СҮРЕ СӨЗ
Көшпелі қоғамның соңғы көкжалдарының бірі, «қарадан шыққан хан» атанған Құнанбайға әдеби кейіпкер ретінде бұйырылған баға – оның өз өміріндегі іс-әрекетіне, ақыл-ойына, қол қайратына көрсетілген құрметтен кәрі әлде қайда пәс әрі күрделі, тіпті, әділетсіз көрінетін де тұстары бар. Ол әділетсіздіктің кілті – «Абай» роман-эпопеясының: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімінің аттарында жатыр. Біріне-бірін жалғап, бір саты өтсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысақ, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады... Бірі – көтерілу, бірі – түсу, төмендеу жолы» (Ғабит Мүсірепов), яғни, кейіпкер Құнанбайдың тағдыры әу баста шешіліп қойған.
Оған жалған да, жазмыш та, жазушы да кінәлі емес. «Абайдың кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдеп ескіні Құнанбай образына жинақтап... идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына ... еніп келе жатқан, келешегі зор жаңаның жолындағы кедергіні – ескіні, көрсету нәтижесінде...» сомдап, оның Құнанбай атын көркем шындық арқылы әлемдік және мәңгілік тұлғаға айналдырған басты «айыпкер» Мұхтар Әуезовті кінаға тартудың ешқандай қисыны жоқ. Ол – көркем ойдың иірімі иіп әкелген өмір заңдылығы. Етек басты өмірдің сүрлеуіне түсіп, ықылым заманның иініне көнсе, онда «Абай жолы» эпопеясының еңсесі осыншама биікке көтерілмес еді. Ірі-ірі қақтығыстар мен қайшылықтарды суреттеу үшін қарағайдың қарсы біткен бұтақтарын тістестіре шарпыстырып, екеуінің бірін түбірімен жұлып aлy керек болды. Кейде Құнанбай мен Абай образының өмірлік тұлғаға айналып кеткендігі сонша, олардың кәдімгі тіршіліктері жеке бастарының мүдделерімен, әкелік-балалық сезім түйсіктері оқырманның санасынан мүлдем көмескі тартып, тек қана антогонистік күрестегі қас- дұшпандардың кейпінде көрінеді. Құнанбай – көшпелі феодализм, Абай – дүние көшіне бет бұрған заманның нысанасы ретінде тұспалданады.
Олардың арасына бітім жүрмейді. Өліспей беріспейді.
Әрине, Құнанбай – кәрі тамыр, бойынан күш кеткен. Абай – жас тамыр, қуат-қайраты күн сайын толысып келеді. Жас тамыр сөзсіз жеңеді. Қарт емен – Құнанбай сөзсіз түбімен қопарыла құлайды. Бірақ құласа да тегін құламайды, жастығын қолтығына тыға, нәпәхасын шеңгеліне уыстай кетеді. Өмірде: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені – Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым» (12), – деп ширыға уәж қайырса да, кейіпкер Құнанбай жеңдім деп те, жеңілдім деп те айтпайды. Тісін-тісіне басып, тістенген күйі қара емендей қатып қалады. Керісінше кейіпкер Абай: «Неге өлмейсің тынышыңмен! Заман сенікі емес, менікі!..» – (1.7.4.236) десе де, жеңдім демейді.
Деуге себебі де жоқ. Өйткені ондай қақтығыс өмірде де болмаған. Тек көркем шығармаға тән шіміркеніс пен тітіркеніс сезім құшыры және сізді иығыңыздан басып тұрған Құнанбайдың мысы ғана бар. Ол үшінші, төртінші кітапта көрінбейтін киелі кейіпкерге айналып, сені «ту сыртыңнан қалт жібермей бағып тұрғанын сезінесің.
Ойласам тауға шығып дүниені,
Түсірер өткен өмір әлденені.
Ши анау, қажы (Құнанбай), Оспан, Абай қонған,
Әділет, ақыл-дәулет, бақтың кені.
Моласы Қабекеңнің көрінсе де,
Ол-дағы болған жоқ па бір ертегі.
Қай бейіт, қай қонысты қарасаң да,
Иесі әкетпепті дәнеңені (13), –
деген Шәкерімнің жоқтауы ғана сені шындыққа бойсындырып, Құнанбайдың өлгенін есіңе салады.
Сондықтан да Абай бағзыда қол қайраты мен оқыған біліміне сенсе де, орта жасқа келгенде ақылға жүгінеді, ғұмыр соңында «ойлы адамға дүниеде еш қызық жоқ» деп өзі де зар шегеді. «Сонау бір шақта тасты тақыр, жылтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар да құлайды» (1.6.441). Қаталдығымен, қайратымен, қаһарымен Құнанбай икемге келтіріп, ие алмаған заманды, ақыл-оймен де, адамгершілігімен де, «махаббат, ғадауатпен» де исіндіре алмай, «өмірден Абай да өтті». Екі күш те бір зауалдың керін құшты. Бірақ әрқайсысы күрестің әдіс-тәсілінің әрқилы жолын таңдады.
Мәңгілік категория болып табылатын көркем шындықтың әсерінен арыла алмаған біз үшін әкелі-балалы екеуінің бірі – қатыгездіктің, бірі адамгершіліктің нышаны болып қалды.
