбас ерліктердің» жасалуы соның бір мысалы). Шығармадағы суреттелген оқиғаларда осы жер дауы басты әлеуметтік желіге айналды. Оған жесір дауы қосылды. Кейін оған Абайдың да араласуына тура келді.

Романда рулық тартыстың үш желісі бар.

Біріншісі – «Жерін, малын қалмақ шауып алғаннан кейін, Қазақстанның шығысын жайлаған көп елдер Алатау, Әулиеата, Түркістаннан ауып, Қаратауға, Сырдария жағасына ойысады. Қоқан хандығы да талап, шыдатпаған соң ол жерде де тұрақтай алмай батысқа қарай ауысады, жаудан алыс кең қоныс, байтақ өмір іздеп, дүркірей көшеді. Сол ауған көп елдін бірі – Абай­дың арғы атасы тобықты елі Сыр бойымен өрлей отырып, қазіргі Ырғыз, Торғай, Кеңгір өзендерін біраз қыстайды да, 1780 жылдар шамасында зорға дегенде қазақ даласын екіге бөлген самал жонға – Сарыарқаға (Ұлытау, Қарқаралы, Баян, Қу, Шыңғыс, Ақшатау) Шыңғыс тауына жеткен» (11) исі қазақтың жері үшін тайталасы.

Екіншісі: Ниязбек Алдажаров дегдардын жадбаянында сақталған шежіресіндегі: «Тау Шыңғыс атанып, ана биік – Хан биігі атанған. Содан бері VII ғасырға жуық уақытта талай уақиғалар өткен көрінеді, оның көптеген тарихи куәсі бар. Мысалы, әр жерде кездесетін табиғи емес обалар мен қорымтастар адам қолымен жасалған. Ал енді, Шыңғыс тауының күнбатыс жағында Шаған өзенінің бойында Қоныр әулие деген үңгір бар. Бір кісі еркін сиятын есік сияқты қуыстан ішке кірсеңіз, іші сарай сияқты. Асты қойтас, қуыс төмендей береді, ар жағы су. Сол су Шаған өзенімен жер асты байланысты болу керек. Қоңыр әулиенің алды жыпырлаған таңбалы тас бейіт. Олар ертедегі қырғынның куәсі.. Біздің тобықты елінен бұрын жеті ел келіп қоныс еткен. Ол туралы Абайдың Әубәкір деген немересі Жидебайдан кетерде жермен қоштасып былай деген:

Жеті ел кеп, бізден бұрын жеті ел кеткен,

Қалмақты қазақ қуып орын еткен.

Байлаусыз, тиянақсыз жаратылыс,

Бізге де босатуға уақыт жеткен.

Ал енді, арғын мен найман арасына сынаша қыстырылып, оңын – онға, солын – солға ығыстырып Кеңгірбай мен Құнанбай аталарым тобықтыны іргелі ел қатарына қосты. Тобықтының малымен басы қатар тез өсіп, бес болыс ел болды. І.Шаған болысы. Мұндағы негізгі рулар: Құлық, Мәмбетей, Үмбетей, т.б. 2. Бұғылы болысы: бұған Ерболат, Сақ, Тоғалақ, т.б. 3. Шыңғыс болысы: оған үш Олжай ұрпағы, т.б. 4. Мұқыр болысы оған: Көкше, Жөкен, т.б. 5. Қызыладыр болысы оған Жұмағұлдың жеті баласы жатады. Оған тобықтының жер көлемін ұлғайту үшін болған мына уақиғаны жатқызуға болады. Жоғарыда 1780 жылға тақағанда тобықты Шығыска көшіп келсе, Матай елі орналасып қалыпты, тобықты Көкендегі уақтың жеріне барып, олармен сыйыса алмай, тағы қырқысады. Уақтар тобықтыны шабамыз деп қол жинайды. Тобықты жағы арғынға кісі жіберіп көмекке шақырыпты деп дақпырт жасап, уақтарға көрінетін бір асудан ақ ат, баран ат мінген бір топ адамды асудан қайта-қайта асырады. Уақтар ойлайды арғыннан көп қол тобықтыға көмекке келіп жатыр деп. Сол түні Кеңгірбай қол астындағы адамдарына әр дөңнің басына жыпырлатып, оба тұрғыздырады да, шу шығармай Шыңғыс жаққа қайта көшіп кетеді. Уақтар обаны адам деп алданып қала береді.

Осы күні «Кеңгірбайдың тас үйгені» әлі бар. Матаймен табысып жүрген кезде «Еңлік-Кебек» уақиғасы болады.

Үшіншісі – ағайын арасындағы араздық. Қара тілдің шешені, көкшенің көсемі Бекен Исабаев ділмар бұл туралы былай дейді: «Абай жолы» эпопеясында Тоқпамбет жанжалы, Қодар өлімі, Мұсақкұл шайқасы кең суреттелген. Ал ел есінде сақталған одан бергі де болған жайлар канша ма?» Мәселен, Әбіш Сәрсенбеков мынаны айтқан еді: «Құнекең қыдыр жуантаяқтың басшыларын жиып ап:

– Мырза–Жәкең мен Есім-Текебай баласы, сендер, Құндызды, Шет, Бөрлі, Сарықорық бойына көшіңдер. Сол жерді мекен етіңдер. Есім-Текебайдың Анайы мен Шония батырын найманның сыбаны мен Барақ Төресіне қарсы саламын. Ал жуантаяқ баласы, сендер Шыңғыстың сыртындағы Шаған өзенінің басына, Бұғылы–Машан тауына көшіндер. Сенің көп батырынды арғынның қалың қаракесегіне қарсы саламын. Наймандар Есім–Текебайды қысқандай болса, Мырза-Бөдей, сен бар, іргенді басып Көкше отыр. Қалың қаракесек жуантаяқты алардай бол­са, арқанды тіреп қалың Мәмбетей отыр. Кеше Мұғаджардан өгдеп келгенде «ата қоныс Шыңғыс» деп келгенбіз. Өлгеннің аруағын, тірінің келешегін ойлаған ел мен ер болсаңдар осыны істейсің. Кешегі Қан құйысқан Матаймен бабамыздың Кеңгірбай сақалын кескізген уақтар бері ендемей тұрар деме. Біз бар, Саңмұрын мен Бәйімбет бар – ұлы дария Ертісті бетке ұстап, солардың алдын аламыз. Шыңғыс – Арқаның саурысы, ағайын. Ел болсақ, осында ел боламыз, ерің де осында тумақ. Кеңдік етсең – кемдік еткенің. Ашылған алақаннан – жұмулы жұдырық артық. Тастүйін беріктік, қайыспас қаттылық қана саған керегі. Ердің – ел шетінде, елінің күзетінде тұрар кезі келді. Шетке салсам, елімді қорғар ерім дегенім. Қане, қайсың не айтасын? – депті.

Алдымен Тоқтамыстың артына ие – Қыдырбай батыр түңлігін сыпырып, қалың жуантаяқ дүр көтеріле Бұғылы–Машанға көшкен екен. Соңынан Есім–Текебай, Мырза–Жәкең қозғалып, Құндызды, Сарықорық бойына барған.

Мезгіл қараша айы екен. Тек, Қыдырда Бәзіл айналасындағы Төлебай табы қала беріпті. Бәзіл түйіліп отырып: «Мен Шыңғыс аспаспын», – депті де қойыпты.

ЬІзақор, тоқтауы қиын Бәзіл батырдың жайын білетін Құнанбай: «Тік келмейін, алыстан қоғамдайын. Туыстарынан бөлініп қанша отырар», – деп ойлап, араға бір-ер жылды өткізіп алыпты. Бәзіл ағайыны жуантаяққа ат ізін салмай қойыпты. Батырдың илікпесіне көзі жеткен соң, Құнекең Бәзілді қырына ала бастапты: қоныстан қысады, жүріс-тұрысына аңду қойып, ақ-қарасына қарамай, ұрлықтың төлеуіне жығады. Соның кебін киер кезек Бәзілге де келсе керек. Қырсыққа қарай, Майбасардың қара ала аты жоғалады. Ізі-тозын ешкім біле алмайды. Іздеуші сарп ұрады. Сонда барып Құнеке: – Қара ала атты Бәзілден басқа ешкім алған жоқ. Соның ғана ісі. Бәзілді маған шақырыңдар! – депті.

Бәзіл екі шақырғанда келмепті. Үшінші шақыртуда ғана атқа қонса керек. Атының басын Құнекең отырған үйге бір-ақ тіреп, әмір иесінің үстіне рұқсатсыз кіріп:

–     Уа, Құнанбай, неге шақырттың мені? – депті.

Құнанбай үндемейді. Бәзіл сәл тұрып, сұрауын және қайталайды. Құнекең тағы да үндемепті. Бәзіл шығып жүре беріпті.

Батыр кетісімен әпербақан жандайшаптар:

–       Мырза, неге үндемедіңіз? Біз дайын едік қой! – десіпті. Құнанбай:

–     Оңай деген Бәзілді. Шіркіннің, жең ұшында сапысы дайын әзір тұр емес пе? Үн шығарып, қара ала атты атасам-ақ сапысын салмақшы. Бір тай үшін өлерім жоқ! Енді Бәзілде жұмыстарын болмасын! Тым құса боп кеткен екен. Қаншаға барар дейсін. Тосайық артын! – депті.

Жылға толмай Бәзіл батыр дүниеден шұғылынан өтіпті. Ол кезде Құнанбай ел ішінде жоқ екен. Қырқы толмай, Бәзілдің орнына құран оқи келген ол:

–       Батыр дүниеден шұғыл кетті ғой. Сырқаты не болды екен? – депті.

Сонда Бәзілдің 12 жастағы кенже ұлы Байғұлақ:

–    Оны әкем сіз біледі деп еді, – дейді.

–       Сөйтсе, жұрт ішінде: Бәзіл Құнанбайдың қысастығына құса боп, у ішіп өлді, – деген сөз жүрсе керек. Байғұлақ әлгі сөзінде соны мезгеген. Құнанбай:

–       Бұл екі арадағы шатас сөз. Әкең ер еді. Ер қадірін білмейтін мен емес. Байғұлақ шырағым, әкеңнің қырқын атқарған соң, маған келерсің - депті.

Байғұлақты Құнанбай ұнатып, қасына алып, атқа мінгізіп, ел ұстатыпты. Абай да әкесінің сол үлгісін ұстанып, Бәкен – Байқұлақ дүниеден қайтқанша алдынан шықпай, сыйлап өтті. Баласы Ермағанбетті өзінің биі етіп, сан дауға салды. Келелі кеңес, ырғасқан ірі бір дау тұсында төбе би де қойғаны бар. Оның өзі бір сала әңгіме, – дегені бар (26 және 41).

Міне, өздеріңіз көргендей түрлі жер дауының үшеуінің де басында Құнанбай тұр. Сондықтан да кейде оның «үш түрлі миссиясы» бір-біріне араласып кетіп, жігі ашылмай қалады. Құнанбайдың ашынған бөрідей ызалы, күйінді болуынын түп төркіні де осы жер дауында жатыр. Сұрақтын жауабы да содан өрбиді.

Бұл билік, бұл өктемдік Құнанбайға қайдан келді?

Тамыры қайдан тарайды? Шыңғыс тауына ат басын қашан тіреді? Оларды бастап келген кім? «Қазақтың Иван Грозныйы» атанатындай бекзадалық Құнанбайдың арғы атасында бар ма еді? Әділдігі мен қаһарлығын қатар ұстағаны рас па? Оның себебі не?

