«Көзімнің қарасы»
(герменевтикалық талдау)
Бала – жаныңды жалғанмен байланыстырып тұрған бейне бір көпір іспетті. Өмірде жіберген есең мен әнтек басқан әттегенайларыңның қарымтасын тек ұрпағыңмен ғана түгендей аласың. Ендеше бала атаулыны әке мұратының жас тәнге алмасқан жаңа бір мүмкіндігі десек те болғандай. Қытайдың көне бір мақалы да осы ойымыздың ондығына дөп келеді. «Бала әкеден қанша жас кіші болса, сонша жас үлкен» пәлсапасының астарында келер мезгіл мұрагерінің кім екендігін мойындаған әділ бітімгершілік жатыр.
Баз біреулер үшін бала бел қызығының құрбаны, я болмаса ерлі-зайыпты екеудің төсеки алқынысынан пайда бола салған тіршілік иесі ғана. Мұндай тасыр түсініктің төңірегінен «жауапкершілік» туралы ой іздеудің де қажеті бола қоймас.
Міне, алдымда қос парағы айқара ашылып Франц Кафканың кітабы жатыр. Жазушының «Әкеге хат» деп аталатын осы бір туындысындағы әке мен бала арасындағы қатынасты оқып отырып жон арқаң мұздап сала береді. Әрине, мұндағы қатыгездік төркіні өзге тақырыпқа жүк. Біздің жазбағымыз керісінше, мейірім мен сүйіспеншілік мәселесі. Әлем әдебиетінде әке мен бала арасындағы махаббатты Абайдай иін қандырып жазған ақын некен-саяқ. Мұндай ғажайып ғазалға балама болуға жарайтын бірден-бір шығарма көне дәуірдегі испан ақыны Хорхе Манрикенің «Әке өліміне арнау» атты туындысы деген болар едік. Поэманың қысқаша ғана мазмұны мынаған саяды. Өмірді өзенге теңеген ақын «өлім атаулы сол өзенді өзіне тартқан түпсіз теңіз секілді, бәріміз де ағып келіп соған құямыз» дейді. Әкесі дон Родригені жоқтап омырауын жасқа бояған шайыр әке даңқын аспандата жырлап, оның батырлығы мен білгірлігін Юлий Цезарьге, ал шыншылдығы мен шешендігін Цицеронға теңейді. Өлімді өнер дәргейінде қабылдауға үйреткен осы бір поэманың негізгі өзегінде қурай үніндей уілдеп бір сарын естіліп тұрады. Осы сарын Абайдың әкесі Құнанбай мен бауыры Оспанды жоқтағандағы зарына қатты ұқсайды ( Бір қызығы, хакімнің Құнанбайды Шыңғыс хан мен Ескендірге, Оспанды Платон мен Сократқа теңеген жолдары Хорхе өлеңінің бейне бір жалғасы секілді). Қос шығарманы өзара жымдастырып тұрған ортақ мәселе әке мен бала арасындағы ғажайып махаббат тақырыбы. Міне, біздің де ізіне түсіп індетпек шаруамыз дәл осы болғалы тұр.
Уақыт тілшесі Хорхеден Құнанбай баласына қарай ауысқанда аталған кейіпкерлер тобы толығымен орын алмастырып үлгереді. Мұндағы ең басты айырмашылық, әке өз перзентін өлгеннен кейін емес, керісінше көзі тірісінде ұлықтайды. Осы орайда мына бір мәселенің де басын ашалап айтқымыз келеді. Гуманитарлық ғылымда сірескен стереотиптерді сөз қылмағанда, белгілі авторитеттердің атағы мен даңқы алдыңғы шепте жүреді. Олардың еңбегінен көрі есімдерінің бірінші болып куәгерлікке тартылып жататыны да сондықтан. Бір қызығы, сол «данышпандар» дұрыс деп тауып, батасын берген деректі сенің ақылың мен жүрегің, түйсігің мен танымың еш қабыл етпесе ше? Сонда не істеуге болады?
Міне, бұл шаққа дейін мың ғалымның ауызымен «ғашықтық жыры» деп мойындалып, ат қойылып, азан шақырылған хакім еңбегінің бірі – «Көзімнің қарасы» өлеңі.
Ал, біздің пайымдауымызша мұның «махаббатқа», оның ішінде әйел затына ешқандай да қатысы жоқ. Бұл Абайдың тәні бөлек демесең жаны бір, жалғандағы шын «ғашығы» Әбдірахманға арнаған өлеңі болатын.
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді ішімде,
Ғашықтың жарасы.
Рас, Әбдірахман Абай үшін «көзінің қарасы» мен «көңілінің санасы» еді. Балқожа биді бек ынтызар еткен Ыбырай секілді «Үміт еткен көзімнің нұры балам» ықыласының шын иесі-тұғын.