Өйткені оларды шылауына ерткен абсолютті көркем шындықтың мақсаты да кереғар еді. Бейне ағыны қатты екі улы өзен бір арнамен қарама-қарсы бағытта тасқындай ағып кеп қосылып, бірінің ағысын екіншіісіне бағындыруға тырысқан табиғаттық дүлей арпалысы секілді болатын. Қалай да екеуінің біреуі жеңуі тиіс. Өйткені өзенде екі ағыс болмайды. Ол – заман ағысы. Ал дүние көші алған бетінен қайтпайды.
Бұл арадағы тартыс – әке мен баланың, яғни, Құнанбай мен Абайдың арасындағы, тіпті, адам мен адамның арасындағы пендешілік мүдде қайшылығы емес, қоғамдық коллизия – қоғам мен қоғам арасындағы жанталасқан шарпысулар. Құнанбай – қартайған, ескі қоғам. Оның көшпелі дәуірінің күні өткен. Лев Толстойдың « Қажымұратындағы» жол шетіндегі кәрі тікен сияқты. Арбаның дөңгелегі қанша жаншыса да өлмейді. Жаны сірі (14.15). Бірақ ол күні ертең сол жолмен жүретін шынжыр табанды жыланбауыр тракторлардың салмағына шыдамайды, темір түрен тамырымен қопарады да тастайды. Тұқым да шашпайды. Оның орнына түбі – қопсығыш, мінезі майда, дәні пайда сулы, бидайық, арпа өседі. Ол дәнді себуші – Абай. Соны сезген кәрі қоғам – Құнанбай ашынады. Ашынады да, Гете марқасқаның айтқанындай, Құнанбай король Лирге айналады (15.447). Қаншама жаны ашып, қасіреті мен жан азабын бөліскісі келгенмен улы Шекспирдің өзі де қарт корольге қолының ұшын бере алмаған.
ІІІекспирдің шекспирлігі өзіне ғана жүреді. Тек заманның король Лирге жаны ашымаса, оған Шекспирдің де қауқары жетпейді. Ашуын да, азасын да, аянышын да қаламын жүрек қаны мен көз жасына малып отырып, бар уытын ақ қағазға төгуден басқа амалы қалмайды. Ал жазушыларға адамзаттың сол трагедиясының өтін жарып, өзегін тіліп, мұқым қасірет-қайғысымен жеткізуден басқа талап қойылмайды.
Қарт Құнанбай образы арқылы Мұхтар сол талапты орындаған. «Егер Құнанбай жайын білгің келсе, қорқытпай, үркітпей елден, халықтан сұра, ары зор, адамшылығы мол адамдардан сұра. Мен шылғи өтірік айтып отырмын деуге өз арың да бара қоймас. Қажет етсең, керегіңді аларсың, керексізін тастарсың. Бірақ мынаны ойла – феодальдық дәуірде болсын, капиталистік дәуірде болсын, халық өзінің аяулы ұл-қыздарын туғызып оты- рады. Солардың бақытын, өмірін тілейді. Құнанбай да сондай адам» (16) – дейді шөбересі Ахат Шәкерімұлы ширығып. Заманына дық сақтаған ұрпақтың мұндай мінез көрсетуге толық қақысы бар.
Ал көркем әдебиеттегі Құнанбай – көшпелілер әлемінің король Лupi.
Шындықтың қыл шылбырын ширата есіп, нақты адам кейпін аллегориялық астастыруларға, коллизиялық шыңырауларға, шендестіруге Мұхтар саналы түрде барған. Көшпенділердің психологиясы мен философиясын, таным тамырларын барынша жалаңаштап, жеріне жеткізе таныту үшін оған шекспирлік ірі сілкіністер, жүректің басындағы сары суды сарқа құятын ащы запыранды монологтар қажет болды. Ондай талант қуатынан, бурадай буырқанып-бусанған шабыт шарпуынан, жалғанды алақанына сап, аялайтындай дәрежедегі ақыл-парасаттан Мұхтарды да табиғат кем жаратпаған. Дүниеден түңілдіргісі келсе – тірідей жерлейтіндей, тірілткісі келсе – көрден суырып алатындай сөз құдіретін, сендірсе – күдіксіз сендіретін сезім байлығын молынан беріп еді. Оған оптимистік гуманизм де, трагедиялық гуманизм де жат емес, керісінше, соның барлығы қобыздың үніндей сарынмен жамыраса сарнай естіледі. Жалған мен жалғыздық, өлім мен өмір, қатыгездік пен аяушылық үнемі философиялық-психологиялық категориялар арқылы шешіледі.
Ресейдегі өнер психологиясының атасы (отыз тоғыз жасында дүние салса да) Лев Семенович Выготский көркем дүниелердегі эстетикалық әсерді Буниннің «Жеңіл дәм» әңгімесіне сүйене талдай келіп, суреткердің шығармаларындағы мұндай психологиялық құбылысты: «Көркем дүниеде өмірлік материал мен оны беру формасының арасы қайшылыққа, іштей сәйкессіздікке құрылады, бейне ең қиын, икемге көнбейтін, бар болмысымен, автордың айтайын деген ойына барынша қарсыласып бағатын, оның еркіне бағынбайтын материалды автор өзі қасақана таңдап алатын сияқты. Өмірлік материал неғурлым қасарысып, табандап жатып алып, кері итерген сайын, солғұрлым авторға оңтайлы көрінбек», – (17.204) деп тұжырымдайды.