Соны білгенде ғана, Құнанбайдың жеке басына және Құнанбайдың тарихи тұлғасы мен әдеби образын толық түсінуге, қаталдықтын да, өктемдіктің де, ашынудың да түпкі тегін тануға мүмкіндік туады.

Енді тарихқа, шежіреге иек арта отырып, Құнанбайдың өмір көшіне көз салып, қалыпты мінезіне айналған қаталдықтың беріктіктің тегін тектеп, ақыл таразысына салайық. Бұл жалғыз Құнанбай тіршілігіне емес, бүкіл көшпенділердің тағдырынан да хабар – мағлұмат береді. Сондай-ақ Құнанбайдың өмірбаяны әлі толық қағазға түскен жоқ. Осынау дала көкжалын танып-білмей, Абай іспетті құдіретті құбылыстың тамырын тану мүмкін емес. Оны білмесе, мұхтартанудын да жолы кесіледі.

 

2

 

Алғашқы арна – ата-тек қақында.

Әрине ата-бабасынан бастап жіп суыртпақтамай-ақ бергі тарихтан да ой өрісін қайтаруға болар еді. Алайда, бұл арада атап өтуге болмайтын бір психологиялық бекет бар. Ол қазақтың қара өлеңіндегі: «Жеті атамнан қаракөк үзілген жоқ», – деп келетін қайырымындағы «қаракөк» ұғымы. Бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жаратылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің» баламасы өзге ұлтта да ұшырасады. Шың- ғысханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. «Қаракөк үзілмеген тұқымның» билігі мәңгілік үстемдікке айналған. Әсіресе, ру-ру болып тіршілік құрып, өмір сүретін көшпелі жұрт үшін бұл қатып қалған қағида. Әрбір би өзіне мирасқор дайындайды. Жастайынан тәрбиелеп, ел тізгінін әлгі мұрагеріне көзі тірісінде ұстатып, бата береді. Ол да жазылмаған заң. Бүкіл ел-жұрт биге өз тағдырын сеніп тапсырады. Айтқанына көніп, айдағанына жүреді. Сондай «бақ қонып, қыдыр дарыған» қаракөктің бірі – Құнанбай. Ол туралы аса жақсы пікірде қалған, дала данышпаны ретінде бағалаған Адольф Янушкевич, қазақтардын өз шежіресін Адам–Ата, Хауа–Анадан бастайтынын естігенде: «Онда туысқан болдық қой. Мен де Адам мен Хауа анадан жаралғанмын» (27.175) – деп қуақылана езу тартуына таңдануға болмайды. Янушкевичке Құнанбайдың өзі таратып берген шежіреде тобықты руының тегін тұп-тұқиянға дейін қай желімен қалай таратып бергенін білмейміз, бірақ тобықтыны арғынның жеті момынының біріне жатқызғаны анық. Әйтеуір, қамбар-бошанның Өскенбайдың асы тұсында – Құнанбайға, ұлы Төлеу Көбдікұлының көзінше Қуандық қыздың – Абайға қағыта айтқан әфсаналық-құрбылық қағытуларының қалыс қалғаны сөзсіз. Сондай иекартпа құқайлардан мезі болған, ашынған әрі «ырғызбайлық аңғалдығы» ұстаған шағында Ахат Шәкәрімұлы бұлтыңы көп сыналы сөзге тура көшіп: «Құнанбай тобықты руынан шыққан. Кей елдердің тобықтыға жаппайтын жаласы жоқ. Тобықты күңнен туған, шешесі төр төбел (кей аңызда ақ бөз, ақ табан) аттың бәйгесіне берілген. Түйенің шаңырағына мініп келген күннен туған, шешесі уы бар құдықтын суына жерік болған. Кейбіреулер – Қарақожаның қолында Иван деген орыс жігіті жүріпті, сол жігіт Тобықтының шешесімен көңіл қосыпты, Тобықты сонан туған дейді. Сөйтіп, қысқасы тобықтыға жаппайтын жала жоқ. Мейлі, тобықты қайдан шықса, онан шықсын, Құнанбай осы рудан» (16) – деп түйіп тастап, қысқа қайырған. Өскенбайдың асын бергенде де осы әңгіме үлкен дауға айналып кете жаздаған. XXI ғасырға жеткен тобықтының шешен шежірешісі Бекен Исабаев: «Өскенбайдың асының өтуі жөнінде басын ашып алатын біраз жай бар. Ол: аз тобықтының бүкіл қазақ ұлтын жиып, ас беруге жарағаны және өз жерінде емес, қаракесек қамбар жерінде беруі туралы сөз. Тобықты руын кемсіткенде «ақтабан аттың бәйгесінде келген аз тобықты» дейтін. Бірақ хал- қымыздың тарихында бұл жұрттың өзіндік орны барлығына ешкім талас қылған жоқ. Иә, қандай шала байласын арғын тайпасының бір бұтағы емес дей алмайды. Бізше тобықты руының даңқтану басы Кішікұлы Әнеттен басталады. Ұлтымыздың ғасырлар бойына үзіліңкіреген ғалымдық сипаты Әнеттен жалғасын тапса керек. Шәкерім:

Әнет бабан арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молла ғұламасы, –

дейді.

Академик Әлкей Марғұлан Әнеттің Бұқардағы ең жоғарғы діни оқу орнын бітіріп, ғұламалық, яғни академиктік дәреже алған құжаты сақталған деген. Әнеттің Қаз дауысты Қазыбекке де ұстаздық еткені күмән туғызбайды. Әнеттен соңғы Қараменде, Кеңгірбай билер, онан бергі Ырғызбай, Өскенбайлар да халқымызға Мәшһүр адамдар. Біз бұл арада халқымыздың «Елге бай құт емес, би құт» деген мақалын және би атаулыны бір өлшеммен бағаламау керектігін еске аламыз», – (40.29-30) деп түйіндейді.

Тобықтының тегінде хан тұқымының қаны барлығы да тарихи шындық. Қатаған хан Тұрсын Құнанбайдың түп нағашысы болып келеді. Бұл орайдағы пікірлердің барлығына да қазақ ұлтының рухани көсемі, өзінің бойында да қаракөктік тек бар Әлихан Бөкейханұлының: «Абай әке жағынан алғанда тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, то- бықтының батыр биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында XVII ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келген. Ат төбеліндей көсемнің бірі ретінде ол тобықты руын Түркістаннан аса құнарлы жайылымы мол Шыңғыс тауына көшіріп әкеледі. Абайдың атасы Өскенбай дала халқына Әділ би ретінде танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны тек қана төре тұқымдарының сұлтандарына ғана лауазымданатын Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соныңда Мекеге барып, одан қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Бұнын өзі де Құнанбайдың беделін өсіре түседі» (28) – деген байламы толық тоқтау қойса керек.

Қазақы қуақылықпен қалай қақпайласақ та, әйтеуір исі адамзат – XV ғасырдың ұлы жырауы ІІІалкиіз айтқандай:

Тебінгінің астынан,

Ала балта суырысып,

Тепсінісіп келгенде,

Тең атаның ұлы еді (29.38).

Исі тобықтының бәрімен тең туса да, ол билік Құнанбайға қайдан, қашан көшті?

Әдетте, Абайдың арғы аталары туралы сөз қозғағанда, әлқиссаны Айпара ана жөніндегі аңыздан таратады. Олжайдың үш ұлы бар. Олар – Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтыны Шыңғысқа бастап келген билердің бірі Кеңгірбай – жігітек табынан. Қайдостан – Бөкенші, Борсақ тарайды. Айдостың өз басы би де, бағлан да болған емес. Қайта момын, жасық адам болғандықтан, оны «шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос» дейтін мәтел бар. Осы Айдостың Айпара деген әйелінен төрт ұл туады. Бұлар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай. «Ерте кездерден бері көп ауыздан өткен ұзын сүре сөзге» жүгінсек, Олжайдың Айдостан тараған ұрпақтарының азулы, кеуделі, тілді, сыншыл болуы Айпара ананың ақ сүтінен дарыған. «Айпара ер қайраты бар, есті, адуын әйел болған. Өзінде бір жағынан, тапқыр шешендік, бір жағынан, бақсы-құшынаштық сияқты сәуегейлік те болған» (1.20.26).

Айпараның атын аңызға айналдырып, исі Олжайдың «Бибатима пірім» деп табынуына оның «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» тұсындағы өжет қимылы, ерекше түс жорығыш қасиеті себеп болған. Қазақ қауымы жоңғар шапқыншылығына ұшырап, Сарыарқадан Қаратауға, одан Түркістанға, одан Сырдарияға шегінеді. «Қашқан елге – қатын би». Жасауылдар соғыста жүргенде, йен көшті шауып, дүние-мүлікті, қатын-баланы олжа ету – шапқыншылықтың ежелгі дәстүрі.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, –

деген Сүйіндік Көтеш ақынның (кей деректе керей Қожаберген жыраудың – Т.Ж.) «Елім-айындағы» зардың астары сол.

Әр қалтарыста қолға түсіп, күндікке ілінген әпке- қарындастың, жесірдің намысты үні ол. Олжай батырдың қолына Айпара сол шапқыншылықтың тұсында келін боп түскен. Ырғызбайдың қара шаңырағы атанған құтты босағаның көзі Ниязбек Алдажаров: «Айпара тапқыр, білгір адам болған. Айдос атамыз – өте бақытты адам. Ол туралы мынаны еске алуға болады. Айпара шешеміз қыз күнінде Айдосты көріп: «Мен анау қарны шертиген сарыға күйеуге шығам. Өзі өте бақытты болайын деп тұр», – екен дейді. Момын Айдос әйелі Айпараға билік берген. Сол «Ақтабан шұбырындының» кезінде Айдостың інісі Қайдос оққа ұшып өледі. Әйелі мен екі жас баласы қалады. Үлкенінің аты – Бөкенші, кішісінін аты – Шегедек. Үлкені екі де, кішісі бір де. Шешесі бір сартқа тиеді. Шұбырынды тобықты елі көшіп кетеді. Былай шыққан соң, Айпара кіші қайынысы Жандосқа: – Ағаң болса өлді. Жеңгең байға тиді. Ағаңнан қалған ана екі ұрпақты қайтеміз? – десе, ол: – Балаларды алып келуге шама бар ма? Ең болмаса, маған еріп баруға жарайтын кісі де жоқ, – дейді. Айпара: – Атыңды ұстап тұруға жарармын. Өзім барам, – депті. Айпара мен Жандос түнде сарттың үйіне келеді. Жандос атын Айпараға беріп, өзі үйге кірсе, жеңгесі сартпен төсекте, екі бала төрде шанаға ораулы ұйықтап жатса керек. Жандос ептеп екі баланы ораулы қалпында көтеріп әкетіп, Айпараға беріп: – Қайта барып қатын мен сартты жарып тастаймын, – десе, Айпара: – Өзімізге керек ұрпақты алдық, егер оларды өлтірсең, ертең іргелі ел артымыздан қуып келіп, тағы сорымызды қайнатады, – деп қайнысын жібермепті. Осы жолы Айпара қайнысы Жандосты: – «Жігіт-ақ екенсін!» – деп, Жандос – Жігітек атанып кетіпті. Екі баланы Айпара түйенің сүтімен асырайды. Шегедек борсық сияқты борсайып семіріп кеткен соң Борсақ атанып кеткен. Сонымен Қайдостан қалған, ұрпақ өсіп-өніп Олжайдың белгілі де белді баласы болды. Олжай ұрпақтары бірін-бірі: Айдосты - Әжекем, Жандосты - Кішекем, Бөкеншіні - Бөбем деп атап кетті. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін тобықты руы 50 жылдан артық Сырдың бойында Ақтөбе, Торғай жақта әрі-бері көшіп жүрген. Айпара шешеміз туралы екі түрлі айтады. Бірақ мен анығын білмеймін. Біріншісі, үйсіннің қызы, Әкесінің аты - Рамазан, енді бірі қаракерей Қабанбай батырдың қарындасы дейді. Ұрпақтары «Рамазанның қызы Айпара» деп сиынады. Айпара шешеміздің зираты Шыңғыстың бөктеріндегі Бөкенші өзенінің күншығыс жағындағы дөңде. Айдостың, Ырғызбайдың, Көтібақтың, Топайдың, Өскенбайдың, Жортардың, Иембердінің қабірі сонда. Бала кезімде Айпара шешеміздің қабірін талай көріп, тағзым етіп ем. Қазір жер болуға айналыпты. Жақында анамыздың бір ұрпағы Досмағанбетов Сирақбай ақсақал қаңылтырға жазып белгі қойыпты», – (30) деп баяндайды.