Мәселенің мия тамырындай болып бытысып кетуіне, төртінші жолдағы «ғашықтық» сөзінің көп әсері болғанға ұқсайды. Бұған басты себеп, кешегі материалистік идея «махаббат» пен «жар» ұғымдарын санамызға тек әйел образы ретінде ғана бейнелеп, одан асыра ойлай алмайтын можантопай түсінікке ұрындырды. Ал бағзыдағы бабалар пайымы үшін «махаббат» пен «жар» ұғымдары ҚҰДАЙЛЫҚ таным болатын. Бұл сөзімізге Шәкәрім қажының мына бір өлеңі куә.
«...Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін...»
Қазақтың «Құдай жар болсын» сөзінің шын мағынасы да осы бір ойда жатқанға ұқсайды. Ғашықтық – асқақ ұғым. Ол жан қалауынан туса, құмарлық, керісінше тән қалауынан туады. Екеуі сырттай біріне-бірі қатты ұқсағаны болмаса, мүлде керағар ұғымдар. Хакімнің «Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол» деп арасын ашалап айтатыны да сол. Біздің ең басты қателігіміз «ғашықтық» сөзінің шын табиғатын тани алмағанымызда болып отыр ғой. Шәкәрім өлеңдегі «жар» түсінігі секілді бұл жердегі «ғашықтық» сөзі де сакральді ұғым. Ендеше «ғашықтық» ұлт пен ұлыс, еркек пен әйел деп әсте бөлінбейді екен. Онда тек ынтызар адреске деген алапат сүйіспеншілік қана болады. Міне, Абайдың ақуалы осыны көрсетеді.
Қазақтың данасы,
Жас үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Құдайшылығын айтайық, осы бір шумақтың әйел затына нендей қатысы бар? Өлең алаш баласының «данасы» мен «ағасы» болар азаматына салмақ түсіріп тұрған жоқ па? Басқа бағдарға негіз тартқан бұл шумаққа күмәнмен қарағандарға, ақынның «Әбдірахман науқастанып жатқанда» жазған өлеңдері мен ол дүниеден өткеннен кейінгі топтамасына назар аударуын сұраймыз. Сол өлеңдердегі: «Жасқа жас, ойға кәрі едің» я болмаса «Көрген, білген өкінді, мін тағар жан болмады» деген жолдар жоғарыдағы шумақтың айна-қатесіз аналогиясы емес пе?
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Мүрсейіт Бікі баласының қолжазбасымен жарияланған Абайдың алғашқы жинағында «Көзімнің қарасы» өлеңі 1891 жылы жазылған деп көрсетілген екен. Әбдірахманның 1895 жылы не бары жиырма жеті жасында мерт болғандығын ескерсек, аталған ғазал сүйікті ұлының көзі тірісінде туған. Біз ақынның «Өзі де білмей ме» ишарасынан осыны аңғарамыз. Екінші жағынан, осы бір өлең жолдары әке мен бала арасында орнаған шын асықтықтың ұлына да айпарадай анық екендігін әйгілеп тұр. Не бары төрт шумақтан ғана тұратын ғазалдың соңғы жолы ақынның сөз түйіні іспетті. «Көп сөйлеп созбайын» деп өз-өзіне тоқтам жасайды.
Міне, кісіліктің әдебі де осы. Осымен бәрі де бітуі керек еді. Жоқ, олай болмай шықты. Он сегіз шумақтан тұратын өзге бір өлеңнің бұған еш себепсіз қосылып кетуі, негізгі шындықтың қайнар көзін бітеп кеткен. Сіз бен біздің айдай ақиқатты ажырата алмай сандалып отырғанымыздың себебі де содан.
Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз. Абайдың «Көзімнің қарасы» әні жұмыр жер бетіндегі әр қазақ баласына таныс десек асыра айтқандық емес. Сол бәріміз «білетін» ән Абайдың түпнұсқа туындысы емес, өзгеріске ұшырап операға бейімделген версиясы ғана. Алғаш домбыра табиғатындағы өзінің төл нұсқасын аруақты әнші Мәдениет Ешекеевтің үнтаспасынан естігенде, көңілдің айран-асыр болғаны бар.
Бақсақ, ән әуенінде әйел бейнесі деген атымен жоқ, керісінше келер уақытқа деген сенім мен үлкен үміт бар. Сол үкілі үміттің кейіпкері ән әуезінің өн бойында менмұндалап тұрады.
Музыка мамандары «қазақтың көптеген әндері қыз затына арналған» дейді. Бәлкім, солай да шығар, бірақ бұл жердегі «ғашықтықтың» оған үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын қадап тұрып айтқымыз келеді.
«КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ» – көзінің қарашығындай болған Әбдірахманға әке тарапынан жазылған ғажайып туынды. Ақынның аманатындай болған осы бір өлеңді талдауға, шынымды айтсам, көпке дейін жүрексініп жүрдім. Иә, уақыт толғағымен ішке түскен шемен ойдың «шер толқытқандағы» шыққан сәті бүгін болды.
Не нәрсенің болсын өз әдебі бар. Ендеше «көп сөйлемей» бізде сөзімізді осы жерінен тәмам етейік.