Өзінің барлық қаталдығымен, ақыл-айласымен, феодалдық өктемдігімен Құнанбай Мұхтардың ығына икемделмей, айбар танытып-ақ бақты. Қаталдығын – қалайда өмір сүру үшін күрес тәсілі ретінде, суық ақылын – ыстық жүректі «найза ұшында ғұмыр кешкен» көшпелілерді сабасына түсірудің амалы есебінде, шариғатшылдығын – еуропалық біліммен сусындаған балаларының қыр дәстурінен қол үзіп кетпеуі үшін қолданған әкелік тағылым ретінде ақтады.
Бұл – Құнанбай өмір сүрген қоғамның заңы. Онсыз сақара жұртының ақыл-ой тұтқасына айналмас еді. Заманның өзі-ақ жағаға шығарып тастайтын. Бірақ Мұхтар өзінің көзқарасын дәлелдейтін, сол мақсатта көркем шығарманың кейіпкері қызметін атқару үшін Құнанбайды адамгершілік, пендешілік мінезінен арылып, тек қатал билікті ғана ұстануын талап етті. Жартылай шындық – жарымжан образды дүниеге әкеледі. Ал оған Мұхтар жан-тәнімен қарсы. Ол үшін:
«Ерлік пен батылдық та, кек пен өштік те, құрбандық пен тайталас та, қастасу мен ұстасу да, ең төргі өрісіне жету шарт. Мұндай кездерде ақын өзін-өзі ұмытар халге жететіні болады. Дағдылы, мерзімді қалпынан мүлде өзгеріп, өсіп кететіні бар. Сондай күйден ғана терең шындық шығармасы туады. Ендеше, ең үлкен шарт не? Шарт, саяз қалқымау, шала қарпымау! Болмаса – шала шалағайдан не тумақ? Көрік те, бөрік те жоқ, ши-шырпы ғана туады. Тірлікке терең шомып, ой ұрығын терең көміп іздену қажет» (1.18.398).
Сөз – тасты да ерітеді.
Адам бойындағы қаталдықтан – мақсат жолындағы қаталдық әлдеқайда мықты. «Мен де сондай көктің бірі едім», – дейді Құнанбайдың өзі де (11.23). Оны кейіпкер Құнанбай да түсінді, яғни, «материалдық қарсылықты» жазушының еркі жеңді. Құнанбай – қаталдықтың символы болып қалды. Иә, адам Құнанбай мен кейіпкер Құнанбайдың өмірлерін салыстырсақ, кейіпкер аға сұлтанның біраз әділетсіздікке ұшырағанын аңғарамыз. Бірақ Мұхтардың «сол әділетсіздігі» Құнанбайдың әді- летсіздіктеріне қарағанда өзін-өзі ақтай алады. Ақтады да. Себебі, «Қартайған феодалдық қоғамның қара күші қатал мінез-қылықтары мен қулық-сұмдықтарының бәрін дерлік бойына жинаған Құнанбай характері Шекспир жасаған характерлердің галереясынан орын аларлықтай. Бұл образды жасауда Шекспирше қарыштау, ІІІекспирше характердің тұңғиығына бойлау бар. Шынында, Құнанбай бірыңғай жарсоғар озбыр емес, жылмақай қу да емес, пасық сұм да емес. Өйткен күнде мұның бәрі саязға біткен жалаң, ұсақ сипаттар болар еді ғой» (18.74).
Ал өмірлік шындық – көркем шындықтың құрбандығы. Осы уақытқа дейін солай болып келді. Қазір де солай. Солай болып қалады да. Деген пікірмен Құнанбайдың шөбересі келісе қоймайды. Оның: «Қазақтың қасиетті, ұлы адамдарының бірі – Құнанбай Өскенбайұлы. Қазіргі кезде ол кісі туралы әңгімелер жиі көтеріліп жүр. Әрине Құнанбайдың жақсы жағы емес. Оны бай, жуан, зорлықшыл, арам, халықты қанаған деп неше түрлі жамандаулар айтады. Тоқжанұлы Ғаббастың Құнанбайды жамандап, Абайды да ұсақ байшыл ақын деп жазған кітабын оқыдым. Әлі де Құнанбайды жамандаушылар болар. Бірақ менің ойыма мынау келеді. «Ер сыншысы – ел» дейді. Ел елге еңбек еткен ерін мақтайды. Мен жасымнан Құнанбай туралы сөздерді, оның басына арналып айтылған түрлі «деген» оқиғаларды көп есіттім. Бұл оқиғалардың көпшілігі тарихи шындық. Және жамандаушылар – Құнанбай нашар тапты қанап, кедейлерге зорлық қылды десе, мен сол нашар кедейлердің: – Құнанбай әділ адам еді – деген сөздерін де көп есіттім. Құнанбайдың немересінің баласы болған соң атасын мақтап отыр ғой дейтіндер де табылар. Бірақ мен елдің айтқандарын жазбақпын. Тарих – шындықты жақтайтын болса, халық – жақсы адамын, өзі өсірген адал ұлын анық мақтайтын болса, түбінде жақсы адам бірлі-жарым адамдардың жамандағанымен жаман болып кетпейді. Әрине Құнанбайдың сүрген дәуірі бұл дәуірге мүлде жанаспайды. Сол дәуірде өмір сүрген адамдарды осы дәуірдің қарауылынан қарап, сынаған да әділеттілікке жатпайды. Меніңше әр адамды өз дәуірінің қарауылынан қарап сынаған жөн», – (16) деуі әбден орынды.