Айпара туралы дәл осы әңгімемен түпкі тіні бір сәл өнделген нұсқа мынадай. Олжай Терісаққан өзенінің бойында жоңғармен соғысып жүргенінде ортаншы ұлы Қайдос қаза табады. Оны Шәкерімнің шежіресі де растайды... «Қайдос сірә көп жүрмей жасында өткен» деген өлең жолы да бар. Қайдостың әйелі мен Бөкенші, Борсақ атты екі ұлы таландыға ұшырап, жоңғарлардың күндігінде кетеді. Екі ұл да өте жас, кішісі Борсақ емшекте екен. Олжай батыр да, күйеуі Айдос та шабындыға кеткен екі баланы босатып алудың амалы жоқ деп есептейді. Бұған қатты күйінді болған Айпара құмалақ салады. Түсінде иттің емшегін емген Бөкенші, Борсақты көреді. Содан Жігітекті оңаша шақырып алып, өжет әрі айлалы бозбалаға қалайда екі ұлды құтқаруды тапсырады. Екі басы үлкен қоржынның ішіне түйенің шудасын толтырып, дәруіш киімін кигізеді. Өзі түн ішінде жол көрсетіп, шығарып салады. Жігітек жоңғардың қосына кіріп, екі ұлды түн ішінде киіз үйден ұрлап алып шығады. Шудаға орап, екеуін қоржынның екі басына салып, Айпараның ақылы бойынша жол бойы әр төбеге үйген обаны сағалай, көш соңына ілеседі. Айпара тағы да бал ашып, түс көріп, үш боздақтың қаңғырып, өлім аузында жатқанын біледі де, өзі іздеуге шығады. Өлімші халге жеткен Жігітекті, Бөкенші, Борсақты тауып алады.

Бұл әңгіменің үшінші бір нұсқасы да бар. Қайдос ерте өліп, әйелі Айсана екі баласы – Бөкенші, Борсақпен жесір қалады. Жандос он екі жастағы кенже ұл екен. Айсана анамыздың: қайнысы Жандосқа қаратса, – деген ойы болса керек. Бірақ Олжайдың артын тырп еткізбей билеген адуын Айпара абысыны Айсананы ұнатпағаны ма, кім білсін, әйтеуір жесір абысынын көре тұра, қайнысы Жандосқа өз сіңілісі Әшкенді әпереді. Айпараға қарсы келер «шөккен түйеге міне алмайтын» Айдос атамызда хал бар ма? Айсана анамыз бұған өте назаланып, екі ұлын алып, бір өзбекке тиіп кетіпті. Айпара ананың ақылымен артынан Жандос андып отырып, бір түнде қапысын тауып, екі інісін ұрлап алып келіпті. Айсана зар ұрып, соңынан келгенімен, бөтен біреуге тиіп кеткен әйелге бала бере ме? Балаларын ала алмаған Айсана Айпараға:

Айпара, Әшкенменен абысынды,

Демеңдер Айсананың сағы сынды.

Жаманды қос жетіммен теңдеп алып,

Сала бер жат жұртпенен жарысынды, –

деп айтқан өлеңі ел есінде сақталаған.

Айпараның сүйіндірген екінші өжеттігі де аңызға пара-пар. Жаугершілік заманда мал түгіл адамға құн төленбейді. Бір қоныстың өзін бүгін қазақтар, ертең жоңғарлар иемденіи, алма-кезек ауысып отырған. Кезекті шабындыдан соң жүдеп-жадап, аш-жалаңаш келе жатқан Айпараның көші жоңғарлардың жұртына тап болады. Өлген ботасының орнында шөгіп жатқан інгенді көреді. Аштықтан талықсыған ел оны сойып жатқанда, жоңғардың жасауылдары жетіп келеді. Кемпір-шал, бала-шаға көз салмай Айпараның отауына кіріп барады. Сонда Айпара түйенің етін төрге көлденең салып, бетін ақпен жауып:

Түйелі елдің жақсысы-ай,

Түйедей менің арысым,

Төрде сулап жатысы-ай, –

деп дауыс салып, жоқтау айта жөнеледі. Сасып қалған жоқ іздеушілер: «Кісісі өлген үйді тінтіп, құдайға күнәлі болмайық», – деп шығып кетіпті.

Бұл оқиға Айпараның атын шығарады. Содан бастап мұқым Олжай баласы оның алдынан кесе көлденен өтпеген. Олжайдың арғы тегін қуса, Қодан тойшыға барып тірелмек көрінеді. Бұдан арғы туысқандықтың ізі көмескіленіп, үзіліп отырады да, жорамалға айналып кетеді.

Айдостың Айпарадан туған төрт ұлы да «алқа көл сулама» тұсында дүниеге келген. Олардың аттарының қойылуынан-ақ, халық басына түскен сүргінді, қаралы көштің жүріп өткен жолын аңғару қиынға соқпайды. Сол шабынды кезінде тобықтының ардақ тұтар абызы Әнет-баба көшке ере алмай, Қаратаудағы Қошқарата деген жерде жалғыз қалған. Өзге жұртпен соғыса жүріп, өзара өшпенділікті де ұмытпаған. Мәмбетейдің батыры Көкеней өз қарындасы Мамырды, Әнет бабаның немересі Қалқаманды оқ ұшына байлайды. Ол оқиға – Сырдың бойындағы Шиелі жерінде болған. Бір адамнан емес, бүкіл бір ұрпақ өкілінің өмірі «садақтың ұшында, аттың жалында, түйенің қомында» жаугершілікпен өткен. Кісі аттарының этимологиялық тарихы Мұхтар Әуезовтің таспихтауында мынадай:

«Ақынның үшінші атасы Ырғызбай – 1750 жылдарда Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға қарай сырғып ауған жолда, Ыргыз өзенінің жағасында туғандықтан, соның атымен атапты. ЬІрғызбай – Айдос баласы. Айдостан өзге балаларының ішінде Көтібақ, Торғай дегені, оның сол Айдостың туысқаны Жігітек баласы Кеңгірбай дегені – барлығы да жаңағы жолдағы өзен-сулардың атымен аталған адамдар. Көтімалды өзенінің жағасында – Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында – Кеңгірбай туыпты» (1.20.27).

Айдостың төрт ұлының атына қарап, сол жылдардағы босқынға түскен халықтың қасіретті күйінің жағырафиясын сызуға да болады. Қазақ даласы кең. Бірақ соның өзінен жаудан бас сауғалаған қатын-балаға тыныш тірлік, жан жылытар баспана табылмаған. Әке – балаға сыншы дейді. Бірақ Айдостың орнына Айпара сөйлеп, өз ұлдарына сын тағыпты. Сақталып қалған бір ауыз сөз төмендегідей:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торы айғыр Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Торғайым,

Сірә де оңбас Топайым.

Сол «шөккен түйеге міне алмайтын Айдостан» туған ЬІрғызбайдың үшінші тұқымына кез келген қазақтын маңдайына бұйыра бермейтін бақыт, ақыл-ой парасат жазылды.

Ырғызбай ес біліп, етегін жапқан кезде, жиырмаға толған шағында шапқыншылық басылып, қазақ әскері жоңғарлардың етегін түре атамекенге бет алды. Жаудан қалған жер – олжа. Әр батыр ұнатқан қойнауға елін қоныстандырып, өздері ілгері жылжи береді. Ол кездің дәстүрі бойынша батыр – қолды бастайды, би – жалпы елге иелік етеді. Арттағы жұртқа қарайлап, елінің бас-аяғын жиып, жайлы қоныс іздегенше өзге ірі рулар йен қалған мекен жайды алады. Кенжелеп жеткен көшті арасына сыналатпай, шетқақпай қылады. Қараменденің көздегені – Ертістің жоғары ағысы екен. Бірақ онда он екі абақ керей, найман қауымы мекендеп қалған сон, Ши бойына ат басын тіреген.

Міне, дәл осы тұста ру мен рудың арасындағы қоныс үшін ушыққан «ата жаулығы» басталды. Арғын, найман, керей, уақ іспетті қазақ халқының іргесін құрайтын ірі рулардың дәл ортасына сынаша қағылған тобықты көші осы төртеуімен де тайталасқа түсіп, әрқайсысынан пұшпақтап бір қыстау, бір жайлау алып, керегесін кеңейте береді. Ел бастаған Қараменде де күйінішті күй кешіп, соныңан ерген жұртты орналастыру үшін бет-беделін, қол-қайратын бірдей іске қосады. Талай-талай қақтығыстарға, шабындыларға, барымтаға ұшырайды. Таланса да, тарықса да қайыңның безіндей қатқан ділінен таймайды. Қасарысып отырып алып, кейде көрші елдін тілін тауып, кейде зорлықпен күш қылып, кейде ағайынның төрелігіне салып, әйтеуір ырғаса-ырғаса жерін кеңейтеді. Назаланған тұсында:

Басында Сырдан шығып, Орға келдік,

Табан тиіп жүре алмай, зорға келдік.

Құл алдынан құрулы талқы деген,

Бұл жаққа бақыт емес сорға келдік (23.12), –

деп ашынып, елін Ертістен ары өтіп, өзге өріс таңдауға шақырған тұстары да болған.

Жаугершілікпен, шапқыншылықпен, бітіспес даумен бар өмірін өткізген Қараменде би жан-жағындағы ірі қазақ руларымен айтыс-тартыстан бойын аулақ салып, істі бейбіт шешуге ұмтылған. Бұл – бір жағы кәріліктің, екінші жағы, бұлғақтың ырғасуынан әбден қажығандықтың белгісі еді. Ол босандық – жас арыстан Кеңгірбайға ұнамайды. Барынша батыл қимылдап, берсе – қо- лынан, бермесе жолынан деп, өзге руды ашықтан-ашық ықтырып, ашулы әрекет жасайды. Сол ашу-ызаның түп төркінін қоздатқан себеп кақында, оның ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, үзілмеген кесірі жөнінде Мұхтар Әуезов:

«Тобықты Кеңгірбай тұсында Арқаның көп жерін кезіп кеп, Шыңғыс тауына орнайды. Шыңғыстың бұрынғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғашқы ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты көп шабуыл болған. Қазақ оқушысының көпшілігіне мәлім болған «Еңлік-Кебек» уақиғасы дәл осы алғашқы талас- тартыстың кезін көрсетуші еді. Ол заманда ел билеген бектер өз үстемдігін жүргізу үшін ру-руды бір-біріне айдап сала берген. Және сол тартыстары бергі замандарға шейін айықпай, желісі үзілмей келе берген. Өйткені Өскенбай тұсында осы біз айтқалы отырған уақиға шықса, Құнанбай ұлғайып қалған кезде найман мен тобықтының жер дауы тағы да үлкен сүргін, ұлы дүбір сөз болды. Бұның кей ұшқыны тіпті Абай ер жеткен кезге дейін жетеді. Өскенбаймен, әсіресе, Құнанбайдың жер жайындағы зорлығы жалғыз тобықты емес, тіпті көршілес найман (сыбан, матай), керей, уаққа да жеткен. Кейін Абай заманына көп-көп пәле тастаған. Абайдың өмір бойына таусылмаған «ата жаулығы» деген ескі «жаулықтың» көп тамыры сол Өскенбай заманына жатады» (1.15.242) деп баяндайды.

Шындығында да, атадан балаға ауысқан қанды кек бір ғасыр бойы тиылмаған. Қайтпайтын қайсар, қатал ісіне қарап Кеңгірбайдың ірі руға қыр көрсетуі де қиын. Сондықтан да ол – мамай, жуантаяқ табының батырлары Тоқтамыс, Бақай сияқты жоңғарға қарсы күрескен қазақ әскерлерінің қолбасшыларына сүйенеді. Исі қазақ жері шапқыншылықтан құтылғанымен, Тарбағатай, Жоңғар қақпасы, барлық таулары тұсында шекаралық қақтығыстар тиылмаған. Ел көші артта қалғанымен, батырлар сол жау өтінде жүрген. Мың жеті жүз алпыс бес – жетпіс бесінші жылдардың арасында Тарбағатай тауында – «Қызыл тас» деген жерде Мамай батыр қатты жарақаттанып, қаза табады. Өзінің туын Машантауында қалған Тоқтамысққа аманатқа тапсырады. Ал Еңлік-Кебек оқиғасы кезінде Тоқтамыс батыр жорықта жүреді. Ол осыдан біраз уақыт бұрын жуантаяқ Бақай мен матай Маян батыр жер үшін өзара жекпе-жекке шығып, екеуі мерт болады. Бұл елге қатты батады. Сыртқы жауға бірігіп соғысқан батырлар отбасында өледі. Содан исі – арғын – найман – керей – уақ билері келіп матай мен тобықтының дауын күшпен басып, төрелік айтады. Еңлік-Кебек оқиғасы сол өліарада өтеді де, Кеңгірбай ескі кекті ушықтырмас үшін қос ғашықты оқтын ұшына байлап береді. Және Тоқтамыстың жаугершілікте жүруі – шекаралық мекенде қазақ пен жоңғар арасындағы ұрыс жүріп жатқанын аңғартады. Дұшпанмен айқаста емес, ауыл арасындағы шал-кемпір, бозбалаға қыр көрсеткен Есенді екі рудын адамдары есірік деп бағалайды. Жырдағы «ит жоқта шошқа үреді қораға» деуі де сондықтан. Ол кездің заңы бойынша, шабындыдан жаңа құтылған елдің азаматтары әлі үйленбеген, артында ұрпағы жоқ бозбалаларды, жалғыз ұлды жауға қарсы салмаған. Дала дәстүрі солай. Кебек те сол үрдіспен әскерге ілінбеген. «Еңлік – Кебек» қасыретін «бозбалалардың бозбастығы», ауылдағы «кемпір-шал, бала-шағаның жалған намысының құрбаны» деп қараған. Кінәлілерді жазаға тартқан. Тоқтамыстың Кебек өлімінен соң өзара кек қумағаны да сол.

Билердің бүлдіргенін батырлар да түзеп отырған.

Бұл ретте, олардың халықтың тұтастығына сіңірген еңбегі, қол қайраты, ерік-ықпалы ерекше. Бейбіт тіршілікте би мен бектің кесіміне риясыз көнетін батырлар, жаугершілік тұсында ел ішін іріткен ала ауыздығы үшін оларды жазаға тартқан. Арашаламаған. Өзара қырсыққа, қырғи қабаққа жол бермеген. Тіпті, Кеңгірбайдың өзі де қорғамаған. Қаракерей Қабанбай батыр 1740-1755 жылдары қол бастап, Шыңғыс тауын, Тарбағатайды, Жоңғар қақпасын азат етеді. Матай елі Шыңғыста қалады. Ал тобықты табы Шыңғыстың қолтығына көшіп келген тұста Алакөл маңында үлкен айқас өтіп жатқан. Жоңғар әскерінің қалдығы бұрынғы одақтасы қырғыз Әтеке жырықпен бірігіп, қайыра қазаққа шабады. Қабанбайға көмек ретінде Абылай қосымша әскер жібереді. Олар – Көкжал Барақ, Матай, Жәнібек, Шыңқожа, Ақтамберді, Сары, Баян, Сағынбай батырлар. М. Вяткин: «Абылай үшін оңтүстіктегі саяси жағдайлар тиімсіз қалыптаса бастады. Қырғыздар 1764 жылы Ұлы жүз бен Орта жүздің бірқатар руларын шапқыншылыққа ұшыратты», – десе, Ш Уәлиханов Қабанбайдың одан кейінгі он жылға созылған соғысының егжей-тегжейін, жер аттарын баяндайды.

Демек, тобықты руы Шыңғысқа көшіп келгендігін пайдаланып, матайларды жерден ығыстыруға тырысқан Кеңгірбай бидің әрекетін Қараменде қолдамайды. Ол жаугершіліктің запысынан қажыған әрі артта қалған елдің арасындағы алауыздық – соғыста жүрген Мамай мен Матай батырлардың бақастығын туғызып, өзара кектесуіне жол ашып, ортақ дұшпанның олжасына кексіз қалдырады. Араздықты ушықтыра берген Кеңгірбайды жазаға да тартады. Әтеке жырықтың алғашқы шабуылынан соң, шамамен 1765-1775 жылдың арасында ел ішінің шырқын бұзғаны үшін Кеңгірбай қазақтардың да, патша әкімшілігінің де қаһарына ұшырап, тұтқынға алынады. Шидің бойындағы Көкен тауының бауырында ұйықтап жатқан жерінде бір көпес сарт пен атақты Өтеген батырдың тұқымы уақ Жарқын батыр ұстап береді. Ашулы жұрт Кеңгірбайдың сақалың күзейді. Боданға көнгісі келмеген биді Семейге айдаған Потапов деген адам. Жолай арба үстінде келе жатып, қасынан жанай өткен қазақтарға естірте:

Мені айдап келеді ақ найзалы,

Ақылымнан таппадым еш пайданы.

Тілеуімнің қатыны екіқабат,

Ұл туса атын қойындар ер Байдалы, –

деп аманат етіпті.

Шаһар түрмесінде тергеуге алынып, үш түрлі тілек айтады: Орысқа бодандығымызды сақтаймыз. Бірінші – дінімізге тиіспе. Екінші – әскерімізді таратпа. Әлі жаудың қолы жағамыздан кеткен жоқ. Үшінші – алым- салығыңды салма. Оны көтеретін шама жоқ. Жерге әлі орныққамыз жоқ – деп қолхат жазып барып босанады. Алайда бұрынғыдай кісі өліміне шейін арандатуға бармағанымен, бөрілік мінезін тимайды. Қарамендеге ашық қарсы шығады. Ұлы би соған өкпелеп, Балқаш бойындағы қанжығалы табын сағалап, Шыңғысты аса көшіп кетеді. Қаталдықты билік мұраты ретінде қатты ұстанған Кеңгірбай оны Ырғызбай мен Өскенбайға үйретеді, онан Құнанбайға ауысады.

Істің әділдігіне жүгінсек, Абайдың бойынан да сол қаталдық арылмапты. Тобықты – матай, Қараменде – Кеңгірбай, тобықты – қанжығалы арасындағы дау-дамайдың түп төркінін және бойға біткен қаталдықтын тегін ажыратып беретін нақты деректің бірі – Тұрағұл Абайұлы Құнанбаевтың естелігі. Әңгіме бертіндегі Абайға қатысты өрбігенімен, дәл осы біз сөз етіп отырған дәуірге тірелетін болғандықтан да, әдейі ой арасына сыналай кіргіздік.

Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев: «Ол менің кәмелетке жетіп, Абайды анық танығандай дәрежеге келген кезім. Енді ол қандай теріс-қағыс сөз болса да, ол менің тануыма өзгеріс кіргізе алмастай болып сенімім бекіген. Менің бір білгім келген нәрсе – Абайдың ел билеген әкімшілік ісі болды. Оның басқалардан айырмасы барлығы, жоғарыдағы Құсайынмен сөйлескен сөзінен-ақ байқалса, екіншіден:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға.

Жылтыратып орысың,

Шенді-шекпен жапқанға, –

деп, болыстарды мінеген тарихи сөздері оның ана мырзалардан бөлініп кеткен, басқаша билеуші екендігіне сендіреді.

Сондықтан мұны толықтырарлық Абайдың істеген ісіне және әлеуметтік қарым-қатынастарда тағы қандай өзгешелік мінездері табылар екен деген ойым бар еді. Ол үшін ақынның өскен ел, туған жер, көрген кісілері арқылы сұрастырып білуге маған (менде) мүмкіндік жоқ. Жер шалғайлығы себеп, олармен тіпті ұшыраса алмаймын. Сонымен осы орта туралы естіген-білген әңгімелерін тыңдап, байқауға (бойлау үшін – Т.Ж.) тапканым сол кісі болып, өз әкемді төңіректедім. Қарт кісі. Жасы Абайдан бір жас кіші. Сұраған соң меселімді қайтарған жоқ, тілегімді орындап, мына бір әңгімені айтты:

Тобықты Мамай деген рудың бір адамы арыз айту үшін Құнанбайға келіпті. Тегі Абайдан қысымшылық көрген кісі болса керек. Арызшы сөзін бітіргеннен кейін, Құнанбай:

– Қан жамылып, қағанақ төсенген көп арғынның ортасынан шығып, қалың найманның ішіне кірдік. Жаттан көптік көрдік, таяқ жедік. Ерімізді өлтіріп, Ертісімізді бұздырып, белімізді сындырған істер болды. Еті ауырып, жаны ашынған ел бая-шая болды, ақыры бұзылып, жарылып, не түрлі кесепат істің бәріне кірді: шын озды. «Құранда» – «жазған елге жәбір сұлтанын жіберем» деген сұлтаны – осы. Ел бүлінуінің түпкі негізіне келсек, егізімнің сыңарынан айырып, көз таңбалы көп шырағымның ішінен шығып, қалың найманның ортасына келіпті, қорлық көрсеткен сенің атаңнын кесірі де. Сол Ыбырай маған сәлем беріп бетімді көрмегелі үш айдай болды. Маған не қыл дейсін, бар, – деп арызшының сұрауына орай қанағаттандыра алмапты.