Мұхтар қыр көксерегі Құнанбайдың адамдық қасиетінің жалғыз ғана қырын – суық ақылды қаталдығын ғана алған. Оны психологиялық қатарсис дәрежесіне дейін әсірелеген. Демек, оның бойындағы пенделік жылудың бәрін сорып алып, тек ызғарын ғана қалдырған. Ондай образдың іс-әрекетінде ақылға саларлықтай парасат шекарасының болуы мүмкін емес. Әйелді түйенің өркешіне асып өлтіру, өз немересін қылқындыру, ұрпағына теріс бата беру – ешкімді де таңдандырмайды. Құнанбайдың психологиялық қатарсисі – күйзелісі соған құрылған. «Өнерді жан күйзелісі» ретінде тұңгыш рет пайымдаған. Л.С.Выготский:
«Өнерді сезім арқылы қабылдаған кезде одан алатын әсер мен түйсіну елеске айналады, бірақ бұл көңіл күй сонымен аяқталмайды, сондықтан да өнер психологиясын кәдімгі эстетикалық толғанысқа түсіретін тараудан бастамау керек, керісінше екі үлкен проблемадан – сезім мен әсірелей елестетуді талдаудан тарату керек. Тіпті, былай деп тура айтуға да болады, өнер психологиясын дұрыс түсіну – осы екі түйсіктің тоғысуынан басталады, өнерді түйсіндіруге тырысқан психологиялық жүйелердің дені тұтастай алғанда, сезіну мен түйсінудің аражігін ажыратуға тікелей қатысты», – (17.276) дейді. Роман-эпопеяны оқып отырғанда да және тамамдап болғаннан кейін де сіз осы «әсірелей елестетудің» әсерінен Құнанбайды сезініп, түйсік түкпірінде елестетіп отырасыз, көрінбейтін кейіпкердің мысының басып тұратындығы да сондықтан.
Бұл жер – Құнанбай образының алтын өзегі.
Қаталдық – нақты әрекет емес, адамгершілік категориясына қарама-қарсы қалыптасқан ұғым. Сол қатыгездікті сезіну, түйсіну арқылы ғана көркем шығармадағы Құнанбай образы туралы жеккөрінішті әсер қалыптасады. Мұхтар шындықты шым-шымдап шығарып барып, қатарсистік күйзеліс дәрежесіне бірте-бірте әкеледі.
Miнe, творчество психологиясындағы коллизия – шыңырау деп осыны атайды. Көркем шығарма арқылы адам жанын осыншама күйзеліске түсірген талант дүние жүзінде бірен-саран. Ол Шекспирдің «Гамлеті», Гетенің «Фаусты», Достоевскийдің «Ағайынды Қарамазовтары». Әзірше, өнерді қатарсис – күйзеліс ретінде зерттеген психологтардың (19) негізгі ұстанарлары осылар. Бұған, әрине, Құнанбай образы да қосылады. Бірақ оны тиянақтай тұжырымдаған қазақ психологы Мұхтардың көзі тірісінде болған жоқ. Түбі болуы тиіс. Болады да. Онсыз Әуезовтің творчестволық қайшылыққа толы коллизиясы да ашылмайды.
Ұзақ сабақтаған ойдың байламы: М.Әуезовтің бүкіл қыр елінің қаталдығын Құнанбайдың бойына жиып-теріп беруінің астарында осындай әлемдік ақыл-ой тұрғысынан қараған пайым парасаты жатыр. Әйтпесе, «романға кіріспес бұрын дүние әдебиетінің барлық озық үлгісін сүзіп шықтық. Немістің, француздың философиялық, тарихи, хронологиялық романдарын ақыл-ой елегінен өткіздім» (3.12.107), – деп емеуірін танытпас еді. Соның ішінде И.С.Тургеневтің «Әке мен балаларына» иек тіреп, ерекше ықыласын бұрмас еді. Ол осылардан психологиялық шиеленісті үйрене отырып, ілгері дамытты. Мүлдем соны ой өрісіне шықты. Жеке адам мен қоғамды шендестіре, тең дәрежелес образдық тұтастықта бейнелеуге әзірше, ешкімнің жүрегі дауалаған жоқ.
Мүмкін, өзге әдебиетке мұның қажеттілігі болмаған да шыгар.
Алайда, сөз өнерінің құдіретін астарлап, әсірелеп, емеуірін арқылы жеткізу деп түсінетін шығыстық танымда, оның ішінде теңеусіз, эмоциялық ырғақсыз, риторикасыз сөйлемейтін қазақ ұғымында, бұдан асқан психологиялық сезіну мен түйсіну болады деп айту – қиынның-қиыны, тіпті, қасиетсіздікке, мәңгүрттікке саналады. Бұл пікірдің растығын, романның бірінші кітабы жаңа шыққан кезде-ақ айтқан Ғабит Мү- сіреповтің сөзі дәлелдейді. Романның кілті сол тарау аттарында. Оны Мұхтар тегіннен тегін жүйелеп отырған жоқ.