Ол сөздің түсінігі: тобықты, қанжығалы туыс ел екен. Егізімнің сынары деп отырғаны – осы қанжығалы. Бір кезде олардың қонысы да айырылып көрмеген рулар болса керек. Екеуінің де соңғы мекені Баянауылда болыпты. Осы жерде отырған тобықты Мырза – Мамай деген кісі Қанжығалы Абыз – Шамақ деген байдың алпыс биелік қазынасын ұрлап алыпты. Бұл қанжығалының Бөгенбай, Жантай дейтін батырларының бар, кті ру болып тұрған кезі екен. Жай сұрағанға мән бермеген сон, батырлық күшке салып, тобықтыны тып-типыл қылып шауып алыпты. Сонсоң тобықты өкпелеп, Шыңғысқа ауып кеткен екен. Сөйтіп, Құнекеңнің өкініш ретінде сөйлеп отырғаны осы болса керек» (31).

Дәл осы мінезді, Құнанбай да өз әкесіне көрсеткен болатын. Ырғызбай мен Өскенбайды – Кеңгірбай мәпеледі, ал Кеңгірбай – ұстазы Қарамендеге бет қаратпаған. Билікті өнер деп түсінген Кеңгірбай бұл ретте өзінше әділеттікке де жүгінген. Өз руының келешектегі бірлігін қатты ойлаған ол, туған ұлын билік басына жолатпай, Ырғызбайды баулыған. Мұхтар Әуезов: «Ырғызбай өзге туысынан анық артық боп озып шығып, ортасы дәме қылған жігіт болады. Тобықтының сол күндегі берік, жүйрік, табан шөңгел биі Кеңгірбай өзге барлық жас желеңнің ішінен Ырғызбайды артық санайды. Өз қасына алады. Ел сөзіне араластырып, баулып жүреді. Дау – дамайға, бітім – билікке де жүргізеді. Ол кез – көп бидің парашыл кезі. «Сыбаға» деп, «жол» деп бадырайтып алып жатады. Кеңгірбайға да осы жөнінде көп сөз еретін. Соның мысалы байы өлген қаралы бір қатынның айтқан дауысынан байқалады. Ері жанжал – төбелесте өліп, есе ала алмай отырған әйел:

Мойны-басы былқылдап,

Ырғызбай жүрді араға.

Кеңгірбай толды параға,

Параға алған қара атан,

Тігілгей еді қараңа... –

деген.

Ырғызбайды баулып өсірген Кеңгірбай өзіне серік етіп жүргенде сол інісі ертерек өліп қалады. (1.20.64).

Батыр – тумысынан, би – болмысынан.

Өз атасына «қаракөктің» қалай қонғаны туралы Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев: «Ырғызбай би болмаса да Кеңгірбай биге қадірлі, ажары болды, сөзі сыйлы адам бопты. Ырғызбай мен Кеңгірбайдың сырлас, татулығынан Кеңгірбайға келген жақсы ат, жаман атқа ортақ болған секілді.

Кеңгірбайдың Өскенбайға батасын бергені – Ырғызбаймен татулығы себеп болған шығар. Кеңгірбай Ырғызбай өлгенде бейітінен шықпай: «Сен ақ көңіл, алланың арыстаны едің ғой. Алла тілегінді берер. Мені енді мына елдің ішінде алжытпай қасыңа Алладан тілеп ал», – депті деседі. Сонан кейін кешікпей Кеңгірбай би де өліпті. Сол Ырғызбайдан бастап Өскенбай, Құнанбай, менің әкем төртеуі де елден ерекше бақытты, қадірлі адамдар болғандығынан, ұрпақтарының бәрі дүниенің талқысын көрмей, көленкеде өскен көк шыбық болып (өсті), біреу білер жер келсе – жөндеп сөз айтары кем (болып), жоғарыдағылардың бағына мас болып, сөздері, істері сорақы келеді.

Бір Бақаш деген Ырғызбайдың ауқатты адамы сөйлеп отырғанда, тіпті түске жуық (аяғына) келерлік болмай, сөзі сорақы болып шыққан соң, тыңдаушылар: «Бақаш-ай, мына сөзін қисынбай кетті ғой», – десе, «Менің ығызбайлығым шығар», – депті. Бақаш Ырғызбайдағы келеңсіздің келеңсізі болса керек.

«Ырғызбайдың жақсысы – ерекше жақсы болады да, жаманы бақсы болып, екі аралық алып-берімі болмайды», – деп ел күлкі қылады екен» (31), – деп әңгімелейді.

Әрине, Құнанбай, сол ЬІрғызбайдың жақсысына жатады. Атадан балаға мирас болған билік тізгіні 150 жылдан кейін 1917 жылғы Біләл Кәкітайұлы Ысқақтың болыстығымен аяқталды (32). Ырғызбайдың жастай, Кеңгірбайдан бұрын өмірден өтуіне қарағанда, шамамен 1795-1797 жылдардың мөлшерінде қайтыс болған. Ол 1778 жылы туған, төрт ағайынды екен – Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай. «Ырғызбай атақты керей ер Жәнібекке жолдас болып, талай жорықта ерлік көрсеткен. Сол ел қорғаудағы және ел намысын жібермеудегі батырлығына сүйеніп, ағасы Есіргеміс батырдың қызы, өзінің қарындасы Ермекті Ырғызбайға қалыңсыз берген. Екі асылдан – ер туар деген ой да болған.

Жорықта жүргенде бұлардың қолына ұзатқалы отырған бір байдың қызының жасауы түседі. Жәнібек жасауды жолдастарына үлестіргенде Ырғызбай қыздың сәукелесін сұрап алыпты. Сол сәукеленің моншақтарын Ырғызбай ұрпақтары: «Атамыздың жорықта жүргендегі белгісі», – деп ерекше қастерлеген. Ырғызбай бәйбіше, тоқалды еді деген сөз жоқ. Ермек – қадірлі аналық боп, көп жасап өлген кісі. Денесі – Доғалаң тауының күншығыс бауырындағы Есіргеміс деген үлкен дөңнің басына жерленген (30).

1766 жылы Абылай хан мен Әбілпейіс ұлы жүзге болысып, Қоқанның қойған бегін қуып, Ташкенді босатқан тойында Ырғызбай балуанға түсіп, атақты қоңыраулы балуанды жығып, бәйгеге тіккен көп астықты алып, барған әскерлер азық қылған. Өскенбай ол кезде он жеті-он тоғыздарда (16).

Өскенбай бала кезінде бір орында тапжылмай отыра беретін болбыр болған. Бұлардың нағашылары – керей ер Жәнібек аласапыран тұста жорықтан қайтып бара жатып ЬІрғызбайдың үйіне соғады. Сонда Мырзатай қатты ауырып жатыр екен. Ер Жәнібектің қарындасы бұл баласын ерекше ыстық, өзгелерден артық көреді. Қазақта ауырған адамның ауырлығын алып кетсін деп, сүйікті малын, тіпті ет жақынын садаға етіп, басынан айнал- дыратын шамандық ғұрып бар. Қазір де ішінара сақталған. Мырзатайдың жолына шешесі Өскенбайды садақаға беріп, баланың басынан айналдырмақ болған сәтінде ер Жәнібек: «Біздің тұқымның бір шағым оты болса, ол мына баланда тұр ғой, тимесеңші», – деп тоқтатып, араша түсіпті. Кейін ел-жұрт Өскенбайды «отындық ағаштан оттық мүсін туған жігіт» деп атауы сондықтан екен.

Нағашысының танығанындай тумысы ерекше, бітімі бөлектігі ме, әлде Ырғызбайды аса ұнатқандықтан ба, Кеңгірбай інісінің орнына Өскенбайды билікке тартады. Оның үстіне Кеңгірбайдың балалары тентек, ұрыншақ, әкесінің тілін алмайтын болыпты. Ақын Күнту:

Алпыс асып жетпіске бағындың сен,

Бұрынғы өткен құрбынды сағындың сен.

Жұрт тіліңді алады таласындай,

Інің менен балана не қылдың сен, –

деп Кеңгірбайға уәж айтыпты.

Көшпелі қоғамның дәстүрін қатаң сақтайтын қыр қайраткері есебінде, соңына ел басқаратын, топтан суырылып сөз сөйлейтін, қайраты мен қайырымы, айласы мен парасаты қатар түсетін би қалдырмау ата сүйегіне таңба басатын, «жақсыдан туған жаман» атандыратын намысты қорлық. Кеңгірбайдың көңілі Өскенбайға ауып, соған батасын бергісі келеді. Өйткені – батасыз бидің аузы дуалы боп жарытпайды. Ағайынның да разылығын алу үшін Өскенбайды сынаттырады. Ру басылары дәмелі жасты қолдайды. Кеңгірбайдың өзімен қатарлас Көтібаққа жібереді. Ол да Өскенбайды ылайық санайды. Сол ретте Алпыс ақын Кеңгірбайдың кісі танығыштығына сүйсініп:

Кер асқақтың кемелі Кеңгірбайым,

Салаң құйрық, салпы етек Борамбайым.

Ізі, жолы еліне құтты болсын –

Бесті айғырдай сақылдап Өскенбайым, –

деп бидің батасына бата қосыпты.

Биліктің ауыр салмағын, ел арасында ығыр қылатын дау-дамайын ауырсынған әрі жастығынан жүрексінген Өскенбай ру басыларын жиып, би сайлауға бата бергелі отырған Кеңгірбайға: «Төрт сояу атанып ем ғой. Бата- ңызды Ерекеңе (Ералыға. – Т.Ж.) берсеңізші», – деп, өз туысының аздығын меңзепті. Ералы Кеңгірбайұлы 1780 жылы туған. Биліктен гөрі адамгершілікке құмар, мінезі жұмсақ, көріпкел-сәуегейлігі бар, тәубешіл адам екен. Сонда Кеңгірбай: «Ой, шіркін! Мен өз баламды өзім көрмей тұрмын ба? Менің батам қонса, тұсында тұрған кісі де сені оятуға батылы бармас!» – деп зіл тастайды.

Елдің батасы дәл келеді. Ол ел тізгінін ұстаған 1797-1829 жылдар арасында алдынан ешкім де кесе көлденең өтпеген. Әрі әділ, әрі қатал билік құрады. «Ісін әділ болса, Өскенбайға бар» деген мәтел шығады. «Өскенбай тұсында тобықты елі енді ғана қара құйрығын жазған балапан құстай жерге орналасып, мал-жанын түгендеп, тыныштық алғандай болады. Бұл өзара ағайын іші онша бұзылмаған, бейбіттеу кез көрінеді. Тек көршілес Садыр, Матай елімен жерге таласып, барымта алысады. Бұл істің 1835 жылдар ерекше тергеуге түскені жайында Омбы архивінде табылған материалдар айғақ бола алады. Тобықты елі Россияға өз еркімен косылуға мақұл деп Өскенбай Петербургтен келген Иван Семенович деген майордан кепіл кағаз алып, Россияға тұңғыш рет бет бұрған адам. Бұл жағдайды айта кетудің тағы бір қажеттілігі, Өскенбайдан бұрынғы Тобықты елін билеген Кеңгірбай би кертартпашыл, ескіліктің берік қамалындай, елді сол бұрынғы қалпында қалдыруды көксеген. Россияға қарсы сан рет қарсыласып соғысып, қолға да түсіп, сақалын кестірген екен. Мұның өзі осы екі бидің ісінде де, ел басқаруында да көп айырмашылық бар екенін көрсетеді. Өскенбай өзі ақкөніл, мырза, ел арасына бүліксіз кісі болды деседі (11).