Құнанбай жолының коллизиясы – шыңырауға тіреледі. Жай шыңырау емес – бір қоғам мен екінші қоғамның арасындағы шыңырау. Ол – сол шыңырауға құлап кетпес үшін екі қоғамның да тұтқасынан шеңгелдей бүріп, ара жігін қосқысы келеді.
Ондай күш Антейге де, Прометейге де, перімен тіл табысқан қазақтың Қорқыт атасына да, Фаустқа да бітпеген. Жаназасы оқылып, тағдырын от шалған жанқияр жандар олар. Солардың қатарына Құнанбай да қосылады.
Оқырмандардың жүрегінен де сол әсер өшпейді. Өшірмейтін құдірет – Әуезовтің құдіреті.
Ал, сол Құнанбай өмірде қандай болған? Кім еді ол? Шындығында да қатал да қатыгез бе еді? Эпопеядағы суреттелетін барлық қияметтік күйзелістерді өмірдегі Құнанбай өз басынан кешірді ме? Әлде, «ашуға да, ақылға жақтым шырақ», – деп Абай айтқандай, екі тізгінді қатар ұстаған адам ба? Әуелі старшын, одан соң аға сұлтан, тіршілігінің соңында «қажы» атанған, патшалық самодержавиенің хорунжийі, ерекше еңбегі мен сенімділігі үшін бірнеше алтын-күміс медаль алған Құнанбай Өскенбаевқа жазушы Әуезовтің жасаған «әділетсіздігі» қайсы?
Бұл – әңгіме бір кітаппен, бір адамның қарымтанымымен тәмамдалмақ емес. Дербес арна тартатын өнер психологиясы мен творчество психологиясы қақындағы ойымыздың тізгінін тарта тұрып, тікелей осы сауалдарға жауап беруге көшкен лайық болар еді. Алайда қазір әлемдік бейнеге айналған, өмірлік тұлғасы ірі, танымдық тамыры терең, қимыл-қайраты қайшылыққа толы күрделі Құнанбай бейнесін зиялы қауымның өзі әуеліде қалай қабылдағанын қаперге сала кету парыз. Ондағы мақсат – образды сомдау барысындағы Құнанбайдың көңіл сандығын ашқан кілтті нұсқау ғана.
Сонымен, Мұхтар Әуезов қатпары, қыртысы мол Құнанбай мінезінің жалғыз-ақ қырына неге тоқталады? Қандай себептен сол жіптің, жіптің емес, алақаныңды ысып жіберетін қыл шылбырдың ұшынан ұстап қалды? Қаталдық, исі жаңалыққа қарсылық, озбырлық Құнанбайдың бойына туа біткен қасиет пе еді? Жоқ, ол да em пен сүйектен, мейірім-қайырымнан, жеккөруден жаралған кәдімгі пенде. Обал-сауаптың да, қайырымдылықтың да, бейбіт тіршіліктің де қадірін білген. Қуанған, күлген, әзілдескен. Тіпті бозбала шағында:
Acay кердің үстінде – қатқан терлік,
Асау қара байталға арқан кердік.
Қоңыр шекпен үстімде, жылқы бағып,
Қызды ауылдың тұсына біз де келдік, – (11.12)
деп өлең шығарып, жігітшіліктің соңына түскен серілігі де бар.
Ақиық ақын атанбаса да, анау-мынау азулыға иығын сыдыра қоймайтын тіл қайраты да болыпты. Байсал мен Байдалыны, Сүйіндік пен Қаратайды: «Жалғыз-ақ, «не қылайыны» жоқ. Кешірімі, мейірім жоқ. «Кештім» дегенін бір көрмей-ақ кеттік қой!» (1.3.160) – дегізген қатал мінезге бертін келе көшіпті. Үнемі құрық пен найзаны қатар ұстап өскен көшпелі тіршіліктің барымта-қарымтасы қалыптастырған қасиет деседі.
Осының барлығын сонда Мұхтар білмеген бе? Неге білмесін. Білгенде қандай!
Ол «Құнанбай бірде тобықтының старшинасы (ол күнгі болыс есепті), бірде жаңағыдай аға-сұлтан болып жүрген кезде басынан талай үлкенді-кішілі оқиғалар атқарған. Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз-әңгіме аса көп. Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болады. Ақыл, ой да, қажыр-қайрат та, өмір, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты, кесек іс қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен. Ол жайындағы әңгімелерді ақын Абай атына байланыстырмай-ақ, неше алуан ғып ел аңызы көп сақтаған, көпке жайған. Шынында, Құнанбайдың ұзақ өмірі (ол сексен жасқа жетіп өлген) қилы-қилы оқиғаға да аса бай еді» (1.20.28-29) – деп тегіннен тегін жазбаса керек-ті.
Өнердегі Құнанбайды өз ырқына бағындыра суреттегенімен, өмірдегі Құнанбайға тиісті әділ бағасын да берген. Дегенмен де, сол бір қаталдық оның өмірлік серігі боп, айналасын қатты ықтырып, бет қаратпай өткені де ақиқат.