Сол күннің жолы бойынша батасын беріп, Өскембайды би еткен. Ол Кеңгірбай маңайындағы өзге ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. Өскенбай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен, Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашандау ұстауға тырысқан. Ру басылар ортасында сақталып келген сөздің бірінде: «Ісін адал болса, Өскембайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз бар. Өскембай бұл жағынан тынымды, әділ болады. Бірақ осындай болумен қатар елді күшпен, зілмен аламын деп, кейде оқыс, қатал мінезді көп қолданған (1.20.64-65).

1822 жылғы мизамнан кейін Ресей империясының деңгейіндегі билікке араласады. Құнанбай мен Абайдың өміріне қатысты архив деректерін ықтиятты түрде жинаған Мұздыбай Бейсенбаевтің мағлұматы бойынша Ресей үкіметіне ерекше берілгендігін көрсеткені үшін Өскенбай Ырғызбаевқа 1826 жылы 16 қазан күні стар­шина дәрежесі беріліпті. «Өскенбай көбінесе, ел ішінде жиын, сиязда жүрді. Не басқа елдің шақыруымен сонда барып, дау-шарды бітіреді. Осындай кездерде Өскенбайды іздеп келген адамдардың дауларын Құнанбай тыңдап, әділ билік айтады, оған екі жағы да риза болып қайтады. Сол билікті кексе билер естігенде қисық деп айта алмайды» (16).

Өскембай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген.

3

Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере кісі ренжітпейтін, байыпты, кең мінезді, жомарт, тақуа, әңгімешіл адам болыпты. Зере ананың азан шақырып қойған есімі – Тоқбала. Найман ішіндеп матайдың қойгел табынан. Әкесініә аты – Бектемір. Бірге туған бауыры – Жанәлі. Көз тимесін деп мұрнына зере – сырға тағып жүргендіктен де Зере атап кеткен (25).

«Сырты – жұпыны, іші – алтын, алды кең, тарқұрсақ бәйбіше» атаныпты. Өскенбайдың талай тасырлығын сол кісі тыйым салып, тоқтау жасапты. «Тарқұрсақ» деуі – екі ұл, бір қыз ғана көтеріпті, үлкені Құттымұхамед ерте өледі, Тайбала қыз. «Бидің жалғызы» атанған Құнанбай есін біле ел ісіне араласқан. Мұхтар Әуезовтің куәлендіруінше «Өскенбайдың айттырып алған бәйбішесі Зереден басқа тоқалдары, құн қатындары көп болған. Бірақ Құнанбайдан өзгесін Өскенбай көңіліне тоғайтпаған. Бар зейінін соған салған».

«Ол туарында анасы түс көреді. Түсінде: Өскенбай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы Зере ол алтын сақа – Құнанбай деп жориды» (33).

Ахат Шәкерімұлы: «Құнанбай 1804 жылы Шыңғыстың бауырына құлай ағатын Хан өзенінің таудан шыға берісіндегі «Би биігі» деген күнгейдің бетінде, тастан салынған қой қораның қасына тігілген қазақ үйде туған. Ол кезде атамыз там салуға дағдыланбаған. Тек қыста қой ықтайтын тас қорған тұрғызып, малға ши мен шіліктен қалқа жасаған. Түтеген қарлы боран, қақаған қызыл шұнақ аяз Құнанбайдың денесін шынықтырып та, ширатып та, әбден шындап өсірген.

Құнанбайдың бұл туысы туралы ел: қыран бүркіт жұмыртқасын қарлы боранды қыста, ақпанның қақаған аязында жартасты шыңның заңғар басындағы жел өтіне тастайды екен. Ол жұмыртқа қатты аязға шыдамай жарылып кетсе, анасы жарылған жұмыртқаны құздан төмен қарай лақтырып жіберіп, келесі қыста және жұмыртқалайды. Сөйтіп іріктей отырып, құстың құмайы шығатын аязға төзімді жұмыртқаны ғана басып шығарып, асырап, қанаттандырып, баулып жетілтетін көрінеді (16).

Қыста туып, Алланың берген қаһарын жылытпай тамызда дүниеден қайтқан Құнанбайдың туысын да дәл сондай нысаналы, адамның құмайына тән белгі бар – деп аңыз еткен.

Соны білген көшпелілер Құнанбайдың қаракөктік артықшылығын мойындап, «дәреженді артық етсе, тәңір етті», – деп бойсынған.

Зеренің өзі бертінде: мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісіміллә айтпай емізген мезгілім болған жоқ, – деп айтып жүріпті. Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы, қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі – балуандыққа, өткір көзі – ерлікке, басы – ақылдылыққа сәйкестене біткен (16).

Зады, бабадан қалған «қаракөктің» қасиетін» туа сезінген» және өзінің құдіретіне бала жасынан сеніп, кеуделеп өскен Құнанбай – өзінің Құнанбайлығына ерте сенген.

Сара Қылышқызының жеткізуінше: «Зере бір тоқтысын сойып, бала Құнанбайды жетелеп, би атасы Кеңгірбайдан бата алуға барады. Бермейді. Келесі жылы да барады. Бермейді. Үшінші жылы тағы келеді. Бермейді. «Үш келдім, батасын бермеді», – деп Зере жылайды. Сонда Көкі бәйбіше биге: «Үш келді, басыңды көтер, батаңды бер!» – дейді. Би басын көтеріп, Көкіге: «Сыртқа шығып, жан-жақты қара, ешкім көріне ме екен?» – дейді. Көкі шығып кеп: «Ешкім көрінбейді», – дейді. Сонда би: «Пай-пай, болмас... – депті де, – Тоғыз ата толғанша, түңілігінді ешкім ашпасын!» – деп қолын теріс жайып, батасын беріпті. Келіні: «Атам батасын теріс берді», – деп жылап қайтады. Көкі: «Келінің жылап кетті, теріс бата бергенің не?» – дейді. Сонда қасиеті күшті Би ата: «Үш жылдан бері батамды алар деп тосқаным – балаларым еді. Олардың бірі де келмеді. Ал келінім Зере мен немере балам Құнанбайға он батамды берсем, онда менің артымда ұрпақ қалмайды. Өзің шығып қарашы, әлгілердің артында не кетіп барады екен? – депті.

–       Артында қасқыр ма, ит пе, екі қарайған бірдене кетіп барады, – депті Көкі сыртқа шығып кеп.

–       Менің төрт көк бөрім бар еді, кетіп бара жатқаны соның екеуі, – деп жауабын тұйықтапты сонда Би ата.

Зере келгенде, Өскенбай:

–       Батасын берді ме? – деп алдынан шығыпты.

–       Теріс батасын берді, – депті Зере ренжіп.

–     Қалай?

– «Тоғыз ата толғанша, түңлігінді ешкім ашпасын?» – деп қолын теріс жайды, – дейді. Сонда Өскенбай қуанып:

–    Жарап жатыр! – деп ат шаптырып, той жасапты.

Би атам дүние салған соң «қарызы бар» деп, малын шығындап Құнанбай мырза зират салдырыпты. Зират күмбезінің қабырғасы қылшық-қылшық боп тұрғаны 40 аттың қылына 40 ешкінің майы мен қанын араластырып көтерілген екен!» (.33.107). Қазақ ырымы мен батагөйлігінде кездесе бермейтін өте тылсым бата. Еңлік пен Кебек оқиғасының тұсында да Кеңгірбай би осындай мінез танытқан. Бұл жолы биліктің ауып кетуінен емес, өзі ұрпақсыз қалудан сескенген. Киелі төрт бөрісінің екеуі ғана Құнанбайдың соңынан ерген. Оның қасиеті тоғызыншы ұрпақтан үзілмек. Ырғызбайдың үрім-әулеті осыны қатты сес көріп:

Тоғыз ата болғанда,

Туталақай тозбақпыз, –

деп Абай мен Шәкерімнің тірі кезінде-ақ қыз-келіншектер жоқтауларына, жігіттер жырларына қосқан.

Сондықтан да оған қарсы ешкім келмеген. Тіпті, Кеңгірбайдың немересі Бөжей де Құнанбайдан аспаған. Оның реніші Майбасарға қатысты. Құнанбайдың өктемдігі де осы «қаракөктік қасиетінің» күмәнсіздігінде.

Сондықтан да намысын жібермес үшін бір қонақты екіншісіне қоспай шығарып салып отырады екен. Тіпті, нағашысын да қорашсынып жүреді. Жастау кезінде шешесі Зеренің әкесі үйіне қонақтап келеді. Сыбағасын тартады. Ол өзі аласа бойлы, кішкентай сары шал екен. «Төбемнен – құс, аузымнан сөз түсірмеймін», – деп жүрген жігіт Құнанбай ауылға қонақ беттегенде-ақ нағашысының «нашарлығына» намыстанып: «Нағашы, ас үйге барыңыз», – деп шығарып жібереді екен. Бір жолы Байсал, Қаратай, Бөжей аяқ астынан келіп қалады. Асығыста бір байпағын таба алмаған нағашысы орнында отырып қалады. Құнанбай ашуланып: «Киімін жоғалтатын бала емес. Несі бар екен!» – депті. Мұны Зере бәйбіше естіп қалады да, жиюлы тұрған жүкті ашып жіберіп, көрпені жұлып алып, қалындап әкесінің астына салады. Ана үшеуі де кіріп келеді. Мін тағуға тырысқан Байсал сөз арасында:

–     Күйкентайдай мына сары шал кім? – дейді.

Естімегенсіп Құнанбай үндемейді. Қайыра сұрағанда:

–     Нағашым, – депті.

–    Е, гәп айғырда болды онда, – дейді.

Сонда нағашы әкесі:

–  Балам, Құнанжан! Мені елге таныстырдың. Бұларын кім? – дейді.

–    Бес болыс тобықтының төбе билері.

–       Е, болса – болғандай, толса – толғандай-ақ екен. «Ер – анадан». Тек бұларға тәрбие жетпепті.

–       Қандай тәрбие? – дейді Құнанбай қуанып кетіп. Сонда нағашы әкесі:

Ер – анадан болғанда, ат – биеден,

Артқанда жүк қала ма нар түйеден.

Жігіттің алған жары жақсы болса,

Қымыз жасап береді бір биеден, –

дегенде ақсақалды бұдан әрі сөйлетсе, өздерін оңдыртпайтынын білген Қаратай:

–       Бастаған – Байсал, айыпты да сол тартады, – деп жантая кетеді. Андамай от басқанын сезген Байсал да:

–       Уа, ағайындар, ешкімге тіс жармаңдар. Ақсақал, ат-шапан айып менде, – деп кешірім өтініп, соңынан айып төлепті.

Өрісі өсіп, өресі кеңіген Құнанбай қатты риза боп:

–                        Нағашы, енді губернатор келсе де, орныңнан қозғалма. Менен жоғары отыр, – депті. Содан бастап көтерілген Құнанбайдың беделі мен мерейі тұстастары Қаратай, Бөжей, Байсалдардан үнемі биік тұрыпты. Бір рет айып төлеп, беті қайтқан олар қайтып Құнанбайға соқтыға алмапты. Өйткені сол жолы жаңағы үшеуі қалайда Құнанбайды жығынды қылмақ боп тосыннан келіпті. 

–       Менін мерейімді Байсал мен Бөжейден бір елі биіктетіп кеткен – нағашым, – деп отырады екен Құнанбай.

Ал осы әңгімені айтушы Бертіс Төлеубеков: «Нағашысы әлгі қонақтардың аттарын естігенде, олардың ішкі есебін аңғарып, жиенін жығынды қылмас үшін байпағын әдейі астына тыға қойып, сөзді өзіне аударған екен. Зере де әкесінін ойын біле қойыпты» (34.10), – дейді.

Шындығында да, кейін қанша қаталдық жасап, өзгеге тізе батырса да, Құнанбай Зере қолқалаған іске қатыгездік көрсетпепті. Қимыл-қайрат, ақыл-айлаға шешесінен жасырып барып, ерік беріпті.

Содан бастап көтерілген Құнанбайдың беделі мен мерейі тұстастары Қаратай, Бөжей, Байсалдардан үнемі биік тұрыпты. Бір рет айып төлеп, беті қайтқан олар қайтып Құнанбайға соқтыға алмапты. Өйткені сол жолы жанағы үшеуі қалайда Құнанбайды жығынды қылмақ боп тосыннан келіпті. 

Құнанбай нағашы жұртын ерекше ілтипатпен еске алып, өзінің немересі Шәкерімге: «Мені екі ажалдан, екі айдаудан елім алып қалды. Елімнің сол еңбегін өтей алмай кеттім. Адал бол, Шәкерім! Сенің екі нағашың да адал болған. «Ер тағайына тартты», – деген мәтел шын. Мен олардың адамгершілігіне, адалдығына ырза болып, құда болғам. Сенің адал болатын жөнін бар (екі нағашың деп отырғаны – Құдайбердінің нағашысы найман Ағанас би; екінші нағашың дегені – Алдаберген – Шәкерімнің шешесінің әкесі). Тәтем: «Көпке жақпай, адал болмай, абырой-атақ алмайсын», – деп өсиет етіпті.

Зере бертін келіп, 90-ға жетіп өледі. Бүкіл ауыл Зерені «Кәрі әже» дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болғандықтан да Абай әжесінің құлағына өлеңмен үшкіреді екен.

Архам: «Құнанбай мұсылманша көп оқымаған адам. Өскенбай тұңғыш қызы Тайбаланы, одан екі жыл кейін туған ұлы Құнанбайды ел ішінде зекет, садақа жинап, қошқар-теке алып жүрген бір қожаны қолына сақтап оқуға беріпті. Тайбала «Әфтиектің» сүресін, Құнанбай «Ежігін» оқып жүргенде, қожа өз жайымен кетіп қалады да, бұларға оқу есігі жабылады» (36.32-33 бет).

«Бала кезінен бастап, Құнанбай өте ұғымды, зерек, алғыр, бір естігенін, оқығанын ұмытпайтын болған. Ес біле бастағаннан әкесінің қасында отырып, көп әңгіме, оқиғаларды, биліктерді естіп, қазақтын өткір сөздерін, мақал-мәтелдерін, тақпақтарын, батырлық, эпостық жырларды, тарихи оқиғаларды жадына сақтап алатын болған» (23). Бұл да Абай нәр алған тәрбиенің бірі. Ыбырай атын – Абай дегізген де, Дулат пен Байкөкше ақынды шақырып, батасын алған да осы «кәрі әже» – Зере. Ниеті-тілегіне, қайырымы-мейіріміне қарай өзі де ұзақ жасап, тоқсаннан асып барып дүниеден көшкен.

Елдің тағы бір әңгімесінде: Құнанбай ел тілегіне орай туды. Сол үшін де жұрт тілегі оны екі ажалдан алып қалды, – делінеді.

Оның біріншісінің мәнісі былай: Құнанбайдың денесіне көкшешек қаптап шығып, екі көзін аштырмай, кірпігі қимылдаумен өлім аузында жатады. Аранын ашқан ажал оны буындырып, жанын алқымына әкеледі. Құнанбайды оңаша үйге салып, ата-анасы бағып отырады. Ол жатқан үйді халық қоршап, ажалға қарсы тұрады. Кемпірлер күндіктерін, шалдар кіселерін мойындарына салып, еркек-әйелдер еңіреп, құдайдан Құнанбайдың жанын қалдыруды сұрап тілек тілейді. Айтылмаған көк қасқа, ақсарбас қалмайды. Міне, осындай ел тілегі бірнеше күнге созылады. Ақырында халық тілегі ажалды жеңіп, Құнанбай тәуір болады. Бірақ алуға келген ажал оның нұрлы бетін шұбарлап, сол жақ көзіне, қабағының астына тарыдай ақ қалдырып кетеді. Бірақ бетіндегі шұбар дақ, көзіндеп ақ – оның қасиетін, адамгершілігін, халқына деген махаббатын кеміте алмайды. Қайта ол ажалды жеңген халық тілегінің белгісі, айғағы болып қалды (16).

Адольф Янушкевичтің күнделігінен: «Құнанбай би Барақ сұлтаннан бір-екі жас қана үлкен. Бұл да бүкіл елге әйгілі адам. Қарапайым қара халықтан шыққан Құнанбай жаратылысынан ақыл парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі. Халқының қамын ойлайды. Оған жақсылық жасасам дейді. Елдің ежелгі жол жобасына, Әл-Құранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік. Россия өкіметінің қазақтар жөніндегі заң ережелеріне өте жетік, қара қылды қақ жарған әділ, адал азамат. Құнанбай халқының қамқоры. Жұрт пайғамбардай көреді. Сондықтан одан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады. Тобықты деген мықты рудың қалауымен ол болыстық қызметке сайланып қойылған. Елден ерек білгіштігінің арқасында бұл қызметті тасқаяқтай қағыстырып, тамаша жақсы атқарады. Оның айтқаны екі болмайды. Қабағын қақса, ісі орнына келіп жатады. Жасынан ол сұлу жігіт екен, қазір шешектің дағынан беті шұбар боп қалған. Бұдан бірнеше жыл бұрын қатты шешек шығып, өлім аузынан қалыпты. Құнанбай бұлбұлдай сайрап сөйлеп кеткенде, тыңдаған халайық бетінің бұдырын мүлде ұмытады... Барақтың қасында ақсүйектерді (сұлтандарды) жан деуге болмайды, ал бай атаулы Құнанбайдың ұлтанына тұрмайды» (27).

Ахат: «Құнанбай он бес жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзіне құрбы мықтымын дегендерді жығып, балуан атанған. 18 жасар шамасында Құнанбайдың жаурыны жерге тимеген көтібақ руынан шыққан, 15 жасынан әйгілі боп, атап жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады. Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы жақын. Сеңгірбайға келіп: «Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпайық, жықсам да, жығылсам да ат шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім», – дейді. Сөйтіп казіргі «Жарқымбай биігі» деген таудың сайында екеуі оңаша күреседі. Бірақ қайсысы жыққанын ешкім білмеген, олар айтпаған. Ат пен шапанды Сеңгірбай алған. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап кеткен. Сеңгірбай өлген сон Құнанбайдан: «Қайсыңыз жықтыныздар?» – деген құрбы достарына Құнанбай: «Секең өлді деп уәдені бұзғаным лайық емес», – деп жауап берген.

Құнанбайдың өз айтысы:

«Бір үлкен жиын-той болып найман, тобықты арасындағы балуанға түстім. Қарсыласқан балуанға күшім жететінін сезген соң тез шалып алдым. Қайырып тастай бергенде аяғым тайып кетіп, өр жағыма шығып кеткен балуанның астына түсіп қалдым. Сөйтіп: қазақ күресі көбінесе қапы кетіреді екен және балуандықты қуғаннан басқа бір жол іздейін, – деп, жиырма жасымда күресті қойдым», – дейді» (16).

Өскенбайдың өзге балаларынан гөрі Құнанбай әке мұрасын, ата тізгінін бұрын ұстап, ел ісіне мықтап кіріседі. Сөзге, шешендікке, билікке араласып, өткір тілді өжет, шешен екендігін көрсетеді. Ат жалын тартып, атқа мінгеннен бастап, елді баурап, билеп, еңсеріп әкетеді (36).

Бірақ осындай болумен қатар елді күшпен, зілмен аламын деп, кейде оқыс, қатал мінезді көп қолданған. Елдің сол кездегі дағдысы бойынша: батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ден қойған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде ер, мықты найзагер саналған (16). Ел боп еңіреп Алладан Құнанбайдың жанын аман сақтап қалу туралы мінәжатқа себепші болған екінші оқыс осындай бір барымта-сырымтадан соң туындаған. Өскенбай Құнанбайға найман табының теріс таңбалы руынан шыққан атақты Ағанас бидің қызы Күңкені айттырып, он тоғыз жасында үйлендіреді. Отау иелерін өзі отырған Тасқораның күн шығыс жағындағы кезең астындағы сайдың алдына қондырады. Өскенбай өзіне біткен отыз шақты жылқысының он екісін Құнанбайдың еншісіне береді. Басқа мал Өскенбайда аз екен. Құнанбай енші алған жылы қыс қатты болып, жылқы мартта қолға қарайды, сол жылқыларын Құнанбай жаяу бағады. Ол кезде тобықты Шыңғыс ішіне жаңа орналасқан, басқа найман, керей, арғын, уақ сияқты елдерді Шыңғыстан зорға дегенде қуып, жауласып, барымталасып тараған кезі. Бірақ шабыс, барымта, жанжал басылмайды. Сондықтан басқа елдін шабындысынан құтылуға, малын, жерін қорғауға сайысқа түсетін, жаудан қорғайтын батыр керек.

Енді Құнанбай ел қорғаны батырлықты аңсайды. Ер жігігтің қанаты – ат. Оған қуса – жететін, қашса құтылатын ерге серік ат керек. Бұрынғыдай әкесі Өскенбайдың үйінде отырған жоқ, бөлек шаңырақ иесі. Елге жау тисе, қалай шабындыға шықпай отыра алады?

Сондай қысталан сәтте өзінің қайын атасы Ағанас бидің төңірекке атағы жайылған, алдына жүйрік салмаған әйгілі торшолақ аты есіне түседі. Құнанбай аяқ артуға жарайтын қызыл бестіге мініп, жолға екі қонып, Ағанас бидікіне келеді. Ағанас амандық сұрасып, еншіге 12 жылқы алғанын естіп: «Өскенбайдың дәулеті маған белгілі. Саған би бар жылқысын беріпті ғой. Малдың үлкен үйде болғаны жақсы емес пе, сенде жоқ болса, онан аласың, ал үлкен үйде мал жоқ болса, ол сенен ала ала ма?» – дейді. Екі күннен соң Құнанбай қайтпақ болады. Ағанас ертеңгі асты ішкен соң, бәйбішесі мен бас жылқышысын шақырып алып:

– Құнанбай енші алып, бөлек отау шығыпты. Қазір он бес құлындайтын биесі мен бір айғыр үйірін және Күңке мен екеуі мінетін екі жақсы ат алғызып беріндер, айдап қайтсын. Ел жайлауға шыққанда жүз қой мен үйлерін артатын алты түйе алып кетер. Ал, енді өзіңнің қалаған-сұрағанын бар ма? – дейді. Құнанбай: «Мен басқа мал алмаймын. Торшолақ атты қалап келдім», – дегенде Ағанас би: – «Мен торшолақ атты бермеймін, одан басқа не қаласаң, соны ал», – дейді. Құнанбай: «Мен басқа ештеме қалап келгем жоқ», – деп киіне бастағанда, Ағанастың бәйбішесі: «Би, ол іші боқ, сырты түк бір қара емес пе? Балаңыздан тор атты несін аядыңыз», – дейді. Ағанас: «Мен бұдан ат аяп отырғаным жоқ. Өзін аяп отырмын. Қазір тобықты басқа елмен жауласып отыр. Еліне жау шапса, бұл жауға аттанбай отыра ала ма? Бұл жауға шапса, осы тор атпен шабады. Қара керсе тоқтамайтын ат оны жау ішіне алып кіреді, не мұның бейнетіне, не ажалына себеп болады. Сондықтан, бұған тор атты бере алмаймын. Басқа не қаласа да, қолын қақпаймын», – дейді. Құнанбай енесінің берген екі қоржын бас сәлемдемесін бөктеріп атына мінеді. Енесі көзіне жас іркіп, Құнанбайдың маңдайынан иіскеп, амандасып сәлем айтып қала береді.