Ғалым Мұхтар әділдіктен аттамаса да, суреткер Мұхтар бұл ыңғайда мүлдем басқаша мұрат ұстанған.
Біраз оқиғаның мазмұнын кері пайдаланып, көркемдік шешім есебінде пайдаланған. Сөйтіп Құнанбайды қара басының қайшылығы көп адам ретінде емес, қаталдықты күдіксіз қару есебінде қолданған консервативті характердегі феодализм қайраткері қатарында суреттейді. Оның бойында – пысықтық, сатқындық, екіжүзділік іспетті жиіркеншіті қылықтар жоқ. Әрекеті де, билік байламы да, қол қайраты да ірі. Ұсаққа ұмтылмайды. Жазалғанда да жеке мүддесінің тұрғысынан көрі үлкен идеялық, дәстүрлік нысананы тірек етеді. Ол үй-ішілік, пендешілік мұқтаждықтарға да алаңдамайды. Кесек рухани қақтығыстардың қарбалас шағында жылтыр қара құлынның терісінен тігілген тайжақысының жалы күдірейіп шыға келеді.
Демек, Құнанбай өзі өмір сүрген қоғамның қамшыгері, яғни, қайраткері. Мұхтар оны тек осы қоғамдық туғырға қонған ызалы кәрі бүркіт есебінде алған.
Ал жазушы үшін бұл – ақыл-ой қарақшылары жасырынып жатқан ең қауіпті Қособа тұс еді.
Себебі, Құнанбай образының әлеметтік мән-маңызын, қоғамдағы ықпалы мен орнын, іс-әрекетін, көзқарасын талқылап, талдағанда екі ұдай пікір қайшылығы туып, оның соңы үлкен өртке ұласып кете жаздады. Ел еті- гімен су кешіп, майданнан келген қара қағаздар талай боздақтардың қазасын естіртіп, көңілді қайғы мен қауіп бұлты торлаған Ұлы Отан соғысының ең ауыр кезеңінің өзінде: «Абай» романы – буржуазиялық идеологияның шырмауығы. Бұл феодализмнің жырын жырлаған жоқтау дастаны». «Құнанбай – сол заманның идеологиялық көсемі. Мұхтар тағы да ескі сарынына салып, алашорданың туын көтеріп отыр. «Абай» романы қызыл әскерлердің арасында ұлтшылдық ірткі салады. Тоқтату керек. Кітап өртелсін!» деген жымысқы сөз ауызекі айтылып жүрді де, іле ресми орындарға домалақ арыздар мен телефон арқылы хабарланып, идеологиялық қырағылыққа шақырушылардың дауысы жарықшақтана айқын естіле бастады.
Мұны еріккендердің ермегіне де, дос-жараны, ағайын-бауыры, арыс-азаматтары қан кешіп, өзі кеміріп жатқан сыбағаның неғұрлым мол болуын тілеген аяр да тоғышар жандардың қасиетсіздігіне де жатқызуға болар еді. Бірақ мәселе тым асқынып кетті. Өздерінің өсек-аяңына құлақ түргендерін аңғарған арандатушылар қалайда қауып қалуға тырысып, ашық майданға шықты. Парасатты, зиялы, ұстамды идеология қайраткері өш- пенділік пен өсекті қоздырған Бұл пенделердің аптығын басып, ақылға шақырса: одан әрі ушықтырмай – жауапқа тартса, тыйым да салынар ма еді, кім білсін. Алайда, олар керісінше отқа май құйып, өршітіп жіберді. Оның шалығы өнерге ғана тиіп қалған жоқ, майдандағы жауынгерлерді де күйдірді.
Өсектен өршіген өрт 1943 жылы наурыз айында, атақты Ленинград қоршауы бұзылысымен лап ете қалды. «Абай» романының тағдыры талқыға түсті (20.1778). Басты қарауылға Құнанбай образы ілікті. Шабуылға шы- ғушылар – жоғарыдағы байбаламын қайталады. Романда «трагедия, драма жоқ», «таптық тартыс жоқ», «шығарма ешқандай үлгіге сай келмейді, феодалдық роман», «кедей кейіпкер жоқ», «рушылдықты қоздырады», «Құнанбай – солардың көсемі!» десті. Бұларға дay айтқан «Абайдың» жақтаушылары да дауды дабырайтып, дәл сол тұста сақтанып-ақ айтатын екінші бір жаққа езулей сыңар тартты. Олар Құнанбайды «мемлекеттік адам», феодализмнің қатал қайраткері ретінде бағалады. Тіпті, эпизодтық кейіпкер Сары апаңның өзі де Сәбит Мұқановтың пайымдауынша сол «мемлекеттік адамның» қатарына қосылып кетті. Айтысушы екі жақта тек жалаң социология мен таптық мүддені тілге тиек етті де, көркем шығармадағы көркем образды талдап отырғандарын ұмытып, әр кейіпкердің өмір-тарихын қуалап кетті. Авторлық позиция, өмір мен өнер шындығы, философиялық-психологиялық желілер, көркем шешімдер жайына қалды. Романның жанрына да сол тұрғыдан тәжікелесіп: «Абай» тарихи салт-ғұрыптың романы ма, тарихи-қоғам құрылысының романы ма? деген сұрау қойып, «тарихи салт-ғұрыптың романы» деп жауап берді. Осыған байланысты аты «Құнанбай» болуы керек еді». (21.4.167).