Құнанбай кезең аса бергенде шақырған дауысты естіп артына қараса жылқышы қолын бұлғап тұр екен. Қайта келгенде Ағанас: «Сені жақсы бола ма деуші едім. Сен жаман екенсің ғой. Бір тайды бермеді деп мойның түсіп кеткені қалай? Мен сенен бір тайды аяғаным жоқ. Енді саған сертпен Торшолақ атты беремін. Топқа би мінсін, өзін ауыл арасындағы көкпарға, тойға мін. Бәйгеге қос. Бірақ жауға мініп шабушы болма, ана берген малым – берген», – дейді. Құнанбай: «Қазір қыс жаман. Бұл жолы тор атты ғана беріңіз, басқасын кейін жер қарайып, күн жылығанда, көк шыққанда аламын», – дейді. Аздан кейін қылшығы түлеп алатан болған, қабырғасы жабық тор атты ойнақтатып жетелеп кетеді. Кезең асқан соң тор атқа ер салып, бестіні жетекке алып жолға бір түнеп үйіне келеді.

Құнанбай қаратіл болғанша, ақтабан сойылды белбеуге іліп, торшолақ атты жаратып, белдеуге байлап қояды.

Бір күні қараңғыда тау жаңғырығып, аттандаған дауыс естіліп, азан-қазан айғайға ұласады. Құнанбай атып тұрып, сойылын алып, атқа жайдақ мініп, өзенді өрлей жөнеледі. Жолда сала-салалардан «қайдалап» шапқан бірнеше адамдар қосылып, Шыңғыстың сыртқы биік жотасына шығады. Бұл кезде таң атып, жер беті айнадай болып көріне бастайды. Бұшантай жазығынан жаудың да қарасы көрінеді. Сонда Отыншы ақсақал: «Дәмелі, аты әлді жігіттер іріктеліп жаудың алдын бөгеңдер, арттарыңнан көп қол қуып жетеді», – деген соң жиырма шақты жігіт жөнеп береді. Сол топпен бірге Құнанбай да шығады. Жау қарасын көрген тор ат басын бір шайқап құйындай жүйткіп, оқтай зулап, топтан қара үзеді. Құнанбай ат басын тежейін десе, тор ат ерік бермей құстай ұшады. Басында айыр қалпағы, қара құлын терісінен киген жарғағы, қолында қылжалаулы найзасы бар батыр: «Мынау бір ерекше жан екен, басқаларың жылқыны айдай беріңдер. Сегіз кісі қалып екі бөлініп ортадан өткізіп сазайын берейік, орталарынды ашыңдар», – деп найзаны оқталап, Құнанбайды тосып тұрады. Мұны көрген Құнанбай амалсыз екі топтын ортасынан өте беріп, қол ыңғайы жақтағы бірін ұрып жібергенде он жақ кеудесінен найза сарт етіп қадала түседі, ат басы қайырылып тоқтайды. Жау найзаны екі рет басып, аттан түсіре алмайды, үшінші рет басқанда найза ұңғысынан шарт етіп сынып кетеді. Сол кезде ортада қалған Құнанбай қарғып түсіп, тізгінді ат басынан қайырып екі қолын айқастырып, аттын шоқтығынан басып отырып алады. Айқастырған қолдан ұрып, саусақ сыртын талқандап жараласа да, Құнанбай аттан айырылмайды. Сонда жау батыры: «Атпен бірге туған неме екен. Жүріндер, қуғыншылар келіп қалды. Өзіңе де қыларымды қылғанмын, адам болса барып-барып адам болар», – деп жөнеп береді.

«Иә, қылғасың»,- деп Құнанбай атқа қайта мінбек болғанда, кеудесіндегі сынған найзаны көреді, ұңғысынан мықтап ұстап тұрып суырып алады. Сол кезде өзі құлап та түседі. Артқылар келіп басын сүйейді, он жақ жауырынының астынан шыққан найзаның орнынан қан судай сорғалап шапши бастайды. Құнанбайды қырынан жатқызып, жиылған халық жараның екі жағын кезектесіп қанын сорып, тез-тез төгіп, қанды ішке жібермей айласын жасайды. Ішке қанды жібермей, кезектесіп сорады. Қайсыбіреу қан ішіне кетіп, жүрегі айнып, құсып та жатады. Бұл кезде Құнанбай аппақ шүберектей қуарып, өңі қашып, өлері-тірілері белгісіз халде жатады. Қан әбден таусылған кезде, дайындап қойған ат қылын күйдіріп, жараның аузына ыстықтай басып отырады. Көйлекті жыртып алып, жараны таңады.

– Күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам, – депті Құнанбай немересі Шәкерімге – қаным кеуіп барады екен, бір аяқ айран шалапты дем алмай бір-ақ жұтып, аз дем алып айналама қарасам, төңірегім толған адам. Бәрінің көзінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған. Алладан тілек тілеп, менің жанымды қалдыруын сұрап тұр екен. Мен аздан соң екінші аяқ сусынды тағы ішіп, есімді жинай бастадым. Сол кезде жұрт: «А, құдай ақсарбас, көк қасқа жолына айттық», – деп шулап, күңіреніп жылап жіберді. Егер елдің сол тілегі болмағанда, мен өлген адам едім. Көп тілегі – көл болып, көптің тілеуін құдай қабыл қылып, аман қалдым. Мені теңге салып, Шыңғыстың сыртындағы Қарабатыр, Әнет ауылдарына алып келгенде алдымнан кәрі аталар, қарт аналар, қатын-балалар шулап, «а, құдайлап» шыққандығы олардың маған деген кіршіксіз жүректерінің, ақ ниеттерінің, адал тілектерінің ауғанын ауызбен айтып жеткізу қиын шығар. Қарабатырдың үлкен үйі Отыншыныкіне кіргізерде кәрі әже мені құшақтап кіргізді. Отыншы айтқан ақсарбасын сойып мені қалжалап, етін елге таратып жүріп, кешке ауылға әкелді. Мен жаз бойы теңге түсіп жүріп, жазылдым, – дейді.

Сол жараның орнында Құнанбайдың он жақ емшегінің астынғы жағында алақандай беріш, он жақ жауырынының астында бармақ басындай тыртық орны қалған» (16).

Құнанбайдың амандығын өз туыстары түгіл алыстағы ағайындар да тілеп, жолына құрбандық атағандығына Б.Сапаралин мынадай дәйек келтіреді: «Ілгері заманда Жезқазғанның Ақтоғай өлкесінде, Қызыларай-Беғазы тауларын мекендеген тегі дадан тобықты, өзі өте-мөте кедей адам өмір сүріпті. Күндердің күнінде ол Құнанбай қатты науқастанып, әл үстінде жатыр екен деп естиді. Әлгі кедей адамның мал дегенде жалғыз сиыры ғана болса керек. Ол енді көп ойланып жатпастан, Құнанбай мырзаның дертіне шипа болсын, бір сауабы тисін деп дұға оқытып, сиырын сойып, етін түп-түгелімен сол маңайдағы жоқ-жітікке тараттырып жібереді. Ауыл-аймақтың үлкендері таңдай қағысып: «– Қарағым, Құнанбай жарықтық кімің болатын еді? Жалғыз сиырынды сойған сақилығын не қылғанын?» – деп сауал тастағанда, әлгі адам: «– Құнанбай мырза менің ешкімім де емес. Ол – халықтың адамы. Қазақтың қасиетті перзенті. Мендей сіңірі шыққан жандардың талайына болысқан адал, қолы ашық мырза деп естимін. Құнанбай тірі жүрсе: «Қандасым, руласым еді», – деп өзге ағайындардың алдында мына мен айбынымды асырып жүрмеймін бе? Сондықтан мен мырзаның есен-саушылығы үшін әйел-баламның аузынан жырып, жалғыз малымды құрбандыққа шалдым. Мені сақилыққа итермелеген осы жай», – деп байыппен жауап қатады. Арада көп уақыт өтпей науқасынан құлан-таза айыққан Құнанбай мырза ұзынқұлақ арқылы осы оқиғаны естиді. Естіп-біледі де, өзге өлкедегі қаймана қазақтың кесек мінезіне дән риза болып, сақилығына, көрегендігіне бас иіп, мол тартутаралғы жіберіп, көптеген жылқы, қой, түйе малын сыйға бергізеді» (29).

Қауіп-қатерге ұшырағанда осындай жанкешті тәуекелге барған халықтың құрметіне тебіренген Құнанбай енді біржола: халқымның алдында арыммен борыштымын, елімнен жаным садаға болсын деген – сертті жүрегіне түйеді. Халық оның абыройын көтеріп, атағын жайып, ақылды, адал, адамгершілігі зор, әулие, парасатты «мырза» деп ат қояды. Жастар, балалар «Тәте» деп атайды. Сөйтіп Құнанбайдың атағы өз елінен асып, басқа алыс елдерге жайыла бастайды (16). Болыстыққа бой беріп, ойдан жырақ жүрген Шәкерімге: «Мені адалдық жағынан тәрбиелеп, ақыл берген үлкен әкем Құнанбай!» – деп отырғанын сан естігем. Құнанбай Шәкерімнің 27 жасында қайтыс болған. Шәкерім: «Мен тәтеме сәлем беріп тұратын едім. Бірақ жиі барып, қасында отыруға мүмкіндік болмады. Тәтемнің ауылы біздің ауылдан шалғай болатын. Жылына 5-6 peт барғанымның өзінде көп әңгіме айтып, ақыл беретін. Маған өз өмірінің түрлі жайттарын айтатын. Әсіресе, адалдық жағын баса үйрететін. Елге адал еңбек сіңірсең, адал болсаң, абыройлы боласың. «Елге жақсаң, құдайға да жағасың!», «Көпті сыйласаң – өзің сыйлы боласың!» «Көпсіз қол жоқ», «Көпсіз – көмусіз қалады», «Көп тілегі – көл», «Көпке сенген – көгереді, көпті жамандаған – көміледі», «Адам көппен көркейеді», – деген сияқты нақыл сөздерді айтып: Тәтем өз жайын айтып, былай дейтін: «Мен, абырой, атақ алу үшін – ең алдымен, адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім. Мен жасымда алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанша, істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмайтын болсам, екі аяқтының ең қоры, ең сорлысы қыл!» – дедім. Бірақ балаларымды, туысқандарымды тату-тәтті қыл деп тілемедім. Оны да тілесем, беретін еді. Сол үшін тілегімді алдым. Мен елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ.

Үш тілегі де орындалып, тарихта жәбір сұлтаны деген аты қалды.