Бұл – ең қауіпті байлам еді. Егер де Мұхтар әлгі сыншының ығына жығылып, дегеніне көнсе бітті, одан арғы романның да, өзінің де тағдыры Зощенко мен Ахматованың кебін құшары айдай анықты. Өзі «тарихи салт-ғұрып романы», аты «Құнанбай» болса – жалған жала іздеудің қажеттілігі де жоқ, өзін-өзі жарға сүйреп апарар еді.
Екінші қауіпті баға – романның бар қасиетіне сүйене келіп, қолындағы құрығын қарсыласының басынан асыра сілтеген, әсірешіл-әсірешілдік, дәлірек айтсақ, «Құнанбайшылық» еді. Құнанбайдың жеке басын дәріп- теуден, оны шын мәніндегі қазақ елінің «мемлекеттік адамы» етіп көрсету ниетінен туған үстеме баға болар еді. Бұл пікірді роман хақында баяндама жасаған сыншы Есмағамбет Ысмайылов барынша түсіндіруге тырысты. Ол: « I) Құнанбайдың Қарқаралы қаласына мешіт салдыруы прогрессивті әрекет, сондықтан Абай ол ниетке қарсы шықпай, қайта қостау керек. 2) Алшынбай – ел қамын жеген, ел арасының дәнекері, жалпы қазақтың мұңын жеген адам. 3) Құнанбай – қазақтың Иван Грозныйы. Ел бірлігін сақтау үшін қаталдыққа сүйенген» (21.14.173-174), – деді.
«Мемлекеттік адам» деген аяқ астынан туған бұл мәселе де пікір таласын басқа арнаға алып кете жаздады. Алшынбай мен Құнанбайдың жеке басының қасиеттері солардың халық арасындағы ықпалын өсіріп, фео- далдық қоғамның қайраткері дәрежесіне көтерілгені тарихи шындық. Бірақ қандай жағдайда да бұл екеуіне шаң жуққызбай суреттеу – Мұхтарға жасалған қиянат, зорлық-тын. Құнанбайдың қаталдығы – Иван Грозныйды еске салатыны рас. Бірақ дала аға сұлтаны бүкіл қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, олардың басын біріктіруді көздеді ме, жоқ па. Әлде өз орнына інісі Майбасарды сайлап, рулық үстемдікті ұстанды ма? Рас, ол – «туысы үлкен адам, бірақ Грозный емес ол!» (21.4.174). Егер де Мұхтар Есмағамбеттің осы сынына иілген күнде болашақта туындайтын ордалы даудың басы болар еді бұл. Ол тілекке иланған күнде, елуінші жылдары Әуезовті арашалап алудың жолы мүлдем кесілетін.
Екі жақтың да аптығын басып, әділін айтып, шындыққа иландырған төрелік – сол мәжілістегі Ғабит Мүсіреповтің қорытынды сөзі болды. Ол – «Абай» эпопеясы туралы бұрын-соңды айтылған барлық пікірдің ең шоқтығы биігі, ең маңыздысы және дәл уақытында айтылуымен де құнды. «Мақтауында қуаныш, жамандауында кейіс жоқ... сәйлеушілер де романның терең сырын, қалың шатқалдарына бойлаудың орнына, одырайып көзге көрініп тұрған шоқы төбелерін қуыңқырап» кеткен сыншылардың ала өкпелігін баса отырып: «Енді менің өз ұққандарыма келетін болсақ, «Абай» романы ең алдымен ең іргелі жазушымыз Мұхтардың жиырма бес жылға толған жазушылық еңбегінің негізгі қорытындысы сияқты. Әдебиеттің әр саласында, әр кезде, әр жолмен айтылып келген ойларының сарқып құйған шалқары осы «Абай» дер едім. Драмаларында, әңгімелерінде жасалып келген әр алуан образдары, елінің ой-санасын өсіруге арнаған тілектері – бәрі басын қосып, осы романда, әбден өңделіп, армансыз айтылған. Өткен заманның оң- терісін, үлкендігі мен болымсыздығын, қараңғысы мен жарығын, жұдырығы мен ойын, қысы мен жазын барынша толық көрсете алған роман бізде осы ғана.
Оның үстіне, өткен заман, үлкен бір дәуір, «солай болыпты» деген киіз кітап – жабайы жорамалмен сырттан піше салған тон сияқты емес бұл. Бүгінгі тарих ғылымына сүйене отырып, бүгінгі әділ көзқараспен, бүгінгі жаңа қоғамның тілегіне арнап, болашақ үшін де құны түспес қазына қорын жасаған. Бұл күнге дейінгі көп шығармаларымыз:
Кел, кедей, басың қос жалшымен
Байларды қойдай қу қамшымен, –
деген сарынның аңғарымен жазылып, өткен заманның елдік сырларын, ой өрісін, ол күндерден де алатын өнеге барын аша алмай, бәрін «қарақұлақ» деп, безіп келген. Кезінде дұрыс беттің ел іргесі бекумен бірге жаңа белге шыққанын аңдай алмай қалып, сол сыңаржақтықпен кете береміз. Мұнда қазақ тілінің мамандары да болуы мүмкін, олармен қайта-қайта қайталамасаң, қазақша түсінісу қиын екенін ескертіп, жаңағы ойымды қайталай кетейін: «байларды қойдай қу қамшымен» сарынына еріп, біз арғы кезде бардың бәрін теріске сайып, безіп келдік. Халық шығармаларын жауып тастап, Абайдың өзін көп қатын алған феодал, аға сұлтан болған Құнанбайдың баласы деп, жиырма жыл бойы маңымызға жақындатпадық. Ал Мұхтардың «Абай» романы – әрі бүгінгі тілекте туған, әлі күнге дейінгі бұл жөніндегі қатемізді түзеп берген бірінші еңбек» (21.4.162), – деп кесіп айтты.
Төрелік me, кесім де осы сөз болды.
Өрт өшірілді. Құнанбай бұл жолы да жазадан құтылды. Ел ішіндегі өнер адамдарының арасындағы алауыздық, жікшілдік, «Абай» романына да жасалған қиянат майдандағы қазақ жауынгерлеріне де жетті. Халықтың рухани мұрасының тағдырына қауіп төнгеніне наразылық білдірген хаттар Қазақстан Орталық Комитетінің, Жазушылар одағының, баспасөз орындарының атына үздіксіз келіп жатты. Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы екеуі бірігіп ашық хат жазды. Бірақ жарияланбады. Істің нәтижесіне қанағаттанбаса да, еріксіз айтысты доғаруға мәжбүр болды.
Дау басталды. Бірақ майданнан наразылық білдіріп, пікірін ашық айтқан Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлының тағдырына көлеңке түсті. Олардың соңынан «ұлтшыл» деген сыбыс ерді. Әсіресе аты аңызга айналған Бауыржан Момышұлының Совет Одағының Батыры атағына ұсынылып тұрып, оның берілмей қалуына сол жасырын жолданған «ұлтшылдық» туралы лақаптың салқынын тигізгенін айтпай-ақ түсінуге болады. Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы тамызда «Менің майдандас достарым» атты қолжазбасын баспаға ұсынды. Оны «ұлтшыл шығарма» ретінде айыптады. Ол – «сол кездегі Казахстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметовке, содан кейін бұл кітаптың терілген беттері рецензиялау үшін Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөліміне жіберілді. Осы бөлімнің қызметкерлері Ахметов пен Колесников жолдастар «Менің майдандас достарымның» орысша аудармасын оқып шығып, «ешқандай көркемдік құны жоқ, идеологиялық тұрғыдан зиянды, тек майдангер қазақтарды ғана көрсетіпті-міс. Және т.с.с.» – деп қорытынды шығарды. Сонымен қатар тылдағы кейбір азаматтардың менің беделімді түсіріп, келеке-келемеж ету мақсатымен, өтірік-өсек таратып жүргенін білдім. Ол адамдар менен «ұлтшыл» жасап шығармақ. Ешқандай негізсіз осы бір айыптарға менің тойтарыс бергім келеді», – (22.52) деп ашына хат жазды.
Сөйтіп, «мемлекеттік адам» Құнанбай туралы дау-дамай, Мұхтардың өзін былай қойып, Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосып жүрген есіл азаматтарға да қырсығын тигізді. Егер ел сүйген екі арыс сол бір сәтте тылдағы тоғышарға қарсы шығып, тойтарыс бермесе, мүмкін кесірлі кедергілерге жолықпауы да мүмкін ғой. Бірақ халықтың мұрасына жала жабылғанда, үндемей қалуды ар санады. Азаматтық парызым деп ұқты. Әділетсіздікке шыдамады.
Ар-ұятты аттамағаны, қара қылды қақ жарғаны, ешқашанда өз басын қорғалап қалмағаны үшін де олар Батыр атағына лайық. Лайық емес – нағыз Батырдың өзі.
Құнанбай мен Құнанбай образы төңірегіндегі айтыс-тартыс осымен тәмамдалған жоқ. Он жылға жуық созылды. Оның барлығын қамту мүмкін емес және қажеттілігі де шамалы. Талдау мен зейіндеудің мақсаты да оны көздемейді. Сонда да тұзы ащы әрі жеңіл Құнанбай образының өмірлік шындыққа сәйкестігі мен сәйкессіздігі қайсы ? Қандай оқиға қандай өмірлік шындықтан алынды ?
Өзгертіліп, тоны аударылып суреттелген тұстардағы жайлардың ақиқаты қайсы? Жалпы, сол Құнанбай образының жасалу тарихы қалай? Көркем бейнелеу барысында Мұхтар қандай әдіс-тәсіл қолданды? Ол өзін-өзі ақтай ма? Барлық ашу мен ызаның, ақыл мен қайраттың тек-тамыры қайдан тарайды? Тағы осы тәрізді толып жатқан сұрақтарға да орайы келіп тұрғанда жауап беру керек сияқты.
Біздің мақсатымыз да сол. Образ қақындағы айтыс-тартыстың тарихы теоретиктердің еншісі. Ендеше...
Құнанбай кім? Өмірде қандай болған?
Нені мақсат тұтып, қалай ғұмыр кешті?
Әңгіме сол туралы.